Жер пайдаланулардың әрқайсысын орналастырғанда:
1. территорияның жағдайы және қалыптасқан ұйымдастырылуы есепке алынады. Бұрынғы енгізілген капиталды неғұрлым толық пайдалануға тырысу қажет;
2. өндіріс орталықтарының ыңғайлы орналасуы;
3. компакті массив ретінде;
4. тегіс жерлерде квадратқа немесе тікбұрышты төртбұрышқа ұқсас жасау;
5. бірнеше учаскеден тұрғанда - олар бір-біріне жақын, байланысы ыңғайлы болуы керек.
6. әрі қарай территорияны үйлестіруге ыңғайлы жағдай жасау.
Жер пайдалану талапқа сай болу үшін мынандай бірқатар принциптерді нұсқау ету қажет:
1) Жеке жер пайдаланулардың орналасуы ауыл шаруашылығының әлеуметтік-экономикалық мүдделіктеріне, басқа осы территорияда орналасқан жер пайдаланушылардың мүдделеріне де өзара сәйкес болуға тиісті;
2) Жер пайдаланудың ауданы, біріншіден, шаруашылық өндірістің көлеміне, мамандығына, екіншіден, аймақтық табиғи ерекшеліктерге сай болуға қажетті;
3) Жер пайдаланудың құрамына жердің ұтымды пайдалануын қамтамасыз ететін шаруашылықтың мамандығына сай алқаптардың аудандары мен түрлерін енгізу керек;
4) Жер пайдаланудың кескін үйлесімі (конфигурациясы) тұтас және өндіріс пен территорияны ұйымдастыруға ыңғайлы болуға тиісті;
5) Жер иеленушіліктің территориясындағы шаруашылық орталықтардың дұрыс орналасуын қамтамасыз ету, олардың өзара және алқаптар мен сырттағы өндірістік орталықтарымен транспорттық байланыстарын қолайлы ету қажет.
Ауылшаруашылық жер пайдалануда қандай өзгерістер болса да осы принциптердің негізінде енгізілуге тиісті.
Нарық экономикасына көшу кезеңінде меншіктің әртүрлі формаларына, соның ішінде жеке меншікке негізделген жер иеленушілердің сан алуан түрлері пайда болуда. Әсіресе, бұл шаруа қожалықтарына қатысты. Бірақ экономикадағы осындай жаңа құбылыстар жерге орналастыру теориясы жағынан әлі толық зерттеліп үлгерген жоқ. Сол мәселелердің ішінде - ауылшаруашылық жер пайдаланулардың құрылу теориялық негіздері мен әдістемесі. Сондықтан бұрыннан қолданыста келе жатқан әдістер қазіргі жағдайдың ерекшелігін ескере отырып қолданылады.
Жер пайдалануларды орналастырғанда территорияның қазіргі кездегі қалыптасқан жағдайы мен реттілігі, елді мекендердің мөлшері мен орналасуы, жол торабы және т.б. мұқият ескеріліп отырады. Сонымен қатар жаңадан жолдар, каналдар және басқа өндіріс құрылыстарын салу мүмкіншіліктері мен қажеттіліктері қарастырылады. Оларға шығындалатын қаржы, олардың мөлшерлері максимал түрде қысқартылуға тиісті. Бұл үшін аталған өндіріс құрылыстарын барынша толығырақ пайдалану мүмкіншіліктері іздестіріледі.
Орталық елді мекенмен, елді мекендердің өзара және алқаптар мен қатынастары ыңғайлы болуына көп көңіл бөлінеді.
Сонымен бірге жер пайдаланудың өзі біртұтас массив түрінде, қарапайым конфигурациялы болуға тиісті. Ең қолайлы квадрат немесе тік бұрыш кескін үйлесімді. Жер пайдаланудың территориясы, мүмкіндігінше, өзен, жол, орман және т.б. табиғи және жасанды объектілермен бөлшектелмеуге тиісті. Егер де оның ауданы бір қатар массивтерден құралса, олардың аралығын қысқартуға тырысу керек. Бөлек орналасқан шағын жер массивін бірнеше шаруашылықтарға бөлшектемеген дұрыс.
Жер пайдаланудың тұтастығы арнайы тұтастық (компактілік) коэффициентімен бағаланады. Бұл көрсеткішті жер пайдаланудың периметрін (км), сондай ауданды квадраттың периметріне бөлу нәтижесінде шығарады:
(4.4)
онда: П - жер пайдаланудың периметрі, км;
Р – жер пайдаланудың ауданы, км2.
Неғұрлым бұл коэффициент төмен болса, соғұрлым жер иеленушіліктің тұтастығы талапқа сай болғандығы. Жер пайдаланудың тұтастығы мен шаруашылықтың орталық мекемесінің орналасуы, орташа қашықтық техника-экономикалық көрсеткіштер болып келеді. Олар арқылы транспорттық шығындардың мөлшері есептеледі. Шамамен бұл көрсеткіш мына формула арқылы табылады:
Корт = Ко.м. * Кж * Р; (4.5)
онда: Р - жер пайдаланудың ауданы, км2
Ко.м - орталық мекеменің орналасуын ескеретін коэффициент;
Кж - жолдардың қисықтығын ескеретін коэффициент.
Жол коэффициенті 1.3.-1.4. шамасында. Орталық мекеннің орналасуын ескеретін коэффициент арнайы таблица арқылы табылады. Оның шамасы пайдалануға берілетін учаскенің ұзындығы мен көлденеңінің ара қатынасымен және орталық мекеннің орналасуымен (учаскенің ортасында, шетінде, жартылай диагональдық ортасында) байланысты. Мысалы, орталық мекенді жер пайдаланудың ортасынан шетіне қарай ауыстырғанда орташа қашықтық екі есеге дейін өседі.
Жер пайдалануды қалыптастыру процесі экспликация құрумен аяқталады. Мұнда жерге орналастыруға дейінгі және одан кейінгі бөлінген жалпы жер пайдалану мен алқаптардың жеке түрлерінің аудандары көрсетіледі.