Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Биохимия кафедрасының меңгерушісі, профессор К.О. Шарипов

ТӘЖІРИБЕЛІК ДАҒДЫЛАРДЫ (ЕМТИХАННЫҢ ІІ САТЫСЫ) ҚАБЫЛДАУҒА АРНАЛҒАН

ОҚУ-ҒЫЛЫМИ ЖАҒДАЯТТАРДЫҢ ТІЗІМІ

Билет

Кейбір сырқаттану кезінде науқастың ауруға қарсы тұруының салдарынан оның дене қызуы көтеріледі. Дегенмен дене қызуының көтерілуі ағза белоктары үшін ауыр соққы болып табылады. Не себепті дене қызуы +400С-тан жоғары көтерілсе, белок қызметі бұзылып, адам өміріне қауіп төнетінін түсіндіріңіз.

Шешу алгоритмі:

1) Белоктардың құрылымы және олардың құрылымын нативті конформацияда ұстап тұратын байланыстары.

2) Температура жоғарылағанда белоктардың қызметі мен құрылымы қалай өзгереді?

3) Ферменттер үшін оңтайлы температура дегеніміз не? Қайтымды және қайтымсыз инактивация.

 

Билет

Мидағы пептидтер нейропептидтер болып табылады. Нейропептидтердің алдыңғы екі өкілі энкефалиндер деп аталады, олар 1975 жылы жануарлар миынан бөлініп алынған. Бұл пептидтер ауруды тыныштандыратын қасиетіне орай дәрілік құралдар ретінде пайдаланылады. Берілген пентапептидті сипаттаңыз.

Шешу алгоритмі:

1) Тир-Гли-Гли-Фен-Мет метионин-энкефалиннің құрылымдық формуласын жазыңыз және пептидтің «N» және «С» шетін айқындаңыз.

2) Бейтарап ортада пептидтің қосынды зарядын және оның электрофорезде жылжу бағытын анықтаңыз.

3) Бұл пептидпен қандай түсті реакциялар оң болады?

 

Билет

Қазіргі кезде биохимиялық зертханаларда адам ағзасынының биологиялық сұйықтықтарындағы ферменттерінің активтілігін анықтау үшін автоматты биохимиялық анализаторлар қолданылады. Лактатдегидрогеназаның (ЛДГ) активтілігін анықтау үшін қажетті реактивтерді дұрыс таңдауға лаборантқа көмектесіңіз.

Шешу алгоритмі:

1) ЛДГ катализдейтін реакцияны жазыңыз.

2) Субстратты, коферментті, негізін қалаушы витаминді, ферменттің кездесетін жерін көрсетіңіз.

3) Ферментативті реакция жылдамдығын қандай параметрлер бойынша бағалауға болатындығын түсіндіріңіз.

 

Билет

Адам гомойотермді (температурасы тұрақты деңгейде) тірі ағзалар қатарына жатады. Медицинада кейбір жағдайларда емдік әсерде экстремалды температура қолданылады. Жекеше алатын болсақ, мәселен, ұзаққа созылатын ота кезінде, әсіресе миға және жүрекке ота жасағанда гипотермиялық жағдай қолданылады. Гипертермиялық жағдайлар тіндерді коагуляциялау мақсатында қолданылады. Аталған жағдайлардың қаншалықты дұрыстығын түсіндіріңіз.

Шешу алгоритмі:

1) Көптеген ферменттер үшін оптималды температураны және ферментативті реакция жылдамдығының температураға тәуелділік графигін сызып көрсетіңіз.

2) Ұзаққа созылатын ота кезінде гипотермиялық жағдайдың қажеттігін түсіндіріңіз.

3) Тіндерді термиялық коагуляциялау әдісі неге негізделгендігін суреттеңіз.

Билет

Белок ерітіндісімен сапалық реакциялар жасағанда анықталды: молибден реактивімен реакция – оң, күміс сынамасы – оң.

Шешу алгоритмі:

1) Осы ерітіндідегі белок белоктардың қай класына жатады?

2) Осы сапалық реакциялар қандай заттарды ашу үшін қолданылады?

3) Қандай реакциялар арқылы белок құрамында көмірсулар бар екенін анықтауға болады?

 

Билет № 6

Белок гидролизатына сапалық реакция жасағанда анықталды: Фелинг реакциясы – оң, молибден реактивімен реакция – теріс, күміс сынамасы – теріс.

