2) Палаталардың кезекті бірлескен отырыстарын шақырады, Палаталардың кезекті және кезектен тыс бірлескен отырыстарына төрағалық етеді.
5. Палаталардың төрағалары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкімдер шығарады.
Ескерту. 58-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Парламент сессиясы оның Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстары түрінде өткізіледі.
2. Парламенттің бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады.
3. Парламенттің кезекті сессиялары жылына бір рет қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі.
4. Парламент сессиясын, әдетте, Республика Президенті ашады және сессия Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырыстарында жабылады. Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президенті өз бастамасымен, палаталар төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.
5. Палаталардың бірлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.
6. Палаталардың бірлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткізілуі мүмкін. Республика Президентінің, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының кез келген отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.
Ескерту. 59-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.07.14 N 13/2, 59-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - 1999.06.30 N 14/2 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Палаталар әр Палатада саны жетіден аспайтын тұрақты комитеттер құрады.
2. Палаталардың бірлескен қызметтеріне қатысты мәселелерді шешу үшін Сенат пен Мәжіліс тепе-тең негізде бірлескен комиссиялар құруға хақылы.
3. Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар шығарады.
4. Комитеттер мен комиссияларды құру, олардың өкілеттігі және қызметін ұйымдастыру тәртібі заңмен белгіленеді.
Бап
1. Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады.
2. Республика Президентінің заңдар жобаларын қараудың басымдылығын белгілеуге, сондай-ақ осы жоба жедел қаралады деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламент заң жобасын енгізілген күннен бастап бір ай ішінде қарауға тиісті екенін білдіреді. Парламент осы талапты орындамаса, Республика Президенті заң күші бар Жарлық шығаруға хақылы, ол Парламент Конституция белгілеген тәртіппен жаңа заң қабылдағанға дейін қолданылады.
3. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, мыналарға:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне;
2) меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға;
3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге;
5) республикалық бюджетке;
6) сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне;
7) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;
8) кәсіпорындар мен олардың мүлкін жекешелендіруге;
9) айналадағы ортаны қорғауға;
10) республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысына;
11) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы.
Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелді актілермен реттеледі.
4. Мәжіліс депутаттары қараған және жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа беріледі, ол онда әрі кеткенде алпыс күннің ішінде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған жоба заңға айналады және он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Тұтас алғанда, Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданбаған жоба Мәжіліске қайтарылады. Егер Мәжіліс депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылауға және дауысқа салуға беріледі. Қайта қабылданбаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгізуге болмайды.
5. Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен заң жобасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келіссе, заң қабылданды деп есептеледі. Егер Мәжіліс нақ сондай көпшілік дауыспен Сенат енгізген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келіспеушілік келісу рәсімі арқылы шешіледі.
5-1. Мәжіліс депутаттары қараған және олардың жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен мақұлданған конституциялық заң жобасы Сенатқа беріледі, онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Сенат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен қабылданған жоба конституциялық заңға айналады және он күн ішінде Республика Президентіне қол қоюға ұсынылады. Конституциялық заң жобасын тұтастай қабылдамауды Мәжіліс немесе Сенат Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырады.
Сенат депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен конституциялық заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеледі.
Егер Мәжіліс, Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар бойынша дауыс беру кезінде олармен депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен келіспесе, онда палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.
6. Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты көбейтуді көздейтін заңдардың жобалары Республика Үкіметінің оң қорытындысы болғанда ғана енгізілуі мүмкін. Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілген заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
7. Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан ерте өткізілмейді. Егер сенімсіздік білдіру туралы ұсыныс палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.
Ескерту. 61-баптың 7-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.12 N 3/2, 1999.09.27 N 18/2, 2003.05.13 N 6, 61-баптың 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына түсініктеме берілді - 1999.11.03 N 19/2, 61-баптың 6-тармағына түсініктеме берілді - 2000.06.15 N 9/2, 61-баптың 2) тармағына түсініктеме берілді - 2000.07.03 N 15/2, 61-баптың 1 және 4-тармақтарына түсініктеме берілді - 2001.06.08 N 8/2, 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларына түсініктеме берілді - 2008.10.15 N 8 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Парламент Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттің қаулылары, Сенат пен Мәжілістің қаулылары түрінде заң актілерін қабылдайды.
