Лекции.Орг


Поиск:




Машина жасау саласында дайындама алу




әдістері

* * * * *

Дайындамаларды құю әдісімен алу

Машина жасау өндірісінің металдар мен түрлі қорытпаларды балқытып, қажетті іші қуысты қалыпқа балқыманы құю арқылы әр түрлі бұйымдар мен дайындамаларды жасау саласын құю өндірісі деп атайды.

Қалыпқа құйғаннан кейін қорытпа қатайып, құймаға айналады (құйылған дайындама). Өндірілген дайындама кесіп өңдеуден өткеннен кейін мөлшерлері мен беттерінің кедір-бұдырлылығы қажетті түрде қамтамасыз етіліп, машинаның бөлшегіне айналады. Машиналардың және жабдықтардың 50%-ы, металл кесу станоктарының 80%-ы, тоқыма машиналарының 72%-ы, тракторлардың 55%-ы бөлшектері мен тетіктері құйылып жасалады.

Құю әдісі арқылы басқа тәсілдермен жасауға болмайтын күрделі пішінді бұйымдар мен бөлшектерді жасауға болады. Ол бұйымдар мен бөлшектердің салмақтары бірнеше грамнан жүздеген тоннаға, мөлшерлері бірнеше сантиметрден 20 метрге, қалыңдығы 0,5 миллиметрден 500 миллиметрге дейін жетеді.

Құю өндірісі адамзатқа ерте заманнан бері белгілі. Металдар б.з.д. IV ғасырда Мысырда, Азияда, Үнді елдерінде әр түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар мен құрал-саймандар жасау үшін қажет болды. Олар алдымен қоладан, кейін шойыннан жасала бастады.

Қазақстанның аумағын мекендеген халықтар құю кәсібін жақсы меңгерген. Мысалы, XIII ғасырда осы күнгі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи сәулет ғимаратындағы Тайқазанды одан 25 шақырым жердегі Қарнақ деген мекенде тебриздік шебер Әбдул Азиз ибн Шарафуддин құйып жасаған. Қазан ерекше өрнектермен безендірілген. Қазанның сыртқы беттерінде құю арқылы Құранның аяттары жазылған. Қазанның салмағы – екі тонна, ернеуінің диаметрі – 2,45 метр, көлемі 60 шелек су сыятын етіп жасалған. Қазан құрамы асыл металдары бар күрделі қорытпадан тұрады.

ТМД елдеріндегі ғалымдардың ғылыми еңбектерінің нәтижесінде құю процесінің теориялық мәселелері зерттелуімен қатар, құюдың жаңа арнайы тәсілдері – кокильге құю, үздіксіз құю, қабыршық қабыққа, ортадан тепкіш машинамен, қысымның әсерімен, балқитын үлгілер арқылы меңгеріліп, өндіріс процестерін автоматтандыру мәселелері жүзеге асырылуда.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында жылына 26 млн. тоннадан артық құйма өндірілсе, Қазақстан Республикасында жылына 1,5 млн. тонна құйма өндіріледі.

Сөздік:

қуысты қалып – пустотелый штамп (форма) балқыту – плавка

құю өндірісі – литейное производство балқыма – плавка

құйылған дайындама – литая заготовка

кедір-бұдырлылық – шереховатость

үздіксіз құю – непрерывное литье

қабыршық қабыққа – чешуя

152-тапсырма. Мәтін бойынша сұхбат құрастырып, рөлге бөліп оқыңыздар.

Ү л г і:

– Машина жасау саласындағы құю өндірісі дегеніміз не?

– Машина жасау өндірісінің металдар мен түрлі қорытпаларды балқытып, қажетті іші қуысты қалыпқа балқыманы құю арқылы әр түрлі бұйымдар мен дайындамаларды жасау саласын құю өндірісі деп атайды.

153-тапсырма. Мәтіндегі термин сөздердің мағынасын түсіндірме сөздік арқылы меңгеріп, есте сақтаңыздар.

154-тапсырма. Мәтіннен қазақ тіліне тән дыбыстары бар сөздерді теріп жазып, олардың дұрыс айтылуына назар аударыңыздар.

155-тапсырма. Терминдік түсіндірмені мұқият оқып, меңгеріңіздер.

 

Өңдеу түрлерінің дәлдіктері

Әр түрлі станоктарда, әр түрлі әдістермен өңдеген кезде олардың дәлдігі де әр түрлі болады.

Мысалға: қуысты өңдеген кезде оның дәлдігі 2-класс болуы үшін оны таза тарту, ажарлар, хонингтеу әдістері арқылы өңдеу.

1-класты дәлдікті жонғыш құралдармен немесе кондукторды бұрғылау арқылы алуға болады.

Бөлшектерді техникалық өңдеу екі түрлі жетерлік және экономикалық дәлдіктер деп ажыратылады.

Жетерлік дәлдік дегеніміз – өңдеу үшін уақытты шегермей, жоғарғы дәрежелі жұмысшылар істеген жететін ең жоғарғы дәік. Бұл дәлдікке жету өте қымбат тұрады, әдейі арналған қымбат құралдар мен жабдықтар қолданылады. Сондықтан бөлшектің дәлдігін неғұрлым жоғарылатқан сайын оның өзіндік құны жоғарылай түседі.

Экономикалық дәлдік дегеніміз – берілген өңдеу әдісінде, дұрыс өндірістік шартта (қарайтын құралдар мен жабдықтар, қажетті жұмысшы дәрежесі), жоғарғы өнімді қамтамасыз еткенде, өңдеу құны басқа салыстырмалы өңдеу құнынан артық болмауы.

156-тапсырма. Мәтіннен тұйық етістік формасында тұрған сөздерді теріп жазыңыздар және олардың қай сөз табының қызметін атқарып тұрғандығын анықтаңыздар.

157-тапсырма. Абайдың нақыл сөздерін оқып, мағынасын түсіндіріңіздер. Жаттап, естеріңізге сақтаңыздар.

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

* * * * *

Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.

* * * * *

Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық.

158-тапсырма. Төмендегі сен есімдерді мағыналық топтарына қарай бөліп жазыңыздар.

Бір, мыңға жақын, он бес, алпысқа таман, қырық-елу, төрттен екі, екі-екіден, бес жарым, он бірінші, жетеу, екі мың он бесінші, бестерде, жиырма бес-жиырма алты шамасында, үшінші, жүз қаралы, мыңға тарта, төрт-төрттен.

159-тапсырма. Сөйлемдердегі етістіктерді райдың түрлеріне ажыратып, мағыналық ерекшеліктерін түсіндіріңіздер.

