Карантинге жатқызылған өнім - өздері арқылы карантинді объектілерді таратуы мүмкін кез келген материалдар. Карантинге жатқызылған өнiм (карантинге жатқызылған жүктер, карантинге жатқызылған материалдар, карантинге жатқызылған тауарлар) (бұдан әрі – карантинге жатқызылған өнiм) – карантиндi объектiлердi (карантинді зиянды организмдерді) тасығыштар болуы және (немесе) олардың таралуына әсер етуі мүмкін, карантинге жатқызылған өнiм тізбесіне енгізілген және оларға қатысты карантиндік шаралар қабылдау қажет болатын өсімдіктер, өсімдіктен алынатын өнім, ыдыс, орам, жүктер, топырақ, организмдер немесе материалдар. Өсiмдiктер карантинiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағын шет елдерден немесе карантиндi аймақтан карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнен немесе өз бетiмен енуiнен қорғау;
2) карантиндi объектiлердi анықтау, оқшаулау және жою, сондай-ақ Қазақстан Республикасының олар жоқ аймақтарына олардың енуiнiң алдын алу;
3) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу.
Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік реттеу
Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі, аумақтық бөлімшелері, оның ішінде фитосанитариялық бақылау бекеттері бар ведомствосымен қоса алғанда уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. ҚР-ның аумағында шектеулі таралған карантинді арамшөптер
Арамшөптер – адамдардың қатысуынсыз мәдени дақылдармен бірге өсуге бейімделген ерекше өсімдіктер тобы. Мәдени дақылдарды өсіру үшін адамдар қолданған агротехника жүйесі арамшөптер үшін де қолайлы болды. Арамшөптер топырақтан керекті коректік заттар мен ылғалды бойына сіңіреді, арамшөптер жер өңдеу, егін жинауды ауырлатады, дақылдың өнімі мен сапасын төмендетеді. Олардың ішінде өте зияндылары карантинді шөптер тобы болып саналады.
Өсімдік қорғау және карантин департаментінің мәліметі бойынша, карантинді арамшөптер арамсояудың 19 түрі 180 мың гектар жерге таралған. Сондықтан күрес уақытында барлық жерлерде жүргізіліп, агротехникалық, биологиялық және химиялық әдістерді қолдану арқылы ғана жоспарланған, сапасы жоғары өнім алуға болады
Арамсояу Cuscuta S.P. – бір жылдық паразит шөп, Қазақстанның барлық жерінде таралған. Дүниежүзілік флорада арамсояудың 274 түрі кездеседі. Қазақстанда тіркелген арамсояудың 19 түрі бар. Қазақстанның барлық облыстарында көп тараған түрі – далалық арамсояу. Бұл шөп 200-ден астам ауылшаруашылық дақылдарына зиянын тигізеді. Мысалы, далалық арамсояу басқан қант қызылшасы өнімінің 80%-ы, пияз-сәбіздің – 85%, жоңышқа өнімдерінің 95%-ы жойылады. Арамсояудың тұқымын жоңышқа тұқымынан ажырату қиын, осы себепті тауар өндірушілердің көп өнімдері сатуға жарамсыз болып жатады.
Арамсояу мәдени дақылдардағы зат алмасуды бұзады. Арамсояу түтікше тамырлары арқылы мәдени дақылға жабысып, ондағы органикалық, органикалық емес заттарды сорып алып, дақылды әлсіретеді, дақыл біртіндеп өсуін тоқтатып, қурайды. Арамсояу тұқымнан өседі, тарайды. Бір тұқымнан өскенде тұқымдағы қоректік заттарды пайдаланып 10-13 см. биіктікке көтерілгеннен кейін, тұқымдағы қоректік зат бітеді. Арамсояу топырақпен байланысын жояды, осы кезде оның сабақтары шыркөбелек айналып, қасында басқа шөптер болса, соған жабысып бүршік тамыршықтары арқылы қоректі заттарды сорып алып, өсіп-дами береді. Арамсояудың улылығы гүлдеген, тұқым пайда болған кезде күшейеді. Осы кезде арамсояуда алколоид-кускутин және глюкозид, конвольвулин көптеп жинақталады. Арамсояу араласқан мал азығы шіри бастайды, өзінің бағалы нәрлілігін жоғалтады. Сонымен қатар, жануарларды ауруға шалдықтырады.
