Түсініктеме
Астық пен басқа өнімдердің сақталуын қамтамасыз ету, шараларды жоспарлау үшін зақымдануды анықтау, яғни тірі буынаяқтыларды анықтаудың маңызы бар. Зақымдануды анықтау үшін астық үйіндісінен дәнді қолмен іріктеп алады. Көлемі 200 м2 секциядан әртүрлі жерден және әр қабаттан 6 сынау үлгілерін іріктеп алады. Бәрін қосып, одан массасы 2ұ0,1кг орта сынау үлгісін бөліп алады. Астықты қаптарда сақтағанда үлгілерді 5-7% қаптардан іріктейді. Орта үлгілерді қалың матадан тігілген полиэтиленді астары бар қапшықтарға салады да, этикетка жапсырып, зертханаға жібереді. Үлгілер талдауын іріктеп алғаннан кейін екі тәуліктен кешіктірмей жүргізеді. Астықтың жәндіктермен және кенелермен анық түрде зақымдануына талдауды былайша жүргізеді. Көбелек жұлдызқұрттары шармап кеткен дән кесектерін қолмен іріктеп алады. Дәннің орта үлгісін өлшеп алып, бірнеше електерден өткізеді. Қолмен 1,5 және 2,5 мм елеуіштермен 2 минут бойы, минутына 120 рет айналдыру арқылы елейді. Жәндіктерді жылдың суық мезгілінде қарқындылығын арттыру үшін елек көздерін электршаммен қыздыру қажет. 2,5мм елеуіштен өткен дәндерді ақ шыны талдау тақтасына жұқа қабат жайып, ірі жәндіктерді жинап алады. 1,5 мм елеуіштен өткен дәндерді қара түсті тақтада үлкейткіш шыны арқылы қарайды. Анықталған зиянкестерді лас қоспаға салады. Астық сақтау кезінде зиян келтірмейтін өлі зиянкестер мен тірі егіс зиянкестерін лас қоспаға салады.
Астықтың жасырын формада зақымдануын дәндерді жару әдісі және “үлгілерді” бояу әдісі арқылы анықтайды. Орта үлгісінен массасы 50 г аспаны алып, одан 50 дәнді іріктеп алады. Оларды жырашықтың ұзына бойына қандауырмен жарып, үлкейткіш шынымен қарайды. Дамудың әртүрлі кезеңіндегі тірі жәндіктердің жалпы санын есептеп шығарады. Бояу әдісін қолданғанда 50г аспадан 250 дәнді еркін іріктеп алады. Оларды торда бөртуі үшін жылы (30°) суға 1 минутқа салып қояды. Бұдан кейін дән салынған торды 1% жаңадан дайындалған марганец қышқыл калий ерітіндісіне ауыстырып салады. Ерітіндіде 20-30 сек. ұстайды. Дән бетіндегі артық бояуды кетіру үшін дәнді 20-30 сек. салқын суға салады. Мұндайда дәннің бояуы қалпына келеді, «үлгілер» қара түске боялады. Зақымданған дәндер мен анализ үшін алынған дәндердің жалпы саны арасындағы проценттік айырмасы анықталады.
Сондай-ақ қойманың әр жерінен және тесіктерден жинап алынған астық сыпырындылары және үйінділері талданады. Сыпырындылар және үйінділерді диаметрі 2,5 және 1,5 мм ұяшықтары бар елеуіштерден өткізеді және мұқият зерттейді.
Қорларды зиянкестерден қорғау шаралары. Карантиндік, алдын алу, жою шараларынан тұрады және зиянкестердің ерекшеліктерін білуге негізделеді. Импортталған өнімдерді республикада жоқ түрлердің енуін болдырмау үшін мұқият тексеру және ошақтары анықталған жағдайда оларды жою карантиндік шаралардың негізі болып табылады. Карантиндік зиянкестер байқалған жағдайда газбен өңдеу және басқа шаралар қолданылады.
Қор зиянкестері үшін қолайлы жағдайлар жоғары температура мен ылғалдылық, сақтау орындарының санитарлық нормаға сай болмауы. Сақтау орындарын, қоймаларды, оларға жақын орналасқан аумақтарды қоқыстан жиі тазартып отырудың маңызы зор. Саңлаусыз қоймаларды аэрозольдермен және газбен (фумигациялық отрядтар күшімен) өңдеу. Қойма айналасын өңдеу бүріккіштердің көмегімен ылғалды тәсілмен жүргізіледі. Тұрғынжайды жөндеу дезинсекциядан кейін жүргізіледі. Керосинді-ақбалшық эмульсиямен (1 л суға 200 г әк, 100г керосин) ақтаған дұрыс. Астық сақтауға дейін қоспалардан тазартылып, қалыпты ылғалдылыққа дейін жеткізілуі қажет. Сақтау кезінде астықтың зиянкестермен зақымдануы анықталған жағдайда газбен өңдеу және мұздату қажет.
1-тапсырма. Астықтың зиянкестермен ашық түрде зақымдануын анықтау әдістерімен танысу.
2-тапсырма. Астықтың зиянкестермен жасырын түрде зақымдануын анықтау әдістерімен танысу.
3-тапсырма. Қор зиянкестерінен қорғау шараларын қарастыру және жүйе құру.
Бақылау сұрақтары
1. Қамбада болатын зиянды жәндіктердің түрлерін, қандай отрядтар мен тұқымдастарға жататынын атаңыз.
2. Қоректенуі мен дамуы дәнде өтетін қанша қамба зиянкестері бар?
3. Имаго мен баланқұрттары зиян келтіретін қамба зиянды жәндіктерінің түрлерін атаңыз.
4. Өздерінің көбеюлерімен дәннің өздігінен қызуын тудыратын зиянды жәндіктердің қандай түрлері бар?
5. Қор зиянкестерінің дамуына қолайлы жағдайларды атаңыз.
6. Дәннің жасырын зақымдануы қалай анықталады?
7. Дәннің ашық зақымдануын қандай әдіспен анықтайды?
8. Қор зиянкестерінің алдын алу шараларын атаңыз.
9. Қор зиянкестерін жою шараларын атаңыз.
10. Ылғалды дезинсекциялау үшін қандай дәрі-дәрмектер қолданылады?
11. Газбен өңдеу үшін қандай препараттар қолданылады?