1.Саясаттанудың жеке ғылым ретіндегі ерекшелігі неден көрінеді?
2.Саясаттану ғылымының басқа қоғамдық ғылымдардан айырмашылығы неде?
2.Саясаттанудың құрылымынын атаңыз?
3.Саясаттанудың атқаратын негізгі қоғамдық функциясын атаңыз?
4.Саяси көшбасшы қандай қасиеттерді меңгеруі қажет деп санайсыз?
2 – Дәріс. Саяси ойдың даму тарихы
Саясаттану ғылымы, саяси ойдың тарихынан, саясаттың теориясынан және қолданбалы саясаттанудан тұратын, ұдайы дамып отыратын білім жүйесі болып табылады.
Саясаттану – саясат туралы ғылым, яғни адам өмірінің, биліктік қатынастарға, қоғамның қызмет етуін, адамдардың өзара, қоғаммен және мемлекетпен арасындағы қатынастарын қамтамасыз ететін, қоғамның мемлекеттік-саяси ұйымдасуына, саяси иституттарға, принциптер мен ережелерғе қатысты айрықша саласы.
Саясатты тану, оны сараптай білу, сондай-ақ оған өзіндік көзқарасын білдіру, тамырын тереңге жіберіп, көне замандардан бастау алады. Тарихи тұрғыдан қарастырсақ саясатты танудың бастапқы формасы ретінде діни-мифологиялық тұғырнаманы атаймыз. Ежелгі Шығыс елдерінде (Египет, Вавилон, Үндістан, Қытай және т.б.) өздерінің “саяси идеологиясы” болды. Бұл идеологияның негізінде биліктің жаратылуы Жаратқанның жасампаздығымен түсіндіріліп, билеушіні Жаратушының жердегі көрінісі ретінде дәріптеу жатты.
Шамамен біздің заманымызға дейінгі 1 мың жылдықтың ортасына келгенде саяси сана бірте-бірте дербестік таныта бастады. Алғашқы саяси көзқарастар, тұғырнамалар (концепциялар) біртұтас философиялық білімнің құрамдас бөлігі ретінде жарық көре бастады. Бұл процесс ең әуелі көне дүниенің кемеңгер ойшылдары Құң Зы (Конфуций), Платон, Аристотельдердің шығармашылық еңбектерімен байланысты болды. Олар саясатты теориялық тұрғыда талдаудың негізін қалады. Сонан бері саяси философия барлық өркениетті қоғамдардың рухани өмірінің ажырағысыз құрамдас бөлігі болып саналады.
Көне Қытайдың даңқты данышпаны Құң Зы (Конфуций) б.э.д. 551-479 ж.ж.) император билігін Жаратушының жасампаздығының жемісі екендігін мойындағандығымен, мемлекетті оның жасағандығына күмән келтіреді. Құң Зының көзқарастары соңынан шәкірттері жинақтап жариялаған “ Лұн ұй” (“Сұхбаттар һәм нақылдар”) атты еңбекте келтірілген. Ол мемлекет отбасылар одағының нәтижесінде пайда болды деп үйреткен. Мемлекет – бұл үлкен отбасы. Кұң Зының әлеуметтік-саяси бағдарламасының орталық тақырыбы ретінде халықтың игілігі айтылды.
Мемлекет құру мақсат емес – ол халықты игілікке кенелтудің құралы болуы тиіс деді. Қару-жараққа мән бермеуге болады, тамақтан бас тартуға да болар, бірақ сенімсіздік орнаған жерде мемлекет болуы мүмкін емес, ал сенімді тек қана адамдарға қамқорлық жасау арқылы ғана жеңіп аласың.
