64. ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстандағы мәдени шаралар. Республикада алғашқылардың бірі болып ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту және насихаттау ісімен айналысқан Түркістан өлкесіндегі «Талап» қоғамы. Басқарманыңқұрылтайшысы және жетекшілері жазушы М.Әуезов, этнограф Ә.Диваев, профессорлар Х.Досмұхамедов, А.Шмидт, Н. Архангельский, М. Тынышпаев, М. Есболов, И. Тоқтыбаев, Қ. Тыныстановтар болды. Қоғам Жарғысының жобасын Түркістан ағарту ісі жөніндегі халық комиссариаты мемлекеттік ғалымдар кеңесі бекітті. 1923 жылы 4 желтоқсандағы «Талап» қоғамының мақсаты мен қызмет шеңбері төмендегідей болды:
· қазақ әдеби тілінің, терминологиясы мен орфографиясы, т.б. мәселелерін қарастыру;
· ұлттық өнерді зерттеу;
· қазақ халқының тарихы мен тұрмысын зерттеу;
· қазақ мектептерінде оқыту мәселелерін қарастыру;
· қазақ ғылыми қызметкерлері мен қазақ өнері қайраткерлеріне көмек көрсету.
Қоғам құрамына А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М Дулатұлы, Қ.Кемеңгеров, т.б. енді.
Осы кезеңде жаңа кеңестік әдебиет қалыптаса бастайды. Оның Қазақстандағы өкілдері С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Ізтөлин жөнө т.б. болды. Олардың шығармашылығы айқын социалистік реализм және пролетарлық интернационализм ұстанымына негізделді.1925 жылғы 18 мамырда Қазақстанда Пролетар-шаруа жазушылардың Қазақ ассоциациясы (ҚазАПП) құрылды. ҚазАПП жаңа социалистікәдебиет жасау ісін қолға алды.Мәдениеттегі кез келген құбылыс таптық, пролетарлық күрес тұрғысынан бағаланды. Халық шығармашылығының көптеген түрлері, мысалы, «Едіге», «Қобыланды батыр» реакцияшыл, ұлтшылдық көзқарастағы шығарма деп жарияланды. А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы қуғынға ұшырады. Абай шығармалары талқылауға түсті.Басқа жанрлардың арасында бірінші орынға саяси лирика шығарылды. Кеңестік жарқын шындықты жабырқау өткен өмірмен салыстыру тәсілі кең қолданысқа енді. ҚазАПП қызметінде қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті дәстүрлерін жоққа шығару көзқарасы барған сайын белең ала бастады.Қазақ көркем әдебиетіндегі осы екі ағым арасында 1922—1923 жылдары, содан соң 1926-1928 жылдары қызу пікірталас болып өтті. 20-жылдардың ортасы мен соңында қазақ әдебиетіне Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Орманов секілді талантты жастар келіп, кеңес адамдарының — ауыл және қала еңбеккерлерінің бейнесін жасады. Қазақ кеңес ақын-жазушыларының шығармашылығында В.И.Ленин бейнесі жеке тақырыпқа айналды. 1934 жылы 12—18 маусым күндері Қазақстан жазушыларының I съезі өтіп, онда идеялық тәрбие жүргізудегі қуатты құрал кеңестік әдебиет болуы керек екендігі баса айтылды.Қазақ кеңес әдебиеті фольклор дәстүріне сүйенді. Мәселен, Жамбыл Жабаев (1846—1945 жылдары) шығармаларында ел өмірінің айтулы оқиғалары көрініс тапты. Жаңа өмір мен кеңес адамдарын ақын Нүрпейіс Байғанин (1860—1945 жылдары) өзінің эпостық жырларына арқау етті.Иса Байзақов (1900—1946 жылдары) шығармашылығы нағыз халықтық мәнге ие болды.20—30-жылдар қазақ кеңес әдебиетінде проза, драматургия және әдеби сын сияқты жаңа жанрлар дамыған кезең болды. І.Жансүгіров«Жолдастар» романын жазды, С.Мұқанов «Байдың ұлы», «Достар», «Ботагөз» романдарын тудырды. Қазақ драматургиясын дамытуда Мұхтар Әуезовтің рөлі зор. Қазақ театр өнерінің дамуы оның есімімен тығыз байланысты.