Cіз менің алғашқы махаббатым....
(Әңгіме)
Өмір зымырайды, анау-мынау деп міне соңғы курсқа да жеттік. Менімен бірге төрт-бес студентті қаладан жүз шақырым жердегі бір ауыл ауруханасына жіберді. Бұл ауылдық жер болса да, ауруханасы дәл қаладағы ауруханалар сияқты салынған алдыңғы қатардағылардың бірі болып саналады екен. Бәріміз бірігіп, бір айлық тәжірибе алу үшін жол сапарына аттанып кеттік. Табиғаты тамаша, өте қолайлы жерге орналасқан бұл ауыл маған өзімнің туған жерімді елестетті де, тап-таза ауасымен кеудемді толтыра рахаттана дем алдым. Бізге аурухана дәрігерлерінің біреуі бос тұрған үйін ұсынды. Бұл үйіміздің терезесі тау жаққа қаратылып орналасқан, іші биік, кең екен. Ауласы да түрлі-түсті гүлдерге толы. Мені таң қалдырғаны, алғашқы күннен бастап-ақ таң сәріден сайраған әдемі бұлбүл дауысы еді. Бұндай ғажайыптан оянып, терезелерді ашқанымда, мұрныма әртүрлі гүлдердің қош иісі тау самалымен бірге келді.
-Ух-х! - дедім бұл ғажаптан рахаттанып. Бірден халатымды жамыла, аулаға шықтым. Қаланың у-шуында бұлбұл емес жай құстың дауысын ести алмай жүрген маған бұл ғажайып дауыс, гүлдердің хош иісі, жанымды керемет теңдесі жоқ қиялдарға бөлеп, жәннәттің есігін ашып кіргендей сезімде болдым...
Ауруханада әрі жүгіріп, бері жүгіріп күннің қалай өткенін де сезбей жүрміз. Оның үстіне бәрімізге белгілі мекен жайлар бойынша науқастар бөлініп берілген еді. Біздің міндетіміз түске дейін ауруханада ауруларды қабылдау, түстен кейін болса үйге дәрігер шақырған науқастардың үйлеріне барып қарау еді. Қатты қобалжумен алғашқы рет өз бетімізбен науқастанып қалған адамларды тексеріп, олардың ауруларын дұрыс анықтау сияқты міндеттерді атқарып, сынақтан өту кезеңін басымыздан кешіп жүрдік.
Қызу жұмысқа кірісіп кеткенімізге де бір апта болып қалып еді. Бір күні ауылдың маған тиісты бөлімшеде біреуінің қатты ауырып қалғандығы туралы қағазды қолыма ұстатып жіберді. «О, Құдай» деймін ішімнен. «Қай жері аурады екен? Маған сенім білдіріп жіберіп жатыр, міндетімді атқара алсам жарар еді...» -деп уайымдап та қоямын.
- Аты –жөніңіз кім?- аурып жатқан әйелдің қасына жақындап сұрадым.
Бірақ оның жауап беруге шамасы жоқ екенін көріп, қатты қобалжып тұрған он бес-он алты жас шамасындағы балаға қарадым.
- Елена Сергеевна,- деді ол көз ашпай жатқан әйелге қорқынышпен қарап.
- Жасы нешеде?
- Қырықта.
- Сен кім боласың?
- Ұлымын.
Тексеру нәтижесінде оның қан қысымы өте көтеріліп кеткені анықталды. Мен одан сайын қорқа бастадым. Біріншіден, ауруды бұл күйінде орнынан қозғауға болмайды. Екіншіден, емдеуге тез арада кіріспесе, қауіпті оқиғаға соқтыруы мүмкін. Оны дұрыстап жатқызып, бұндай жағдайда қолданатын қан қысымын жаймен түсіретін амалдарын қолдана бастадым. Сағатқа қарап тұрып бірнеше түрлі уколдарды арты-артынан сала беріп, екі сағат қалай өткенін сезбей қалыппын.
Ауру жайлап көзін ашты. «О, Құдайым қолдады» деп, Аллаға рахметімді айтамын ішімнен. Өте ауыр қалде жатқан адамның есін жиғызып алдым деген сөз.
-Сенің есімің кім?-деп сұрадым анасының көзін ашқанына қуанып әрі-бері жүгіріп жүрген балаға қарап.
-Вячеслав....Слава,-деді ол анасынан көзін үзбей қарап тұрып.
Мен аурудың қан қысымын қайта тексеріп, жаңағы «қорқынышты» күйіне қарағанда әлдеқайда дұрысталғанын көріп:
-Елена Сергеевна қалайсыз? Қатты қорқытып жібердіңіз ғой. Басыңыз ауырып тұрған жоқ па?- деп, қазір маған сүйкімді көрінген әйелдің басынан сипадым.
-Рахмет сіңілім. Біраз ұйықтап кеткенге ұқсаймын. Сіздің келгеніңізді де сезбеппін-деді жай дауыспен.
-Не болды? Бір нәрсеге қатты ренжідіңіз бе? Ұлыңыз қорқып кетті ғой.
