Іс-әрекеттiң қылмыстылығы мен жазаланушылығы сол іс-әрекет жасалған уақытта қолданыста болған заңмен айқындалады. Қоғамға қауiптi әрекет (әрекетсiздiк) жүзеге асырылған уақыт, зардаптардың туындаған уақытына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған уақыт деп танылады.
Бап. Қылмыстық заңның керi күшi
1. Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын жеңiлдететiн немесе жағдайын өзге де түрде жақсартатын заңның керi күшi болады, яғни осындай заң қолданысқа енгізілгенге дейiн тиiстi іс-әрекетті жасаған адамдарға, оның iшiнде жазасын өтеп жүрген немесе жазасын өтеген, бiрақ сотталғандығы бар адамдарға қолданылады. 2. Егер жаңа қылмыстық заң адамның жазасын өтеп жүрген іс-әрекеті үшін жазаланушылықты жеңiлдетсе, онда тағайындалған жаза жаңадан шығарылған қылмыстық заң санкциясының шегiнде қысқартылуға жатады. 3. Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын белгiлейтiн, осы іс-әрекеттi жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын күшейтетiн немесе жағдайын өзге де түрде нашарлататын заңның керi күшi болмайды.
Бап. Қылмыстық заңның Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам осы Кодекс бойынша жауаптылыққа жатады. 2. Қазақстан Республикасының аумағында басталған немесе жалғастырылған не аяқталған іс-әрекет Қазақстан Республикасының аумағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады. Осы Кодекстiң күшi Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында және айрықша экономикалық аймағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарға да қолданылады. 3. Қазақстан Республикасының портына тiркелген және Қазақстан Республикасының шегiнен тыс ашық су немесе әуе кеңiстiгiнде жүрген кемеде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады. Қазақстан Республикасының әскери кораблiнде немесе әскери әуе кемесiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам да, өзінің қай жерде болғанына қарамастан, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылықта болады. 4. Шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерiнiң және иммунитеттi пайдаланатын өзге де азаматтардың қылмыстық жауаптылығы туралы мәселе осы адамдар Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда, халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешiледi.
Бап. Қылмыстық заңның Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер олар жасаған іс-әрекет аумағында сол іс-әрекет жасалған мемлекетте қылмыстық жазаланады деп танылса және егер осы адамдар басқа мемлекетте сотталмаған болса, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады. Аталған адамдарды соттаған кезде жазаны аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасалған мемлекеттiң заңында көзделген санкцияның жоғары шегiнен асыруға болмайды. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе жазасын өтеу үшін шет мемлекетке беруге болмайтын жағдайларда, олар да осы негіздерде жауаптылықта болады. Осы Кодекстің ережелері, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, террористік немесе экстремистік қылмыс не бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасалған жағдайларда, Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қылмыстың жасалған жеріне қарамастан қолданылады. 2. Адамның басқа мемлекеттiң аумағында сотталғандығының және қылмыстық жазаланатын іс-әрекет жасауының өзге де қылмыстық-құқықтық салдарының, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе немесе егер басқа мемлекеттiң аумағында жасалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекет Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қозғамаса, осы адамның Қазақстан Республикасының аумағында жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы мәселенi шешу үшiн қылмыстық-құқықтық мәнi болмайды. 3. Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан оның әскери бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi шет мемлекеттiң аумағында жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылықта болады. 4. Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыс жасаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрмайтын шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, егер осы іс-әрекет Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталған жағдайларда және Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайларда, егер олар басқа мемлекетте сотталмаған болса және Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық жауаптылыққа тартылатын болса, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады.