29–30 қыркүйек айында Мюнхен конференциясы ашылды. Конференция жұмысына Гитлер, Муссолини, Даладье және Чемберлен қатысты. Конференцияның күн тәртiбiнде «Чехословак мәселесi» қаралғанымен, Чехословак президентi Э.Бенеш қатыстырылмады. Мюнхен келiсiмi бойынша Судет облысы Германияға берiлдi. Судет облысында 5 млн халық тұрса, соның 3 млн халқы немiстер болатын. Судет облысында Чехословакия өнеркәсiбiнiң 40% орналасқан едi. Мюнхен келiсiмiнен кейiн Германияның шекарасы Прага қаласынан 40 шақырым жерде болды. Мюнхен келiсiмi екiншi дүниежүзiлiк соғыстың бастауы болды. Мюнхен келiсiмiнен кейiн Гитлер Венгер сыртқы iстер министрi Чакимен кездескенде былай деген: «Неслыханное достигнуто. Вы думаете, что я сам полгода назад считал возможным, что Чехословакия будет мне как бы поднесена на блюде ее друзьями? Я не верил, что Англия и Франция вступят в войну, но я был убежден, что Чехословакия должна быть уничтожена военным путем: то, что произошло, может произойти лишь раз в истории». (1939 год. Уроки истории. М., 1990.–144 с.).
Мюнхен келiсiмiнен кейiн Чехословакия жерi екiге бөлiндi. Чехословакия 1939 жылдың 15 наурызына дейiн Екiншi Республика деп аталды. 1938 жылы 5 қазан күнi Бенеш биліктен кеттi. Чехословакия президентi болып реакциялық топтардың басшысы Э.Гаха сайланды. Үкiмет басшысы Р.Беран болды. 1939 жылы наурыздың 14 күнi Гаханы Берлинге шақырып Гитлер Чехия мен Моравияны Германияның протектараты деп жариялады. 15 наурызда Германия Чехословакияны толық жаулап алды. 1939 жылы наурыз айының 21 күнi Гаха Ұлттық жиналысты таратып, елдiң билiгiн немiс әкiмшiлiгiне өткiздi.
1938 жылы қарашаның 2-і күнi Вена арбитраж заңынан сәйкес, Словакия дербес мемлекет болып жарияланды. Германияның бақылауындағы «қуыршақ» Словак мемлекетiн Тисо басқарды. Словак жерiне немiс армиясы орналастырылды. 1941 жылы маусым айының 24-і күнi Словакия КСРО-ға соғыс жариялады.
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс қарсаңындағы Франция, Англия және АҚШ мемлекеттерiнiң ұсынысымен Мюнхен келiстi. Чехословак мемлекетiнiң жойылуына байланысты чех және словак халқы өздерiнiң тәуелсiздiгiнен айырылды. Чехословак халқы 1939–1945 жылдарда фашизмге қарсы ұлт-азаттық күрес жүргiздi.
1939–1945 жылдарда Бенеш басқарған Чехословак эмиграциялық үкiметi Лондон қаласында антигитлерлiк бiрлiк елдерi жағында фашизмге қарсы күрестi.
Австрия. 1918–1939 жж.
Австрия Республикасының құрылуы. 1918 жылы қазан айында Австро-Венгриясоғыста жеңiлдi. Габсбург мұрагерлiк империясы өмiр сүруiн тоқтатты. Империя құлағаннан кейiн Орталық Еуропада тәуелсiз мемлекеттер құрылды. Олар: Австрия, Венгрия, Чехословакия, Польша. 1918 жылы қазан айының 30-ы күнi Вена қаласында еңбекшi халықтың қатысуымен iрi демонстрация ұйымдастырылып, халық республиканың жариялануын талап еттi. Социал-демократ партиясының басшысы Карл Реннер үкiмет құрды. Уақытша ұлттық жиналыс (парламент) шақырылып, конституцияның жобасын қабылдады. 1918 жылы қарашаның 12-і күнi парламент Австрия Республикасының құрылғандығын жариялады.
