1.Фашистік Гитлердің «Барбаросса» жоспары
2.Ұлы Отан соғысының басталуы
3.Тыл еңбеккерлерінің майданға қосқан үлестері: Ш.Берсиев, Ы.Жақаев
4.Москва шайқасы
5.Ұлы Отан соғысының аяқталуы
Дебиеттер
1. Қазақстан тарихы. Очерк. А., 1993 ж. 325-336 беттер.
2. К.Рысбайұлы. ҚР тарихы А., 2002ж. 294-318 беттер.
3. Күзембайұлы. Қазақстан Республикасының тарихы А., 1998ж. 352-355 беттер.
4. Козыбаев М.К. Казахстан - арсенал фронта. -Алма-Ата, 1983.
5. Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі. 1,2 ТТ. -Алматы, 1998.
6. Козыбаев М.К., Едыгенов Н.Е. Труд во имя победы. - Алматы, 1995.
7. Козыбаев М.К. Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски. Кн. 1,2.- Алматы, 2000.
Лекция №8. Жеке басқа табынудың «шарықтауы» және «жылымық»
Жоспар
1. Соғыстан кейінгі жылдағы Қазақстандағы ауыр ахуал.
2. Қоғамдық өмірдегі адам құқығын шектеуге бағытталған партиялық бақылаудың күшеюі.
3. Н.Хрущевтың «жылымығы» жылдарындағы Қазақстан.
4. Ауыл шаруашылығын әміршіл-әкімшіл әдістермен көтеруге бағытталған шаралар.
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін Қазақстан еңбекшілері бейбіт құрылысқа қайта оралды. Экономиканы бейбітшілік жағдайға бейімдеп қайта құру еңбекшілердің қоғамдық-саяси белсенділігі жағдайында жүргізілді. 1945 жылы қазан айында Алматыда Республиканың 25 жылдығына арналған Қазақстан Жоғары Кеңесінің мерекелік сессиясы болып, оған туысқан республикалардың, Мәскеу мен Ленинградтың делегациялары, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының озаттары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Осы мерекеге орай 5304 адам ордендермен және медальдармен наградталды.
1946 жылы 18 наурызда қабылданған төртінші бесжылдыққа арналған жоспар бойынша соғыстан бүлінген аудандарды қалпына келтіру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының соғыстан бұрынғы дәрежесіне жетіп, одан едәуір асып түсу міндеті белгіленді. Сонымен бірге онда Қазақстан экономикасын өрге бастауға үлкен мән берілді.
Республикада ауыр индустрияны жедел дамыту, сондай-ақ, жеңіл және тоқыма өнеркәсібін одан әрі өркендету көзделді. Тұрғын үй құрылысын және қалалар мен жұмысшылардың тұрақты аудандарында мәдени-тұрмыстық орындар жүйесін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендету негізінде республика еңбекшілерінің материалдық және мәдени тұрмыс дәрежесін одан әрі көтеру көзделді. Қазақстанға бөлінген күрделі қаржы көлемі одақ бойынша үшiншi орынға шықты. Мұнда күрделі қаржы кәсіпорындарды қалпына келтіруден гөрі бұрынғыларын кеңейтіп, жаңа кәсіпорындар салуға бағытталды. Төртінші бесжылдықта бүкіл елде өнеркәсіп өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсетін болып белгіленсе, Қазақстанда ол 2,2 есеге арту көзделді. Бесжылдық қорытындысында Қазақстан өнеркәсібінің жалпы өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 2,3 есе, оның ішінде көмір шығару 2,5, мүнай-1,5, газ-1,9, электр қуатын өндіру 4,1 есе артты.
Соғыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығы артелінің жарғысын бұзушыларға қарсы күрес күшейді. 1946-1947 жылдары колхоздарға қарыздар болып келген мекемелер мен ұйымдардан 214 млн. сом ақша, 540 мың гектар
жер қайтарылды. Осы жылдарда ұсақ колхоздарды iрiлендiру шаралары iске асырылып, республикада соғысқа дейiнгi 6400 колхоздан 1950 жылғы қаңтарда 3670 колхоз қалды, олардың жалпы саны 2 есеге жуық қысқарды.
Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалык базасы нығайтылды. Төртінші бесжылдықтың аяғына қарай Қазақстан шаруашылықтарында 50 683 трактор, 16 мыңнан астам комбайн, ондаған мың автомашина, шөп шабатын және басқа машиналар істеді. Бұлардың басым көпшілігі ескі, моральдық жағынан да тозып, ескірген техника болатын. Ауыл-селода механизаторлар қатары өсіп, МТС қызметкерлерінің жыл сайынғы орташа саны 10 мың адамға көбейді.
1948 жылы республикада ауылдар мен селоларды жаппай электрлендіру жорығы басталды. Сөйтіп, төртінші бесжылдық тұсында 752 колхоз, 317 МТС, 164 совхоз және 193 селолық аудан орталықтары электрленді. Селолық электр станцияларының қуаты 1945 жылмен салыстырғанда 2,8 есе өсті.
Республикада төртінші бесжылдықта егіс көлемі бір миллион гектардан аса ұлғайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы артты. 1950 жылы астықтың жалпы түсiмi 47 654 центнерге жетіп, соғыстан бұрынғы дәрежесінен 89 пайыз асып түсті. Ірі қара малдың, қой мен жылқының жаңа түқымдары өсіп жетілді. Атап айтқанда, қазақтың ақ бас сиыры, алатау сиыры, қазақтың биязы жүнді қойы, арқар-меринос қойы, Қостанай жылқысы будандастырылып, жаңа түқым алынды. Малдың жалпы саны өсті: ірі қара-27, қой мен ешкі - 70, жылқы - 71 пайыз көбейіп, шошқа - 2,7 есе артты. Дегенмен ауыл шарушылығын өркендетуде елеулі қиыншылықтар мен кемшіліктер болғанын да айтуымыз керек. Бұл кезде республиканың мал шаруашылығы мейілінше ауыр жағдайда еді. 1951 жылы бар болғаны 4,5 миллион ірі қара (1928 ж. 6,5 млн. болған), 1,5 млн. жылқы (3,5 млн.), 127 мың түйе (1 млн.) болды. Тек қой саны бойынша, олардың тез өсетіндігі есебінен, 1928 жылдың дәрежесіне жақындады. 1928 жылы 18566 мың қой болса, 1951 жылы қой мен ешкінің саны 18036 мың басқа жетті.
1946 жылы қуаңшылық болып, астық шықпай, халық азық-түлік тапшылығының зардабын шекті. Колхоз, совхоз, МТС-тардағы техника ескірген, еңбек өнімділігі төмен еді. Ауыл шаруашылығының әртүрлі жарғысын бұзушылық етек алды. Колхоздардың меншігі талан-таражға түсті. Колхозшыларға еңбек күнге өнім бөлінбеді. Олардың еңбекке ынталылығы төмен болды. Осыған байланысты әкімшіл-әміршіл жүйе қатал саясат жүргізіп, село түрғындарын мәжбүрлікте ұстады. Олардың саяси құқықтары аяқ асты етіліп, туған жерлерінен кетуіне тыйым салынды. Еңбек ақы төлеуде теңгермешілік орын алды. Колхоздарда, совхоздарда өндірілген астықтың тұқымдық қордан басқасы мемлекетке дайындық қорына алынды. Колхозшылардың, совхоз жұмысшыларының жеке шаруашылықтарынан ет, сүт, жүн дайындау жүргізілді. Ауыл-селодағы мұндай ауыр жағдайды өзгерту мәселесіне 50-жылдардың орта шеніне дейін көңіл бөлінген жоқ. Сайып келгенде, өнеркәсіпті қалпына келтіру, оны жаңа деңгейге көтеру ауыл-селоны қанау есебінен іске асты.
Халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында республика жазушылары шығармаларының басым көпшілігі Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналды. Ғ. Мүсіреповтың "Қазақ солдаты", Ә. Нүрпейісовтың "Курляндиясы"сияқты соғыс тақырыбына жазылған еңбектерде қазақстандық жауынгерлердің жоғарғы адамгершілік қасиеті, жеңіс жолындағы күресте көрсеткен ерлігі баяндалды. Еңбек тақырыбына жазылған С. Мүқановтың "Сырдария", Ғ. Мұстафиннің "Миллионер", Р. Слановтың "Кең өріс" сияқты туындыларында колхозшы шаруалардың өмірі көрсетілді.
Осы жылдарда М. Әуезовтің "Абай жолы", С. Мұқановтың "Шоқан Уәлиханов" сияқты көптеген тарихи шығармалар жарық көрді. "Абай" қойылымы үшін Қазақ Академиялық драма театрының ұжымы КСРО мемлекеттік сыйлығын алды.
Музыка мәдениеті өрлеу жолына шықты. М. Төлебаевтің "Біржан-Сара", А. Жұбанов пен Л. Хамидидің "Абай", Е. Брусиловскийдің "Дудар-ай", Қ. Қожамияровтың ұйғыр тіліндегі "Назугум"опералары сол жылдарда дүниеге келді. "Біржан-Сара" операсына КСРО мемелекеттік сыйлығы берілді.
1946 жылы республикада Ғылым академиясы құрылып, оның президенттігіне көрнекті ғалым, академик Қ. И. Сәтбаев сайланды. Осы жылдарда Ақтөбе, Гурьев, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Шымкент екi жылдық мұғалімдер институттары жоғары бiлiм беретiн педагогикалық институттар болып қайта құрылды.
Жалпыға бірдей жетіжылдық білім беру туралы Заң одан әрі жүзеге асырылды. 1952 жылдың аяғында Қазақстанда жалпыға білім беретін 9 мыңдай мектеп, 125 техникум мен арнаулы оқу орны жұмыс істеді, бұларда 1,5 млн. адам оқыды. Алайда, мектептердiң материалдық жағдайы онша болған жоқ. Олардың көпшiлігiнiң ғимараты болмады. Сондықтан оларға ғимарат салу, мектептердің ескірген, тозған үйлерін жөндеуге халықтың, село мен қала еңбекшілерінің тарапынан үлкен көмек көрсетілді. Сонымен бірге олар клуб, кітапханаларға да жәрдемдесті. Кітап қорларын толықтыру үшін кітап, радиоқабылдағыш, т.б. мәдени құралдарды жинап берді.
Алайда, бұл кезде Казақстанның мәдениеті, әдебиеті, ғылымның одан әрі дамуына ХХ ғ. 50-ші жылдардың басында өзінің шырқауына жеткен тоталитарлық социализм идеологиясы кері әсерін тигізді. Әсіресе БК/б/П Орталық Комитетінің "Звезда" және "Ленинград" журналдары туралы /1946 ж. 14 тамыз/ қаулысы басқаша ойлайтын адамдарды қудалаудың жаңа науқанын ашып берді. Қазақстан партия комитеттері де өз жұмысын осы қаулының ағымына құрды. Республика Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 ж. наурызда өткен пленумы төменгi партия ұйымдарынан Қазақстан тарихын жазудағы, әдебиет пен өнердегі саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалауға қарсы большевиктік сынды кеңінен өрістетіп, БК/б/П Орталық Комитетінің идеологиялық мәселелер жөніндегі қаулыларын сөзсіз орындауды талап етті.
Бұл кезде Орталықта "Ленинградтық іс", "Дәрігерлердің ісі" қолдан жасалып жатқан кезде Қазақстанда "Бекмахановтың ісі" ұйымдастырылды. Ол іс бойынша Е. Бекмахановтың 1947 жылы шыққан "XIX ғасырдың 20-40 жж. Қазақстан" деген монографиясында буржуазияшыл-ұлтшыл концепциялар дамытылған және оның саяси-идеалық зияны бар деп табылды. 1950 ж. "Правда" газеті "Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін" деген мақаласында оның кітабын айыптады. Осыдан кейін тарих ғылымдарының докторы Е. Бекмаханов Ғылым академисынан шығарылды, ал 1952 ж. 4 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғары сотының алқасы оны 25 жылға соттады. Тек Сталин өлгеннен кейін ғана Е.Бекмахановты айыптау жөніндегі іс қайта қаралып, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан жабылып, 1954 жылы түрмеден босап шықты.
40 жылдардың аяғы-50 жылдардың басында "Бекмахановтың ісі" жалғыз болмады. Республиканың көрнекті қоғамтану ғалымдары А. Жұбанов, Х. Жұмалиев, Б. Сүлейменов, Е. Смаилов және т. б. нақақтан тағылған саяси айыптармен жазаланды. Ә. Әбішев, Қ. Аманжолов, Қ. Бекқожин, С. Бегалин және басқа белгілі ғалымдар мен жазушылар саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп дәлелсіз айыпталды.
Сөйтіп, соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстанда пісіп-жетіліп келе жатқан қоғамдағы жаңа өзгерістер әміршіл-әкімшіл жұйенің қудалауымен тұншықтырылып тасталды.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары бұрынғы КСРО, оның ішінде Қазақ КСР-ның ауыл шаруашылығы ауыр жағдайда болды. Елдің астық қажеттігін егіншілік аудандары өтей алмады, мал басы өспеді.
Мұның себептер:
-соғыс ауыл шаруашылығына ауыр зиян тигізді;
-ауыл шаруашылығындағы өндірістік қатынастардың ескіру: колхоздарда егіс алаңы, мал колхозшылардың қауымдық меншігі деп айтылғанымен олар ол меншіктің иесі емес еді. Иесіз меншік өспеді, оны талан-таражға салу оңай болды;
--ауыл шаруашылық өнімдерін мемлекет міндетті түрде алуға байланысты қалыптасқан жүйе өзін ақтамады. Ол өндірушінің мүдделілігін тудырмады.
Мемлекетте партия мен үкіметтің орталық және жергілікті орындары бұл ауыр халден шығу үшін бірнеше шара қолданды. Мәселен, осы жылдары колхоздарды ірілендіру шарасы жүргізілді, колхоздарды совхоздарға айналдыру шарасын жүзеге асырды. Дегенмен, бұл шаралар күткен нәтижеге жеткізбеді. Ауыл шаруашылығындағы ауыр жағдайдан шығудың жолы өндірістік қатынастарды жетілдіруді қажет етті.
Екінші дүние жүз соғысы Кеңес Одағы халықтарының жеңісімен аяқталуы Қазақстан халық бұқарасының рухани зор өрлеуін туғызды. Соғыста Кеңес Одағының халық шаруашылығы зиян шекті. Кеңес халықтарының энтузиязмының арқасында бүлінген халық шаруашылығын 50-інші жылдардың басында қалпына келтірді.
Қазақстан Кеңес Одағының бүлінген шаруашылығын қалпына келтіруге белсене қатысты.
Соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстан экономикасы, әсіресе, өнеркәсіп саласы дамыды. Қазақстан еңбекшілері бесінші бес жылдықта (1951-1955 жж.) өнеркәсіпті дамытуда едәуір табыстарға қол жеткізді. Ос жылдары 200-ге жуық жаңа өнеркәсіп орындары іске қосылды. Осы жылдары Қазақстанда энергетика, металлургия, кен рудасы, көмір, химия, машина жасау салалары дамыды. Түсті металлургия республика экономикасының жетекші саласына айналды. Елдегі ең ірі құрылыстардың бірі Қарағанды металлургиялық заводы (Қазақстан магниткасы) құрылысы басталды.
Қарағандыда оннан астам шахта іске қосылды.
Алматы, Ақтөбе, Петропавл, Қарағанды қалаларындағы машина жасау заводтары жаңа станок жабдықтар жасайтын болды. Өнеркәсіп орындарында өндіріс процессін автоматтандыруда, механикаландыруда елеулі табыстарға қол жетті.
Соғыстан кейінгі жылдарда Кеңестер мемлекетінде идеология саласында бірталай саяси қуғын-қудалау болып отді. Қазақстанда бүдан шетте қалған жоқ.
1943 жылы Қазақстан ғалымдары соғыс жылдарында орталықтан эвакуация болып келген ірі кеңес ғалымдарымен бірлесіп «Қазақ ССР тарихы» атты іргелі еңбектің бірінші томын шығарды. Кеңес Одағы республикалапының ішінен бірінші болып Қазақстанның тарихы жазылды. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, Кеңес Одағының идеологиялық өміріндегі айтулы оқыға болды. Бұл еңбекті оқушы қауым, ғылыми көпшілік зор қуанышпен қарсы алды. Еңбек Сталиндік сыйлыққа ұсынылады. Еңбекке сыйлық беру мәселесін талқылағанда бұл еңбек орыстарға қарсы жазылған деген пікір айтылды. Еңбекте патша үкіметінің Қазақстанда жүргізген саясатының отаршылдық сипаты туралы, бұл саясатқа қарсы күрескен Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың ұлт-азаттық сипаты, прогрессивтік ролі туралы екі мәселе бұл еңбекті кінәлауға негіз болады. Бұл екі қорытындының авторы белгілі қазақ ғалымы Е.Бекмаханов еді. Сондықтан оның жазған «Қазақстан ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиясы сынға ұшырайды. Оның бұл еңбегі талқыланып буржуазияшыл-ұлтшылдық тұрғысынан жазылған деген қорытынды жасалады. Е.Бекмаханов қуғынға ұшырайды. Осы кезде Қазақстан тарихнамасында Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылғаны туралы, оның прогрессивтік маңызы туралы, Кенесары қозғалысының монархистік, реакциялық сипаты туралы концепция орын алады.
Қазақ халқының өткен тарихы, мұрасына байланысты әдеби еңбек жазған ұлы жазушы М.Әуезов, ұлы ғалым Қ.Сатпаев т.б. зиялы қауымның өкілдері қудаланды.
Идеология саласындағы аталмыш және басқадай бұрмалаушылықтар коммунистік партия ұстанған таптық саясаттың жемісі еді.
1953 жылғы 5 наурызда Коммунистік партия мен Кеңес Одағының басында 30 жылдан астам отырған И. В. Сталин қайтыс болды. Сталин өлгеннен кейін елде демократиялық қайта құру процесі қарқынды жүре бастады. Демократиялық өзгерістердің ықпалымен Кеңес өкіметі шамадан тыс орталықтандыруды босаңсытуға және одақтас республикалардың шаруашылық, саяси-мәдени құрылыс саласындағы құқықтарын кеңейтуге бағытталған кейбір шараларды жүзеге асыруға мәжбүр болды. Бұл кезде Қазақстанның бюджет құқықтары кеңейтіліп, оның көлемі едәуір өсті. Атап айтқанда, 1951-1955 жж. өнеркәсіпке жұмсалған қаржының жалпы көлемі 1941-1950 жж. салыстырғанда 2,3 есе артты. Ал 1956 жылдан бастап табыстың кейбір түрлері бойынша республикалық бюджеттерге қаржы бұрынғыдан да көбірек бөліне бастады. Қазақстан бюджетінің шығыс көлемі - 1953-1960 жылдарда 7 еседен аса ұлғайды: 434, 9 млн. сомнан 3 млрд. 53 млн. сомға дейін жетті.
1954-1956 жылдарда одақтық министрліктерден республика қарамағына 144 ірі кәсіпорны, ал 1959 ж. түсті металлургияның барлық 29 кәсіпорындары берілді. Мұның нәтижесінде одақтық-республикалық өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2 еседен артық ұлғайды. Түсті металлургия, қара металлургия мен химия өнеркәсібі кәсіпорындарын салу, байланыс, қала және село құрылысы, геология және жер қойнауындағы қорларды қорғау министрліктері басқада одақтық министрліктер, одақтық-республикалық болып қайта құрылды. Су шаруашылығы министрлігі қалпына келтірілді. Республикадағы министрліктердің құқықтары бұрынғыға қарағанда едәуір өсті. Оларды құру кезінде Қазақстан үкіметі шаруашылықтың ерекшеліктерін, жұмыс көлемін және өркендеу келешегін ескеретін болды. Сонымен бірге одақтас республикалар жалпы одақтық сипаттағы мәселелерді шешуге бұрынғыдан гөрі белсене қатыса бастады. Одақтас республикалардың экономикалық және мәдени өркендеуіне байланысты ұсыныстарын талқылау үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі әр республиканың өкілдігі болатын Экономикалық комиссия құрды.
Жергілікті Кеңестердің шаруашылық және мәдени құрылыс істерінде, оның ішінде халыққа білім беру, сауда, коммуналдық-түрмыстық қызмет көрсету саласындағы құқықтары кеңейтілді. Кеңестерге жергілікті өнеркәсіп өндірісін жоспарлау және олардың өнімін бөлу, тұрғын үй салуды ұйымдастыру, қаржы-бюджет мәселелерін шешуде үлкен міндеттер жүктелді.
Одақтас республикалар құқықтарының кеңеюіне байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің заң шығару қызметінің белсенділігі артты, оның республикадағы шаруашылық және әлеуметтік-мәдени құрылысқа іс жүзінде басшылық етудегі рөлі әжептәуір өсті. Сессияда қаралатын мәселелердің шеңбері кеңейді.
Жоғарғы Кеңестің тұрақты комиссияларының белсенділігі артты. Олардың саны 3-тен 8-ге дейін жетті. Өнеркәсіп және транспорт, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру, сауда және қоғамдық тамақтандыру, халыққа білім беру және мәдениет жөніндегі тұрақты комиссиялар құрылды. Олардың құрамына енгізілген депутаттардың саны 35-тен 167-ге дейін өсті. Мұндай өзгерістер мемлекет басына Н. С. Хрущевтің келуімен байланысты еді. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін билікке ие болған ол партия органдары мен ұйымдарының шаруашылық жұмысқа, басқару ісіне араласуына тоқтау салып, олардың қоғамдық істердегі рөлін біраз әлсіретті.
Одақтас республикалардың құқықтарын кеңейту, кеңестердің шаруашылық-ұйымдастыру рөлі мен жауапкершілігін арттыру олардың елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға қосатын үлесін біраз өсiрдi. Бұл кезде халық шаруашылығының басты саласы өнеркәсіпті дамытуға ерекше назар аударылды. Соның нәтижесінде бесінші бесжылдық /1951-1955 жж./ ішінде 200-ге жуық жаңа кәсіпорын салынып, пайдалануға берілді. Сомасы 3218 млн. сом болатын негізгі қорлар іске қосылды, мұның өзі бұдан бұрынғы бесжылдықтағыдан 2,5 есе көп еді. Бұл жылдары республикада Өскемен қорғасын зауыты мен оттегі станциясы, Зыряновск қорғасын комбинатының байыту фабрикасы, Балқаш шаңсорғыш фабрикасы пайдалануға берілді. Зыряновск қорғасын комбинатында қорғасын-мырыш концентратын, ал Балқаш мыс қорыту зауытында тазартылған мыс өндіру жолға қойылды. Жезқазғанда 5 қуатты шахта және байыту фабрикасы іске қосылды. Шымкент қорғасын зауыты өндіріс процесі тоқтатылмастан түбегейлі түрде қайта құрылды. Республика түсті металлургиясының бесжылдық ішіндегі жалпы өнімі 2,1 есе өсті. Еліміздегі ең ірі өнеркәсіп объектілердің бірі - Қарағанды металлургия зауытының (Қазақстан магниткасы) құрылысы басталды. Ферросплав өндіру артып, олардың әрбір түрін шығару ұлғайды.
Ал алтыншы бесжылдық кезінде республикада ірі пайдалы кен орындарының игерілуіне байланысты бесжылдық жоспарды ауыр өнеркәсіптің, әсіресе, электр қуаты мен отынды көп қажет ететін салалары үшін кәсіпорындар жүйесін жасау, қара және түсті металлургияның жаңа кәсіпорындарын, электр станцияларын салу, өнеркәсіптің басқа салаларын одан әрі өркендету міндеті қойылды. Бұл міндеттерді іске асыру барысында республиканың көптеген өндіріс орталықтарында ірі индустриялық кәсіпорындар салынды. Павлодарда алюминий, ферросплав және комбайн зауыттарын, прокат жабдықтары машина жасау зауытын, Жамбылда химия зауытын, Семей мен Шымкентте жаңа цемент зауыттарын салу қолға алынды. Қарағанды металлургия зауытында 2 домна пеші мен табақ қаңылтыр станын әзірлеу және пайдалану жоспарланды. Міне, осындай игі істердің арқасында 1960 ж. Қазақстанда 1950 ж. 17,3 млн. тоннаның орнына 32,3 млн. тонна көмір, 2,6 млрд. квт/сағат орнына 10,6 млрд. квт/сағат электр қуаты өндірілді. Дегенмен осы кезде электр қуатының желілері мен оны бөлу жүйелерінің құрылысы күрт артта қалды, мұның өзі республиканы электрлендірудің тиімділігін едәуір төмендетті.
50-ші жылдардың екінші жартысында Казақстанда бүкіл еліміздегі сияқты өнеркәсіпте ғылыми-техникалық прогреске бетбұрыс кезең болды. Өндіріс жүйесін электрлендіру, кешенді механикаландыру және автоматтандыру, мол өнімді ең жаңа станоктарды, машиналар мен аппараттарды енгізу, өндіріс технологиясын үнемі жетілдіріп отыру, отын қуатын бейбіт мақсаттарға қолдану негізінде өнеркәсіптің барлық салаларында техниканы жетілдіру қарқынын арттыруға айырықша көңіл бөлінді. Еңбекші бұқараны, әсіресе жұмысшыларды шаруашылық құрылысын басқару ісіне кеңінен тартуға, өндіріске жаңа техника мен озық технологияны енгізуге бағытталған маңызды шараларды жүзеге асыру басталды.
Соның арқасында 50-ші жылдардың екінші жартысы өндіріс техникасы мен технологиясының одан әрі жедел дамыған кезі болды. Кен рудалары кәсіпорындарына өзі тиеп, өзі алып барып түсіріп беретін, елімізде жасалған жоғары өнімді механикалық жүйелер мен бұрғылау машиналары енгізілді. Мұның өзі руда өндіруді түгелдей дерлік механикаландыруға мүмкіндік берді. Түсті металлургияда енді жеке агрегаттар мен тораптар ғана емес, технологиялық процестер, тұтас цехтар жүйелі автоматтандырылды.
Шымкент пресс-автоматтар зауыты әртүрлі 20-дан астам машина, соның ішінде шындағыш машиналар, қуатты жаныштағыш престер шығыруды игерді. Алматы ауыр машина жасау зауытының сым созу станы, Өскемен конденсатор зауытының вольтті конденсаторларының жаңа сериялары елімізден шалғай жерлерде де белгілі болды. Шахталарға, көмір комбинаттарына көмір және топырақ тиейтін машиналар, электровоздар келіп түсті, кен қазатын комбайндардың саны көбейді, ленталық конвейерлер енгізілді. Қарағанды көмір алқабы көмір өндіруде еңбекті көп қажет ететін жұмыстарды механикаландыру жөнінде елімізде алдыңғы орындардың біріне шықты. Көмір табу, оны қопару, күреу, шығару, жол вагондарына тиеу тәрізді жұмыстар түрінің бәрі механикаландырылды. Бірқатар шахталарда механизмдерді шалғайдан автоматты түрде басқару тәсілі қолданылды.
