Тақырып. Мен және өзгелер.
Лекции.Орг

Поиск:


Тақырып. Мен және өзгелер.




Дәріс жоспары (1 сағат)

1. Қарым-қатынас арқылы өзін-өзі тану.

Қарым-қатынас– адамдар арасында бірлескен іс-әрекет қажеттілігін туғызып, байланыс орнататын күрделі процесс; екі немесе одан да көп адамдардың арасындағы танымдық немесе эмоционалды ақпарат, тәжірибе, білімдер, біліктер, дағдылар алмасу. Қарым-қатынас тұлғалар мен топтар дамуының және қалыптасуының қажетті шарты болып табылады.[2]

Қарым-қатынас барысында адамдардың танымдық хабарлармен, ақпаратпен, тәжірибемен, біліммен, дағдылармен алмасуы және өзара түсінісуі, бірін-бірі қабылдауы жүзеге асады. Қарым-қатынастың интерактивті, коммуникативті, перцептивті деген үш жағы және мезо, макро, микро, рухани, іскер, т.б. деңгейлері болады. Негізгі қызметі:

· 1) ақпараттық-коммуникативтік (ақпарат алмасу және адамдардың бірін-бірі тануымен байланысты);

· 2) реттеуші-коммуникативтік (адамдардың іс-әрекетін реттеу және біріккен әрекетті ұйымдастыру);

· 3) аффективті-коммуникативтік (адамның эмоционалдық аясымен байланысты).

Адамдар арасындағы қарым-қатынастың басты мақсаты – өзара түсіністікке қол жеткізу. Қарым-қатынас жасауда қатынасқа түскен адамды тыңдап, түсіне білудің маңызы зор. Бұл басқа адамның ішкі жан дүниесін түсініп, оған өз ойын дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді. Адамдар басқаларға өз ойлары мен көзқарастарын түсіндіре отырып, түсініспеушілік, ұрыс-керіс пен дау-жанжал секілді жағымсыз құбылыстарды болдырмауға әрекет жасайды. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға мынадай ережелердің орындалуы көмектеседі: барлық адамдармен тең дәрежеде, дөрекілік пен жағымпаздықсыз қарым-қатынас жасау; сұхбаттасушының жеке пікірін сыйлау; бұйрық емес, өтініш деңгейінде қарым-қатынас жасау; басқа адамның пікірін сыйлау және тәжірибесін қабылдай білу. Қарым-қатынас мәдениетін меңгерген тұлға өзімен қатынас жасайтын адамға құрметпен қарап, сыйластық білдіреді. Адамға сыйластықпен қарау жақсы қарым-қатынас жасаудың негізгі өлшемі болып табылады.

