ІХ-ХІІ ғасырлардағы ғұлама ойшылдардың терең философиялық және қоғамдық ойлары тұңғыш рет жалпы адамзаттық құндылықтар тұрғысынан зерттелген. Осы тарихи ғұламаларды бір-бірімен бірлікте алып, оларды өзара салыстыра зертеп отырмыз. Оларға адамның болмысы мен санасын, ішкі рухани дүниесі мен руханилығын, өмір мен өлімін, этикалық-философиялық идеялары мен принциптерін жан-жақты зерттеу тән. Әлеуметтік-мәдени негізде зерттелген жоғарыдағы ғұламалар, Орталық Азия халықтары бүкіл адамзат қазынасына ғылымды, философияны және мәдениетті одан әрі дамыта отырып, теңдесі жоқ үлес қосты. Қазіргі өтпелі кезеңде егемендік пен тәуелсіздікке, демократия мен бостандыққа қолы жеткен қазақ ұлтының өзіндік санасын дамытуда ежелгі бай рухани және мәдени мұраның алатын орны өте зор болып табылады.
2. Сопылық - өте күрделі философиялық діни феномен. Ол мұсылмандық шығыс халықтарының рухани өмірінде маңызды рөл атқарған көрнекті ағым. Ол ислам дінінен тарады, содан нәр алды, соның жүйесіне сүйенді. Бірақ ислам дініне тараған бағыттарға қарағанда, сопылық көлемі жағынан да, сенім, дүниеге көзқарас, дүниені қабылдау, дүниеге қарым-қатынас сияқты аса маңызды мәселелерді іздестіру тұрғысынан күрделі ағым.
Сопылық ағым араб халифатының тарихи-әлеуметтік дамуының жемісі. Ол Омейядтар билік құрған кезеңде халифаттағы дәулеттілер өкіметінің баюына, наразылық ретінде пайда болды. Сонымен бірге, оның қалыптасуына гностицизм, неоплатонизм, манихейлік ықпал етті.
Әсіресе, неоплатонизм идеялары кеңінен тарады. Плотиннің эманация турасы ілімінің әсері зор болды. Эманация дегеніміз - дүниенің құдайдың творчестволық энергиясының ағыны нәтижесінде пайда болғанын мойындайтын ілім. Философ-мистик Плотиннің пайымдауынша, құдай дегеніміз- жеке мән дәрежесіне көтерілген таза ізгілік. Адамның жаны тәнге біріккеннен бұрын да өмір сүрген. Тән материалды. Адамның өмір сүру мәні мен мақсатын Плотин жанның өткінші тәннен босап, құдаймен қабысуы арқылы түсіндірген. Құдаймен қабысу адам өзіне тән ерекше қасиеттерінен арылып, әмбебаптыққа, жалпылыққа көтерілгенін сезетін ерекше психикалық экстаз жағдайына жеткен уақытында пайда болады.
3. Якуб Ибн Исках әл-Кинди ( 801-866) орта ғасырлардағы араб философиясының ірі өкілі. Замандастары оған «абул хукано» (даналардың атасы), «файласуф аль-араб» (арабтардың философы) деген құрметті атақ берген. Ол өз еңбектерін түрлі ғылым салаларына арнады. Солардың ішінде ол логика, философия, медицина, математика, геометрия, музыка саласына көп көңіл аударды. Оның еңбектері тек араб және Шығыс дүниесіне ғана емес, Европа елдеріне кеңінен танымал болды. Неміс ғалымы Брокельман Әл-Киндиді «Ислам Аристотелі» деп атады.
Бағдат, Басра қалаларында білім алған ол Индия, Греция, Персия және т.б. елдердің ғалымдарыньщ еңбектерін зерттейді. Кейінірек ол Аристотельдің және басқа да грек ойшылдарының еңбектерін араб тіліне аударады.
Грек философтарының еңбектеріне аударма жасап, оны зерттей отырып, әл-Кинди араб философиясының терминологиясын жасауға үлкен үлес қосты.
Әл-Кинди философиялық проблемаларды шешуде математикаға көп жүгінеді. Оның ойынша, философия ғылым ретінде математикаға сүйенуге тиіс. Себебі, алғашқы субстанциялар, нақтырақ айтқанда, материалдық дүниенің заттары олардың негізін ажырату арқылы танылады. Болмыс пен табиғат туралы ілімі Әл-Киндидің философиялық системасының маңызды бөлігі болып табылады. Осы мәселеге байланысты Әл-Кинди «Алғашқы философия туралы», «Бес мән туралы кітап» атты шығармалар жазды.
Әл-Кинди рухты алғашқы, материалдық дүниені кейінгі деп есептеді. Оның айтуынша дүние Алланың қалауымен пайда болған, бірақ Әл-Кинди құдай тек дүниені жаратушы ғана, әлемдегі болып жатқан процестерге оның қатысы жоқ деп есептеді. Оның айтуынша, құдай алғашқы себеп. Себеп пен салдар өзара байланысты болғандықтан Құдайды себепші, ал дүниені салдар деп таниды.
Табиғаттың негізі бес мәннен тұрады. Олар: материя, түр, кеңістік, уақыт және қозғалыс. Әл-Кинди материя мен түрдің қатынасы туралы проблемаға баса назар аударадьі. Оның пікірінше материя мен түр барлық заттардың негізі болып табылады. Материяны әл-Кинди төрт әлементке бөледі. Олар: от, ауа, су және жер. «Әрбір зат, дейді ол, - материя мен түрден тұрады».
Осылардан аталған төрт нәрсе пайда болады. Ыстық пен суық, ылғал мен құрғақ жан-жануарлар мен өсімдіктердің пайда болуы мен жойылуына әсер етеді.
Осы төрт элемент өздігінен пайда болмайды және жойылмайды, олардың кей бөліктері ғана жойылады, бір әлементтен екіншіге ауысады.
Әл-Киндидің болмыс пен табиғат туралы мәселедегі көзқарасы қарама-қайшылыққа толы болғанымен философиялық ойдың дамуына едәуір әсер етті.
Абу Насыр ибн Мухаммед Әл-Фараби 870 жылы Фарабта дүниеге келген. Алғашқы білімді ол Фарабта, содан соң, Шаш, Самарқанд калаларында болды. Бұхарада және Иранда тұрады. Бағдатта тұрған кезінде философ ретінде атағы шығады. Өмірдің соңғы кезеңін Дамаскіде өткізіп 960 жылы қайтыс болады. Оның қайраткерлігі мен шығармашылығының айрықша құндылығы, ол Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» немесе «Шығыс Аристотелі» деп саналады. Философия тарихында Әл-Фарабидің парасат пен ақыл жайлы еңбегі бәрін тұтас қамтитын рухани дүниенің онтологиялық желісі, ақыл-ой мен болмыс диалектикасы маңызды кезеңдер болды.
Фараби ірі энциклопедист-ғалым ретінде үлкен абыройға ие болады. Сол кезеңде жиі ұйымдастырған ғылыми сұхбаттарда ол үнемі жеңімпаз ретінде танымал болған. Ұлы ойшылдың шығармашылық эволюциясы екі кезең арқылы өтеді. Алғашқы кезінде Фарабидың дүниетанымы мен көзқарасы қалыптасады. Екінші кезеңінде ол жетілген, ерекше ойшыл ретінде танылады. Осы тұрғыдан алғанда, оның еңбектерін үлкен екі топқа бөлуге болады.
Біріншісі, ежелгі грек ғалымдарының еңбектеріне комментарий түрінде жазған шығармалары. Екіншісі, орта ғасырлардағы жаратылыстану және қоғамдық-философиялық ойдың өзекті проблемаларына арнап жазған мен зерттеулері.
Ол Аристотель мен Платонның логикалық, этикалық, философиялық еңбектеріне, эвклидтің геометриясына, Александр Афродезийскийдің «Жан» туралы атты шығармаларына түсінік береді.
Таным теориясы саласында Әл-Фараби теңдесі жоқ мұра қалдырды. Ол барлық әмбебаптық ұғымдары, жеке адамның әрдайым тәнмен байланысты және таным жолымен ғана оның шегінен алатын жанының адамшылығы айрықша назар аударуды қажет етеді. «Іскер парасат» әлемнің барлық заңдылықтарын тануға тиіс. Осыдан барып объективтік парасатты ұғына алатын адамның іштей тәуелсіз мұраты келіп шығады. Әлем тәртібінің рухани және жаратылыстық себептерінің күрделі үйлесімі адамды таным жолына жетелейді, заттар мен құбылыстардың қозғаушы күштері мен себептерін айқындауға мүмкіндік береді.
Әл-Фарабидың ойынша құдайды айқындауға болмайды және оның түрі мен түсі белгісіз. Әл-Фарабидың пантеистік концепциясы бойынша материя кұдайдан пайда болған. Ол бірте-бірте өзінің атрибуттарына ие болады. Ал кұдай болса, әл-Фарабидың пікірінше, жеке сапасы айқынсыз күйінде қалады. Құдай мен бірлікте материя да айқынсыз күйде болады. Одан бөлінгеннен кейін ғана материя өзінің негізі сапаларына ие болады және өз бетінше өмір сүруін жалғастырады. Әл-Фараби жердегі және аспандағы денелерде заттық қасиетке ие деп есептейді. Оларды алты түрге бөледі: Аспан денелері, ақыл-ой иелері (адамдар), жануарлар, өсімдіктер, минералдар, төрт әлемент-от, ауа, су, жер.
Осы төрт әлемент материалдылықгың негізі болып есептеледі және материяның ең қарапайым түріне жатады. Қалған бес түрі күрделі деп есептеледі. Олар аталған төрт әлементтің қосындысынан пайда болады. Барлық заттар әлементтерден құралатындықтан, материядан тұрмайтын бірде бір зат жоқ.
Әл-Фарабидың ілімі бойынша, адам - танушы субъект, ал қоршаған орта табиғат танымының объектісі ретінде қарастырылады. Табиғат адамға тәуелсіз және адам санасынан тыс өмір сүреді. Дүниені танып - білу туралы мәселені Әл-Фараби материалистік позиция түрғысынан шешеді. Оның пікірінше, адам өз білімін сыртқы ортадан алады. Сезіну, қабылдау, еске сақгау, елестету адам танымының басты құралы болып табылады. Ең бастысы адам логикалық ойлауға, сөйлеуге қабілетті. Адам жоғарыда аталған қабілеттерінің арқасыңда ғылымдарды жасады.
Таным процесі Әл-Фарабидың пікірінше білімсіздіктен білімге қарай, себептен салдарға, құбылыстан мәнге, акциденциядан субстанцияға қарай өрлеу болып есептеледі.
Таным процесін Әл-Фараби төмендегіше қарастырады:
А) объективті өмір сүретін заттар; б) адамның әралуан психикалық күштері және танымдық қабілеті; в) заттар мен құбылыстардың сезім органдарына әсері; Д) сыртқы дүние образдарының пайда болуы, олардың түрі мен формалары. Әл-Фарабидың тұжырымдауынша, адам баласы дүниеге келгенде онымен қосыла "қоректендіруші күш" пайда болады. Одан кейін сезінудің әралаун түрі, содан соң әмоция, еске сақгау және т.б. Ең соңында ақыл-ой пайда болады. Әл-Фараби адамның жан күшінің, танымдық-психологиялық қабілетгерінің классификациясын жасайды.
1. Қоректендіруші күш және ішкі, сыртқы жан күші.
2. Сыртқы күш. Ол адамның сезім мүшелеріне сыртқы дүниенің әсерінен пайда болады.
Сыртқы күшті беске бөледі: 1) тітіркену; 2) дәмді сезу; 3) иісті сезу; 4) дыбысты сезу; 5) көру. Бұларды Фараби сезуші күш деп атайды.
Ішкі жан күшін әл-Фараби үшке бөліп қарастырады. 1) еске түсіруші, елестетуші күш; 2) эмоцияның қозғаушы күші - ашулану, күйіну, ынтығу және т.б.; 3) айтушы (сөйлеуші) немесе ақыл-ой күші. Оған ойланушы күш енеді.
Әл-Фараби адам организмінің бір орталықтан басқарылатын мемлекетпен салыстырады. Адамның басқару орталығы ми мен жүрек.
Әл-Фарабидің «Математикалық трактаттары», «Философиялық трактаттары», «Логикалық трактаттар», «Этикалық трактаттар» және т.б. шығармалары кейінгі жылдары орыс және қазақ тілдерінде жарық көрді.
Орта ғасырлардағы ұлы ойшылардың бірі Ибн Сина (980-1037) есімі ежелгі дәуірде өмір сүрген атақты дәрігер Гиппократ жөне дана философ Аристотельмен қатар аталады. Ибн Сина Бұхараға жақын маңдағы Афина деген мекенде дүниеге келген. Он жасынан бастап тіл білімі, грамматика, стилистиканы оқып үйренеді. Сонымен қатар, юриспруденция, логика, евклидтік геометрияны игереді.