2. Республиканың заңдары Республика Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
3. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілік даусымен енгізіледі.
4. Конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен қабылданады.
5. Парламент пен оның Палаталарының заң актілері, егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
6. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті.
7. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиіс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиіс.
8. Республиканың заң және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерімен реттеледі.
Ескерту. 62-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.07.03 N 15/2, 2007.04.18 N 4 Қаулыларымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Республика Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.
2. Парламентті және Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.
Ескерту. 63-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
V бөлім
ҮКIМЕТ
Бап
1. Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды.
2. Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің бүкіл қызметінде Республика Президентінің алдында жауапты, ал Конституцияда көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты.
3. Конституцияның 57-бабының 6)-тармақшасында көзделген ретте Үкімет мүшелері Парламент палаталарына есеп береді.
4. Үкіметтің құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.
Ескерту. 64-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметті Конституцияда көзделген тәртіппен құрады.
2. Республика Премьер-Министрі тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-Министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізеді.
3. Үкімет мүшелері Қазақстан халқы мен Президентіне ант береді.
Бап
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;
3) Мәжіліске заң жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;
4) мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады;
5) Республиканың сыртқы саясатын жүргізу жөнінде шаралар әзірлейді;
6) министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық жасайды;
7) Республиканың министрліктері, мемлекеттік комитеттері, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдары актілерінің күшін толық немесе қолданылу бөлігінде жояды немесе тоқтата тұрады;
8) Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
Алып тасталды
10) өзіне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де қызметтерді орындайды.
Ескерту. 66-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен, 66-баптың 4) тармақшасына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.17 N 4/2, 66-баптың 5) тармақшасына түсініктеме берілді 2001.04.12 N 1/2 қаулыларымен.
Бап
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
1) Үкімет қызметін ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және оның жұмысы үшін дербес жауап береді;
Алып тасталды
3) Үкімет қаулыларына қол қояды;
4) Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның аса маңызды барлық шешімдері жөнінде Президентке баяндап отырады;
5) Үкімет қызметін ұйымдастыруға және басшылық жасауға байланысты басқа да қызметтерді атқарады.
Ескерту. 67-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Үкімет мүшелері өз құзыреті шегінде шешімдер қабылдауда дербестікке ие әрі өздеріне бағынысты мемлекеттік органдардың жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алдында жеке-дара жауап береді. Үкіметтің жүргізіп отырған саясатымен келіспейтін немесе оны жүргізбейтін Үкімет мүшесі орнынан түсуге өтініш береді не ол лауазымнан босатылуға тиіс.
2. Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік іспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерінің лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ.
Ескерту. 68-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284, 2007.05.21 N 254 Заңдарымен.
Бап
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі өз құзыретінің мәселелері бойынша Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар қаулылар шығарады.
2. Республиканың Премьер-Министрі Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар өкімдер шығарады.
3. Үкіметтің қаулылары және Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға, заң актілеріне, Республика Президентінің жарлықтары мен өкімдеріне қайшы келмеуге тиіс.
Бап
1. Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарады.
Республиканың Премьер-Министрі жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика Президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
2. Егер Үкімет және оның кез келген мүшесі өздеріне жүктелген міндеттерді одан әрі жүзеге асыру мүмкін емес деп есептесе, олар Республиканың Президентіне өз орнынан түсетіні туралы мәлімдеуге хақылы.
3. Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Республика Президентіне мәлімдейді.
4. Орнынан түсуді қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселені Республиканың Президенті он күн мерзімде қарайды.
5. Орнынан түсуді қабылдау Үкіметтің не оның тиісті мүшесінің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді. Премьер-Министрдің орнынан түсуін қабылдау бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.
6. Үкіметтің немесе оның мүшесінің орнынан түсуі қабылданбаған жағдайда Президент оған міндеттерін одан әрі жүзеге асыруды тапсырады.
7. Республиканың Президенті өз бастамасы бойынша Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін қызметтен босатуға хақылы. Премьер-Министрді қызметінен босату бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.
Ескерту. 70-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.11.19 N 11 қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
VI бөлім
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС
Бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі жеті мүшеден тұрады, олардың өкілеттігі алты жылға созылады. Республиканың экс-Президенттері құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестің мүшелері болып табылады.