Өндіріс процестерін автоматты түрде басқару мен бақылау ісі мұнай кәсіпшіліктерінде де қолданыла бастады. Еңбек процестерін энергиямен жабдықтау едәуір ұлғайды. Бір жұмысшыға шаққанда электр қуатын тұтыну 1941 жылға дейінгі деңгеймен салыстырғанда көмір өнеркәсібінде - 3,6 есе, химияда 13,8 есе артты.
Көлік жүйесіне де да көптеген техникалық жаңалықтар енді. Паравоздардың орнына сұйық отынмен жүретін локомотивтар келді. Тұңғыш тепловоздар 1957 жылы Қарағанды темір жолының Ерейментау депосында пайда болды, ал келесі жылы тепловоздар республиканың 3,5 мың км астам темір жолын қамтып, олар барлық жүк айналымының 40,5 пайызын тасыды.
Алтыншы бесжылдықта Қазақстан жұмысшыларының жаңашылдық пен өнертапқыштыққа деген ынта-ықыласы артты. 1957 жылы онымен 22,7 мың, 1958 жылы - 30 мың, ал 1960 жылы - 50 мыңға жуық адам шұғылданды. 1960 жылы түскен жаңашыл ұсыныстардың саны 74 мыңнан асты. Олардың 50,8 мыңы өндіріске енгізіліп, 38,8 млн. сом қаржы үнемделді. Сол жылы қоғамдық конструкторлық бюролар /ҚКБ/ курсында мыңдаған адамдар оқыды, олардың құрамына инженер-техник қызметкерлер, өндіріс жаңашылдары кірді. Республикалық өнеркәсіп орындарында мұндай оқудың саны 200-ге жетті.
1957 жылы Кеңес елі бойынша, соның ішінде Қазақстанда да, бірқатар шаруашылық-ұйымдастыру шаралары іске асырылды. Өнеркәсіп пен құрылысты басқару экономикалық әкімшілік аудандары негізінде территориялық принцип бойынша ұйымдастырылды. Олардың әрқайсысында халық шаруашылығы кеңестері құрылды. Өнеркәсіптік министрліктері таратылып, олардың кәсіпорындары халық шаруашылығы кеңестерінің қарамағына берілді. Бұл кеңестер республика Министрлер кеңесіне бағынды. Өнеркәсіп пен құрылысты басқарудың ұйымдастырылуын одан әрі жетілдіру туралы Республика Жоғарғы Кеңесі қабылдаған /1957 ж/ заңға сәйкес республика территориясында 9 экономикалық-әкімшілік ауданы ұйымдастырылып, одақтық-республикалық және республикалық шаруашылық министрліктер таратылды. Халық шаруашылығы кеңестерінің қарамағына өнеркәсіп пен құрылыстың әр түрлі салаларының 2 мыңнан астам кәсіпорны берілді.
Алайда, өмірдің өзі көрсеткендей, өнеркәсіптің басқарылуын территориялық принцип бойынша ұйымдастыру ісі жетілмеген болып шықты. Өнеркәсіптің жеке салаларына өндірістік-техникалық басшылық ету экономикалық аудандарға бөлшектелді, ал халық шарушылығы кеңестерінде кәсіпорындарды басқару арнайы мамандандырылған көп салалы басқармалар арқылы жүзеге асырылды. Бұл Кеңестер ғылыми-техникалық прогрестің жеделдетілуіне байланысты кеңейген жұмыс көлемін игере алмады, жаңа техниканы пайдалануға жеткілікті бақылау орнатуға қабілетсіз болды.
50-ші жылдардың басында бүкіл ел бойынша ауыл шаруашылық өнімдерін дайындаудың дәрежесі біршама төмендеді. Ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау бағасының арзан болуы өнімді көп өндіруге ынталандырмады, колхоздардың шығынын әрдайым өтей бермеді. Ауыл шаруашылык өнідірісінің артта қалуының бір себебі партия органдарының басшылығындағы елеулі кемшіліктердің салдары еді. Ауыл шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктері жете пайдаланылмады. Дәнді дақылдардың шығымдылығы төмендеп кетті. Тіпті ауа райы қолайлы болған жылдардың өзінде республика небәрі 100-150 млн. пұт (шамамен 1,6-2,4 млн тонна) ғана тауарлы астық өндірді. Ал республикада, әсіресе, оның солтүстік және солтүстік-батыс облыстарында пайдаланылмай келген, егіске жарамды ұлан-ғайыр құнарлы жерлер бос жатты.
Қазақстан ауыл шаруашылығының мұндай жағдайы осы аса маңызды сала бойынша бүкіл елдегі істің жағдайын бейнеледі. Бұл жөнінде КОКП Орталық Комитетiнің 1953 жылғы қыркүйекте өткен пленумында барынша айқын айтылды. Ірі-ірі әлеуметтік-экономикалық шаралар белгіленді. Бұлардың ішіндегі ең маңыздылары - ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің егіншілік пен мал шаруашылыры өнімдерін өндіруді арттыруға материалдық ынталылығы принципін қалпына келтіру, колхоздарды, МТС-тер мен совхоздарды ауыл шаруашылығының білікті маман, механизатор кадрлармен нығайту, барлық ауыл шаруашылық процестерін механикаландыру дәрежесін көтеру, ауыл шаруашылығына жұмсалатын күрделі қаржыны көбейту, ауыл шаруашылық өндірісін жоспарлауда колхоздар мен совхоздардың құқықтары мен ынта-ықыласын арттыру. Ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау және оны сатып алу бағалары қайта қаралып, едәуір көтерілді. Осы тұста көптеген қала тұрғындары, әсіресе бұрынғы ауыл шаруашылық қызметкерлері, әр түрлі себептермен өнеркәсіпке, транспортқа, құрылысқа жұмысқа ауысқан мамандар мен механизаторлар селоға оралуға тілек білдірді. 1953 жылдың аяғында өнеркәсіп пен халық шаруашылығының басқа да салаларынан 2536 механизатор-тракторшылар мен комбайншылар, 4905 маман-агрономдар, инженерлер, зоотехниктер, мал дәрігерлері және басқалар республиканың МТС-тері мен МЖС-теріне жүмысқа ауысты. Сонымен бірге РСФСР-ден Қазақстанға бірнеше жүздеген инженерлер мен техниктер келді. Өнеркәсіп орындарының үжымдары ауыл шаруашылық техникасын шығаруды ұлғайтты. 1953 жылдың аяғында республиканың 1096 кәсіпорыны мен мекемесі 928 колхозды, 185 МТС пен МЖС-ті қамқорлыққа алды.
1954 жылы КОКП Орталық Комитеті ақпан-наурыз Пленумында елімізде азық-түлік мәселесін шешу үшін шығыс аудандарда тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесі қойылды. Оны игеруге Қазақстан кеңінен қатыстырылды. Мұнда қысқа мерізімде тың жерлерді игеру есебінен егіс көлемі 35 млн. гектарға дейін жеткізіліп, солтүстік аудандарда жүздеген жаңа поселкелер, совхоз орталықтары салынды. Тың өңіріне жүздеген мың қоныстанушылар келіп, оларды қарсы алу, орналастыруға байланысты республика партия және кеңес органдарының күрделі де ауыр міндеттерді шешуіне тура келді.
