Жылғы Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы
Тулемесов Наурызбай Ержанович
Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім Министрлігі
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
Ақпараттық технологиялар факультетінің АУ-13 тобының студенті
Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы 17 — 18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады.
Республиканы ұзақ уақыт басқарып, еліміздің дамуына зор үлесін қосқан Дінмұхамет Қонаев болды. Ол Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің және Жоғарғы Кеңес төрағасы, 1960-62 және 1964-1986 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы ОК І хатшысы қызметтерін атқарды. Д.Қонаев саясаткерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқылы үлкен беделге ие болды. Ол білик басында болған уақыт қанша ауыр болғанымен елдің экономикасын, ғылымын, мәдениетін дамытуға елеулі еңбек сіңірді. Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесіне қызмет етті. 1960ж. басында Н.С.Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайтарып алуы соның айғағы. 1986 жылдың көктемінде, Теңіз мұнай-газ кешені мен Түменді біріктіріп біртұтас кешенді өндірістік аймақ құру туралы Горбачевтің жымысқы ойын дөп таныған Қонаев іске асыртпай тастады. «Бұл – авантюра, ғылыми негізделмеген ішкі ұсыныс, шығын өте көп кететін жоба» деп төрт табандап отырып алған Қонаевтың бұлтартпас тұжырымымен Горбачевтің келіспеске амалы қалмады. Мысы құрып, кек сақтады. Расында да, бұл қауіпті жоба қабылданып кеткенде, Қазақстан өзінің солтүстіктегі бірнеше облыстарынан айырылып қалар еді. Д.Қонаевтың қайраткерлігі мен адамгершілік қасиеттері халыққа кеңінен мәлім болатын. Республика жетекшісі ретінде Д.А.Қонаев сол әміршіл-әкімшіл жүйенің өкілі еді. Сол себепті Д.Қонаевтың тағдыры Мәскеуде шешілді[1. б. 261].
1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің V пленумы шақырылды. Пленумда ұйымдастыру мәселесі қаралды. Ол небәрі 18 минутқа созылған. Пленумның қаулысы бойынша КОКП ОК өкілі Г.Разумовскийдің ұсынымен Қазақ КСР КП ОК І хатшысы Д.А.Қонаев қызметінен алынды. Қазақ КСР КП ОК І хатшысы болып Геннадий Колбин тағайындалды. Оған дейін ол Ульяновск облыстық партия комитетінің жетекшісі болған[1 б.262].
Орталықтың мұндай өктемдігі халық наразылығын тудырды. Ол заңды құбылыс. Себебі, қоғамда демократия мен жариялылық орнатамыздеп ұрандаған партия басшылығының бұл әрекетіне халық бірден қарсылық білдірді. 1986 жылы 17 желтоқсан да Алматыда қазақ жастарының жаппай толқуы басталды. Студент жастардың наразылықтары Қарағанды, Жезқазған, Арқалық, Талдықорған, Өскемен, Алға,Целиноград, Көкшетау қалаларында да болды. Желтоқсан көтерілісінің басты себептері:
-Орталықтың ұлт саясатындағы әділетсіз әрекеттері;
-Кеңес үкіметінің ұлттық мәдениет пен халықтың салт дәстүрлеріне қысым жасауы;
-Ашық түрдегі орыстандыру саясаты;
-Қазақ тілінде білім беретін мектептердің жаппай жабылуы әрі ЖОО-да қазақ тілінде білімнің берілмеуі;
-Орталықтың өктемдігі мен Горбачев жариялаған демократия талаптарының орындалмауы.
Жастардың наразылығы бейбіт түрде басталды. Олар басқа ұлт өкілдері мен мемлекеттік құрылысқа қарсы үндеулер көтерген жоқ. Мәскеуде Алматыдағы оқиғаға баға берген алғашқы құжатта: «1986 жылы 16 желтоқсанда таңертеңгі сағат 9 да Алматыдағы Брежнев атындағы алаңда, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үйі алдында мал дәрігерлік,мауыл шаруашылық, политехникалық институттарының ұлты қазақ екі жүзге тарта студенттері жиналды. Олар қолдарына қазақ және орыс тілдерінде: «Әр халыққа өз көсемі», «Ленин деялары жасасын», «Күшпен емес, ерікті, еркін қосылу үшін», «Езі мен қанаусыз еркін, ерікті даму үшін» деп жазылған транспорант ұстаған. Жекелеген студенттер «1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысының сайлау шешімі бұзылып, қызметке жергілікті ұлт өкілі сайлансын деп айқайлайды....» деп, сол кездегі Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Мирошник мәлімет берген[3 б.9].
17 желтоқсан күні ертеңгілік Орталық Комитет ғимаратының алдындағы Л.И.Брежнев алаңына жастар шықты. Екі күн бойы митингілер өтіп жатты, екі ретінде де ол әдейі ұйымдастырылған тәртіпсіздіктермен аяқталды. Үшінші күні тексеру жұмыстары басталды. Желтоқсанның бұл үш күні Қазақстанды ғана емес, бүкіл Одақты да тайдырып жіберді. Еліміз тұңғыш рет ұлтаралық араздық ұғымына тап болды. «Жаңа тарихи қоғамдастық-совет халқының», «Біртұтас және бөлінбес» Одақтың үйреншікті бүтін әлемінің ұлттық белгілері бойынша іргесі сөгілді[4 б.399].
Түстен кейін астананың Брежнев есімімен аталатын алаңына студент және жұмысшы жастардың әлдеқайда көп бұқарасы жиналды. Олардың саны әртүрлі деректер бойынша бес мың адамнан отыз мың адамға дейін өзгеріп отырған.
Шеруді қуып тарату үшін Жастардың митингісін жаншуға бірнеше әскери бөлім Алматыға әкелініп, қарулы күштер енгізілді. Фурманов көшесінің бойында бронетранспортерлер пулеметтерін көкке көтеріп, соғыс кезіндегідей тұрды. Бұдан басқа да әскери күштер қаланы жауып кетті. Олардың құрамында: әскери қызметін өтеп жатқан 200 адам, Алматы қаласының ішкі істер басқармасының оперативтік полкінен 640 адам, ведомстволық милиция полкінен 320 адам, қала аудандарың ішкі істер бөлімдерінен 400. Қазақ КСР ішкі істер министрлігінен 300, Орталық Азия әскери округінен – 500, Новосибирскіден бір рота – 200, Мәскеуден КСРО Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары басқарып келген бір әскери бригада болды. Осылардың бәрі Алматыға не үшін кіріп бара жатқанын біле отырып, Қазақстан үкіметі ешбір әрекетсіз қарап отырды. Операцияға милиция мен ішкі әскерлердің жеке құрамының 3200 адамы, 11 өрт сөндіру машиналары, әскери округтен 15 БТР қатыстырылды. Жеке құрам батыл, қайыспастан, нық шешіммен қимылдады[4 б.400]
Алаңды құрсауға алуға:ешкімді шығармауға және ешкімді кіргізбеуге бұйрық берілді. Толқудың қақ ортасына жақындаған демонстранттардың жаңа топтары қоршауды бұзды, қақтығыс туды. Қоршаудың ішіндегі адамдар жаңадан келгендердің қоршауды бүзып кіруіне көмектесті. Шиеленестің шегіне жетуі ҚазКСР Ішкі істер министрі Князевтің басып-жаныштауды бастауға бұйрық беруге алып келді[6 б.91-92].
Желтоқсан көтерілісінің бастауында Қ.Рысқұлбеков, Қ.Айтмурзаев, Б.Иманғожаев, О.Сейтембеков, А.Қаметов, Е.Көбесбаев, Л.Асанова және т.б. болды.
Шындығында,жастарды қуып тарату жөніндегі «Метель» операция 18 желтоқсанда 20 сағат 30 минутта бронетранспортерлермен күшейтілген үш эшелондық әскери құрылыммен және өрт сөндіретін машиналармен және өрт сөндіретін машиналармен жүргізілді[6 б.93]. Толқулардан кейін бірнеше күннен соң газеттерде:
· "...ұлтшылдыққа азғырылған студенттер тобы қоғамдық тәртіпті дөрекі бұзған болатын, өрт ұйымдастырып, бүлік шығарып, бейкүнә адамдарды соққыға жықты. Мұның барлығы қазақтардың ұлттық намысы қысымға түскенін қорғау барысындағы ұрандармен жанамаланғандай болды.." ("Жағдайымыз мүшкіл", "Кешкі Алма-Аты" газеті, 27.12.1986)
· "..Көпшілігі мас және есірткінің әсерінде жүрген бұзақылардың қандай құқықтары болды...." ("Жағдайымыз мүшкіл", "Кешкі Алма-Аты" газеті, 27.12.1986)
· "Құзыретті органдар тәртіпсіздікті бастаушылар, бұзақылар жөнінде те"Ұлттық бағытталған элементтердің қозғалысы Алма-Атыда еңбек етіп жатқандардың арасынан заңды қарсылық шақыруда. Қала мен аудандардың саясаттық және комсомолдық белсенділері, еңбек ұжымдары, ауқымды қоғам оқығандар тобының дәйексіз қозғалыстарын мінеп-сынап, кеңес және саяси органдар жүргізген барлық шараларға қатысқан болатын ("Алаңда бөтендер", "Алатау алаулары" газеті, 26.12.1986)
· "Тергеулер жүргізуде..." ("КОКП Политбюро" айдары, "Қазақстандық шындық" газеті, 27.12.1986)
Көтерілісшілердің өте қатал жазаланғанын ерекше атап өту керек. Жедел жәрдемнің 20 бригадасы зардап шеккен 540 адамды емдеу мекемелеріне жеткізді. 209 адам ауруханаға жатқызылды, 1722 адам дене жарақатын алды. Жоғарғы Кеңес Төралқасы Комиссиясының бағалауынша, ұсталғандардың жалпы саны 8500 адамға жуық. Прокуратурода 5324 адамнан, МҚК-де 850 адамнан жауап алынған. 900-ге жуық адам соттардың, милицияның және кәсіпорын әкімшіліктерінің қаулысы бойынша әкімшіліктерінің қаулысы бойынша әкімшілік тәртіппен жазаланған. 1400 адамға қатаң ескерту берілген.
