Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Леуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар. ХХ ғ. 70-жылдарының басында 60-шы жылдардың ортасында басталған экономикалық реформаның қоғамдық




 

ХХ ғ. 70-жылдарының басында 60-шы жылдардың ортасында басталған экономикалық реформаның қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған бастапқы идеялары бұрмаланып және көп ұзамай реформаны жүргізу тоқтатылып, тарихымыздағы тоқырау кезеңі басталған болатын.

“Тоқырау” кезеңі дейтін 1971-1985 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарабайыр әдіспен дамыды. Бұл жылдары өнеркәсіпті өркендетуге 40,8 млрд. сом немесе халық шаруашылығына бөлінген барлық қаржының 32% жұмсалды. 15 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2 есе, ал машина жасау, химия өнеркәсібі сияқты салаларда 3 еседен астам артты. Энергетикада электр қуатын өндіру одан әрі шоғырланып, орталықтандырылды. 1975 жылы республиканың барлық кәсіпорындары дерлік бір орталықтан энергиямен жабдықталды. Шевченко қаласында шапшаң нейтронға негізделген дүние жүзіндегі аса ірі атом реакторы жұмыс істеді. Машина жасау және металл өңдеу саласындағы өсудің жылдық орташа қарқыны 12%-ке жетті.

Бұл көрсеткіштер оныншы және он бірінші бесжылдықтарда да кеміген жоқ. 1980 жылға дейін 250-ге жуық кәсіпорын, ірі өндірістер мен цехтар іске қосылды, өндірістің жаңа салалары пайда болды. Дегенмен осы жылдарда КСРО-ның бірыңғай халық шаруашылығы жүйесіне әбден кірігіп кеткен Қазақстан экономикасы қарқынды дами алған жоқ. Республика өнеркәсібінің жартысына жуығы одақтық министрліктің қарамағында болды. Одақтық ведомстволар республиканың шикізат ресурстарын өздеріне тасып алып, аса зор пайда тапты. Бірақ, олар Қазақстан бюджетіне инфрақұрылымды дамытуға қаржы жұмсамады. Олар өз қарауындағы кәсіпорындар арқылы жылына 15 млрд. сом жалпы табыс алып отырса да, республикалық бюджетке бар болғаны 31 млн. сом немесе 1 проценттен аз қаржы аударды. Міне, осындай және тағы да басқа себептерге байланысты өнеркәсіп өнімінің кейбір түрлерін өндіру жөніндегі жекелеген экономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлық тапсырмалар орындалмады. Өндірісті жоспарлауда кемшіліктер орын алды, жаңа өндірістік қуаттар кешігіп іске қосылды. Еңбек тәртібін бұзушылыққа жол берілді, ғылым мен техниканың жетістіктері өндіріске жеткілікті дәрежеде тез енгізілмеді. Осының әсерінен, республика өндіріс орындары 1981 ж. 760 млн. сом, 1982 ж. – 1,0 млрд., 1983 ж. – 1,3 млрд., 1984 ж. –1,65 млрд. сомға жоспарлы өнімді берген жоқ. Сонымен бірге өндіріс тиімділігі мен өнім сапасын арттыруда, ғылыми-техникалық дамуда, қазіргі заманғы техника мен технологияны игеруде капиталистік мемлекеттерден кейін қалу күшейе түсті.