Шешу алгоритмі:

1. Осы ерітіндідегі белок белоктардың қай класына жатады?

2. Осы сапалық реакциялар қандай заттарды ашу үшін қолданылады?

3. Тағы қандай реакцияның көмегімен оның құрамында көмірсулар бар екенін анықтауға болады?

 

Билет

Екі пробирканың ішінде күрделі белок ерітіндісі бар: бірінші пробиркада күміс сынамасы - оң, молибден реактивімен реакция – оң, Фелинг реакциясы – оң болды. Екінші пробиркада: күміс сынамасы мен Фелинг реакциясы – теріс, молибден реактивімен реакция – оң болды.

Шешу алгоритмі:

1) Зерттелген белок ерітінділері күрделі белоктардың қай класына жататынын анықтаңыз.

2) Осы сапалық реакциялар қандай заттарды ашу үшін қолданылады?

3) Қандай сапалық реакциялар арқылы белок құрамында көмірсулар бар екенін дәлелдеуге болады?

 

Билет

Клиникаға сүтпен тамақтандырғаннан кейін диареямен ауыратын нәресте келіп түсті. Диагноз қою үшін лактозаға толеранттығын тексеру үшін тест жүргізді. Науқасқа ашқарынға суда еріген 50 г лактоза берді. 30, 60 және 90 минут өткеннен кейін қаннан глюкоза концентрациясын анықтады. Нәтижелер қандағы глюкоза мөлшерінің өзгермегендігін көрсетті. Алынған нәтижелердің мүмкін болатын себептерін атап айтыңыз және дәлелдеңіз.

Шешу алгоритмі:

1) Лактозаның ішекте қорытылу реакциясының сызбанұсқасын жазып, ферментін көрсетіңіз.

2) Қандағы глюкоза мөлшері неге өзгермеді, түсіндіріңіз.

3) Осы науқаста сүт тағамдарын көтере алмаушылық бұдан кейін де жалғасады ма? Жауабыңызды негіздеңіз.

 

Билет

35 жастағы әйел ауруханаға ауыз қуысының шырышты қабатының қабыну үдерістеріне, бұлшық ет әлсіздігіне, конъюнктивитке шағым айта келді. Науқас әйел ұзақ уақыт бойы өзінің рационынан бауыр, сүт, қарабидай, ашытқы тәрізді тағамдарды алып тастап, бір текті тамақтанған. Дәрігер В2 витаминінің гиповитаминозын анықтады. Байқалған симптомдардың себептерін түсіндіріңіз.

Шешу алгоритмі:

1) Құрамына В2 витамині кіретін коферменттерді атаңыз және олардың құрылысын сызбанұсқа түрінде көрсетіңіз.

2) Коферменттерінің құрамында В2 витамині бар ферменттерді атаңыз.

3) Аталған ферменттер қандай реакцияларды жылдамдататынын атаңыз.

Билет

Науқас көзінің шырышты қабатының және зәр шығару жолдарының жиі қабынуға ұшырайтындығына, сонымен қатар қараңғыда көзінің көруі нашарлағанын айтып шағымданды. Тексеру барысында көздің қасаң қабығының қабынуы мен құрғақтығы, склерасында гиперкератоз, яғни ақ шел баса бастағандығы айқындалды. Бұл күйі қалай аталады? Бұл белгілердің механизмдері қандай?

Шешу алгоритмі:

1) Берілген жағдайға қажетті витаминнің химиялық табиғатын, биологиялық әсерін сипаттаңыз және әріптік белгісін көрсетіңіз

2) Бұл витаминнің провитамині қалай аталады, витамин мен оның провитамині қандай тағамдарда кездеседі?

3) Витаминнің биологиялық әсерін сипаттаңыз.

 

Билет

Туберкулезге қарсы препараттармен (тубазид, фтивазид) ұзақ уақыт емделгеннен соң науқаста ашуланшақтық, кейде тырыспа, дерматит, стоматит пайда болды. Қанға биохимиялық талдау жасағанда гипохромды анемия, гипераминоацидемия белгілері, сонымен қатар зәрінде оксалаттың және аминқышқылдарының, әсіресе гомоцистеин мен цистатионның көбейгендігі байқалды. Берілген белгілердің, ауытқулардың механизмін түсіндіріңіз.

Шешу алгоритмі:

1) Берілген жағдайға қажетті витаминнің химиялық табиғатын, биологиялық әсерін сипаттаңыз, әріптік белгісін көрсетіңіз.

