Қолыма ақ қағазбен алдым қалам,
Болашақ жазымышты көреді адам.
Оқ тиді апрельдің екісінде,
Екі аяқ бір басуға келмей қадам.
Құладым қалың қарға есім ауып,
Аққан қан үсті басты кетті жауып.
Жан қалу деген ойда сірә да жоқ,
Снаряд түсіп жатыр қарша жауып.
Боялған қызыл қанға жапан дала,
Жаныма қатты батты мына жара.
Жаралыны алуға қам жасаумен,
Күтіп тұр сайлау жерде ат пен шана.
Сол кезде келді біреу шана жегіп,
Бұрылды анадайдан мені көріп.
«Нұғманов, сенде сондай болдың ба?» деп,
Көзінен қоя берді жасын төгіп.
Мен айттым жыламаңыз бекер жасып,
Күн болар жүретұғын аяқ басып.
Санбатқа алып барып тастайды да,
Походқа жүріп кетті амандасып.
Сәлем де жазған хатпен ағайынға,
Жатырмын госпитальдың сарайында.
Жарадан баса алмаймын екі аяқты,
Емес-ау шіркін көңіл тағайынды.
Жазушы осы өлеңді атым Нұржан,
Оқырсың ашық түрде Тоқпай, Нұрман.
Әр нені ойлап ешқашан қапаланба,
Күнде туар құратын сауық-сайран.

ШАХАН МУСИН
(1913–1999)
Ақын, актер Мусин Шахан Әлімханұлы 1913 жылдың 27 желтоқсанында қазіргі Павлодар облысы, Май ауданы, Үлкен Ақжар ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық артисі (1966).
1930 жылы Алматы ауыл шаруашылық институтында оқыған. 1931 – 32 жылдары Семей облысының Бесқарағай ауданы атқару комитетінде хатшылық қызмет атқарған. Актерлік жолын 1934 жылы Семей облысы қазақ драма театрында (қазіргі Семей қазақ музыкалы драма театры) бастаған. Мусин – осы театрдың іргетасын қалаушылардың бірі.
Ол саяси қуғын-сүргін азабын тарта жүріп (Колымада, 1937 – 46; Сібірде, 1948 – 54) көптеген өлеңдер жазды. Ш.Мусиннің айдауда жүріп жазған бірнеше өлеңі «Сөнбеген сенім» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінде (16 қазан, 1987 жылы) жарияланған.
1999 жылдың 26 желтоқсанында Алматы қаласында дүниеден өткен.
ТҮРМЕ ТҮНДЕРІ
***
Түрме түні түнере,
Өңменіме төнуде.
Төнген сайын үдере
Ойдан ойлар өруде.
Үнімді ұрлап жасырын,
Түкпіріне көмуде.
Түңілген жан асылын
Көмуге де көнуде.
Күдігі көп көңілдің,
Нұры сөйтіп сөнуде.
Күдерін үзген өмірдің
Көбі солай өлуде.
Жоқ! Мен өлмен, өлмеймін,
Арманымда сенім бар.
Түтіксем, тасқын селдеймін,
Арқамда туған елім бар!
***
Ұлылығын халқымның,
Азасынан таныдым.
Ызасына талқының
Төзімімді жаныдым.
Еркін сатқан бас ұрып
Емес едім «белсенді».
Төзген сайын ашынып,
Көтере түстім еңсемді.
Өршісін өрт, төнсін дерт,
Батсын дүре жаныма,
Болсам да мерт, бердім серт,
Жаным құрбан жолыңа!
***
Түрме күңгірт,
Түн де жым-жырт,
Уақыт демі тынғандай.
Түнерген бұлт,
Түңілген жұрт,
Сенім сағы сынғандай.
***
Бүгін, міне, түн жамылған мен-дағы,
Бір ұлыңмын «халық жауы» атанған.
Сұрап едім: «Менен басқа кім тағы
Тура қарап төрден теріс «бата» алған?»
Жазықсызда көп болыпты кезінде,
Кезеңнің бір ережесін аттаған.
Тұра жүріп уағдалы серт сөзінде,
Ар-намысын, елін-жұртын сатпаған.
Мен түнеген түрме жым-жырт моладай,
Дүниені бір дүлей күш басқандай.
Адам түгіл, аруағың да жоламай,
Ағараңдап әлдеқайда қашқандай.
Әділеттің үні ғана түн кезіп,
Жақындағы жардан лебіз бергендей.
Жан лепіріп, жас тыйылып, мұң безіп,
Айналамды керемет күш кергендей.
Жаңғырығы, қыры-сыры көбейген,
Жалғыз үннің жарықшақсыз дыбысы
Жанға медеу, дәтке демеу, көңілге ем,
Тыңдай білсем, кеңейгендей тынысым.
***
Түсіну үшін бар сырды
Керегі жоқ көп сөздің.
Лебізін күтіп «тақсырдың»,
Түн күзеттім, көп төздім.
Жылдар бойы табынып,
Пір тұтып ем тұлғаңды.