Адам қоғамда өзiн қоршаған адамдар тобында өмiр сүредi және дамиды, оның талаптарына сәйкес өз ойлары мен мiнез-құлқын өзгертедi, топтың басқа мүшелерiмен өзара әрекеттесу арқылы әртүрлi байланысты сезiнедi.
Қарым-қатынас психологиясы мынандай құбылыстарды зерттейдi; адамдардың бiр-бiрiн қабылдауы және түсiнуi, елiктеу, сендiру және нандыру, ұйымшылдық немесе жанжалдық, бiрiккен iс-әрекет және тұлғааралық қатынастар. Осы психологиялық құбылыстың әр түрлiлiгiнде, олардың пайда болуының негiзгi қайнар көзi болып адамдар арасындағы қарым-қатынас аймағы болып табылады.
Егер қарым-қатынас болмаса, бiздiң рухани, материалды даму деңгейiмiздiң қандай дәрежеге көтерiлгенiн бiлмес едiк. Бiздiң әрқайсымыз өзiмiздiң негiзгi қырларымызды жеке қарым-қатынас тәжiрбиелерiмiз арқылы жанұядағы, мектептегi, жұмыстағы, көшедегi тiкелей қатынастар арқылы игеремiз. Бұл микроорта. Микроортадағы қарым-қатынас арқылы әрқайсымыз әлеуметтiк әлемдi кеңiнен танимыз және қарым-қатынасқа түсемiз, яғни макроорта әсерiн сезiнемiз.
Макроорта – бұл өз ғылымы, мәдениетi, идеалогиясы, заңы, қоғамдық өлшемдерi бар қоғам.
Микро және макроортаның кездесетiн жерi, олардың өзара әрекеттесетiн шек – бұл кiшi топ, онда бiздiң әрқайсымыздың өмiрiмiз өтедi.
Қарым-қатынас тарихи алғашқы форма болып табылады оның негiзiнде өркениет дамуының кейiнгi кезеңдерiнде қарым-қатынастың басқа түрлерi пайда болды. Мысалы; жазбаша қарм-қатынас жазбашалықтың құралуынан кейiн ғана пайда бола бастады. Бiздiң әрқайсымыз адамдар арасында өмiр сүрiп және жұмыс iстегендiктен кез-келген жағдайда өз тiлектерiмiзге тәуелсiз түрде адамдармен қарым-қатынасқа түсемiз.
Егер бiз өз өмiрiмiздi бақыласақ онда мынаны байқаймыз:
• басқа адамдармен өзара әрекеттесiп оларды қабылдаймыз және бағалаймыз.
• Жиi түрлi естiгендерiмiздi қызығушылықпен қабылдаймыз.
• Таныстарымызбен немесе кездейсоқ адамдармен өмiрлiк тәжiрбиелерiмiзбен алмасамыз.
• Басқа адамдардың әсерiн сезiнiп оларға елiктеп өз мiнез-құлқымызды өзгертемiз.
• Шешiм қабылдағанда көп жағдайда қасыңдағы адамдардың пiкiрiн есепке аламыз.
Қарым-қатынас стратегиясы
Қарым-қатынас стратегиясы үшке бөлiнедi.
1-шi ашық-жабық қарым-қатынас. Ашық қарым-қатынаста әр адам өзiнiң көзқарасын жеткiзе бiлуi және басқалардың позициясын тыңдауға әрдайым дайындық. Ал жабық қарым-қатынас ақпаратқа деген өзiнiң көзқарасын қатынасын жеткiзе алмауы, қарым-қатынасқа түсуге талпынбауы.
2-шi Монологты стратегия.
3-шi Рольдiк тұлғаарлық стратегия (мұғалiм-оқушы, үлкен-кiшi).

Хабар беру мына бағыттармен жүзеге асады:
-жоғарыдан төменге – жұмысшыларға бұйрық беру.
-төменнен жоғарыға – басшылармен пiкiр алмасу және т.б.
Коммуникация процесi жүзеге асу үшiн мынадай 4 элемент керек.
1. хабар берушi
2. мәлiмет
3. арнайы ақпарат беру құралы
4. ақпарат алушы

Коммуникация процесi 5 кезеңнен тұрады.
1. ақпарат алмасудың басталуы, мұнда хабар жiберушiнiң қандай реакция алатынын ашық бiлу керек.
2. Ойдың символға мәлiметкен айналуы

Адамның өзін-өзі тануында тарихтың маңызы зор. Тарихи сана мен өзін-өзі тану қоғам өміріндегі болашақ дамуы үшін тиімді жол таңдау тәрізді өте өзекті. Біз кім болдық қазір кімбіз, болашақта кім боламыз? Қазіргі әлемде жүріп жатқан жаһандану үдерісі әрбір ұлт үшін осы сұрақтардың өзектілігін тағы да айқындап нақтылай түседі. Қоғамымызға бүкіл әлемдік тарих арнасындағы аса ірі оқиғалар тұрғысынан өзіңді сенімді сезінуге мүмкіндік беретін ақпарат алуда тарихи –мәдени мұраларды зерттеп білу, оқып танысудың маңызы зор. Халықтың езілген еңсесі, тапталған рухы, намысы көтеріліп, өшуге айналған сананы оятып, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртып, барымызды түгендеп, жоғымызды жоқтап жатқан кезде, өзімізді, шыққан тегімізді танып білу қажеттігі зор.

Адамның өмірінде мәдениеттің маңызы зор. Сонымен мәдениет дегеніміз не екен?

Мәдениет – адамның материалды, рухани, интеллектілі өмірінің сферасы. Мәдениет адамда, оның әлемге өзіне қатысты табиғи және әлеуметтік қасиеттерін біріктіреді.

Мәдениет – бір территорияда өмір сүріп жатқан халық өмірінің әдет-ғұрпы, сол халықтың тарихы. Қоғамның мәдениеті табиғатпен, адамдармен өзара әрекеттестіктің әртүрлі тәсілдерін, ойлау стильдерін, тілді, таптаурындарды, қарым-қатынас құралдарын және т.б. болжайды. Әрбір адам өзі тіршілік ететін (тіл, өнер, дін, аңыз, біріккен іс-әрекет) символды ортасын қалыптастырады. Мәдениетті қауымдастықтың символды ортасы әлем жайлы жалпы көзқарастарға жақын және барлығына ортақ әлемнің көрінісімен анықталады. Өмірлік әдет-ғұрып, әртүрлі қауымдастықтардағы мінез-құлықтың және өзін-өзі анықтау тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктері бар, әр ділдің ұлттық мінезінде көрініс береді. Діл (менталитет) бұл - өмірдің нақты мәдениетке тән ерекшелігі.

