Атмосфералық ауа - қоршаған ортаның атмосфера газдарының табиғи қоспасы болып табылатын компонентi.
Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Экологиялық кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
Атмосфералық ауаны құқықтық реттеу Экологиялық кодекспен тікелей жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
Мемлекеттiк экологиялық мониторинг (қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингi) - табиғи және антропогендiк факторлардың әсерiнен қоршаған ортаның, табиғи ресурстардың жай-күйiнiң өзгеруiн бағалау, болжау және бақылау мақсатында олардың жай-күйiн қадағалаудың кешендi жүйесi.
Атмосфералық ауа, жер, жер үстi мен жер асты сулары, жер қойнауы, жануарлар және өсiмдiктер дүниесi, сондай-ақ климат пен Жердiң озон қабаты, экологиялық жүйелер, қоршаған ортаның халықтың денсаулығына әсер ететiн факторлары мемлекеттiк экологиялық мониторинг объектiлерi болып табылады.
Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесi - экологиялық қауiпсiздiктi, табиғи ресурстарды сақтауды, молықтыруды және ұтымды пайдалануды, сондай-ақ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында басқарушылық және шаруашылық шешiмдердiң қабылдануы үшiн қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйiн байқауды, сондай-ақ олардың нақты жай-күйi туралы деректерге талдау жасауды қамтитын көп мақсатты ақпараттық жүйе.
Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган арнайы мемлекеттiк уәкiлеттi органдармен бiрлесе отырып ұйымдастырады.
Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң принциптерi:
1) бiрыңғай ұйымдық, әдiстемелiк, метрологиялық және ақпараттық ұстаным негiзiнде жұмыс iстеу;
2) қолданыстағы мемлекеттiк және өзге де мониторинг жүйелерiнiң мүмкiндiктерiн барынша пайдалану болып табылады.
Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң мiндеттерi:
1) қоршаған ортаның, биологиялық әралуандық және экожүйелердiң жай-күйi туралы, антропогендiк әсер ету көздерi, тiршiлiк ету ортасының халық денсаулығына әсер ететiн факторлары туралы дұрыс және салыстырмалы ақпарат алу;
2) қоршаған ортаның жай-күйiн, антропогендiк әсер ету деңгейлерiн, биосфера жай-күйiнiң көрсеткiштерiн, экожүйелердiң функционалдық тұтастығын бағалау және болжау;
3) экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша қабылданатын басқарушылық шешiмдерi мен өткiзiлетiн iс-шаралардың тиiмдi болуына талдау жүргiзу үшiн деректермен қамтамасыз ету болып табылады.
Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесi тіршілік ету ортасы мен халықтың денсаулығын қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау мәселелерiн тiкелей немесе жанама түрде қамтитын, Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы мониторинг жүйелерi мен мониторингтiң кiшi жүйелерiнiң базасында қалыптасады.
Арнайы уәкiлеттi мемлекеттiк органдар өздерiнiң құзыретiне сәйкес табиғи объектiлерге зерттеу жүргiзуге және мониторинг түрлерiн (кiшi жүйелердi) ұйымдастыруға мiндеттi.
Қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган ұйымдастырады.
Атмосфералық ауа жай-күйiнiң мониторингi - Қазақстан Республикасының елдi мекендерiнде атмосфералық ауаның ластануының жай-күйiне бақылау жасау жүйесi. Мемлекеттiк бақылау бекеттерiнiң санын және оларды әрбiр нақты елдi мекенде орналастыруды халық саны, жер рельефi, ластанудың нақты деңгейiн ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде айқындайды. Атмосфералық жауын-шашын жай-күйiнiң мониторингi - атмосфераның ластануының көрсеткiшi болатын атмосфералық жауын-шашынның химиялық құрамына бақылау жасау, сондай-ақ қыс кезiнде атмосфераның өңiрлiк ластануын бағалау және елдi мекендер мен өнеркәсiп объектiлерiнен ластаушы заттардың таралу ауқымын анықтау үшiн қар қабатындағы заттардың болуына бақылау жасау жүйесi. Метеорологиялық мониторинг - мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды ауа райы туралы ақпаратпен қамтамасыз ету, қысқа мерзiмдi, ұзақ мерзiмдi метеорологиялық, агрометеорологиялық болжамдар жасау және дүлей метеорологиялық құбылыстардың туындау ықтималдығы туралы ескерту мақсатында атмосфера мен жер үстiнiң физикалық параметрлерiне, метеорологиялық, оның iшiнде актинометрикалық, жылу балансы, озонометрикалық, аэрологиялық бақылау жасаудың кешендi жүйесi. Метеорологиялық мониторинг деректерiнiң негiзiнде климаттың және Жердiң озон қабатының мониторингiн жүргiзу жүзеге асырылады. 2. Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі қызметті ұйымдастыру.
