Ауру топтары | Аурулар |
Бактериялық ішек инфекциялары | Сүзек, паратифтер, дизентерия, тырысқақ, эшерихиоз, сальмонеллез және т.б. |
Энтеровирустық инфекциялар | Гепатит-А, полиомиелит, Коксаки және ECHO вирустарынан пайда болатын менингит |
Протозойлы инвазиялар | Амебиаз, лямблиоз және басқалар |
Антропозооноздар | Лептоспироз, сарып, туляремия, түйнеме, туберкулез, сап, оба және басқалар |
Ішекқурт инвазиялары | Аскаридоз, трихоцефалез, анкилостомидоз, стронгилоидоз және басқалар |
Саңырауқұлақ инфекциялары | Актиномикоз, кандидоз және басқалар |
Спора түзуші микроағзалардан туындайтын аурулар | Сіреспе, газды гангрена, ботулизм және басқалар |
Қоздырғыштардың вегетативті түрлері топырақта бірнеше аптадан бірнеше айға дейін (5.2. -кесте), ал спора түзуші бактериялардың споралары – ондаған жылдар бойына сақталады. Сондықтан спора түзуші бактериялардан туындайтын аурулардың пайда болу қаупі ешқашан жойылмайды. Спора түзуші микробтардың, атап айтқанда, сібір жарасының қауіпті көздері - осы аурудан өлген жануарлардың көмілген, қайтыс болған адамдардың жерленген орындары болып табылады.
Топырақ гельминтоздардың таралуында ерекше роль атқарады. Ауру адам мен жануарлардың нәжісімен бірге топыраққа гельминттердің жетілмеген жұмыртқалары – аскаридалар, қылбастар, тағы басқалардың орасан зор мөлшері түседі. Олар топырақта инвазиялық қасиеттерге ие болуына мүмкіндік беретін өздерінің даму циклын аяқтайды, осыған байланысты бұндай гельминттер геогельминттер деп аталады. Топырақ бетіндегі гельминттердің жұмыртқалары инсоляция мен кебуден өледі, ал 2-10 см тереңдікте жатқандар өз тіршілігін 7-10 жылға дейін сақтап қалады (Е.И.Гончарук, 2006). Гельминттер нәжіс-оралды жолмен, ал анкилостомалар – жараланбаған тері арқылы жұғады. Аскариданың жұмыртқалары алуан түрлі объектілерде, әсіресе климаты орташа ылғалды және ылғалды климатты аймақтарда кездеседі. Аскаридоз бен трихоцефалезді көбінесе, жеке бас гигиенасының ережелерімен жеткілікті дәрежеде дағдыланбаған балалар жұқтырады. Адам ит аскаридасын да жұқтыруы мүмкін. Қалаларда иттердің көптігі және оларды ұстау ережелерін сақтамау топырақтың гельминт жұмыртқаларымен ластануына әкеп соғады. Токсокароз – иттер аскаридасының личинкалары тудыратын ауру, ол анық аллергиялық белгілермен (есекжем, тұншығу және тағы басқа) және қарқынды өтуімен сипатталады.
Кесте
Жұқпалы және паразиттік аураларды қоздырғыштарының
Топырақта сақталу мерзімі
Ауру тудырушылар | Орташа сақталу мерзімі, апта | Ең көп сақталу мерзімі, ай |
Сүзек-паратиф тобы | 2-3 | 12 және одан да артық |
Дизентерия тобы | 1,5-5 | шамамен 9 |
Тырсықақ тобы | 1-2 | 4-айға дейін |
Сарып таяқшасы | 0,5-3 | 2-айға дейін |
Туляремия таяқшасы | 1-2 | 2,5-айға дейін |
Оба таяқшасы | шамамен 0,5 | 1-айға дейін |
Туберкулез таяқшасы | 7- айға дейін | |
Полиомиелит, Коксаки, ECHO вирустары | 10-13 | 6- айға дейін |
*Е.И. Гончарук бойынша берілген, 2006.
Топырақ пен өсімдіктер, таспа құрттардың жеке бунақтары бар адам нәжістерімен ластану салдарынан, топырақ сиыр мен шошқа цепеньдері туғызатын биогельминтоздардың тарауына себеп болады. Оларды ірі қара малдар мен шошқалар жұқтырады, ал осы гельминттердің личинкалары бар етті пайдаланған кезде – адам жұқтырады. Айта кету керек, алайда, ластанған топырақтан алынған азық-түлік өнімдері ас қорыту жолына түскенде, адам сиыр цепенінің аралық иесі де бола алады.
Топырақтың, содан кейін көкөністердің, аскөктің, судың эхинококтердің жұмыртқаларымен немесе жетілген бунақтарымен ластануы адамның ауыр паразиттік ауруы – эхинококкоз пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.
Топырақтың эпидемиологиялық маңызы, сондай-ақ оның түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушылар болып табылатын шыбын, бүрге, москиттер личинкалары дамитын орта екендігіне байланысты. Бұдан басқа, топырақта кенелер мен трансмиссивті инфекциялардың кейбір басқа тасымалдаушылары, сонымен қатар қауіпті антропозооноздардың – оба, туляремия, лептоспироз, құтыру ауруларын туғызатын кеміргіштер де мекендейді.