Буддизм ілімі
Буддизм, индуизм, джайнизм іс жүзінде бірыңғай тарихи – мәдени аймақта пайда болды. Олардың ұқсас жақтары өте көп. Аталған 3 дін өзара ортақ доктриналдық түсініктерге негізделген(карма, сансара, нирвана). Дегемен бұл терминдерді түсінуде және түсіндіруде айырмашылықтар да бар. Будда Үндістанда үстемдік еткен діни жүйе – Брахманизмнің, қазіргі индуизмнің алдында өткен діни жүйенің қарсыласы болған деген қайшылықты пікірлер бар. Бәлкім, Будда ведалық ғұрыптарға негізделмеген азат болудың өзіндік жолын ғана ұсынған болуы мүмкін.
Буддизм ілімінің негізінде 4 ұлы ақиқат бар:
Бірінші ақиқат адам өмірі азап шегуден, қайғы-қасіреттен тұрады.
Екінші ақиқат азап шегудің себептері адамдардың тілегі мен құмарлығына байланысты болады.
Үшінші ақиқат – азаптан құтылудың жолдары, адамдардың өздерінің тілек, құмарлық ұмтылыстарына тежеу салу.
Төртінші ақиқат – азаптан толық құтқарылу, Будда көрсеткен жолға түсу.
Бұл 8 дұрыс әрекет: дұрыс көзқарас, дұрыс ойлау, дұрыс сөйлеу, дұрыс әрекет, дұрыс өмір сүру, дұрыс ынта – жігер, дұрыс елестету, дұрыс көңіл бөлу».
Буддизм жалпы сенушілерге арналған бес, дін басыларына арналған он моральдық заң белгілейді. Жалпы сенушілер мына міндеттерді орындаулары керек;
ешбір тірі жанды өлтірмеу;
ешқашан ұрлық жасамау;
зинақорлық жасамау;
өтірік айтпау;
басты айналдыратын сусындар ішпеу.
Дін басыларына осыған қоса тағы бес парыз (міндет) жүктеледі:
1.түстен кейін тамақ ішпеу;
2.көңіл көтеруге қатыспау;
3.иіс су жағып, әшекей тақпау;
4.биік және кең төсекте жатпау;
5.алтын, күміс жинамау.
Сансара, тұрақсыздық туралы ілім. Сананың ағыны
Духкха (пали тілінде «дуккха» - азап)– барлық тіршілік болмыстарының айналым шеңбері жөніндегі фундаменталды принцип. Онымен тіршіліктің барлық формасы қамтылған, барлық 6 әлем(немесе 5, буддистік мектептердің пайымдауларына байланысты): құдайлар, жартылай құдайлар, адамдар, жануарлар, аш рухтар және тозақтық тіршілік иелері әлемі. Тіпті құдайлардың өздері шексіз өмірлерінде игі қызметтерін жоғалтып алып, төменгі әлемдерде туылуы бек мүмкін.
Сутраларға сәйкес духктың 3 басты типі бар:
1. Денелік немесе саналық ауыртпалықтан азап шегу;
2. Өзгеріс, болмыс тұрақсыздығы, бақыт пен қуаныштың, рахаттың мәңгілік еместігі;
3. Азап барлық жерде таралған. Ол тірі жандардың табиғатына тән. Туылу мен өлімге душар болу.
Азаптан құтылуға нирвана ғана нүкте қоя алады. Қайта туылулар шеңберінен толық құтылу және сонымен байланысты азаптардан азат болу нирванаға жетуді білдіреді.
Ерте буддизм үшін мәңгіліктің жоқтығы мен өзіңнің жоқ болуың тән. Анитья (санскр. – тұрақсыздық, мәңгіліктің жоқтығы) – буддизмнің орталық түсінігі. Сана ағынының ішкі және сыртқы элементтерінің бәрі тұрақсыз.Тұрақсыздықты, пайда болу мен жойылуды, өз – өзіңді тәрбиелеуді түйсіну – Азат болу жолындағы үлкен қадамдар.
Буддизм еріксіздікті және мәңгілік жанның жоқтығын насихаттайды(анатман). Анатман (пали «анатта», атман емес, дербестіктің жоқтығы) – буддизмнің негізгі доктриналдық түсінігі. Анатман күллі Ғаламда қандай да бір мәңгілік бастаулардың жоқтығын білдіреді. Бәрі де үнемі қозғалыста және сәт сайын өзгеруде. Мұның барлығынан сананың ағынын көреміз, яғни батыс өркениеті дәріптеген – адамның тұлға болуын мойындамау байқалады. Бізге орнықты қалып тәрізді болып көрінетін, біз тұлға ретінде түсінетін жайлар – скандха жиынтығын – адам санасы ағынындағы дхарма – бөлшектердің 5 тобын білдіреді.
Сансара (санскр. – іске асулар әлеміндегі саяхат) – қандай да бір дербес болмыстың туылулар шеңбері, оның бір болмыстан екіншісіне ауысуы. Мұның барлығы да карма заңымен анықталады. Сонымен қатар бұл тірі жандардың 5 немесе 6 түрінің нирванаға қарсы тұратын құмарлық әлемі. Сансара – дхарма – бөлшектердің 5 күйінің негізінде құралған адам күйінің үзілмес шеңбері. Әрдайым өзгеру арқылы жеке дербес тұлғаның бастауы жоқ сана ағынын құрайды және ол ұзақ уақытқа созылады, санауға келмейтін өмірлер мен өлімдерді, көптеген кальпаларды (уақыт кезеңі) туындатады. Құдай, жартылай құдай және адам болып туылу игілікті. Бір атап өтерлігі. адам болып туылу – рухани жетілу мен азат болу үшін анағұрлым пайдалы. Жануар, аш рух немесе тозақтық тіршілік иесі болып туылу – игіліксіз болып табылады.
Дхармалық бөлшектердің сана ағыны туралы ілім көптеген буддалық сутраларда келтірілген. Хинаяна мектебінің іліміне сәйкес, сарвастивада, әрбір дхарма – бөлшектер 1/75 секунд өмір сүреді. Осы бір ғана сәтте дхарма пайда болады, қозғалысты келтіреді және белгілі бір бөлік құрамына еніп қайта жоғалады да болмыстың үздіксіз ауысу шеңберіндегі келесі дхармаға орын босатады. Әрбір индивид – бұл әрдайым өзгеріске түсіп отыратын дхарма – бөлшектердің 5 тобының жиынтығы.
Карма және өзара байланысты шынжырлардың 12 үзбелері
Карма(санскр. – іс, әрекет, қимыл) – бұрынғы әрекеттердің қазіргі және келесі қайта туылуларға тікелей ықпал ететіні жөніндегі түсінік. Әрекет – бұрынғы өмірінде ойланылған, жасалған, сөйленген жайлар. Игілікті және игіліксіз кармалық салдарлар арақатынасы 6 әлемнің бірінде тулылуды анықтайды. Карма әлеуметтік жағдайыңды, тағдырыңды, жынысыңды, мінез белгілерін, отбасыңды белгілейді. Адам әрекеттерінің салдарлары бүгінгі өмірде тіпті бірнеше туылулардан кейін де байқалып қалуы мүмкін. Игіліксіз карманың тамырлары – кек, әдепсіздік, зұлымдық. Игілікті кармаға мейірімділік жолы әкеді.
Монахтық қоғамдастық және оның алғашқы ғасырлардағы хал – ахуалы. Монахтық ережелер.
Буддалық этика
Сангха – Дхарманы қадірлеп әспеттейтін ер монахтар (бхикшу) мен әйел монахтардың(бхикшуни) қауымдастығы. Күнделікті көп уақытын қайыр – садақа жинаумен өткізетін. Ол адамдарға ілім үйретіп, пенделердің рухани қажеттіліктерін өтей алатын. В.П.Андросовтың айтуынша буддистік монастырлардың тұрғындары ауқатты отбасылардан шыққан.
Аңыздарға қарағанда сангхқа кірер алдында мына антты айтатын: «Будданың, Заңның, Қауымдастықтың қол астына жүгіремін». Уақыт өте келе монахтыққа қабылдау тәртібі қатаңдатылды. Монах болғысы келгендер ұзақ уақыт шәкірт болды. Тек содан кейін ғана буддистік қызмет – пратимокша бойынша(пали – «патимоккха» – азат болуға сәйке келетін нәрсе) қабылданды. Бұл әртүрлі буддистік мектептердің монастырьлық ережелерінің ортақ атауы. Кейбір мектептерде ережелердің мәтіндері қасиетті канондардың құрамына енген. Тхераваданың палилік Типитакасында патимокха жоқ, оның нақты талаптары Виная – питакаға кіреді.
Буддизмнің негізгі бағыттары: хинаяна, махаяна, ваджраяна
Будда ілімінің барлық ғажайып көптүрлі формалары басты 2 бағытында дамыды және қалыптасты. Махаяналық дәстүрде қалыптасқан сызбаға сәйкес барлық буддалық дәстүрлер хинаяна және махаяна болып жіктеледі.Өз кезегінде тхеравада дәстүрі бұл схеманы және «Кіші шеңбер» атауын қабылдамайды. Тхераведтіктер өздерін таза, бұрмаланбаған, Будда Шакьямуни мұрасын сақтаушы және ұстанушы ретінде санайды. Ал ауқымды өздерін махаяна деп атаушыларды – Оның дхармасының кейінгі бұрмалануы деп есептейді.
Хинаяна (Кіші жол, Шағын жол) – бұл бағыттың өз атауы емес. Шағын жол деп буддизмнің Ұлы шеңберінің негізін салушы Нагарджунаның жақтастары атаған. Хинаяна 18 – ге жуық мектептермен көрініс берді, бүгінгі күнде тхеравада мектебі бар. Тхеравада дәстүрі Будда Шакьямуни ілімін сенімді жеткізуші дәрежесіне үміткер. Хинаяна, “құтылудың тар жолы” ілімі бойынша архат кемелденген адам – нирванаға жеткен соң жерге қайтып келмейді. Бұндағы сенушілер рухтармен, перілермен, қорғаушы құдайлармен тығыз араласады. Оларға арнап діни рәсімдер өткізіп, өздеріне көмек сұрайды. Хинаяна бағыты Үндістан, Шри-Ланка, Бангладеш, Бирма, Тайланд, Лаос, Камбоджа, Малайзияда тараған. Қазір Шри-Ланкада хинаяна ресми мемлекеттік дін. Бұнда буддалық сангха үш үлкен бағыты және 20-дан астам ұсақ монахтық бірлестіктері бар.
Тхеравада – монахтарға арналған Винаи ережелерін қатаң сақтаушылар. Себебі тек солар ғана буддалық қауымдастыққа кіре алады. Олар үшін Будда – тіршілік иесі, рухани жетілу процесі арқылы өзіндік жолымен Нұрлануға жеткен, өмірі әртүрлі формаларда жүздеген туылуларға созылған жан. Тхеравада карманы біртіндеп тәмамдау арқылы адамның архат деңгейіне жететіндігі туралы идеяны көтереді. Випассана, шаматха және т.б. медитативтік техникалар көп қолданылады. Тхеравада махаянаға қарағанда философиялық ізденістерге аз көңіл бөледі. Әрбір мемлекетте гі таралған мектеп өз ішінен тағы да мектептерге бөлінеді және культтік ерекшеліктерге ие. Оларға жергілікті діндермен көпғасырлық байланыстар әсер – ықпалын тигізгенін атап өткен жөн. Қазіргі тхеравадаға махаянамен салыстырғанда өте қарапайым культ тән.
Махаянаның (Ұлы шеңбер, азат болудың кең жолы) пайда болуын көбіне Екінші Будда деп аталатын Нагарджунның (Б.з. II-III ғ.) қызметімен байланыстырады. Дегемен де көптеген буддологтар ерет махаяндық идеялардың пайда болуын б.з.д. I ғасырға жатқызады. Ұлы шеңберлік ілімнің пайда болуы буддизмнің дамуының жаңа кезеңінен көрініс берді. Махаяна өзіне хинаянаның концепцияларын жинақтай отырып, оларды толықтырды және ой талқысынан өткізді. Махаянада Орталық жол концепциясы, сана ағынының дхарма – бөлшектерінің мәні, адамгершілік идеалдар жаңаша формадағы түсінікке ие болды. Махаяна Будданың 3 денесі, сана – қазына қоймасы жөніндегі жаңа ілімдерді ұсынды. Осы бағыттың шеңберінде философиялық доктриналардың дамуы көрініс берді. Ерте буддизмде бодхисатва деп Нұрлануға дейінгі Будданы және Оның бұрынғы туылуларын атады. Махаянада бодхисаттва дегеніміз – бұл: 1. Нұрлануға жеткен, бірақ тірі жандарға көмектесу үшін әлі де сансара шеңберінде туылып келе жатқан аспандық тіршілік иелері; 2. Тіршілік иелеріне қайғысына ортақтастық білдіріп, өздері үшін емес, тіршілік иелері үшін нирванаға жетуді уәде еткендер.
Ваджраяна (ваджра шеңбері, Найзағай тәрізді шеңбер, Алмаздық жол) – буддизмнің үшінші бағыты. Ваджраянада Кіші және Ұлы шеңберлердің мәтіндері жаңа әдістермен, тәжірбиелермен, мәтіндермен, мифологиялармен және ғұрыптармен толықты. Ол сонымен қатар мантраяна (Сырлы сөздер шеңбері) және буддистік тантризм деп аталады. Ваджраяна махаянаның тәжі деп есептеледі. Буддизмнің бұл бағытына: қабылдау мен ғұрыптардың құпиялығы,тұлғаның қараңғы тұстарын және күшін жаңарту арқылы рухани өсіру, рақымдылық пен зұлымдық арасындағы дуальды болу тән.Будда мәртебесіне кез келген адам осы өмірде – ақ жете алады. Сондықтан да тантристер йогамен бірге түрлі ғұрыптарды, мантралар оқуды ұйымдастырды. Ваджраяна кенеттен Нұрланудың(мұндай Нұрлануға Индрабодхи және Гараб Дордже патшалар жетті) мүмкін екендігін алға тартады. Бұл доктрина рухани жетілуге біртіндеп өсу арқылы жетуді қостайтын махаяна докринасынан мүлде бөлек.