Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Эндокриндік ағзалардың жіктелуі

Тақырып: Эндокриндік аппараттың морфологиялық сипаттамасы, жіктелуі. Эндокриндік бездер құрылысының жастық ерекшеліктері.

Сөлін түтіктерге бөліп шығаратын бездер экзокринді секрециялық бездер деп аталады. Сөлін бірден қанға немесе лимфаға бөліп шығаратын бездер (себебі олардың түтігі болмайды) ішкі секрециялық бездер немесе эндокриндік бездер деп аталады. Эндокриндік бездердің белсенді заттарды өндіру және бөліп шығару үдерісі ішкі секреция, ал олардың өндіріп шығаратын заттарын - гормондар (грекше hormao- қоздыру) деп атайды. Гормондар – бұлар биологиялық жоғары белсенді заттар, тіпті аз мөлшерінің өзі зат алмасуға, организмнің өсуі мен дамуына әсер етеді. Ағзалардың жұмысын алыстан реттеп отырады. Организмнің өсуін, өмір сүруін және дамуын қалыпты ұстап тұру үшін қанда белгілі бір мөлшерде гормон болуы керек. Егер қандай да бір гормонның жетіспеушілігі байқалса, бұл бездердің гипофункциясы деп аталады. Егер гормондар бездерде артық өндірілетін болса, бездердің гиперфункциясы деп аталады. Белгілі бір гормон белгілі бір типтегі жасушаларға әсер етеді. Бұл жасушалар нысана-жасушалар деп аталады. Кейбір гормондар (мысалы, қалқанша безінің гормоны) бір емес, бірнеше типтегі жасушаларға әсер етеді, бірақ олардың бәрін бірдей осы гормон үшін нысана- жасушалар деуге болмайды. Эндокриндік бездер көлемі үлкен емес, бірақ қанмен молынан қамтамасыз етілген. Гормондар нысана-ағзаларға қанмен келеді. Бұл ағзалар жұмысының гуморалдық реттелуі болып табылады. Организмдегі барлық үдерістер орталық нерв жүйесінің бақылауында болады. Ағзалар жұмысының осылай екі жақты реттелуі нейрогуморалдық реттелу деп аталады.

Эндокриндік ағзалардың жіктелуі

1. Шығу тегі энтодермалдық бездер (бронхиогендік топ), жұтқыншақ түтігінің эпителиінен (желбезек қалталарынан) дамиды - қалқанша безі, қалқанша жанындағы бездер.

2. Шығу тегі энтодермалдық бездер (ішектік топ), ішек түтігінің эпителиінен дамиды- ұйқы безінің эндокриндік бөлігі.

3. Шығу тегі мезодермалдық бездер – интерреналдық жүйе, бүйрекүсті бездерінің қыртыстық заты, жыныс бездерінің интерстициалдық жасушалары.

4. Шығу тегі эктодермалдық бездер (неврогендік топ), нерв түтігінің алдыңғы бөлігінің туындылары - гипофиз, эпифиз

5. Шығу тегі эктодермалдық бездер, нерв жүйесінің симпатикалық бөлігінің туындылары – бүйрекүсті бездерінің милық заты, параганглилер.