Философия оқып үйренуде ерекше талабын байқатады. Бірақ, Ибн Сина ғылым жолының ауыр екенін, әсіресе Аристотельдің «Метафизикасын» зерттегенде көп қиындық көргенін айтады. Ибн Сина медицинаға көп көңіл бөлді және дәрігерлік практиканы жалғастыра жүріп танымал емшілердің қатарында атала бастайды. Ибн Синаның ғылыми мұрасы өте мол. Ибн Сина жазған жиырма томдық философиялық энциклопедия бізге жетпеген. Ибн Сина «Айығу кітабы», «Білім кітабы» және т.б. еңбектері ғылыми тұрғыдағы құндылығымен ерекшеленеді.
Ибн Синаның шығармашылығы өз заманындағы ғылымның барлық саласын қамтиды. Ибн Синаның философиялық ілімі бойынша ақыл-ой дегеніміз әлемді танып білудің құралы. Оның белсенділігі мен шығармашылық күші өте зор. Бірақ сезімдік тәжірибесіз дүниені таным білу мүмкін емес. Сезімдік тәжірибе процесінде әлемдік заңдылықтар танылады, заттар мен құбылыстар жөніндегі жалпы ұғымдар жасайды. Ұғым дегеніміз - нақты шындықтың адам ойындағы көрінісі. Материалдық дүние және жеке заттар ұғымдардың шығуына себепші болады. Сөйтіп, Ибн Сина адамның ақыл-ой өз білімдерін тек сезімдік тәжірибелер арқылы толықтырады деген тұжырымға келеді. Ақыл-ой сыртқы дүние туралы білімдерді жинақтап, тұжырымдап, қорытындылап отырады. Ибн Сина бойынша шындыққа (ақиқатқа) жетудің жолы міне осы. Ал, ақиқатта заттар мен құбылыстардың мәні бейнелейді және нақты көрініс табады.
Философия Ибн Синаның анықтамасы бойынша болмыс жайлы ғылым, оның пәні болмыстың жеке-дара жақтары емес, біртұтастығы. Ол философияны үшке бөлді: физика (табиғат жайлы ілім), логика (табиғат пен адамды танып білу жайлы ілім), метафизика (тұтас болмысты танып-білу жайлы ілім).
Жаратылыс зерттеушісі болғандықтан Ибн Сина табиғаттың санадан тысқарылығын, яғни объективтілігін мойындады. Логика жайлы ілімінде негізінен Аристотельдің көзқарасын жақтады. Логикалық категориялар мен принциптер, деді – ол объективтік дүниенің заңдылықтарына сәйкес келуі тиіс. Бұл пікірдің орта ғасыр жайында үлкен маңызы болды. Ибн Сина ортағасырдағы негізгі мәселе номинализм мен реализм арасындағы талас мәселесін шешуге әрекет жасай келіп, жалпылық абстракция, әлем жеке заттардан тұрады деп есептеді. Оның метафизикадағы қарастырған негізгі мәселесі эманация теориясы. Бұл теория бойынша, дүниені құдай жаратқан жоқ, ол одан табиғи жолмен, эманация жолымен тікелей емес оны тудыратын ақыл-ой арқылы пайда болған. Егер жаратушы құдай мәңгі болса, дүниеде мәңгі, өйткені оның көзі мәңгі материя, себеп-салдар әрдайым өзара байланысты – егер себеп бар болса, онда салдар да болады деп есептеді.
Абу Райхан Мухаммад ибн Ахмед Әл-Бируни ежелгі Хорезмнің астанасы Қият қаласына жақын елді мекенде дүниеге келген. «Бируни» сөзі қала маңының тұрғыны деген мағынаны білдіреді. Табиғат, Әл-Бирунидың пікірінше, барлық материалдың және табиғи кұбылыстарды қамтиды. Бүкіл дүние белгілі бір заңдылықтарға бағынады. Әл-Бируни материалдық дүниенің барлық заңдылық процестерін табиғат деп атайды. Ғылымның барлық саласы қажетті фактілер мен мәліметтерді табиғаттан алады. Бируни өзінің ғылыми ізденістерінде табиғат кұбылыстарын оның өз заңдары арқылы түсіңдіруге тырысады. Орта ғасырларда өмір сүрген Шығыс ойшылдары Әл-Фараби, Ибн Сина және т.б. табиғатты және материяны жаратушы күш бар деп есептеген. Әл-Бируни де осы позицияны ұстанады. Әл-Бируни қоршаған дүниенің негізінде материалдық бастама жатқандығын мойындайды Ибн Синамен пікірталасында барлық заттардың негізі ретінде төрт әлемент (су, от, ауа, жер) туралы айтады. Бируни өз еңбектерінде материя туралы түсінігін ашық айтпаса да, философия және жаратылыстану ғылымдарының нақты проблемаларына тоқталғанда материяны аталған төрт әлементке қарағанда жалпылама нәрсе ретінде карастырады. Материалдық төрт әлементті біртұтас дүние деп атайды. Осы біртұтас бастаманың негізі су деп есеп-тейді.