Егістікті арамсояудан арылту үшін агротехникалық шаралардың жиынтығын қолдану керек, яғни ауыспалы егісті дұрыс қолдану (дақыл алмасу), жерді уақытында, сапалы өңдеу, тұқым себу мерзімі, дақылды күтіп-баптау, тиімді гербицид беру қажет. Зерттеу көрсеткендей, арамшөптің көбі зябьке жыртылған жерлерде жазғытұрым жерді тырмалағаннан кейін өседі.
Қаскелең тәжірибе шаруашылығындағы қызылша егістігінде арамсояу және басқа арашөптермен күресу үшін гербицидтер қолданылады. Арамсояу жаңа өсе бастаған кезеңдерінде жас сабақтар гербицидтер әсерімен тезірек жойылады, кейін арамсояу гүлдері сарғая бастағанда, гербицидтер әсері аз болады.
Ермен жапырақты ойран шөп – бір үйлі, бір жылдық шөп, күрделі гүлдер тобына жатады. Өсімдіктің сабағы тік, көп тармақты, жапырағы тарамдалған, жапырағының үстіңгі жағы қою жасыл, астыңғы жағы сұрлау. Өсімдіктің биіктігі 2 метр, тамыры 4 метр тереңдікке дейін жетеді. Құрғақшылық жылдары зияндылығы өте зор. Өсімдік тұқым арқылы таралады, жылу сүйгіш, 8-10 градус жылылықта 5 см. тереңдіктен сәуірдің аяғы, мамырдың басында жер бетіне шыға бастайды. Шөп шілде-тамыз айларында гүлдейді, дәні қыркүйек-қазан айларында толық піседі. Өсімдікті орып алғаннан кейін де шөп өсе береді де ауылшаруашылық дақылдарының өнімін 40-60%-ға дейін төмендетеді. Отаны Солтүстік Америка. Осы жерден Азияға, Еуропаға таралған. Қазақстанда Алматы облысында, Алматы қаласында және басқа аудандарда 6100 гектар жерде өседі.
Өсімдік гүлдеген кезде олардың миллиардтаған тозаң тәрізді ұсақ тұқымдары, ауа, жел арқылы көпшілік жерге тарайды, адамдардың денсаулығына зор зиян келтіретін, аллергия ауруы – полинозға ұшыратады. Ауру түрлері: ринит, конъюктивит, бронхы астмасы, бас ауруы.
Сондықтан егістікті ермен жапырақты ойран шөптен тазарту үшін бірлескен агротехникалық шаралар мен гербицидтер пайдалану керек.
Тікенек алқа-Solanum cornutum Lam. Біржылдық шөп. Тамыры, сабағы тік, жапырағы кезекпен орналасқан, тарамдалған, тікенекті. Жер бетіне сәуір-мамыр айында шығады, тұқымды тамыз-қазан айларында береді. Әр өсімдік 3-3,5 мың дән береді. Тұқымның өңгіштігі 1%, топырақта 10 жыл сақталады. Мәдени дақылдарды және басқа шаруашылықта пайдаланбайтын жерлерді ластайды. Химиялық әдістерден бидай егістігінде диален супер, жүгеріде харнес және диален, бюктрил препараттары, картоп, сәбіз егістігінде стомп, рейсер, соя және көкөніс дақылдарында трефлан, стомп препараттарын қолдану керек.
Карантинді шөптердің тұқымы басқа жерлерге тарамау үшін барлық жер иелері төмендегідей карантин тәртібін сақтау керек. Карантинді шөптер, олардың тұқымы бар жерлерге тұқым шаруашылығын орналастыруға болмайды. Себілуге арналған тұқымды мемлекеттің тұқым инспекциясының куәлігінсіз себуге болмайды. Карантинді шөптердің тұқымы араласқан материалдарды жеке бөлмелерде сақтау керек және бұл тұқымдарды басқа шаруашылықтарға беруге болмайды. Жануарларға тұқым қалдықтарын ұсақтап қайнатыңқырап беру керек. Жемге жарамайтын қалдықтарды отқа жағып, не жерге 1 метр тереңдікте көміп актілеу керек. Бұл қалдықтарды далаға, суға тастауға болмайды. Жол жағаларында, бос жатқан жерлерде, арық жағаларында өсіп тұрған арамшөптерді гүлдену кезінде, тұқым беруге жеткізбей құрту керек. Карантинді шөптер басқан жерлерден орып алған егінді таза жерлерден алынған өніммен араластырмай, бөлек жерде сақтау керек. Егін жинауға қатысқан техникалардың барлығын, қоймаларды уақытында тазалап отыру керек.