ҰЙҚЫ БЕЗІ, pancreas (қабынуы - панкреатит) – ірі ас қорыту безі және ішкі секрециялық без болып табылады, асқазанның артында іш қуысының артқы қабырғасында орналасқан. Эндокриндік қызметін панкреатикалық Лангерганс аралшықтары (insula - аралшық) атқарады. 1869 ж. Пауль Лангерганс ұйқы безі тінін зерттеу кезінде одан үлкен жасушалар шоғырларын тапты, олар жеке аралшықтар тәрізді болып бездің шығару түтігімен байланыспай жатты. Бірақ олардың маңызын түсіндіре алмады. 1889 ж. неміс оқымыстылары И.Меринг және О. Минковский, иттердің ұйқы безін алып тастаған кезде, қант диабетіне ұқсас аурудың пайда болатынын байқаған. Иттердің біреуі зертханалық стол үстінде несеп шығарды. Столды сүртуге ұмытып кетіп, келесі күні келген кезде, ақ түсті ұнтақ зат көрді, дәмін татып көргенде қант екені анықталды, сөйтіп қант диабетінің ұйқы безімен байланысы анықталды. Гормондарды қандай құрылымдар өндіріп шығарады екен. Бұл сұрақтың жауабын орыс оқымыстысы Л.И. Соболев 1900-1901 ж. тапты, ол бездің түтігін байлап қойған кезде, экзокриндік бөлігі атрофияланып, ал аралшықтар зақымданбай қалғанын байқады. 1921 ж. канадалық оқымыстылар Бантинг және Бест алғаш рет инсулин гормонын жасап шығарды, сол үшін олар Нобель сыйлығына ие болды. Ұзындығы 14-18 см, ені 3-9 см, қалыңдығы 2-3 см. Ұйқы безі көлденеңінен I - II бел омыртқалары деңгейінде ішастардан тыс (экстраперитонеалды), асқазанның артында жатады. Ұйқы безінің басы, денесі және құйрығы болады. Бездің басы I-III бел омыртқалары деңгейінде орналасып, оны 12-елі ішек қамтып жатады, денесімен шекарасындла без тілігі орналасады. Денесі призматәрізді пішінді, алдыңғы, артқы және төменгі беттері болады. Алдыңғы бетінде шарбылық төмпе, tuber omentale орналасады. Үш беті үш жиекпен бөлінген: жоғарғы, алдыңғы және төменгі. Бездің құйрығы, cauda pancreatis, солға және жоғары көкбауыр қақпасына қарай бағытталады Басты шығарушы түтік, ductus pancreaticus – құйрық аймағында басталып, бездің ұзына бойымен өтіп, өзіне тік бұрыш жасап құйылатын көптеген ұсақ түтіктерді қабылдап, үлкен бүртікке (Фатер бүртігі), papilla duodeni major, 12-елі ішектің төмендеген бөлігіне ашылады. Бездің қосымша түтігі, ductus pancreaticus accessorius - 12-елі ішектегі papilla duodeni minor -ға ашылады. Ұйқы безі күрделі альвеолалық-түтікті, аралас секрециялық без. Без жұқа дәнекертінді қапшықпен қапталған, одан бездің үлесті құрылымы көрініп тұрады. Бездің үлесшелері сыртқы секреттік қызмет атқарып, ұйқы безінің сөлін бөледі. Үлесшелер арасында бездің ішкі секреттік бөлігіпанкреатикалық (Лангерганс) аралшалар орналасады, олар бездің басқа экзокриндік бөлігінен жұқа дәнекертінді қабаттармен бөлініп тұрады. Панкреатикалық аралшалар ұйқы безінің барлық жерінде кездеседі, бірақ құйрық бөлігінде көбірек болады. Лангерганс аралшалары бөлетін гормондар: 1. инсулин, оны бета жасушалар өндіреді, 2. глюкагон - оны альфа жасушалар өндіреді, 3. липокаин -оны ұсақ шығару түтіктерінің эпителий жасушалары өндіреді, липотропты әсері бар, көмірсу алмасуын реттейді, яғни организмге көмірсу сіңірілуін реттейді. Гипофункциясында қант диабетінің көріністері – көп мөлшерде несеп шығару, қатты шөлдеу және т.б. байқалады.

АНАБЕЗ, ovarium (грекше oophoron) – жұп ағза, әйел жыныс безі болып табылады. Ұзындығы 2,5-5,5 см, ені 1,5-3 см, қалыңдығы 2 см. Оның екі шеті - жоғарғы түтіктік шеті, eхtremitas tubaria – жатыр түтігіне қарап тұрады, төменгі жатырлық шеті, extremitas uterinа – жатырмен байлам арқылы байланысады. Екі беті – латералды және медиалды, facies lateralis et medialis болады, олар екі жиекпен бөлінген – артқы бос жиегі, margo liber және алдыңғы шажырқайлық жиегі, margo mesovaricus болады. Осы жиек аймағында анабез қақпасы, hilus ovarii орналасқан, оған тамырлар мен нервтер кіреді. Анабез вертикалды орналасқан. Латералды бетімен анабез жамбастың бүйір қабырғасына жанасып жатады, медиалді беті жамбас қуысына қарап тұрады және түтікпен жабылған. Анабез жатырмен анабездің меншікті байламы, lig. ovarium proprium арқылы байланысқан. Анабездің шажырқайы, mesovarium болады. Анабездің жоғарғы түтіктік шетіне анабезді ұстап тұратын байлам, lig. suspensorium ovarii, бекінеді, ол арқылы анабездік тамырлар мен нервтер өтеді. Анабез ішастармен жабылмаған, сыртында тек ұрықтық эпителий ғана болады. Оның астында дәнекертінді ақ қабық, tunica albuginea орналасады. Анабездің қыртыстық және милық заты болады. Анабезде фолликулалар (граафов көпіршіктері) пісіп жетіледі, ол жерде жұмыртқа жасушалар - овоцит (ооцит) дамиды. Пісіп жетілгеннен кейін фолликуланың қабырғасы жарылып, жұмыртқа жасушасы іш қуысына шығады – бұл үдеріс овуляция деп аталады. Жарылған фолликуланың орнында сары дене, corpus luteum қалыптасады, егер жүктілік болмаса, сары дене ақ денеге, corpus albicans ауысады. Жарылған фолликулалардың орнында анабездің бетінде тыртықтар пайда болады. Анабезде жыныс гормондары эстроген (фолликулин) және прогестерон өндіріледі. Эстрогеннің түзілетін жері пісіп жетілген фолликулалардың түйіршікті қабаты және анабез тінінің интерстициялық жасушалары болып табылады. Прогестерон, сары дененің гормоны болып табылады, ол жатырдың шырышты қабығын ұрықтанған жұмыртқа жасушасының имплантациясына дайындайды және жаңа фолликулалардың өсуін тежейді.