Ана ұлына біраз үнсіз қарап түрды да, ешнәрсе айтпады. Вячеслав та маған сырлы қарап қойды. Үйдің іші өте таза жиналған, барлық нәрсе орынды реттеліп қойылған екен. «Мұқият» жанұя екен деп ойлап қойдым сол арада. Мен тағы біраз отырып, науқас кішкене тәуір болғанда, ертең тағы да келетінімді айтып орнымнан қозғалдым. Қабылдауға тиісті дәрілерін, қалай қабылдайтынын ұлына түсіндіріп айттым.
Өз бетіммен орындаған алғашқы көрнекті жұмысым туралы бізге жетекші бөлім басшысына есеп бердім. Оның менің атқарған жұмысыма ризашылығын және мадақтауын естіп үйге өте көтеріңкі күңіл күймен оралдым.
Келесі күні мен барғанда Елена Сергеевна әжептәуір болып қалған екен. Ол мені көрісімен, бейне бір ескі танысы келіп қалғандай орнынан тұрып, төрге шығуымды өтінді. Мен оны тағы да тексеріп, бұдан кейін әртүрлі жағдайда сақтану керектігін ескерте сыртқа бет алдым. Ол шай қою ниетімен орнынан тұрды. Бірақ мен кейінірек ол әбден сауығып кеткенде бірге асықпай шай ішуге уәде беріп, бүгін асығыс екенімді айттым. Ол маған алғысын айта баласына:
-Әпкеңді шығарып сал,-деді.
Вячеслав менімен біраз жерге дейін бірге жүрді, мен оған рахметімді айтып, анасының қасына баруын өтіндім.
-Бір-екі минут уақытыңыз бола ма?-деді ол сәл қобалжып.
-Әрине, айта бер,-дедім оның мен үйге кіргеннен бастап бір нәрсе айтқысы келіп тұрғанын байқап.
-Анам менің кесірімнен аурып қалды.....
Ол тағы да бірнәрселер айтқысы келіп үнсіз төмен қарады.
«Өзі өте ақылды бала сияқты» деп ойладым бірден. Мен бұл баланың тентек екенін жергілікті біреулерден естіген едім.
-Ой, байғұс сорлы әйел. Күйеуі бір маскүнем еді. Одан әрең дегенде айрылысып құтылып еді, мынау баласы да дұрыс адам болмады. Үйінен «мектепке кеттім» деп кетіп, көрінген жерде ойына түскен істермен айналысады екен. Қай жерде төбелес- ұрыс ішінде осы бала болады. Ленаны да осы қалге түсірген сол, -деп еді олар. Мен бұл әңгімені естіп, түн ортасына дейін мазам кетіп ұйықтай алмаған едім. Бұл туралы онымен сөйлесіп көруді ұйғарсам да, бірақ дәл қазір оның жәудіреп тұрған көздерін көріп жаным ашып кетті. Сонымен бірге онсыз да оның жараланып тұрған жанына тұз сепкім келмей, оның әлде де болса түсінгеніне риза болып:
-Ештеңе етпес, қазір сенің міндетің анаңның тәуір болып кетуіне көмектесу. Әлі де кеш емес. Себебі сен анаңның жалғызысың, ол сені жақсы көреді. Адамдардың бәрі туғаннан ақылды бола бермейді ғой,- дедім.
Оның келбеті өзгере «Әрине, солай. Мен үлкейіп азамат болдым. Әлбетте солай болады, -дегендей шаттана қарады.
... Күндер солай ауруханаға барумен, науқас адамдардың үйлерін аралаумен зымырап өтіп жатты.
Ауруханадағы сол күнгі жұмысымыз бітіп, бәріміз қорытындылау сағатында отыр едік, медбикелердің біреуі:
-Дилбәр Билал қызы, сізді бір кісі көргісі келеді, -деді.
«Мені бұл ауылда кім білуі мүмкін» деген оймен есік алдындағы бөлмеге шықтым. Онда Вячеслав - Елена Сергеевнаның ұлы тұр еді.
-Не болды? Анаң ауырып қалған жоқпа? Немесе басқа шаруамен келдің бе?
Шамасы, менің үстемелі сұрақтарым оны састырған сияқты, ол көпке дейін үнсіз тұрып қалды. Мен тағы бірнеше сұрақ қойып үлгердім. Оған енді ғана дауыс біткендей:
-Жоқ, жоқ. Ешнәрсе болған жоқ. Мен өзім... Өзім келіп едім.
Ол тағы көпке дейін үнсіз тұрды. Біраз тыныштықтан соң:
-Сіз біздің үйге анам тәуір болғанда келемін деп едіңіз ғой...
Мен оның қобалжуын аздап болса да жеңілдету үшін:
-Мен бірнеше рет үйлеріңе барып шешеңнің қалін білген едім. Бірақ сен үйде болмағансың,-дедім.
-Білемін. Сіз келген кездерде мен мектепте болғанмын. Мен күнде сабақтан қалмай барып жүрмін,-деді де, маған қарап қойды. Содан:
-Анам сізге өте ризашылығын білдіруде. Сіз барсаңыз қатты қуанар еді...
Ол өтінішпен маған тағы да қарады.
Мен оның мені шақыру мақсатымен келгенін түсіндім де:
-Жарайды, Вячеслав, кішкене жұмыстарым азайғасын барармын,-дедім.