Ресми билік құптаған негізгі тақырып — кеңестік қоғамның құрылуы және дамуы, қазақтардың туған өлкесін түлетуге қосқан үлесі, жергілікті халықтың социалистік еңбектегі ерлігі, т.б. болып саналды. 1934 жылы республикада Қазақ әдебиеті баспасы ашылды. Баспадан социалистік реализм рухындағы әр түрлі жанрдағы шығармалар жарық көре бастады. Бұл кезде Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері — И.Шухов, П.Кузнецов, Г.Шарипов, т.б. жазушылар көпшілікке танылды. Д.Снегиннің «Шығыстан соққан жел», «Жетісу» жөне «Менің қалам» атты жинақтары жарық көрді. Латиф Ансари жас ұйғыр ақындарының «Таңғы сәуле» атты өлеңдер жинағын құрастырды.Сонымен бірге Коммунистік партия тарапынан идеологиялық бақылаудың күшеюіне байланысты көптеген әдебиет өкілдері қудалауға түсе бастады. 1937—1938 жылдардағы қуғын-сүргін барысында қазақ әдебиеті өзінің бетке ұстар өкілдерінен айырылды Қазақ әдебиетінің ұлттық ағымының өкілдері — Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердіұлы, Ө.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, т.б. қуғын-сүргінге ұшырады. Осы жылдары қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілдері — С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, т.б. да қудаланған болатын. Саяси қуғын-сүргін қазақ әдебиеті мен тілінің дамуына айтарлықтай зиянын тигізді.
65. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске Қазақстанның қосқан үлесі. Соғыс жылдары Қазақстан жерінде 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық әртүрлі полктер, батальондар құрылып, майданға аттанады.
Жауынгерлері жаумен жан аямай шайқасқан қазақстандық бес әскери құрамға «гвардиялық» деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына бірнеше ордендер қадалды. Олардың қатарында жауынгерлерінің ерлігі аңызға айналған атақты 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы да бар.
Соғыс кезінде 3,5 мыңдай қазақстандықтар партизан отрядтарының құрамында болып, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.
Жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін 96638 қазақстандық жауынгер бірнеше дүркіннен орден және медальдармен наградталды. 497 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың 97-сі қазақ болатын. 142 жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері болды.
Соғыстың 4 жылы ішінде Қазақстан мемлекетке 482,8 мың тонна астық, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көкөніс, 1193,2 мың тонна қант қызылшасын, 155,3 мың тонна мақта тапсырды.
Қазақстан еңбекшілері майданға 25 миллион дана жылы киім, Отан қорғау қорына 4 миллиард сомнан астам қаражат берді.
Ұлы Отан соғысына барлығы 35 миллион адам қатынасты, Орта Азия республикаларынан соғысқа 3 миллионға жуық адам қатысса, соның 1 миллион 366 мыңы қазақстандықтар екен.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарулы Күштерде 4 орталық, 19 майдандық және флоттық, 103 армиялық газет, ұлттар тілінде 50 газет шығып тұрды. Сол сұрапыл ауыр жылдарда қазақ тілінде 10 майдандық, 3 дивизиялық, 1 округтік газет жарық көрген. Олар: «Қызыл әскер ақиқаты», «Қызыл Армия», «Жауға қарсы аттан», «Отан үшін алға», «Дабыл» және т.б.
Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды... Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен...