АТАБЕЗ, testes (orchis, didymis) – аралас секрециялық еркек жыныс безі – сыртқы – еркек жыныс жасушаларын (сперматозоидтар) түзеді, ішкі- еркек жыныс гормондарын түзеді. Атабездер ұмада орналасқан. Ұзындығы-4 см, ені-3см, салмағы-15-25 г.

Атабездің медиалды және латералды беттерін, алдыңғы және артқы жиектерін, жоғарғы және төменгі шеттерін ажыратады. Атабездің артқы жиегіне шәует шылбыры мен атабез қосалқысы келеді. Атабез қосалқысының басы, денесі және құйрығы болады. Атабездің артқы жиегі мен оның қосалқысының арасында латералды жағына ашық болатын қосалқы қойнауы болады. Атабез оның ұлпасында, parenchyma testis жататын тығыз фиброзды ақ қабықпен, tunica albuginea қоршалған. Ақ қабық артқы жиек бойында без ішіне кіріп, қалыңдап – атабез аралығы, mediastinum testis түзеді, одан атабезді үлестерге, lobuli testis (250-300) бөлетін радиарлы бағытталған фиброзды қалқалар, septula testis шығады. Үлесше қалқаларында біріншілік және екіншілік жыныс белгілерінің дамуын реттейтін тестостерон гормонын өндіретін интерстициалды эндокриноциттер (Лейдиг жасушалары) орналасқан.Әрүлесшеде 2-3 иреленген шәует өзекшелері, tubuli seminiferi contorti (тек осы жерде ғана сперматозоидтар өндіріледі) болады, бұл өзекшелер атабез аралығында бір-бірімен қосылып, қысқа тік шәует түтікшелеріне, tubuli seminiferi recti жалғасады. Атабез аралығының тереңінде атабез торы, rete testis түзіледі. Бұл тордан ашылатын 12-15 шығаратын өзекшелер, ductuli efferentes testis атабез қосалқысының басында иректеліп, қосалқының конус тәрізді үлесшелерін, lobuli s. coni epididymidis түзеді. Шығаратын өзекшелер бірегей қосалқы өзегіне, ductus epididymidis ашылады, ол өз кезегінде шәует шығаратын түтікке, ductus deferens жалғасады.

Тақырып: Гипофиз. Дамуы, құрылысы, жеке бөліктерінің құрылыс ерекшеліктері, топографиясы, қандануы. Бүйрекүсті бездері: дамуы, құрылысы, топографиясы, қандануы.

ГИПОФИЗ. Гипофиздің ролі ұзақ уақыттар бойы түсініксіз болып келді.Клавдий Гален гипофиз мұрын қуысына ми өндіретін шырыш бөледі деген. Осыдан – питуитарлы без (лат. pituita-шырыш) деген ат шыққан. Андрей Везалий гипофиз ми-жұлын сұйықтығын өндіреді деп санаған. Гипофиз шар тәрізді кішігірім без, түрік ертоқымында орналасып, бассүйек сүйектері мен мидың қатты қабығымен жақсы қорғалған. Көлденең өлшемі - 10-17 мм, алдан артқа – 5-15 мм, вертикалды – 5-10 мм. Гипофиздің салмағы еркектерде - 0,5 г, әйелдерде - 0,6 г. Гипофиздің консистенциясы жұмсақ, қапшықпен жабылған, алдыңғы және артқы үлестерден тұрады. Алдыңғы үлестің дисталды (гипофиздік шұңқырдың алдыңғы бөлігінде орналасады), аралық (артқы үлеспен шекарада орналасады) және төмпелік бөліктерін (гипоталамус құйғышымен байланысады) ажыратады. Алдыңғы және аралық үлестері ауыз бухтасының эктодермасынан дамиды. Алдыңғы үлес аденогипофиз деп аталады,барлық гипофиздің ¾ бөлігін алып жатады, ол қан тамырларына бай болуына байланысты қызғылт сұрғылт-сары түсті болады. Гипофиздің алдыңғы үлесінің ұлпасы тәждердің арасында синусоидты қан тамырлық капиллярлар орналасатын безді жасушалардың бірнеше түрінен тұрады. Гипофиздің алдыңғы үлесі дененің өсуі мен лактация үрдісін реттейтін гормондар, қалқанша безінің, бүйрекүсті безінің қыртысты затының және жыныс бездерінің қызметтерін реттейтін тропты гормондар өндіреді:

1. Өсу гормоны, соматотропты гормон (СТГ)бой өсуін ынталандырады, ақуыздар синтезін жоғарылатады және алмасудың барлық түріне әсер етеді. Бұл гормонның қызметінің жоғарылауы - гигантизм, акромегалия (гр. аcron- қол-аяқ, megos-үлкен) шақырады – дененің жеке бөліктерінің – қол, аяқ, тіл, мұрын – ұзаруы, ал қызметінің жетіспеушілігі – ергежейлікке әкеледі. Бойы небары 38 см болған Египеттік ергежейлі Агибе көпке белгілі. Гипофиз қызметінің жетіспеушілігінде зат алмасуының бұзылуы – гипофиздік семіздік немесе керісінше кахексия болуы мүмкін.