Құң Зының іліміне бәсекелес, балама бағыт ретінде қағидашылдар қоғамы (легизм ағымы) да кең қанат жайды. Олар мемлекеттің өркендеуінің басты шарты ретінде заңды қарастырып, заңның қатаң қағидаларының аясында үйлесімділік пен бақытқа кенелуді уағыздады. Бұл мектептің негізін қалаушы,теоретигі Шың Иан(Шан Ян, б.з.д.400 – 338 жж.) болды. Ол өзінің теориялық тұжырымдарында дамудың даңғыл жолына түсу - еңбеккерлерді материалдық ықыластандыру, мүліктің теңгермелі деңгейі, марапаттау және жазалауды үйлесімді қолдануда деп үйретті. Бір ерекшелігі бұл ұстанымдарда басты үміт жазалауға артылды.
Мемлекет пен өркениетті өткінші өкініш деп біліп, белсенді ғұмыр кешуге қарсы ғылым ретінде кең тараған қытайдың көне қоғамдық-саяси ойының енді бір бағыты даосизм – деп аталды. Бұл ағымның атақты теоретигі Лау Зы (Лао – цзы, б.з.д. ҮІ ғ.) Лау Зының түсіндіруінде, Дао ұлағатты ұлылықты һәм табиғи әділеттікті білдіреді. Даоға қатысты баршаның құқығы тең болмақ. Даосизмның басты мұраттары адамның әрекеттен, белсенділіктен бас тартуы болып табылады, яғни ол бейғамдылықты бақыттылық деп бағалайды. Олар мемлекет пен өркениетті өзекті өртейтін өкініш деп бағалап, саясаттан бас тартып, адамзаттың табиғи тұнық бастауларына қайта оралуды талап етті.
Ежелгі Үндістандағы саяси идеологияның басты бағыттарына брахманизм және буддизм жатады. Бұл бағыттар б.з.д. 1 мыңжылдықтың ортасында қалыптасты.
Брахманизмніңбасты догмасы, тірі табиғатта рухтың мәңгі жаңғырып отыру қабілеті. Егер адам тақуалықпен ғұмыр кешсе, онда ол келесі ғұмырын жоғарғы деңгейдегі мансап иесі немесе әулиелік дәрежеге көтеріліп жаңғыртуы мүмкін. Сондықтан да әлем, адамдардың сезімдері, олардың әлеуметтік жағдайлары бәрі,бәрі де жай елес болмақ, ал адамның рухы мәңгілік – ол ұдайы кемелдендіруді қажет етеді. Жоқшылық, ашаршылық, адамдардың қайғы – қасіреті бәрі де елес дүние, оларға көңіл бөліп, жаныңды жабырқатудың қажеті шамалы. Ең бастысы тәртіп, ал тәртіпті брахманизм ғұламалары қатаң жазалаудың жемісі деп біледі. Әйгілі “ Ману заңдары” – “Жаһанның жүйеге келуі – жазалаудың жемісі болмақ” – деп, жариялайды.
Брахманизмге жауап ретінде б.з.д. ҮІ –Ү ғғ. Үндістанда саяси-діни ілім Буддизм (Будда - нұрланған) пайда болды. Бастапқыда буддизм қарапайым шаруалар мен қала кедейлерінің мүддесін бейнелейтін ағым болды. Алайда буддизмнің білгірлері халықты әділетсіздікке қарсы белсенді күрес жүргізуге шақырған емес.
Мемлекеттің пайда болуы, антикалық полистің саяси өмірінің күрделіне түсуі, демократиялық институттарды қалыптастыру мен дәстүрді сақтау қажеттігі саясат пен құқықтың, мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының мәселелерін терең және жан-жақты теориялық негіздеуді талап еттті.
Сократ (б.з.д. 469 – 399 жж.) – заңның құдіретін қолдаушы бірегей тарихи тұлғалардың бірі. Заңның үстемдігі оның еңбектерінде мемлекеттердің құрылысы мен басқарылу ерекшеліктерін жіктеуде безбен ретінде қолданылады. Ол олардың өздеріне тән ерекшеліктерін ашып көрсетуге әрекет етті. Патшалық пен тирандықты Сократ биліктің екі түрі деп санады. Халықтың еркі мен мемлекеттік заңдардың құдіреттілігіне негізделген билікті Сократ патшалық деп сипаттады. Ал, әміршінің әпербақандылығына негізделген билікті – тирания деп атады.