Ол қуанғанын жасырмай:
-Қашан?- деп сұрап қалды да, сәл ыңғайсызданып қалды.
-Таяуда, жарай ма? –дедім оны одан сайын сендіру үшін.
-Ол көтеріңкі қуанышты көңілмен, есікке қарай бұрылды. Одан кейін:
-Менің толық есімімді атайтын тек сіз ғана-деді.
-Саған ұнамай ма? Қаласаң мен де қысқартып айтайын,-дедім.
Бірақ ол:
-Жоқ, жоқ. Маған қатты ұнайды,-деп қолын кеудесіне қойды.
Ол кішкене әрірек барып:
-Қатты ұнайды,-деп қайталап қойды.
Жүгіріп жұмыспен жүріп тағы біраз күн өтіп кетті. Міне қайтатын күнде келіп жетті. Аурухананың ұжымы түгелдей біз қайтатын автобустың қасына бізді шығарып салуға жиналды. Бір ай ішінде біз де, олар да бір-бірімізге бауыр басып қалған екенбіз. Қоштасу шарасы өте қиындықпен өтті. Сөйтіп бәріміз автобусқа отырдық. Кездейсоқ достарымның біреуі:
-Тоқтаңдар, тоқтаңдар. Дилбардың інішегі жүгіріп келе жатыр,-деп қалды.
-Ой-ой, әпкесімен қоштаса алмай қаламын ба деп, алды-артына қарамай арсылдап жүгіргенін көрмейсіңдер ме...,-деді тағы біреуі.
-Дилбарды әлгі Елена Сергеевнасы әбден сауыққанша қалдырып кетсек те болатын екен...
-Соны айтсайшы. Оған дейін мынау Славкасы да өсіп қалады екен...
Құрдастарымның әзілін тоқтату бос әуре еді!
Мен автобустан жерге түстім. Қатты жүгіргеннен, Вячеслав демін баса алмай біраз үнсіз тұрды. Содан:
-Сіз маған бүгін кететініңізді айтқан жоқ едіңіз ғой? Білмей қалуым мүмкін еді...-деп қолындағы қош иісті дала гүлдерінен жиналған гүл шоғын маған ұсынды.
-Сонымен оның әп-әдемі, көкшіл-қоңыр көздерінен төгілген мөлдір жастары, бейне бір жаңадан бері оның ұзын кірпіктері астына жасырынып тұрғандай, ал енді болса жасырынар жер қалмағандай бірінің артынан бірі домалап түсе бастады.
-О, Құдайым, енді не істеймін!
-Мен... мен кеше Елена Сергеевнаға айтқан едім ғой. Вячеслав олай болмайды...Неге жылап тұрсың?!... Сен азамат болдым деп едің ғой...
Мен бұл қиын жағдайда не айтып не қоярымды білмей әлекке түстім. Ең қиыны автобустағы адамдардың бәрі терезеден басын шығарып қарап тұрғаны аз болғандай, аурухананың үлкенді-кішілі бәрі кетпей бізді тамашалап тұр еді.
«Өлген жерім осы болар» деймін ішімнен. Мынау нәрестенің мұңға толы көздеріне қарамауға тырысамын. Не де болса қоштасу мезетін, амалым жеткенше, қысқарту керек.
-Вячеслав, жақсы, сау бол. Елена Сергеевнаға сәлем айт. Оны ренжітпе.
Мен не айтсам да оның көңіл- күйі өзгере қойған жоқ.
-Кәне, Славик, сен мені осы тұнжыраған күйіңмен шығарып салмақсың ба не? Мен соғыс майданына емес, бары-жоғы мына тұрған қалаға бара жатырмын ғой, солай емес пе?-дедім жағдайды жеңілдетуге тырысып.
Ол менімен келіскендей, жымия күлімсірегендей болды.
Мен осы сәтті пайдалана автобусқа қарай бет алдым. Ол анасының жолға деп беріп жіберген тамақтар салынған дорбасын жаңа ғана есіне түскендей маған ұсынды...
...Автобусқа кіргенімдегі достарымның әзілдерін жай тілмен айтып жеткізу қиын еді... Менің мынау ұзын тілді достарым Славиктың анасы жіберген тәтті тамақтарды жей отырып, маған тиісулерін тоқтатар емес. Бірақ, менің құлағыма олардың қалаға жеткенше айтқан мың сөзінің біреуі де кірген жоқ. Керісінше, мынау балақайдың қобалжып тұрған сезімдерін елестету және қиялмен оған басу айтумен әуре болдым.
Бәрінің назары, біз үшін ұзақ уақыт жұмбақ болған дала гүлдерінен жиналған гүл шоғында еді. Біз терезінің бір жағын таудың таза ауасын жұту үшін ашып жатушы едік. Қызық болғаны, әр күні таңертең орнымыздан тұрған кезде біздің тереземіздің алдында бір бума дала гүлі жатушы еді. Белгісіз бұл гүл шоқтары кімнен екенін біз төртеуміз таба алмай, ауылдағы бізге көз салып жүрген жігіттер болар деп, олардың хабарласуын күтіп әуре болған едік. Қыздардың біреуі: «Бұл сенің Славигіңнің гүлдері болар» дегені де болып еді. Мен «Қойсаңшы, ол әлі бала емеспе!» деп жақын жолатпаған едім. Бірақ мен одан тіке сұрай алмай: «Вячеслав, сен дала гүлдерін жақсы көресіңбе?-деп сұрағанымда ол: «Жоқ!» - деп үзіп жауап берді де, бірақ біраздан кейін «Сіз ше?-деп, менің көзіме қарап тұрып сұрады. Мен болсам: «Әрине, жақсы көремін. Себебі мен ауылда өскен қызбын», дегенімде ол ерекше шаттана түскен еді...