2. Тиреотропты гормон (ТТГ) – қалқанша безі гормондарының өнімін белсендіреді.

3. Гонадотропты гормондар:

- Фолликулостимулдеуші гормон (ФСГ) – фолликулалар өсуі мен интерстициалды жасушалар активациясын белсендіреді;

- Лютеиндеуші гормон (ЛГ) – овуляция мен прогестерон гормонын өндіретін сары дене түзілуін шақырады;

- Лактогенді гормон (ЛТГ), пролактин, маммотропин – сүт бездерінің өсуі мен сүт өнуін белсендіреді. Бұл гормон лактацияға әсер етуімен қатар аналық инстинкт тудырады. Гормонды ер адамдарға енгізсе ер адамдарға да осындай әсер көрсетеді. Ал тауықтарда жұмыртқа туу инстинктін шақырады.

4. Адренокортикотропты гормон (АКТГ) бүйрекүсті бездерінің стероидты гормондарының секрециясын ынталандырады. Яценко-Кушинг ауруын тудырады.

Аралық үлес – пигмент түзілуін ынталандыратын интермедин, меланостимулдеуші гормон (МСГ) өндіреді.

Артқы үлес нерв жүйесі бастамасынан дамитындықтан нейрогипофиз деп аталады. Нейрогипофиз нервтік үлестен (гипофиздік шұңқырдың артқы бөлігінде орналасады) және құйғыштан тұрады. Гипофиздің артқы үлесі нейроглиалды жасушалардан (питуициттерден), гипоталамустың нейросекреттік ядроларынан (супраоптикалық және паравентрикулярлы) нейрогипофизге баратын нерв талшықтарынан және нейросекреттік денешіктерден түзілген. Нейрогипофиз екі гормон өндіреді - вазопрессин (антидиуретикалық гормон немесе АДГ) және окситоцин. Гормондар гипоталамус нейрондарымен өндіріліп, содан кейін аксондармен гипофиз аяқшасы арқылы (гипоталамустық-гипофиздік жол) жүріп, артқы үлеске түседі. АДГ реобсорбция – кері сорылуды жоғарылатып, организмдегі су мөлшерін реттейді. Сондай-ақ бұл гормон тамырлардың тегіс салалы бұлшықеттерін жиыратындықтан вазопрессин деп те аталады. Қызметінің жетіспеушілігі қантсыз несеп шығаруды шақырады. Окситоцин – жүкті әйел жатырының жиырылуын күшейтеді және сүт өндірілуін ынталандырады. Жалпы айтқанда гипофизді «эндокринді оркестр дирижері» деп атайды. Соңғы жылдары шынайы дирижер гипоталамус екені түсінікті болды. Гипоталамус пен гипофиз барлық вегетативті қызметтің нейрогуморалды реттелуі жүзеге асыратын және организмнің ішкі ортасының тұрақтылығы – гомеостазды ұстап тұратын гипоталамустық-гипофиздік жүйе құрайды. Дамуы. Гипофиздің алдыңғы үлесі ауыз бухтасының дорсалды қабырғасының эпителиінен саусақтәрізді өсінді (Ратке қалтасы) түрінде дамиды. Оған қарама-қарсы сұр төмпе, құйғыш және гипофиздің артқы үлесі дамитын болашақ ІІІ қарынша түбінен өсінді өседі.

Гипофиздің жастық ерекшеліктері. Жаңа туылған нәрестелерде гипофиздің орташа салмағы - 0,12г. Бұл 10 жасқа таман екі еселенеді, ал 15 жасқа таман үш еселенеді. 20 жасқа таман гипофиз салмағы максимум өсіп (530-560 мг), ары қарай өзгермейді. 60 жастан кейін керісінше азаяды.

Қандануы. Ішкіұйқы артериялары мен мидың үлкен артериялық шеңберінің тамырларынан гипофизге жоғарғы және төменгі гипофиздік артериялар келеді. Веналық қан – мидың қатты қабығының үңгірлі және үңгіраралық қойнауларына ағып кетеді.

