Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Адамның трасологиялық іздері




 

Трасологиялық маңызы бар адам іздеріне: қол іздері, аяқ, аяқ киім іздері, тістердің іздері, сондай-ақ папиллярлы өрнектері жоқ басқа да іздер, атап айтқанда: бас (бет) бөлшектерінің (құлақ, ерін, мұрын, шеке т.б.) іздері жатады.

Қолдың іздері – басқа іздерге қарағанда қылмысты тергеу мен ашу кезінде жиі әрі нәтижелі қолданылады. Қол іздері арқылы адамның жынысын, шамамен жасын (ересек немесе бала екендігі), қай қолмен және қандай саусақпен қалдырылған із екендігін, кей жағдайларда кәсібі мен қолдарындағы т.б. кемістік белгілерін анықтау мүмкін болады. Қол іздері арқылы осындай идентификациялық емес жағдайлармен қатар, адамды жеке идентификациялауға болады.

Бұл қолдың функционалдық маңызымен және ондағы майлы-тер заттарының болу маңыздылығымен анықталады. Сонымен қатар, қол алақанының (және аяқ табанының) беткі қабатындағы биіктігі мен енінің шегі белгісіз кішкене әжімдерге бөлінген папиллярлы сызықтармен анықталады. Тік сызықты учаскілердегі кейбір папиллярлы сызықтар белгілі бір ұзындыққа жеткен кезде иіле отырып күрделі өрнектерді қалыптастырады. Папиллярлы сызықтар еш уақытта қиылыспайды, бірақ та олар қосылуы немесе айырылып-бөлінуі, сөйтіп әртүрлі түрдегі өрнектерді қалыптастыруы мүмкін. Папиллярлы сызықтармен қатар алақанның беткі қабатынан тері бедерінің басқа да белгілерін кездестіруге болады. Оларға – флексорлық (иілетін) сызықтар, әжім қабаттары және тері саңылаулары жатады. Бұл тері бедерінің ең кішкентай элементтері болып табылады.

Жоғарыда қарастырылған алақанның беткі қабатындағы табиғи бедер іздерінің белгілерімен қатар жасанды белгілерді де кездестіруге болады. Оларға зақымданған – тыртық, күйік іздері және т.б. әртүрлі іздер жатады.

Криминалистикада қол саусағындағы тырнақ фалангілерінде орналасқан папиллярлы өрнек бедерлерінің ерекшеліктеріне аса маңызды көңіл бөлінеді. Папиллярлы өрнектердің құрылымын трасология бөлімінің бірі «дактилоскопия» зерттейді.

Папиллярлы өрнектердің криминалистикалық маңызы олардың келесідей өзіндік ерекше қасиеттерімен: жекешелігімен,салыстырмалы тұрақтылығымен және өзгермейтіндігімен, өзгерсе қайтадан қалпына келетіндігімен, сондай-ақ жіктелетіндігімен анықталады. Бұл қасиеттердің барлығы терінің анатомиялық құрылымымен анықталады.

Папиллярлы сызықтар ананың құрсағында жатқан баланың даму кезеңінде пайда болып, өмір бойы өзгеріссіз сақталады. Өрнектің өзара орналасуы мен детальдарының қалыпы өзгермейді, тек көлемі ғана өзгереді. Осы тұрақты байланыс трасологияда ең қажетті белгі болып табылады.

Доға тәріздес өрнек – суретін бейнелейтін папиллярлы сызықтар саусақтың бір жақ шетінен екінші жағына қарай бағытталып жүреді. Өрнектің бұл түрі өзінің құрылымы бойынша өте қарапайым болып келеді және де өте сирек (жалпы санына байланысты 5 % - дай ғана) кездеседі. Доғалар жай және күрделі болып келуі мүмкін. Күрделі доға тәріздес өрнекте папилярлы өрнек ағымдары өрнектің орталығына қарай келгенде көтеріліп барып шатырлы доға өрнегін қалыптастыра отырып иіледі.

: Ілмек тәріздес өрнекте – орталық бөліктің суретін қалыптастыратын папиллярлы сызықтар саусақтың бір жақ бүйір шетінен орталыққа қарай бағытталып, ол жерге жеткен соң дереу бұрылыс жасап қайтадан келген жағына қарай жүреді. Сызықтың ұшы саусаққа қарай бағытталған сызықтар ілмектің аяғы деп, ал дөңгеленген бөлігі ілмектің басы деп аталады. Ілмектің бас жақ жағында ілмекті жоғарғы және төмен жағынан иіп және оларды айырып тұратын сызықтар ағымы орналасқан. Ағымның айырылатын жері «дельта»- деп аталады.

