Созылмалы энтеритке тән синдромдар:
· Мальдегистия
· Ішектік диспепсия
· Іштің ауырсынуы
· Мальабсорбция
· Экссудатты энтеропатия
Мальдегистия синдромы (ас қорытылуының бұзылысы)- созылмалы энтериттің басты белгісінің бірі, ас қорытылуына қажетті ферменттердің жетіспеуінен(ферментоптиядан) және химустың ішек бойында тез өтуінен болады. Созылмалы энтеритте өзге ферменттерден гөрі дисахаридтердің гидролизіне өажетті ферменттердің жетіспеушілігі (лактазаның, сахаразаның, мальтазаның, трегалазаның)ертелеу пайда болады. Осы ферменттердің тапшылығынан біріншіден – қорытылмаған дисахаридтер ішекте ашып шіриді, осыдан көп мөлшерде газ түзіледі, екіншіден – көмірсулардың осмостық қысымының биіктігінен, ішектің ішіне су тартылып жиналады (экссудация). Бұл дисахаридазалар жетіспеушілігінің экссудатты энтеропатиясы аталады. Осыдан науқастарға құрамына дисахаридтер кіретін тағамдар жақпайды: сүт (лактозаның болуынан),қант (сахароза болуынан), саңырауқұлақтар (трегалозаның болуынан),т.б. Осы тағамдарды ішкеннен 1 – 2 сағат кейін іш кеуіп ауырады, ішек шұрылдайды, көп мөлшерде және жиі іш өтеді. Нәжіс су тәрізді сұйық және көпіршікті болады.
Ішектік диспепсия. Созылмалы энтеритте ішектік диспепсия іштің өтуімен және кебуімен білінеді. Энтеритте іш тәулігіне 6 – 8 рет өтеді, тәулігіне 1 – 1,5 л шамасындағы полифекалия тән. Қоймалжың дәрет – осмостық диареяның, ал су тәрізді су тәрізді сұйық дәрет секрециялық диареяның болуын көрсетеді.сүт құрамындағы лактозаны қорытатын лактазаның жетіспеушілігі- нен науқастардың көбіне сүт пен сүт өнімдері жақпайды. Сүт ішсе – іші қорылдап, түйіліп ауыра бастайды және өтеді.сонымен сүттің жақпауы жіңішке ішектің зақымдану белгісі болып табылады.
Іштің кебуі (метеоризм) ашу диспепсиясынан болады. Жиналған газ кейде ішектің бойында! “ауалық тығындарға”айналып, химустың жүруін бөгейді. Газдар флотуленция арқылы немесе кекіргенде бөлінеді.
Іштің ауыруы. созылмалы энтеритте іштің ауыруы ішектің түйілуінен, газбен керілуінен немесе шажырқай түйіндердің қабынуынан болады. Метеоризмге байланысты ауырсыну 1 – 3 сағаттан кейін білінеді, кешке жақын күшейеді және дефекациядан немесе жел шығарғаннан басылады. Шажырқай түйіндері қабынған жағдайда іш сыздап, кейде 3 – 6 айға дейін үнемі ауырады және іштің ауыруы жүк көтергенде, дене сілкінгенде күшейеді. Ауру Поргес зонасында, яғни шажырқайлардың бекіген аймағында анықталады (кіндіктен сәл жоғары, сол жақтағы нүкте). Созылмалы энтеритте науқастардың бірқатарында аноректальді синдром болады. Қалыпты жағдайда ферменттер жіңішке ішектің дисталды бөлігінде микрофлорамен бейтарапталып, қуатын жояды. Энтеритте ішек заты тез айдалады және микрофлораның құрамы өзгереді. Осыдан нәжістің құрамындағы ферменттертолық бейтарапталмай қуатын сақтайды. Жуан ішек пен артқы өтістің маңындағы тері ферменттердің әсеріне төзімсіз келеді. Іш жиі өткенде ферменттердің әсерінен жуан ішекте, соның ішінде тік ішекте эрозиялар пайда болады, артқы өтістің айналасындаы тері зақымданады (суланады, қышиды және жарылады).
Мальабсорбция синдромы. Созылмалы энтериттің ауыр түрінде ішек қабырғасының зақымдануынан қорытылған заттардың, витаминдердің, электролиттердің, микроэлементтердің сіңірілуі бұзылады, яғни мальабсорбция синдромы пайда болады. Тәбеттің қалыптылығына немесе жоғарылауына қарамастан дене салмағы төмендейді, астенизацияның, полигиповитаминоздың көріністері пайда болады. Никотин қышқылының тапшылығы іш өткеннен екі аптадан кейін, ал В1,В2, В6, В12 витаминдер тапшылығының көріністері бір айдан соң пайда болады. Никотин қышқылының жетіспеушілігінде мінезде агрессиялық, негативизмдік қасиеттер және тілдің ашып ауыруы, сілекейдің ағуы, глоссит, дерматит, деменция пайда болады. В1, В6 витаминдердің тапшылығынан астения, бұлшықеттердің гипотониясы, ентікпе,жүрек қағуы, шалыс соғуы,жұмысқа жарамсыздық, дуоденостаз, гастртамостаз, жуан ішектің гипомоторлық дискинезиялары, ал темір, В12 витамині, фолий қышқылының сіңірілуі бұзылғанда анемияның көріністері(бас айналу, тері, шырышты қабықтардың қуқылдығы, ентікпе,ижүрек қағуы) байқалады. Аскорбин қышқылы, К витамині тапшылығынан қанағыштық, В2 витамині гиповитаминозында хейлит, азулық стоматит дамиды. Трофикалық бұзылыстар, әсіресе теріде аңғарылады, мысалы науқастардың 50%- да терінің құрғақтығы, түлегіштігі, жұқаруы, тырнақтардың жолақтанып қалыңдауы, шаштың түсуі анықталады. Сіңірілу бұзылуының ерте белгісі – кальцийдің тапшылығы. Оның белгілері кальцийдің қандағы мөлшері қалыпты болғанның өзінде біліне бастайды. Гипокальциемияға тән белгілер – саусақтардың, тіл ұшының, мұрын, ауыз үшбұрышының жансыздану, ұю сезімдері, сүйектердің сырқырап ауыруы(төсекке жатып, жылынғанда басылады). Бұл белгілер балалардың жетілу шағында және менопауза кезіндегі әйелдерде жиі кездеседі. Бұдан басқа бұлшықеттердің құрысуы және құрысуға бейімділігі тән. Оны кейбір белгілерінен анықтауға болады: Хвостек белгісі – әлпет доғасынан сәл төмен қаққан кезде бет бұлшықеттерінің жиырылуы; Труссо белгісі – иыққа бұрау салып бірнеше минут қысқанда қол ұшының «акушер қолы» тәрізді құрысуы. Созылмалы энтеритте гипокалиемия мен гипонатриемия болуы мүмкін. Гипокалиемияның белгілері: миалгия, бұлшықет әлсіздігі, экстрасистолиялар, сіңірлік рефлекстердің төмендеуі. Гипонатриемия болғанда шөлдеу, тері мен кілегей жамылғыларының құрғауы, тахикардия, экстрасистолия, гипотония байқалады. Созылмалы энтериттің ауыр түрінде белоктың қорытылмауынан және кеңіген лимфатамырлардан қандағы альбуминнің ішектің ішіне өтіп, нәжіспен бөлінуінен гипопротеинемия дамиды, соның салдарынан кәдімгі ісіну синдромы болады. Созылмалы энтеритте сіңірілу бұзылысының ауырлық дәрежелері:
I дәрежесі (жеңіл) дене массасының 5 кг төмендеуі, жеңіл трофикалық, гиповитаминоздық, гипокальциемиялық бұзылыстар
II дәреже (орташа ауырлықты) дене салмағының 10 кг дейін төмендеуі, айқын гиповитаминоздық, электролиттік бұзылыстар, анемияның, кейбір эндокриндік бұзылыстардың қосылуы
III дәреже (ауыр) – дене массасы дефицитінің ұлғаюы, терінің, тырнақтардың дистрофиялық бұзылыстары, анемияның ауырлауы, бұлшықеттердің, сүйектердің ауырсынуы, гипопротеинемия мен ісінудің пайда болуы, әйелдерде етеккір циклының бұзылуы, ер кісілердің жыныстық функциясы- ның төмендеуі т. б.
Гиповитаминоздық, трофикалық, бұзылыстармен бірге, іштің пальпациясын- да ішектің зақымдануына тән біршама белгілер анықталады: ішектің илеоцекальдік бөлігінің және Поргес нүктесінің ауырсынуы, соқырішектің шұрылдауы немесе «шылпыл шуы» естілуі (Образцов белгісі).