Австрияның экономикалық дамуында дағдарыс басталды. Экономикалық дағдарыс елде үкiметке қарсы наразылықты күшейттi. 1920 жылы маусым айында социал-демократ үкiметi отставкаға кетуге мәжбүр болды. 1920 жылы 1 қазан айында жаңа конституция қабылданды. Австрия демократиялық Республика болып жарияланды. Парламент екi палатадан: Ұлттық кеңес және Федералдық кеңестен құрылды. Конститу-ция жалпыға бiрдей сайлау, сөз бостандығы, ұждан, баспасөз және әлеуметтiк құқықтарды жариялады. 1920 жылы 17 қазанда парламент сайлауы өттi. Сайлауда негiзгi буржуазиялық христиан-әлеуметтiк партиясы жеңiске жеттi.
Жаңа үкiметтi реакциялық бағыттағы И.Зейпель басқарды. Ол алғашқы күннен бастап фашистiк ұйымдарды қолдап, Австрияны Германияға қосуға шақырды. Экономикалық дағдарыстан шығу үшiн Австрия үкiметi Ұлттар лигасынан қаржы көмегiн сұрауға мәжбүр болды. 1922 жылы қазан айында Женева конференциясына қатысқан елдер Австрияға 650 млн крон заем беруге келiстi. 1922 жылы Австрияда ақша реформасы жүргiзiлiп, қазiргi Австрия ақшасы - шиллинг енгiзiлдi. Шет ел капиталының қолдауымен Австрияда капита-лизм уақытша тұрақтану кезеңiне аяқ басты.
1924–1929 жылдарында Австрия экономикасы тұрақтанып, халықтың тұрмыс жағдайы жақсара бастады. Буржуазия өндiрiстi дамытып, жұмысшылардың әлеуметтiк талаптарын ескерiп, жалақыны өсiрдi, тұрғын үй мәселесiн шеше бастады. Вена қаласының басшысы 1931 жылы тұрғын үй салу бағдар-ламасын жасап, қалада жаңадан 45 мың пәтер салды. Жергiлiктi жерлердiң бюджетiне түсетiн арнаулы салықтар жүйесi енгiзiлдi. Бiрақ елде реакция мен фашизм кең етек ала бастады. 1927 жылы парламент сайлауы өттi. Сайлауда христиан демократиялық партиясы жеңiп, премьер-министр Зейпель үкiмет басына келді. Зейпель бастаған үкiмет реакция мен фашизмдi қолдау саясатын жүргiздi. Сыртқы саясатта Германияны қолдап, антисоветтiк саясат ұстанды. 1927 жылы шiлде айында жұмысшы табының реакция мен фашизмге қарсы қарулы көтерiлiсi болды. Қарулы көтерiлiстiң жеңiлiс тапты, 140 адам өлiп, 1500 адам жараланды. Әйтсе де бұл реакция мен фашизмге тойтарыс берген алғашқы үлкен соққы еді.
Дүниежүзiлiк экономикалық дағдарыс жылдарында Австрияда өнеркәсiп өнiмдерiн шығару қысқарды. 1929 жылы 462 мың т шойын, 632 мың т болат шығарылса, 1933 жылы 88 мың т шойын, 226 мың т болат өндiрiлдi. 1932 жылы елде 500 мың жұмыссыз болды. Әлеуметтiк қайшылық күшейiп, халықтың тұрмыс жағдайы ауырлады. Австрияда фашизм қайтадан күш ала бастады. Фашизм қозғалысында екi ағым болды. Бiрiншiсi, Италияны қолдағандар – хеймверлер, екiншi германияны қолдағандар – нацистер болды. Үкiмет басында отырған христиан-демократтар демократияға шабуыл жасай бастады. Мұны Австрияның социал-демократтар партиясы қолдады. 1929 –1930 жылдарда Шобер үкiметi конституцияны өзгертуге шешiм қабылдады. 1929 жылы желтоқсанда конституцияға өзгерiстер енгiздi. Сайлауға 20 жастан емес, 21 жасқа толған адамдар қатыса алатын болды. Президенттi 7 жылға жалпыхалықтық сайлау арқылы сайлады. Президент парламенттi таратуға, үкiметтi парламент келiсiмiнсiз тағайындауға құқықты болды. Конституция бойынша парламент 3 палатадан тұрды: Ұлттық кеңес және Федеративтiк кеңестен құрылса, үшiншi палата Ұлттық кеңес екi палатаға бөлiндi. Бiреуi Австрияның жергiлiктi басқару өкiлдерiнен, екiншiсi мұрагерлiк кеңес мүшелерінен (совет сословий) тұрды. Жоғарғы палата жер және сословия кеңесі болып қайта құрылды.
Конституциядағы саяси-әлеуметтiк құқықтың баптары қысқартылып, демократиялық кеңшiлiктер шектелдi. 1929–1933 жылдардағы экономикалық дағдарыс кезінде Австриядағы ең бiр ірі банк «Боденкредитанштальт» банкрот болды. Iрi өнеркәсiп орындары жабылды. Жұмысшылардың 53%-ы қысқартылды. Донавиц қаласындағы «Альпинс Монтангезелль-шафт» металлургия заводы тоқтатылды. 1932 жылы ағаш өңдеу заводтарының 60% жұмыс iстемедi.
1934 жылы ақпан айында жұмысшы табы реакция мен фашизмге қарсы қарулы көтерiлiстi бастады. Қаңтар айында Тирол қаласында хеймверлар (фашистер) террор ұйымдастырып елде фашистiк төңкерiске дайындалды. Австрия үкiметтi фашизмге қарсы күрес жүргiзiп, қару-жарақтарын тартып алып, тұтқындап жатты. Бiрақ фашистiк ұйымдардың қарсылығы күштi болды. Вена, Линца, Грац қалаларында халық көтерiлiске шықты. Фашизмге қарсы қарулы көтерiлiс 15 ақпанға дейiн жалғасты. Көтерiлiске қатысқандар арасында бiрлiк болмады, социал-демократ партиясы мен коммунистiк партия бiртұтас жұмысшы майданын құра алмады. Фашизм жеңiске жеттi. Көтерiлiсшiлер жеңiлдi. 1000 адам өлiп, 5 мыңдай адам жараланды. 10–11 мың адам тұтқындалып, Вемерсдорф концлагерiне жiберiлдi.
Фашистiк диктатураның орнауы. 1934 жылы мамыр айында фашистiк күштердiқолдаған Дольфус үкiметi жаңа фашистiк конституция қабылдады. Австрияда барлық саяси партиялар мен кәсiподақ ұйымдарына тыйым салынды. Италия мен Ватиканның ықпалы күшейдi. Дольфус үкiметiнiң бұл саясаты Германияға жақпады. 1933–1934 жылдарда Дольфус Муссолинимен бiрнеше рет кездесулер өткiздi. Германия өзiнiң аншлюс саясатын жүзеге асыру үшiн күрес жүргiзiп, Дольфус үкiметiн құлатудың жолын қарастырды. 1934 жылы шiлде айында Германия Австрияда мемлекеттiк төңкерiс ұйымдастырып, Дольфустi өлтiрдi. Жаңа үкiметке католик шiркеуiн қолдаушы Шушинг тағайындалды. Германия Австрияны басып алуға дайындала бастады. Аншлюс саясатын жүзеге асыруға кiрiстi.
1936 жылы шiлде айында Австрия Германиямен келiсiмге қол қойды. Австрия қағаз жүзiнде ғана дербес мемлекет болғанымен, мен өзiн «Германияның бiр бөлiгi» деп қарастырды. 1938 жылы қараша айында Австрия – Германия жасырын келiсiмiне қол қойылды. Германия Австрияны экономикалық жағынан тәуелдi жасай бастады. Гитлер Австрия премьерминистрi Шушингтен фашистердi қолдау, үкiметтiң кейбiреулерiн жұмыстан алуға дейiн талап еттi. Олардың орынына нацист-министрлер тағайындалды. Қауiпсiздiк министрi болып, нацист Зейс-Инквартты қойды. 1938 жылы наурыздың 11-і күнi Гитлер Австрияны жаулап алу туралы нұсқауға қол қойды. Зейс-Инкварт Шушингпен тiкелей телефон арқылы сөйлесiп, Берлиннен Гитлердiң нұсқауларын жеткiзiп отырды. Наурыздың 13-і күнi Шушинг Австрияда плебисцит өткiзуге шешiм қабылдайды. Сол күнi Берлиннен Геринг Зейс-Инквартқа телефон соғып плебисциттi тоқтатуды талап етеді. Екi сағаттан кейiн Зейс Берлинге телефон соғып, Шушинг плебисциттi тоқтатқанын айтады. Шушинг отставкаға кетуге мәжбүр болады. Үкiметтi Зейс-Инкварт өз қолына алып, Австрияда мемлекеттiк төңкерiс жүзеге асады. Зейс үкiметi Германиядан әскери көмек сұрайды. 1938 жылы наурыздың 13-і күнi аншлюс саясаты жүзеге асып, Австрия Германияға қосылады. Орталық Еуропада Австрия тұңғыш рет фашистiк Германияның агрессиялық саясатының құрбанына айналды. Англиядағы Германияның бұрынғы елшiсi, әрi Германияның сыртқы iстер министрi Риббентроп Англия премьер-министрi Чемберленмен жолығып толық қолдау алғандығын айтып, Герингке телефон соғады. 17 наурыз күнi КСРО үкiметiнiң сыртқы iстер министрi Германияның Австрияны жаулап алуына байланысты үндеу таратады. «Совет үкiметi агрессорларға қарсы бiрiгiп күресу керектiгiн айта келiп, келесi қауiп Чехословакияға төнiп отырғандығын ескертiп, Ұлттар лигасы арқылы коллективтiк қауiпсiздiк саясатын қолдау таппаса, ертең кеш болатындығын ескертедi» делiндi. 15 наурыз күнi таңертең Гитлер өзiнiң туған елi Австрияға келедi. Бiрнеше мың адам қатысқан жиында Гитлер сөз сөйлеп, өзiнiң арманының орындалғанын айтады. Вена қаласының тұрғындары Гитлердiң сөзiн зор қуанышпен тыңдап, қолдау тапқандарын бiлдiредi.
Австрия жерi 7 облысқа бөлiнiп, Германияның «шығыс марка жерi» деп аталады. Австрияны рейхкомиссар басқарады.
Аншлюс саясатын елдегi реакция, фашистер, католик шiркеуi оңшыл социал-демократтар қолдады.
Венгрия. 1918–1939 жж
1918 жылғы буржуазиялық-демократиялық революция. 1918 жылы қазан айында Австрия–Венгрия соғыста жеңiлдi. Венгрияда саяси күрес кең етек алды. 29 қазанда Будапешт қаласында тәуелсiздiк алу жолында саяси шерулер басталды. Буржуазиялық-демократиялық революция барысында реакциялық Хадики үкiметi құлады. Үкiметтi Ұлттық Кеңес өз қолына алды. Оның құрамына буржуазиялық және социал-демократ партиялар кiрдi. 16 қарашада жұмысшы-солдат Кеңесі жеңiске жетiп, Халық Республикасын жариялады. 24 қарашада Будапешт қаласында Венгр коммунистiк партиясы құрылды. ВКПның сайлауы болды. Венгрияда қос өкiмет орнады. Буржуазия үкiметтi өз қолына алып, буржуазиялық республика жариялап, Венгрия тәуелсiздiктi жеңiп алып, Габсбург империясының құрамынан шықты. Буржуазиялық үкiметті граф М.Карольи басқарды. Социал-демократ партиясы үкiметтiң құрамына кiрдi. Соғыстан кейiн елдiң экономикасы өте ауыр жағдайда болды. Жұмысшы тобы өз тұрмыс жағдайларын жақсартуды үкiметтен талап етті. Елде ашаршылық басталды. Еңбекшi халық көтерiлiске шықты, буржуазиялық үкiмет ешқандай экономикалық шараларды жүргiзуге шамасы келмедi. Венгрияда жергiлiктi жерде басшылықты кеңестер қолына ала бастады. ВКП-ның беделi өстi. Революциялық дағдарыс жалғасты. Қос өкiметтiң билiгін солшыл күштер өз қолдарына ала бастады. 1919 жылы 19 наурызда Антанта елдерi буржуазия үкiметтiк билiктi өз қолдарында ұстай алмаса, әскер жiберетiнiн ескертiп жатты. Социал-демократ партиясы революцияны қолдамады. ВКП-ның басшысы Бела Кундi және басқаларын тұтқындады. Антанта әскерлерiнiң елдi басып алу қаупi күшейдi.