ЭПИФИЗ. Томпақ дене, corpus pineale. Ежелгі Индияда эпифизді адамның ішкі әлеміне бағытталған көз ретінде қарастырған. Герофил ол безді адамға көріпкелдік және даналық қабілет береді деп санаған. Гален шырша жаңғағымен салыстырып – томпақ дене деп атады. Кесірткелерде томпақ дене жарықты сезетін шекелік үшінші көз ролін атқарады. Эпифиз аралық мидың эпиталамусына жатады және ортаңғы ми төбесінің жоғарғы төбешіктерінің арасында орналасады. Салмағы – 0,2 г, ұзындығы - 8-15 мм, ені - 6-10 мм, қалыңдығы 4-6 мм. Без оның стромасын түзетін трабекулалар шығатын қапшықпен жабылған. Ұлпасы пинеалды (пинеоциттер) және глиалды (глиоциттер) жасушалардан тұрады. Ересек адамдарда түзіліс - құмды дене (милық құм) болады. Осы түзіліс оған шырша жаңғағындай түр береді. Бөлетін гормоны- мелатонин. Эндокринді ролі оның жасушалары гипофиздің қызметін жыныстық жетілуге дейін тежейтін зат бөледі. Гипофиз қызметінің жоғары болуы – жыныстық жетілудің кешеуілдеуіне, жыныстық циклдің бұзылысына алып келеді. Қызметінің жетіспеушілігі – ерте жетілу мен сперматогенезді ынталандырады. Жарыққа бездің биологиялық белсенділігі басылады, ал қараңғыда кенет жоғарылап, мелатонин секрециясы жоғарылап, жыныстық қозуды төмендетеді.

Жастық ерекшеліктері. Орташа салмағы 1 жыл ішінде 7 мг-нан 100 мг-ға дейін жоғарылайды. 10 жасқа таман салмағы екі еселенеді, ал одан кейін өзгермейді.

Бүйрекүсті безі, glandula suprarenalis – жұп эндокринді ағза, ішастар арты кеңістікте бүйректің жоғарғы шетінің үстінде жатады. Салмағы - 12-13г; ұзындығы - 40-60 мм, биіктігі – 20-30 мм, қалыңдығы (алдан артқа көлемі) – 2-8 мм; түсі – сарғыш-қоңыр. Оң бүйрекүсті безінің пішіні үшбұрышты, ал сол бүйрекүсті безінікі – жартыай тәрізді. Бүйрекүсті безінің алдыңғы, артқы және төменгі беттерін ажыратады. Алдыңғы бетінде артериялар кіріп, веналар шығатын қақпа, hilus болады. Бүйрекүсті безі тереңіне трабекулалар беретін фиброзды қапшықпен жабылған. Бүйрекүсті безі қыртысты және милы заттардан тұрады. Қыртысты заты – мезодермалды интерреналды тіннен дифференцияланады. Үш аймақтан тұрады: 1. Шумақты – қапшыққа жақын (минералокортикоидтар – натриді сақтауға қатысатын альдостерон өндіреді; Аддисон ауруын, бронзалық ауру шақырады); 2. Шоғырлы аймақ – ортаңғы және ең жалпақ бөлігі (глюкокортикоидтар - гидрокортизон, кортикостерон, 11-дегидро- және 11-дезоксикортикостерон өндіреді, көмірсу алмасуын реттейді); 3. Торлы аймақ – милы затпен шекарада орналасады (еркек (андрогендер) және әйел (эстроген, прогестерон) жыныс гормондарын өндіреді). Милы зат шығу тегі нерв жүйесімен ортақ, хром тұздарымен сарғыш-қошқыл түске қарқынды боялатын хромаффинді жасушалардан тұрады. Жасушаларының екі түрін ажыратады: 1. Эпинефроциттер - негізгі массаны құрап, адреналин өндіреді;ол инсулин антагонисті болып табылады – гликогенді ыдыратады, оның бұлшықеттер мен бауырдағы қорын азайтады, қандағы глюкозаны жоғарылатады, жүрек-қан тамыр жүйесіне әсер етеді, жүрек жиырылуының жиілігі мен күшін жоғарылатады, тамырларды тарылтады, артериялық қысымды жоғарылатады; 2. Норэпинефроциттер - милы затта шашыраңқы орналасып, норадреналин өндіреді, әсері ұқсас, бірақ ол жүрек соғысын баяулатады.Милы заттамиеленсіз нерв талшықтары мен ганглиозды(симпатикалық) нерв жасушалары көп.

Жастық ерекшеліктері. Жаңа туылған нәрестеде бір бүйрекүсті безінің салмағы шамамен 8-9 г және ол 1 жастағы баланың бүйрекүсті безі салмағынан айтарлықтай жоғары. Туылғаннан кейінгі алғашқы 3 айда бүйрекүсті безінің салмағы негізінен қыртысты заттың жұқарып, қайта құрылуынан тез азаяды (3,4 г дейін), одан кейін біртіндеп қалпына келіп (5 жасқа таман), ары қарай өсуін жалғастырады. 8-12 жаста қыртысты зат толығымен түзіледі. 20 жасқа таман әр бүйрекүсті безінің салмағы 1,5 есе жоғарылап (жаңа туылған нәрестелермен салыстырғанда), максималды салмағына (орташа 12-13 г) жетеді. Кейін оның салмағы мен көлемі өзгермейді. Әйелдерде ер адамдарға қарағанда көлемі үлкендеу. Жүктілік кезінде олардың салмағы 2 г-ға жоғарылайды. 70 жастан кейін салмағы мен өлшемдерінің азаятыны байқалады.

Қандануы. Жоғарғы бүйрекүсті безі артериясы (төменгі көкет артерияларынан шығады), ортаңғы бүйрекүсті безі артериясы (іш қолқасынан шығады), төменгі бүйрекүсті безі артериясы (бүйрек артериясынан шығады). Веналық қанның ағып кетуі – оң бүйрекүсті безі венасы төменгі қуыс венаға, ал сол бүйрекүсті венасы – сол бүйрек венасына құяды.

Тақырып: Қалқанша және қалқанша жанындағы бездердің анатомиясы мен топографиясы. Шығу тегі энтодермалды бездер (бранхиогенді топ).

ҚАЛҚАНША БЕЗІ, glandula thyroidea. Ол мойында көмейдің қалқанша шеміршегінде, кеңірдектің алдында орналасады. Бір-бірімен қылта, isthmus арқылы қосылатын бүйір үлестерден, lobi dexter et sinister тұрады. Қылтадан жоғары қарай пирамидалық үлесше, lobus pyramidalis шығады. Без оны үлесшелерге бөлетін фиброзды қапшықпен, capsula fibrosa жабылған, ұлпа құрамында йод болатын коллоидпен толып тұратын фолликуладан тұрады. Бездің көлденеңі 50-60 мм, алдан артқа - 18-20 мм, қылта аймағында - 6-8 мм. Йод ішектен қанға сіңіп, қалқанша безге барып тироксин, трийодтиронин, тирокальцитонин гормондарын түзуге қатысады. Тироксин гормоны – тотығу үрдістерін тездетеді, ал тирокальцитонин кальций құрамын реттейді. Без қызметі жоғарылағанда – алмасу үрдістері кенет жоғарылайды, Базедов ауруы дамиды. Ал қызметінің жетіспеушілігінде – бойдың өспеуі, кретинизм, мекседема – шырышты ісіну байқалады. Эндемиялық жемсау - йодтың организмге қажетті мөлшерде түспеуімен негізделеді. Спорадикалық жемсау – қалқанша без гормондары синтезінің ақауы. Йод жетіспеушілігінің алдын-алу йодты кеңінен таралған тағамдар – нан, тұзға қосу болып табылады.

Жастық ерекшеліктері. Туылғаннан кейінгі 1 жылда салмағы азаяды – 1,0 - 2,5 г. Жыныстық жетілуге дейін біртіндеп өсіп 10-14 г жетеді. 20-60 жас аралығында салмағы өзгермей, шамамен 18 г болады. Қартайған кезде салмағы азайғанымен, қызметі өзгеріссіз қалады.

ҚАЛҚАНША ЖАНЫНДАҒЫ БЕЗДЕР, glandulae parathyroideae қалқанша безінің артқы бетінде орналасқан жұп құрылым. Олардың саны 2-6 аралығында, жиі 4 – екі жоғарғы, екі төменгі болады. Түсі қызғылттан сарғыш-қоңырға дейін. Көлемдері: ұзындығы- 4-8 мм, қалыңдығы - 2-3 мм. Беті тегіс, жылтыр, тығыз консистенциялы, қапшықпен қоршалған. Ұлпасы паратиреоциттерден – негізгі және ацидофилді жасушалардан тұрады. Паратгормон мен кальцитонин бөледі, организмдегі кальций мен фософр алмасуын реттейді. Қызметі жоғарылағанда – біріншілік несептен фосфордың реабсорбциясын тежейді, бұл фосфордың несеппен шығарылуын жоғарылатады. Қызметінің жетіспеушілігі – сүйек тінінен фосформен бір мезгілде кальцидің босауына алып келеді, яғни олар сүйектен шайылып кетеді. Науқастарда қаңқа сүйектерінің қисаюы, кенеттен сынуы пайда болады. Тетания, алғашында – жеңіл діріл, кейін бірнеше минуттан бірнеше сағатқа созылатын қол бұлшықеттерінің тоникалық тырысуы - «акушер қолы», мимикалық бұлшықеттерде - «сардоникалық күлімдеу» пайда болады.

Жастық ерекшеліктері. Жаңа туылған нәрестелерде суммарлық көлемі 6- 9 мг. 1 жылы жалпы салмағы 3-4 есе жоғарылайды, 5 жасқа таман екі еселенеді, ал 10 жасқа таман үш еселенеді. 20 жастан кейін жалпы салмағы 120-140 мг жетіп, қартайғанша сол күйде болады. Барлық жастық кезеңдерде бездің салмағы әйелдерде ер адамдарға қарағанда жоғары болады.


«Эндокриндік жүйе»

1. Эндокриндік бездердің анатомиялық ерекшеліктері:

а) шығаратын түтіктерінің болуы

+b) шығаратын түтіктерінің болмауы

+c) эндокриндік бездердің сөлі қанға түседі

d) эндокриндік бездердің сөлі ішкі жыныс ағзаларының қуысына түседі

e) қорының (резервінің) болуы

2. Эндокриндік бездердің шығу тегі бойынша жіктелуі:

+а) бронхиогендік топ

+b) энтодермалдық топ

+c) эктодермалдық топ

+d) неврогендік топ

e) гематогендік топ

3. Қалқанша безінің бөліктері:

+а) қалқанша безінің қылтасы

b) қалқанша безінің басы

+ c) оң үлесі

+d) пирамидалық үлесі

e) денесі

4. Гипоталамустың құрамына кіретін эндокриндік бездер:

+а) гипофиз

b) ұйқы шумағы

c) эпифиз

d) емізіктәрізді денелер

e) сұр төмпе

5. Қалқанша маңы бездерінің қызметі:

a) ас қорыту

b) қан түзу

c) иммундық

d) гемопоэздық

+e) эндокриндік

6. Эндокриндік бездердің басқа бездерден айырмашылығы:

+а)шығару түтіктерінің болмауы

b) қақпасының болуы

c) қабықтарының болмауы

d) қызыл және ақ ұлпаларға бөлінуі

e) май қапшығының болмауы

7. Қалқанша безін қандандырады:

+а) жоғарғы қалқанша артериясы

b) алдыңғы қалқанша артериясы

c) артқы қалқанша артериясы

+d) төменгі қалқанша артериясы

e) ортаңғы қалқанша артериясы

8. Аралас секреция бездері:

а) гипофиз

b) қалқанша безі

c) бүйрекүсті безі

d) сілекей безі

+e) ұйқы безі

9. Эндокриндік қызметті реттеудің жоғарғы орталығы болып табылады:

а) мишық

+b) гипоталамус

c) метаталамус

d) эпиталамус

e) таламус

10. Атабезде түзілетін гормон:

а) эстроген

b) прогестерон

+c) тестостерон

d) адреналин

e) тироксин

11. Гипофиздің алдыңғы үлесіне тәуелді эндокриндік бездер:

+а) қалқанша безі

b) қалқанша маңы безі

c) ұйқы безі

d) параганглилер

e) айырша без

12. Қалқанша безінің паренхимасы құралады:

а) нефрондардан

b) остеондардан

c) миофибрилдерден

+d) түйіншелерден (фолликулдардан)

e) ацинустардан

13. Бүйрекүсті безінің қыртысты затындағы аймақтар:

а) жолақты аймақ

b) дөңгелек аймақ

c) сәулелі аймақ

d) аралас аймақ

+e) шумақты аймақ

14. Ұйқы безінің қызметі:

а) сіңіру

b) қорғаныш

+c) ұйқы безінің сөлін бөлу

+d) инсулин өндіру

e) қоректік

15. Қалқанша безінің қызметін реттейді:

а) лактотропты гормон

b) соматотропты гормон

+c) тиреотропты гормон

d) адренокортикотропты гормон

e) фолликулстимулдеуші гормон

16. Сүт безінің қызметін реттейді:

а) соматотропты

b) тиреотропты гормон

+c) лактотропты гормон

d) адренокортикотропты гормон

e) фолликулстимулдеуші гормон

17. Организмдегі зат алмасуды реттейтін гормондар өндіріледі:

а) атабезде

b) айырша безде

+c) қалқанша безде

d) қуықасты безінде

e) анабезде

18. Паратгормон өндіріледі:

а) айырша безде

b) қалқанша безде

c) эпифизде

+d) қалқанша маңы безінде

e) гипофизде

19. Бүйрекүсті безінің милық затында өндіріледі:

а) инсулин

b) тироксин

+c) адреналин

d) паратгормон

e) кортикостероид

20. Қандай гормоннның қызметінің күшеюі гигантизмге әкеледі:

а) инсулин

+b) соматотропты гормон

c) тироксин

d) паратгормон

e) адреналин

21. Гипофизде бар:

+а) алдыңғы үлес

+b) артқы үлес

c) оң жақ үлес

d) сол жақ үлес

e) қылтасы

22. Ұйқы безінде өндіріледі:

а) тироксин

b) паратгормон

c) адреналин

+d) инсулин

e) мелотонин

23. Атабезде өндірілетін гормон:

а) мелатонин

b) адреналин

c) инсулин

d) фолликулин

+e) тестостерон

24. Ұйқы безі ішкі секреция безі ретінде өндіреді:

А) өт

В) ұйқы безінің сөлі

+С) инсулин

D) несеп

Е) шырыш

25. Қалқанша безі орналасқан аймақ:

а) бас

+b) мойын

c) кеуде

d) іш

e) жамбас

26. Бүйрекүсті бездері орналасқан аймақ:

а) бас

b) мойын

c) кеуде

+d) іш

e) жамбас

27. Оң жақ бүйрекүсті безінен шыққан қан құйылады:

а) жоғарғы қуыс венаға

+b) төменгі қуыс венаға

c) жалпы мықын венасына

d) оң жақ бүйрек венасына

e) бел веналарына

28. Сол жақ бүйрекүсті безінен шыққан қан құйылады:

а) жоғарғы қуыс венаға

b) төменгі қуыс венаға

c) жалпы мықын венасына

+d) сол жақ бүйрек венасына

e) бел веналарына

29. Эндокриндік ағза:

+а) эпифиз

b) сүт безі

c) қуықасты безі

d) бауыр

e) көкбауыр

30. Шығу тегі мезодермалық эндокриндік без:

а) қалқанша безі

b) қалқанша маңы бездері

+c) бүйрекүсті бездерінің қыртыстық заты

d) гипофиз

e) эпифиз

31. Шығу тегі энтодермалық эндокриндік без:

а) бүйрекүсті бездері

b) жыныс бездері

+c) ұйқы безінің аралшықтары

d) гипофиз

e) эпифиз

32. Эндокриндік бездердің неврогендік тобы:

а) қалқанша безі

b) қалқанша маңы бездері

c) ұйқы безі

+d) гипофиз

+e) эпифиз

33. Қалқанша безін нервтендіреді:

а) үшкіл нервтің тармақтары

b) тіласты нервінің тармақтары

c) мойын өрімінің тармақтары

+d) кезбе нервтің тармақтары

+e) симпатикалық сабау тармақтары

34. Қалқанша безінің алдында орналасады:

а) жұтқыншақ

b) кеңірдек

+c) төс-тіласты бұлшықеті

+d) төс-қалқанша бұлшықеті

e) қалқанша маңы бездері

35. Бүйрекүсті безі орналасқан:

+а) ішастардан тыс

b) кіші жамбас астауында

+c) бүйректің жоғарғы шетінде

d) бүйректің төменгі шетінде

e) бүйрек қақпасы аймағында

36. Бүйрекүсті бездері құралған:

+а) қыртыс заттан

+b) милық заттан

c) сұр заттан

d) ақ заттан

e) түйіншелерден (фолликулдардан)

37. Қалқанша безінің артқы беті жанасады:

+а) жұтқыншақтың көмейлік бөлігімен

b) төс-қалқанша бұлшықетімен

+c) қалқанша маңы бездерімен

d) омыртқа бағанасымен

e) тіласты сүйегімен

38. Бүйрекүсті безі қанмен қамтамасыз етіледі:

+а) төменгі көкет артериясының тармақтарымен

+b) қолқа тармақтарымен

+c) бүйрек артериясының тармақтарымен

d) жоғарғы шажырқай артериясының тармақтарымен

e) құрсақ сабауының тармақтарымен

39. Ұйқы безіндегі эндокриндік қызметті орындайды:

+а) Лангерганс аралшықтары

b) құйрығы

c) басы

d) денесі

e) ұйқы безінің түтігі

40. Қалқанша маңы бездері гормондарының қызметі:

+а) Р және Са алмасуын реттейді

b) организмнің өсуін реттейді

c) қандағы қанттың деңгейін реттейді

d) жатырдың жиырылуын күшейтеді

e) жыныс бездерінің жұмысын тежейді

41. Эпифиз орналасқан аймақ:

а) таламус

b) гипоталамус

+c) эпиталамус

d) метаталамус

e) таламус аралық аймақ

42. Гипофиз орналасқан аймақ:

а) таламус

+b) гипоталамус

c) эпиталамус

d) метаталамус

e) таламус аралық аймақ

43. Анабездің эндокриндік қызметі:

+а) эстроген өндіру

+b) прогестерон өндіру

c) аналық жасушаларды өндіру

d) андроген өндіру

e) тестостерон өндіру

44. Гипофизде өндіріледі:

а) тироксин

b) глюкагон

+c) тиреотропты гормон

+d) соматотропты гормон

e) адреналин

45. Атабездің қызметі:

а) эстроген өндіру

+b) сперматозоид өндіру

+c) тестостерон өндіру

d) фолликулин өндіру

e) прогестерон өндіру

46. Ұйқы безінің бөліктері:

а) басы, мойны, денесі

+b) басы, денесі, құйрығы

c) негізі, ұшы

d) басы, негізі

e) негізі, құйрығы

47. Ұйқы безінің басы жанасып жатады:

+а) он екі елі ішекпен

b) аш ішекпен

c) көкбауырмен

d) асқазанмен

e) бауырмен

48. Ұйқы безінің құйрығы жанасып жатады:

а) он екі елі ішекпен

b) аш ішекпен

+c) көкбауырмен

d) асқазанмен

e) бауырмен

49. Қалқанша безінің үлестері бір-бірімен байланысады:

+а) қылтасы арқылы

b) аяқшалары арқылы

c) дәнекер арқылы

d) күмбез арқылы

e) төмпешіктері арқылы

50. Қалқанша маңы бездері орналасқан аймақ:

а) бас

+b) мойын

c) кеуде

d) іш

e) жамбас астауы


 

 



<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>
Погост 2 верв 3 віче 4 волость | Статью 8 исключить из текста.
Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-11-24; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 4458 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Есть только один способ избежать критики: ничего не делайте, ничего не говорите и будьте никем. © Аристотель
==> читать все изречения...

2188 - | 2138 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.012 с.