Сараптамаға іздерді жіберу үшін бұл түр белгілерін тергеушілер мен жедел-қызметкерлері ажырата білулері қажет.

Табылған із қылмыскердің қалдырған ізі ме, жоқ па деген сұрақтарды анықтау үшін міндетті түрде басқа да тұлғалардың да (жәбірленушілердің, дүкен қызметкерлерінің және т.б.) қол таңбаларын зерттеу қажет.

Қол іздерін табу мақсатында оқиға болған жердегі қандай объектілерді қылмыскер ұстауы мүмкін деген заттардың беткі қабаты мұқият қаралады. Бұл заттар: есік және сейф тұтқалары, тұрмыстық заттар, электр сөндіргіштер, автокөлік рульдері және т.б. болып табылады. Сонымен қатар, папиллярлы сызықтары қатты заттардың (әйнек, кафель, жылтыратылған жиһаздардың) беткі қабатында жақсы бейнеленіп түсетіндігін ескеру керек. Қолдың папиллярлы іздерін беті тегіс емес және майлы беткі қабаттардан іздеудің қажеті жоқ. Оларды, сонымен қатар, адамның денесінен (жәбірленушінің немесе сезіктінің), киімінен табу мүмкін емес. Бірақ кейбір жағдайларда, егер киімнің беткі қабаты жоғары дәрежедегі тегістігімен сипатталатын материалдан (теріден немесе синтетикалық материалдан) тігілсе, папиллярлы өрнектерді анықтауға болады.

Қылмыскер қылмыс үстінде былғары қолғап (теріден, матадан жасалған) қолданған жағдайларда да табылған іздер идентификацияға пайдаланылады. Іздер кейбір жағдайларда адамдардың топтық белгілерін (қолғапқа сіңіп қалған терді зерттеу және т.б.) анықтау үшін де пайдалануы мүмкін.

Былғары қолғаптарда – оны кию процесінде пайда болған: бүктелу, бырысып қалу, қатпарлары, дефектілері және басқа да өрнек іздері бейнеленеді. Ал матадан жасалған қолғаптарда – матаның белгілері, дефектілері, матаның тоқылған түрі, тігу және т.б. іздері бейнеленеді. Мұнда идентификациялауға ерекше маңызды участік тігіс аумағы болып табылады.

Іздерді табудың әдістері мен тәсілдері олардың бейнелену жағдайларына байланысты анықталады. Дегенімен де қандай жағдай болмасын алғашқыда әдістер мен тәсілдерді сыртқы түрлері өзгеріске ұшырамаған іздерге қолданылады, содан соң барып олардың өзгеріске ұшырауына көңіл бөлінеді.

Заттарды қарау үшін резеңкелі қолғап пайдаланылады. Егер де мұндай қолғап болмай қалған жағдайларда идентификацияға жарамды іздерді бүлдіріп алмас үшін, мысалы: бөтелке болса оның түбі мен ауызғы бөлігінен ұстау арқылы іздерді қарау қажет.

Қол іздерін табу үшін ең алдымен заттарды жарық көзіне қарай бұра немесе заттың әртүрлі бұрыштарынан жарықтандырулар жібере отырып қарау жүргізіледі. Табылған іздер қондырғы сақиналарды пайдалану арқылы бірден детальды фотосуретке түсіріледі.

Егер де іздерді жарық жіберу арқылы табу мүмкін емес болған жағдайларда физиқалық және химиялық әдістер қолданылады. Әртүрлі ұнтақтар мен йод буын жіберу жолымен іздерді шығару – физикалық тәсілдерге жатады. Зерттелініп отырған беткі қабат қара түсті болса, оған ақшыл түсті ұнтақтар (алюминий, қола, цинк қышқылы және басқа да) пайдаланылады; ал беткі қабат ашық түсті болса, онда керісінше қара түсті ұнтақтар (темір, графит, ыс ұнтақтары, қола қосындылары және т.б.) қолданылады.

