Мемлекеттің экономикаға ықпал ету әдістері бойынша экономикалық саясат келесідей: әкімшілік, экономикалық және институционалдық болып жіктеледі.
Әкімшілік шаралар: әкімшілік рычагтардың жиынтығы құқықтық инфрақұрылымды қатамасыз етумен байланысқан реттеуші әрекеттерді қамтиды. Мұндай жағдайдағы қабылданатын шаралардың міндеттері – жеке меншік секторы үшін жақсы ойластырылған құқықтық жағдайларды жасау. Әкімшілік шараларды қолданудың белсенділік дәрежесі экономиканың салаларына байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Олар халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігін әлеуметтік қорғау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында асқан табандылықпен көрінеді.
Экономикалық шаралар: экономикалық құралдарға мемлекеттің ұйғарым түріндегі ғана емес, ықпал ету сипатындағы әрекеттерін де жатқызады, яғни нарықтық процестің белгілі бір аспектісіне ықпал ету әдістері туралы болуы мүмкін (жиынтық сұраным, жиынтық ұсыным, капиталды орталықтандырудың дәрежесі, экономиканың әлеуметтік және құрылымдық аспектілері). Экономикалық шаралардың негізгі бағыттары: қаржы (бюджет, қазыналық) саясаты; ақша-несие (монетарлық) саясаты; әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар; болжамдау;
Институционалдық шаралар. Мемлекеттің реттеу әдістерін сипаттағанда, олардың ұйымдастыру-институционалдық формаларын атап өтуге болады. «Институционалдық» деген ұғым отандық ғылыми айналымда салыстырмалы түрде аз пайдаланылады.
Ықтималды ұзақ уақыт тұратын құбылыспен байланысты әрекеттер «институт» ұғымын тудырады. Американдық экономист У. Гамильтонның айтуы бойынша, «Институттар – қоғамдық әдет-ғұрыптар тобын дұрыс сипаттаудың ауызша символы, олар белгілі бір әлеуметтік топ үшін дағдыға немесе халық үшін әдет-ғұрыпқа айналған ойлауды немесе әрекетті және тұрақты әдісті білдіреді».
Институциализмнің мысалы ретінде атайтынымыз:
- мемлекеттік үкіметтің атқарушы құрылымдарын қалыптастыру;
- мемлекеттік меншік нысандарын, яғни мемлекеттік секторды құру және қолдау;
- экономикалық бағдарламалар мен экономикалық болжамдарды әзірлеу;
- экономика жөніндегі зерттеу орталықтарын (меншіктің әр түрлі формасын иемденуші), экономикалық ақпараттар институттарын, сауда - өнеркәсіп палатасын, әр түрлі экономикалық кеңестер мен одақтарын қолдау;
- кәсіпкерлік және кәсіптік одақтарды құқықтық және ақпараттық қолдау;
- экономикалық интеграция формаларын құруға қатысу, экономикалық мәселелер бойынша халықаралық кездесулерді жүйелі ұйымдастыру (мысалы, «жетілік» топтың өкілдерін).
Осыған жанамалата аса маңызды әдістік тетікті атап өтелік. Әр түрлі мәселелердің ара қатысы диалектикалық өзара байланыста болады. Төмендегі мақсаттардың жетістіктері одан да жоғары деңгейдегі мақсаттарды орындаудың құралдары болып табылады.
Басты мақсаттарға мыналар кіреді:
- қоғамның еркін дамуы;
- құқықтық тәртіп;
- сыртқы және ішкі қауіпсіздік.
Осы мақсаттардың орындалуы нарыққа бағдарланған, қоғамның тіршілік етуінің «шектеулі жағдай» деп аталатын принципін қамтамасыз етеді.
Экономикалық саясаттың басты үш міндетін қарай отырып, прагматикалық бағдарлы мақсаттардың келесі қосарлы бағыныштылықтағы жиынтығын талдаймыз. Практикада олар ЖҰӨ-нің барынша өсуіне ұмтылыс түрінде жүзеге асады. Мұндай жағдайда мемлекеттің міндеті - өндірілетін ЖҰӨ масштабы мен пропорциясын өте жоғары дәрежеде үйлесімді ететін саясатты жүргізу.
