Кез келген көлік техникасында пайдаланудың нақты жағдайларында оларды тиімді қолданудың мүмкіндігін анықтайтын сапалар жиынтығы мен пайдалану сипаттамалары болады. Машиналардың пайдалану сапасының саны өте көп, алайда оларды іс жүзінде қолдану үшін жалпылама үш сипаттамасын ерекше бөліп алуға болады: машиналардың жұмысқабілеттілігі, сенімділігі және ұзақмерзімділігі.
Жұмысқабілеттілік терминіне машинаның төмендегідей негізгі техникалық көрсеткіштері кіреді: қозғалтқыш қуаты, тартым күші, жүккөтерімділік немесе сыйымдылық, қозғалыс жылдамдығы, отын үнемділігі, пайдалы әсер коэффициенті және т.б.
Машинаның жұмысқабілеттілігі сан жағынан оның орындаған жұмысының тиімділігі, яғни белгіленген сапаны сақтай отырып, сол жұмыстың өнімділігі және өзіндік құны арқылы бағаланады.
Сонымен егер машинаның өнімділігі белгіленген нормаларға сәйкес болса, машинаны күтуге жұмсалған шығын шекті шамадан аспаса, ал жұмыс сапасы бекітілген талаптарды қанағаттандыра алса, онда машина жұмысқа қабілетті деп есептеледі. Осыған сәйкес «жұмысқабілеттілік» түсінігі машина қандай техникалық көрсеткіштерге ие бола алады, пайдалану барысында бұл көрсеткіштерде қандай ауытқулар болуы мүмкін деген сұрақтарға жауап беруі тиіс, яғни машинаны пайдалануға бергеннен соң қандай да бір уақыт өткеннен кейінгі оның сапалық жағдайын көрсетеді. Белгіленген талаптарға сәйкес анықталатын қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін жұмысқа жарамдылығын білдіретін машинаның қасиеттері жиынтығы оның сапасы болып табылады.
Машина қолданыста болған сайын бұл сапа сипаттамалары өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Машина конструкциясы және өндірілуі бойынша қаншама жетілдірілген болса да, уақыт өтуімен ол алғашқы сапаларын жоғалтады, бірқатар техникалық көрсеткіштері төмендейді: қозғалтқыш қуаты азаяды, отын мен майлау материалдарының шығыны өседі, жұмыс сапасы да нашарлайды. Мұның бәрі машинада ақаулар пайда болуымен түсіндіріледі.
Егер машинаның тоқтаусыз және бұзылмай жұмыс істеу барысында жұмыс сапасы мен үнемділігінің өзгеруі рұқсат етілген аралықта болса, онда мұны қалыпты жағдай деп атайды. Осы қалыпты жағдайдағы жұмыстың бұзылуы машинаның ақаулығы болып саналады.
Машинаның торабы немесе агрегаты жұмысының бұзылуы оның детальдарында ақаудың пайда болуына септігін тигізеді. Ал ақау дегенімізнормативті құжаттамалар бекіткен талаптардан рұқсат етілмеген ауытқу болып табылады.
Кез келген техниканың сенімділігі дегеніміз – берілген режимдер мен пайдалану жағдайына, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарына, сонымен бірге сақтау мен тасымалдау жұмыстарына сәйкес келетін берілген шамадағы бекітілген пайдалану көрсеткіштерінің мәнін уақтылы сақтай отырып, берілген міндеттерді орындаудағы машинаның қасиеті. Машинаның (оның жиналмалы бөлшектері мен бірліктерінің) сенімділігі олардың ұзақ уақыт қызмет етуімен, тоқтаусыз жұмыс істейтіндігімен, жөндеуге жарамдылығымен және сақталатындығымен ерекшеленеді.
Машинаның сенімділігі жоғары болған сайын оның өнімділігі де өседі.
Сан жағынан сенімділік төмендегі формуламен анықталатын сенімділік коэффициентімен өрнектеледі:
, (1.1)
мұндағы, А – машина жұмысының толық жоспарланған көлемі, сағ; В – жоспарланған жұмыс көлемін А-ны орындау барысында машинаның техникалық ақауларға байланысты тоқтап қалуы, сағ.
Сонымен бірге сенімділік сан жағынан ақау салдарынан тоқтап қалған екі мерзім арасындағы қалыпты жұмыстың орташа уақытымен де сипатталады. Машина сенімділігі оның детальдарының, тораптары мен агрегаттарының сенімділігіне тығыз байланысты.
Әртүрлі маркадағы машиналардың сенімділігін анықтау барысында оларды пайдаланудағы белгілі бір период аралығындағы тоқтап қалу мерзімінің барлығын есепке алу қажет. Алайда сенімділік маңызды сапаларды анықтағанымен, машинаны пайдаланудың экономикалық тиімділігіне толық баға бере алмайды. Сондықтан машина сапасына толық баға беру үшін сенімділікпен бірге машинаның ұзақмерзімділігін анықтау қажет болады.
Сонымен ұзақмерзімділік дегеніміз – машинаны пайдаланудан бастап оны тізімнен шығарып тастағанға дейінгі сағатпен немесе километр жүріспен көрсетілген машинаның жалпы жұмыс істеу мерзімі, бұл мерзім сонымен бірге машинаның сенімділігі мен жұмысқабілеттілігін қалпына келтіру үшін экономикалық тұрғыдан алғанда қажет болуы тиіс.
Машинаның ұзақмерзімділігі оның детальдарының ұзақмерзімділігіне тікелей байланысты.
Машина жағдайына баға беру үшін оның жөндеуге жарамдылығы мен физикалық және моральді тозуын да анықтау қажет болады.
Жөндеуге жарамдылық дегеніміз – техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын өткізу арқылы машинаның тоқтап қалуы мен ақауларын байқауға немесе ескеруге бейімделу қасиеті. Жөндеуге жарамдылық – сапа көрсеткіштерінің бірі. Оның сандық көрсеткіштеріне техникалық күту мен жөндеуді орындауға арналған құралдар мен еңбек шығындарының орташа мәндері жатады.