Климатты және Жердің озон қабатын қорғау мынадай принциптерге негізделеді:
1) климаттың өзгеруінің (жаһандық өзгеруді қоса алғанда) және Жердің озон қабатының тозуының орны толмас салдарларын болдырмау, бәсеңсіту;
2) атмосфераға парниктік газдарды және озонды бұзатын заттарды шығаруды мемлекеттік реттеудің міндеттілігі;
3) климаттың өзгеруі және Жердің озон қабатының тозуы туралы ақпараттың жариялылығы, толықтығы және дұрыстығы;
4) климатты және Жердің озон қабатын қорғау әдісінің ғылыми негізділігі, жүйелілігі және кешенділігі.
Климатты және Жердің озон қабатын қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және өзге де мемлекеттік органдар парниктік газдардың атмосфераға шығарылуын және озонды бұзатын заттардың тұтынылуын азайту жөніндегі іс-шараларды, парниктік газдар шығарындыларының мониторингі деректерін, парниктік газдар шығарындыларын және озонды бұзатын заттардың тұтынылуын бақылау нәтижелерін ескере отырып, климатты және Жердің озон қабатын қорғау жөніндегі тиісті мемлекеттік, салалық және жергілікті атқарушы органдармен келісілген өңірлік нысаналы бағдарламалар мен іс-шаралар әзірлейді.
Климатты және Жердің озон қабатын қорғау бағдарламаларының жобалары климаттың өзгеруінің (жаһандық өзгеруді қоса алғанда) және Жердің озон қабатының тозуының салдарларын болдырмау және бәсеңсіту жөніндегі іс-шараларды жоспарлау мен жүзеге асыру кезінде азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарын ескеру мақсатында олардың талқылауына ұсынылуы мүмкін.
ҚР ЭК-нің 313-бабы «Парниктік газдардың шекті жол берілетін шығарындылары және озонды бұзатын заттардың тұтынылуын регламенттеу» деп аталады. Парниктік газдардың шығарындыларын және озонды бұзатын заттардың тұтынылуын мемлекеттік реттеу мақсатында парниктік газдардың шекті жол берілетін шығарындыларының және озонды бұзатын заттарды тұтынудың лимиттері (квоталары) белгіленеді. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган парниктік газдар шығарындылары көздерінің жекелеген түрлері үшін парниктік газдардың шекті жол берілетін шығарындыларын белгілейді. Озон бұзатын заттарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.
Озонды бұзатын және құрамында олардың өнімдері бар заттардың импорты, экспорты, озонды бұзатын заттар пайдалана отырып жүргізілетін жұмыстар, құрамында озонды бұзатын заттар бар жабдықтарды жөндеу, монтаждау, оларға қызмет көрсету шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлері болып табылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.
Қалалық және өзге де қоныстарды салу кезінде шаруашылық және өзге де қызмет объектілерін жобалау, орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалану парниктік газдар шығарындыларының азайтылуы және оларды сіңіргіштердің абсорбциялау деңгейінің сақталуы ескеріле отырып жүзеге асырылуға тиіс.
Атмосфераға парниктік газдар шығарындыларының көздері бар және озонды бұзатын заттарды тұтынуды жүзеге асыратын заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік есепке алынуға тиіс.