Сөйткен тұлғаң малынып,
Ел қанына былғанды.
***
Тал түсте таласаң да табысымды,
Аяусыз атсаң-дағы арысымды,
Апыр-ай, айуан емес, адамсың ғой,
Теппеші менің ұлттық намысымды.
КОЛЫМА
Барса келмес қиыр шет,
Колыма, дүлей Колыма!
Дүлей деппін, ғафу ет,
Сен емессің, налыма.
Менің кінәм – қайдағы,
Қайғысы еді халқымның.
Сенің кінәң – сайдағы
Ат басындай алтының.
Алтыныңды мықшыңдап,
Жазықсыздар қазармыз.
Қаза жүріп, «күш шыңдап»,
Ашығып, жүдеп, азармыз.
Үскіріп сары аязың,
Үсінерміз, көнерміз.
Қазысып көрдің таязын,
Көне алмасақ, өлерміз.
Дүреден ұшып үрейлер,
Көре алмай өттік жаз айын...
Дүрелеген дүлейлер
Тарта жатар сазайын.
Менің анам Арқада,
Сен де өгей емессің.
Шөгіп қалсам, арқала,
Сен дұшпаным демессің.
Болсаң-дағы мұз зындан,
Қараңғы сыз көрдейін,
Пана берші құзыңнан,
Жазықсыз ем, өлмейін.
Маңдайымнан сен сипа,
Сен сипашы, Колыма,
Болар ма екен аз шипа
Бір шыбындай жаныма.
Қиыр шығыс, алыс шет,
Өкіл ана – Колыма,
Кінәсіз ем, ғафу ет,
Сен де өкінбе, налыма!
***
Әділетсіз құлдық күнге, сірә, мұндай
Көнгеннен отқа өртеніп өлген оңай.
Мен емен жалбарынып, жалынатын,
Мақсатсыз, мәнсіз өмір, сені қимай.
***
Жалыныңмен мұз еріткен,
Қайда отты күндерің?..
Енді еңіреп мұң шерткен
Қалды ма құр сүлдерің?!
***
Азап пен ащы азаға,
Ашынушы еді жанымыз.
Қорлықтан туған қазаға,
Қараюшы еді қанымыз.
Ал аяқ-қол, егерде,
Үсісе құрт жейді екен.
Дәрігер мұны лагерьде
Гангрена дейді екен.
Дәрісіз я бір дерексіз,
Болмай жәрдем ерекше,
Аяқ-қолды еріксіз
Кеседі екен терекше.
Енді ажалмен бетпе-бет,
Арпалысып жекпе-жек,
Домаланып, дөңбекшіп,
Қала берді сорлы зэк.
ГУЛАГ
Ажал тулап, оқ зулап,
Өлім күткен үңгір ең.
Иттер шулап, берді лап,
Күңірен, ГУЛАГ, күңірен.
УАНЫШ
Қансыраған сонау соғыс жылдары
Бірге болдық ондаған ұлт ұлдары.
Ұлы борыш еңсемізге ен салған
Азаттығы еді Ұлы Отанның мұң-зары...
Колымада жасымыз бар, кәріміз,
Таусылса да қажыр, қуат, әліміз,
Жанымыздың түкпірінде құндақтап,
Жеңіс күнін тілей жүрдік бәріміз.
Атқан күні көптен күткен таңымыз,
Қуаныштан қайнап жылы қанымыз.
Атша тулап бүкіл ГУЛАГ тойладық,
Болмаса да жарты тілім нанымыз.
БІР ЖЕНДЕТІМЕ
Қайран өмір, қиялымда тәттісің,
Әттең, сорым, кезеңің тым мазасыз.
Көлгір күлкі көрсетсе де ақ тісін,
Ақ жанымды жаралайсың жазасыз.
Сен сұрланып, жарқылдап сұм кездігің,
Күле қарап, күңірене шыққанда,
Сезді жаным, сезді дүнием, сезді күн,
Сезді мені ұқпаған да, ұққан да.
Сен шыққан соң, шөп сындырып артыңнан,
Ептеп басып, есігімді жауып ем.
Есіңнен тыс, құшағыңнан артылған
Оңаша бір бұрышымды тауып ем.
Жаздай жайлы, күндей жарық, биік, кең
Сол бұрышта өзімменен өзім ем.
Сол бұрыштан, сол бір жарық биіктен
Өзгесіз-ақ тауып едім өзіме ем.
Дертіме ем, көңілге күй, жанға азық
Сұрап алып, сыр алысып сөзіммен,
Жатқанымда оңашада құлазып,
Бұрышыма телміріп сұм көзіңмен.
Тағы келдің, тағы төндің, тағы да
Түн ішінде сықыр етті есігім.
Тағы бұздың тыныштығымызды қағына,
Тағы сынды аялаған бесігім.
***
Тағы отырмыз сүмірейіп вокзалда,
Кім? Кім қол сұқпақ құдай жазған «ақ заңға!»
Шіркін өмір, өткенің бе шынымен
Қолжаулық боп арсыздар мен арзанға?!