Мәдениет - адамның бейімделуіне көмектесетін іс-әрекет өнімі, яғни адам мәденилену процесінде өз мәдениетіне тұтастай енеді. Мәдениет адамның “адамдануына” көмектеседі, өйткені ол ана құрсағынан бастап, кейіннен эмоциялы қарым-қатынаста және заттық әрекетте, іс-әрекетте, тұлғалар арасындағы қатынастар тәжірибесін меңгеруде ана тілі, тәжірибесі арқылы рухани құндылықтарға жетелеп, тартып адамның даралығын қалыптастырады.

Сонымен мынандай қорытынды жасауға болады: адам өзіндік мәдени ерекшелігін бағалай білуі қажет, өзі өкілі болып табылатын адамзат пен туыстық дәрежесін сезіне отырып, мәдениетке шыдамдылықпен қарауы тиіс.

Жер бетіндегі адамзат біртұтас. Бұл ақиқатты көзі ашық, көкірегі ояу пенде біткенннің бәрі үшінші мың жылдықтың табалдырығында тұрып анықырақ сезінуде. Төрткүл дүниедегі ақбасты ғұламалар ғылымның ең саңғы жетістіктеріне сүйеніп, әр қиырдағы адамдар тегін тереңірек қазбалаған сайын олардың, яғни біздің бәріміздің бір ата мен бір анадан таралғанымызға көзіміз жете түсуде. Адамзаттың түпкі ата -бабалары осыдан мыңдаған жылдар бұрын жұмыр жер бетіне шашырай таралып, шыққан тегінің, қоныстанған мекенінің, табыстырған тағдырларының, ұғыстырған тілі мен ділінің т.б. ортақтығына қарай ұлыстар мен ұлттарға ұйысқан. Олар кейін өзгелерге ұқсамайтын дәстүрлі төл мәдениеттерін қалыптастырып, бір – бірімен кейде ықпалдаса, кейде ырғаса жүріп, әрдайым алдымен аймақтық, содан соң әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылады.

Адамзат тарихынан біз білетін соғыстардың басталу себебі әрқилы да, нәтижесі - ұқсас. Яғни қандай да бір текетіресттің ақыры басым мәдениеттің жеңісімен яқталып отырған. Сөйтіп, бірте – бірте бүкіл әлемдік дамудың өн бойындағы негізгі бағдарды белгілейтін ықпалды күш түріндегі глобальдық әлемдік мәдениетұғымы пайда болған.

Демек, “әлемдік мәдениет”, “әлемдік өркениет” ұғымдары ойдым -ойдым ұлттық мәдениеттердің немесе аймақтық өркениеттердің қарапайым қосындысы емес. Бұл - адамзат дамуы аталатын жанды процестің арналы жолына қаланған мәдени қабаттар.

Тарих көп нәрсеге куә. Кезіндегі мол мәдени қуаты әлемдік өркениеттің іргетасына қаланғанмен, кейін өздері жоғалып кеткен халықтары да бар. Ал, енді кейбір халықтар ондаған, тіпті, жүздеген жылдар бойы адамзат дамуының көшін бастап келіп, кейін әртүрлі ішкі және сыртқы себептердің салдарынан әлемдік өркениет арнасының шетіне ысырылып, қалтарыста елеусіз күн кешкен. Осы соңғы санаттағылар қатарына біздің түркі жұрты да қосылар, сірә.

 

 

2. Қарым-қатынас адамдар арасында өзара түсінікке қол жеткізу құралы.

Әр тақырыптың мазмұнын ашатын ата-баба өнегесі, әке мен бала қатынасы, ана мен әке қатынасы, қоршаған орта, күнделікті тіршіліктегі сыйластық пен мейірім, ар-ождан, қайрат, ақыл, жүрек, ерік, жігер, намыс, жан мен тән сұлулығы, т. б. құндылықтардың адам өміріндегі қажеттілігін сезініп, пайымдай алғанда ғана толық адам ретінде қалыптасуға мүмкіндік туады. Ол үшін адам өзіне не қажет екендігін дұрыс сезінуі керек. Ежелгі грек философы Демократ адам өміріндегі қажеттіліктер олардың өзіндік ішкі мүмкіндіктері мен тілек-мақсаттарынан және сыртқы әсерлерден туындайтынын айта келіп, «Қажеттілік адамды барлығына да үйретеді», – деген екен. Олай болса, адам өмірінде қандай қажеттіліктер болады? Олардың бір-бірінен қандай айырмасы немесе қандай ұқсастықтары бар? Күнделікті тұрмыстағы қажеттілік дегеніміз не? Адам өміріне орай әртүрлі қажеттіліктерді саралай отырып, барлық пәндерді ықпалдастыруды ойластыруға болады. Мысалы, биологиялық қажеттілік адам ағзасының дамуын қамтамасыз етсе, әлеуметтік қажеттілік адамның қоғамдағы орнын, мәнін анықтайды. Рухани қажеттілік – парасаттылық, танымдық, эстетикалық моральдық ізденістен туады. Әлемді тану, табиғат әсемдігін, үндестілігін, үйлесімін, өнер жетістіктерін жүрекпен қабылдап бағалай алу, өзі өмір сүріп отырған ортаның заңдарын, ұлттық құндылықтарды қастерлей білу, махаббатты, сүйіспеншілікті, қайырымдылық пен имандылықты құрмет тұту тәрізді қажеттіліктерді өзін-өзі тануда ықпалдастық арқылы жеткізуге болады. Осы ретте біз әдебиет пен рухани-адамгершілік білім негіздерінің ықпалдасуын арастыруды нысана етіп отыруымыздың себебі көркем шығарма – әдебиет пәнінің де өзін өзі танудың да мазмұнын құрушы материал болып табылады.

Әдебиет – адамзаттың асыл арманы, халқымыздың тарихи ізі, елдік-ерлік дәстүрлері, тұрмыс-тіршілігі, болмыс-бітімі кескінделген көркем шежіре. Ол – халықтың сан ғасырлық сөз өнерін атамұра, рухани байлық ретінде жеткізетін өмірдің көркем оқулығы. Әдебиетті тегін «өмір оқулығы» демесе керек. Олай болса, әдеби көркем шығарманың әр адамға өнеге, үлгі, тәлім-тәрбие беретін қуатының жоғары болуы оның адамгершілік ұстанымын аша түседі. Тәрбие ең алдымен адам жүрегіне жол табумен ерекшеленеді. Тәрбиенің әдістемелік негізін философиялық, психологиялық, педагогикалық тұрғыдағы баланың өзіндік қабілеті, белсенділігі, шығармашылығы, тұлғалық дамуы сияқты аспектілердің жиынтығы құрайды. Қазақ халқының ұлағатты өнегесі арқылы адамгершілікті тәрбие төңірегінде қаншама құндылықты ойлар айтылған. Сонау халықтық педагогикадан бастап, бүгінгі заманауи құндылықтардың бәрі де адам үшін қызмет етеді. Рухани-адамгершілік мазмұндағы әдеби көркем мәтіндердің ішінде Абай мен Шәкәрім шығармаларының алатын орны ерекше. Екеуі де адамзат баласын, адам әлемін сезіне, сүйе білуге шақырып, ізгілік еліне сара жол салады.

«Абай шығармаларының алтын арқауы болып Адам тұрады, адамға деген махаббат тұрады. Ұлы ақын нағыз адам, толық Адам қандай болуы керек? – деген мәңгілік сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап береді де», – деп Қ. Бітібаева айтқандай пейілі кең, ойы орнықты, талғамы терең, сезімі сергек, санасы жоғары, ең бастысы жүрегі жылы адамның рухани байлығы да мол болады. Абай айтқан жылы жүрек, ыстық қайрат, нұрлы ақыл адам баласын бақытқа бөлеп, өмірін өркендете түседі. Біздің өзін-өзі тану пәні рухани білім берудегі басты мақсатымыздың өзін осы Абай айтқан адамгершілік қағидаларын оқушы жүрегіне жеткізе білу деп ойлауға әбден болады. Әдеби тұрғыдан келгенде Абай мен Шәкәрім, Мағжан мен Мұқағали шығармаларының көркемдік ерекшеліктері айшықты оралымдардан көрінеді, ал бізге қажеттісі – олардың жан дүниесінің сұлулығы. Олар іздеген үйлесімдік пен ізгілік, махаббат пен достық, пейіл мен ықылас жарасымын адам бойындағы құнды қасиеттер деп бағалай отырып, біз әдеби-көркем туындылардағы мазмұн арқылы болашақ ұрпақты еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеуді нысана тұтамыз.

