Тарату негiздемесi бойынша заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттiк тiркеу үшiн:
1) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiш;
2) заңды тұлға мүлкi меншiк иесiнiң немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның не құрылтай құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген заңды тұлға органының заңды тұлға мөрiмен бекемделген шешiмi;
3) заңды тұлғаның таратылуы, кредиторлардың талаптарды мәлiмдеу тәртiбi мен мерзiмдерi туралы ақпараттың Әдiлет министрлiгiнiң ресми баспасөз басылымдарында жарияланғанын растайтын құжат;
4) кедендiк баждар, салықтар және кедендiк алымдар бойынша берешегiнiң жоқ екендiгi туралы анықтама;
5) акция шығарылымдарының күшiн жою туралы куәлiк (акционерлiк қоғамдар үшiн);
6) заңды тұлғаның мөрiн жою туралы құжат;
7) заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттiк тiркегенi үшiн бюджетке тiркеу алымы төленгенiн растайтын түбiртек немесе өзге де құжат;
8) құрылтай құжаттары ұсынылады.
Заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiш тiркеушi органға заңды тұлғаның таратылғаны туралы ақпарат жарияланған күннен бастап кемiнде екi ай өткен соң ұсынылады.
Сот шешiмiмен таратылған заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттiк тiркеу сот шешiмi және тарату iсiн жүргiзудiң аяқталғаны туралы сот ұйғарымы негiзiнде жүзеге асырылады.
Мүлiктiк кешен ретiнде жекешелендiрiлген мемлекеттiк кәсiпорын қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттiк тiркеу үшiн сатып алушы:
1) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiштi;
2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң (жергiлiктi атқарушы органның) мемлекеттiк кәсiпорынды мүлiктiк кешен ретiнде жекешелендiру туралы шешiмiн;
3) мемлекеттiк кәсiпорынның мүлiктiк кешенiн сатып алу-сату шартының көшiрмесiн;
4) мемлекеттiк кәсiпорынның тапсыру актiсiнiң көшiрмесiн;
5) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркегенi немесе филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркегенi үшiн бюджетке тiркеу алымы төленгенiн растайтын түбiртектi немесе өзге де құжатты ұсынады.
Тiркеушi орган заңды тұлғаны тарату туралы шешiмдi алғаннан кейiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тарату тәртiбiнiң сақталуын тексередi, заңды тұлғаның таратылғаны туралы мәлiметтердi Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзедi.
Салық қызметi органдары Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерi ұлттық тiзiлiмiнiң мәлiметтерi негiзiнде қызметiн тоқтататын заңды тұлға жөнiнде салық берешегiнiң, мiндеттi зейнетақы жарналары мен әлеуметтiк аударымдар бойынша берешегiнiң жоқ (бар) екендiгi туралы мәлiметтер бередi не мұндай заңды тұлға Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен салық мiндеттемесiн орындамаған жағдайда берешегi туралы аталған мәлiметтердi беруден бас тартады.
Егер тексеру процесiнде тарату тәртiбiнiң бұзылуы анықталмаса, тiркеушi орган қажеттi құжаттарымен қоса заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiш берiлген күннен кейiнгi бес жұмыс күнi iшiнде заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуын тiркейдi. Табиғи монополия субъектiсi қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттiк тiркеудi тiркеушi орган табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетiн нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның алдын ала келiсiмiмен жүзеге асырады.
Заңды тұлғаны тарату тәртiбiнiң бұзылуы анықталған кезде, сондай-ақ таратылатын заңды тұлғаның есептiк тiркеуден шығарылмаған филиалдары (өкiлдiктерi) болған, салық берешегi, мiндеттi зейнетақы жарналары мен әлеуметтiк аударымдар бойынша берешегi болған не мұндай заңды тұлға Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен салық мiндеттемесiн орындамаған жағдайда салық қызметi органдары берешегi туралы аталған мәлiметтердi беруден бас тартқан жағдайларда, тiркеушi орган заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттiк тiркеуден бас тарту туралы шешiм шығарады.
Заңды тұлға өз қызметiн тоқтатты деп бұл жөнiнде мәлiметтер Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлгеннен кейiн есептеледi.
Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.