Қазақстанға Ресей мен Украина, Белоруссиядан және басқа да одақтас республикалардан тыңды жаппай игерудің бірінші кезеңінде /1954-1956 жж./ 640 мың адам келді, бұлардың ішінде 391,5 мың ауыл шаруашылық механизаторлары, 50 мың құрылысшы, 3 мың денсаулық сақтау қызметкерлері, 1,5 мыңдай мұғалім, 1 мыңнан астам сауда қызметкерлері және басқалар бар еді. Бұлардан басқа республикалардан механизация училищелерін бітіріп келген 66,7 мың адам және Қазақстанның училищелерінен келген 19,8 мың адамға республика совхоздарында жұмыс істеуге жолдама берілді. Республиканың жаңа совхоздарына жоғары және орта білімі бар 2088 адам директор, бас агроном, бухгалтер, инженер-техник, құрылысшы сияқты жұмыстарға жіберілді.
50-ші жылдардың аяғына қарай Қазақстанның ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасы едәуір нығайды. Совхоздар мен колхоздар 169 мың трактор, 98 мың комбайн, 73 мың жүк машинасын және басқа да көптеген ауыл шаруашылық техникасын алды.
1954-1960 жылдары республикада тың игеру есебінен астық өндірудің жалпы көлемі 106 млн. тоннаға жетті, осы жылдар ішінде астықтың жылдық орташа өнімі - 1949-1953 жылдардың көрсеткішімен салыстырғанда шамамен 3,8 еседей артты. Қазақстан бұл жылдардың ішінде мемлекетке 63,4 млн. тонна астық тапсырды.
Тың игеру Қазақстанды тауарлы астық өндіруде Одақ бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Соның нәтижесінде республика әрбір тұрғынға шаққанда екі мың кило астық өндіретін дәрежеге жетті. /Азық-түлік мәселесін түбегейлі шешу үшін әр адамға шаққанда бір мың кило астық өндіру жеткілікті деп есептеледі/. Тың игеру барысында Қазақстанда көптеген жаңа қалалар бой көтерді. Өнеркәсіп орындары көптеп салынды. Жаңа темір жол, тас жол желілері тартылды. Тың игеру республиканың экономикалық күш-қуатын бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеге ілгерілетті.
Тың игерудің экономикалық және әлеуметтік салалардың дамуына тигізген салдары да болды. Сонымен бірге оның экологиялық, демографиялық зардаптары да аз болған жоқ.
Тың игеру шұғыл, асығыс жүргізілді. Егістікке жарамсыз жерлер жыртылды, мал жайылымы азайып, мал шаруашылығына зиян әкелді. Осының салдарынан игерілген жерлердің біразы қуаңшылыққа айналды, көптеген өзен, көлдер жойылып кетті. 50-жылдардың ақырында Қазақсианда 9 млн. гектар жер эрозияға ұшарады.
Тың игеру Қазақстанның ұлттық-этникалық бейнесінің өзгеруіне әсер етті. Тың игеру кезінде Қазақстаннан тыс жерде өмір сүріп отырған қазақтарды келтіру мүмкіндігі туды, қазақ зиялылары сондай пікір де көтерді, бірақ бұл пікір ескерілмеді. Қазақстанға тың игеруге көптеген басқа ұлттың адамдары келді. Олардың ішінде басшы қызметкерлер, мәмәндар келді. Олар жергілікті кадрларды ығыстырды. Жергілікті жерлердегі қазақ мектептер жабылды, мектептер жаппай орыс тілінде оқытты. Қазақ тіліндегі газеттер жабылды. Мұндай көріністер интернационализм мен ұлттар достығының белгісі деп бағаланды.
Тың және тыңайған жерлерді игерудің сонымен бірге үлкен азаптары мен көлеңкелі жақтары да болды. Атап айтқанда, басқа республикалардан келгендердің саны шамадан тыс көбейіп кетті. Жергілікті жерлерде ұлттық мектептер жабылып, қазақ балалары ірілендірген мектеп-интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Мұның өзі, бір жағынан, қазақ жастарының өз ұлтының тілінен, салт-дәстүрі мен мәдениетінен қол үзіп мәңгірттенуіне жол ашса, екінші жағынан жергілікті халықты орыстандыру саясаты қолпашталып, ашық жүргізіле бастады. Жер-су аттары орыс тіліне көшірілді. Мұндай орыстану процесінен халықты республиканың тәуелсіздігі ғана құтқарды. Бірақ бұл процесс соның өзінде де қазақ халқының, оның зиялыларының елеулі бөлігін өз ұлтының тілін білмейтін шала қазақ күйінде қалдырды. Осындай саясаттың салдарынан қазақ халқы өз республикасында азшылыққа айналды. 1959 жылғы сынақта республика халқындағы қазақтардың үлес салмағы (табиғи өсуі жоғары болса да) 8% кеміп, жалпы халықтың 29 пайызына түсіп қалды. Солтүстік облыстардағы қазақтардың үлес салмағы республикалық орташадан көп төмен болды. Жер су, қала, қыстақ аттары орысшаланды.
Тың эпопеясы экологиялық мәселеде өзінің теріс жағын көрсетті. Бұрын болып көрмеген көлемде жерді жыртып тастау салдарынан 1957-1958 жж. Павлодар облысының жеңіл топырақты жерлерінде шаң бораны тұра бастады, ал 60-жылдардың басында жер қыртысын ұшырып кету тек жеңіл топырақты аймақты ғана емес, ауыр топырақты жерлерді де қамтыды.1960 жылға дейін Солтүстік Қазақстанда 9 млн. гектардан астам жер жел эрозиясына ұшырады, бұл сол кездегі Франция сияқты елдің бүкіл ауыл шаруашылық жер көлеміне тең еді. Рас, мұнан кейін егіншіліктің топырақ қорғау жүйесі жерді қайырмасыз түренмен жырту тәсілі жасалды. Алайда, эколог мамандар атап көрсеткендей, қазіргі заманғы шаралардың барлық түрі де, қоршаған ортаны қажетті экологиялық қорғауды қамтамасыз ете алмады. Ол тек экологиялық зардаптарды жеңілдетеді. Бұл қазіргі экологиялық мәселеде, әрине жеткіліксіз.
Тың игеру мал шаруашылығына үлкен зиян келтірді. Мал жайылымы, шабындық жерлер азайып малдың саны кеміді, әсіресе, түйе, жылқы орны толмайтын шығынға ұшырады. Тың игеру барысында ауыл-село тұрғындарының қосалқы шаруашылығына, үй іргесінде көкөніс егуге тыйым салынып, елде азық-түлік мәселесін шиеленістірді.
Тың игеру қарабайыр /экстенсивті/ әдіспен жүргізілді. Мұның өзі әр гектарға шаққанда өнімді аз алуға соқтырды. Бұл жерлерде өндірілген астықтың бағасы өте қымбатқа түсті. Оны жинауға бүкіл елдің комбайншылары, әскери бөлімдер, қала тұрғындары, оқу орындарының студенттері қатыстырылды.
50-ші жылдардың басында колхоздарды күштеп ірілендіру нәтижесінде олардың саны республикада екі есе қысқарды, оның есесіне колхоз өндірісінің шоғырлануы күшейді. Осы жылдарда біраз колхоздар, олардың ішінде Қазақстанның колхоздары да ірі, экономикалық жағынан жақсы жарақтанған шаруашылықтарға айналды. Қазақстан колхоздарының ақшалай табысы өсіп, бөлінбейтін қорлары көбейді. Еңбек күннің құны екі еседен астам өсіп және ақшалай орташа бағасы 1958 жылы 10 сом 54 тиынға жетті. Сол жылы республика колхоздарында 63 мыңнан астам жоғары және орта білімді мамандар жұмыс істеді. Бұларда 18 мыңнан астам диқан мен малшы, 17,2 мың жүргізуші, 13,2 мың ауыл шаруашылығы механизаторлары еңбек етті. Олардың арасынан зор қабілетті ұйымдастырушылар шықты. Социалистік Еңбек Ерлері Алматы облысындағы "Алматы" колхозының бастығы Л. С. Манько, "Мичурин" атындағы колхоздың бастығы Қ. Әбдіғүлов, Батыс Қазақстан облысындағы "Бірлік" колхозының бастығы М. Мейірманов, Шығыс Қазақстан облысындағы Калинин атвындағы колхоздың бастығы Н. И. Лозовой, Талдықорған облысындағы "Жаңа талап" колхозының бастығы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н. Алдабергенов, т. б. солардың қатарына жатқызуға болады.
50-ші жылдардың екінші жартысында МТС-тар қайта құрылып, олардың қарамағында болып келген ауыл шаруашылық техникасы колхоздарға сатылды, бұл процесс 1959 жылы наурызда, яғни бір жылдың ішінде аяқталды. Бұрынғы МТС-тер орнына республикада 213 машина жөндеу станциясы /МЖС/ мен оның бөлімшесі құрылды. МТС-тердің техникасының бір бөлігі совхоздар мен ауыл шаруашылығын механикаландыру училищелеріне берілді, енді бір бөлігі колхоздарға сатылды.
МТС-тарды тарату колхоздар экономикасын нашарлатты. Оларды МТС-тардан ескі техникаларды жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр етті. Бұл әсіресе әлсіз колхоздарды үлкен қиындықтарға душар етті. Сонымен қатар техниканың жөнделуін, колхоздар мен совхоздарға жаңа техниканың запас бөлшектердің сатылуын және материалдық-техникалық жабдықтау мен колхоздарға өндірістік қызмет көрсететін басқа да түрлерін қамтамасыз етуде өте бір ыңғайсыз жағдайлар қалыптасты. МТС-тардың орнына машина-жөндеу станциялары құрылып, кейін олар "Казсельхозтехника" өндірістік-техникалық және жабдықтау бірлестіктерімен алмастырылды. Мұндай қайта құрулар ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Оның материалдық-техникалық жағдайы құлдырай түсті.
Кеңестер мемлекетінде 1957 жылда шаруашылық реформасы енгізілді. Оның басты мақсаты бір орталықтан басқарылатын жоспарлы экономикалық жүйені өзгертіп экономиканы басқаруды жергілікті органдардың қолына беру болды. Халық арасында Н.С. Хрущевтың атымен аталған бұл реформа бойынша экономиканы басқаруды жергілікті жерлердің қолына беру мақсатымен экономика саласы бойынша құрылған министрліктерді, мемлекеттік жоспарлау комиссиясын таратып жергілікті жерлерде басқару-өндірістік аудандар құрылды. Бұл аудандарда өндірісті басқаратын халық шаруашылық кеңестері (совнархоз) құрылды. Совнархоздардың қолына сол аудандағы барлық шаруашылық объектілері берілді. Совнархоздар өз қоғамындағы шаруашылықтардың өнім өндіру, оны сату мәселесін өздері шешетін болды.
Республикада облыстардың орнына 9 өндірістік-әкімшілік аудан орнады. Бұл шараның нәтижесінде шаруашылықты басқару жергілікті жердің қолына өтті. Бұл әрбір кәсіпорынның, әрбір ауданның өндірістік мүддесін арттыруға, сөйтіп ел экономикасын дамытуға мол мүмкіндік ашты.
1964 жылы Л.И.Брежневтің билікке келуімен бұл орталықтан басқарылатын жоспарлы өндірістік жүйе қайта қалпына келтірілді.
Сталин қайтыс болғаннан кейін 50-ші жылдардың орта шенінен бастап жеке адамға табынушылықтың зардаптарын жойып, социалистік зандылықтарды қалпына келтіруге бағытталған бірсыпыра шаралар іске асырылды. 1956 жылы ақпан айында өткен партияның XX съезі Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптап, оның зардаптарын жою, партия тұрмысының нормаларын қалпына келтіру, ішкі партиялық демократияны өрістету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды құптады. "Жылымық жылдары" деген атпен тарихқа енген 50-ші жылдардың екінші жартысынан былайғы кезеңде көптеген игі іс атқарылды. Басшылықтың ұжымдық принципі енгізіліп, әкімшіл-әміршіл басқару жүйесі босаңси бастады. Қағазбастылықпен, жиналыс, мәжіліс өткізумен әуестенушілікпен күрес күшейді. Ұлт мәселесіндегі бұрмалаушылықтар түзетіле бастады. Ұлттық республикалардың құқығы кеңейтілді. Қоғамдағы Кеңес ұйымдарының рөлі өсті. Кеңес қоғамының тарихын шыншылдық тұрғысынан баяндау, оның жүріп өткен жолына сын көзбен қарау мүмкіндігі туды.
50-ші жылдардың екінші жартысынан бастап бүкіл елімізде, соның ішінде Қазақстанда іске асырылған экономикалық, әлеуметтік және идеологиялық шаралар нәтижесінде дамудың көптеген көкжиектері ашыла бастады. Бірақ ол мүмкіндіктер толығынан пайдаланылмай қалды. Оған кінәлі Н. С. Хрущев бастаған басшылықтың қызметіндегі субьективтік әдістер еді. Экономиканы басқару ісі ойдан шығарылған әрекеттердің ырқына түсіп кетті. Сол кездегі басшылықтың волюнтаристік идеялары мен әрекеттері қоғамның беркесін кетіре бастады. Өркөкіректік, жалған уәделер мен негізсіз болжамдар сөз бен істің арасын алшақтата түсті.