Фашистік Германия тізе бүкті... Бірақ сол сұм соғыс өзімен бірге 10 миллионнан астам немістің өмірін алып кетті. Оны жеңген Кеңестер Одағы 27 миллион адамның өмірін берді. Талай ғасырлар бойы жасалған материалдық және мәдени қазынаны құртты. Міне, соғыстың әкелген қасіреті. Сондықтан адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек. 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Әрине, жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға 1,3 миллион ұл мен қыз аттаныпты. Бәрі де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аңызға айнала оралды Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды. Халық жадында сапында 30 ұлттың өкілі бар (бұлардың 3 мыңдайы қазақстандықтар) Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі сақталмақ. Қазақстан жерінде жасақталған И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия Москваны қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Панфиловшылардың ішінде шын мәнінде болаттай беріктік пен ер жүректілік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да бар еді Өжеттік пен ерлікке бару кездейсоқтық емес. Отаны мен артында қалған елінің алдында жауынгерлік борышты өтеуде болаттай берік тәртіпке бойұсыну еді. Алматыда жасақталған генерал-майор И.Панфилов атындағы сегізінші қазақстандық гвардияшы атқыштар дивизиясы Кеңес Одағының астанасы – Москваны қорғау күндерінде Ұлы Отан соғысының тарихына мәңгі өшпейтін ерлік беттерін жазды. Москваны қайсарлықпен қорғаған 28 панфиловшы батырларды халқы ғұмыр бойы құрметтеп есте сақтайды. Қазақстандық жауынгерлер рейхстагқа шабуыл жасауға қатысты, оның шаңырағына Жеңіс туын алғашқы болып қазақ халқының даңқты ұлы Рақымжан Қошқарбаев қадады Ұлы Отан соғысының шежіресіне Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, Мәлік Ғабдуллиннің, Бауыржан Момышұлы мен Талғат Бигельдиновтың және көптеген жерлестеріміздің аттары алтын әріптермен жазылды.Севастополь үшін шайқаста Кеңес Одағының батыры Дабаш Бабажанов айрықша көзге түсті. Оның ерлігі батыр қаланы қорғау үшін болған қырғын-қиямет соғыс бейнеленген панорамаға түсірілген. Николай Гастеллоның ерлігін қайталаған Нүркен Әбдіров, Александр Матросовтың ерлігін қайталаған Сұлтан Баймағамбетовтың, жау “жолбарысына” қас қақпай қарсы шауып, гранатамен қоса жарылған Қарсыбай Сыпатаевтың есімдерін мақтанышпен атайды. Бұлардың бәріне Кеңес Одағының батыры атағы берілген. Кеңес Одағының Батыры атағын екі реттен алған, даңқты сұңқарларымыз Талғат Бигелдиновтың, Сергей Луганскийдің, Леонид Беданың және Иван Павловтың ерліктері халқымыздың мәңгі есінде. Белорусс ормандарында Әди Шәріповтың басқаруындағы партизан отрядтары жауға қарсы шайқасты. Украин жерінде Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған батыры С.Ковпактың партизандық бірлестігінде Қасым Қайсеновтың отряды болған еді.Біз 900 күн қоршауда қалған ленинградтықтардың рухын көтеріп, қажырын жаныған Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өренім» атты жалынды жырын жадымызда ұстаймызРеспублика ұлы жеңіс үшін орасан үлес қосты. Қазақстан майданға қорғасынның 85 пайызын, мыстың 30 пайызын, көмір мен мұнайдың барлығын өндірді. Сол ауыр жылдарда еліміз майданға 6 миллион тонна бидай, 797 мың тонна ет, 150 мың мініс жылқысын берді. Сондай ақ, республикамыз 4 миллиард сом ақша жинап, әскери техникалар мен қару-жарақтар сатып әперді.