Тиісті аумақтарда климатты және Жердің озон қабатын қорғау саласындағы статистикалық байқауды белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік статистика органдарымен келісім бойынша айқындайды.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес реттелетін озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастрын әзірлеуді ұйымдастырады.
Озонды бұзатын заттарды әкелуді және тұтынуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастрын әзірлеу үшін жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың екінші тоқсанынан кешіктірмей, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға озонды бұзатын заттардың жылдық тұтынылуы туралы деректерді табыс етеді.
Озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастрының деректері ашық болып табылады және жариялануға жатады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган парниктік газдардың мемлекеттік кадастрын әзірлеу үшін парниктік газдардың эмиссиясы мен сіңірілуіне жыл сайынғы мемлекеттік түгендеу жүргізуді ұйымдастырады.
Парниктік газдардың көздері мен сіңірушілері бар заңды тұлғалар парниктік газдардың эмиссиясы мен сіңірілуіне түгендеу жүргізу үшін жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың екінші тоқсанынан кешіктірмей, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға парниктік газдарға түгендеу жүргізу және мемлекеттік кадастрын жасау үшін бастапқы ақпаратты табыс етеді.
Парниктік газдардың мемлекеттік кадастрының деректері ашық болып табылады және жариялануға жатады.
3. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау:
1) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығаруға және оған зиянды физикалық әсер етуге рұқсаттармен белгiленген талаптарды;
2) атмосфералық ауаны қорғаудың, оның iшiнде атмосфералық ауаны қорғауға өндiрiстiк бақылау жүргiзудiң стандарттарын, нормативтерiн, ережелерiн және өзге де талаптарын;
3) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын тұрақты көздерi бар объектiлердiң санитариялық-қорғаныш аймақтарының режимiн;
4) атмосфералық ауаны қорғау бағдарламаларының орындалуын;
5) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарының өзге де талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге тиiс.
Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылауды атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын және зиянды физикалық әсер ететiн көздерi бар заңды тұлғалар жүзеге асырады.
Атмосфералық ауаны қорғаудың жай-күйiне өндiрiстiк бақылауды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның куәлiгi бар аттестатталған зертханалар жүргiзедi.
Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын көздерi бар заңды тұлғалар атмосфералық ауаны қорғауды, оның сапасын бақылауды Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарына сәйкес жүзеге асыруға тиiс.
Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылауды жүргiзуге жауапты тұлғалар туралы мәлiметтер, сондай-ақ атмосфералық ауаны қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылаудың нәтижелерi Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының аумақтық бөлiмшелерiне және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына табыс етiлiп отырады.
Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы мемлекеттiк инспекторларының құқықтары:
1) меншiк нысандары мен бағыныстылығына қарамастан, ұйымдар мен басқа да объектiлерге (оның iшiнде белгiленген тәртiппен әскери және қорғаныс объектiлерiне) кедергiсiз (қызметтiк куәлiктерiн көрсете отырып) кiруге, атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға қажетті құжаттаманы, талдаулардың нәтижелері мен өзге де материалдарды танысу үшін сұратып және тегін алуға;
2) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығарудың белгiленген нормативтерiнiң сақталуын және тазалау құрылыстарының жұмысын, осындай шығарындыларды бақылау құралдарын тексеруге;
3) атмосфералық ауаны қорғау мен сауықтыру жөнiндегi жоспарлар мен iс-шаралардың орындалуын, атмосфералық ауаны қорғау туралы заңдар талаптарының сақталуын тексеруге;
4) табиғи ресурстарды пайдалануға лицензияларда белгiленген талаптардың сақталуын және атмосфералық ауаны қорғау саласындағы жекелеген қызмет түрлерiнiң жүзеге асырылуын, табиғат пайдалануға жасалған шарттар (келiсiм-шарттар) мен берiлген рұқсаттардың орындалуын тексеруге, белгiленген тәртiппен олардың күшiн жоюға, олардың күшiн жою туралы нұсқамалар беруге немесе ұсыныстар енгiзуге;
