— Ол сөзді мен қазақ елі өзінің еркіндігі үшін күресіп жүрген кезде айт-
қам. Польша бұқарасы Россия патшасының отаршылық ісіне қандай қарсы болса, мен келіп қосылған шақта қазақ халқы да сондай қарсы еді. Сендердің күрестерің маған ұнаған. Польшада қалған арманымды, осында тапқандай болғам. Ал қазір...
— Иә, қазір?.. Әлде сен бізді түскен жолымыздан адасты деп ойлайсың ба?
Жүсіп не болса да шынын айтуды мақұл көрді. «Мүмкін менің сөзім ой салар», — деді ол ішінен.
— Иә, Кенеке, — деді Жүсіп тікелей қарап, — сен өзіңді хан етіп ақ кигізге көтерткізгеннен бері, ұстаған жолың да, алдағы мақсатың да басқаша... Сенің күресің енді байлардың үстемдігін қорғайтын хандықты сақтау күресіне айналып барады. Бұдан қалың бұқараға келер қандай пайда бар? Кедей жұртқа өз ханына бағынды не, орыс патшасына бағынды не, бәрібір емес пе? Бұрын өзінің күн көрісі болған шұрайлы жерін, балықты көлін орыстың князь, генерал, графтарынан қорғап, қолына сойыл алған ереуіл бір басқа да, Абылай заманын көксеп, қазақты орыстан бөліп алып, қанын жеке сорамыз деген сұлтан, би, ақсақал, хан үшін күресу бір басқа. Бұл күрес тіпті зиянды, ол орыс пен қазақ халқының жақындасуына бөгет болады! Ал екі бейнетқор халықтың бірігуінде, жақындасуында олардың бар болашағы, бар алдағы жарық күні тұр.
Жайшылықта сөзге сараң, ұстамды Кенесары кенет бұлқан-талқан боп ашулана қалды.
— Қаны басқаның — жаны басқа деген осы. Абылай атамның жолын қуып арпалысқа шыққанымда орыс пен қазақты біріктіру үшін шықты дейсің бе? Жоқ, Жүсіп, Россия — дария, біз кішкентай ғана мөлдір бұлақпыз. Мөлдір бұлақ суы дарияға құйғанда несі қалады? Дария суы ащы болса, бұлақ суы да ащы болады, дария суы тұщы болса, бұлақ суы да тұщы болады. Бұлақтың бар болашағы тек дарияның ғана еркінде қалады. Менің күткенім сондай өмір ме? Жоқ, бұлақ дария болмай-ақ өз бетімен аға берсін дедім. Біз Россия патшасына бағынсақ ел деген аттан айырыламыз. Жоқ, қазақ бұрын Абылайханға бағынса, енді оның немересі Кене ханға бағынады. Өзім билеймін...
— Қалай билейсің? Жерінен, суынан айырылған жұрт ертең қайтара алмайтынына көзі анық жеткен күні, сенің соңыңнан еруді қояды, Кенесарының хандығын сақтаймын деп бостан-бос қырыла бере ме?
Кенесары кенет шабатын барыстай жиырыла қалды, шегір көздері қанталап, оң қолы беліндегі наркескеннің сабын кенет қыса ұстады.
— Сенің дос екеніңді білмесем... — деді ол ентіге сөйлеп, сөйтті де қолын наркескеннің сабынан қайта алды, — еліңді қалай билейсің дейсің бе? Россия патшасы бізді қалай билемек болды? Зеңбіректің оғыменен, жалаңаш қылыштың жүзімен емес пе? Мен де сөйтем. Дегеніме көнбеген елді аттың сауырына, қамшының бауырына аламын. Кімде-кім айтқаныма көнбейді екен, Кенесарының жасыл туының астында жүргісі келмейді екен — ол менің жауым. Россия губернаторы қандай қасым болса, о да менің сондай қасым. Не оларды өз дегеніме жүргізем, не біржолата қырып, жоқ етем. Екі шешім болуы мүмкін емес. Жауын өзі аяған өзі мерт болады. Бұрын жұртты жер-суыңды алып беремін деп ертсем, енді хандығыңды қорғаймын деп ертемін. Күшпенен қорқытып ертемін! Дәл осы айтқанымды ертең Жаппас руынан бастаймын. Бір үйін бос тастамай түндігін қылышпен турап, тайлы-таяғына дейін қалдырмай айдап алам!