Соғыстың қысылтаяң кезеңінде емшектегі баласын жөргекке орай салып, кәсіпорын, колхоз бен совхоз жұмысына таң сәріден жүгіріп, түн ортасында қайтқан олардың жарлары мен аяулы ата-анасын, туыстарын, «өзім жемесем жемейін, өзім ішпесем ішпейін, бәрі де солар үшін, бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін болсын!» деген игі ниетті асыл сезімін кім есінен шығара алады. Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында майданда да, тылда да есі жаңа кіріп келе жатқан жас баладан бастап, жасы жүзге келген Жамбылға дейін отандастарымыз жауға қарсы майданға жаппай қатысты. Қазақстандықтар Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласын туған жеріндей жанқиярлықпен қорғады, Сталинград (қазіргі Волгоград) түбінде, Украинаны, Белоруссияны, Прибалтиканы, Молдавияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысты. Ленинград қаласына қауіп төнгенде Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өренім» атты жүрек жарды, жалынды жырын майдандағы «жүзі басқа болғанмен жүрегі бір, тілі басқа болғанмен тілегі бір» жауынгер балаларына жолдады. Кейіннен қаланы қорғаушы жауынгерлердің бірі: «Бұл сәлемді көзге жас, көңілге қуаныш толы сезіммен оқымауға болмайды... Біз күшімізді еселей түсіп ұрысқа аттандық»,-деп еске алды. Қазақстандықтар Варшаваны, Софияны, Белградты, Праганы азат етушілердің қатарында болды. 15 қазақстандық бригада негізінде құрылған 150-Идриск атқыштар дивизиясы жауынгерлері «ұялы қасқырдың» ордасы Берлинге шабуыл жасады, Рейхстагтың күмбезіне жеңіс туын тігуге қатысты. Алқызыл туды биікке көтеріп, алғаш болып жеңіс дабылын қаққандардың қатарында қазақ Рахымжан Қошқарбаев болды.Ұлы Жеңіске жау тылында ел кегін, ер намысын қорғаған партизан жасақтары да үлес қосты. Зерттеулер бойынша Белоруссия мен Украина ормандарының партизан отрядтарында 3 мыңнан аса қазақтар шайқасқан. Партизан отрядтарына командир, комиссар болған, есімдері ел аузында аңызға айналып, кейінгі ұрпаққа жеткен Әди Шәріпов, Қасым Қайсенов, Жұмағали Саин есімдері көзі қарақты көпшілікке мәлім.Қазақстандықтар қанішер жаумен қасық қанын аямай осылай шайқасты. Олардың бәрін ортақ іске, жеңіске, отанына деген сезім біріктірді. Дүниежүзін шарпыған жиһандық соғыс қазақ халқының батыр ұлт екенін баршаға мәлімдеді. «Правда» газетінің бетінде 1941 жылы қазан айында «Қазақтар» деген мақала жаияланды. Бұл Мәскеуді қорғаған 8-гвардиялық Панфилов атындағы дивизия туралы еді. Осы бір жеңіс күндері көрнекті совет жазушысы И.Эренбургтың 1942 жылы жазған «Қазақтар» деген мақаласында: «Бір фриц маған: «Біз жойқын күші бар қаһарман солдаттармен беттестік, оларды алған бетінен тіпті ешқандай оқ та, өрт те тоқтата алмады. Олар тура бізге қарай дауылдай дүркіреп жүгіріп келе жатты. Мен бұлардың қазақ деген халық екенін естідім. Бұрын мұндай халық бар екенін естімеп едім...» деді. Фрицтер көп нәрсені білмеуші еді. Оларға Ресейдің үлкен екенін ғана айтып, ал ол елде көптеген халық тұратынын айтпаған.Шығыстың кең даласында ежелден қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында көндіккен ержүрек адамдар тұрады. Бұл елдің ақындары Қазақстанның даңқты батырларыжайлы сыр шертеді. Ал бұл елдің батырлары ең алдымен арын ардақтаған. Ер Тарғын алты кез алдаспаннан қолына алып, алты мың жауға жалғыз өзі қарсы шабуылға шығып тұрып: «Маған бәрінен де арым қымбат!» деп айғай салған!...