2) Бұл витаминнің витамерлерін атаңыз.

3) Құрамында аталған витамин бар ферментер катализдейтін реакцияларға мысалдар келтіріңіз.

Билет №12

Химчистка» бірлестігінің жұмысшыларын тексергенде бір әйел қызметкерде қандағы АЛТ-ның мөлшері 5,7 есе, ал АСТ-ның 1,5 есе артқаны анықталған.

Шешу алгоритмі:

1) Осы науқас әйелге болжаммен алдын ала қандай диагноз қоюға болады?

2) Науқаста зәр мен нәжіс түсі қалай өзгереді?

3) Қандай қосымша зерттеулер тағайындау керек және оларда қандай мүмкін болатын ауытқуларды күтуге болады?

 

Билет

Пируват түзілетін глюкозаның катаболизмі аэробты да, анаэробты да жағдайда жүреді. Аэробты және анаэробты жағдайда глюкоза екі молекула пируватқа ыдырағанда неше АТФ молекуласы түзіледі?

Шешу алгоритмі:

1) Гликолиз сызбанұсқасын, АТФ-ты пайдаланылатын және оның синтезін қажет ететін реакцияны көрсетіңіз.

2) Гликолиздің тотығу реакциясын формула пайдалана отырып, жазыңыз.

3) Аэробты да, анаэробты да жағдайда НАДН2-нің пайдалану реакциясын сипаттаңыз.

 

Билет

Негізгі тағамы жүгері болып келетін Оңтүстік Америка тұрғындары көп жағдайда жүйке жүйесінің зақымдануы (деменция), ас қорыту жүйесінің зақымдануы (диарея) және терінің ашық жерлерінің симметриялы түрде зақымдануы (дерматит) тәрізді белгілер көрсететін аурулармен жиі ауырады. Аталған белгілердің механизмін түсіндіріңіз.

Шешу алгоритмі:

1) Берілген жағдайға қажетті витаминнің химиялық табиғатын, биологиялық әсерін сипаттаңыз, әріптік белгісін көрсетіңіз.

2) Бұл витаминнің антивитаминін атаңыз; қандай тағамдардың құрамында болатынын және механизмін түсіндіріңіз.

3) Бұл витамин ағзада қандай аминқышқылдарынан түзілетінін атаңыз.

 

Билет

Инсоляция (Күн сәулесі аз түсетін) төмен болып келетін Солтүстік аймақта тұратын сәбиге мешел ауруының алдын алу үшін балық майы берілген. Дәрігер тексеру кезінде бас сүйегінің ерте қатаюын, сүйектердің ұзына бойы өсуінің баяулауы нәтижесінде қаңқа сүйегінің қисаюын байқады. Анасы сәбиде іш қату барлығына, тағамға тәбетінің нашарлағанына және салмақ жоғалтқанына шағымданды. Сәбидегі бұл өзгерістердің себептерін түсіндіріңіз.

Шешу алгоритмі:

1) Сәбиде қандай алмасу үдерісі бұзылған? Витамин қалай аталады?

2) Теріде витаминнің түзілу сызбанұсқасын және оның бауыр мен бүйректегі метаболизмін көрсетіңіз.

3) Берілген витаминнің әсер ету механизмін және ішек қабырғасындағы метаболиттік алмасу түрлерін көрсетіңіз.

 

Билет

Ұзақ уақыт бойы алкогольді мөлшерден тыс ішуінің нәтижесінде бауыр циррозына ұшыраған науқас көмірсуы басым диетаға отырған және жүрек тұсының ауыратындығына, саусақтарының ұшы жансызданатындығына, балтыр бұлшық етінің ауыратындығына, есте сақтау қабілетінің нашарлағандығына шағымданды. Қан талдауы пируват пен лактаттың концентрациясының жоғарылауынан туындаған ацидозды көрсетті.

Шешу алгоритмі:

1) Науқаста алмасудың қандай түрі бұзылған? Витамин қалай аталады?

2) Берілген жағдайда пируват пен лактаттың түзілу реакциясын жазыңыз. Ферменттерді, коферменттерді және олардың құрамына кіретін витаминдерді атаңыз.

3) Аэробты жағдайда пируваттың өзгеріске ұшырау реакциясын, ол реакцияның жүру жолын, реакцияны катализдейтін ферменттерді, олардың коферменттерін және құрамына кіретін витаминдерді жазыңыз.