Қазақстанның аумағын мекендеген халықтар құю кәсібін жақсы меңгерген. Мысалы, XIII ғасырда осы күнгі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи сәулет ғимаратындағы Тайқазанды одан 25 шақырым жердегі Қарнақ деген мекенде тебриздік шебер Әбдул Азиз ибн Шарафуддин құйып жасаған. Қазан ерекше өрнектермен безендірілген. Қазанның сыртқы беттерінде құю арқылы Құранның аяттары жазылған. Қазанның салмағы – екі тонна, ернеуінің диаметрі – 2,45 метр, көлемі 60 шелек су сыятын етіп жасалған. Қазан құрамы асыл металдары бар күрделі қорытпадан тұрады.

Әдістемелік ұсыныс: Машина жасау өндірісінде құю әдісі арқылы басқа тәсілдермен жасауға болмайтын күрделі пішінді бұйымдар мен бөлшектерді жасауға болатындығын терең меңгеру, әңгімелеу.

Әдебиет: Нег.: 6[41-43]; 11[25-30]; 17; Қос.: 9.

Бақылау сұрақтары:

1. Құю әдісі деген не?

2. Құю әдісі адамзат өмірінде қай кезден белгілі?

3.Қазақ даласын мекендеген халықтың құю әдісін ерте кезден-ақ меңгергендігін немен дәлелдеуге болады?

4. ТМД-да құю өндірісі қандай деңгейде?

 

7-апта. 20-тәжірибелік сабақ

160-тапсырма. Қорытпалардың құйылу қасиеттері мен құйма дайындамалар туралы мағлұмат алып, мазмұнын есте сақтаңыздар.

Қорытпалардың құйылу қасиеттері және

құйма дайындамалар

Машина жасау өндірісінде құймалар жасау үшін мынадай қорытпалар кеңінен қолданылады: шойын, болат, алюминий, мыс, магний, титан, мырыш, т.б. металдар негізінде жасалған түсті және баяу балқитын металдар қорытпалары.

Құймаларды ақаусыз жасау – қорытпалардың құйылу қасиеттеріне байланысты. Қорытпалардың басты құйылғыштық қасиеттері: сұйық аққыштық, шөгу (сызықтық және көлемдік), жарылуға бейімділік, газды сіңіру, газды және шегіну қуыстарын қалыптастырғыштығы.

Қалыпты жасау әдістеріне байланысты құю жолдары мынадай болып бөлінеді:

1. Бір рет қолданылатын құм-балшықтан жасалған қалыпқа құю;

2. Ортадан тепкіш машиналар арқылы қалыпқа құю;

3. Кокильді құю;

4. Қысыммен құю.

Құйма дайындамаларының технологиялық сипаттамалары: машина бөлшектерінің өлшемдеріне, дәлдік деңгейлеріне қарай құйма технологияларының бірнеше тәсілдері кездеседі. Соның ішінде үлесі 80 пайыздай орындалатын құюдың құм-балшықты түрі пайдаланылады. Көбінесе бұл әдіс машиналардың қорапты бөлшектерін алуға қолданылады. Мысалы, станоктың станинасы, редуктордың корпусы, тігін машиналарының қорабы, т.б.

Құю процесінің қалған 20-30%-ы құюдың арнайы тәсілдеріне жатады. Жұқа қабырғалы цилиндрлік, конустық фасонды дайындамалар құюдың ортадан тепкіш әдістерімен алынады.

Құйма дайындамаларының бір кемшілігі – соқпа-прокаттау дайындамаларынан гөрі осалдау келеді.

Құйма жасау белгілі ретпен қажетті техникалық құжаттарды дайындаудан басталады. Құю цехы мынадай бөлімдерден тұрады:

Үлгі бөлімінде сызбаға сәйкес үлгі жасалады;

Құм-балшық бөлімінде қалып және өзекше жасалатын қоспалар дайындалады;

Қалыптау бөлімінде – қалып, ал өзекше бөлімінде – өзекше жасалады;

Балқыту бөлімінде қорытпа балқытылады;

Дайын қалыпқа сұйық металл құйылып, ол қатайған соң құйма қалыптан шығарылады;

Тазарту бөлімінде құймадан құю жүйелерін кесіп ажыратып, құйма тазартылады;

Құйманың сапасын тексеру соңғы операция болып табылады.

Сөздік:


прокат – илем

қорытпа – сплав

өзекше – стержень

аққыштық – текучесть

бейімділік – склонность

қалыптау – штампование


көлемдік шөгу – объемная усадка

құм-балшықты – песчанно-глинистый

сызықтық шөгу – линейный коэфициент усадки

161-тапсырма. Мәтіннен машина жасау саласына байланысты термин сөздерді теріп жазып, оларға түсініктеме беріңіздер.

162-тапсырма. Мәтіндегі бірыңғай сөйлем мүшесі бар сөйлемдерді теріп жазып, оларға синтаксистік талдау жасау арқылы қай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрғандығын анықтаңыздар.

163-тапсырма. Берілген сөйлемдерді қазақ тіліне аударыңыздар.

В Казахстане выпускаются сельскохозяйственные машины, тракторы, горно-шахтное и кузнечно-прессовое оборудование, волочильные станки, экскаваторы, металлорежущие станки, радиоприемники и музыкальные центры, машины для животноводства и кормопроизводства, а также сотни других типов машин и механизмов.

164-тапсырма. Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәнін аша отырып, оларды өз мамандығыңызбен байланыстырып әңгімелеңіздер.


Болат егелуге көнсе де,

Иілуге көнбейді.

* * * * *

Көптің аузы –

Темір талқы.

* * * * *

Зергер-ісмер жезге үйір,

Сыршыл адам сөзге үйір.

* * * * *

 

Теміршінің қолында

Темір тозбайды.

* * * * *

Күміс азып, күл болар,

Алтын азып, жез болмас.

* * * * *

Болат айтты:

Бәрін тартып алам.

Алтын айтты:

Бәрін сатып алам.


165-тапсырма. Мақал-мәтелдердегі металл аттарын теріп жазып, олардың әрқайсысының өзіндік қасиеттеріне тоқталыңыздар.

166-тапсырма. Сөздерді мағынасына қарай тіркестіріңіздер де, 5-6 жай сөйлем құрастырыңыздар.

   
бөлшектерді табиғат морт сынатын еңбек машина жасау құю сұйық қалыпқа ортадан тепкіш әлеуетті жарықты сәулелермен сызықтық химиялық өңдеу жиі қалыптасқан процесі нәтижесі қолдану байлықтары материал жақсарту тазалау аққыштық құрам дәстүр өндірісі шөгу өңдеу құю әдісі машина

167-тапсырма. Термин сөздердің мағынасын түсініп, есте сақтаңыздар.