Қыс Сырды мекендеп, жаз Торғай бойын жайлап көшіп жүретін Жаппас руының билері Көбектің Алтыбайы мен Төлегеннің Жаңғабылы көптен бері Кенесарыға екі жүзділік көрсетіп келген. Қолдан келер қуат жоқ, іш қазандай қайнайды, сондықтан амалсыз жүрген. Доспыз деп ауыздары айтқанмен, іс жүзінде қастықтарын көрсете берген. Ел басын біріктірем деген Кенесары бұл билердің өз руларында ықпалды екенін еске алып жеңіл-желпі күнәләрін кеше салатын. Ал бұл билер ауылдары Сыр бойын жайлап, Торғайды қыстайтын. Жылқысын Мұғажар тауының ығына тебінге айдап, қойларын Орынбор шекарасында казак-орыс жерінде ұстайтын. Кенесары Торғайға көшіп келгелі, жайылымымыз тарылды деп екеуі бірдей наразы болатын. Кейде зекет те төлемей қоятын. Осыдан барып Кенесары мен билер арасында қырбайлық күшейе түскен еді. Оның үстіне биыл Торғайды қыстап қалған Алтыбай аулының он шақты жігіті жер білмейтін Сотников жасағына жол көрсетіп, Күнімжан мен Ақсақал төбедегі Кенесары ауылдарын шабуға қатынасқан. Бұны естіген Кенесары билерге өшігуде. Сұлтанның қазіргі кіжінуі сол өштіктің салдары.
— Жаппас ауылдарының қандай жазығы бар? — деді Жүсіп Кенесарыны тым ашуландырып алмайын дегендей, қаймыға сөйлеп, — жазығы жазғы жайлауын Арқадан көшіп келген елдердің жайлағаны ма?
— Ал Арқа елдерінің қандай жазығы бар? Жерін орыс губернаторлары тартып алғаны ма? Күнімжан ханша мен Ақсақал төбедегі аулымды шапқан Сотников жасауылдың әскерін кім басқарып келді? Жаппас жігіттері екенін білмей-
сің бе?
— Басқарып келген бір он шақты жігіт шығар. Ал қатын-қалаш, басқа жұрттың қандай күнәсі бар?
— Өзгесі күнәсіз болса күнәкарларын өздері неге жазаламайды? Бәрі Алтыбай бидің адамдары. Серкесі қайда бастаса, жұрты соңынан ереді.
— Онда Алтыбайдың көзін жой. Өзге жұртқа тиюдің қандай қажеті бар.
— Алтыбайдың да Алтыбай болып отырғаны соңынан ерер елі болған соң емес пе? Егер соңынан ерер жұрты жоқ болсыншы, көрейін мен оны!
— Сондықтан жазықсыз елді құрту керек пе? Одан да Алтыбайдың өзінен алу керек өшті.
— Жоқ, елі де жазықты. Жазықсыз болмаса, Алтыбайдың соңынан неге ереді?
— Мүмкін қорыққанынан еретін шығар? Айтқаныма көнгісі келмейтін елді дегеніме қорқытып жүргізем деп сіз де айтып тұрған жоқсыз ба? Қайдан білесіз, Жаппас руының қарашысы сізге ергісі келетін шығар, тек Алтыбайдан қорыққасын, амалсыз оның дегенінен шықпай отырған болар.
— Алтыбайдан қорқып Жаппас Кенесарыға қосылмай отыр дейсің бе? Сенің айтқаныңды дұрыс делік... Шынында да қазақ қорыққанын сыйлайды. Бүгін Жаппас руын шапсам, ертең Шекті өзі келіп қосылады.