Пролетарлық революция. 1919 жылы 21 наурыз күнi Будапешт қаласындасоциал-демократ партиясы мен Венгр коммунистiк партиясы үкiметтi өз қолдарына алу үшiн келiсiмге келдi. Будапешт қаласында жаңа үкiмет құрылды. Венгр Кеңес Республикасын жариялады. Революциялық Кеңесті үкiметтiң жұмысшы табы қолдады, буржуазиялық үкiмет амалсыздан көнуге мәжбүр болды. Венгр Кеңес Республикасы 133 күн өмiр сүрдi. Кеңес өкiметi саяси кеңшiлiктер жариялады (шерулер, жиналыс, сөз бостандығы, баспасөз). 18 жасқа толған азаматтар сайлау құқығына ие болды. Кеңес үкiметiн қорғау үшiн ескi полиция мен жандармерияны таратып, Қызыл Армия құрды. Экономика саласында көптеген шаралар жүргiздi. Өнеркәсiп пен жердi национализациялады. Еңбекшi халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшiн жеңiлдiктер бердi. 1919 жылы маусымда жалпывенгрлiк кеңес съезiнде Венгр Кеңес Республикасының конституциясы қабылданды. Бұл шаралардың көбi толық жүзеге аспады. Антанта елдерi, оның iшiнде Францияның тiкелей басшылығымен Венгр Кеңес Республикасына интервенция ұйымдастырылды. Француз әскерiнiң генералы Фош басқарған чехословак және румын әскерлерi Қызыл Армия қарсылығын баса отырып, шет ел әскерлерiмен бірігіп, Венгр жерiн жаулап алды. Венгр Кеңес үкiметi жалғыз өзi көмек көрсете алмады, себебi Антанта елдерiнiң интервенциясымен азамат соғысын жүргiзiп жатты. Венгрияның буржуазиясы мен социал-демократиялық партиясы Антанта интервенциясын қолдады. Сөйтiп, 1919 жылы 1 тамызда Венгр Кеңес Республикасы құлады. Үкiмет отставкаға кеттi. Оңшыл социал-демократ Пейдл үкiмет құрды. Жаңа үкiмет Венгр Кеңес Республикасының барлық декреттерiнiң күшiн жойды.
Буржуазия жеңiске жеттi.
Хорти үкiметiнiң iшкi контрреволюциялық қызметi. Венгр Кеңес Республикасы құлағаннан кейiн реакция мен террор кең қанат жайды. Тибор Самуэли, Отто Корвин, Ене Ласло т.б. тұтқындалып, өлiм жазасына кесiлдi. Одан басқа бiрнеше мың адам тұтқындалып, сотталды. 1919 жылы қараша айында Антанта әскерлерiнiң қолдауымен адмирал Миклош Хорти үкiметтi өз қолына алды. Венгрияда контрреволюциялық үкiмет құрылды. 1920 жылы қаңтарда Венгрияда парламент сайлауын өткiзiп, Хорти диктатурасын қолдаған саяси күштер жеңiске жеттi. Венгрияда монархиялық билiк қайтадан қалпына келтiрiлiп, Регент Хорти сайланды. Хорти диктатурасын iрi қаржы монополиясы, кейiннен ұсақ және орта буржуазиясы қолдады. Ұлттық фашистiк ұйымдары құрыла бастады.
1920 жылы маусымда Трианон келiсiміне қол қойылды. Келiсiм бойынша бұрынғы Венгр жерiнiң , халықтың 60%
Чехословакия, Румыния мен Югославияға берiлдi. Венгрия өте көп мөлшерде репарациялық төлем төлеуге мәжбүр болды. Хорти үкiметi антисоветтiк саясатты кең түрде жүргiздi. Польша –совет соғысы жылдарында австро-венгро-польша антисоветтiк одақ құру көзделдi. 1920–1921 жылдарда контрреволюциялық үкiмет елдiң экономикасын қалпына келтiре бастады. Буржуазия жеңiске жетiп, елде бейбiт өмiр басталды. 1921 жылы үкiметтi граф Иштван Бетлен басқарды. Басқа Еуропа елдерi сияқты Венгрия экономикасы капитализмнiң уақытша тұрақтану кезеңiне өттi.