Қорытпа – металдарды металл емеспен немесе химиялық қоспалармен қорыту немесе пісіру жолымен алынған металдық қасиеттері бар зат.

Сплав – вещество, полученное сплавлением или спеканием металлов с неметаллами или химическими соединениями; обладает металлическими свойствами.

Құйма қорытпа – құю жолымен бұйым жасауға арналған қорытпа.

Сплав литейный – сплав для изготовления изделий методом литья.

168-тапсырма. Сөйлемдерді тура және жанама толықтауышты сөйлемдерге бөліңіздер.

Темір әшекейлердің ортасынан әр түрлі өрнектерді не өрнектің түрін ойып, орнына күміс шабады. Ер-тұрманның сырты темір әшекейлермен жабылған. Ер әшекейлерін алтындау тәсілі күмістеуден өзгеше. Күмісті әшекейлеу құю тәсілі арқылы жүзеге асады. Ердің ағашы қайың ағашынан жасалады. Шетіне иректелген оюлар салынады.

Әдістемелік ұсыныс: Қорытпалардың құйылу қасиеттері мен құйма дайындамалардың технологиялық сипаттамаларын білу, қосымша деректермен толықтыру.

Әдебиет: Нег.: 6[43-45]; 15[56]; 17; Қос.: 9

Бақылау сұрақтары:

1. Машина жасау өндірісінде құймалар жасау үшін қандай қорытпалар қолданылады?

2. Қорытпалардың құйылғыштық қасиеттері қандай?

3. Құюдың қай түрі көп қолданыста?

4. Құйма дайындамаларының кемшілігі неде?

 

7-апта. 21-тәжірибелік сабақ

169-тапсырма. Мәтінді мұқият оқып, түсініп, мазмұндаңыздар.

 

Соғу процесі

Соғу процесінде көбінесе еркін соғу процесі қолданылады. Еркін соғу процесінде өңделетін металдың беті тегіс, жылжымайтын төске қойылып, жоғарғы жағынан жылжымалы,үлкен балғамен ұрылады. Нәтижесінде металл деформацияланып, жан-жаққа жайылып, өз пішінін өзгертеді. Соған сәйкес, металды өңдеудің бұл әдісін еркін соғу деп атайды.

Еркін соғу әдісімен алынған дайындамалар соғылма (поковка) деп аталады. Бұл әдіспен алынатын соғылма салмағы 150 грамнан 350 тоннаға дейін болады. Ұсақ соғылмалар пневматикалық рессорлы-серіппелі балғалармен өңделсе, орташа қарапайым және фасонды соғылмаларды бу-ауалы балғалармен өңдеуде.

Соқпа және қалыпталған дайындамаларды қысыммен өңдеудің арнайы тәсілдерін қолданып жүзеге асырады. Қысыммен өңдеуде алдын ала дайындалған дайындамалар пайдаланылады. Құймалар, металдың шыбықтары, қаңылтырлар қолданылады. Ұзын соқпа дайындамаларды арнайы пресс-қайшы құрылғылармен қияды. Пресс-штамп құрылғыларында механикалық аралардың дискілік, таспалық, арнайы аралық аспаптары болады. Ұсталық қалыптау құрал-жабдықтарының үш тобы бар:

1. Балғалар;

2. Престер;

3. Машиналар.

Балғалар тобына – ұсталық құрал-жабдықтардың екі жабдық қозғалатын булы-ауалы жабдықтары, пневматикалық, қалыптайтын құрал-жабдықтар, дайындамаларды екі жағынан бірдей соғатын булы-ауалы құралдар жатады.

Престер тобына – гидравликалық ұста-престер, ыстықтай соғатын иінді престер, жабық бір иінді престер жатады.

Машиналар тобына – бойлық бағытта көлбеу соғатын машиналар, тік бағытта соғатын машиналар кіреді.

Қазіргі машина жасау өндірісіндегі балғалардың ұру салмақтары бір тоннадан жиырма бес тоннаға дейін жетеді. Ал энергиялар 10 кДж-ден 45 кДж-ге дейін. Престердің ұру салмағы – 5-25 МН. Ал машиналардың, оның ішінде көлбеу соғатын машиналардың салмағы – 1-31,5 МН, тікелей соғатын машиналардікі – 0,2-2 МН.

Ауыр соғылмалар гидравликалық соғу процестерінде жасалады. Өңдеудің басқа әдістеріне қарағанда (құю, жону, қалыптау), еркін соғудың кемшіліктері мен артықшылықтары бар.

Кемшіліктері:

1. Еңбек өнімділігінің төмендігі;

2. Дәлсіздеу болуы;

3. Металдың молырақ шығын болуы.

Артықшылықтары:

1. Металл қасиеттерінің жоғары болуы;

2. Қымбат технологиялық аспаптардың қажет болмауы;

3. Жасалатын дайындамалардың салмағы, пішіні және өлшемі жөнінде әмбебап болуы.

Еркін соғу процесі мынадай түрлерге бөлінеді: отырғызу-осадка, шеңбер бойлай созу немесе көлденең дайындаманы ұзарту-раскатка, тік тесу немесе біршама тереңдету-прошивка, кесу-рубка, ию-гибка, айналдырып бұрау-закручивание.

Металдың биіктігін бәсеңдету арқылы оның көлденең қимасының ауданын арттыруды – отырғызу деп атайды.

Сөздік:


кесу– рубка

ию –гибка

соғылма – поковка

отырғызу – осадка


соғу процесі – ковочный процесс

еркін соғу процесі – свободная ковка

айналдырып бұрау – закручивание

тік тесу (біршама тереңдету) – прошивка

қысыммен өңдеу –обработка давлением

шеңбер бойлай созу (көлденең дайындаманы ұзарту) – раскатка

170-тапсырма. Төмендегі берілген сөйлемдерге жазбаша сұрақтар қойып, сұхбатты рөлге бөліп оқыңыздар.

1. Соғу процесінде көбіне еркін соғу процесі қолданылады. 2. Еркін соғу әдісімен алынған дайындамаларды соғылма (поковка) деп атайды. 3. Қазіргі машина жасау өндірісіндегі балғалардың ұру салмақтары бір тоннадан жиырма бес тоннаға дейін жетеді.

171-тапсырма. Мына сөздерге синоним болатын сөздерді жазыңыздар.

Ү л г і: Сұлу – өңді, әдемі, көрікті, ажарлы, келбетті, т. б.

Ертеден, күнделікті өмірде, ғалам, тәуелсіз, күрделі, ардақтау

172-тапсырма. Көп нүктенің орнына тиісті қосымшаларды қойып, сөйлемдерді толықтырыңыздар.