— Онда Жаңбыршы ұлы Балғожа би неге келіп қосылмады? Сіз ол ауылды бір емес, екі рет шаптыңыз ғой.
— Балғожа би қорқау қасқыр секілді қорқақ. Ол орыстан қорқып отыр, содан маған қосылғысы келмейді. Жалпы алғанда қара қазақ — қорқақ жұрт, Балғожа би де қарадан шыққан.
— Кене хан, бұныңыз қате секілді. Мен көрген қазақ батыр халық. Қорқытып соңымнан ертемін деп жүргеніңізде оларды өзіңізден қашырып алмаңыз.
Кенесары кенет тұнжырап кетті. Шықшыттағы күре тамыры бүлкілдей ойнап, демін әзер-әзер алды.
— Сен Таймастан да, әбілғазыдан да ақылды екенсің, — деді Кенесары сәл булыға сөйлеп, — бірақ енді халықты қорқытып қосудан басқа қандай жол қалды? Биыл жиналатын он мың әскермен Россия патшасы түгіл, Қоқан ханын жеңе алмайсың. Қоқанның өзіндегі таңдаулы галабатыр әскерін былай қойғанда бір ғана Эрмазар қорғанында он екі мың жауынгері бар... Оған На-
манған, Андижан, Ош, Тақты Сүлеймен, Шархия, Ангара, Құрама, Ходжент, Ұратөбе, Ташкент әскерлерін қосып көр. Біздің Сыр бойындағы жұртпенен бас қосқандағы күшіміз жетері бар болғаны Ташкент. Бұның өзіне де рұқсат беріп отыр ма, өзіңе белгілі. Орынбор бастықтары мені Аллақұл ханнан он бес мылтық, бір арғымақ алды деп кінәлап еді. Ол өліп еді оның баласы Рахманқұл ханнан ер-тоқымы алтындатқан үш арғымақ, үш қылыш, он екі мылтық, екі бас қорғасын сыйлық келді. Маған жіберілген тарту-таралғыға қарап Орынбор бастықтары мені Хиуа ханын жақтамақ болып жүр дейтін көрінеді. Хиуа мылтықтары жақсы, үш жүз қадам жердегі құсты құтқармайды. Ал «Көктолғай» секілді ақалтеке арғымақтары тек жауға мінуге жаратылған. Бірақ жұрт Кенесарының кім екенін білмейді. Мен Хиуа ханының жұмсауына жүруден көрі, Хиуа ханының өзімнің жұмсауымда жүргенін жақсы көретін адаммын. Хиуаға ұзын ырға сенім білдірген болсам, оның маған сеніп Бұқар ханымен өштесе түссін дегенім. Қазаққа Бұқардың да, Хиуаның да, Қоқанның да күшейгені керек емес. Үш қасқыр бірін бірі таласын, мүмкін үшеуі бірдей әлсіреген кезде бізге де пайда түсер? Енді өзің ойлашы, он бес мың салт атты сарбазбен Россия патшасын да, Қоқан ханын да жеңе алмайсың. Ал Орынбормен қан төгіспей бітімге келеміз деген ниеттің неге апарып соққанын өзің де көріп отырсың. Күнімжан мен екі баламнан айырылғаннан басқа не таптым? Енді не істеу керек? Қой секілді үн-түнсіз аяқ серіппей бауыздала бер дейсің бе? Ең болмаса ешкі тәрізді бақырып өлген құрметті. — Кенесары кенет сұстана қалды. — Бірақ мен ешкі де, қой да болмаймын. Ажал табар болсам батырларша ажал табам. Көшіп-қонар жеріміз әлі де бар, әлі де алысам. Бұрын құр ғана ереуілшіл ел болсақ, енді хан билеген елміз. Жауымыз бізбен санасуға мәжбүр болады. Ал мұны істей алмасаң...