Сократ аристократиялық Спарта және Крит мемлекеттерін идеалдық мемлекеттерге жатқызып, өзінің отандастары Афиналықтарды олардан өнеге алуға шақырды.
Сократтың ілімі, оның өмірі мен өлімі замандастарына және шәкірттеріне ғана әсер етіп қойған жоқ, ол келер замандардың саяси іліміне де елеулі ықпал етті.
Платон (б.з.д. 427-347 жж.) саяси ойдың даму тарихындағы айтулы тұлғалардың бірі. Платонның мемлекет туралы идеяларының философиялық негізі идеализм болды. Оның сөзі бойынша, - “шынайы болмыс – ақылмен танып білуге болатын тәнге тәуелсіз идеялар ”, ал енді, тәннің заттар мен құбылыстарды сезінуі ақиқаттан алыс, өйткені ол өзгермелі және жасандылыққа бейім болмақ.
Платон сұқбат стилінде жазылған “Мемлекет” атты негізгі еңбегінде, - идеялар мен идеалдық әлемінің жарыққа шығуын, олардың жердегі қоғамдық-саяси өмір сүруінің ең жоғарғы мүмкіндігін қалыптастыратын идеалдық мемлекет деп - полисті қарастырады.
Идеалдық мемлекетті жобалай отырып, Платон әділетті адам және әділетті мемлекет ұғымдарын өзара салыстырмалы түрде ашуға талпынады. Осы ретте Платон адамның үш қасиеті: ақыл, ашу және талапты, мемлекеттің негізгі үш бастауы: кеңес, қорғаныс және іскерлікке балайды. Оның көрінісі ретінде үш тап: әміршілер, әскерилер және өндірушілерді қарастырады.
Мемлекет мәселесін ойластыра келе Платон оларды екі топқа бөліп: идеалдық мемлекеттер және кертартпа мемлекеттер деп қарастырады.
Кертартпа мемлекеттердің Платон көрсеткен кемшіліктері мыналар:
- алауыздықтың асқынып кетуі, міндеткерліктердің әділетті үлестірілмеуі және көпшіліктің қолдауы келісімнің кеңдігінен емес, мәжбүрлеудің молдығынан болады;
- ұлыстың ұлағатты мұраттарының, билік басындағылар мен олардың ат төбеліндей аз ғана қолдаушыларының мүддесі үшін мансұқ етілуі;
- дүниені тәрк етушлікке қарағанда оған құнығушылықтың басым болмағы.
Кертартпа мемлекеттер қатарына Платон мынандай мемлекеттерді жатқызады:
Тимократия Платонның айтуы бойынша тарихтағы алғашқы кертарпа мемлекет болып табылады. Онда билікқұмарлар мен дүниеқорлардың үстемдігі орнайды.
Олигархия үстемдік құрған мемлекетте мүліктік теңсіздік, байлардың шексіз үстемдігі, ал кедейлерді биліктен мүлдем шеттетілуі орын алады.
Демократия бұл көпшіліктің билігі мен басқаруы. Мұндай мемлекетте әдетте “көпшіліктің құтыруы”, “еркіндіктің есерлігі” орын алып, ол анархияға апарып соғады. Анархия өз кезегінде азаматтық борышты ұмыттырады, елде заңсыздық пен қара халықтың ұрда - жық надандығы қанат жаяды. Шектеулі ой - өлшемі орнығып, күнделікті өмірде қуғын-сүргін мен террорлық тәртіп үстемдік құрады. Бұқара халықтың ақыл-есін жаулап алатын ділмәр, алааяқтардың жолы болып, қарсыласын қан жұтқызудан тайынбайтын болады, өзгенің дүние – мүлкіне көз аларту етек алады. Бұл демократияның бірте-бірте тиранияға ұласуына әкеліп соғады.