Жалпы машина жасау шаруашылық... барлық саласы... қажетті құрал-жабдықтар жасау мен күнделікті тұрмыс... қолданылатын машина өнімдерін (сағаттар, тоқыма және тігін машиналары, т.б.) шығару... қамтиды. Мұнда бірнеше данадан ғана (атом реакторы, металлургия комбинат...ының жабдығы) шығар...атын күрделі, қымбат жабдықтан бастап, саны миллиондап есептел... жаппай өнім...ге дейін өндіріледі. Бұл сала бойынша дүниежүзі... АҚШ, Германия, Жапония алдыңғы орын алады. Кейбір елдердің айрықша маманданған салалары бар: Швейцария сағат өндірісі... қажетті өте дәл станок жасауға, Жапония мен Корея аса ірі станок жасауға маманданған.

173-тапсырма. Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәнін аша отырып, өз мамандығыңызбен байланыстыра талдаңыздар.


Темірдің бір басы ыстық,

Бір басы суық.

* * * * *

Тат – темірді,

Қайғы адамды кеміреді.

* * * * *

Қойдың сүті – қорғасын.

Болат қынға тоқтайды,

Тентек топқа тоқтайды,

Жомарт жоққа тоқтайды.

* * * * *

Темір сырын отта танытады,

Адам сырын жоқта танытады.


174-тапсырма. Термин сөздердің мағынасын есте сақтаңыздар.

Маршруттық карта (мемлекеттік стандарт 3. 1404-74) бөлшекті жасау технологиялық ғамалиясының графикалық жұмыстарынан тұрады.

Операциялық карта (мемлекеттік стандарт 3. 1404-79) бөлшекті жасау ғамалиясының талданған сипаттамаларынан тұрады.

Технологиялық карта (мемлекеттік стандарт 3. 1404-74) бөлшекті жасау технологиялық ғамалиясын сипаттаудан, әр операциясын тексеруден, құрал-жабдықтарды, мәдделерді және жұмыс мөлшерлерін көрсетуден тұрады.

Мемлекеттік стандарт 14. 302-73 бойынша технологиялық ғамалияның екі түрі болады: жеке және типтік.

Жеке технологиялық ғамалия бөлшектерінің бір ғана түрін, бір мөлшерлі бөлшектерді жасауда қолданылады.

Типтік технологиялық ғамалия бөлшектердің технологиялық және конструкторлық белгісі арқылы топталған түрлерін жасауда қолданылады.

Қазіргі кезде технологиялық ғамалияларды жобалаудың уақытын қысқарту, құнын азайту және сапасын арттыру үшін электронды есептеу мәшинелерін (ЭЕМ) кеңінен қолданылады. ЭЕМ технологиялық ғамалияларды жобалаудың нәтижесі автоматты түрде технологиялық, операциялық, нобай карталарын шығару болып табылады. ЭЕМ арқылы станоктың неше түрлі көмекші құралдарын, құрал-жабдықтарын жобалайды.

175-тапсырма. Берілген сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын түсіндірме сөздіктен қарап, солардың қатысымен сөйлемдер құрастырыңыздар.

Қапсырма, өңіржиек, лажылы сырға, балдақ, шытыралы жүзік, құстұмсық, арабек, ілгек, зергерлік бұйымдар, өнерпаз халық, күміс сырға, самай сырға, үзбелі шолпы, ақық сырға, күмбезді жүзік, көзді шолпы, айшықты сырға, қозалы сырға.

176-тапсырма. Берілген сын есімдерді қазақ тіліне аударып, салыстырмалы шырай жасаңыздар.

Твердый, гибкий, тонкий, плоский, качественный, прочный, выносливый, редкий, слабый, короткий, длинный.

Әдістемелік ұсыныс: Металды еркін соғу әдісінің өзіндік ерекшелігі және технологиялық құжаттар туралы мәлімет ала отырып, кәсіби біліктіліктерін, тілдік қатынастарын арттыру.

Әдебиет: Нег.: 6[47-49]; 11[56]; 17; Қос.: 9

Бақылау сұрақтары:

1. Еркін соғу кезінде металл қандай өзгеріске ұшырайды?

2. Еркін соғудың кемшілігі неде?

3. Еркін соғудың артықшылығы неде?

4. Еркін соғу процесінің қандай түрлері бар?

 

8-апта. 22-тәжірибелік сабақ

177-тапсырма. Мәтінді мұқият оқып, машина жасауда қолданылатын металдар мен қорытпалар жөнінде мәлімет алыңыздар.

 

Машина жасау өндірісіне қажетті

металдар мен құймалар

* * * * *

Машина жасауда қолданылатын материалдардың

Жалпы сипаттамасы

Конструкциялық материалдар өнеркәсіптің әр түрлі салаларында пайдаланылатын машиналар мен механизмдерде пайдаланылатын тетіктерді жасау үшін қолданылады. Оларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады: металл, металл емес және композициялық. Бірінші топ аса көп қолданылады.

Металл материалдарды балқу температурасы бойынша (оңай балқитын, балқу температурасы орташа және қиын балқитын), тығыздығы бойынша (жеңіл және ауыр), негізі бойынша (темір негізіндегі қорытпалар, түсті және қиын балқитын металдар қорытпалары), олардан дайындамалар алу тәсілі бойынша (деформацияланатын, құйма) жіктеуге болады.

Қазіргі машина жасауда механизмдер мен машина тетіктерін алу үшін таза металдарды да, сондай-ақ олардың негізінде қорытпаларды да қолданады.Соңғылары аса көп қолданыс табады, бұл олардың аса жоғары механикалық қасиеттерімен себептелген. Бұл қасиеттер қорытпаның құрамына кіретін компоненттерге, оның құрылымына және өңдеу тәсіліне байланысты.

Негізінде машина жасауда темір негізіндегі қорытпаларды (көміртекті және қоспаланған болат, шойын) және алюминий, мыс, магний және титан негізіндегі түсті металдар қорытпаларын қолданады.

Қорытпаны таңдаудың дұрыстығына және одан алынатын тетікті өңдеу тәсіліне көбінесе машина жасау өнімінің сенімділігі және жұмысқа қабілеттілігі байланысты болады.

Металл емес материалдар техниканың әр түрлі салаларында аса кең қолданыс табуда. Жеткілікті беріктігі, қаттылық, төмен тығыздық кезіндегі икемділік, көптеген жемірлі ортадағы химиялық төзімділік, олардың технологиялылығы кезінде диэлектрлік қасиеттердің деңгейі металл емес материалдарды көрінбейтіндей етеді.