Айналамдағы достарымның әзілдері сәл басылғаннан кейін, «кішкентай досымның» үлкен мағыналы гүл шоғын жайлап қолыма алдым. Ондағы тап-таза дала гүлдерінің иісі мұрныма келіп, бізді бір ай бойы бауырына баулыған ауыл иісі есіме түсті. Қиялымды гүл шоқтың ортасында тұрған конверт алаңдатты. Дереу оны қолыма алдым.
«Құрметті, Дилбәр Билал қызы!
Сіз мені жас бала деп ойлайсыз. Бірақ мен сияқты аңқау баланың санасына ақыл ену үшін, Сіз сияқты пейілі кең адаммен кездесуім керек болған ғой. Сіз менің өмірге деген көзқарасымды аз күн ішінде-ақ мүлде өзгерттіңіз. Ең алдымен Сізге анама жасаған қамқорлығыңыз үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Мен осы уақытқа шейін бейне бір басқа дүниеде өмір сүрген сияқтымын. Сізбен кездескен кезден бастан, айналамдағы барша әлем өзгеріп кеткендей, көзіме басқаша көрінеді. Білесіз бе мені қоршаған әлемнің ғажап екенін, мен жаңа ғана көргендеймін!
Сізге мен жинаған гүл шоқтарым ұнағанына, өзімді шексіз бақытты сезінемін. Айтпақшы, жақында Сіз менен дала гүлдері туралы сұрағаныңызда шындықты айта алмадым. Негізі ойымда «Әрине, жақсы көремін. Ол гүлдерді Сізге арнап, тек қана Сіз үшін жинадым» деп айтуым керек еді. Бірақ неге екенін білмеймін мүлде басқаша жауап бердім. Егер шындығына келсек, менің Сізге айтайын деген сөздерім, Сізді кездестірген сәтте сасқанымнан есімнен шығып кетеді. Бұл күйімді өзімде түсіне алмай жүрмін...Маған Сіздің бойыңыздағы барлық қасиет ұнайды. Сізді қайта-қайта көргім келеді. Сізбен бірге жүргім келеді. Сіз менің бұл хатымды оқығанда, маған ренжейтініңізді білемін. Бірақ мен Сізге бұл ақиқатты айтпасам, көңілім тыныш таппайтындай...
Сіз менің бұл айтқандарымды, жас баланың айтқаны деп қабылдайсыз, білем. Ал мен азамат болдым. Мен болашақта жақсы адам боламын. Сол кезде Сізді іздеп табамын және Сізге бұл сөздерімді талай рет қайталаймын. Сол кезде айтатын ең асыл сөздерімді алдын- ала дайындап қойдым. Бірақ бүгінгі күнде ол сөздерімді Сізге айтудан қауіптенемін, Сіздің менімен қарым-қатынасыңыз мәңгіге үзіліп қалуынан қатты қорқамын.
О, Құдайым, Сізді қайта көруге нәсіп етсін.
Ия, айтпақшы, Сіздің менің есімімді толық айтқаныңыз маған қатты ұнайды. Сіз есімімді айтқан сайын өзімді әлемдегі ең бақытты жандай сезінемін.
Жақсы, сау болыңыз. Мен Сізді қайта көргенше Тәңірім Сізді өз қанатында сақтасын!
Шексіз ізге тілекпен Вячеслав»
«О, Алла! Мына балақайды қара» деп ойладым. Әрине, мен оның бойында бұндай сезімнің бар екенін, жүріс тұрысынан, әр күні қайда барсам да «кездейсоқ» кездесіп қалатынынан байқаған едім. Бірақ үндемей жүрген мына кішкентай досымның ойында үлкен «роман» жатқанын еш ойламаған екенмін. Әлі де оған: «Бұл сезімдердің барлығы сенің жасыңдағы балалардың бәрінде болып өтетін «өткенші» бір сезім. Уайымдама, уақыт өтуімен барлық нәрсе өз орнына келеді» деп өзімше оған басу айтып қоямын...
Уақыт дегенің ешкімге ешнәрсені таңдатпай зуылдап өте береді. Ол ең бақытты балалық шағыңды да, сұлу жастық шағыңды да артқа қалдырып опасыздықпен жүре береді, жүре береді...Міне тағдыр мені де өз жетегіне алып келеді. Мені дүниеде үлкен бақытқа бөлеген ұлым да екі жасқа толды. Өзім қаладағы алдынқы қатардағы үлкен ауруханалардың біреуінде қызмет етемін. Жанұя, үй шаруасымен қатар қызмет ету әйелдерді әрқашан бәйгеде жүргендей күйге салып қоятыны бар емес пе. Өтіп жатқан әрбір күн бір-бірінен айнымайтын сияқты. Таңертең ұлымды бала - бақшасына апарып тапсырып, жүмысыма келіп, бөлмемде халатымды кие бергенімде, есікті біреу қақты. Рұхсат бергеннен кейін, бөлмеге ұзын бойлы, келбеті келіскен бір жігіт кіріп келді. Ол менің алдымда көпке дейін күлімсіреп тұрса да, мен оны қайдан көргенімді есіме түсіре алмадым. Әрине, содан оның ғажайып мейірімді қарап тұрған көздерінен таныдым. Бұл менің кішкентай досым Вячеслав еді!