Капитализмнiң уақытша тұрақтануы кезеңiндегi Венгрия. ХХ ғасырдың 20-жылдарында барлықкапиталистiк елдердiң экономикасы уақытша тұрақтану кезеңiне өттi. Еуропа елдерiндегi жұмысшы табының революциялық қозғалысы жеңiлiс тапты. Буржуазиялық үкiмет капитализмдi сақтау үшiн реформалар арқылы экономиканы қалпына келтiрiп, дамытуға шараларын жүргiздi. Дүниежүзiлiк капитализм бiр-бiрiне қаржылай көмек көрсете бастады. Франция үкiметi Венгрияның Хорти үкiметiне ақшалай көмек көрсетiп, өндiрiс саласын дамытуға қолдау көрсетті. Венгрия 1924 жылы Ұлттар Лигасына мүше болып, 250 млн крон заем алды. Хорти үкiметi салықтың мөлшерiн өсiрдi. Еңбекшi халықты қанау арқылы экономиканы көтеруге қол жеткізді. Өндiрiсте капиталдың шоғырлануы күшейдi. 1929 жылы өндiрiстiң өсiмi 1913 жылмен салыстырғанда 19,3% өстi.
Ауыл шаруашылығында 1920 жылдары жүргiзiлген рефор-ма айтарлықтай нәтиже бере алмады. Халықтың 95,6% ауыл шаруашылығына тәуелдi болды. Өңделетiн жердiң 37%-ы ғана шаруалардың меншiгiнде болды. Iрi жер иелiктерiнде 1000 хольда жер болды. 1 хольд – 0,75 га. Iрi помещиктiк жер иелiктерi сақталды.
Капитализмнiң уақытша тұрақтануы жылдарында Хорти үкiметi фашистiк елдерiмен жақындасты. 1927 жылы Италия – Венгрия достық келiсiмiне қол қойылды. Iрi капиталистiк елдердiң қолдауымен Венгрия қарулана бастады. 1939 жылы Гитлер үкiметiмен келiссөздер жүргiзе бастады. Венгрия сыртқы саясатта агрессиялық фашистiк елдердi қолдап отырды.
Венгрияда экономикалық тұрақтану ұзаққа созылмады. Елдегi аграрлық дағдарыс күшейiп, өндiрiс орындары жабылды, 1929 жылы экономикалық дағдарыс басталды. 1930–1932 жылдары егiс көлемi азайып, астық өндiру кемiп, шет елге астық шығару 5,5 млн центнерге қысқарды. Iшкi рынок экономикалық тоқырауға ұшырады. Шаруалар күйзелiске түсіп, мемлекеттiң қарызы көбейдi. Мал саны қысқарып, азық-түлiк азайды. Кедейшiлiк бүкiл елдi қамтыды.
Дағдарыс өндiрiс салаларын да кең түрде қамтыды. 700-ге жуық өнеркәсiп орындары жабылды. Жұмыссыздық 800 мыңдай адамды қамтыды. Ауыл шаруашылық машина жасау саласы 18% кемiдi. Ауыр машина жасау, металл өңдеу, жеңiл өнеркәсiп өнiмдерi 65% қысқарды. 1929–1932 жылдары жұмысшылардың жалақысы 81% қысқарды. Жұмыс уақыты 9–11 сағаттан 14 сағатқа ұзартылды. Венгрияда тұрмыс жағдайының нашарлауы мен жұмыстағы ауыр еңбек салдарынан туберкулез ауруы кең етек алды.
Венгриядағы экономикалық дағдарыс жылдарында саяси жағдай шиеленiсе түстi. 1931 жылы Бетлен үкiметi отставкаға кеттi. 1932 жылы үкiмет дағдарысы жалғасып, жаңа күштi билiк үкiметi генерал Гембеш тағайындалды. Демократия шектелдi, елде фашизм кең етек алды. Буржуазияның қолдауымен Гембеш үкiметi Германиямен жақындасты. Венгриядағы дағдарыс жылдарында халық қозғалыс кең етек алды. ВКП-сының ұйымдастыруымен 1930 жылы Будапешт қаласында 100 мың адам қатысқан демонстрация өткiзiлдi. 1931 жылы қыркүйек айында үкiмет елде төтенше жағдай жариялады. Ньйртуре, Балмазуйарош қалаларындағы жұмысшы ереуiлiне қатысқандарға үкiмет зеңбiректен оқ атқылады. ВКП-ның басшылары Имре Шаллай мен Шандор Фюреттердi тұтқындап, өлтiрдi.