 

Билет

Спринтер мен стайер 100 м және 10 км арақашықтықта өзара жарысып жатыр. Спринтер жүз метрлікті бітірді, ал стайер оныншы километрді жүгіріп жатыр. Бұл жүгірушілердің бұлшық ет жұмысын энергиямен қамтамасыз етуінің айырмашылығын көрсет.

Шешу алгоритмі:

1) Стайердің бұлшық ет жұмысының энергия көзі болып табылатын глюкоза катаболизмінің сызбанұсқасын көрсетіңіз.

2) Дегидрлеу реакциясына қатысатын субстраттарды жазып, БТ (биологиялық тотығу) тізбегінде сутегінің бір субстраттан оттегіне дейінгі жолын көрсетіңіз.

3) Спринтер мен стайердің глюкозаның арнайы катаболизм жолының энергетикалық эффектісінің және соңғы өнімінің құрамының, үдеріс барысындағы айырмашылықтарын көрсетіңіз.

 

Билет

Емханаға екі студент қан құрамындағы қантты тексеруге келді. Анализ нәтижелері дайын болғанда, 1-ші студентте қандағы глюкоза мөлшері 5,6 мМ/л, ал 2-ші студенттің қандағы глюкоза мөлшері 7 мМ/л екені анықталды. Алынған нәтижелерді талқылау кезінде, 2-ші студенттің таңертең тексеруге дейін жарты сағат бұрын тәтті шай ішкені анықталды. Алынған анализдерге қорытынды жасаңыз.

Шешу алгоритмі:

1) Неліктен биохимиялық зертханада глюкозаның мөлшерін анықтау,қатаң түрде аш қарында жүргізіледі?

2) Глюкозаның қандағы қалыпты мөлшері және тамақтанғаннан кейінгі жоғарылаған мөлшері қандай болады?

3) Тамақтанғаннан кейін глюкоза мөлшерінің жоғарылауынан бауырда қандай үдеріс жылдамдайды?

 

Билет

Цинганың клиникалық көріністері – тері астында және шырышты қабықтың астында қанның жинақталуы, қызыл иектің қанауы, тістің түсуі, анемия. Бұл ауру қай витаминнің жетіспеушілігінен пайда болады және қандай үдерістің бұзылуына әкеледі?

Шешу алгоритмі:

1) Осы витаминді атап, оның формуласын жазыңыз.

2) Бұл витаминнің қандай белоктың синтезіне қатысатынын еске түсіріңіз, осы белоктың құрылысын сипаттаңыз.

3) Осы витамин қатысатын реакцияны жазыңыз, оның функциясын түсіндіріңіз, ферментті атап; осы реакцияның жүруі үшін қандай заттың керек екенін көрсетіңіз.

 

Билет

Майлар энергиясыйымды молекулалар болып табылады. Майлардың құрамына қарап осыны түсіндіріңіз. Трипальмитиннің бір молекуласы тотыққан кездегі АТФ санын санаңыз.

Шешу алгоритмі:

1) Осы қосылыстың гидролиз реакциясын жазыңыз.

2) Пальмитин қышқылының бір молекуласы тотыққан кездегі АТФ санын санаңыз.

3) Глицериннің тотығу реакцияларын жазыңыз және және осы үдеріс кезінде түзілетін АТФ санын санаңыз. Трипальмитиннің бір молекуласы тотыққан кездегі толық АТФ санын санаңыз.

Билет

Инсоляция (Күн сәулесі аз түсетін) төмен болып келетін Солтүстік аймақта тұратын сәбиге мешел ауруының алдын алу үшін балық майы берілген. Дәрігер тексеру кезінде бас сүйегінің ерте қатаюын, сүйектердің ұзына бойы өсуінің баяулауы нәтижесінде қаңқа сүйегінің қисаюын байқады. Анасы сәбиде іш қату барлығына, тағамға тәбетінің нашарлағанына және салмақ жоғалтқанына шағымданды.

Шешу алгоритмі:

1) Сәбидегі бұл өзгерістердің себептерін түсіндіріңіз.

2) Сәбиде қандай алмасу бұзылған?

3) Берілген витаминнің тәуліктік мөлшері қанша?

 

Билет

Науқастың асқазан сөлінде лактат пен өт пигменттерінің мөлшері жоғары. Бұл жағдайда асқазанның қандай аурулары байқалатынын көрсетіңіз.