Өзін-өзі тану пәнінің 6-сынып оқулығында берілген Абайдың «Он жетінші» қарасөзін оқып түсіну арқылы оқушылар қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің айтысын талдап, олардың адам үшін артықшылығы неде, адамның мәнді де мағыналы өмір сүруі үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін қалай ажыратқаны жөн, не нәрсеге мән беріп, нені басшылыққа алғаны дұрыс екенін байыптайды. «Жүрекке билету» деген сөздің мағынасын түсіне отырып, оқушылар тағы қандай қасиеттерді «жүрекке билетуге» болатыны жөнінде ой толғайды.

Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын – адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек», – деген нақыл сөзде айтылған адамның жақсы өмір сүруіне негіз бола алатын адами қасиеттердің мәнін ұғыну оқушылардың өз бойларындағы адамгершілік қасиеттерді дамытуына ықпал етеді.

Адамның пейілі таза, көңілі кең, мейірімі мол, әр нәрсені қанағат ынсап тұта алу қасиетінің көптігі ниетке байланысты екендігін Шәкәрімнің «Мейірім, ынсап, әділет, шыдам, шыншыл харакет – түп қазығы ақ ниет», – деген нақыл сөзі дәйектей түседі. Мейірімді, қайырымды, сезімтал адам әрдайым жақсылық жасауға дайын тұрады. Ақ ниетпен жақсылық жасау адамның ішкі дүниесінің байлығын, жан сұлулығын көрсетеді.

Өмірде кездесетін әр түрлі жағдайларда басқаларға зиян келтірмей, ой мен істің бірлігін сақтай отырып, байыпты шешім қабылдай алу да жақсылықтың нышаны. Олай болса, адамды бойдағы жақсы қасиеттер мен жаман қасиеттерді ажырата білуге үйрету үшін Сүйінбай Аронұлының «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» атты өлеңіне адамгершілік құндылықтар негізінде талдау жасалады. Жақсылық та, жамандық та әркімнің өзіндік сенімінің қаншалықты мықты екендігіне байланысты болғандықтан балаларға қиындықпен бетпе-бет кездесуден қорықпай, жеңіл жол іздемей, сеніміңе үміт артып, әрқилы кедергіні де жеңуге ұмтылады. Сөйтіп, оқушылардың ойы адамның өзіне-өзі сенімді болуының басты көрсеткіші болып табылатын батылдық, табандылық, адалдық сияқты қасиеттері айналасында шоғырланады. Осы орайда оқушылардың сенім туралы, оның түрлі қырлары жөніндегі түсініктерін кеңейту мақсатында М. Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты өлеңіндегі қайратты, айбынды, көздерінде от бар, сөздерінде жалын бар, арлы, мінезі жұмсақ, жүрегі ақ, иманды және т. б қасиеттерге сипаттама беріледі. Мысалы, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін әдеби және адамгершілік білім беру ықпалдастығында қарастырып көрейік. Өлең мазмұнындағы әдебиеттік мазмұн ғылым, білім алуға үндеп, оқушыларды бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға, ғылымға берілу жолдарын іздестіруді мақсат етеді. Ал өлеңнің адамгершілік сипаты адамды босқа шаттанбауға шақырады. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ тәрізді бес жағымсыз қылықтардан адамды аулақ ұстап, оларды керісінше талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сияқты жақсылыққа жетелейтін қасиеттерге баулиды. Адамгершілік қағидаларды көрсететін әдеби көркем мәтіндер оқушының интеллектуалды-шығармашылық қабілеттерін, логикалық ойлауын, дамытып, елестете алу, қиялдай білу дағдыларын қалыптастырады. Шығармашылық көңіл күй оқушының басқа пәндерді де құлшыныспен оқуына әсер етеді. Көркем шығарма мазмұнындағы елжандылық, әсемдік, рухани-адамгершілік құндылықтар басқа пәндермен пәнаралық тығыз байланыста болғанда ғана оңай шешіледі.