Металл емес материалдарды шығу тегі бойынша табиғи, жасанды және синтетикалық деп ажыратады.Табиғи материалдарға мысалы, табиғи каучук, ағаш, шайыр (янтарь, канифоль), мақта, жүн, зығыр және т.б. сияқты органикалық материалдар жатады. Органикалық емес табиғи материалдарға графит, асбест, қабаттас және кейбір тау жыныстары кіреді. Жасанды органикалық материалдарды табиғи полимер өнімдерден (вискоза талшығы, целлофан, күрделі және жай эфирлер, целлюлоза) алады. Синтетикалық материалдарды жай төмен молекулалық қосылыстардан алады.

Жасанды және синтетикалық материалдарда соңғы өнімнің және дайын бұйымдардың берілген қасиеттерін алу мақсатымен алғашқы заттардың қасиеттерін жобалау және араластыру мүмкін болады. Нәтижесінде синтетикалық металл емес материалдар табиғи материалдарды ығыстырып шығарады және әсіресе пластмассалар аса кең таралған болып табылады, олардағы резеңке байланыстырушы ретінде жоғары молекулалық органикалық қосылыстар (полимерлер) қызметін атқарады.

Сөздік:

тетік – деталь табиғи – природный

тығыздық – плотность жасанды – искусственный

негіз – основа шайыр – смола

ығыстыру – отжим түсті металл – металл цветной

қосылыстар – полимеры

178-тапсырма. Мәтін мазмұны бойынша берілген сұрақтарға жауап жазыңыздар.

1. Конструкциялық материалдар өнеркәсіпте не үшін қолданылады? 2. Конструкциялық материалдарды неше топқа бөлуге болады? 3. Металл материалдарды қандай қасиеттеріне қарап жіктейді? 4. Қазіргі машина жасауда механизмдер мен машина тетіктерін алу үшін нені көп қолданады? 5. Металл емес материалдарды шығу тегіне қарап қалай ажыратады? 6. Табиғи материалдарға нелер жатады? 7. Органикалық емес материалдарға нелер кіреді? 8. Синтетикалық металл емес материалдар табиғи материалдарды неліктен ығыстырып шығарады?

179-тапсырма. Түсіндірме сөздікті пайдаланып, машина жасау саласына байланысты берілген терминдерге түсініктеме жазып, олардың мағынасын есте сақтаңыздар.

Ширату, өрнекті жұмыстар, ажарлау жұмыстары, төсем, мойынтірек, құйылған бөлшек, ақау, тұрпат, тегістеу, білік.

180-тапсырма. Мәтіннен алынған сөз және сөз тіркестерімен сөйлемдер құрастырыңыздар.

Конструкциялық материалдар, металл, балқу температурасы, тетіктер жасау, табиғи материалдар, өнімдер, қорытпалар, машина жасау, механикалық қасиет, өңдеу тәсілі, беріктік, кең қолданыста, қызмет атқару.

181-тапсырма. Мәтіннен бес хабарлы сөйлем тауып, оларды сұраулы сөйлемге айналдырыңыздар.

Ү л г і: Конструкциялық материалдар өнеркәсіптің әр түрлі салаларында пайдаланылатын машиналар мен механизмдерде пайдаланылатын тетіктерді жасау үшін қолданылады. Конструкциялық материалдар өнеркәсіпте не үшін қолданылады?

182-тапсырма. Мәтіннің мазмұнын игеріп, оған тақырып қойыңыздар.

Металды өркениеттің іргетасы деп санайды. Өнеркәсіптің дамуын бақыласақ, онда өркениеттің өсуімен бірге адамзат қоғамының да металды тұтынуының тұрақты артқанын көруге болады. Металдар құрылғылық жадығат жасау үшін көп қолданылатын құралғыш, сонымен қатар қорытпаның негізі ретінде немесе таза күйінде айтарлықтай сирек қосынды қоспа ретінде пайдаланылады. М. В. Ломоносов металдарға: «Металдар дегеніміз – жарық дене, оларды соғуға болады», – деп анықтама берген болатын. Уақыт өте бұл анықтама айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. «Металдар дегеніміз – қатденелік торы бар, жақсы электр және жылу өткізгіштікке, пісірілетін және созылғыш қасиеттерге ие, металдық жылтырмен сипатталатын, ерекшеленетін химиялық құралғыш». Металдар қара және түсті болып бөлінеді.

183-тапсырма. Мәтіннен тұрлаулы мүшелерді тауып, оларға сұрақтар қойыңыздар.

184-тапсырма. Төмендегі берілген терминдердің мағынасын түсініп, есте сақтаңыздар.

Балқытылып қаптастырылған металл – 1. Пісіру үрдісінде пісіру жігіне енгізілген балқытылған қосым материал; 2. Балқытып қаптастыру үрдісінде негізгі металға салынған металл.

Металл наплавленный – 1. Переплавленный в процессе сварки присадочный металл, введенный в сварочный шов; 2. Металл, нанесенный на основной металл в процессе наплавки.

Негізгі металл – пісірілетін объектілердің металы.

Металл основной – металл свариваемых объектов.

185-тапсырма. Қазақтың зергерлік өнері туралы мәтінмен танысып, ондағы кәсіби термин сөздердің мағынасын ұғынып, өз ойларыңызды бөлісіңіздер.

Зергерлік өнер

Қазақ зергерлері түсті металдардан сан алуан әсемдік бұйымдар жасады. Әсіресе, күмістен соғылатын көптеген сәндік бұйымдар – сәукеле әшекейлері, сырға, шолпы, шекелік алқа, жүзік, белбеу, қапсырма, түйме, тіс шұқығыш кең тараған заттар. Ерлерге арнап белбеу, кісе, ер-тұрмандардың күмістелген, алтынданған, әшекейлердің неше түрлісі өте әдемі жасалды. Жағлан, піспек, сандық, төсағаш, ожау сияқты ыдыс-аяқтар бетіне күмістелген әшекейлер, түрлі-түсті шыныдан не болмаса асыл тастан өрнектейді.

Шеберлер сәндік күміс бұйымдарды жасауда көптеген зергерлік тәсілдерді қолдана білді. Солардың ішінде ең кең тараған тәсілдері – отқа қыздырып соғу, балқытылған металды қалыпқа құю, кептеу, тыныкелеу, темір бетіне күміс шабу, сіркелеу.

Әдістемелік ұсыныс: Машина жасауда темір негізіндегі қорытпаларды (көміртекті және қоспаланған болат, шойын) және алюминий, мыс, магний және титан негізіндегі түсті металдар қорытпаларын қолданатындығы жөнінде мәлімет алу, қосымша ғылыми дерек көздері арқылы теориялық білімдерін толықтыру.

Әдебиет: Нег.: 1[3-5]; 17; Қос.: 9.

Бақылау сұрақтары:

1. Машина жасау өндірісінде қандай материалдар қолданылады?

2. Машина жасауда таза металдың және олардың негізінде алынатын қорытпалардың маңызы қандай?