Бұл жылдарда жалпы өнім көрсеткішін өсіру ауыр өнеркәсіпте негізгі мақсатқа айналды. Күрделі құрылыста да жұмысты атқарудың ұзақ мерзімге созылуы салдарынан ұлттық байлықтың едәуір бөлігі істен шығып қалып жатты. Қымбатқа түсетін, жоғары ғылыми-техникалық көрсеткіштерге жетуді қамтамасыз етпейтін өндіріс орындары салынды. Бірақ, осыған қарамастан республиканың басшылығы партияның кезекті съездерінде ірі өнеркәсіп орнының, шахтаның, мұнай кәсіпшілігінің, комбинаттардың, зауыттардың қатарға қосылғаны туралы зор жігерленген рухта есеп беріп отырды. Еңбекті, материал мен ақшаны көп жұмсаған кәсіпорын және оның басшыларының көрсеткіші жоғары бағаланды. Республика ілгерілеу қарқынынан айырыла бастады, шаруашылықтың барлық саласында іркіліс көбейіп, қиыншылықтар үсті-үстіне жинақталып, шиеленісе түсті, шешілмеген проблемалар көбейді. ІХ бесжылдықта жоспардың күрт төмендетілгеніне қарамастан өнеркәсіп көлемі 12,6%-ке орындалмады. Оныншы бесжылдық - 25%-ке, ал он бірінші – 3,6%-ке орындалған жоқ. Соның салдарынан қаралып отырған жылдарда ұлттық табыстың өсу қарқыны баяулап, 80-ші жылдардың бас кезінде экономикалық тоқырауға жақындатқан деңгейге дейін төмендеді. Мысалы, республика ұлттық табысын 60-70%-ке өсіру міндеті қойылса, ол іс жүзінде 36%-ке ғана орындалды. Республиканың көптеген шаруашылық қызметкерлері ұлттық байлықты молайту қамын ойламай, қайта белгілі бір салаға материал мен еңбекті, жұмыс уақытын көбірек жұмсап, оны қымбатырақ бағаға өткізуге әуестенді. Осының салдарынан өнімнің “жалпы саны” өскенімен, бірақ тауарлар жетіспеді. Қазақстан дамыған басқа елдерге қарағанда өнімнің бір өлшеміне шикізатты, энергияны, басқа да қуаттарды едәуір көп жұмсады. Мәселен, АҚШ пен Жапония өнімнің бір өлшеміне бізге қарағанда шикізат пен энергияны 30-40% кем пайдаланды. Елдің экономикасының ондаған жылдар бойы экстенсивті жолмен дамығаны көбінесе осы себептен еді.

Өндірісті көлемі жағынан басымырақ өсіру идеяларында тәрбиеленген республика басшылығы үсті-үстіне жаңа шығындар жұмсау әдісімен әрекет жасады, отын, энергетика салаларын ұлғайтты, өндіріске табиғи ресурстарды жеделдете тартты. Мысалы, Маңғыстауда өндіретін мұнайдың және онымен қосылып шығатын газдың тек қана 8-10% ғана пайдаланылды. Аса ірі кәсіпорындар салу арқылы шикізат салаларын дамытуға бағыт ұстау ғылыми прогресс арқылы өркендейтін өндірісті тежеді, өңдеу, қайталап өңдеу, жаңа тауарлар шығару салалары баяу дамыды.

Өндірістің теңестірілмеуі, әкімшілік арқылы басқарылуы жағдайында жылдық, тоқсандық және айлық тапсырмаларды өзгертіп отыру үйреншікті іске айналды. 1981-1985 жылдары Қазақстанда әртүрлі министрліктер мен ведомстволардың жоспарлары 300-ден астам рет өзгертілген. Күрделі құрылыстарда бітпеген объектілер саны өсті, жоспарлы құрылыстардың орнына жоспардан тыс көптеген құрылыстар салынды, қосып жазу, құрылыс материалдарын талан-таражға салу көбейді. 70-жылдарда құрылыста бригадалық-мердігерлікті дамыту қозғалысы басталды. Оның негізінде жұмысшылардың өндірісте қорларды пайдалануда тәртіп орнату, еңбекақы төлеуде теңгермешілікті жою, неғұрлым көбірек дербестік алу жолындағы ұмтылысы жатқан еді. Бригадалық мердігерлікті сөз жүзінде бәрі қолдады және насихатттады, ал іс жүзінде мердігерлік әдіс көптеген нұсқаулар арқылы жоққа шығарылды.