Платонның айтуы бойынша кертартпа мемлекеттердің ең нашары, Тирания болып саналады. Ол демократиялық мемлекеттің азғындауының салдарынан келіп шығады. Платон: - “ Әсіре әрекеттің кез келгені қарама-қайшы нәтиже бермек. Ессіздікке іргелес қонған еркіндік – қол байлаған құлдыққа душар етер. Тирания демократиядан келіп шығады. Аса қатыгез құлдық – тым еркін демократияның нәтижесі болмақ. Тиранның бар арманы тағын сақтау, оған енді дұшпаны да, досы да, бәрі де жау” – дейді. (Платон. Государство. Соч. М.: Мысль. 1971.Т.3. С.327.)
Платон келесі бір іргелі “Заңдар” атты еңбегінде мемлекеттің екі түрін атап көрсетеді: біріншісі баршадан үстем болған билеушілері бар мемлекет, екіншісі билеушілері де бас иетін заңдары бар мемлекет. “Заңдарын көсемдері қастерлеуді қажет етпейтін мемлекеттің құлауына кәміл сенем. Ал, әміршісі әділ заңға жүгінетін елді, жаратқанның бар жақсылығына жеткен ел деп білем” - дейді Платон.
Көп жағдайда Платонның пікірлерімен келесе отырып, Аристотель (б.з.д. 384-322 жж.) мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы және құлдырауының басты шарты ретінде, түрлі әлеуметтік топтардың билікке деген көзқарасы мен олардың мемлекеттік іс-шараларға қатысу дәрежесін атайды. Ол да Платон секілді идеалдық мемлекет ретінде ежелгі грек қала – мемлекеті полисті атайды. Аристотель де Платон сияқты мемлекетті өзара үйлесімді әрекет ететін элементтердің біртұтас жиынтығы деп қарастырады.
“Саясат” еңбегін Аристотель: - “Кез келген мемлекет бірлесіп ғұмыр кешудің белгілі бір формасы болып табылады ” – деген сөздермен бастайды. Мұнан әрі ол: - “Мемлекет дегеніміз – белгілі бір саяси құрылымды пайдаланатын адамдардың бірлесіп ғұмыр кешуі”- деп, нақтылай түседі. (Аристотель. Политика. Афинская политика. М., 1997.) Саяси құрылым, өз кезегінде заңның үстемдігі дегенді білдіреді, өйткені заңның үстемдігінсіз саяси құрылымның болуы мүмкін емес. Аристотель заңды тәртіп және “сезімсіз сана” деп қарастырады: - “Заң сезімнен таза болғанда ғана заң” - дейді. Философ заңдардың өзгермелі болуына қарсы шығады. Заңның тұрақты қызмет етуін талап етеді. Себебі заңның күші оның тұрақтылығында.
Аристотель саяси құрылымды үш тармаққа бөліп қарастырады: заң шығарушы, әкімшілік және сот билігі.
Аристотель “мемлекет өзінің табиғатында көп қырлы”, “күрделі құрылым”, “алуан түрлі бөліктерден тұрады” – деп, атап көрсетеді. Ол ең әуелі адамдардан тұрады.. Аристотельдің түсінуінде, - “адам өзінің табиғатында саяси жаратылыс, ал енді басқаша бір төтенше жағдаяттардан тыс, кімде- кім өзінің табиғатына тән сипатымен мемлекеттен тыс өмір сүретін болса, онда ол дамудың игіліктерінен мақұрым мақұлық немесе ол дамудың жоғарғы сатысына көтерілген айрықша жан (суперадам)”. Мемлекет азаматтардан тұрады. Азамат дегеніміз – қоғамға қажетті төрт қызметтің бірін (функцияны) атқаруға құқылылар:
- әскери қызметті;
- әкімшілік қызметті;
- сот қызметін;
- абыздар қызметін.
