Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастар жүргізді. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда армия қатарына 300 мыңдай, ал соғыс кезінде 1 млн 200 мыңнан артық қазақстандық әскери міндеттілер шақырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап барлық жерде әскери құрамалар мен бөлімдер құрыла бастады. 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылды. Фашистермен шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316- шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивизиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы атты әскер дивизиялары, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадалары, 209- Зайсан, 219-минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші, 992-ші авиациялық полктар даңққа бөленді. Көрсеткен ерліктері үшін 316-дивизия 8-гвардиялық дивизия, 328-дивизия 30-гвардиялық дивизия болып, 75-теңіз бригадасы 27-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автокөлік, 1,5 мың шынжыр табан трактор, 110,4 мың жылқы мен 16,2 мың арба жіберілді.
Қазақстанда құрылған әскери құрамалардан алғашқылардың бірі болып 312-атқыштар дивизиясы (командирі — полковник А. Ф. Наумов, кейіннен генерал-майор) айқасқа кірісті. 312-дивизиямен бір мезгілде дерлік, солтүстік-батыс бағыттағы майданда Қазақстанда құрылған, генерал-майор И. В. Панфилов басқарған 316-дивизия езінің жауынгерлік жолын бастады. Панфиловшылар Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен Мәскеуді қорғау шебіндегі 30 километрлік бөлікке орналасты. Панфиловшылар жаумен күші тең болмаса да 50 жау танкісімен болған шайқаста жеңіп шықты. Бұл тарихи шайқасқа қатынасқан 28 жауынгерге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Волоколамск ауданында өткен осындай шайқастардың бірінде ержүрек жауынгер, талантты командир, генерал-майор И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына (бұрынғы 316-дивизия) генералдың есімі берілді. Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен шайқасты. Олардың ішінде Кенес Одағының Батырлары – Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рашид Жанғозин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Төлеуғали Елебековтер бар. Мәскеу үшін болған шайқаста полковник Г. П Коротков басқарған 238-атқыштар дивизиясындағы қазақстандық жауынгерлер өздерін даңққа бөледі. Дивизия жауынгерлік Қызыл Ту орденмен марапатталып, табандылығы, ержүректігі мен батырлығы үшін 30-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Алексин қаласы үшін шайқастарға қазақ халқының аты аңызға айналған батыры Амангелді Имановтың ұлы, қатардағы автоматшы (атқыш) – Рамазан Амангелдиев қатысты.
1941 жылы Алматы, Ташкент, Фрунзе (қазіргі Бішкек) т. б. қалалардағы әскери училищелердің курсанттарынан 39-жеке атқыштар бригадасы құрылып, 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы тәрізді жауды Мәскеу түбінде талқандап, неміс-фашист басқыншылары басып алған қалаларды азат етті. Жауынгерлік ерлігі мен берік тәртібі үшін 79- атқыштар бригадасы 73-гвардиялық дивизия болып қайта құрылып, оған Сталинградтық дивизия атағы берілді. Еділ үшін болған шайқаста басқа көптеген жауынгерлермен бірге 22-артиллериялық полктық қазақ жауынгерлері де даңққа бөленді. Полк жауынгерлері неміс танкілерін жоюда ерен ерлік көрсетті. 1943 жылы Орал облысынан майданға 24 қазақ қыздары аттанды. Подольск қаласындағы мергендер мектебін бітірген соң, олар Сталинград майданына келді. Ержүрек қазақ қыздарының даңқы бүкіл майданға тарады, олардың ішінде М. Тоқтамысова, Р. Момынова, А. Бекетова, М. Нестеренко, Е. Семенюк т. б. болды.
еңес Одағының батыры атанған қазақстандықтар мен қатардағы жауынгерлердің ерліктері- ата-баба қаһармандығының жалғасы.
Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі – бір орденмен, төртеуі – екі орденмен, екеуі үш орденмен марапатталды. 5 дивизия (олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия да бар) гвардиялық дивизияларға айналды. Әскери ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандықтар ордендер мен медальдармен марапатталды, 497 қазақстандық Кеңестер Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 97 қазақ иеленді, олардың ішінде қазақ қыздары – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ие болды. 1990 жылы 11 желтоқсанда көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлына да осы құрметті атақ берілді. 1941 жылы Бауыржан Момышұлы аға лейтенант шенінде батальонды басқарып, Мәскеу түбіндегі шайқастарда өз құрамасын жау қоршауынан үш рет алып шықты. Соғысты Б. Момышұлы полковник шенінде аяқтады. Әділеттілік тек 45 жылдан соң, қазақтың ұлттық батыры өмірден қайтқаннан кейін ғана қалпына келтірілді. «Даңқ орденінің толық иегері» атағына 110 қазақстандық ие болды. 1941 жылы 26 маусымда әуеде от-жалынға оранып бара жатқан бомбалаушы ұшағын жау танкісі колоннасы үстіне шүйілтіп, жандарын пида еткен қазақтың баһадүр ұшқышы Бақтыораз Бейсекбаев пен ұшақ экипажына 1996 жылы 2 мамырда Ресей Федерацясының Батыры атағы берілді.
61. Қазақстандықтар- партизан қозғалысына дем берушілер.
Қазақстандықтар тек майдандарда ғана емес, жау тылында да шайқасты. Елдің басқа халықтарымен бірге олар жау уақытша басып алған аумақтардағы партизандық қозғалысқа қатысты. Украинаның партизандық құрамалары менотрядтарында (толық емес деректер бойынша) 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ шайқасты. Смоленск облысындағы 15 партизан бригадалары, мен отрядтарында 270 қазақстандық ұрыстарға қатысты. Белоруссияның әр түрлі аймақтарында әрекет еткен 65 партизан бригадалары мен отрядтарының құрамында 1500-ден аса қазақстандық болды. Соғыс жылдары партизан қозғалысына қатынасқан қазақстандықтардың саны 3,5 мыңға жетті. Партизандық қозғалыстың Ғалым Ахмедияров, Ғалым Омаров, Нұрым Садықов, Қасым Қайсенов, Нұрым Сыздықов, Әди Шәріпов, Тәжіғали Жангелдин т. б. батырларының есімі көпке танылды. Халық кекшілдерінің қатарында қазақстандық әйелдер – Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова т. б. аянбай шайқасты. Еуропа елдерінде Қарсыласу қозғалысына қатысушы қазақстандықтар фашистерге қарсы күресте батырлық пен ерлік көрсетті. Поляк партизандық жасақтарында Жамбыл облысынан Салтынбек Төлешов, Шығыс Қазақстан облысынан Константин Трокин, Қарағанды облысынан Михаил Авдейчик, Қызылорда облысынан Омар Тойымбетов тағы басқалары шайқасты. Словакиядағы Турея өзені бойында Қазақстандық Петр Величконың басшылығымен партизандық құрама жасақталды. Чехословакияны неміс фашистерінен азат етудегі партизандық ұрыс қимылдарына алматылық Алексей Ильин, семейлік Николай Мошкин, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Жұбандық Сұранқұлов, павлодарлық Николай Тарановтар қатысты. Югославия жерінде фашистерге қарсы шайқаста көкшетаулық Телжан Желқожинов, Ақтөбе облысының тұрғыны Арық Есентаевтар ерлік көрсетті. Грекия жерінде фашистерге қарсы күресте алматылық Петр Рев, француз қарсыласу қозғалысы сапында Дәулет Қаражұмынның батырлығымен аты шықты. 1943 жылдың жазында Бельгияда фашистік тұтқыннан қашып шыққан кеңес әскерлері партизандық бөлім құрды. Олардың ішінде қазақстандық – Ақтөбе облысынан Өтеген Абдуллин, алматылық Иван Қарасев, Ақтөбеден Борис Бондаренко, Талдықорған облысынан Федор Малаховтар болды. Қазақстандық 23 жауынгер итальяндық қарсыласу қозғалысы құрамында – Қарағандыдан Тәкіш Әлпеисов, Қызылордадан Қалданбек Дүйсенбеков, Актөбеден Жаймақ Келшіков, Целиноград облысынан Николай Дрожаков және Топай Сәдуақасов т. б. жаумен қасык қаны қалғанша шайқасты.