Жергілікті партия ұйымдары мен кеңестердің құқықтарын шектеудің салдарынан, сондай-ақ олардың құрылымы жүйесін негізсіз жиі өзгертудің кесірінен кеңестердің рөлі төмендетілді. Олардың қызметінде, әсіресе, жылтырақтық, көзбояушылық, даурықпалық сияқты ұнамсыз жайлар бой көтердi. Территориялық-өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық басқармаларын, ауыл шаруашылығы жөнінде партия комитеттерін құру негізсіз болып шықты. Әр алуан түрлі штаттан тыс көптеген партия комиссияларын құрумен әуестену кең өріс алып, мұның өзі қызметкерлер мен еңбек адамдарын өндірістегі тікелей жұмысынан қол үзіп, бекер әуре-сарсаңға түсуге ұрындырды. Республика партия комитеттерінде қоғамдық негізде жұмыс істейтін бірнеше комиссиялар құрылды. Бірақ олар өз жұмысында ешқандай оңды нәтижелер көрсете алмады. Көпшілігі басқа ұйымдардың штаттағы бөлімдерінің жұмысын қайталады.
50-ші жылдардың басында партия идеологиялық жұмыс жөнінде бірқатар қаулылар қабылдап, тарих, әдебиет пен өнер мәселелері бойынша пікірталастар өткізді. Осыған орай біраз адамдар баспасөз бетінде өз пікірін ортаға салып, партия бағытын қолдауға талаптанды.Бұның барысында ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлеріне әділетсіз, орынсыз сындар айтылып, сыңаржақ баға беру фактілері орын алды. Мұның өзі мәдениеттің дамуына кері әсерін тигізді. Шығармашылық ұйымдарда іскерлік әңгіменің орнына жекелеген ғалымдарға, жазушыларға, театр, кино және музыка қызметкерлеріне жеккөрінішті атақ-айдарлар тағыла бастады. Мұндай жағдайлар Қазақстанда да орын алды. Мәселен, 1950 жылы 26 желтоқсанда "Правда" газетінде жарияланған "Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын" деген мақаланы талқылауға байланысты бүкіл Одаққа, тіпті дүние жүзіне танымал тұлғалы қайраткерлер М. О. Әуезов пен Қ. И. Сәтбаев, сондай-ақ, республиканың басқа да көрнекті жазушылары мен ғалымдары орынсыз жазғырылып, датталды.
Сол жылдардағы рухани мәдениеттегі субъективизм мен тұрпайы социализм элементтері бірқатар қиындықтарға әкелді. Мәселен, әдебиет пен өнердің өмірді көпе-көріне боямалайтын тартыссыз шығармалары одан әрі туындады. Кино өнерінде картиналарды аз жасау керек, бірақ олар бірден "асыл қазыналар" қатарына кіруі керек, әрбір фильмде қазіргі заманның аса маңызды күрделі мәселелері, барлық жақтары міндетті түрде көрсетілуі керек деген нұскау бойынша жұмыс жүргізілді. Әрине, мүндай көзқарас кезінде "асыл қазынаның"сырт көзге қомақты, бірақ іс жүзінде өмір шындығынан, көркемдік шеберліктен аулақ, ат үсті жасалған шығармалар көбейді. Мұндай сипат әдебиетшілердің айтуынша, белгілі дәрежеде "Жамбыл" фильміне тән болды. Кеңес әдебиеті мен өнеріне "тартыссыздық теориясы" елеулі зиянын тигізді. Оның рухымен жазылған шығармалар сахнада үзақ өмір сүре алған жоқ.
Бұл кезде мәдени-ағарту мекемелері әлі де жетіспейтін еді, олардың көпшілігі нашар жабдықталған және білікті мамандармен қамтамасыз етілмеген болатын. Күрделі құрылысқа және мәдени-ағарту мекемелерін жөндеуге қаржы жеткілікті мөлшерде бөлінбеді.
Қазақстанда тың жерлерді игеріп, индустрия алыптары бой көтеріп, халықтың саны едәуір көбейген 50-ші жылдары халыққа білім беру ісі біраз жанданды. Тың игерілген аудандарда көптеген жаңа мектептер ашылды, комсомол жолдамасымен бұл аудандарға мектептерде жұмыс істеу үшін шеттен мүғалім кадрлар келді. 50-ші жылдарда екі жылдық мұғалімдер иниституттары жойылып, оның есебінен педагогикалық жоғарғы оқу орындары көбейді. 1953 жылы тамызда мұғалімдердің соғыстан кейінгі бірінші республикалық съезі өтіп, онда мектептердің политехникалық білім беруге көшу және мұғалімдердің міндеттері туралы мәселелерге зор көңіл бөлінді. 1955-1956 оқу жылында республикадағы мектептердің саны 9240-қа жетіп, олардың 3022-сі жеті жылдық және 1117-сі орта мектеп болды. Орта мектепті бітірушілер саны қауырт көбейді. Осы жылдардың ішінде бұл жүйе арқылы ауыл шаруашылығының 432,4 мың механизаторы және басқа да мамандары даярланды.
Дегенмен бұл жылдары жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанда, әсіресе, солтүстік облыстарда қазақ мектептері азайып кетті. Оның басты себебі демографиялық өзгерістермен байланысты еді. Қазақтар балаларын орыс мектебіне көптеп бере бастады. Осының салдарынан 700 қазақ мектебі жабылып қалды. Сондай-ақ, республиканың бірқатар аудандарында барлығы бірдей жеті жылдық мектеппен қамтылмады, мектептердегі оқу бірнеше кезекте жүргізілді. Қазақ орта мектептерін нығайтуға, олардың санын көбейтуге және қазақ жастарының он жылдық, орта мектеп көлемінде толық білім алуы үшін қажетті жағдайлар жасауға жете көңіл бөлінбеді.
1951 жылдан 1955 жылға дейін республикада 8 жаңа жоғары және 22 арнаулы оқу орны ашылды. Қарағандыда екі жоғары оқу орны-медицина және тау-кен институттары, Семейде малдәрігерлік-зоотехникалық және медицина институттары жұмыс істей бастады. Жаңа жоғары оқу орындарының: Ақтөбе медицина /1957 ж/, Целиноград ауыл шаруашылық /1958 ж/, Өскемен құрылыс-жол /1958 ж/ иниституттарының ашылуымен бірге бұрыннан бар жоғары оқу орындары кеңейіп, оларда жаңа факультеттер пайда болды. 1956 жылдан бастап Шымкент технология иниституты құрылыс материалдары кәсіпорындарының жабдықтарын монтаждау және пайдалану жөніндегі инженер-механиктерді даярлай бастады. Қазақ ауыл шаруашылығы институтында электрлендіру және гидромелиорация мамандықтары бойынша жаңа инженерлік факультеттер мен бөлімдер ашылды.
Қорытып айтқанда, 50-ші жылдар Қазақстан үшін Одақтық баланстағы рөлі өскен, индустриялық қуаты артқан мәдениеті біраз дамыған, сөйтіп экономикасы өрлеу жолына түскен кезең болды.