Сөйтіп, «Қазақ әдебиеті» мен өзін-өзі тану пәндеріндегі мазмұндық құрылым (мәтіндерден құралған оқу материалдары) мен тәрбиелік мақсат (рухани-адамгершілік тұлғасы жоғары, елжанды, іскер де білікті азамат қалыптастыру) арқылы ұштасады. Мысалы, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беруде жарасымды қарым-қатынас жасау, қасындағыларға көмек беру, туыстары мен жақындарына қамқорлық көрсету, өзімен және қоршаған ортамен үндестікте өмір сүру, әр істе белсенділік, азаматтық таныту және өз ойы, сөзі мен ісіне жауапты болу тәрізді түйінді құзіреттерді дамыту арқылы жеке тұлғаның жан-жақты қалыптасуын қарастырады. Бұл әдебиеттің тікелей мақсаты болмағанымен, оның тәрбиелік аспектісінің бір бөлшегі. Олай болса, әдеби көркем шығармалар өзін-өзі тану бағдарламасының мазмұндық өзегін құрай отырып, жасөспірімдердің адамгершілік құндылықтарын жетілдіруге бағытталады деп тұжырымдауға болады. Түптеп келгенде, бұл оқыту үрдісіндегі барлық пәнге ортақ міндет. Алайда, әр пәннің өзіндік ерекшелігіне орай бұл мақсат әр қырынан қиюласқанда ғана қисынын табады. Сондықтан пәнаралық ықпалдастыруды әр пәннің мазмұндық ерекшеліктеріне орай ойластыру қажет.

 

3. Толеранттылық қоғамдағы адам өмірінің нормасы ретінде.

 

Толеранттылық – рухани, ада­ми, идеялық, діни көзқарастар мен ұстанымдарға ортақ болса да, қа­былдаймын дегенді білдіреді. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген француз жа­зушысы әрі философ Вольтер: "Сіздің пікіріңіз маған жат, бірақ оны жақтау үшін өмірімді құрбан етуге дайынмын”, деген екен. Ол – толеранттылықтың басты қағи­даты. Бұл адамдар арасында өзара сыйластықты, мейірбандықты білді­реді. Сондықтан толеранттылық екі жақтың мемлекеттер, діндер, этностар және жеке адамдардың бір-біріне шапағат жасай бі­луі. Толеранттылыққа қарсы "интоле­рант­ность” деген ұғым да бар. Оны төзімсіздік, ымырасыздық, шы­дамсыздық, менмендік, бірбеткейлік деп адам, әлеуметтік топтар, мемле­кеттерге байланысты айтуға болады.

Толерантты парасаттың үлгісі қазақ билерінде көп кездеседі. Мы­салы, Қазыбек бидің қалмақ ханы Қоңтайшыға айтқан "біз қазақ деген мал баққан елміз” деп басталып, "досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, ас­қақтаған хан болса, хан ордасын тап­тай білген елміз”, "...берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!” деп аяқталатын сөздері өзара төзімділікке, сыйластыққа шақырады. Қазақ билері "Төремін деп тепсінбе. Төре мен құл май­данда, кәрі мен жас ақылда, бай мен кедей мырзалықта, барлық адам көр мен қаза жауабында теңеледі”, – деп, адамдардың намыс, ақыл-парасатпен теңесетінін айтқан.

Қарама-қарсы беталыс, бағыт, пікір, идеялар қай мемлекет пен қоғамда да бар. Халықтың дана­лығы, ел басқарудың өнері осы үр­діс­терді белгілі мәмілеге келтіріп, үйлесім, жарасым таптыруда. То­ле­ранттылық, келісім тарихтың мәңгілік сыйы емес. Себебі күнде­лікті дамудан туып отыратын қай­шылықтар біржола шешілмейді. Ол ешкімге бұра тартпай, шынайы жан­ашырлықпен, халықпен ақылдаса оты­рып шешімін табуды талап етеді.

Өзара төзімділік, бөтенді шет­тетпеу, толеранттық мінез таныту мәселесі ХVІ ғасырда Еуропада діни қозғалыстар мен діни жіктерге байланысты туған. Лютеран, про­тестант пен католиктерді бір-бірін жатсынбауға арналған декреттер, заңдар қабылданып, бөтен діндерді қудалауға, үстемдік жүргізуге тый­ым салынған. Бірте-бірте діни кон­фессиялардың біржақты төзім­ділігі өзара діни төзімділікке, діни салт-жораларды еркін атқаруға, діни се­нім еркіндігіне негізделе бастаған. Бөтен дінге рұқсат беруден оны сыйлауға, адамның діни сенім құ­қы­ның маңызды тірегі ретінде мой­ындалған. Өзара сыйластық, то­­ле­ранттық сананы әкімшілік, ав­то­­ритарлық жолмен енгізуге болмай­тын­дығына көз жеткізілген. Сөйтіп, дінді уағыздаушылардың билігіне шек қойыла бастады.