1933 жылы маусым айында Гембеш бiрiншi болып Берлинге барып, Гитлермен кездестi. Венгрия Германияның экономикалық жағынан тәуелдi болды. Гембеш үкiметii 1936 жылы отставкаға кеттi. Оның орнына Кольмона Дараньи (1936–1938) үкiметтi басқарды. 1937 жылы Венгрияда сайлау заңы шығарды.
Жаңа сайлау заңы бойынша 1 млн адам сайлау құқығынан айрылды. Ұлттық-социалистiк партия мен фашистiк партияның реакциялық террор саясаты күшейдi. Венгр еврейлерiн қудалау басталады. Хорти диктатурасының билiгi елде толық орнады. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс қарсаңында Гитлер Чехословакияны жаулап алғаннан кейiн Венгрияға сыйлық ретiнде оңтүстiк Словакия мен Закарпат Украинасын бердi. 1939 жылы қаңтарда Венгрия «антикоммитерн» пактiсiне қол қойылды. Закарпат Украина жерiн Венгрия толық жаулап, екiншi дүниежүзiлiк соғыста Венгрия Германия жағында соғысқа қатысты.
Румыния
Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiнгi Румынияның саяси-экономикалық дамуы. Румыния Антанта елдері жағында соғысты. Соғыс жылдарында еңбекшi, халықтың тұрмыс жағдайы өте ауыр болды. Елдiң көп жерiн Германия әскерлерi жаулап алды. Өнеркәсiп өнiмдерiн шығару 2 есеге азайды. Егiс көлемi 25% қысқарды. 1918–1919 жылдар аралығында Румыниядағы халық қозғалысы кеңінен етек алды. 1918 жылы Румыния үкiметi кеңестік Ресейге қарсы соғыс бастап, Бессарабия жерiн уақыт-ша басып алды. Кейін 1918 жылғы Бухарест бiтiмi бойынша Бессарабия Румынияның құрамында қалды. 1918 жылы желтоқсан айында Трансильвания жергілікті халықтардың талабына сәйкес Румынияға қосылды. 1919 жылы Париж конференциясының шешімімен Солтүстiк Буковина, Тиссе өзенiнiң жағалауындағы венгерлер тұрған жер, Батыс Баната, Оңтүстiк Добрудже жерлерi Антанта мемлекеттерiнiң қолдауымен Румынияға берiлдi. Румынияның жер көлемi 138 мыңнан 295 мың кв км өстi, 7,8 млн халықтан, 1920 жылы 16 млн адамға жеттi. Сөйтiп Антанта мемлекеттерiнiң қолдауымен, Францияның тiкелей басшылығымен 1921 жылы Орталық Еуропада Румыния – Чехословакия – Югославия келiсiмдерi өтiп, «Кiшi Антанта» саяси-әскери одағы құрылды. Румыния үкiметi Орталық Еуропадағы антисоветтiк саясатты жүргiзуші елдер қатарында болды. 1918–1922 жылдар арасында Румынияда буржуазиялық-помещиктiктiк үкiмет жетi рет ауысып, саяси тұрақсыздық ұзаққа созылды.
1922 жылы Румынияда революциялық қозғалыс бәсеңдеп, ел экономикасы қалпына келтiрiліп, тұрақтану кезеңiне өттi. 1924– 1929 жылдар арасында өндiрiстiң дамуы соғыс алдындағы даму деңгейiне жеттi. Өндiрiс пен капитал шоғырланып ұлттық буржуазия капиталы өстi. Шетел капиталы мұнай өндiрiсiне көптеп тартыла бастады. 1924 жылы жер байлығын игерiп пайдалануда шет ел мен ұлттық капитал 50% теңестiрiлдi. Өнеркәсiпте жұмысшылардың жағдайы бұрынғыша ауыр жағдайда болды. Жұмысшылар 10–12 сағат жұмыс iстедi. Жалақы 2 есеге қысқарды. Капитализмнiң уақытша тұрақтануына байланысты ұлттық-либерал партиясы (1922–1926 жж.) үкiметi аграрлық реформа жүргiздi. 1921 жылғы заң бойынша жер алу құқығына ие болған 1369 мың шаруа жер алды. Бұл шаруалардың 60% болатын. Ал жердiң 30% помещиктердiң қолында болады. Аграрлық реформа жылдарында ауыл шаруашылығы капиталистiк жолмен тез дами түстi.