Азақстан Республикасының іс-жүргізу құқығының негіздері.
1. Іс жургізу құқығының жалпы сипаттамасы.
2. Азаматтық іс жүргізу құқығының түсінігі және оның субъектілері.
3. Қылмыстық іс жургізу құқығының түсінігі және оның субъектілері.
Іс жургізу құқығының жалпы сипаттамасы.
Заң ғылымдарында құқық нормаларын материалды және іс жүргізу деп екіге бөлу қалыптасқан. Материалды құқық нормалары материалды-құқықтық нормаларды құқық бұзушылықтан қорғаудың тәртібін қалыптастыратын құқықтық қатынастардың мазмұны мен іс-жүргізу нормаларын реттейді.
Іс-жүргізу нормалары қылмыс және басқа да құқық бұзушылық жасалған, өздерінің құқықтары мен міндеттері туралы түсіністікке келе алмай сотқа жүгінетін сияқты қатынастардың барысында туындайтын, арнайы құзыретті органдар іске асыратын құқық қолдану түрінде қолдану көрінетін құқық қорғау үрдісін реттейді. Барлық іс жүргізу нормалары құрамына қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу және екі материалды: конституциялық және әкімшілік іс жүргізу нормалары кіреді.
Мемлекеттің міндеті мен қызметі қоғам өмірінің көптеген салаларын қамтиды. Солардың арасында аса маңызды міндеттердің қатарына жататын іс құқықтық тәртіп пен заңдылықты, адамдардың құқығын, бостандығын, мемлекеттік және мемлекеттік емес бірлестіктердің, еңбек ұжымдарының мүдделерін қорғау, қылмыспен күресу. Бұның барлығы іс жүргізу құқығы саласына жатады. Сондықтан, іс жүргізу құқығында құқық қолдану іс-әрекеті құқық қорғау органдарының көмегімен іске асырылады.
Азаматтық іс жүргізу құқығының түсінігі және оның субъектілері.
Азаматтық іс жүргізу құқығы мемлекет белгілеген құқықтық нормалармен соттардың азаматтық істерді қарау және шешу тәртібін реттейтін ережелер жиынтығын айтамыз.
Азаматтық іс жүргізу құқығы жалпы және ерекше бөлімдерден тұрады. Жалпы бөлімге сот әділдігі принциптерін, азаматтық істердің сотқа қарастырылығы (сот қарауына жататындығы), сот құрамын, іске қатысушы тұлғалардың құрамын, олардың іс жүргізу құқығы мен міндеттерін дәлелдеу, талап қою және басқаларын баянды ететін нормалар енеді.
Азаматтық іс жүргізу құқығының ерекше бөлімінде құқықтың осы саласының жекелеген институттарын, сатыларын реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығын (бірінші сатыдағы, аппеляциялық бақылау сатысындағы сотта іс жүргізу және басқалар) білдіреді.
Азаматтық іс жүргізу жеке сатылардан тұрады үдемелі қозғалыс болып табылады. Ол мынадай сатыларға бөлінеді:
1. Сотта азаматтық істің қозғалуы;
2. Істі сотта қарауға әзірлеу;
3. Істі бірінші сатыдағы сотта мәні бойынша қарау;
4. Істі аппеляциялық тәртіппен қарау;
5. Атқару ісін жүргізу.
Азаматтық іс жүргізу құқығының заңнамалары азаматтық істер бойынша сот әділдігін жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормалар баянды етілген нормативтік актілер болып табылады.
Азаматтық іс жүргізу құқығының ең негізгі заңнамасы ҚР Конституциясы болып табылады. Азаматтық іс жүргізу құқығының аса маңызды заңнамасы 1999 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу кодексі т.б.
Азаматтық іс жүргізу құқығының заңнамалары арасында ҚР Жоғарғы Сотының Пленумының түсіндірмелері ерекше орын алады.
Азаматтық іс жүргізу құқығы мынадай жағдайларда қозғалады:
1. Өзінің құқығын немесе заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін өтініш жасаған адамдардың арызы бойынша;
2. Прокурордың арызы бойынша;
3. Заң бойынша басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіне алатын болған жағдайда мемлекеттік басқару, жергілікті өзін өзі басқару органдарының, кәсіподақтың, мекемелердің, ұйымдардың және азаматтардың мәлімдеуі бойынша қозғалады.
Соттың бірінші сатысындағы азаматтық істерді соттың атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды. Істерді апелляциялық сотта немесе қадағалау сатысындағы соттарда қарауды соттың алқалы құрамы жүзеге асырады. Іс алқалы түрде қаралған кезде соттың құрамына саны тақ (кем дегенде үш) судья кіруге тиіс, олардың біреуі төрағалық етуші болып табылады.