Әл-Бируни шығармаларын талдай келе байқайтынымыз, ол ерте кезеңдердегі жазған еңбектерінен бастап өмірінің соңына дейін адам танымы проблемасына ерекше көңіл бөлгендігі. Жаратылыстану ғылым-дарымен айналыса жүріп, ойшыл-ғалым танымның кұрылымдарын мен жолдары ақиқатқа жету үшін қолданатын зерттеу әдістерін жеке мәселе ретінде қарастырады.
ІХ-Х ғасырларда Орта Азия халықтары араб халифатының үстемдігінен құтылып, жергілікті феодалдық мемлекеттер пайда болды. Осы кезеңде мұнда жаратылыстану ғылымдары айтарлықтай күшті дамыды. Хорезмдік математик, астроном әрі географ Әл-Хорезми үнді, грек және араб жерлерінде математиканы дамыта отырып, ғылымның жаңа саласы - алгебраны бірінші болып жасады. Оның «Астрономиялық таблицалар», «Күн сағаты жайлы трактаттар», «Жердің келбеті» т.б шығармалары латын тіліне аударылды. Шығыс пен Батыста математика мен астрономияның қалыптасып дамуына үлкен септігі тиді.
Парасатты билік пен ізгі өмірдің ғылыми негіздері әлемге әйгілі Жүсіп Баласағұнның атақты «Құтты білік» поэмасында терең баяндалған. Ғұлама ойшыл өзінің осы еңбегінде жоғары мұратты қоғамның қажетті қағидаларын сипаттап, адамның мінез-құлықтарының нормалары мен ережелерін, әр түрлі қоғамдық дәрежедегі жіктердің бұл қоғамдағы басқарудағы міндеттері мен қызметтерін белгілеп берді.
Жүсіп Баласағұн қоғам өміріндегі әлеуметтік қатынастардың этикалық қағидаларын белгілеуге тырысады. Ақыл, әділдік, бақыт төңірегінде туындайтын сұрақтарға берілген жауаптар іздестіріледі. Әділдік пен ақыл, бақыт пен қанағаттанушылық біртұтас адами құндылықтар деген ой тұжырымдалады.
Шынында да, адам болмысында этикалық нормалар мен ережелер біртұтас бірізділік түрінде көрінеді.
Жүсіп Баласағұн адамды, қоғамды және әлемді бір-біріне баламалады, сөйтіп адамды этикалық байыптау, яғни оның ішкі дүниесі мен таным бейімділіктерінің игі ізденістерін, бақытқа ұмтылыстарын жырлады.
Жүсіп Баласағұнның практикалық философиясы шығыстағы пери-патетизм идеялары мен исламдық саяси доктринаның өзара қабысуының нәтижесінде қалыптасты.
Ізгілікке бағытталған практикалық философияда Жүсіп Баласағұн рационалдық дәстүрді жалғастырады. Адамның ең жоғарғы, қасиетті қадір-қасиеті оның білімімен, ақылымен, түсінуімен тығыз байланысты. Адамдардың қарым-қатынасының мәні білім, ақылмен анықталады. Адамның адами табиғаты оның білімінде, осы бір тамаша мүмкіндігі оны тіршілік иелерінің басқаларынан жоғары қояды.
Адам дамыған сайын ол өмір сүретін қоғамдық орта да дамып, жетіліп отырады. Мәдени-әлеуметтік қарым-қатынастар күрделенеді, оның әр түрлі қабаттары мен деңгейлері қалыптасады. Қоғамдық өмір әр түрлі мағыналар мен символдар әлеміне айналады. Адам осы әлемде өмір сүруі қажет. Өзі дүниеге келтірген, бірақ одан бөлініп шығып, оған қарама-қарсы объективтелген күшке айналған мәндер мен мағыналарда түсініп, өзінің іс-әрекетінде пайдалануы үшін білім қажет. Осы адами күй, немесе қажеттілік Жүсіп Баласағұн шығармашылығында бой көрсетті. Ойшыл бұл мәселені адамгершілікке негіздейді.