Ұнтақ кәдімгі шаштан жасалған жұмсақ кисть арқылы беткі қабатқа тегістеле отырып жағылады. Артық ұнтақтарды ақырын алып тастау керек. Темір ұнтақтары магниттік кисть арқылы жағылады (магнит пластмасты қорапта сақталады). Табылып айқындалған ізді міндетті түрде масштабты детальды фотосуретке түсіру қажет. Фотосуреттерде іздердің орналасқан жері мен жалпы көрінісі бейнеленеді. Одан кейін хаттамаға сипатталып жазылады. Хаттамада қандай із табылды, қандай заттың үстінен табылды, орналасуы, олардың саны, іздің түрі (көлемді, беткі қабатты), формасы, папиллярлы өрнектің түрі, ізді анықтау, бекіту және буып-түйю әдістері көрсетіледі. Осыдан кейін барып дактилоскопиялық пленкіге түсіреміз. Ұнтақтарды тегістеп беткі қабатқа жағу нәтижесінде көрініп пайда болған іздерді дактилоскопиялық пленкілерге (қара немесе ақ түсті) көшіріп аламыз. Ол үшін пленкінің түссіз қорғаныш қабатын ажыратып, келесі жабысқақ қалыңырақ бетін іздің үстіне қойып оны тегістеп ауасын сыртқа шығару керек. Содан кейін пленкіні жаңағы ажыратқан бөлігімен қайта біріктіріп жапсырып шетін айналдыра тігіп тастау қажет. Сонымен қатар пленкінің шетіне іздің қай жерден, кіммен табылып алынғандығы көрсетілген бирка тігіледі.

Қағаз бетіндегі көзге көрінбейтін іздер арнайы түтікшелер арқылы йод буын жібере отырып алынады. Йод буын жіберу арқылы пайда болған іздер дереу фотосуретке түсіріледі. Йод арқылы алынған іздерді йодты-крахмалды немесе йодекстендірілген пленкілерге, сондай-ақ алдын-ала тазартылған суда 0,02%-да өңделген ортотиллин ерітінділері арқылы қағаз бетіне көшіріп түсіріп алуға болады.

Адам терісіндегі папиллярлы өрнек іздері 20-30 минут шамасында көрініп айқындалады. Ал мәйіттің терісінде (денесінде) қалдырылған қол іздері, егер олар мәйіттік өзгерістерден кейін қалдырылған жағдайда ғана айқындалып шығады. Мұндай іздерді айқындап табу (шығару) ұнтақтарды немесе цианакрилаттарды пайдалану көмегімен жүзеге асырылады.

Қол іздерімен қатар (олардың фототүсірілімдерін немесе дактилопленкілік көшірілімдерін) сараптамаға салыстырмалы зерттеулер жүргізу үшін үлгілер де жіберіледі. Оларға дактилоскопиялық карталар және тергеушімен алынған қол таңбаларын жатқызамыз.

Саусақтың ізін алу үшін баспаханалық қара түсті бояу қолданылады, ол әйнек бетіне резеңке білікпен тегіс етіліп жағылады. Содан соң тексеріліп отырған тұлғаның саусағын (тырнақ бөлігінің астыңғы беті папиллярлы өрнегі бар учаскені) әйнек бетіне қойғызып бір шетінен екіншісіне қарай дөңгелете жылжыта отырып оның саусағына әйнектегі бояу түсіріледі. Сөйтіп дактилоскопиялық тіркеу (карточкасының) кестесінің тиісті клеткаларына жаңағы әрекеттерді қайталау арқылы ақ қағаздың бетіне саусақтың таңбасы түсіріледі.

Аяқ іздері – жалаң аяқ іздері, аяқ киім іздері және шұлық (нәски) іздері деп бөлінеді. Жалаң аяқ немесе шұлық іздері бойынша адамды, ал аяқ киім іздері бойынша аяқ киімді идентификациялайды. Идентификациялау кезінде статикалық іздер қолданылады, кей кездерде, нақты адамның аяқ киімді кию фактісі (мән-жайы) анықталуы мүмкін. Аяқ киім ұлтарағындағы ұзақ кию нәтижесінде жалаң аяқтан (шұлық немесе нәски киілген) қалған статикалық із зерттелінеді.

