1. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу мынадай жағдайларда:
1) сотқа берілген талап-арыздар мен өзге де өтініштер (шағымдар) негізінде соттың қаулысы (ұйғарымы) бойынша;
2) прокурорлық қадағалау актілеріне сәйкес заңның бұзылуы жойылғанға дейін;
2-1) «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес;
3) егер қажетті құжаттардың болмауы тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тарту үшін негіздер болып табылмаса, өтініш берушінің осы Заңның 21-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынуы үшін;
4) мемлекеттік органдардан, егер көрсетілген мән-жайлар құжаттарды тіркеуге қабылдаудан бас тарту үшін негіздер болып табылмаса, осындай органдардан шығатын құжаттарда ақпараттың болмауына немесе осы құжаттарда белгілі бір қарама-қайшылықтардың болуына байланысты түсініктемелер алу немесе қажетті ақпаратты талап ету үшін;
5) құқық белгілейтін құжаттардың негізінде белгіленетін тіркеу объектісінің және өтініште көрсетілген тіркеу объектісінің сәйкессіздігі кезінде олардың арасындағы қайшылықтарды жою үшін;
6) жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркегені үшін алым толық төленбеген кезде;
7) егер құқық белгілейтін құжаттың электрондық көшірмесі келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркегені үшін алым төленгені туралы немесе тұлғаны алым төлеуден босату туралы растау түспесе, тоқтатыла тұрады.
1-1. Электрондық тіркеу осы баптың 1-тармағының 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатыла тұрмайды.
2. Мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұру туралы шешімді тіркеуші орган мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдаған кезден бастап құжаттарды бергенге дейін, бірақ мемлекеттік тіркеу мерзімінің өтуінен кешіктірмей қабылдауы мүмкін.
3. Егер осы Заңда немесе тіркеуді тоқтата тұру туралы сот актісінде өзгеше белгіленбесе, тіркеуді тоқтата тұру үшін негіз болған мән-жайлар жойылғанға дейін, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге тіркеу тоқтатыла тұрады. Егер тіркеуді тоқтата тұру үшін негіз болған мән-жайлар бір ай ішінде жойылмаса, мемлекеттік тіркеуден бас тартылуға тиіс.
Тіркеуді тоқтата тұру туралы мәліметтер тіркеуге түсетін құжаттарды есепке алу кітабына енгізіледі.
4. Мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұрған кезде тіркеуші органның өз құзыретінің шегінде өтініш берушіден (өтініш берушінің уәкілетті өкілінен), өзге де жеке немесе заңды тұлғалардан, соның ішінде мемлекеттік органдардан, егер бұл шешім қабылдау үшін қажет болса, ақпаратты, түсіндірулерді және құжаттарды сұратуға құқығы бар.
5. Тіркеу тоқтатыла тұрған кезде тіркеуші орган өтініш берушіге (өтініш берушінің уәкілетті өкіліне) тоқтата тұрудың себептері мен мерзімдерін, құжаттың күні мен тіркеу нөмірін көрсете отырып, жазбаша хабарлама жіберуге тиіс. Хабарламада тіркеуді тоқтата тұрудың себептерін жою үшін өтініш берушінің кейінгі іс-әрекеттері және осы үшін қажетті мерзімдер көрсетілуге тиіс.
Электрондық тіркелген жағдайда тіркеуші органның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған аталған хабарлама бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге, сондай-ақ бар болған кезде – мәмілеге қатысушылардың электрондық мекенжайларына жіберіледі.
Тіркеуді тоқтата тұру туралы жазбаша хабарламаның көшірмесі және электрондық хабарламаның қағаздағы көшірмесі тіркеу ісінде сақталуға жатады.
6. Тіркеу тоқтатыла тұрған кезде өтінішті өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілі) кез келген уақытта кері қайтарып ала алады. Бұл ретте кері қайтарып алынған өтініштің басымдығы жойылады.
Ескерту. 27-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.08.28 № 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізілді), 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.04.27 № 15-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.06.21 № 19-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2014.06.10 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Бап. Құжаттардың түпнұсқалығын және оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын анықтау үшін тіркеуді тоқтата тұру
1. Мемлекеттік тіркеуді тіркеуші орган ұсынылған құжаттардың түпнұсқалығына немесе оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына күмәнданған кезде тоқтата тұрады. Осындай күмәнді жою үшін тіркеуші орган қосымша мәліметтер алу және құжаттардың түпнұсқалығын растау немесе оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығы жөнінде қажетті шаралар қабылдауға міндетті. Өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілдері) құжаттардың түпнұсқалығы мен оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына қосымша айғақтар беруге құқылы.
2. Қажет болған жағдайларда құжаттардың түпнұсқалығын және оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын анықтау үшін тіркеуші орган құжаттарды сараптама жүргізуге жіберуі мүмкін.