Бұл кезде Қазақстанда экономиканы дамытуда интенсивті жолға көшу және ғылыми-техникалық прогресті өрістетуге бағыт алынды. Қызықты идеялар мен ұсыныстар аз болған жоқ, жаңашылдар мен өнертапқыштардың саны көбейді, тек 1981-1985 жылдары жаңашыл ұсыныстар берген авторлардың саны 818,8 мың адамға жетті. Алайда, олар өндіріске ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін енгізу практикасында аз ықпал жасады. Көптеген кәсіпорындарда өндірістің бүкіл процесі емес, тек жеке учаскелері ғана автоматтандырылды немесе комплексті механикаландырылды. 80-ші жылдардың орта кезінде өнеркәсіптегі жұмысшылардың үштен бірі, құрылыста жартысынан астамы ауыр қол еңбегін атқарды, олардың творчестволық белсенділігі төмен болды. Кәсіпорындарда социалистік жарысты ұйымдастыру жасанды сипат алды. Ресми мәлімет бойынша бұл жылдары жарысқа жұмысшылардың 90% қатысқанымен, мұның өндірістің өсу қарқынына, еңбек өнімділігіне, өнімнің сапасын жақсартуға, өндірісті жетілдіруге ықпалы болған жоқ. Өндірісте немқұрайлылық, салақтық, ынта-жігерсіздік тағы басқа да келеңсіз көріністер үйреншікті әдетке айналды.

Тоқырау кезеңін қамтыған үш бесжылдық аралығында ауыл шаруашылығын 1965 жылдан басталған реформалау әрі жалғастырылды. Аграрлық салаға қаржыны көптеп бөлу, селоның әлеуметтік проблемаларын шешу, шаруашылық есепті енгізу, ауыл шаруашылық өнімдерінің сатып алу бағасын арттыру шаралары белгіленді. Осы бағытта тек 1971-1978 жж. ауыл шаруашылық саласына 58,2 млрд. сом бөлінді. Мұның нәтижесінде 1985 жылға дейін негізгі егін шаруашылығы жұмыстары – жер жырту, тұқым себу, дәнді дақылдарды жинау, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстар 75-90% техникаландырылды. Алайда, ауыл шаруашылығы проблемаларын тек күрделі қаржыны көбейту арқылы шешу жолы тиісті нәтиже бермеді. Аграрлық секторда аса маңызды орын алатын жердің құнарлылығын арттыру, электрлендіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын және өңдейтін кәсіпорындар жеткілікті дәрежеде салынбады. Сондай-ақ село еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық проблемалары шешілмей қалды, сөйтіп бұл салада күткен бетбұрыс болмады, нәтижесінде ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру тұрақсыз болды. Егістіктің шығымдылығы азайды, мал шаруашылық өнімдерін өндіру төмендеді.

Бұл кезде ауыл шаруашылығы секторының құрамында едәуір ұйымдық өзгерістер енгізіліп, колхоздардың есебінен совхоздардың саны көбейді. 1960 жылы республикада 879 совхоз бен 1355 колхоз болса, 1985 жылы колхоздар есебінен совхоздар саны 2140-қа өсіп, 388 колхоз қалды. Сөйтіп, меншіктің кооперативтік-колхоздық түрінің үлес салмағы едәуір төмендеді. Бірақ, осыған қарамастан колхоздық меншіктің одан әрі жетілуін байқауға болады. 1971-1985 жылдары совхоздардың өнімі көбеймей бір орында тұрып қалса, колхоздарда ол орта есеппен 200 мың сомға дейін өсті.