-Қандай тез өсіп кеткенсең Вячеслав, әдемі келбетті жігіт болыпсың ғой! Елена Сергеевна қалай, тәуір болып кетті ме?-дедім оны көргеніме қуана.-Сонда сен мені үлкен қалада қалай тауып келдің?
Ол әлі үндемей қуанғанынын жасырмай күлімдеп қарап отыр еді.
-Анам жақсы, тәуір болып кетті. Ол ылғида сізді есіне алады. Сіз бұрынғыдан да әдеміленіп кетіпсіз,- деді ол қуаныштан ентігіп.
-Ой, сен де айтасың. Мен одан сайын есейе түскен болармын. Жанұя және бала-шаға күтімі адамды аяйды дейсің бе? –дедім.
Менің бұл сөзім оған бейне оқ атқандай болды ма білмедім, әйтеуір маған шошына қарады. Ол енді маған жаңа көргендей таңдана қарады. Жаңадан бері қолымдағы неке сақинасын байқамаса керек. Енді оған да көз салып үлгерді. Жаңа ғана бақытқа бөленіп, шаттанып тұрған кішкентай досымның, бірден өңі өзгеріп тұнжырап кеткенін көріп:
-Тыңдашы мені Вячеслав, сен әлі жассың. Келешегің алдыңда, сен ондай қатты ренжіме жақсы ма? Жаңа ғана қатты қуанып тұр едің ғой. Кәне, маған өзің туралы көбірек айтып берші,- дедім оны басқа нәрсеге алаңдату мақсатымен.
Ол менің тұрмысқа шыққаныма қарсы екенін қайта-қайта айта берді...Мен сізді табамын дедім ғой. Неге сонша асықтыңыз жанұя құруға?
- Дұрыс айтасың табамын дедің. Бірақ мен саған күтемін деп айтқан жоқпын ғой. Сен жас болғандықтан асығыс дейсің, мен үшін асығыс емес қой, -деп айтып та көрдім.
Арада өткен бес жыл ішінде ол мектеп бітіріп, әскери қызметін атқарып келіпті. Осы жылы Алматы Политехникалық институтына оқуға түсіпті. «Азамат болғанда табамын»-деген уәде бойынша өмірде алға қойган мақсатына жетіп, содан кейін мені іздеуді бастап едім, дейді.
Ол медицина институтынан бастап, медицина салаларының бәріне аты-жөнімді айтып іздеген екен. Менің жұмыс орнымды табуға да біраз уақыт кетіпті. Себебі бұл қаладағы үлкен аурухана болғандықтан, бөлімшелері де көп еді. Енді міне ол менің қасымда отыр...
Мені қызметтестерім қайта-қайта іздеп жатқанын қөріп, кішкентай досым жайлап орнынан қозғалды. Әрине, дәл осы сәтте ендігәрі оның мені көргісі келетіні, немесе көргісі келмейтіні белгісіз еді. Бұндай жағдайда не айтуыңды да білмей қалады екенсің. Менімен қайта кездесе ме, немесе кездеспей ме, оның енді өз еркі біледі, әрине. Не де болса бүгінгі оқиғаны ұмытуға оған уақыт керек. Мен енді Славикті «не болса да, өзің шеш» дегендей үнсіз шығарып салдым.
Бір-екі күн ол менің жұмыс орныма келмеді. Мен «менің кішкентай досым» барлық нәрсені түсінген ғой, деп қызметімді атқарып жүре бердім. Үшінші күні ол мені аурухана алдында күтіп тұр екен. Мен оның тұнжыраған түрін көріп аздап сасып қалдым. Ол, бейне бір ауыр науқастай, көңіл-күйі жоқ, бозарып кеткен. «О, Алла, екі күн ішінде жайнап тұрған келбеті неге сонша солып қалды екен» деймін өзімше.
Мен сөзді неден бастарымды білмей:
-Көңіл-күйің жоқ қой, Вячеслав? –деп қойдым.
Ол маған ешнәрсе айта алмай, басқа жаққа қарап еңсесі түсіп, ауыр күрсініп қойды. Біраздан кейін:
-Өзіңіз қалайсыз? Жақсы дем алдыңыз ба? –деп сұрады.
-Рахмет. Өзіңнің жағдайың қалай, оқуың жақсы ма? Үйреніп қалдың ба? Оқуға түскенің өте жақсы болған екен. Анаң да қуанып қалған болар,-дедім. Негізі не айтып, не қоярымды білмей тұрмын.
Ол тағы да үндемеді.
-Сіз мені бір сәт болса да есіңізге алдыңыз ба? –деп сұрады ол менің айтқандарымды мүлде естімегендей.