3. Металл материалдарды қандай қасиеттеріне қарап төрт топқа жіктеуге болады?

 

8-апта. 23-тәжірибелік сабақ

186-тапсырма. Мәтінді түсініп оқып, алюминий және оның қорытпалары жөнінде білетін өз ойларыңызды ортаға салыңыздар.

 

Алюминий және оның қорытпалары

 

Алюминий күміс түстес, беттік центрленген куб торы бар [периоды 4,04 А], тығыздығы 2,74 см3, жеңіл металл. Балқу температурасы 660°С. Аллотропиялық өзгеріске ұшырамайды.

Алюминийдің негізіндегі өте көп қорытпалар техникада кеңінен қолданылады. Олардың беріктігін комплексті легірлеп, термиялық өңдеу арқылы едәуір арттыруға болады. Қысыммен өңдеу және құю кезіндегі технологиялық қасиеттері жақсы.

Алюминийдің меншікті электр өткізгіштігі жоғары, күміс пен мыстан кейінгі үшінші орында. Бірақ берілген ток күшіне есептелген мыс сымына қарағанда алюминий сымы екі есе жеңіл. Сол себепті мыстың орнына көп салада жеңіл және арзан алюминий кеңінен қолданылады.

Алюминийдің пайдалы қасиеттерінің бірі – өзінің бетінде берік А1203 оксидінен тұратын жұқа қабат құрады. Бұл оксид қабаты оны төменгі және жоғарғы температураларда, тотықтырушы орталарда коррозиядан сақтайды. Алюминий сымдары мен таспаларының бетінде пайда болатын оксид қабаты электротехникада токтан қорғаушы қабат ретінде пайдаланылады.

Техникалық алюминийді арнайы легірлейді. Оның құрамында технологиялық тұрақты қоспалар кездеседі. Олардың алюминийдегі еру шегі өте аз. Олар алюминийдің беріктігін арттыратын фазалар құрады. Техникалық алюминийдің пластикалық қасиеті жоғары болғандықтан, қысыммен оңай өңделеді.

Техникада алюминийдің деформацияланатын және құюға арналған қорытпалары қолданылады. Олардың көпшілігі термиялық өңдеуден өтеді. Алюминий қорытпаларының беріктігін арттыру үшін шынықтырудан кейінгі ескірту (шынықтыру-қайтару) процесі қолданылады.

Алюминий қорытпалары үшін ескіру кезіндегі олардың беріктігінің және физикалық қасиеттерінің кинетикалық өзгеру сызықтары техникалық темірдің ескіруі кезіндегіге ұқсас. Қайтару температурасы өскенде алюминий қорытпаларының беріктігі, қаттылығы артып, максимуміне жетіп, одан кейін төмендейді. Пластикалық қасиеттері керісінше өзгереді: салыстырмалы ұзаруы, көлденең қимасының азаюы және соққыға қарсыласу энергиясы алдымен төмендеп, одан соң ең аз мәніне жеткенде, қайта өседі.

Техникада өте көп алюминий қорытпалары қолданылады (50-60 маркасы белгілі).

Алюминий қорытпаларын ыстық күйде деформациялау арқылы, олардың қайта кристалдану температурасын жоғарылатуға болады. Егер ыстықтай деформациядан кейін 500°С-тан төменірек температурада шынықтырып, одан соң ескіртсе, қорытпаның беріктігі жоғарылайды. Себебі, оның беріктігі деформация мен ескіру нәтижесінде артады. Мұндай өзгеріс – прессэффект деп аталады.

Құрамында мысы бар қорытпалардың, әсіресе термиялық өңделген күйінде, коррозияға төзімділігі төмен. Ондай қорытпаларды коррозиядан қорғау үшін ыстық күйінде деформациялау алдында олардың құймаларын таза алюминий жаймасымен орайды. Деформация кезінде алюминий қорытпаға кіріге, жабысып қалады. Сыртқы алюминий қабатында пайда болатын А1203 тотығы қорытпаны коррозиядан жақсы сақтайды.

Алюминийдің негізіндегі құйма қорытпалардан конфигурациясы күрделі бұйымдар алады. Олардың механикалық қасиеттерімен бірге сұйық күйде аққыштығы (құйма қалыпты толтыру қабілеті) жоғары болуы керек. Аққыштығын жоғарылату үшін алюминийді балқу температурасы төмен эвтектикалар құратын элементтермен легірлейді. Мұндай элементтердің негізгісі – кремний.

Сөздік:

қорытпа – сплав шынықтыру – закалка

тығыздық – плотность аққыштық – текучесть

тотығу – окисление

187-тапсырма. Мәтін мазмұнына сүйене отырып, сөйлемдерді толықтырыңыздар.

1. Алюминийдің негізіндегі.........................................................................

2. Алюминийдің меншікті электр өткізгіштігі............................................

3. Алюминий сымдары мен таспаларының..................................................

4. Техникалық алюминийді...........................................................................

5. Алюминий қорытпаларын ыстық күйде деформациялау арқылы...........

6. Алюминийдің негізіндегі құйма қорытпалардан...................................

188-тапсырма. Мәтін бойынша сұхбат құрастырыңыздар.

Ү л г і:

– Алюминий қандай металл?

– Алюминий - күміс түстес, беттік центрленген куб торы бар [периоды 4,04 А], тығыздығы 2,74 см3, жеңіл металл.

189-тапсырма. Берілген етістіктерді келер шаққа айналдырыңыздар.

Ү л г і: тұр – тұрар, тұрмақ

Дамып келген, жүргізілді, нәтижесінде артты, қолданылды, ұшырамады, өңделді, төмендеді, төзді.

190-тапсырма. Мәтіннен сын есімдерді тауып, олардан шырай түрлерін жасаңыздар және жасалу жолын түсіндіріңіздер.

Мыс және оның қорытпалары

 

Мыс – ашық қызғылт түсті, пластикалық қасиеті жоғары металл. Ол табиғатта тума металл күйінде де кездеседі. Рудадан оңай тотықсызданады. Сондықтан ол өндіріс пен күнделікті өмірде көптен бері қолданылады.

Мыстың меншікті электр өткізгіштігі жоғары. Мыс – электротехника мен прибор жасауда қолданылатын негізгі металл.

Қатты мыста еритін қоспалар оның электр өткізгіштігін азайтады. Легірлеу оның беріктігін арттыру үшін ғана жүргізіледі. Электр өткізуші мыс үшін ең жақсы легірлеуші элемент – кадмий.

Мыстың электр өткізгіштігін жақсарту үшін оны барлық қоспалардан тазарту керек. Ол үшін балқытылған мысты ауамен үрлейді. Қоспалардың тотықтары шлакқа кетеді.

