Денелері қысқа, әрі жалпақ, бастары үлкен балықтар жатады. 4 отрядты біріктіреді.
Пегастәрізділер отряды – Pegasiformes. Бұған ұсақ, денесінің ұзындығы 18 см болатын Индия мен Тынық мұхиттарының тропикалық бөлігінде кездесетін балықтар жатады. Денелері сыртынан көп бұрышты сүйекті пластинкалармен қапталған. Ауыз қуысы кіші, тістері жоқ. Кеуде қанаттары үлкен, құс қанатына ұқсас. Орыс ертегілеріндегі конек – горбунокты еске түсіретін балық.
Батрахотәрізділер отряды – Batrachoidiformes. Баяу қозғалатын су түбі балықтары. Жақсы жетілген көптеген тістері бар, аузы кең әрі үлкен болады. Екі арқа қанатының алдыңғысы қысқа 2-3 инеден ғана тұрса, артқы арқа қанаты ұзын болып келеді. Құрсақ қанаттары, кеуде қанаттарының алдында жұтқыншақ астына орналасқан. Кейбіреулері жүзу торсылдағын пайдаланып қатты дауыс шығара алады. Сондықтан оларды құрбақа-балықтар деп атайды. Бұлардың 40-қа жақын түрі белгілі. Ал мичман-балығы деп аталатын түрлерінің құрсақ және бүйір бөлімдерінде жарық шығаратын органдары болады.
Сорғыш не жабысқақ балықтар отряды - Gobiesociformes. Бұлардың денесі өте қысқарған және жалпақ болып келеді. Сонымен қатар денесінің кеуде бөлімінде сорғыш немесе жабысқыш аппараты болады. Осы аппараты арқылы судағы тасқа, өсімдіктерге және басқа заттарға жабыса алады. Бұл отрядқа жабысқақтар немесе теңіз үйрекшелері (Gobiesecidae) деген бір тұқымдас жатады. Еркектері уылдырықтарын қорғайды. Кірпі-үйрекше (Diademichtyes lineutus) деген түрі жыртқыштардан қорғану кезінде теңіз кірпілерінің инелерінің арасына тығылады.
Қармақшы балықтар не аяққанаттылар отряды – Lophiiformes. Бұл отрядқа 3 отряд тармағы, 16 тұқымдас және 225 түр жатады. Қара теңіз бен Баренцев теңіздерінде теңіз шайтаны (Lophius piscatorfus) деген түрі тіршілік етеді. Бұлардың денесі арқасынан құрсағына қарай сүйреленіп жалпайған, кеуде қанаттары ескек сияқты су түбінде қозғалуға мүмкіндік беретін органга айналған және құрсақ қанаттары тамағының астына орналасқан. Сондықтан да бұл балықтарды аяққанатты балықтар деп атайды. Арқа қанатының алдыңғы шоғы ұзын, қозғалғыш және ол бас бөліміне ығысып кармақшаға айналған. Осы қармақшасын пайдалана отырып балықтарды соған қызықтыру арқылы, оларды ұстап, қоректенеді. Кейбір терең су балықтарының ергежейлі еркектері ұрғашыларына ауызымен жабысып,паразитті тіршілік етеді. Мысалы, церация – Ceratias holboelli балығы. Мұндай паразиттік тіршілік ету ұрғашы балық пен еркек балықтардың кездесуінің қыйындауынан туса керек деп жорамалдайды.
Балықтардың миграциясы (өрістеуі)
Көпшілік балықтардың жылдық тіршілігінің міндетті бір кезеңі өрістеу, яғни маусымдық белгілі мерзімде нақтылы бағытпен орын ауыстыру болып табылады. Өрістеу пассивты болуы мүмкін – уылдырықтарын шашатын жеріне ағыс алып барады. Бұндай өрістеу пелагикалық уылдырыққа, личинкаларға және кейбір шабақтарға тән. Мысалы, жыланбалықтың личинкасы Саргас теңізінен Гольфстрим ағысымен Еуропа жағалауларына ығып келеді. Бірақ балықтардың көпшілігі активті өрістейді, бұнда олар нақтылы бағдармен жүзіп көп энергия жұмсайды. Треска, кефалдар, скумбриялар, каспий майшабағы, қиыршығыстық албырттар, өзен жыланбалығы осылай жүзіп, өзінің қоректенетін немесе уылдырық шашатын жерлеріне жетеді. Өрістеу анадромды және катадромды болады: анадромды – теңіздерден өзендердің жоғарғы ағысына немесе теңіздердің тереңінен жағалауына, ал катадромды – өзендерден ағыспен теңізге немесе теңіздердің жағалауынан ашық кеңістігіне орын ауыстыруы. Анадромды миграцияның мысалдары: қиыршығыстық албырттардың теңізден өзендердің бастауына баруы, каспий майшабақтары мен бекірелерінің Еділ мен Жайыққа өрістеуі, трескалардың ашық теңізден жағалауға орын ауыстыруы. Катадромды өрістеудің мысалдары: өзен жыланбалығының өзендерден мұхитқа немесе теңіз камбаласының жағалаудан теңіздің тереңдегі тұзды аудандарына орын ауыстыруы. Өрістеудің бірнеше типтері бар: уылдырық шашу (көбею), жайылу немесе қоректену және қыстау. Өрістеудің басталуы тек сыртқы факторлармен (температура, ағыс, т.б.) ғана емес, организмнің өзгерген жағдайға дайындығымен де – күйлілік, семіздік, жыныс бездерінің жетілуі – анықталады.
Өткінші балықтарда (албырттар, жыланбалықтар, қаражон-майшабақтар, т.б.) өрістеудің нәтижесінде едәуір өзгерістер болады. Қиыршығыстық албырттар (кета, құнысбалық, кижуч, сима) Амур және басқа өзендермен мыңдаған шақырымға жоғары көтеріледі. Тіршілік ортасының шұғыл өзгеруі сыртқы көрінісінде көзге түсерліктей өзгерістер туғызады – омыртқа жотасы өзгеріп бүкір болады, жақ сүйектері қисаяды, өңеші бітеледі, зат алмасу процесі бұзылады және бұл процестер бұрынғы қалпына қайтып келе алмайды. Бұл моноциклды балықтар – уылдырық шашқаннан кейін бәрі өледі, өмірінде бір-ақ рет уылдырығын Саргасс теңізіне шашатын өзен жыланбалығы да осы топқа жатады.
Жартылай өткінші балықтардың (көксерке, сазан, тыран, жайын, т.б.) өрістеу жолы әлдеқайда қысқа және олар өмірінде бірнеше рет уылдырық шашады, бұлардың организміндегі көбею кезіндегі өзгерістер негізгі зат алмасу процестеріне әсер етпейді.