Ол бұл тосын сұрақты қойғанмен, жауабымды күтпей, абыржып маған көз салды.
-Әрине, ойладым. Сені де, Елена Сергеевнаны да көп ойладым. Айтпақшы, сен анаңа мені кездестіргеніңді айтасың ба?
Ол сәл шаттанып қалғандай сезілді маған.
-Әрине, айтамын. Мен оған барлық сырымды жасырмай айтып беремін. Менің анашым дүниедегі ең жақсы ана. Ол мені жақсы көреді. Анам көп жылдар бойы тек қана сізді ойлап, кездесуді аңсағанымды жақсы біледі. Мен осы жолы сізді «сөзсіз табамын» деп едім. Бірақ...
Ол бір сәтке үндемей тұрып қалды.
-Айтыңызшы, сізге келіп көріп тұрсам бола ма? Тек қана көріп түруыма мүмкіндік бересіз бе?-деп сұрады мұңлы дауыспен, менің сағатыма қарап жұмысыма асығып тұрғанымды байқап.
-Вячеслав, өмірде барлық нәрсе біз ойлағандай болмайды. Бұл да бір тағдырдың жазмышы ғой. Біз, пенделер, сол тағдырдың жазып қойғанын тек қана орындаушы ретінде өмір сүреміз. Сен де, мен де сол тағдырдың жазмышына көнуіміз керек. Мен саған «келіп тұр» деп айта алмаймын. Себебі екеуімізге де бұл дұрыс болмайды. Әсіресе сен үшін керегі жоқ кездесу. Мені дұрыс түсінуіңді сұраймын. Қазір сен маған ренжіуің мүмкін. Бірақ болашақта менің айтқандарым дұрыс екенін түсінетін кез келеді...
-Тағы бір сұрайын дегенім, ол... ол сізді жақсы көре ме? Тек шындықты айтыңызшы, сіз онымен бақыттысыз ба? Ол менің берер жауабымнан шошыдыма, әлде басқаша айтуымды күтті ме... әйтеуір ол бұл сұрақты да қиналып сүрады.
Содан менің жауабымды күтпей-ақ:
-Айттыңызшы, сізге қолы жеткен жігіт өзінің нағыз бақытты адам екенін біле ме? Немесе...
-Өмір деген өте күрделі ғой, Вячеслав. Бұны оның өзінен сұрау керек. Себебі сезім туралы асығыс айта салуға болмайды, және де басқа адам үшін жауап беру қиын. Сенің кішкентай інішегің бар. Менің негізгі бақытым да сол... Қарсы болмасаң, мен саған оны көрсетемін. Қазір мен асығыспын, жұмысыма баруым керек. Маған ренжімейсің ғой, жақсы ма? –дедім, Славиктің онсыз да жараланып тұрған жанын, одан сайын жараламауға тырысып.
Ол мен ұзап кеткенше артымнан орнынан қозғалмай қарап тұрып қалды.
«Әттең, әттең бұл кереметке не айтасың», деп қоямын ішімнен.
Сол күні кешке ұлым тұмауратып қалды. Менің бар шаруам баламды емдеу болып, бір аптадай үйде болдым.
Ауруханаға келсем, ұжымдастарым жұмыстың өте көбейіп кеткенін айтты. Мен де біраз күн жұмыстан қалып қойғаныма ыңғайсызданып, бірден іске кірісіп кеттім. Біресе аурулардың бөлмелерін аралап, біресе құжаттарын толтырумен шауып жүрмін. Ерегескендей аурулар да көбейіп кетті. Дәл осы сәтте қызметтестерімнің біреуі:
-Дилбәр Билал қызы, бұл сізге,-деді де бір қағазды қалтама салып кетті. Жұмыстың көптігінен әлгі қағаз туралы ұмытып кетіппін. Кешке жақын қолымды қалтама сала бере:
«О, Алла! Не қағаз еді бұл? Есімнен шығып кеткенін қарашы» деп бірден қолыма алдым. Оның ішінде хаты бар конверт екен. Жазуынан бірден таныдым. Бұл Вячеславтың хаты еді
«...Жанымнан да жақсы көретін асыл жанға жүрегімнен жалынды сәлем!-деп бастапты менің кішкентай досым хатын(неге екенін есімімді жазбапты)
Құрметтім, менің алғашқы және де өшпес махаббатым! (Бірнеше жылдар бойы Сізге айтып жүрген, бірақ дауыстап айтуға бұйырмаған бұл сөздерімді бір рет болса да жазып қалдыруға рұхсат етерсіз деп ойлаймын).
Мен бір апта бойы Сізді күн сайын күттім. Бірақ Сізді мені көргіңіз келмейтіндіктен жұмысқа келмей қалады деп ойламаппын. Өкінішке орай Сіз айтқандай тағдыр Сізді менің маңдайыма емес, басқаға жазған екен, ең қиыны егер Сіз өзіңізді онымен бақыттымын десеңіз, менде шетке шығудан басқа шара бар ма?
Ия, солай менің асылым! Сіз айтқандай тағдыр өте қатал екен. Менің ең алғашқы сезімімнің күл-талқаны шықты.