Мал шаруашылығының жем-шөп базасы нығайтылды, жем-шөптік дақылдар егілетін алқаптар ұлғайтылды. Дегенмен мұның барлығы тек экстенсивтік шаруашылық негізінде іске асырылды. Атап айтқанда, жемшөптік дақылдар егілетін алқаптар сегізінші бесжылдықтағы 6678,4 мың гектардың орнына ІХ бесжылдықта 8824,6 мың гектарға дейін жеткізілді. 1985 жылы жоспарланған 50 млн. қойдың орнына тек қана 35 млн. қой болды. Оған шопанның ауыр еңбегіне немқұрайлы қарау, малды күтіп бағудағы қазақтың еңбек дәстүрін елемеу, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан, сыннан өткен технологиясының жоғалып кетуі үлкен әсерін тигізді.

Бір айтып кететін жағдай, бұл жылдары мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіру басталды. Сондай-ақ ет және сүт өндіретін кешендер мен мал бордақылайтын алаңдар салынды, малды өсіріп, күтетін мамандандырылған шаруашылық бірлестіктері, құнажындар өсіретін фермалар құрылды. Жалпы қуаты 23 мың ірі қара малды жедел өсіріп, бордақылайтын төрт кешен: Алматы облысы бойынша 10 мың басқа арналған “Жетіген”, Шығыс Қазақстан облысында 5 мың басқа есептелген “Ждановский”, Орал облысында 5 мың басқа арналған “Правда” газеті атындағы, Ақмола облысында 3 мың басқа арналған “Шалқар” кешендері жұмыс істеді. Қарағанды облысында шошқа өсіріп бордақылайтын “Волынский” кешені қатарға қосылды. 1976 жылдың басына қарай 575 мың бас ірі қара мал, 418 мың шошқа, 1,7 миллионнан астам қой өнеркәсіптік негізде күтіп бағылды.

Бірақ, осы жылдарда ауыл шаруашылығында келеңсіз жағдайлар қалыптаса бастады. Мал аурулары көбейіп, нәтижесінде мал саны азайып кетті. Азық-түліктік астық өндіру жөнінен одақта алдыңғы орындардың біріне шыққан республика жыл сайын жемге арнап басқа жерлерден миллиондаған тонна астық сатып алып отырды. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау, халыққа сату ісі сұранысты қанағаттандырмады. Көліктің, элеваторлардың, қоймалардың жетіспеушілігінен, жолдың нашарлығынан жыл сайын жиналып алынған өнімнің 20%-тен 40%-ке дейінгісі ысырап болды. Ауыл тұрғындарының еңбегі тиісінше бағаланбай, олар қалаларға, басқа жақтарға көшіп кетуге мәжбүр болды.

Аграрлық сектор саласында енгізілген жаңа сатып алу бағасы көбінше өнімнің өзіндік құнын ақтамады. Зиянмен жұмыс істейтін шаруашылықтардың саны артты. Егер 1970 жылы ондай шаруашылықтардың үлес саны совхоздардың 26%-ін, колхоздардың 4%-ін қамтыса, 1985 жылы совхоздардың 53%, колхоздардың 49% зиянмен жұмыс істеді. Ауыл, село еңбекшілеріне еңбекақы төлеуде теңгермешілік күшейді, адамдар көбінесе ақшаны жұмыстың нәтижесі үшін емес, жұмысқа шыққаны үшін алды. Еңбекте ақы төлеу оның өнімділігінің өсуінен басып озды.

Республиканың жергілікті жерлеріндегі ауыл шаруашылығы өндірісін ұтымды ұйымдастыру, оның тиімділігін арттыру бағытындағы кейбір ізденістер басшы органдар тарапынан қолдау таппады. 80-ші жылдардың басында жүргізілген сансыз көп қайта құрулар, эксперименттер, бағаның, интеграция мен мамандандырудың жаңа түрлерін және т.б. енгізу ауыл шаруашылығының берекесін кетірді. Одан болдырған ауыл шаруашылығы қатаң әкімшілік бақылауға алынып, аяғында келіп дағдарысқа ұшырады. Істің жағдайын жаңа шешімдер қабылдау жолымен өзгертуге тырысу елеулі нәтиже бермеді.