Экономикалық саясаттың басты мақсаттары:
- экономикалық өсу;
- жұмыспен толық қамтылу;
- баға деңгейінің тұрақтылығы және ұлттық валютаның орнықтылығы;
- сыртқы экономикалық тепе-теңдік;
Батыс елдеріндегі қалыптасқан экономикалық жүйе шеңберінде экономикалық өсу мәселесі жетекші нақтылы мақсат болып саналады. Оның жүзеге асырылуы ЖҰӨ-нің абсолютті салыстырмалы өсуінің шеңберінде жоспарланады.
Экономикалық өсуге басқа да бір мақсат – жұмыспен толық қамтамасыз ету қабыса алады.
Ұлттық валютаның баға деңгейінің тұрақтылығы мен орнықтылығы максатына мынадай жағдайда жетуге болады, егер инфляция нормасы жылына 1-2 %-ды құрайтын болса.
Жоғарыдағы аталған үш мақсаттың орындалуы ұлттық экономика шеңберінде макроэкономикалық тепе-теңдікке жетуді қамтамасыз етеді. Алайда мынадай заңдылық байқалады: ел экономикасы дамудың неғұрлым жоғары деңгейіне ие болған сайын, ол соғұрлым сыртқы салаға ашықтана түседі.
Бұл сырттағы экспансияның қосымша мүмкіндігін білдіреді. Сонымен қатар сыртқы қолайсыз факторлардың ықпалынан ұлттық экономиканың осалдығы көтеріледі.
Мұндай жағдайдағы экономикалық саясаттың міндеті – ұлттық экономиканы халықаралық бәсекелестіктен сақтап қалу. Нақты мақсат – басқа елдермен сыртқы-экономикалық есептеу жүйесінде теңдікке жету. Мұндай теңгерім нарықтың ортаның шеңберінде әртүрлі елдердің экспансиялық ұмтылыстарын қабаттастыра жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды.
Мақсаттардың иерархиялық бағыныштылығын «мақсаттар пирамидасы» деген ұғыммен атау қабылданған.
Мақсаттар тұжырымдамаларын жасағанда, мемлекет логикалық жағынан негізделген, қайшылықсыз жүйені жасаудың қажеттілігін алға қою керек. Ұсынылып отырған сызба (3 – сызба) сырттай осындай құрылымды көрсетеді: оның негізгі мақсаты молшылықпен байланысты және оны нақты цифрлармен белгілеу мүмкін емес, ол белгілі бір нақтылы тапсырмалар қатарына бөлшектенеді.
Алайда, экономикалық саясатты жүзеге асыру барысында осынау нақты тәсілдердің жиынтығынан үйлесімді жүйе тудыру өте қиын. Бұл екі түрлі жағдайлармен байланысты.
Біріншіден, нақты міндеттің тұжырымдалуының өзі белгілі бір қиындықтардың элементтерін көрсетеді. Қоғамның әр түрлі топтарында, көбінесе, мақсаттар туралы әрқилы түсініктер болады.
Екіншіден, іс жүзіндегі реттеудің жүзеге асуы мынаны көрсетеді – бір мақсатты орындау екіншісінің орындалуын тежейді немесе тіпті, жалпы оны істеу мүмкін де болмайды. Бұлай болу жалпыға бірдей заңдылық: экономикалық процес әрқашан да тек қарама-қайшылық күресінде жүзеге асады.
Бірқатар нақтылы мақсаттарды жүзеге асыру үшін олардың қисындарын қалыптастыра отырып, экономистер оны «мақсаттардың дуалы көпбұрышы» деп атаған.
Міндеттер қайшылығының өте айқын мысалы – баға тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып бір мезгілде жұмыспен толық қамтылуға жету болып табылады. Еңбекке қабілетті жұртты еңбек процесіне тарту деңгейі неғұрлым жоғары болса, оның төлемінің жиынтық деңгейі соғұрлым жоғары болады. Бұл тиісінше тұтас сұраным ауқымын ірілендіреді, соның нәтижесінде баға көтеріледі.
Бұл жағдайда өнім мен қызмет өндіру де арта түседі, алайда экономикалық өсу кезеңінде жалақының өсу қарқыны еңбек өнімділігінен асып кете алады. Бұндай жағдай өсу кезеңінде кәсіпорындардың өнім берушілер одақтарымен жүргізілетін тарифтік келіссөз барысында олардың қысым жасауды күшейте беретіндіктерімен байланысты. Кәсіпкерлер одақтары мұндай талаптарды орындаудан құлдырау кезеңдерінде бас тарта отырып, қолайлы конъюктуралық жағдайларда көнеді. Мұндайда олар пайда нормасының құлдырауымен келісіп, оның массасын арттыру жағынан ұту тиімді деп санайды.