Өткен жылдар бойы мені сендірген тәтті армандарымның ең болмаса бір шетімен ғана танысып көрсеңіз ғой, менің қол жетпес жұлдызым! Сол бір менің армандарым мені болашаққа жетектеген еді. Есіңізде ме, Сіз бізге келген жылы ауыл әкімінің көлігін жүргізетін түрк жігіті ылғи Сізді айналып кетпеуші еді ғой. Менің Сізді сол жігіттен қаншалықты қызғанғанымды білсеңіз ғой. Сол бір сәтте менің мазам кетіп, күні –түні бар шаруам Сізді күзету болып еді. Ол жігіттің өте сымбаттылығы, мені одан сайын қинайтын еді. Кейде тек Сіз жүрген жерде жүру үшін тығылып жүрсем де, байқап қалатын едіңіз. Өзімше әттең бір кез келсе, мына жігіттің сазайын берсем ғой, деп ойлаушы едім. Менің бағыма Сіз ол жігітке назар аудармадыңыз. Сонда да менің қызғанышым, жақында ол үйленгеннен кейін ғана басылып еді. Міне, қазір Сіз менің қасымда емес, яғни күлкіңізді басқаға арнасаңыз да, мен Сіздің қасыңызда жүрген адамның сазайын бере алмаймын. Себебі Сіз айтқан тағдырдың жазмышы сол. Неге бұл тағдыр біреуді жылатып, біреуді күлдіретін жазулармен айналысады екен!Бұл жазудың сырын Сіз маған айта аласыз ба?
Мен Сізбен кездесіп, сұхбаттасып, бауырыма басып тұрып, көп жылғы сағыныш мауқымын басуды, Сізбен бірге шаттануды, Сізбен бірге қол ұстасып жүруді армандаған едім. Енді менің армандарым быт-шыт болды. Мен бұл дүниеге симай қалдым, арманым менің!
Менің Сізге айтатын құпия сырым – адамдардың өмірін өзінің өткір қаламымен қалағанынша өзгертетін сол бір тағдырдың күші жетпес бір ғажайып дүние бар – ол менің тәтті қиялдарым. Мені қуантатын бір нәрсе –қиялдау үшін тағдырдан да, тіпті Сізден де рұхсат сұрамаймын. Мен үшін өте ұзақ болған төрт-бес жыл бойы мен қиялдап Сізбен бірге ауылымның сулар сарылдап ағып тұрған тауларында, құстар ерекше әдемі сайраған бақтарында, түрлі-түсті жұпар иіс гүлге толған даласында талай рет серуендеумен бақытқа бөленген едім. Себебі мен Сіздің ауыл табиғатын жақсы көретініңізді білемін. Мен Сіз бен бірге өмір сүруді әлі де қиялдай беремін...
Өкініштісі, менің сырымды білгендердің көпшілігі «Шығыстың қорғаны өте мықты, ол өз гүлдеріне ешқашан да көршілердің бұлбұлдарын сайратпайды...» деп айтып еді. Шамасы, Ұлы Шығыс халқы алдында ғашық болып жанған жүрек оты өте аз, тек түтіндей болып көрінетін сияқты. Әттең! Мен мұңын тыңдайтын гүлі жоқ сайраған бұлбұлдай болдым.
Сіз айтқан тағдыр мені жеңді. Мен оқуымды басқа қалаға ауыстыруға мәжбүрмін. Менің басқа амалым жоқ. Сізді аңсап келген бұл қалада, мен Сізді көре алмасам, тағы да бұрынғы сағыныш отында күйетін болсам, бұл қаланың маған қасіреттен басқа берері бар ма еді?
Сонымен, мен ертең сағат алтыда Алматы-Москва поезімен жолға шықпақпын. Егер менде билік болса, Сізді соңғы рет көру үшін, шығарып салуға шақырар едім. Дәл сол кезде тек қана бес минутқа менің жүрегімнің лүпілін сезу үшін ғана кеудеме басыңызды қойып тұруыңызды сұраған болар едім. Сол «бес минуттан» пайдаланып, Сіздің еш өзгермес, керемет хош иісіңізді мәңгі денеме сіңдіруге, ал дәл сол сәтті өзіммен бірге өмір бойы алып жүруге тырысар едім... Өкінішті жері ондай құдірет менде жоқ.
Жүрегімді жаралаған, осы бір опасыз Тағдырға Сізбен кездесуді жазып қойғаны үшін және теңдесі жоқ жылу сезімдерге бөлегені үшін алғысымды айтпасам болмас, деймін.
Асылым, Сізбен қоштасқым келмейді, бірақ менде басқа амал жоқ екенін өзіңіз де білесіз. Тек маған бақытты боламын, әрдайым қүліп жүремін, деп уәде беріңіз!
Мені де көңілді күймен есіңізге аларсыз!
Сізді мәңгі ұмытпай ардақтаушы Вячеслав.
Мен алғашқыда не болып кеткенін түсінбей, аңтарылып қалдым. Сосын бірден уақытқа қарадым. Сағат төрт. Хат кеше жазылса, сонда ол бүгін кетуі керек.
-Не істеуім керек? Вокзалға барамын ба, әлде солай кете бере ме? Әттең уақыт та аз қалып тұр. Енді не істесем екен?