Желтоқсан құрбандарының бірі – Алматы архитектура құрылыс институтының студенті Қайрат Рысқұлбеков еді. 1988 жылы КСРО Жоғарғы Соты оған берілген ату жазасын 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырды. Бірақ, ол 1988 жылы мамырда белгісіз жағдайларда түрмеде қайтыс болды. Ол небәрі жиырма екі ақ жыл ғұмыр кешсе де, артында ерлік ісі мен азаматтық асқақ даңқын қалдырды.
1996 жылы 9 желтоқсанда Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қ.Рысқұлбековке Халық қаһарманы атағы берілді.
1989 жылы маусым-мамыр айларында КСРО Жоғарғы Кеңесі халық депутаттарының І съезі өтті. Онда съезд депутаты М.Шаханов СОКП басшылығынан «Желтоқсан көтерілісіне» әділ баға беруді талап етті. М.Шахановтың талабына алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері қолдау білдірді. Олардың қатарында батыл қолдау білдірген академик А.Сахаров болатын. Осындай талаптың нәтижесінде Желтоқсан көтерілісіне түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия төрағасы болып КСРО халық депутаты М.Шаханов сайланды. Комиссия құқықтық тұрғыда жан жақты сараптан өткізгеннен кейін қаулыдағы «қазақ ұлтшылдығы» деген айып қате деп мойындалды. Бұл Желтоқсан көтерілісіне қатысты тарихи шындықты қалпына келтірудің бастамасы еді.
Рысқұлбеков Қайрат Ноғайбайұлы – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны, «Халық қаһарманы». 1986 жылы Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтына оқуға түскен. Осы жылы 16-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысады. Көтеріліс қатыгездікпен жаншылғаннан кейін 1987ж. қаңтарда тұтқындалды. 1987ж. 16-маусымда өлім жазасына кесілді. Халықаралық қауымдастықтың КСРО басшылығынан Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы өтініштерін кейін Қ.Рысқұлбековке берілген өлім жазасы 20 жыл бас бостандығынан айырумен ауыстырылды. Бірақ оның өміріне Семей түрмесінде құпия жағдайда қастандық жасалған.
Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы Қазақстан тарихындағы естен кетпес, аса ауыр және қайғылы беттердің бірі. Бұл оқиға жаңа бағыттың – экономикалық реформаларының, әлеуметтік бетбұрыстың жаңа серпінімен дамуына себепші болды. Желтоқсан оқиғасы – қазақ халқының ар-намысы қасіреті.
Mемлекет қайраткерлері. Желтоқсан оқиғасы туралы
«Тарихтың ойлы-қырлы белестерінде халықтың жүрегінде, жадында жатталып қалатын, қоғамдық дамуға айрықша әсер етіп, ұлттық сана – сезімге қозғау салатын аса маңызды оқиғалар болады. Қазақ халқы үшін сондай асулардың бірі – 1986ж. желтоқсан оқиғасы».
Н.Назарбаев
«Желтоқсан оқиғасы жапон жұртының үлкен елеңдеушілігін туғызды. Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, күллі одақтағы демократиялық қозғалыстың көшбасшысы еді. Қазақтың өрімдей жастары қоғамның ызғарына ұрынып, жапа шексе де, бүкіл елді оятып кетті».
Тохико Хаяси-Сан
Қолданылған әдебиеттер
1.Шаяхметов Н.У.ХХ-ғасырдағы Қазақстан тарихы.-Алматы,2014
2.М.Уақтегі.Ер намысы – ел намысы: Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков жайындағы жинақ.-Алматы,1998
3.Табеев К.1986.Желтоқсан.-Алматы,1991
4.Қуандық Е.С.Қазақстан тарихы(Кеңес және тәуелсіз Қазақстан дәуірі).-Алматы, 2009
5.Оралтай Х.Елім-айлап өткен өмір.-Алматы,2005
6.Қайым-Мұнар Табеев.Қазақтың Желтоқсаны.-Алматы,2006