Істерді соттың алқалы құрамы қараған және шешкен кезде барлық судьялар тең құқықтарды пайдаланады. Істі алқалы түрде қараған және шешкен кезде туындаған барлық мәселелерді судьялар көпшілік дауыспен шешеді. Әрбір мәселені шешкен кезде судьялардың ешқайсысы дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес.
Төрағалық етуші ұсыныстарды енгізеді, өз пікірін айтады және соңынан дауыс береді. Көпшілік шешімімен келіспеген судья осы шешімге қол қоюға міндетті және ерекше пікірін жазбаша түрде баяндай алады, ол төрағалық етушіге тапсырылады және мөр басылған конверттегі іске қоса тіркеледі. Ерекше пікірмен апелляциялық және қадғалау сатыларындағы сот осы істі тиісті сатыда қарау кезінде танысуға құқылы. Судьяның ерекше пікірінің бар екендігі туралы іске қатысушы адамдарға хабарланбайды және ерекше пікір соттың отырыс залында жарияланбайды.
Іске қатысушы тұлғалардың құрамы. Тараптар: дау нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар, дау нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар, прокурор, мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер бойынша мәлімдеушілер мен мүдделі адамдар іске қатысушы тұлғалар болып танылады.
Азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттеріне ие болу қабілеттілігі (азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттілігі материалдық құқық субъектілері болып танылатын барлық азаматтар мен ұйымдар үшін бірдей дәрежеде танылады.
Сотта құқықтарын өз іс-әрекеттерімен жүзеге асыру және міндеттерін орындау, іс-жүргізуді өкілге тапсыру қабілеттігі (азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттілігі) он сегіз жасқа толған азаматтарда және ұйымдарға толық көлемде болады.
Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері қорғайды, алайда сот мұндай істерге кәмелетке толмағандардың немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың өздерін тартуға міндетті.
Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекет қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері қорғайды.
Іске қатысушы тұлғалардың құқықтары мен міндеттері. Іске қатысушы тұлғалардың іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жазып алуға және көшірмелер түсіруге; қарсылықтарын мәлімдеуге; дәлелдеме табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға; іске қатысушы басқа адамдарға, куәгерлерге, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға, өтінім жасауға, соның ішінде қосымша дәлелдеме талап ету туралы өтініш жасауға; сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; іске қатысушы басқа тұлғалардың өтінімдері мен дәлелдеріне қарсылық білдіруге; сот жарыссөздеріне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге; соттың шешімі мен ұйғарымдарына шағымдануға; азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдарда берілген басқа да іс жүргізу құқықтарын пайдалануға құқығы бар. Олар өздеріне берілген барлық іс жүргізу құқықтарын адал пайдалануға тиіс.
Іске қатысушы адамдар, орындалмауы азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдарда көзделген салдарларды туғызатын жағдайда, өздерінің іс жүргізу міндеттерін атқарады.
Талап қоюшы мен жауапкер азаматтық процесте тараптар болып табылады. Өз мүдделерін немесе талап қойылған мүдделерді көздеп талап қоюшы азаматтар мен заңды тұлғалар талап қоюшылар болып табылады. Өздеріне қуыным талабы қойылған азаматтар мен заңды тұлғалар жауапкерлер болып табылады.
Прокурордың сот ісін жүргізуге қатысуы. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың дәлме-дәл және бір үлгіде қолданылуына жоғары қадағалау жүргізу ісін мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Бас прокуроры тікелей өзі және өзіне бағынатын прокурорлар арқылы жүзеге асырады.
Прокурорлардың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы мұның өзі заңмен көзделген немесе осы іске прокурордың қатысу қажеттілігін сот таныған жағдайларда міндетті. Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін өз бастамасы немесе соттың бастамасы бойынша процеске қатысуға құқылы.
Прокурор азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау туралы сотқа талап қоюға, өтініш жасауға құқылы. Азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау туралы, егер адам дәлелді себептермен өзі сотқа жүгіне алмаса, тек мүдделі адамның өтінішімен ғана прокурор талап қоя алады. Әрекетке қабілетсіз азаматтың мүддесін қорғау үшін прокурор мүдделі адамның өтінішіне қарамастан талап қоя алады.
Заңмен көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікіт өзін-өзі басқару органдары өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін өз бастамашылығы бойынша, іске қатысушы тұлғалардың бастамашылығы бойынша, сондай-ақ соттың бастамашылығы бойынша процеске қатыса алады.