Данышпандардың: «Бірер күрделі мәселені шешу алдында ақылдың әлі келмей қалса, жүректі тыңдау қажет»деген сөзі есіме түсті. Әрине тездетіп шешім қабылдадым. «Қалайда кіршіксіз пәк сезімге құрметпен қарап, дұрыс жауап беруің керек» дегендей жүрегім менің мені асықтырады.
Мен оны шығарып салуды ұйғардым. Енді тез қимылдауым керек. «Оған не айтамын» деп уайымдай бастадым. Азғана уақыт ішінде мен оны ренжітіп алмай, түсінетіндей сөз тауып айтып үлгеремін бе? Ия, таптым. Хат жазып беремін. Ол маған бірнеше рет «Сіздің бірде- бір маған жазған хатыңыз да жоқ. Ең болмаса маған ұрсып болса да хат жазсаңыз ғой» деген еді ғой...
«Құрметті Вячеслав! Біріншіден сенің осындай күйге түскеніңе өкініштімін. Шынымды айтсам, бұндай болады деп ойлаған емеспін. Сөзімнің басында саған айтқым келетіні, мен де сені қатты жақсы көремін. Бірақ ең өкініштісі, бұл тек қана әпкесінің інісіне деген махаббаты ғана. Қадірлі Славик! Менің саған өтінішім, осы ақиқатты солайымен дұрыс қабылдауыңды сұраймын. Менің де дәл кәзір сенің басыңнан сипап тұрып бұл сөздерді айтып, сен сияқты кішкентай інішегімнің быт-шыт болып тұрған көңілін жақсы сөздермен жұбатқым келеді. Бірақ барлық нәрсе ойдағыдай болмай тұрғанын өзіңде көріп тұрсың. Енді сенің «мені көргіңіз келмегендіктен жұмысқа да келмей қалдыңыз» деп айтуың орынсыз. Жұмысқа келмеген себебім, кішкентай інің ауырып қалды. Тағы бір қателігің туралы да айтпасқа болмайды. Сен айтқандай мен Шығыс қызы. Сені гүлге ғашық бұлбұлдың қатарына қоспаған «Шығыс» емес, тек қана мен едім. Себебі мен сені алғашқы күннен дәл осы күнге дейін «өзімнің кіші інімдей» қабылдадым.
Вячеслав! Айналайын, інім Вячеслав! Бұл өмірдің сені таң қалдыратын сырлары әлі көп. Сен өте ақылды және көркем жігітсің. Сенің болашақта бақытты болатыныңа сенімдімін. Сен тек шыдап өз бақытыңды күт.
Мені сенің дегеніңдей бола алмағаным үшін кешірерсің деп ойлаймын.
Егер сенсең, амал ым болса мен сені мұндай халге мүлде салмас едім. Маған деген пәк сезімің үшін, саған шын көңілден алғыс айтып, алдыңда бас иемін, Вячеслав! Мен де сені ешқашан ұмытпаймын.
Шексіз ризашылықпен әпкең Дилбәр»
Міне қызық. Мен хатымды жазамын деп жүргенде поезд кетіп қалуға аз қалыпты! Жұмысымнан асыға шығып вокзалға қарай бет алдым. Ерегескенде уақытта зымырап өтіп жатқаны...
«Әттең үлгере алам ба екен» деп мазам кете бастады. «Жоқ. Егер Құдайдың бары рас болса, Вячеславты шығарып салуыма бөгет болмайды» деп арасында Аллама сыйынып та қоямын.
Әйтеуір жеттім-ау. Бірақ поездың жүруіне тек бес-алты минут қана қалған екен. Вагон номерін білмегендіктен мен асыға «Алматы-Москва» поезін бойлап әрі-бері қарап жүріп келемін. Бірақ мен іздеген жігіт көрінер емес.
-Мен мұндамын!-деген дауыс бүкіл вокзалды жаңғыртып жібергендей болды. Мен артыма бұрылдым. Бұл жетінші вагон екен. Мен оның қасынан өтіп кеткен екенмін. Өкпемді баса алмай ынтыға жеттім. Өкініштісі, вагон жол серігі Вячеславтың жалынғанына қарамай вагон баспалдағын көтеріп жіберген еді. Ол, бейне бір қамауға алынған адамдай, аянышты күймен сыртқа ұмтылуда еді. Бірақ поезд соңғы рет қоңырауын соқты да, жаңағы жігіт «Біз дайынбыз!» дегендей қолындағы таяғын көтерді. Поезд жайлап қозғалды. Сол кезде ғана қолымдағы хат есіме түсіп, менде жүгірдім. Жаңадан бері тиісті міндетін атқарып жүргенмен Вячеславтың сөздерінен әсер алды ма вагон есігін жауып тұрған жаңағы жігіттің назары екеуімізде екендігі-ол менің қолымдағы хатты жұлып алғаны дәлелдеді. Ол бірден хатты Вячеславқа ұсынды. Поезд алыстай берді. Бірақ менің кішкентай ғашықтық сезіміне бөленген досым қолына хатты алысымен шаттана кеудесіне басты....
...Поезд жүріп кеткеніне қанша уақыт болды байқамадым. Әйтеуір мен есімді жиып, әлсіреген аяқтарымды қозғаған кезде ымырт түсе бастаған еді...