Француз философы Клод Ад­риан Гельвеций дінаралық қақты­ғыстарды ешқандай ақыл-парасатпен ақтауға болмайтындығын айта келе, мына өсиет әңгімені тілге тиек етеді. Көрнекті суретші түсінде жұ­мақтың қақпасына көтерілсе, оны қасқа бас, сақалы беліне түскен, қо­лында кілттері бар бір қария таң­ғалдырады. Зер салып қараса, ол әу­лие Петр екен. Апостол жұмақ қақпасының алдында отыр. Бір топ адам оған қарай бет алады. Бірінші болып католик келеді: "Мен өмір бойы осы дінді ұстандым, ізгілікті, рақымшыл адаммын”, – дейді. "Олай болса, – дейді әулие, – католиктер отыратын орынға өт”. Одан кейін протестант көрінеді. Ол да өзін кісілік қасиетім мол, ыждағатты жанмын деп таныстырады да, сондай жауап алады. Одан кейін Бағдат пен Басрадан келген мұсылмандар өздерін мейірбан, кеңпейіл адамдармыз дейді. Әулие Петр мұсылмандарға да құрметті орын ұсынады. Ең соңында тағы бір адам жақындайды. "Сен қай дінге сенесің?” деген Апостол сұрағына: "Мен, қасиеттім, ешбір дінді ұстанбаймын, бірақ мейірбан адаммын”, – дейді ол. Әулие ойланып-ойланып: "Олай болса, сенің де жұмаққа өтуіңе болады, бірақ сені қайда орналастырамын?” – деп қиналады. Ақырында "Өт, орныңды өзің тап, қалаған жеріңді таңда”, – депті. Философ бұл өсиет әңгіме арқылы күні бүгінге дейін даулы әңгімеге арқау болып келе жатқан мәселені көтереді. Тек діншіл адам ғана емес, дінді ұстанбайтындар да ізгілікті, иманды, берекелі адамдар болуы мүмкін.

Адамдардың наным-сеніміне бұйрық, зорлық жүрмейді. Гель­ве­ций тағынан кеткен корольдің: "Үйімде 30-дан астам сағат бар, бірақ солардың ішінде дәлме-дәл бір уақытты көрсететін екі сағат жоқ. Қалайша мен дін мәселесінде барлық адамдар бірдей ойласын деп мәжбүрлегенмін? Қандай ақымақ­тық, қандай астамшылық!” деп өзін өзі сөгіп, кеш болса да менменшіл патшаның өкінгенін айтады.

«Толеранттық» атауы халықара­лық термин сөз болғанымен, мағы­насы қазақтың төл сөзі — кәдімгі төзімділік дегеннің баламасы. Ол қа­рапайым тұрмыста көршінің көр­шіге деген төзімділігінен бастап, кең ауқымда мәдениеттер арасын­дағы, діни конфессиялар, ұлттар, ұлыстар, тілдер арасындағы өзара төзімділікті, ымыраласуды білді­реді. Ең бастысы — қазақтың төзім­ділігінде шек жоқ екенін ешкім жоқ­қа шығара алмас.

«Толеранттың» жөні бөлек, айт­қанға көнетін, айдауға жүретін сыңай білдірер емес. Қазіргі кез­де бұл термин әрқалай алынып жүр. Бірде «төзімділік», келесіде «шы­дамдылық», кей уақытта «ұс­там­дылық» деген сияқты әркім ойы­на оралған сөзбен таңбалап ке­леді. Сонда «выносливость», «терпе­ли­вость», «сдержанность» болып шы­ғады. Жақындай түседі, бірақ жу­ықтамайды, терминдік жүгін тарта алмайды. Әлгінде айттық, Бошай ағамыздың әдісіне салып, тілімізді бұраған едік, онымыздан да ештеңе өнбеді. Ақыры қуа келгенде, қа­зақтың аса бір биязы реңкте айты­латын «тағаттылық» деген сөзі ойы­мызға орала берді. Дыбысталуы, үн­­десуі жағынан да, мағыналық жанасымы жағынан да жақын тұр. «Толерантность» терминімен қа­тар айтылғанда да жақсы әсер қал­дырады.

Енді француздардың «мотив» сөзіне оралсақ, мұнда да біраз сөз­дерді, синонимдерді саралаған едік. Ынта, ықылас, пейіл, ниет, қысқасы, ындынға дейін біраз сөздер ойға оралды, арнаулы сөздіктерден ұшы­расты. Дәл мағынасын беретін, қол­данысқа еніп кетеді-ау дейтіндей сөз ілікпеді. Сондықтан мәтіп дегенге тоқталғанымыз жөн сияқты.