Сондай-ақ ол мемлекетте тектілер мен тексіздерді, байлар мен кедейлерді, білімділер мен надандарды, азат адамдар мен құлдарды (соңғылар мемлекеттің құрамдас бөлігі бола алмайды, өйткені олар адам болса да өзін-өзі билей алмайтын жанды еңбек құралына жатады.) бөліп көрсетеді.
Аристотель саяси құрылымды сандық, сапалық және мүліктік көрсеткіштер бойынша жіктеп көрсетеді.
Аристократия монархияға қарағанда тиімді. Аристократия тұсында билік таңдаулы тұлғалар қолында болады. Ол ұлыларын ұлықтай білген ұлыста орнығады – дейді, Аристотель.
Полития (республика) – көпшіліктің билігі. Алайда көпшіліктің бірлесіп атқаратын бірден бір қызметі әскери қызмет, сондықтан да “Республика қару көтерген көпшіліктен құралады”.Көпшіліктің кез келген мүшесі, аристократиялық азшылықтың кез келген мүшесінен нашар болмақ. Алайда көпшілік біріксе, азшылықтың барлығы жолда қалмақ.
Тирания - “адамның табиғатымен таласқан билік”: “Ұрыны емес, тиранды өлтіргенге берілсін барлық мадақ”.
Олигархия –азшылықтың билігі. Бұл билік тұсында біліктілер емес, байлар үстемдік құрады.
Демократия - көпшіліктің билігі. Демократияның бес түрі бар, оларды екі топқа жіктеуге болады:
- заңға негізделген демократия;
- билік тобырдың қолында болатын охлократия.
Аристотельдің көзқарасы бойынша мемлекеттік басқарудың барлық формаларында бұқара халық (азат туылғандар, “заңмен жүретіндер”) өзін жоғары билік иесі деп білуі керек. Ал мұндай түсінік жоқ жерде, кемеңгер көсемдер “бұқараның” - “басты билік біздің қолда” – деп, санайтын сағым сезімін қалыптастыруы қажет. Бұл Аристотельдің айтуынша кез келген мемлекетте тұрақтылықты сақтаудың басты шарты болып табылады.
Философтың көзқарастары бойынша “үлгілі мемлекеттер ғана бақытты болмақ”, ал үлгілі мемлекет, үлгілі саяси құрылымы бар елде орнамақ. Оның негізінде - “мүліктің үйлесімді орта мөлшері” жатады.
Орта мүліктің иегерлері мемлекеттің тірегі болған орта тапты қалыптастырады.
Қоғам дамуының заңдылықтарын зерттеген ортағасырлық мұсылман ғұламаларының қатарында отандасымыз Әбу Насыр әл – Фараби (870-950 жж.) болды. Ол өзінің әйгілі “Үлгілі қаланың ұлағатты тұрғындары туралы”еңбегінде үлгілі қала – мемлекеттің қандай болуы қажет екендігі туралы теориялық толғамдар жасайды.
Ол өзінің ғылымдардың классификациясын жасаған еңбегінде ортағасырлық философтардың ішінде алғашқылардың бірі болып – саяси ғылымдардың міндетіне тоқталады. Ол саяси ғылымды – қоғамдық өмір туралы ғылымдарға жатқызады. Саяси ғылым “әл – илм әл - мадания”:
· өмір сүрудің және саналы әрекеттердің алуан топтары мен түрлерін зерттейді;
· оларды жүзеге асырудағы мақсат – мұраттарды анықтайды;
· мемлекет пен қоғамдық өмірді басқарудың тәсілдерін зерттейді.