2. Конституциялық Кеңестің Төрағасын Республиканың Президенті тағайындайды және дауыс тең бөлінген жағдайда оның даусы шешуші болып табылады.
3. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін - Республика Президенті, екі-екі мүшеден тиісінше Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.
Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады.
4. Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшесінің қызметі депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқарумен, кәсіпкерлікпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.
5. Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерін өздерінің өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Парламенттің келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
6. Конституциялық Кеңестің ұйымдастырылуы мен қызметі конституциялық заңмен реттеледі.
Ескерту. 71-баптың 5-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30 N 10 қаулысымен, 71-бабы 3-тармағы екінші абзацына ресми түсіндіру берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.03.16 № 3 Нормативтік қаулысымен.
Ескерту. 71-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша:
1) дау туған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің дұрыстығы және республикалық референдум өткізу туралы мәселені шешеді;
2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарайды;
2-1) Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды;
3) Республиканың халықаралық шарттарын бекіткенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;
4) Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме береді;
5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар береді.
2. Конституциялық Кеңес соттардың өтініштерін Конституцияның 78-бабында белгіленген реттерде қарайды.
Ескерту. 72-баптың 1-тармағының 2) тармақшасына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.07.03 N 15/2, 72-баптың 1-тармағының 4) тармақшасына түсініктеме берілді - 2001.12.13 N 19/2 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1)-тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша өтініш жасалған ретте, Президенттің қызметіне кірісуі, Парламенттің сайланған депутаттарын тіркеу не республикалық референдумның нәтижелерін шығару тоқтатыла тұрады.
2. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 2) және 3)-тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша өтініш жасалған ретте, тиісті актілерге қол қою не оларды бекіту мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.
3. Конституциялық Кеңес өтініштер түскен күннен бастап бір ай ішінде өз шешімін шығарады. Егер мәселе кейінге қалдыруға болмайтын болса, Республика Президентінің талабы бойынша бұл мерзім он күнге дейін қысқартылуы мүмкін.
4. Конституциялық Кеңестің шешіміне толығымен немесе бір бөлігіне Республиканың Президенті қарсылық білдіруі мүмкін, бұл қарсылық Конституциялық Кеңес мүшелері жалпы санының үштен екісінің даусымен еңсеріледі. Президент қарсылығы еңсерілмеген жағдайда, Конституциялық Кеңестің шешімі қабылданбады деп есептеледі.
Бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиісінше, бекітілмейді және күшіне енгізілмейді.
2. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.
3. Конституциялық Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
Ескерту. 74-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2001.12.13 N 19/2 қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
VII бөлім
СОТТАР ЖӘНЕ СОТ ТӨРЕЛIГI
Бап
1. Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады.
2. Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады.
3. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады.
4. Республиканың сот жүйесі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгіленеді. Қандай да бір атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді.
Ескерту. 75-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен, 75-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2002.02.15 N 1, 2006.04.14 N 1 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.
2. Сот билігі Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады.
3. Соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады.
Ескерту. 76-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.22 N 7/2, 2000.12.20 N 21/2, 2007.04.18 N 4 Қаулыларымен.
Бап
1. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады.
2. Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді, және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді.
3. Заңды қолданған кезде судья төмендегі принциптерді басшылыққа алуға тиіс:
1) адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі;
2) бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды;
3) өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды;
4) сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы;
5) жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен алынып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады;
6) айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес;
7) ешкім өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгіленген шектегі жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес. Діни қызметшілер өздеріне сеніп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға міндетті емес;
8) адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылады;
9) заңсыз тәсілмен алынған айғақтардың заңды күші болмайды. Ешкім өзінің жеке мойындауы негізінде ғана сотталуға тиіс емес;
10) қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берілмейді.
4. Конституциямен белгіленген сот төрелігінің принциптері Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылады.
Ескерту. 77-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.10 N 2/2, 2007.04.18 N 4 Қаулыларымен.
Бап
Соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті.
Бап
1. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсіздігі Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкілеттігі тек заңда белгіленген негіздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кідіртілуі мүмкін.
2. Судьяны тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттерді қоспағанда, Республика Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз не Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында белгіленген жағдайда, - Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
3. Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімі, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс стажы бар және біліктілік емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады. Республика соттарының судьяларына заң бойынша қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
4. Судьяның қызметі депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқарумен, кәсіпкерлікпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.
Ескерту. 79-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30 N 10, 79-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2004.06.23 N 6 қаулыларымен.
Бап
Соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі және ол сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.
Бап
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық, жергілікті және басқа да соттарда қаралатын өзге де істер жөніндегі жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген іс жүргізу нысандарында олардың қызметін қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мәселелері бойынша түсініктемелер беріп отырады.
Ескерту. 81-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды.
2. Жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша Республика Президенті қызметке тағайындайды.
3. Соттарда конституциялық заңға сәйкес сот алқалары құрылуы мүмкін. Сот алқалары төрағаларына өкілеттіктер беру тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.
4. Жоғары Сот Кеңесі Республика Президенті тағайындайтын Төрағадан және басқа да адамдардан құралады.
5. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгіленеді.
Ескерту. 82-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады.
2. Республика Прокуратурасы төменгі прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағындыра отырып, бірыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және Республика Президентіне ғана есеп береді.
3. Республиканың Бас Прокурорын өз өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Бас Прокурор өкілеттігінің мерзімі бес жыл.
4. Республика прокуратурасының құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі заңмен белгіленеді.
Ескерту. 83-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.12.26 N 23/2, 83-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30 N 10, 83-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.12.31 N 13 қаулыларымен.
Бап
Ескерту. 84-бап алынып тасталды - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
VIII бөлім
ЖЕРГIЛIКТI МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУ ЖӘНЕ ӨЗIН-ӨЗI БАСҚАРУ
Бап
Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады.
Бап
1. Жергілікті өкілді органдар - мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.
2. Мәслихаттарды жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды.
3. Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Республика азаматы бір мәслихаттың ғана депутаты бола алады.
4. Мәслихаттардың қарауына мыналар жатады:
1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту;
2) өздерінің қарауына жатқызылған жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;
3) заңмен мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау;
4) мәслихаттың тұрақты комиссияларын және өзге де жұмыс органдарын құру, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау, мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;
5) Республика заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
5. Мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын Республика Президенті тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған ретте де оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.
6. Мәслихаттардың құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі, олардың депутаттарының құқықтық жағдайы заңмен белгіленеді.
Ескерту. 86-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді, тиісті аумақтың мүддесі мен даму қажеттілігін ұштастыра отырып, атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етеді.
2. Жергілікті атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады:
1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету;
2) коммуналдық меншікті басқару;
3) жергілікті атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне сай Республика заңдарымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
3. Жергілікті атқарушы органды Республика Президенті мен Үкіметінің өкілі болып табылатын тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің әкімі басқарады.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президенті тағайындайды. Өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері қызметке Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған тәртіппен тағайындалады немесе сайланады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша әкімдерді қызметтерінен босатуға хақылы.
5. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкімге сенімсіздік білдіруге және оны қызметінен босату жөнінде тиісінше Республика Президентінің не жоғары тұрған әкімнің алдына мәселе қоюға хақылы. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезде тоқтатылады.
6. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті, ұйымдастырылуы және олардың қызмет тәртібі заңмен белгіленеді.
Ескерту. 87-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284, 2007.05.21 N 254 Заңдарымен.
Бап
1. Мәслихаттар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша шешімдер, ал әкімдер - тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің аумағында орындалуға міндетті шешімдер мен өкімдер қабылдайды.
2. Мәслихаттардың жергілікті бюджет кірісін қысқартуды немесе жергілікті бюджет шығысын ұлғайтуды көздейтін шешімдерінің жобалары әкімнің оң қорытындысы болған кезде ғана қарауға енгізілуі мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келмейтін мәслихат шешімдерінің күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін.
4. Әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін тиісінше Қазақстан Республикасының Президенті, Үкіметі не жоғары тұрған әкім жоюы мүмкін, сондай-ақ олардың күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін.
Ескерту. 88-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.05.31 N 3/2 қаулысымен.
Бап
1. Қазақстан Республикасында жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғын халықтың өзі шешуін қамтамасыз ететін жергілікті өзін-өзі басқару танылады.