Аяқ киімнің динамикалық іздері трасологиялық зерттеудің объектісі ретінде сирек кездеседі. Олар негізінде бөгетті (адам денесін) аяқ киіммен тебу, еден бетінде адамның аяғынан сүйреуі кезінде кездеседі. Олардың ерекшелігі қаралатын территориялардан тыс жерлерден кездесу мүмкіндігінде.

Аяқ киім іздері көлемді және беткі қабатты болады.

Жалаң аяқ іздерінің жеке белгілеріне: саусақ өлшемдерінің ара қатынасы, пішіні, табанның алдыңғы жиектерінің орналасуы, жеке саусақтарының жоғары қарай бүгілуі, әртүрлі зақымдар мен өзгерістердің (деформациялардың) болуы, пішіні және орналасуы (тыртықшалар мен қажалу іздері); папиллярлы өрнектердің жеке белгілері.

Шұлық киілген аяқ ізі табылған жағдайда оның жалпы белгілеріне: аяқтың белгілерімен қатар, шұлықтың өлшемі, жіптерінің тоқылу түрі мен схемасы, өкше мен сүйір жеріндегі фабрикалық тігістері жатады.

Тергеу тәжірибесінде аяқ киім іздері көбірек кездеседі.

Табанның аяқ киімдегідей жалпы белгілері хаттамада көрсетіліп бекітілуі тиіс:

табан ізінің құрылысы (өкшесіз, тегіс, жайпақ табан, бөлек өкшесі бар табан, өкшесі бөлек және ұлтанды табан);

табан және оның бөлшектерінің өлшемдері (табанның жалпы ұзындығы, ұлтан ұзындығы, өкше ұзындығы, ұлтанның ең жалпақ жерінің ені; аралық жерінің ені, өкшенің ені);

табан және оның бөлшектерінің пішіні (тұмсық бөлігінің, табанның сыртқы және ішкі жиектерінің, ұлтанның артқы жиектерінің, өкшенің алдыңғы және артқы жиектерінің);

табан және оның бөліктерінің беткі қабатының жалпы сипаттамасы (жалпы, дөңес, тегіс, бедерлі оюлармен, ою түрі, пішіні, өлшемі);

табан және оның бөлшектерінің бекітілу тәсілдері (бұрандалы, ағашты-түйреуішті, шегелі, тігілген, желіммен жабыстырылған);

түйреуіш, шеге, бұранда қатарларының саны;

табанда тағаның сырғымау үшін қағылатын бүдірлердің, фабрика желімдері мен белгілердің болуы.

Қағазға, фанераға түскен жалаң аяқ іздерін қол саусақтарының іздері сияқты айқындап табады. Кафельденген еденде, линолеумде табылған беткі қабатты аяқтың (аяқ киімнің) іздерін үлкен форматты жабысқақ үлбірлерге (дактилоскопиялық, резиналық, перхлорвинилдік немесе сәйкес өлшемді ылғалданған фотоқағазға) көшіріледі.

Көлемді іздердің көшірмесін дайындау үшін әртүрлі материалдар қолданылады. Кең тараған түрлеріне: гипс, «К» пастасы жатады. Егер із сусымалы материалдарда (құм, цемент, ұн) қалдырылса, оны алдын ала қандай да бір ерітіндімен өңдеп қатырып алады. Ондай ерітінділерге: қант ерітіндісі, керосин, ацетондағы целлулоидты немесе перхлорвинил ерітіндісі, арнайы лактар немесе аэрозоль түріндегі шашқа арналған лактар жатады. Ерітіндіні пульверизатор немесе аэрозолды тоңазытқышпен ізге параллельді белгілі бір арақашықтықты сақтай отырып, шашырату қажет. Содан соң гипстік құйманы дайындайды. Қардың бетіне түскен іздің қалпын, көшірмесін алу кезінде ыдыстағы суды оған салынған қар ерігенге дейін алдын ала нөлдік температураға дейін тоңазыту керек.