— Оны істей алмайтыныңызға көзіңіз әлі де жеткен жоқ па? — деді Жүсіп Кенесарыны кенет аяп кетіп.
— Көзім әлі әбден жеткен жоқ. — Ол кенет шаршап кеткендей болды. — Бірақ сен дұрыс айтасың... Жерін алып бере алмайтынына көзі жеткен қазақ әлі-ақ ертең тарай бастайды. Ал оларды таратпау керек.
— Қалай таратпайсың?
— Күшпен таратпаймын! — Кенесары кенет ызалана дауыстап жіберді. — Күшпен басын қосамын! Көнбеген ауылды шабамын, қарсы келгенінің басын аламын. Көнбей көрсін!
— Өйтіп жұртты қырып хандық құрудың қанша қажеті бар? Өз елің, өз жұртың емес пе...
— Кенесарының жасыл туының астына кіргісі келмеген жұрт жұрт емес! — Ол бұрынғысынан да сұрлана түсті. — Ондай елдің мейлі қаны судай ақсын, мейлі бәрі қойдай бауыздалсын, егер оған қабағымды шытсам, Абылай атамның аруағы атсын!
Жүсіп Кенесарының мұндай түрін бұрын көрген емес. Және оның нағыз шын сырын дәл қазіргідей шешіле айтуын алғашқы рет естуі. Кенесарының айтқанын орындайтынына Жүсіп күмәнданған жоқ. Өйткені төре тұқымдарының халықты қоймен тең көретінін, қаныпезерліктің арқасында қалың бұқара тағдырын ойыншық санайтынын бұрын да білетін. Ал Кенесарының ойлаған мақсатына жету үшін қара халық түгіл, өзінің туған әкесін де құрбан ете алатынына талай рет көзі жеткен. Мұндай жауыздық қаракетпен арманға жету әдісі Шыңғысханнан, Ақсақ Темірден қалған. Шыңғысхан қанішерлікте болат қанжар болса, Кенесары сол қанжардың кішкентай сынығы. Болат қанжардың қанға суарылған сынығы. Араларында алты ғасыр өтсе де қанқұмарлық түбі бір. Одан қайда кетеді? Жүсіп енді әбден ашынған Кенесарының ешкімді аямай, дегеніне көнбеген елді қанға бояйтынына шек келтірмеді.
Өзі де солай болды. Бұрын тек өшіккен аға сұлтандардың, би, датқалардың аулын шауып, малын айдап алатын болса, енді солардың қарамағындағы жазықсыз елдерді де шабуға кірісті. Патша үкіметінің санағы бойынша Кенесары он жыл көтерілісінің ішінде жүз жетпіс бес ауылды тонап, бес жүз жазығы жоқ кісі өлтіріпті. Соның бестен төрті ақырғы бес жылына жатады.
Кенесарының шешімінен жаны түршігіп кеткен Жүсіп, ханды орынсыз қан төгуден тоқтатқысы келді.
— Алтыбай аулын шапсаңыз, өзіне берілген бидің өшін қайтарамыз деп патша үкіметі қатты шара қолдануы мүмкін. Олардың қолында қазір екі балаңыз бен Күнімжан ханшаның барын ұмытпаңыз. Егер Алтыбай аулында қан төгілсе...
— Аршабоқ пенен Обыріш менің де қатын-баламды өлтіреді дейсің бе? — деді Кенесары, ауыл қазақтарының қойған аты бойынша Горчаковты «Аршабоқ», Обручевті «Обыріш» деп атап. — Жоқ оны істемейді. Онда мен қолымдағы есірей орыстарды өлтірем. Және орыс жанаралдарына біздің бірімізді біріміз қыра бергеніміз тиімді емес пе? Жерлері кеңиді. Ал алда-жалда...
— Иә, алда-жалда?...
— Саған айттым емеспін бе, өз дегенімді істеу үшін ештеңеден де тайынбаймын деп?..