Біз толеранттылық ұғымын қалай түсінеміз? Жалпы, бұл ұғымның ма­ңыздылығы, мәні қандай? Жас ұрпақты толеранттылыққа қалай тәрбиелейміз және толерантты­лық­тың шегі неде? Қазақы толерант­тылық пен отансүйгіштік және по­ли­этникалық ортадағы мәдениет пен тілдік әралуандылыққа қандай ба­ға беруге болады?

Толеранттылық түсінігіне қа­­зақ­тың сабырлылық ұғымы дәл келе­ді деп ойлаймыз. Қазақ «Сабыр түбі – сары алтын» дейді ғой. То­ле­ранттылық қай халық та­ра­пы­­­нан болу керек? Мәселен, ке­­ше­гі кеңестік Қазақстанда біз­дің то­ле­рант­­тылығымыздан бұ­рын, мем­лекет құраушы ұлттың толе­­рант­­тылығы шешуші рөл ат­қар­ды. Демек, бодан халықтың то­ле­ранттылығы және мемлекет құ­рау­­шы ұлттың толеранттылығы бол­ды. Екеуінің миссиясы бір-бірі­нен бөлектеу болды деп айтуға болады. Ал енді бодан халықтың то­леранттылығы шектен шығып кет­се, ездікке апарады. Керісінше, мемлекет құраушы ұлттың толе­рант­тылығы шектен шығып кетпе­се, онда ол басқа ұлттарды, этносты біріктіруші факторы саналды. Бар­лық нәрсенің заңмен реттелгені дұ­рыс. Толерантты екенбіз деп, мем­лекеттік, ұлттық мүддеге қайшы ке­летін шекарадан өтіп кетпеу керек. Мұны салт-дәстүрімізден бұрын, заң реттейді. Тіл, дін, ұлтаралық қа­тынаста толеранттылық қарастыры­луы керек. Мұхтар Әуезовтің «тө­зімділік жақсы қасиет, бірақ өмір бойы төзуге болмайды» деген сөзі бар. Толеранттылықты заңмен рет­теп, құқықтық негізін анықтау ке­рек. Бұл мәселеде алдымен зиялы қауым өкілдері, сосын билік күш са­луы тиіс.

Ұлттық толеранттылық біздің тарихи-мәдени кеңістігімізде қо­ғам­ды топтастыратын белгілі фак­тор болып отыр. Екінші жағынан, толеранттылық барлық мәселені ше­шіп тастайды деуге тағы бол­майды. Бұл бір сегменттік актуал­ды танудың, ұлтаралық қатынас­тар­ды, саяси тұрақтылықты реттеу­дің маңызды факторы. Біздің пай­ым­дауымызша, толеранттылық саяси тұрақтылықтан, қоғамдық келісім­нен, әлеуметтік түсінушіліктен, елді басқаратын қатынастан, тату­лықтан, ұлтаралық келісімнен және саяси этникалық-діни мәдени толе­ранттылықтан тұрады. Міне, осы құндылықтардың барлығы бірігіп, мемлекеттің тұрақты дамуын және рухани-мәдени келбетін қамтамасыз етеді. Сондықтан толеранттылықты осы контексте қараған дұрыс.

Қазақстандағы толеранттылық ата-бабамыздан, дәстүрімізден келе жатқан құбылыс. Біз басқа ұлттарды, этномәдениетті жатсынбайтын ашық этнос ретінде қалыптастық. Бә­­рі­мізге мәлім, Еуропаның сая­си тәжірибесі көрсеткеніндей, му­льти­мәдениет саясаты абырой бер­ген жоқ. Олар да бұл ретте саяси дағдарыстарға ұшырады. Фран­ция, Германия, Испаниядағы жергі­лікті халық белгілі дәрежеде өз мем­лекеттеріне өкпелі.

Елімізде төзімділікті сақтау сая­сатының өзіндік мақсаты болу керек. Нақты саясатта маңызды мақсаттар жүзеге асырылып, еліміздегі бар­ша ұлттар мен ұлыстарды қазақ ұлты­ның маңына топтастыру жұ­мыс­тарына көңіл бөлінуі қажет. Қо­ғамдық дамуда толеранттылық, тө­зімділік үлкен роль атқарады.

 





Дата добавления: 2017-01-21; просмотров: 1149 | Нарушение авторских прав | Изречения для студентов


Читайте также:

Рекомендуемый контект:


Поиск на сайте:



© 2015-2020 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.009 с.