Шешу алгоритмі:

1) Лактат түзілетін үдерісті атаңыз, лактат неліктен асқазанда жиналады және оның бар екенін қандай сапалық реакция арқылы анықтауға болады?

2) Асқазан сөліндегі тұз қышқылының ролін, қышқылдық түрлері мен қалыпты мөлшерін көрсетіңіз.

3) Неліктен асқазанда өт пигменттері пайда болады, оларға сапалық реакция?

 

Билет

Ұзақ уақыт бойы алкогольді мөлшерден тыс ішуінің нәтижесінде бауыр циррозына ұшыраған науқас көмірсуы басым диетаға отырған және жүрек тұсының ауыратындығына, саусақтарының ұшы жансызданатындығына, балтыр бұлшық етінің ауыратындығына, есте сақтау қабілетінің нашарлағандығына шағымданды. Қан талдауы пируват пен лактаттың концентрациясының жоғарылауынан туындаған ацидозды көрсетті.

Шешу алгоритмі:

1) Осы науқасқа қандай витамин (химиялық, биологиялық аты, әріптік белгіленуі) ұсыну керек, оның профилактикалық дозасы қандай?

2) Бұл витамин қандай тағамдардың құрамында жеткілікті мөлшерде болады?

3) Бұл витамин қандай ферменттің құрамына кіреді және науқаста осы витамин жетіспеушілігіне байланысты қандай үдерістер бұзылған?

 

Билет

Дәрігердің қабылдауындағы пациент көбіне пісірілген тағамдарды жейді, оның рационында көкөністер мен жеміс-жидектер жоқтың қасы. Науқас әлсірей беретіндігін, қызыл иегінің қанайтындығын, тістерінің босап кеткендігін, буындарының қақсайтындығын, есте сақтау қабілетінің нашарлағандығын, жиі суық тиіп ауыратындығын айтып шағымданды. Дәрігер тексеру барысында көптеген петехиялар, терісінің бозарғанын байқады. Қан талдауы гипохромды анемияны көрсетті.

Шешу алгоритмі:

1) Осы науқасқа қандай витамин (химиялық, биологиялық аты, әріптік белгіленуі) ұсыну керек, оның профилактикалық дозасы қандай?

2) Бұл витамин қандай тағамдардың құрамында жеткілікті мөлшерде болады?

3) Бұл витамин қандай ферменттің құрамына кіреді және науқаста осы витамин жетіспеушілігіне байланысты қандай үдерістер бұзылған?

Билет

Созылмалы гастритпен және ащы ішектің шырышты қабатының зақымдануымен ауыратын науқастың қанына анализ жасағанда эритроциттер, лейкоциттер, гемоглобин мөлшерінің төмендегені, жетілмеген ірі жасушалар-мегалобласттар бар екендігі анықталды.

Шешу алгоритмі:

1) Осы науқасқа қандай витамин (химиялық, биологиялық аты, әріптік белгіленуі) ұсыну керек, оның профилактикалық дозасы қандай?

2) Бұл витамин қандай тағамдардың құрамында жеткілікті мөлшерде болады?

3) Бұл витамин қандай ферменттің құрамына кіреді және науқаста осы витамин жетіспеушілігіне байланысты қандай үдерістер бұзылған?

 

Билет

Науқастың асқазанының Касл факторы түзілетін бөлігін операциялық жолмен алып тастағаннан кейін, оның орталықжәне шеткі жүйке жүйесінде бұзылыстар: есте сақтау қабілетінің төмендеуі, солғындық, парез (шала салдану)байқалды.

Шешу алгоритмі

1) Осы науқасқа қандай витамин (химиялық, биологиялық аты, әріптік белгіленуі) ұсыну керек, оның профилактикалық дозасы қандай?

2) Бұл витамин қандай тағамдардың құрамында жеткілікті мөлшерде болады?

3) Бұл витамин қандай ферменттің құрамына кіреді және науқаста осы витамин жетіспеушілігіне байланысты қандай үдерістер бұзылған?

 

Билет

Антибиотиктермен ұзақ уақыт емделген соң пациентте мұрынның жиі қанауы, бір жерін сәл кесіп алса да, қан көп кетуі, көздің тор қабығына қан құйылуы тәрізді белгілер байқалды. Аскорутинді қабылдау оң нәтиже бермеді. Берілген белгілердің механизмін түсіндіріңіз.