Жүсіп шошып кетті. Кенесары оған бір аяу, мүсіркеу, қиналу дегенді білмейтін тас мүсін тәрізді көрінді. «Иә, бұл тас мүсін, мұнда жүрек жоқ. Жүрегі болса өзінің жақсы көретін қатын-балалары жайында бұлай дер ме еді?.. Мұндай адамды түсіну қиын. Жоқ, бұл адам емес, қара тас. Ал мейірімсіз қара тасты қалай түсінерсің... Әлде осындай қара тас болуға ашынғанынан барып отыр ма?»
Кенесары тағы да оның ойын бөліп жіберді.
— Сен мені өз бөлтірігін аямас бір қорқау қасқыр екен деп тұрған шығарсың, — деді ол, даусы кенет дірілдеп кетіп, — олай ойлама! Менің де жүрегім бар. Әйелім мен балаларымды мен аясам да олар аямайды. Болар іске болаттай болу керек. Әйтпесе қайғы деген қашан да болса адастырады. Адаспас үшін қайғы дегенді біржолата жүрегіңнен қуу керек. Бүйі қысылғанда өзін өзі шағып өлтіреді. Мен сол бүйі құрлы жоқпын ба? Өзін аямаған кісі аузын қан етеді. Қатын-баламды да құрбан ете алатынымды жауым көрсе, менен бұрынғысынан да қорқады. Ал қорықпаған жерде сыйласу жоқ, хан деп санасу жоқ. Ал егер хандығымды берік ұстағым келсе, елге де өз басыма да аяушылық етпеуім керек. Қаталдық жеңістің ең керек шарты.
Жүсіп енді Кенесарыдан шын шошынды. Кенет оның алдына осыдан үш жыл бұрын Сыздықты қалай сынағаны елестеп кетті. Жүсіп балажан болатын. Бірақ о жолы Сыздықты пышаққа түседі деп аяған жоқ. Аяған болса бұлай сынамаңыз деп Кенесарыға жалынар еді. Жүсіп оны істемеді ғой. Өзінің осы қылығын ол артынан сан рет ойлады. «Неге мен сонда Сыздыққа ара түспедім? әлде Сыздықты мен бірдеңеден жек көрдім бе, немесе онда адамның ішін жылытпас бір мінез бар ма еді?» — деп шешуін таба алмай сан басы қатқан. Сол сұрағына кенет Жүсіп шешім тапқандай. «Ие, ие, дүниеде осы сұлтандар тәрізді қасқыр тектес жандар аз емес шығар. Адам олардың тірі жүргенінен өлгенін тілейтін болар. Жұрт тегі қасқырды немесе бөлтірігін өлтірдім деп опық жемейді. Менің де жүрегімді төре тұқымына деген өзім әлі аңғара қоймаған сондай бір сезім билеген екен... Сол күні Сыздық туралы соншалық қиналмау-
ыма әлгі жасырын сезім себепкер болғандай ғой. Ал қасқыр тектес тұқымының Кенесары шын арланы. Арланы болмаса әлгі жан түршігерлік сөздерді айтар ма еді?»
Кенесарының әйелі мен балаларын қаншалық жақсы көретінін Жүсіп есіне түсіріп, ызаланған сұлтанды орынсыз қан төгіске барғызбас үшін тағы ақыл берді.
— Күнімжан ханшаны балаларымен қазір Ордан Орынборға әкелді деген сыбыс бар, қолымыздағы тұтқын орыс офицерлерімен айырбастайық деп әскери губернаторға хат жазсақ қайтеді?
Кенесары кенет елең ете қалды.
— Бұл табылған ақыл. Барон Уйлер мен есауыл Лебедевті былай қойғанда біздің қолымызда жиырмаға тарта есірей орыс офицерлері бар. Соның бәрін, Күнімжанды бас етіп біздің ауылдан алып кеткен отыз бес адамға айырбастасын. Солай деп хат жаз. Және... — Кенесары ойлана қалды.
— Тағы не айтпақ едіңіз?..
— Жанарал Обыріш келгелі арамыз шиеленіп бара жатыр-ау... Орынбор әскері шықпағанмен Омбы солдаттары қояр емес. Әрине мұның бәрі Аршабоқ пен Обырішсіз болып жатқан жоқ. Орынбор бізбен әзір жауласпай отырса, ол ана Кеністің шаруасы. Ертең Кеніс кете қалса, басымызға әңгір-таяқ ойнайтыны даусыз. Сондықтан күні бұрын Обыріштің өзіне тағы бір хат жазайық. Ақырғы рет алдынан өтейік...
— Хатты не деп жазамыз?
— «Алдыңғы жылы Орынбордың әскери губернаторы мен жанарал Кеніс құрметті патша ағзамның атынан бізге мәнәпөс жариялап, бар күнәмізді кешкен. Мұндай қадірлі адамдардың сөзіне сеніп біз ақ патшаға қарсы мылтық ату мен қылыш жұмсауды тоқтатқан едік... Ал биыл наурыздың жиырма бірінде, өзіміз аңға шығып кеткенде, Омбы қаласынан шыққан Сотников жасауыл басқарған жасақ аулымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, Күнімжан сұлтаншаны бас етіп, бірнеше адамды ұстап алып кетті... Бұндай жағдайда жақсылықты бір құдайдан болмаса, орыс бастықтарынан күтуге болмайтынына көзімді жеткізді» де. Және жалынған адам секілді көрінбей, әлі де болса тігім-бітімге келейік деген көңіл білдір...
— Мақұл.
— Оған көнбесе өз обалы өзіне. Боса да бізді аямайды екен, біз де оларды аямаймыз.
— Түсінікті.
— Және осы уақытқа дейін бұлаң құйрыққа салып бізге қосылмай алдап жүрген билердің бәріне де хат жазыңдар. Әсіресе Назар руының ақсақалдары Байтөре мен Қаракүшікке..
— Хатты не деп жазайық?
— «Мені ханымыз деп ұқсын. Айтқаныма көнсін, айдауыма жүрсін. Сөйтсе біз де оған қорғанбыз. Бұрынғы күнәларының бәрін кешеміз. Ал бұны істемесе... Отыз жыл жауабын күтемін, жауап ала алмасам, қалған отыз жылда өздерін жазалаумен өтемін» де... Осындай хатты бізге теріс қарап жүрген Жаппас руларының билері секілді өзге билерге де жазыңдар.
— Жақсы.
Күн де батуға айналған екен. Сөніп бар жатқан алтын сәулесі Алашаханның көгілдір күмбезінің үстінде ойнап, ерекше сәулеттендіріп тұр. Кенесары әлдекімнің аяғының сыбдырын естіп артына бұрылды. Таймас екен.
— Кенеке, Орынбордағы балалардан жасырын шапқыншы келді.
— Жақсылық па, жамандық па?
— Жамандық.
Кенесары сол түсін өзгертпеген қалпында сәл кідірді.
— Қазір жақсылық күту қиын болар... Не дейді Алтыншаш келін?
— Жіберген хабарына қарағанда жанарал Кеніс пен әскери губернатор Обыріштің арасы нашар көрінеді...
— Жаман хабарың осы ма?
— Екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледі. Екі жанаралдың келіспеуінен біздің қазақ мәселесі күйрейді. Граф Перовский кеткеннен бері біздің бар сенеріміз Кеніс емес пе?
— Қазақ мәселесі күйреп болған жоқ па? Енді олардан не күтесің?
— Үмітсіз тек шайтан ғана, Кене хан. Әлі де болса Орынборменен тіл табу керек.
— Мен тіл таппаймын деп жүрмін бе? Тіл тапқысы келмейтін өздері
емес пе?
— Күштінің арты диірмен тартады, тіл табу біздің жақтан болу керек.
— Сонда, Таймас, тымағыңды алып алдына барып жүгін дейсің бе? Жүгінер де едім, тымағыммен бірге басымды қағып тастамасына көзің жете ме?
