XVIIІ ғасырдың басында патшалық Россия қазақ даласында әскери бекіністерді салу арқылы өзінің әскери – отаршылдық әрекеттерін бастады. Қазақ даласы Россияны шығыс мемлекеттерімен жалғастыратын көпір іспетті еді. Қазақ даласы арқылы Европа елдерінен шығыстағы едердерге және одан кері қарай құрлықпен және сумен ең төте ежелгі сауда жолдары өтетін. Осы жолдармен Россиядан Орта Азияға, Ауғанистанға, Персияға, Қытайға, Үндістанға және басқа Шығыс елдеріне баруға болатын еді.
Орыс патшасы I Петр бұл елдермен экономикалық және саяси байланыс орнатып, оны дамыту үшін алдымен Қазақстан және Орта Азия елдерін Россияға қосып алу керек деп есептеді. Осы мақсатта қазақ жеріне бірнеше экспедиция жіберілді.
Швед флотымен теңізге шайқасқа әзірленіп жатқан корабльдермен Кронштадта жүрген I Петр 1714 жылғы 22 мамырда «Святая Наталья» галерасында Иван Дмитриевич басқаруындағы экспедицияны жабдықтау туралы жарлыққа жеке өзі қол қойды. 1715 жылдың шілдесінде, өз құрамында 2797 адамнан тұратын И.Д. Бухгольц отряды жорыққа шықты.1715 жылғы бірінші қазанда И.Д. Бухгольцтің экспедициясы Ямышев көліне жетті, сол жерде Ямышевск деп аталатын бекініс салды.
Жоңғарлар қоршау кезінде (3-ай) қиратып тастаған Ямышевск бекінісінен қайтып келе жатып, Бухцольцтің отряды Ом өзенінің сағасына жетті және көптен күткен қосымша күшін алып, 1716 жылғы 20 мамырда Омбы бекінісінің негізін қалады.
Бухгольц Петербурге кеткеннен кейін толық қожайын болып алып, енді өз қалауы бойынша әрекет етуге уәкілдік алған Сібірдің бірінші губернаторы М.П. Гагарин Ертіс бойында жаңа бекіністер тұрғызу үшін воевода Павел Северский мен Василий Чередовты жібереді. 1717 жылдың жазында П. Северскийдің отряды – Железинск, В. Чередовтың отряды – Қолбасин бекіністерін салды. В.Чередов одан әрі жүріп, жаңа бекініс- Семипалатинск (Семей) бекінісін 1718 жылы салды.
Көп кешікпей патшаның өз өкімімен майор И.М.Лихарев басқаратын тағы бір әскери команда дайындалды, оған көлді (Зайсан) толығырақ зерттеу, сондай-ақ оған И.Д.Бухгольңтің экспедициясының сәтсіздікке ұшырауының егыжей-тегжейін білу тапсырылды.
Экспедицияның келе жатқан жолын үздіксіз қадағалап отырған жоңғарлар И.М.Лихаревтің солдаттарына оқ атып, оларды шегінуге, мәжбүр етті, сөйтіп шегінуге мәжбүр болған И.М.Лихарев қайтар жолында 1720 жылы Өскемен бекінісін салды. Нақты сол жылы тағы да бірнеше бекініс - Черноморецк, Черноярск, Верблюжск, Осморыжск, Убинск, Семиярск форттарын салып, 3 әскери- саяси шеп-Сібір, Ертіс және Колыван шептері үшін негіз қалады.
Абакан Острогімен (1707 ж.), Бикатун бекінісімен (1709 ж.) қатар, жақсы машықтандырылған гарнизондары, зеңбіректері көп, стратегиялық жағынан орналасқан жері қолайлы бұл бекіністер жергілікті тұрғындарды құнарсыз жерлерге ығыстырып, Ертіс өзендерінің аралығын Россия иелігіне бекітуді, өзін казак қоныстары арқылы қауіпсіздендіріп, отарлау тірегіне айналдыруды қамтамасыз етті.
XVIII ғасырдың орта шенінде патша үкіметі бүкіл елде, оның ішінде Еділ бойы, Орал, Сібір мен Қазақстан өңірінде әскери бекіністердің ескі шептерінің жарақталуын жақсартуға және жаңа шептер салуға кірісті. Осы кезде оң жағалауда Жайық казактарының күшімен 14 қамал: Переволоцк, Чернорегенск, Татищев, Нижнеозерная, Расыпная, Елек қалашығы, Жайық, Сахарная, Калмыкова, Көш-Жайық, Кулагина, Тополев, Бақсай, Гурьев қамалдары салынды. 1769 жылдың қарсаңында Жайық шебі бойында гарнизон әскерлері бар, семьяларымен қоса қазақтар мен қоныс аударған шаруалар бар 15000-ға жуық адам тұрды.
1734 жылы Жоғарғы Жайық шебінің негізі қаланды. XVIII ғ. 30-40-шы жылдары Жоғарғы Жайық қамалынан Звериноголовск қамалына дейін 770 шақырымға созылған үй шебін құру аяқталды.
1752 жылы 9 қамал мен 53 редуттан тұратын әскери бекіністердің Ново-Ишим шебін салу аяқталды. Бұл шеп 540 шақырымға созылған Уйск шебін Ертіс шебімен жалғастырды. Ново-Ишим шебінде 2518 башқұрт, 2 драгун полкі, 800 казак, тұрақты әскерлердің, эскадроны болды.
XVIII ғ. 50-ші жылдарында ұзындығы 930 шақырым Ертіс шебін (Семей, Омбы, Железинск, Петропавл, Өскемен, Ямышев қалалары) салу аяқталды.
Сөйтіп, қазақ даласы әскери бекіністер шебімен біртендеп қамту патша үкіметінің отарлауына кең мүмкіндіктер ашты. Әскери бекіністер шебінің бойында орыс, қалмақ, башқұрт халқы тез көбейді, казак станицалары мен шаруа слободалары пайда болды.