Шешу алгоритмі:

1) Осы науқасқа қандай витамин (витаминнің химиялық табиғаты мен биологиялық әсері бойынша және әріптік аталуы) ұсыну керек, оның профилактикалық дозасы қандай?

2) Бұл витамин қандай тағамдардың құрамында жеткілікті мөлшерде болады?

3) Почему заболевание печени может привести к развитию подобных симптомов?

 

Билет

Науқаста гипергликемия, глюкозурия, ацетонемия, ацетонурия байқалады.

Шешу алгоритмі

1) Науқаста қандай ауру деп болжауға болады?

2) Гипергликемия, глюкозурия, ацетонурия, ацетонемия немен байланысты?

3) Қандағы глюкозаның қалыпты мөлшері қанша және науқасқа қандай гормон тағайындау керек?

 

Билет

Ферменттің рН оптимумы 6,9-7,0. Осы ферменттің субстраты йодпен түсті сапалық реакция беретін табиғи полимер болып табылады. Ферменттің субстратқа әсер ету нәтижесінде, Люголь реактивімен оң реакция беретін аралық өнімдер түзіледі.

Шешу алгоритмі

1) Ферментті атаңыз.

2) Ол қай класқа және қай топқа жатады?

3) Субстрат және реакция өнімдері қалай аталады?

Билет

Науқаста қантты диабет. Инсулин жетіспеушілігі кезінде глюкозаның қаннан тіндерге тасымалдануы бұзылады.

Шешу алгоритмі

1) Көмірсулар алмасуындағы бұзылыстар неліктен липидтер алмасуы бұзылыстарына әкелетінін түсіндіріңіз.

2) Бұл жағдайда қанның биохимиялық көрсеткіштері қалай өзгереді?

3) Бұл жағдайда зәрдің көрсеткіштері қалай өзгереді?

Билет

Құрамында көп мөлшерде сахароза мен мальтоза бар кока-кола, фанта, сыра сусындарын көп ішу кариес дамуына ықпал ететіні белгілі. Осы сусындарды қолданудағы кариес пайда болуының себептерін түсіндіріңіз.

Шешу алгоритмі:

1) Қалыпты жағдайдағы сілекейдің рН-ы қанша?

2) Осы сусындардағы сахароза мен мальтоза рН-тың өзгеруін қалай тудыратынын түсіндіріңіз.

3) Сілекейдің рН-ы төмендегенде эмальдің гидроксиаппатиттерінде жүретін орын басу реакцияларын жазыңыз.

Билет

Науқас тамақтанғаннан кейін кекіру және эпигастрий аймағының ауырсынуына шағымданады. Асқазан сөліндегі сүт қышқылына сапалық реакция оң болып шықты.

Шешу алгоритмі:

1) Асқазан сөлінің қандай қосымша көрсеткіштері диагноз қоюда дәрігерге көмектеседі?

2) Науқаста асқазан сөлінің қандай физика-химиялық қасиеттерінің өзгерістері байқалуы мүмкін?

3) Науқаста сүт қышқылының бірден жоғарылауы немен байланысты?

Билет

Науқас асқазан тұсында ауырлықты, іш өтуін байқайды. Асқазан сөлінің анализі күкіртсутек иісі және бос тұз қышқылының мүлдем жоқ екенін байқады.

Шешу алгоритмі:

1) Бұл күй қалай аталады және ол асқазанның қандай ауруында байқалады?

2) Бұл жағдайда асқазан сөлінің қандай патологиялық құрам бөліктері анықталады?

3) Асқазан сөлінің бір сынамасында қышқылдықтың қандай түрлерін анықтауға болады?

 

Билет

Асқазан сөлінің 5 мл титрлегенде бос тұз қышқылын бейтараптауға 2,5 мл 0,1 н NaOH жұмсалды, В көлемі 3 мл болды, ал барлық қышқыл түзуші заттарды бейтараптауға 4,5 мл жұмсалды.

Шешу алгоритмі:

1) Жалпы қышқылдықты, бос және байланысқан қышқылдықты есептеңіз.

2) Алынған нәтижелерді қалыптымен салыстырыңыз.

3) Осы сынамада асқазан сөлінің қандай патологиялық құрам бөліктері анықталады?

 

Билет

Аурухананың қабылдау бөліміне “жедел жәрдеммен” ес-түссіз талып қалған науқас келіп түсті. Науқастың дем алысы ауыр, демінен жемісті ацетон иісі сезіледі.