5) атмосфералық ауаға зиянды физикалық әсер етудiң белгiленген нормативтерiнiң сақталуын тексеруге;
6) мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу туралы ұсыныстар енгiзуге және оның қорытындыларының орындалуын тексеруге;
7) экологиялық қауiптi жүктердi (бұйымдарды), қалдықтар мен шикiзат ресурстарын Қазақстан Республикасының аумағына атмосфералық ауа сапасының нормативтерiн бұза отырып әкелудiң (әкетудiң) жүзеге асырылуына, сондай-ақ олардың транзитiне (одан әрi тасымалдануына) тыйым салу туралы нұсқама шығаруға;
8) сот органдарына Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарын бұзып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметтi тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы талап арыз беруге;
9) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қарауға, тиiстi органдарға атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдардың бұзылуына кiнәлi адамдарды әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы материалдарды жiберуге;
10) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуына және оған зиянды физикалық әсер етуге рұқсаттардың қолданылуын үш айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға, егер мұндай рұқсаттардың талаптары сақталмаса, тиiстi құқықтық рәсiмдi қолдана отырып, олардың күшiн жоюға, бұл жағдайда рұқсат иесiне алдағы уақытта оның күшi жойылатыны туралы алдын ала хабарланады;
11) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарын бұзу салдарынан келтiрiлген зиян мөлшерiн анықтауға (анықтауға қатысуға) және соның негiзiнде кiнәлi тұлғалардан осы зиянды өз еркiмен өтеудi талап етуге не сотқа талап қоюға;
12) тұрақты және жылжымалы көздер, оның iшiнде көлiк құралдары жүзеге асыратын атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуын өлшеу iсiн жүргiзуге;
13) тиiстi қаржы-кредит ұйымдарына экологиялық талаптарды бұзып немесе экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызмет объектiлерiн салу мен пайдалануды қаржыландыруды тоқтату туралы нұсқамалар енгiзуге;
14) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы өндiрiстiк бақылау нормалары мен ережелерiнiң сақталуын тексеруге;
15) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарының бұзылуын жою туралы жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi нұсқамалар шығаруға құқығы бар.
Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының мемлекеттiк инспекторларының міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарында белгiленген әзiрлiк деңгейiнде болуға;
2) қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыруға;
3) тиiстi аумақта атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығарудың белгiленген нормативтерiнiң, сондай-ақ атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығаруға және оған зиянды физикалық әсер етуге рұқсаттарда көзделген басқа да талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
4) мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындыларының орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
5) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыру кезiнде азаматтармен және қоғамдық табиғат қорғау ұйымдарымен өзара iс-қимыл жасауға;
6) қоршаған табиғи ортаға атмосфералық ауаны ластау арқылы келтiрiлген зиянды өтеудiң мөлшерiн негiздеуге;
7) мемлекеттiк органдарға атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарды бұзу фактiлерi туралы өз құзыретi шегiнде хабарлап отыруға;
8) атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдардың бұзылғандығы туралы материалдарды дайындауға және құқық қорғау органдарына жiберуге;
9) атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу кезiнде ұйымдарға жәрдем көрсетуге;
10) ұйымдарға Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган тiзбесiн белгiлейтiн нормативтердi әзiрлеу жөнiнде құжаттама беруге мiндеттi.
Атмосфераға парниктік газдарды және озонды бұзатын заттар шығарындыларының көздері бар заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен парниктік газдардың және озонды бұзатын заттардың шығарындыларына жыл сайынғы түгендеу жүргізу жолымен өндірістік бақылауды жүзеге асырады.
Экологиялық қызметтерді ұйымдастыру туралы және парниктік газдар мен озонды бұзатын заттарға өндірістік бақылау жүргізуге жауапты тұлғалар туралы мәліметтер, сондай-ақ парниктік газдарды және озон бұзатын заттарды түгендеу нәтижелері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға табыс етіледі.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары: