Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу:
Заңды тұлғаның құрылу, қайта тіркелу, құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу, қайта ұйымдастырылу және қызметінің тоқтатылу, сондай-ақ филиалдар мен өкiлдiктердiң құрылу, есептік қайта тіркелу, құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу және қызметiнің тоқтатылу фактiсiн куәландыру;
Қазақстан Республикасының аумағында құрылған, қайта тіркелген, қайта ұйымдастырылған және өз қызметiн тоқтатқан заңды тұлғаларды, сондай-ақ құрылған, есептік қайта тіркеуден өткен және өз қызметін тоқтатқан филиалдар мен өкiлдiктердi есепке алу;
Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiн жүргізу;
Заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi туралы жалпыға қолжетімді ақпаратты (қызметтiк немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізу мақсатында жүзеге асырылады.
Заңды тұлғалардың құрылтай құжаттары
Осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, тіркеуші органға жарғы ұсынылады.
Шаруашылық серiктестiктерінiң, акционерлiк қоғамдардың, өндiрiстiк кооперативтердiң және қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы заңды тұлғалар бiрлестiктерiнiң құрылтай құжаттары құрылтай шарты және жарғы болып табылады.
Бiр адам (бiр қатысушы) құратын шаруашылық серiктестiктерiнiң, акционерлiк қоғамдардың және Заңның осы бабының екiншi бөлiгiнде аталғандарды қоспағанда, заңды тұлғалардың басқа түрлерiнің құрылтай құжаттары жарғы (ереже) және заңды тұлғаны құру туралы жазбаша түрде ресiмделген шешiм (жалғыз құрылтайшының шешiмi) болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалар осы түрдегi ұйымдар туралы жалпы ереже негiзiнде әрекет ете алады.
Шағын, орта және ірі кәсiпкерлiк субъектiлеріне жататын заңды тұлғалар мазмұнын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын үлгiлік жарғы негiзiнде өз қызметiн жүзеге асыра алады.
Егер заңды тұлғаның құрылтайшылары өз қызметін үлгілік жарғы негізінде жүзеге асыруға шешім қабылдаған жағдайда, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу процесінде жарғыны ұсыну талап етілмейді.
Бұл ретте, тіркеуші органға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда нотариаттық тәртіппен куәландырылған, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініштің үш данасы ұсынылады.
Рылтай құжаттарының мазмұны
Заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысанына қарай Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген деректер болуға тиiс.
Филиал (өкілдік) туралы ережеде филиалдың (өкілдіктің) атауы, орналасқан жері (банк филиалының бір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана шегінде орналасқан барлық үй-жайларының мекен-жайы), қызметінің нысанасы, басқару тәртібі және басшысының құзыреті, сондай-ақ филиалды (өкілдікті) құрушы заңды тұлғаның атауы, орналасқан жері, қызметінің нысанасы, оны мемлекеттік тіркеу туралы деректер қамтылуға тиіс.
Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), филиалдарды (өкілдіктерді) есептік тіркеу (қайта тіркеу) және құжаттарды беру мерзімдері
Қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), олардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу (қайта тіркеу), сондай-ақ Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығына қатысушы заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.
Саяси партияларды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғаларды, сондай-ақ қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тіркеу, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу (қайта тіркеу) қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күннен кейінгі он жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.
Қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларға, олардың филиалдарына (өкілдіктеріне) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы, филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы беру, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы өтінішті қайтарып беру (қызметін үлгілік жарғы негізінде жүзеге асырған жағдайда) қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күннен кейінгі жұмыс күні жүргізіледі.
Саяси партияларды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғаларға, сондай-ақ қызметін үлгілік болып табылмайтын жарғы негізінде жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарға, олардың филиалдарына (өкілдіктеріне) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы, филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы беру, сондай-ақ жарғыны (ережені) қайтарып беру қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күннен бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Саяси партияларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) және олардың филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу (қайта тіркеу) қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.
Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған, оларда кемшіліктер болған, құрылтай құжаттары бойынша сарапшының (маманның) қорытындысын алу қажет болған жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша заңды тұлғаларды мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу), олардың қызметінің тоқтатылуын тіркеу, филиалдарды (өкілдіктерді) есептік тіркеуден шығару, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тіркеу мерзімі анықталған кемшіліктер жойылғанға немесе тиісті қорытынды (сараптама) алынғанға дейін тоқтатыла тұрады.