62.Фашистердің Түркістен легионын құру әрекеті
Түркістан легионы оқиғасын да еске алған жөн. Соғыстың бастапқы кезеңінде жүздеген мың, тіпті миллиондаған кеңес әскерлері фашистерге тұтқынға түсті. Олардың арасында көптеген түркі халықтарының өкілдері де болды. Қолға түскен түркі жауынгерлерінің 80%-ы фашистік лагерьлерде адам шыдамайтын жағдайларда қаза тапты. Гитлершілдер аман қалған әскери тұтқындардан Кеңес Армиясына қарсы күреске шығатын әскери бөлімшелер жасақтауға әрекеттенді. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының өкілдерінен бірнеше батальоннан тұратын Түркістан легионы құрылды. Алайда фашистер оларды шайқастарға пайдалана алмады. Қолына қару алған көптеген легионерлер майдан шебінен өтіп Кеңес Армиясының қатарына қайта қосылды, ал олардың бір бөлігі партизандарға кетіп қалды. «Түркістан легионы» күрделі, қайшылыққа толы жолдан өтті. Нәтижесінде легион таратылды. Бұл оқиға байыпты зерттеуді және әділ бағасын беруді талап етеді.Кеңес адамдарының бір бөлігінің неміс-фашист басқыншыларымен ынтымақтасуы (коллаброционизм) мәселесі аз зерттеліп отыр. Неміс құрамаларының қатарында өз Отанына қарсы соғысқан КСРО азаматтарының саны бір миллионнан асты. Олардың арасында негізсіз қудаланып, Кеңес өкіметіне наразы болған адамдар да бар. Осындай фактор көптеген кеңес жауынгерлерінің тұтқынға түсуі және соғыс аяқталған соң Отанына қайтпай қалуына себепші болды.
63. Соғыс жылдарындағы ұлт саясаты. Қазақстандағы депортация
Кеңес халқы ортақ Жеңіс үшін батырлық пен ерліктің үлгілерін көрсетіп жатқан уақытта сталиндік қылмыскер топ өз халқына геноцидін жалғастыра берді. «Халық жауларын» жоюмен қанағаттанып қана қоймай, ол тұтас этникалық қауымдастықтарды өздерінің туған жерлерінен күшпен қоныс аударып, террорлық әдістер қолдануға көшті. Күштеп жер аударудың алғашқы құрбандықтарының бірі – Қиыр Шығыстағы кеңестік корейлер. 1937 жылы Қазақстанға бұл этностың 100 мыңдай өкілі қоныс аударылды. 1941- 1942 жылдары республикаға 408 мың неміс депортацияланды. 1943-1944 жылдары ешбір дәлелсіз басқыншыларға дем берді деп айыпталған Солтүстік Кавказ халқы да жер аударылды. Олардың ішінде Қазақстанға депортациялауға қарашайлар – 45,5 мың адам, балкарлар – 25 мың, чешендер мен ингуштар 406 мың адам душар болды. Сондай-ақ Қазақстанға қалмақтар (2,2 мың), ирандықтар (2 мыңнан аса отбасы), поляктар, финдер, күрдтер, қырым татарлары, түріктер, гректер, батыс беларустар мен батыс уқраиндықтар, литвалықтар т. б. қоныс аударылды. Тіршілік ауыртпалығы мен күшті моральдық қысым жағдайында жергілікті халықтың тілектестігі мен қолдауынсыз өмір сүру қоныс аударушылар үшін қиын еді.
Қазақстандық құрамалар Ленинградты қорғауға, Сталинград түбіндегі, Курск доғасындағы шайқастарға, Днепрден өту мен Украина, Белоруссия, Молдова мен Балтық елдерін, Еуропа халықтарын фашистік езгіден азат ету шайқастарына қатысты.1945 жылы 8 мамырда Потсдамда гитлерлік Германияның сөзсіз тізе бүгу Актісіне қол қойылды. Сол жылдың 2 қыркуйегінде американдық «Миссури» линкорының бортында милитаристік Жапонияның сөзсіз тізе бүгуі жөніндегі Актіге қол қойылды. Бұл оқиғаның жедел өткізілуіне: біріншіден, Кеңес Армиясының Қиыр Шығыста (Маньчжурияда) жапондық Квантун армиясын қысқа мерзімде талқандауы, екіншіден, американды.