Гипсті із табылған топырақтың ылғалдылығына байланысты суға 1:1 немесе 1,25:1 қатынаста ерітеді. Із пайда болғаннан кейін түскен бөгде заттардан (бұтақтар, темекі тұқылы және басқалар) алдын ала тазалайды. Іздің айналасына жаңқадан, қатты қағаздан немесе металдық лентадан тосқауыл жасайды. Алдын ала тірек үшін сым кесінділерін (жаңқа, шырпы), шпагат бөліктерін және қатты қағаздан бирканы дайындап алу керек. Майда құрғақ гипсті біртіндеп аз мөлшерде суға араластырып қосады. Сұйықтау болған гипс ерітіндісінің жартысы ізге құйылады. Содан соң тез арада ізге тіректі (каркас), соның ішінде шпагат бөліктерін ұштары сыртқа шығып тұратындай орналастырамыз, қалған гипс ерітіндісін қоюлатынқырап үстіне құйылады. Қоршаған ортаның температурасына байланысты шамамен 20-25 минуттан кейін іздің қалпы сумен ақырындап жуылады. Шпагаттың ұштарына келесідей жазулары бар, яғни қайда, қашан, кіммен, қандай іс бойынша алынған құйма екені туралы бирка байланады.

Іздің алынған қалыпы трасологиялық сараптамаға жіберіледі. Сараптамаға жалаң аяқ ізінің көшірмесі мен сезіктіден алдын ала алынған экспериментальды үлгілер жіберіледі. Егер оқиға болған жерде аяқ киім іздері табылса, онда сезікті адамның аяқ киімі қоса жіберіледі. Қылмыс жасалғаннан кейін біраз уақыт өтсе, тергеуші сарапшыға аяқ киімнің жөнделгені, қандай жөндеу жұмыстары жүргізілгендігі, аяқ киім киілгендігі туралы мәліметтерді міндетті түрде хабарлау керек.

Тістің іздері – көбінде азық-түліктер (ірімшік, шоколад, жеміс-жидектерде және т.б.) мен басқа да заттарда (бөтелке қақпақтарында, қорғасыннан жасалған пломбаларда, резеңке мен т.б.) тұлғалардың тістерінің іздері қалады. Тістің іздері адамдардың (қылмыскерлер мен жәбірленушілердің) денелерінен табылуы мүмкін. Тіс іздері бойынша олар қандай жағдайда қалдырғанын (пайда болғанын) анықтауға және адамдарды идентификациалауға болады.

Қалыптасу механизіміне байланысты іздер тістеу және тістеп жұлып алу іздері болып бөлінеді. Тістеу кезінде – тістер толық түйісіп жабылмайды, соның нәтижесінде объектінің беткі қабатында жоғарғы және төменгі тістің шайнау бейнесінің іздері мен жақ тістерінің беткі қабатының кейбір бөліктерінің іздері қалады.

Тістеп жұлып алу кезінде – тістер толық жабылып бір – бірімен түйіседі және бүтін заттың тістеген бөлігі одан ажыратылады, нәтижесінде тістеп алынған объектіде тістің сыртқы іздері пайда болады. Тістеп алу іздері идентификациалау үшін маңызды, олар іс бойынша ақпаратты болып табылады.

Тістеп алу іздері бойынша (көлемді) тіс аппараттарының келесідей жалпы және жеке белгілерін: тіс қатарларының формасы мен размерін, тістің оң және сол жақ тал (бұтақтарының) асимметриясын, тіс қатарының қисықтығын, тіс арасындағы қашықтықты, қатардағы тістің санын, оның формасын, протездің (коронка, пломбы т.б.) болуын және т.б. анықтауға болады.

Табылған тіс іздері масштабты детальды фототүсірілім тәртібі бойынша іздің әртүрлі белгілерін (тістің формасын, шайнау қабаттарының бедерлерін) анық көрсету үшін әртүрлі жарықтықта фотосуретке түсіріледі. Суретке түсіріп біткеннен кейін: із қалдырылған объект жөніндегі мәліметтер: із қай жерде, нақты қандай объектіден табылды, іздің түрі мен саны, басқа да жалпы және жеке белгілер жөніндегі мәліметтер хаттамаға баяндалып жазылады.

Тірі адамның денесіндегі тіс іздері – масштабты детальды фототүсірілім әдісі бойынша фотосуретке түсіріліп, қалыпқа (гипстік, полимерлі материалдарға) көшіріліп бекітіледі.

Мәйіттің терісіндегі тістің іздері мен басқа да терідегі микро іздерді сақтап қалу үшін сот-медициналық сарапшыға ізді бекіту мен алу жұмыстары тапсырылады.





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-01-28; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 1684 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Свобода ничего не стоит, если она не включает в себя свободу ошибаться. © Махатма Ганди
==> читать все изречения...

2373 - | 2121 -


© 2015-2025 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.008 с.