— Жоқ, олай жүгінуге болмайды. Қазақ дене болса, сен бассың. Бастан айырылып дене күн көре алмас. Мен тек қалауын тапса қар жанады, басқа жол іздеу керек деймін.
— Сонда қандай жол бар?
— Бұл ойдың түбіне өзім де жете алғам жоқ... Әбден піскенінде алдыңа салармын.
— Жақсы, тағы қандай хабарың бар?
— әскери губернатор бізді құртуға Петербордан тағы он төрт мың ақша сұрапты... Оның үстіне тағы үш мың сом... Ол ақша... Кешіріңіз, Кенеке сіздің басыңызды әкелген адамға сыйлыққа берілмек екен...
Кенесары езу тартып күлді.
— Менің басымның төлеуін соншама арзан санағандары қалай? Өздері бір жылқыны отыз бес сомға бағалағанда, ең болмаса мың жылқы тұрмағанымыз ба? Аршабоқ Петерборға жазған қағазында Кенесары отыз жетінші, отыз сегізінші жылдары Россия патшалығының саудасына екі жүз сексен мың зиян келтірді депті ғой! Осындай жанаралдармен қалай тіл тап дейсің?
— Тіл табу керек. Өйткені олар күшті, сенің басыңа баға қойып отырған солар ғой...
— Күшті екен деп қорыққанымнан тізе бүгем бе? Таймас, әлде сен Кенесарының мінезін білмейтін бе едің?
— Білемін. Білгесін айтып тұрмын. Қиындықта жол таба алмайды десек, хан етіп көтермес едік. «Ашу — жау, ақыл — дос». Бұны қазақ білмей айтқан ба? Көтерілісіміз шаңқай түсіміз еді десек, хандығымыз екіндіміз тәрізді, енді біржолата жер астына күндей батып кетіп жүрмейік, әлі де ойланалық...
— Жарайды, ойланайық. Тағы нең бар?
— Батырмұраттың жасағындағы Гаврилов деген қашқын сыпай... осында келіп жүрген саудагерлер арқылы сенің басыңды алуға Орынборға уәде берген көрінеді. Мұны қысты күні істеу жеңіл депті. Обыріш егер Гаврилов бұны істесе, оның солдаттықтан қашқан күнәсін кешіртемін деп Петерборға қағаз жазыпты. Балалар осы сыпайдан сақ болсын депті.
Кенесары түнеріп кетті. Бағанадан бері үндемей тұрған Жүсіп:
— Гавриловтың өзінің басын алу керек, — деді кенет қатуланып кетіп, — және өзгелерге сабақ болсын, бұл үкімді осындағы қашқын солдаттардың көзінше орындаған дұрыс.
Кенесары ойлана жауап берді.
— Алдымен тексерген жөн... Арам ойы анықталса Қараүлекке тапсырармыз... Жұрттың бәріне сенбегендей, оның ажалын өзгелерге үлгі етудің керегі қанша?..
«Дегенмен бұл ақылды адам, деді Жүсіп ішінен, менікі ағаттық болды. Бір шіріген жұмыртқа үшін, өзгелерге де байқа деп сенімсіздік көрсетудің, әрине, қажеті жоқ...»
Таймас тағы да бірдеме айтқысы келгендей Кенесарыға қарады. Сұлтан оның ойын түсініп:
— Айта бер, — деді енжар, — тағы қандай сұмдығың бар...
— Дәулетші құйып болған зеңбірегін кеше сынаған екен... Заводтағыдай жасау қиын ғой... Әлде салған оқ-дәрі артық болды ма, от қойып атқан шақта күл-талқан бопты. Жанында тұрған Дәулетшінің өзін де мерт етіпті... — Кенесары тұнжырап кетті. Құйылып жатқан зеңбіректерден үлкен үмітті еді. Бұл үміт те құр дәмелендірді де жоқ болды. Ол: