1. Ғылымның пайда болу мәселесі.
2.Антикалық ғылым.
Ғылымның негізгі мақсаты – объективті шындықтың пәндік саласының заңдарын ашу. Ғылым тарихының негізгі міндеті ғылым дамуын басқаратын заңдарды ашу үшін қалыптасады
Бір қарағанда ондай заңдар жоқ болып көрінуі мүмкін. И. Ньютон, Н. Лобачевский, М. Фарадейдің шығуын алдын-ала білу және де ғалымдардың ойлауы мен шығармашылығын басқару мүмкін емес.
Ғылымның тарихын, сырттай, көрнекті дана ойшылдар еңбектерінің нәтижесі деп айтуға болады. Бәріне белгілі ғылым – ол адамдардың шығармашылық, танымдық еңбектерінің жемісі. Бірақ ғылымның дамуы маңызды роль атқаратын белгілі бір тарихи жағдайда өтеді. Ғылымның пайда болуы мен дамуы материалдық өндіріспен байланысын ерекше атап өткен жөн. Экономикалық жағдай, қоғамдық өндірістің тәсілі бүкіл қоғам өмірі, соның ішінде ғылымға да қажетті негіз болады.
Ғылым әлеуметтік институт ретінде қоғамдық өндірістің, өндірістік күштердің дамуын жеделдетуіне және ынталандыруға ықпал етеді. Ғылымның өзі өндірістік күшке айналады. Ғылым мен өндірістің байланысы тарихи құбылыс, әрі олардың дамуы да бір-бірімен сабақтас. Ғылым дамуы, соның ішінде физика, биология, химия ғылымдарының заңдылықтарын зерттеуге үлкен ғылыми мән беруге ерекше көңіл бөлген жөн. Сондықтанда, ғылым дамуының заңдарын зерттеу мәселесі өзекті және ол өмірге жаңа ғылымның бөлшегі – ғылымтанудың пайда болуына әсер етті. Ол – ғылымның міндеті мен даму заңдылықтарын, ғылыми іс-әрекеттің құрылымы мен динамикасын, ғылымның материалдық және рухани өмірдің басқа салалармен байланысын зерттейді. Ол ХХ – ғасырдың 30-шы жылдры пайда болды. Ал 60 жылдары СССР-да, АҚШ-та және басқа мемлекеттерде зерттеудің жеке саласы ретінде қалыптасты.
Ғылымның дамуына екі заңдылық тән: бір жағынан, әр тарихи кезеңдерде өзінің жетістіктерінің мөлшерін белгілеп отырады және әрбір нәтижесі оның ортақ қорының ажырамас бөлігі болып табылады. Жаңа фактілер мен жаңалықтар қайта қаралады және нақтыланады. Екінші жағынан ғылымның даму процесі оның құрылымына әсер етеді. Әр тарихи кезеңде ғылыми таным белгілі бір танымдық формалардың жиынтығын-түбегейлі категориялары мен түсінігі, әдістері, принциптері мен түсіндіру сызбасын пайдаланады. Мысалы, антикалық ойлаудың негізгі білім алу тәсілі, ол – бақылау. Жаңа ғасыр ғылымы тәжірибеге арқа сүйейді.
Қазіргі кезеңдегі ғылымның нақты отаны Ежелгі Греция болып табылады. Ғылымның іргетасы – математиканы, астрономияны, механиканы, оптиканы, биологияны, медицинаны гректер қалаған. Грек астрономдары мен математиктері тұңғыш рет ғылыми болжам (гипотеза) мен дедуктивтік дәлелдеуді қолданған.
Математиканың теориялық білімінің салыстырмалы түрде дамыған үлгілері антикалық полистердің мәдениетінің контекстінде алғаш рет пайда болып қарастырылды. Бір пікірдің екіншісінің алдындағы артықшылығы дәлелдемелер арқылы анықталды. Негізделген білімнің пікірден артықшылығы антикалық философияда өзінің дамуының одан әрі жалғасын тапты. Антикалық ғылымда әдістерге, ақиқаттың (дилаектика және логика) дамуына ерекше көңіл бөлінді.
Тұңғыш рет диалектиканы әдіс ретінде қабылдауға қадам жасалды. Математика саласында негізделген және дәлелденген білімнің идеалын қолдану білімді баяндаудың жаңа принциптерін бекітті. Грек математикасында білімді теория түрінде баяндау үстем болды: “берілді – дәлелдеу керек – дәлелі”. Бірақ ежелгі египеттік және вавилондық математикада бұл форма қабылданған жоқ. Бұл елдерде нормативтік рецептер “Осылай жаса!… Қара, сен дұрыс жасадың!” ежелгі Египет пен Ваион мәдениетінде білімнің таралуын абыздар мен шенеуіктер (чиновниктер) бекітті. Білімді дәлелдеулер арқылы негіздеу бұл елдердің мәдениетінде білімнің құрылымының идеалына айналған жоқ. Бұл жағдай “эмпирикалық математиканың” теориялық ғылымға айналуына кедергі жасады (В.С. Степин). Антикалық философтар математиканың дамуының теориялық жолына өтуге қажетті құралдарды өңдеп, математикалық білімдерді дәлелдеулер әдісін қолданулар арқылы жүйелендірудің алуан түрлі қадамдары қабылданды. (Фалес, Пифагорийшілдер, Платон). Бұл процесс Евклидтің дамыған геометриясының теориялық жүйесінің құрылуымен аяқталды.
Атомдық ілімнің негізін салушы ежелгі грек философы – материалисі Демокритке (б.з.д. 460-370) мынандай қанатты сөздер жатады: “Мен үшін бір ғылыми дәлелдемелер табу бүкіл Парсы патшалығын меңгеруден гөрі маңыздырақ”.
Дәлелдеу – математиканың іргетасы, онсыз математиканың дамуы мүмкін емес.
Математикадағы рациональдық ойлаудың тұңғыш өкілі Фалес (625-548 б.з.д.) болып есептеледі. Фалес – мемлекеттік қайраткер, көпес, инженер, астроном, философ, математик. Белгілі америка математигі және ғылым тарихшысы Д.Я.Стройк қазіргі математианың шығу тегін зерттей келіп, былай деді: “Аңыз бойынша, грек математикасының атасы милет көпесі Фалес болып есептелінеді. Ол алтыншы ғасырдың бірінші жартысында Вавилон мен Египетте болған. Ол қаншалықты аты аңызға айналған фигура болғанымен толық шындық ашылған жоқ. Ол қазіргі математиканың негізін ғана салушы емес, сонымен бірге бүкіл қазіргі ғылым мен философияның негізін салушы болып есептеледі.
Алғашқы кезде гректер математикамен шұғылданды. Олардың алдында бір ғана мақсат тұрды. Әлемдегі адамның орны қандай? Математика Хаостан тәртіп табуға ұмтылды, идеяларды логикалық бір ізге келтіру, негізгі принциптерді табу. Математика бүкіл ғылымдардың ішіндегі теориялық түрде болды /1/. Фалестің геометрия саласындағы білімі жан-жақты болды. Оған геометриялық құрылымның мынандай негізгі қасиеттері белгілі болды: диаметр шеңберді тең екіге бөледі;
Фалес түрлі заттардың биіктіктерін анықтаған дейді. Мысалы, пирамиданың, т.б.
Ежелгі грек математикасы біртіндеп дамыды, бірнеше мектептерге бөлінді. Солардың бірі Пифагордың мектебі болып табылады. Пифагор Самосский (580-500 б.з.д.) ежелгі грек математигі. Милетке жақын Самос аралында дүниеге келген. Фалестің шәкірті. Пифагордың ілімі бойынша, сандар заттардың мәні болып табылады. Математикалық абстракциялар әлемде белгілі бір тәртіп орната отырып жасырын жетекшілік етіп отырады. Сандар – бүкіл тіршіліктің бастамасы, дүние туралы түсініктің кілті.
Пифагор мектебінің ұраны: “Дүниенің барлығы сандардан тұрады”. Пифагоршілдердің ілімінде ерекше орынды 1,2,3,4, сандары алды. Осы сандардың қосындысы (1+2+3+4=10) тетрактис деп аталды. Аңыз бойынша, Пифагоршілдердің анты: “Тетрактистің атынан жан дүниемен ант етемін. Мәңгі гүлденіп тұратын табиғаттың қайнар көзі мен тамыры сонда жатыр”. Пифагоршілдер Табиғаттағы барлық объект төрт геометриялық элементтерден: нүктеден, сызықтан, жазықтан, тәннен тұрады деп есептеді. Тетрактиске кіретін сандардың қосындысы онға тең. Сондықтан он саны идеалды сан болып табылады және әлемді бейнелеп көрсетеді.
Пифагордың ең жоғарғы жетістігі атақты теоремасы “гипотенузаның квадраты катеттердің квадратының қосындысына тең” деп аталатын кейіннен ғылымға “Пифагор теоремасы” деп енген атақты дәлелдеуі.
Бұл теорема ертедегі Мысыр, Вавилон математиктеріне де мәлім болған, бірақ олар дәлелдемеген.
Пифагоршілдер қазіргі кездегі ғылым мақұлдап отырған екі тезисті жасады:
Әлемнің негізгі принциптерін математиканың тілімен жеткізуге болады.
Барлық заттарды біріктіретін бастама сандық қатынастар болып табылады. Дүние дегеніміз үйлесімділік, яғни гармония.
Ғылым саласына Пифагор мен пифагоршілдер мынандай жаңалықтар ашып, ғылымның дамуына үлкен үлес қосты: дедуктивтік геометрияны жасады, кеңістік геометриясы бойынша куб, пирамида, додекаэдр деп аталатын үш көпжақтың қасиеттерін зерттеді, Евклидтің “Начала” (“Негіздері”) деп аталатын еңбегінің І-ІV кітаптары өмірге келді.
Пифагор ғылымның төрт саласын қарастырды. Оларды грек тілінде “математа” деп атайды, осыдан математика деген термин қалыптасты. Ол төрт сала: сан туралы ғылым (арифметика), музыка теориясы (гармония), фигуралар жайындағы ғылым (геометрия) және аспан жайындағы ғылым (астрономия).
Пифагор музыканы да математикаға жатқызып, негізгі музыкалық интервалдарды – октаваны, квинтаны және квартаны тағайындады. Пифагор музыкалық дыбыстарды сандар арқылы, ал музыкалық интервалдарды сандардың қатынастары арқылы кескіндеген.
Астрономияны математикаға жатқызу ғалымдардың болашақ ұрпақтарына дүниені тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді. Жаратылыстану мен медицина пифагоршілдерге көптеген түбегейлі жаңалықтар (ми сананың орталығы ретінде) мен теориялардың (организмдегі сапалардың тепе-теңдігі, денсаулық негізі ретінде) ашылуына, сондай-ақ физиологияның, диететиканың, ботаниканың пайда болғаны үшін қарыздар.
Жаңа заманда жаратылыстану, астрономияның, математиканың күрт дамуына байланысты Пифагордың әлемдік үйлесімділік яғни гармония туралы идеясы жаңа сипат алды. Ұлы ойшылдар, астрономдар, физиктер Н.Коперник, И.Кеплер, атақты суретші және геометр А.Дюрер Леонардо да Винчи, ағылшын астро-физигі А.С.Эддингтон ж.б. ғалымдар мен философтар Пифагордың ғылыми-философиялық мұраларынан табиғи дүниенің заңдылықтарын ашуға қажетті дүниелерді таба білді.
Демокриттің көзқарастарының да ғылымда өзіндік орны бар. Оның атомизм ілімі универсальды философиялық ілім болып табылады. Демокрит математика, физика, философия туралы бірқатар шығармалар жазған. Бірақ оның шығармалары бізге дейін жеткен жоқ. Олардың мазмұны бізге басқа авторлардың еңбегі арқылы мәлім. Демокрит атомдар туралы ілімін жасады. Дүниенің негізі Атомдар мен Бостық. Атомдар бөлінбейді және сезім мүшелері арқылы қабылданбайды. Олар формасы, көлемі және кеңістікте орналасуымен ерекшеленеді. Атомдар ұдайы қозғалыста, өзара әрекетте болады және шексіз материалдық дүниелерді құрайды.
Диоген Лаэртий (Лаэртский) (б.з.д. ІІІ. ғ. 1-ші жартысы) – грек философиясының өмірбаяндық тарихының бірден-бір авторы.
Лаэртий Демокртиттің атомистік концепциясының мәнін былай ашып көрсетеді: “Әлемнің негізі атомдар мен бостық Дүние шексіз және олар даму және жойыла алады. Жоқтан бар болмайды, атомдар саны мен көлемі жағынан шексіз. Олар құйын болып әлемге тарайды, осыдан келіп күрделі заттар – от, су, ауа, жер туындайды. Осылардың бәрінің мәні атомдардың бірігуі, олар сыртқы өзгерістерге ұшырамайды”.
Бос шексіз кеңістік – бұл әлемнің бейнесінің ең жаңа элементі, және оның пайда болуы геометрияның жетістігі. Демокрит ұлы болжам дүниенің құрылымы туралы гипотезаны (болжам) ұсынды. Демокриттің атомистік гипотезасы философия мен ғылымның дамуында маңызды роль атқарды. Көптеген ғасылар бойы ғалымдар осы гипотезаны жетекшілікке алып, экспериментальдық (тәжірибелік) жолмен атомдарды тауып, оның табиғатын түсіндірмекші болды. Атомистік ілім дами отырып қазіргі жаратылыстанудың негізі болды. Атақты ойшыл, физик М.Борн атомдық физикаға шешуші қадам осыдан 2500 жыл бұрын жасалды деп атап көрсетті. Ол гректің натурфилософтарының (Фалес, Анаксимен) маңызды ролін атап көрсетті оның ішінде Демокритті ерекше атап өтті. ХХ ғ. Көрнекті физигі, қазіргі кванттық электродинамиканы жасаушылардың бірі, Нобель сыйлығының (1965 ж.) лауреаты Р.Фейнман өзінің лекцияларында, егер де әлемдік апаттың нәтижесінде ғылыми білімдер жойылған болса, онда болашақ ұрпаққа, жоғалып кеткен ғылым туралы үлкен ақпарат беретін бір-ақ ауыз сөз жеткен болар еді. Ол сөздің мағынасы мынандай болар еді: “барлық денелер атомдардан құралады, - ” деп атап көрсетті.
Бақылау сұрақтары:
1. Ғылымның қалыптасуында ежелгі Грек кезеңінде қандай мəселелер көтерілген?
2. Орта ғасырда ғылымның негізгі мəселелері?
3. Жаңа заман ғылымының қойылған мəселелері?
4. Қазіргі неклассикалық ғылымның Вена ұжымына қатысы қандай?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Алтай Ж ., Касабек А.., Мұхамбетәлі К. Философия тарихы.- Алматы,2006.
2. Ақназарова Х. З. Философия тарихының дәріске курсы.- Алматы, 2009.
3. Зотов А.Ф. Современная западная философия. М.. 2010.
4. Әбішев Қ., Әбжанов Т. Философия тарихындағы таным теориясы және метод проблемасы. Алматы,2010
5. Классическая философия науки: Хрестоматия ред. Пржилепский В.И. М., 2006
6. Ғабитов Қ. Ғылым тарихы мен философиясы. Оқулық. – Алматы, 2008.