2. Жергілікті өзін-өзі басқаруды тұрғын халық тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар және халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергілікті қоғамдастықтардағы басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру заңға сәйкес берілуі мүмкін.
3. Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру мен олардың қызметі заңмен реттеледі.
4. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігіне олардың заңмен белгіленген өкілеттігі шегінде кепілдік беріледі.
Ескерту. 89-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
IX бөлім
ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР
Бап
1. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы референдум нәтижелері ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енеді, сол мезгілден бастап бұрынғы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының күші жойылады.
2. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы Күні деп жарияланады.
Бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына Республика Президентінің өз бастамасымен, Парламенттің немесе Үкіметтің ұсынысымен қабылданған шешімі бойынша өткізілетін республикалық референдум өзгертулер мен толықтырулар енгізуі мүмкін. Егер Президент оны Парламенттің қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттің шешімі Конституцияда белгіленген тәртіппен қабылданады. Егер Республика Президенті Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемінде бестен төртінің көпшілік даусымен Парламент осы өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу туралы заң қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткізілді деп есептеледі. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
2. Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды.
Ескерту. 91-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен, 91-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1998.12.04 N 13/2 қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Конституциялық заңдар Конституция күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде қабылдануға тиіс. Егер Конституцияда конституциялық деп аталған заңдар немесе заң күші бар актілер ол күшіне енген кезде қабылданып қойған болса, онда олар Конституцияға сәйкес келтіріледі де, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары деп есептеледі.
2. Конституцияда аталған өзге заңдар Парламент белгілейтін тәртіп пен мерзімде, бірақ Конституция күшіне енген күннен бастап екі жылдан кешіктірілмей қабылдануға тиіс.
3. Республика Президентінің өзіне берілген қосымша өкілеттікті жүзеге асыру мерзімі ішінде "Қазақстан Республикасының Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкілеттік беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шыққан және заң күші бар Жарлықтары Республика заңдарын өзгерту, толықтыру немесе күшін жою үшін көзделген тәртіппен ғана өзгертілуі, толықтырылуы немесе күшін жоюы мүмкін. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 64-бабының 12-15, 18 және 20-тармақтарымен көзделген мәселелер бойынша өзіне берілген қосымша өкілеттікті жүзеге асыру мерзімі ішінде шыққан Республика Президентінің Жарлықтары Республика Парламентінің бекітуіне жатпайды.
4. Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады және Конституция қабылданған күннен бастап екі жыл ішінде оған сәйкес келтірілуге тиіс.
Ескерту. 92-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.06.15 N 8/2 қаулысымен.
Бап
Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті.
Бап
1. Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Конституция белгілеген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктеріне ие болады және оларды 1995 жылғы 29 сәуірде республикалық референдумда қабылданған шешім бойынша белгіленген мерзім ішінде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен Республика Президенті өкілеттігінің қазіргі мерзімі Республика Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған Республика Парламентінің қаулысымен қысқартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Парламент Мәжілісі бір ай ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын тағайындайды. Осы сайлаудың қорытындылары бойынша сайланған Республика Президенті сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бір ай ішінде ант береді және жеті жылдан кейін желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізілуге тиіс кезекті Президент сайлауында сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскенге дейін өз өкілеттігін жүзеге асырады.
2. Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Вице-Президенті өзі сайланған мерзім аяқталғанға дейін өкілеттігін сақтайды.
Ескерту. 94-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен.
Ескерту. 94-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2005.08.19 N 5 қаулысымен.
Бап
Конституцияның 41-бабы 1-тармағының Республика Президентінің өкілеттік мерзімін белгілейтін ережесі 2005 жылғы 4 желтоқсандағы сайлауда сайланған Республика Президентінің жеті жылдық өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты өткізілетін президенттік сайлау қорытындысы бойынша Республика Президенті болып сайланған адамға қолданылатын болады.
Ескерту. 94-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Бірінші сайланған Сенат депутаттарының жартысы төрт жыл мерзімге, депутаттардың екінші жартысы екі жыл мерзімге конституциялық заңмен белгіленген тәртіппен сайланады.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент Мәжілісі депутаттарын партиялық тізімдер негізінде сайлау туралы ережелері екінші шақырылатын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудан бастап қолданылады.
Ескерту. 95-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10