Шешу алгоритмі:

1) Науқасқа диагноз қойып, жәрдем ету үшін қандай биохимиялық анализдерді жедел түрде өткізу керек?

2) Зертханалық көрсеткіштер нәтижесі алынғанға дейін, науқаста қандай ауру деп болжауға болады?

3) Неліктен науқас дем алған кезде, оның демінен ацетон иісі шығады?

Билет

Бүйрегі ауыратын науқас балансты диета ұстағанына қарамастан, оның сүйектері қарқынды түрде деминерализацияланғаны анықталған, науқаста бүйректік остеодистрофия – мешел тәрізді ауру дамыды. Оның бүйрегінің зақымдануы неліктен деминерализацияға әкелді?

Шешу алгоритмі:

1) Диагнозды нақтылау және терапияны коррекциялау үшін науқастың қаны мен зәрінен қандай көрсеткіштер анықталуы тиіс?

2) Науқастың қанынан қандай гормондарды анықтауға кеңес бересіз?

3) Осы гормондар қайсы эндокринді бездерде түзіледі, олардың маңызы.

Билет

Науқас оң жақ қабырғасының асты ауыратынына, ауырсыну сезіміне, жүрегі айнитынына шағымданады. Оны тексеріп қарағанда тері мен кілегейлі қабаттары сарғайғаны анықталды. Нәжісі ақшыл, зәрі қоңыр (сыра тәрізді)

Шешу алгоритмі:

1) Диагнозды нақтылау үшін науқастың қанына қандай биохимиялық көрсеткіштерді анықтау қажет?

2) Науқастың нәжісі түссізденуінің және зәрінің қоңырланғанын немен байланыстыруға болады?

3) Бауыр зақымданғанын нақтылау үшін қандай арнайы ферменттерді анықтау керек?

Билет

Түбір каналының энзимотерапиясын ұзарту үшін жедел және созылмалы периодонтитте құрамында трипсин, химотрипсин, лизоцим бар профезим және иммозимаз препараттарын қолданады. Бұл препараттарды осы ауруларда қолдануын негіздеңіз.

Шешу алгоритмі:

1) Ферменттің субстратқа әсерін схемамен көрсетіңіз, олардың топ,топшасын атап, реакцияның соңғы өнімінің өгерістерін сипаттаңыз.

2) Бұл дәрілер түбір каналында 1-2 тәулік қана болатынын түсіндіріңіз.

3) Неге осы препараттармен бірге сульфаниламидті қолдану ұсынылатынын, бірақ спиртті қолдану шектелгенін түсіндіріңіз.

 

Билет

Соңғы жылдары стоматологияда жаңа ауру «сағыз ауруы» пайда болды. Сағызды дұрыс пайдаланбағандықтан, сілекей бездерінде аторофия байқалады. Осы ауруда сілекей секрециясы қалай өзгереді?

Шешу алгоритмі:

1) Сілекейдің негізгі қызметтерін атаңыз.

2) Сілекей секрециясы тістің эмаліне және ауыз қуысының кілегей қабатына қалай әсер ететінін көрсетіңіз.

3) Сілекей құрамы қалай өзгеретінін түсіндіріңіз

 

Билет

Қызыл иек сұйықтығында түрлі арақатынаста қан плазмасының, қызыл иек тінінің жасушааралық сұйықтығының элементтері, периодонттың, лейкоциттердің, микроорганизмдердің және олардың метаболиттері болады.

Шешу алгоритмі:

1) Қызыл иек сұйықтығының минералдық құрамын көрсетіңіз.

2) Қызыл иек сұйықтығының құрамына қандай белок кіреді?

3) Қызыл иек сұйықтығында қандай ферменттер анықталады?

 

Биологиялық химия кафедрасының мәжілісінде талқыланған және бекітілген

№ ____ хаттама «____» _______________ 2016 ж.

 

Биохимия кафедрасының меңгерушісі, профессор К.О. Шарипов

 

ОД ОБК мәжілісінде талқыланған

№ ____ хаттама «____» _______________ 2016 ж.

 



<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>
Тәуекелдікті басқару процесінде шешімін табуы тиіс басты міндеттерді түсіндіріңіз | Глина – сырьё для производствакерамических материалов
Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-24; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 777 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Велико ли, мало ли дело, его надо делать. © Неизвестно
==> читать все изречения...

2455 - | 2137 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.009 с.