Саяси ғылым немесе саяси философия ізгілікті амалдар мен әрекеттерді жарыққа шығарудың заңдылықтары мен тәсілдерін зерттейді және қалыптастырады, - дейді әл – Фараби. (Аль – Фараби. Слово о классификации наук // Аль-Фараби. Философские трактаты. Алма – Ата, 1972)
Әл-Фарабидің пікірі бойынша баршаны бақытқа жеткізу үшін:
· қоғамның білгілі бір деңгейде саяси ұйымдасуын қамтамасыз ету керек;
· мемлекет біліктілікпен басқарылуы қажет;
· әмірші әдепті де білікті болуы шарт.
Бақытқа жетудің бастапқы басты үш шарты:
· үлгілі қала – мемлекетті қалыптастыру керек;
· салауатты өмір салтын ұстанып, әділдікпен амал етіп, моральдық қағидалар мен ұстанымдардың шегінен ықпай қаланы басқару қажет;
· қаланың әміршісінің озық ойлы, теориялық және сараптамалық қабілеттілігі жоғары және әділетті болып, ұлағаттылықтың ұлы деңгейіне көтерілген болуы қажет.
“Әділетті әмірші” – туралы өзінің көзқарасын, тұжырымдай келе әл – Фараби оған тән болуы қажет 12 қасиетке басты көңіл бөледі. Олар қатарында:
- ден-саулық пен күш – қуат;
- адам жанын ұғатын сезімталдық;
- ақылы мен алымы қатар жүрер алғырлық;
- әділеттіліке деген махаббат, тирандыққа деген жиреніш;
- жақынға да жатқа да әділ болу;
- тауекелге тең келер шешім қабылдай алу;
- жау жүректілік пен кең пейілділік.
Сонымен бірге үлгілі қаланың әміршісі заңдарды қабылдай алумен бірқатарда оларды орындатуға әмірін жүргізе алуы қажет. Өзі қабылдаған заңдарды құрмет тұтып, оған сай әрекет етуі керек. Ешқашанда заңды бұзбай заң шеңберінде байыппен басқаруы тиіс.
Әл – Фарабидің түсіндіруі бойынша: үлгілі қала – мемлекеттің міндеті баршаның бақыт пен әділетке жетуіне жағдай жасау болып табылады. Үлгілі қала - бұл қоғамдық басқарудың үлгілі өнегесі орын алған, бақытқа жету білімді де білікті әміршімен жүзеге асатын қала.
Үлгілі қала - бұл тұрғындары бір – біріне аса қамқор, ерекше мйірімділігімен сипатталатын, өзара көмекке әрқашанда дайын тұратын адамдардың қаласы. Бұл қалада қашанда тәртіптілік пен әділеттілік, өзара құрмет пен ізеттілік, келісім мен түсіністік үстем болады.
Бұл қаланың тұрғындары білімді байлық санайды, амалдарында байыптылық басым тұрады, іс-әрекеттерінде әділеттілікті аттап кетпейді, көмекке қол ұшын беруге қашанда әзір тұрады, жалған мен жалаға ешқашанда жақын жүрмейді, олар рухани бай жандар.
Осылайша қоғамдық келісім нәтижесінде пайда болған үлгілі қала – мемлекеттің тұрғындары білім алуға, ізгіліктік пен қайырымдылықты бойларына сіңіруге, өзара татулық пен үйлесімдікті орнықтыруға тиіс болады.
Бұл шарттардың орындалмауы үлгілі қала – мемлекетке қарама-қарсы надандық орныққан қаланың қалыптасуына негіз болады.
Надан қала – бұл тұрғындарының соры арылмайтын, бағы жанбайтын қала. Олар бақыт не екенін білмейді, тіпті бақытты болуға талпыныс та жасамайды. Олар ешқашанда бақытты болған емес және бақытты болуға сенген де емес. Олардың түсінігінде игілік дегеніміз, көпшіліктің көр-соқыр танымынан туындаған – жалған дүниенің “жақсылықтары” ғана:
- деннің сау болуы;
- дүниеге бай болуы;
- ләззатқұмарлық;
- өзінің нәпсісінің қалауын қанағаттандыруға ұмтылу;
- атақ пен мадаққа ұмытылу. (Аль-Фараби. Философские трактаты. Алма-Ата, 1972)
Бақаруды классификациялаудың ерекше бір формасын Ибн Халдун(1332-1406 жж.) береді. Үстемдік оның пікірінше, тек қана күшпен адамдарды өзіне бағындырып, тайпалардың тату тіршілігін, бұқара халық арасындағы тұрақты тәртіпті қалыптастырып қоймайды, ол сондай-ақ, салықтың дер кезінде жиналуын қамтамасыз етеді, әскер жасақтайды, елді жаудан қорғайды. Ибн Халдунның айтуынша кез келген мемлекет бес ұрпақтың ғұмырындай өмір сүріп, бес кезеңнен өтеді:
- – жаңа биліктің орнығуы және ескі биліктің құлауы;
- – биліктің бір қолға шоғырлануы және билікті қолға алуға көмектескен одақтастар мен жанындағылардың жойылып жіберілуі;
- – мемлекеттің өркендеуі (тәртіптің орнауы, тұрақтылық, қоғамдық өмірдің тынышталуы);
- – оппозицияның талқандалуы және билікті сақтап қалу үшін жазалаудың жария түрлерінің қолданыла бастауы;
- – мемлекеттің құлдырауы және күйреуі.
Ибн Халдун басқарудың халифат, саяси монархия және табиғи монархия сынды формаларын атайды. Егер саяси монархия адамдардың жердегі өмірлік мұраттарының көрінісі, саналы әрекеттің нәтижесі және билеуші діни құндылықтардан тәуелсіз. Ал халифатта, әмірші мұсылмандық құқыққа арқа сүйейді, діннің қорғаны сонымен бірге жердегі жұмысқа жетекшілік етеді.
Табиғи монархияға болса, жеке биліктің деспоттығы, әміршінің субъективті талғамына жүгіну тән.
Ибн Халдунның еңбектерінде діни құндылықтарды қадірлейтін және исламның ережелері мен принциптерін орындайтын, білікті де білімді монархтың үйлесімді билігі мен мұсылмандық құқықтың әділеттілігі және кемелділігіне деген сенім көрініс тапқан.
Қайта өрлеу дәуірінің саяси ойшылдарының аса көрнекті өкілі Никколо Макиавелли (1469 – 1527 жж) болды. Антикалық әдебиеттің аса көрнекті білгірі, дипломат және саясаткер, ол саяси ойдың тарихына бірқатар іргелі еңбектердің авторы ретінде енді. Ол туралы саяси пікір-талас пен көзқарастардың қайшылығы міне бес жүз жылдан астам уақыт бойы қызу талқыланып келуде. Біреулер үшін “Макиавеллизм” бағыты саяси ғылымдағы жаңа бағыт, жаңа леп, Николо Макиавелли буржуазиялық – құқықтық теорияның негізін қалаған “ұлағатты ұстаз” болып табылады. Ал енді, біреулер үшін макиавеллизм саяси, адамзаттық және азаматтық залымдықтың, екіжүзділіктің, арбап-азғыру мен сатқындықтың, қатыгездік пен арсыздықтың синонимі болып табылады.
Н.Макиавеллидің саяси ілімін оның: “Әмірші” (1513 ж), “Тит Ливидің алғашқы он кітабы туралы ойлар” (1516 ж), “Флоренция тарихы” (1520 – 1525 жж) сынды еңбектерінен оқып біле аламыз.
Мемлекет мүддесі үшін дінді де моральды да белден басып өтуге болады, - дейді. “Егер мемлекеттің қауіпсіздігі қабылданар шешімге қатысты болатын болса, бұл шешімнің әділетті ме, ізгілікті немесе қатал ма, мерейлі жоқ әлде ұятты екенін есептеудің қажеті жоқ. Бірақ нәрсені сұрау керек: ол мемлекеттің өмірі мен азаттығын сақтап қалады ма?”