Ақын ойшылдың дастанында оның гуманистік идеалын айқын көрсететін ой иірімдері молынан кездеседі. Жүсіп Баласағұн өмір сүрген қоғам билік пен меншіктік жағдайына байланысты біркелкі емес еді. Адамдар арасында әлеуметтік айырмашылық тереңдеген уақыт болатын. Сондықтан да Жүсіп Баласағұн шығу тегіне, біліміне, тәрбиесіне айрықша көңіл бөледі. Адам табиғаты күрделі және көп жақты. Бұл жағдай жақсы білім алу мен қатал тәрбиенің қажеттігін әр уақытта еске алу керектігіне меңзейді.
Мақмұт Қашғари «Диуани-лұғат-ат-түрік» атты еңбегінде алғаш рет түрік мәдениетінің болмыс категориясын сипаттап берді. Еңбекте дәстүрлі халық санасының сипаты, тарихи және мифологиялық құндылықтар, діни және этникалық терминология тіркелген. Сонымен, өз заманының, қоғамының әлеуметтік, саяси және рухани өмірінің сипаттамасы жан-жақты зерттелеген, оның өзіндік және сапалық ерекшелігі айқындалған. Болмыстың объективтік және субъективтік қырлары, адамдардың іс-әрекеті мен олардың санасы, қоғамның тұтастығы мен оның даму барысы күрделі қатынаста көрсетілген
Ал Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» еңбегінде, сопының өмірі мен қызметі ұрпақ жадында тақуалық пен тәубенің, бай рухани өмір мен имандылық хақында. Осы еңбегінде ол болмыстың тұтастығын көрсетіп берді. Еңбекте Аллаға деген сүйіспеншілік баяндайтын, жоғары мәнділіктерге көкейдегі ойдың ашылуы мен жету, Алланы тануда әйелдің алатын орнын әуездеуге арналған, және сонымен қатар рационалдық танымның қасаңдығын, сезімсіздік түйсіктің жетіспеушілігін де көрсетеді.
Философиялық анықтамаларда: Мистика, мистицизм - өмірден баз кешу. Ол дүние үшін қызмет ету. Бұл дүние қызығынан бас тарту т.с.с. деп жазылғана бір қарағанда өмір қызығынан бас тарт, тек ол дүние үшін қызмет ет деп тұрғанымен, ойлана оқыған адам, хикметтердің ішкі сырын аңғарады. Қожа Ахмет Ясауи бұл дүние қызығынан емес, сол қызық үшін істелінетін жамандықтан нәпсі құлы болудан бас тартуға шақырады екен.
Нәпсіге еріп, дүние қуып, мал жиғанмен, олардың ешқайсысы адамда ажалдан арашалап қала алмайды. Адам дүниеге келеді, кетеді. Адамға берілген уақыт өлшеулі ғана. Осы өлшеулі аз уақыт ішінде адам тек жақсылық жасап өтсе лазым. Жамандық істейтіні қаншама. Сол себепті, Қожа Ахмет Ясауи әр кезде адамды істеген жаманшылығынан құтылмайтынын, жасалынған жамандық ешқашан жазасыз қалмайтынын, ол үшін Алла алдында жауап беретінін ескертіп отырады. Иман – сенім – Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің өзекті тақырыбы, діңгегі десе де болады. Сондықтан да бұл мәселе кеңірек тоқталуды қажет етеді.
Адамда иман болмаса, адамдықтан шығады. Имансыздық – айуан-дықтың белгісі. Имансыз адам – қоғам үшін ең қауіпті хайуан.
Кезінде орыс ойшылы, педагогы Ушинскийдің айтқан пікірі Қожа Ахмет Ясауи мен Абай пікірлермен астарлас екенін байқаймыз. Ол: «Адамға адамгершілік тәрбиесін бермей тұрып, білім беретін болса, ол білім есуастың қолына жалаң қылыш ұстатқанмен бірдей болады. Себебі, ол адам алған білімін жақсылыққа емес жамандыққа жұмсайды», - деген екен.
Ал, осы жеке адам имансыздығы, қоғам имансыздығына ұласатын болса, қоғамнан сенім кетсе, одан өткен қасірет жоқ. Бұдан жеке адам азғындауы емес, бүкіл қоғам азғындауы келіп шығады.
Қоғам имансыздығы – қоғамның рухани тоқырауға ұшырауы. Ол қоғамдағы адамгершілік нормаларынынң бұзылуына, адалдық пен арамдықтың ара салмағына өзгеруіне әкеледі. Ал қоғам, қоғам болудан қалып, қатерлі тобырға айналады.