Мыс пен цинктің қорытпалары – томпақ немесе жездер деп аталады. Қалған мыс қорытпаларының бәрі – цолалардеп аталады.

191-тапсырма. Мәтінді мұқият оқып, етістіктерді шақ түріне ажыратыңыздар.

Алюминий (лат. Aluminium),– ашудас, Al – элементтердің периодтық жүйесінің ІІІ тобындағы химиялық элемент, рет нөмірі 13, атомдық массасы 26,9815. Бір тұрақты изотопы бар. Жер қыртысында таралуы бойынша элементтер арасында 4-ші, металдар арасында 1-ші орында. Табиғатта жүздеген минералдары кездеседі, оның көпшілігі – алюмосиликаттар болып келеді.

Алюминий латынша Alumіnіum. Алюминий алу үшін пайдаланылатын негізгі шикізат – боксит. Алюминийді бос күйінде алғаш рет 1825 жылы даниялық физик Ханс Кристиан Эрстед алған. Алюминий – күміс түсті ақ металл, жылуды және электр тогын жақсы өткізеді, созуға, соғуға икемді, меншікті салмағы 2,7 г/см3; балқу температурасы 660оС, қайнау температурасы 2500оС; коррозияға берік, қалыпты температурада тұрақты, себебі бетіндегі алминий оксидінен тұратын жұқа қабыршақ оны тотығудан қорғайды. Сондай-ақ ол амфотерлі элемент, сондықтан қышқылдармен де, сілтілермен де әрекеттеседі. Алюминий – практикалық маңызы зор металл. Ол негізінен жеңіл құймалар өндіру үшін пайдаланылады. Алюминий құймалары авиа, авто, кеме, ядролық реактор, химиялық аппараттар жасауда, құрылыста, т.б. салаларда, таза металл түрінде электртехникасында ток өткізгіш сымдар, тұрмысқа қажетті бұйымдар дайындау үшін қолданылады. Техникалық қасиеттері жағынан өте бағалы құймасы – дюралюминий. Оның құрамында 94% алюминий, 4% мыс және аздаған магний, марганец, темір, кремний болады.

192-тапсырма. Мәтіндегі сан есімдерді сөзбен жазып, олардың сан есімнің қай түріне жататындығын анықтаңыздар.

192-тапсырма. Төмендегі жұмбақтарды шешіңіздер.

Сұрғылт түсті кәдімгі металмын,
Механикалық әсерге берілмейтін қаталмын.

Негізгі пәтерім 24-ші, 6-шы көшеде болсам да,
Кендерім Мұғалжарда, тауда жатамын. (Хром – Cr)

* * * * *

Ертеден белгілі жетеудің бірімін,

Электротехника саласында ірімін.

Көптеген құймаларға кіремін,
Әдемілігім жөнінде алтынмен тең жүремін. (Мыс – Cu)

* * * * *

Менделеев ауылының 6- шы көшесінде тұрағым.
Әр түнде адамдармен жүздесіп тұрамын.
Мені балқыта алмай қиналады көбісі,
Қазақстан әлемде кенім жөнінен бірінші. (W – вольфрам.)

* * * * *

Болмасам да айтарлықтай салмағым,
Мен көбіңнен ардақтымын алдамын.
Ұшақ болып аспанға ұшып қалықтап,
Жердің жүзін, көк аспанды шарладым,
Қымбат болдым алтыннан да ертеде. (Al – алюминий).

193-тапсырма. Белгілі ақын М. Мақатаевтың өлеңін мәнерлеп оқып, мағынасын түсініп, жаттап алыңыздар.

Алып жер – адамның бесігі

Тербесін сәбиін, тербесін.

Адамзат бақыты, несібі

Абайла, төгіле көрмесін.

(М. Мақатаев)

194-тапсырма. Берілген мақал-мәтелдерді аяқтаңыздар.

1. Ел іші …

2. От көмір жейді, …

3. Арпа – бидай ас екен …
4. Өнерлінің қолы алтын, …
5. Қойдың сүті – ….

6. Ескі мата бөз болмас, …..

7. Ақыл арымас,..

Әдістемелік ұсыныс: Машина жасаудағы қолданылатын металдар төңірегінде өзара сұрақтарға жекелей, жұппен, топпен жауап беру, өз ойларын ортаға салу.

Әдебиет: Нег.: 14 [33-35]; 17.

Бақылау сұрақтары:

1. Машина жасауда алюминийдің алатын орны қандай?

2. Алюминийдің өзіндік ерекшелігі неде?

3. Алюминий құймалары қай салаларда қолданылады?

 

8-апта. 24-тәжірибелік сабақ.

Аралық бақылау.

9-апта. 25-тәжірибелік сабақ

195-тапсырма. Мәтіннің мазмұнымен танысып, оны өздеріңіз білетін мәліметтермен толықтырып, мазмұндаңыздар.

 

Машина жасау өндірісіндегі қажетті металдар

мен құймалар

* * * * *

Т е м і р

Темір – Менделеев кестесіндегі атомдық нөмірі 26 болып келетін элемент. Жерде ең көп таралған металл қатарында. Ересек адамдардың ағзасында 3,5-4 грамм темір болады. Темір – ең ежелгі металл деп есептелінеді. Ең алғашқыда темірден жасалған заттар біздің заманымыздан бұрын 4 мыңжылдықта жасалған, ежелгі шумер және ежелгі Египет өркениетінің еншісінде.

Темір металы адам баласына осыдан бірнеше мың жыл бұрын-ақ белгілі болған. Алайда оның адамдарға толық қызмет ете бастағанына жүз жылдан астам уақыт қана өтті. Бұл металдың қажеттілігі соншалық, онсыз күнделікті тіршілігімізді көзге елестетудің өзі мүмкін емес.

Темір – бұл машиналар мен станоктар, поездар мен ұшақтар, т.б. жасауда қолданылады. Адам баласына темірден артық қажетті металды атау мүмкін емес сияқты. Темірді қалағаныңша өңдеуге, оны балқытуға, ұзартып созуға, қалыптап құюға, кесуге болады.

Қазіргі заманғы техникада негізінен алғанда әр түрлі заттар, көбінесе көміртегі қосылған қорытпалар түрінде қолданылады. Қорытпада көміртегі көп болған жағдайда темір қатты болады, бірақ өте морт сынғыш келеді. Бұл – кәдімгі шойын. Егер көміртегі аздау болса, металл тіптен қаттырақ, иілгіш, серпінді, бірақ әлі де болса морт сынғыш келеді. Бұл – болат. Көміртегіні одан да гөрі азайтса – темір жұмсақ, оңай иілгіш келеді, әрі оңайлықпен сына қоймайды. Егер болатқа белгілі бір заттарды аздап қосса, онда қоспалы болат алынады. Қосылған затына қарай мұндай болат не тот баспайтын, не оңайшылықпен сына қоймайтын, не отқа төзімді, не ең күшті деген қышқылдарға желінбейтін қасиеттерге ие болады.