Жаңа заманда саяси ойдың өркендеуіне «қоғамдық келісім» теориясының негізін қалаушы ағылшын айшылдары Томас Гоббс (1588 - 1679), Джон Локк (1632 - 1704) және де француз философы Жан – Жак Руссо (1712 - 1778) аса зор үлес қосты. Олардың қоғамдық келісімнің мәні туралы берген түсініктемелері бір – бірлеріне қайшы келді. Т.Гоббс адамның мемлекет пайда болғанға дейінгі табиғи өмірін кертарпа өмір деп санады, себебі адамзат ол кезде тек қана инстиктілердің үстемдігі мен «баршаның баршаға қарсы соғысы» жағдайында өмір сүрді. Адамның табиғи құмарлығын шектеу, қоғамдық тұрақтылық пен адамдардың құқығының сақтауды қамтамасыз ету үшін индивидтер өзара қоғамдық келісімге келді, - дейді Томас Гоббс. Бұл келісім шарт бойынша олар өздерінің құқығын, тағдырын мемлекет басшысына сеніп тапсырды, ал мемлекет басшысы келісім шартқа қатыспады, сол сбебепті де өзара келісімге келген жеке индивидтердің алдында ешқандай жауапкершілікке міндетті емес еді. Азаматтардың құқығының өтемі ретінде мемлекет, олар үшін қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз етуге кепілдік берді. Осылайша Томас Гоббс абслюттік, біртұтас және бөлінбейтін абсолюттік монархияның қажетілігін дәлелдеуе тырысты.
Ж.-Ж. Руссо бұған қарама – қарсы көзқараста болып, адамзаттың мемлекет пайда болғанға дейінгі өмірін идеалдандырып сипаттады. Оның айтуы бойынша адам жаратылысында – мейірімді жаратылыс. Сондықтан да қоғамдық келісім шарттың басты міндеті, «өзінің біріккен күш қуатымен қоғамның әрбір жеке мүшесінің ар – намысы мен мал – мүлкін қорғайтын, осы бірігудің нәтижесінде әркімнің еркінің өзінде ғана болуын қамтамасыз ететін және де бұрынғыдай азат та еркін болып қала беруіне мүмкіндік беретін ассциацияның түрін табу болып табылады». Қоғамдық келісім – бұл жалпының еркін интеграциялау тәсілі болып табылады. Жалпының игілігіне өзінің жеке құқығы мен еркіндігін сеніп тапсырып отырып, әрбір жеке тұлға «жалпының бөлінбес құрамдас бөлігіне айналады». Мұндай қоғамда дау-жажалдар мен қайшылықтар болмайды. Азаматтың еркі шектелмейді, сол себепті де оның жарыққа шығуының тікелей жолы демократия болып табылады.
Либералдық иделогияның бастауында тұрған Дж. Локк қоғамдық келісім идеясын басқаша түсіндірді. Либерализмнің басты құндылығы, - еркін жеке тұлға. Жеке тұлғаның еркіндігін қамтамасыз ету идеясы мемлекеттің билігін шектеуді талап етеді. Дж. Локк билікті заң шығаушы және атқарушы билікке жіктеу идеясын ұсынды. Дж Локктың билікті жіктеу идеясын француз философы Шарль Монтескье (1689 - 1755) одан әрі дамытты. Ол өзінің көзқарастарын «Заңдар рухы туралы» (1748) атты іргелі еңбегінде жариялады.
Негізгі әдебиеттер: 17[ 433,494,519 бб.]
Қосымша әдебиеттер: 1 [7-15 бб], 13 ч.1[16-36], [79-101], 4[5-20], 7 [5-19], 8[11-23]