14. Ерте жастағы балаларға патронажды профилактикалық бақылауды бастапқы медициналық-санитариялық көмек қызметінің (бұдан әрі – БМСК) педиатрия бөлімінің орта медициналық білімді қызметкері бала денсаулығын сақтау мен нығайту мақсатында үйде және медициналық ұйымдарда жүргізеді.
15. БМСК медицина қызметкері патронаж өткізген кезде отбасындағы баланың күтіміне (қауіпсіз және құнарлы тамақтануын қамтамасыз ету, баланың дамуына ықпал ететін орта жасау) назар аударып, бала ауырған кезде ауруларды анықтау мен олардың алдын алу шараларларының уақтылы жүргізуін, ата-ана әрекеттерінің дағдылары мен білімдерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
16. Аналар мен 5 жасқа дейінгі балаларды патронажды бақылау жиілігі мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) 1-сызбанұсқаға сәйкес нәрестелік кезең мен 2 айға толмаған сәбиді бақылау (осы Нұсқаулыққа 2-қосымша);
2) 2-сызбанұсқаға сәйкес өмірінің алғашқы жартыжылдығы (6 айға дейін) (осы Нұсқаулыққа 3-қосымша);
3) 3-сызбанұсқаға сәйкес өмірінің екінші жартыжылдығы (6 айдан 12 айға дейін) (осы Нұсқаулыққа 4-қосымша);
4) 4-сызбанұсқаға сәйкес екі жастағы кезең (12 айдан 24 айға дейін) (осы Нұсқаулыққа 5-қосымша);
5) аналар мен 5-сызбанұсқаға сәйкес үш жастағы кезең (24 айдан 36 айға дейін) (осы Нұсқаулыққа 6-қосымша);
6) 6-сызбанұсқаға сәйкес төрт және бес жастағы кезең (36 айдан 60 айға дейін) (осы Нұсқаулыққа 7-қосымша).
17. Медицина қызметкері патронаж кезінде ДДҰ ұсынған бала жастағы ауруларды ықпалдастыра қарау (бұдан әрі – БЖАЫҚ) қағидаттарына сәйкес 5 жасқа дейінгі балалардың ауруларының негізгі ауруларының алдын алу, диагностика және емдеу негізінде мынадай шараларды жүзеге асырады:
1) нәресте мен 2 айға толмаған сәби (қауіпті белгілердің, дамуында көзге байқалатын кемістіктердің және басқаларының ерте анықталуы) денсаулығының жай-күйіне дұрыс баға беру;
2) нәресте мен 2 айға толмаған сәбиге күтім жасауды (балалар кереуеті, бағып-күтуге қажетті керек-жарақтар, киім, ойыншық) бағалау;
3) ана денсаулығының жай-күйін (лактостаз/емшек қабынуы, босанғаннан кейінгі торығу, бала емізетін ананың тамақтану пирамидасын және т.б.) бағалау;
4) сүттің шығу жағдайын тексеру, емізу техникасын үйрету (кеудеге «4-3-4» жағдайында дұрыс салып, жатқызу), тек емізудің артықшылықтарына үйрету;
5) «2 айға толмаған» кезеңін қосқанда, баланы күтіп-бағуға үйрету;
6) психомоторлық және әлеуметтік дамуын (балаға ойын және қарым-қатынас жасау арқылы жете көңіл бөлу) бағалау;
7) БЖАЫҚ ерте жастағы балаларға күтім жасау ұсынымдарына сәйкес қосалқы коректендіруді енгізу;
8) мешел ауруы мен микронутриентті жетіспеушіліктің (темір, А витамині, мырыш) алдын алу;
9) баланың айналасындағы жағдайдың санитарлық жай-күйі және қауіпсіздігі: бөлмесінің гигиенасы (кереуеті, төсек-орны, ойнайтын жері), киімі, ойыншықтары, ыдыстары мен күтім жасауға арналған бұйымдары;
10) ауырған жағдайда жаттығу, массаж, дренажды массаж кешеніне үйрету;
11) ата-аналарды немесе баланы тікелей күтіп-бағатын өзге адамдарды науқас баланы күтіп-қарау, «қауіптіліктің жалпы белгілері», «науқас баланы тамақтандыру мәселесі», «қай уақытта тез қайтып келу керек» секілді ұғымдарға үйрету;
12) отбасында балаға жарақат салу, зорлық-зомбылық көрсету және қомсынып қараудың алдын алу, отбасының бала денсаулығына жауапкершілігін қалыптастыру;
13) ананың немесе баланы тікелей күтіп-бағатын адамдардың бұрын белгіленген ұсынымдарды орындауын бақылау;
14) Қазақстан Республикасының ұлттық алдын алу екпесі күнтізбесіне сәйкес балаға уақытылы екпе жасалуын бақылау.
18. Қауіп-қатер тобындағы балаларды патронажды бақылауды БМСК медицина қызметкерлері өздері белгілеген қауіп-қатер тобына сәйкес жеке жоспарына мынадай өлшемдер жүргізеді;
1) әлеуметтік анамнез:
- ананың жасы 18-ге толмаған (жасөспірім аналар);
- кедейшілік сызығынан төмен тұратындар, босқындар;
- ата-аналық міндеттеріне қарым-қатынасы (балаға жек көріп қарау немесе тілеп алмаған бала, әсіре қамқорлық);
- ата-аналары және/немесе отбасы мүшелері маскүнемдіктен, нашақорлықпен, психикалық аурулармен ауыратын отбасылар;
- асырап алған балалар;
2) медициналық анамнез:
- салмағы жетпейтін балалар (денесінің салмағы қалыпқа келгенге дейін);
- жасанды емізу;
- АИТВ-позитив аналар; туберкулезбен ауыратын аналар;
- баланың емуіне қиындық келтіретін жағдайлар (қатты және жұмсақ таңдайдың дамымауы).
19. Медицина қызметкері патронаж кезінде ерте жастағы балаларға қатаң қарау немесе оларға күш қолдану жағдайларын көрсететін мынадай белгілерді:
1) қайталанатын жарақаттар;
2) осы жасқа тән емес жарақаттар (мәселен, отыра алмайтын немесе жүре алмайтын баланың басын соғып алуы);
3) ата-аналардың емдеу мекемесінен көмек сұрауды кейінге қалдыруының түсіндіруге келмейтін себептері;
4) сабаған жағдайдың куәсі болуды анықтайды.
20. Медицина қызметкері патронаж кезінде сабаудан қалған мынадай белгілерін анықтайды:
1) таяқпен немесе шыбықпен ұрғаннан кейін оның қанталаған ізінің қалуы;
2) сыммен, белбеумен, арқанмен ұрғаннан қалған із секілді тұзақ түріндегі қанталаған іздер;
3) жіппен немесе белбеумен байлап, тартып тастаудан қалған іздер;
4) темекі күйдіріп басудан қалған іздер;
5) баланың миы шайқалған кезде көз торына қан құйылу;
6) басының аумағында қан ұюы.
21. Қиын өмір сүру жағдайындағы балаларды анықтағанда және баланың денсаулығына зиян келтіру таңбалары байқалған жағдайда медицина қызметкері:
1) емдеу-диагностикалық іс-шаралар жүргізу үшін баланы емдеуге жатқызуы;
2) денсаулық сақтау саласындағы арнайы әлеуметтік көмек көрсету стандарттарына сәйкес көмек көрсетумен қамтамасыз етуі;
3) бала құқықтарын қорғау жөніндегі құқық қорғау органдары мен аумақтық органдарға хабарлауы қажет.