ХХ ғ. 70 және 80 жж. бірінші жартысында Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде бірсыпыра істер атқарылды, жұмысшылар мен қызметшілердің орташа айлық табысы едәуір өсті. 70-жылдардың І-ші жартысында халық шаруашылығының өндірістік салаларында жаңа еңбек ақы белгіленді, ең төменгі жалақы 70 сомға жеткізілді. Колхозшылардың кепілді еңбек ақысы көбейді, халықтың төмен айлық алатындары орташа айлық алатындар дәрежесіне көтерілді. Осы жылдары халықты қоғамдық тұтыну қоры есебінен қамтамасыз ету біраз жақсарды. Оның едәуір бөлігі жәрдем, зейнетақы және стипендия төлеуге, тегін білім алуға, денсаулық сақтауға, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуге жұмсалды. 1971 жылы колхозшылар үшін де жұмысшылар мен қызметкерлерге белгіленгендей зейнетақы белгілеу тәртібі енгізілді. 1972-1974 жж. соғыс және еңбек мүгедектеріне айлық орташа зейнетақы 33%-ке көбейтілді, ал 1975 ж. Отан соғысының мүгедектеріне қосымша жеңілдіктер енгізілді.

Алайда, бұл шаралардың халықтың тұрмыс дәрежесін көтеруге ықпалы аз тиді. Өйткені мемлекеттің және кәсіпорындардың бағаны көтеруі, тауарлар сапасының нашарлауы, тапшылықтың өсуі, еңбек ақы төлеудегі теңгермешілік және т.б. халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуіне әкеп соқтырды. Оған ақшаның құнсыздануы әсер етті, тек 1970-1986 жж. құнсыздану 20%-ке өсті. Әлеуметтік саладағы ең өткір проблеманың бірі тұрғын үй проблемасы болды. Халық санының өсуіне байланысты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі аяғына дейін шешілмеді, оған үй салуға бөлінген қаржының азаюы себеп болды, тұрғын үй құрылысының жоспары орындалмады. Тек, 11-ші бесжылдықта ғана республикада 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмеді, мектеп, аурухана, балалар бақшасын салу жоспары орындалмады.

Сөйтіп, тоқырау кезіндегі келеңсіз процесстер әлеуметтік саланы мықтап шарпыды. Әлеуметтік-мәдени саланы дамытуға қаржы бөлудің “қалдықтық принциптері” қалыптасты, яғни ол салаға таза өндірістік мақсаттардан артылған қаржы ғана бөлінді.

Қорыта келгенде, 70-80-жылдары республика экономикасында тұтастай Одақтың халық шаруашылығына тән үйлесімсіздіктердің бәрі көріне бастады. Бұл ең алдымен басқарудың әміршіл-әкімшілдік әдістерінің әбден орнығуы еді. Экономикалық ынталандыруды жоққа шығара отырып, қалыптасқан жүйе экономиканы экстенсивтік даму жолында ұзақ ұстап қалды. Мемлекеттік меншіктің іс жүзінде ведомстволық меншікке айналдырылуы өндіріс қызметкерлерін құрал-жабдықтарынан алыстатуға алып келді. Еңбекақы төлеу жүйесі еңбектің нәтижесімен байланыстырылмады. Кәсіпорындардың ешқандай дербестігі болған жоқ. Халық шаруашылығы иесіздіктен, жаңа техника мен технологияны нашар енгізуден үлкен зиян шегіп жатты. Экономикалық ведомстволар түріндегі орталықтың әміріне бағыну республикадағы жағдайды одан әрі қиындата түсті. 80-ші жылдардың ортасында республика экономикасы дағдарыс жағдайына ұшырады.

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-03-12; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 974 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Своим успехом я обязана тому, что никогда не оправдывалась и не принимала оправданий от других. © Флоренс Найтингейл
==> читать все изречения...

2351 - | 2153 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.009 с.