Алайда темірдің кемшілігі де бар: ол аса ауыр және өзін тот басады. Сондықтан конструкторлар темірді біршама мықты және едәуір жеңіл материалдармен – алюминиймен, пластмассамен және әйнекпен барған сайын жиірек алмастыруда. Дегенмен темірді «мұрағатқа өткізетін» уақыт әлі бола қойған жоқ. Ғалымдар оңайлықпен тотықпайтын, отқа, қышқылға төзімді темір сорттарын жасауды игеріп қана қоймай, атомның құпия сырын ашып, темір атомның орнын қалай ауыстыруға болатындығын білді. Сонда темірдің беріктігі ондаған есе арта түседі екен. Егер пластмасса темір секілді берік бола түссе, темір де пластмасса секілді жұмсақ әрі жұмысқа ыңғайлы бола түсуде. Бірақ олар бірін-бірі ығыстырмайды, қайта адамдарға бірлесіп қызмет ететін болады.

Сөздік:

темір – железо қасиет– свойство

өңдеу – обработывать балқыту –литье, расплавить

кемшілік – недостаток игеру – освоить

ауыстыру – поменять

196-тапсырма. Мәтіннің мазмұны бойынша берілген сұрақтарға жауап беріңіздер.

1. Темір қандай металл? 2. Темір қай кезден белгілі бола бастаған? 3.Темір қандай жағдайларда қолданылады? 4. Темірдің қандай кемшіліктері бар? 5. Темір қандай қасиеттерге ие? 6. Темірден қандай құймалар жасайды?

197-тапсырма. Мәтіннің мазмұнына сүйеніп, сөйлемдерді толықтырыңыздар.

1. Темір адам баласына өте-------------------------------------------------------

2. Темірдің қолданылатын жерлері:---------------------------------------------

3.Темірдің кемшілігі де бар:------------------------------------------------------

4. Темірден мынадай қоспалар жасайды:---------------------------------------

5. Қазақстанда темір өндіретін----------------------------------------------------

6. Темірдің қасиеттері: -------------------------------------------------------------

198-тапсырма. Мәтіннің алғашқы үш абзацын орыс тіліне аударыңыздар.

199-тапсырма. Төменде берілген мәтінге сұрақ-жауап құрастырыңыздар.

Ү л г і:

– Ежелгі темір заттарының қанша мыңжылдық жасы бар?

– Ежелгі темір заттарының 3,5 мыңжылдық жасы бар.

 

Темір ғасыры

Ең ежелгі темір заттарының 3,5 мыңжылдық жасы бар. Темірдің алғашқы бұйымдары төмен механикалық төзімділікте болды. Тек ежелгі металлургтер құр темірдің өзіне қарағанда мықтырақ материалдар – шойын мен болаттың құймасын жасау тәсілін тапқан кезде ғана, бұл металл мен құймаларының кең таралуы басталып, ол адам өркениетінің дамуын қалыптастырды. Б.э.д. ІХ-VII ғасырларда темір ғасыры басталған кезде, бұл металл алтыннан қымбат бағаланды. Сондықтан Гомердің «Иллиадасындағы» батырлар «мыс сауыттар» киіп, «темірдей қатты жүректі» болды, ал ойын жеңімпаздары «Одиссей» батырлары алтын мен темір кесегімен марапатталды.

200-тапсырма. Терминдерге берілген түсініктемелердің мағынасын түсініп, есте сақтаңыздар.

Техникалық күту мен жөндеу терминдері. Техникалық күту дегеніміз – жабдықтардың атқаратын міндетіне қарай пайдалану, сақтау және тасымалдау кезінде жұмыс қабілетін сақтап, бүлінбеген күйінде ұстап тұруға көмектесетін операция немесе операция жиынтығы.

Техникалық күтудің басты мақсаты – жабдықтардың бүлінген жерлері мен ақау түрлерін анықтау және оларды қалпына келтіру арқылы бөлшектер мен тораптарды мезгілсіз тозудан сақтау шаралары. Сонымен қатар, алдағы атқарылатын жұмыстарының көлемінің мерзімі мен ұзақтығын дұрыс анықтау үшін қажет.

201-тапсырма. Интерактивті тақтамен жұмыс істеу үшін ұсынылатын материалдар: (слайд жасау)

Назар аударыңыздар!!!

Делидегі темір бағана (б.э.д. ІҮ-Ү ғасыр)

Индияда (Дели) б.э.д. ІҮ-Ү ғасырда 415 жылы тұрғызылған темір бағана биіктігі 7 метр, салмағы 6,5 тонна, 99,72% таза темірден тұрады, осынша уақыт таттанбауының себебін ғалымдар анықтай алмай отыр.

Эйфель мұнарасы

1889 жылы Парижде француз инженері Гюстов Эйфель алып мұнара құрылысын аяқтады. Париж эмблемасына айналған мұнара биіктігі 300 метр, таза темір металынан тұрады.

202-тапсырма.Темірдің қасиеттері мен маңызынан мәлімет алып, есте сақтаңыздар.

Білгенге маржан!!! Біліп алыңыздар!

Темірдің биологиялық маңызы.

Адам денесінде темір құрамы 3-7 гр дейін (ткань, қан, ішкі органдарда) болады. Темір біздің организмге тамақ арқылы келеді. Ересек адамның тәулік қажеттілігі 11-30 мг құрайды.

Бұлшық ет белогы – миоглобин, құрамында Fe+3 катионы етке қызғылт түс береді. Қан белогы – гемоглобин, құрамында Fe+2 катионы, қанға қызыл түс береді, сүйек кемігінде түзіледі.

Темір барлық жасыл өсімдіктер құрамына кіреді, хлорофилл түзуге, тыныс алуға қатысады.

Медицина тұрғысында: Адам ағзасында темір мөлшері жетіспеуінен –қан аздық (анемия)ауруы пайда болады. Ол дұрыс тамақтанбаудан, экологиялық себептерден, әлсіреу, көп қан кету т.б. пайда болады.

Ұлы Абай темірді ең артық деп неге бағалады екен? Жұмбақтың мағынасы төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасыңыздар.

Қара жер адамзатқа болған мекен, Іші





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-25; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 2510 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Не будет большим злом, если студент впадет в заблуждение; если же ошибаются великие умы, мир дорого оплачивает их ошибки. © Никола Тесла
==> читать все изречения...

1014 - | 828 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.007 с.