.
Жоспар:
Кіріспе....................................................................................................................2
1. Табиғи қорлар және өндіріс...............................................................................3
2. Табиғи қорларды тиімді пайдалану..................................................................6
3. Табиғаттың өзгеруіне болжам жасаудың маңызы.........................................6
4. Қазақстандағы ерекше қорғауға алынған аумақтар......................................7
5. Қорықтар..............................................................................................................8
6. Табиғатты пайдалану мен қорғау негіздері...................................................11
Қорытынды..........................................................................................................13
Пайдаланылған әдебиеттер..............................................................................14
Кіріспе
Табиғи қорлар – бұл табиғат элементтері. Табиғи қорлар пайдаланылатын және қайта өңделетін табиғатты пайдаланудың басты объектісі. Табиғи қорлардың пайдаланылуымен қатар жүретін табиғи ортаның сапасын сақтауға бағыттанған іскерлік қалыптасқан (табиғатты қорғау проблемаларын шешу).
Қорлардың табиғи шығу тегін, үлкен экономикалық мағынасын ескере отырып табиғи қорлардың келесідегі жіктеулерін көрсетуге болады:
Табиғи (генетикалық) жіктеу: минералды (пайдалы қазбалар), су, жер (топырақ), өсімдік (орман), жануарлар әлемі, климаттық, табиғи процестер қуатының қорлары (күн сәулесі, жердің ішкі жылуы, жер қуаты және т.б.). Көбіне өсімдіктер мен жануарлар әлемі биологиялық қорларға біріктіріледі.
Табиғи қорлардың экологиялық жіктелуі қордың таусылуы мен қалпына оралуына негізделеді. «Таусылу» деген ұғымға табиғи қорлардың көлемі мен қорына байланысты шаруашылықта алынуы жатады. Осы ерекшеліктеріне сай қорларды бөледі:
Таусылмайтынқорларадамдар пайдаланған уақытта дәл қазір немесе таяу уақытта таусылмайтыны анық қорлар (күн қуаты, жердегі ішкі жылуы, су қуаты, ауа);
Таусылатын, бұрынғы қалпына келмейтін қорлар, үздіксіз экономикалық пайдалануға байланысты одан әрі алуға келмейтін және бұған қоса қалпына келтіру мүмкіндігі жоқ қорлар (минералды қорлар);
Таусылатын, бірақ қалпына келетін қорлар, қайтадан қалпына келу мүмкіндігі бар, қорлар көбейту немесе басқа да табиғи циклдар арқылы, мысалы, флора, фауна, су қорлары.
Бұл топқа өте жәй қалпына келетін қорларды атап өту керек, жер құнары, жоғары сапалы ағашы бар орман қоры.
Шаруашылыққа пайдалану мүмкіндігіне қарай табиғи қорлар келесі топтарға бөлінеді:
a)техникалық мүмкіндіктеріне қарай қорлар:
1.өндірістік күштің сол кезгі даму деңгейіне байланысты пайдаланылатын нақты қорлар;
2.теориялық есептер негізінде, бірақ дәл қазір техникалық мүмкіндік
жоқтығына байланысты игерілуі мүмкін емес потенциалдық қорлар.
б)экономикалық тиімділігіне қарай қорлар орнын алмастыруға болатын және алмастыруға болмайтын болып бөлінеді.
Табиғи қорлар және өндіріс.
Табиғи қорлар – табиғи ортаның, қоғамның материалдық және рухани мұқтажын қамтамасыз ету үшін, өндірісте пайдаланылатын бөлігі. Табиғи қорларды тиімді пайдалану және адамзатты өне бойын – табиғи қормен қамтамасыз ету өте күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан табиғи қорларды сарқылтпау үшін қалпына келмейтін табиғат байлықтарын тиімді пайдалануға, шикізаттың, отынның, қуаттың жаңа көздерін іздеуге барлық күш жұмылдыруда. Бұл шараларды іске асырудың маңызды жолдары – басқа шикізат түрін кеңінен қолдану және қалдықсыз пайдалану.
Осыған байланысты табиғи қорларды қорғаудың бүгінгі таңда дүниежүзілік маңызы бар проблемаға айналуы – заңды мәселе. Табиғи қорларға зиянды әсер тигізетін литосфера, гидросфера, атмосфераның ластануымен ойдағыдай күресу көптеген елдермен бірлесе отырып, бұл күрделі мәселені шешуді талап етеді.
Қазақстандағы тектоникалық құрылымдардың ерекшелігі, геологиялық даму тарихының күрделілігі, аумағының кең көлемді болуы мұнда сан алуан табиғи қорларының шоғырлануына жағдай жасайды. Республика аумағынан табиғатта кездесетін пайдалы қазбалардың көптеген түрлері табылған. Сонымен бірге климаттық және минералдық, отын-энергетикалық, т.б. қорлар жөнінен көрнекті орын алады. Жалпы Қазақстанда кездесетін табиғи қорларды мынадай топтарға бөлуге болады:
1. Отын-энергетикалық қорлар. Қазақстанда бұл қор түрлерінен тас көмір, қоңыр көмір, мұнай, табиғи газ және жанғыш тақтатастар таралған. Тас көмір өндірілетін аудандары – Екібастұз, Майкүбі, Қарағанды, Кендірлік, Таскөмірсай, Алакөл кен орындары. Осылардың ішінде маңыздырағы – Қарағанды және Екібастұз алаптары. Мұнай мен газ қорлары Қазақстанның батысында шоғырланған. Бұлардың Маңғыстау түбегі мен Жемнің төменгі ағысындағы алқаптар игерілген. Барлық кен орындарында мұнайға қосымша табиғи газ өндіріледі. Ембі мұнайының сапасы жөнінен дүние жүзінде алдыңғы орындарда. Соңғы жылдары мұнда жаңа кен орындары барланып, игеріле бастады.
2. Минералдық қорлар. Қазақстан минералдық қорлардың түрлері мен қоры жөнінен теңдесі жоқ аймақ болып табылады: мұнда шын мәнінде Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы дерлік шоғырланған. Мұнда әйгілі Соколов-Сарыбай, Қашар, Лисаков, Қоржынкөл кен орындары орналасқан. Сондай-ақ темір кені Алтайда, Қарсақпай, Қаражалда (Орталық Қазақстан) кездеседі.
Қазақстан полиметалл кендеріне де бай. Оның негізгі қорлары Кенді Алтайда, Сарыарқада, Оңтүстік Қазақстанда шоғырланған. Сирек және бағалы металл түрлерінің кен орындары бүкіл аумақта таралып орналасқан. Кен емес қазбалардан фосфориттер мен тұздардың, құрылыс материалдарының кен орындары негізінен Батыс және Оңтүстік Қазақстанда (Қаратау өңірінде) кездеседі. Фосфориттің қоры және сапасы жөнінен республикамыз дүние жүзіне әйгілі болып отыр.
3. Климаттық қорлар. Қазақстанның географиялық орнының ерекшеліктеріне байланысты климаттық қорлары мол. Өсіп-өну мерзімінің ұзақтығы, күн сәулесінің мол түсуі Қазақстанда, әсіресе оның оңтүстігінде көптеген жылу сүйгіш өсімдіктерді (жүгері, күріш, мақта және т.б.) өсіруге мүмкіндік береді. Қазақстанда күн қуаты тұрғын үйлерді, жылыжайларды жылытуға жұмсалады. Республика жел қуатына бай.
Желді аудандарда (Шар, Жалғызтөбе, Жетіс қақпасы, Іле аңғары және т.б.) жел қуатын механикалық және электр қуатына айналдыруға болады.
4. Су қорлары. Қазақстанның су қорларына беткі сулардан (өзен, көл, мұздықтар) басқа жер асты суы мен минералды су көздері жатады. Қазақстанның климаты жағдайында өзен жүйесі онша жиі болмағандықтан, халық шаруашылығы үшін жер асты суы қорларын пайдаланудың үлкен маңызы бар. Мал шаруашылығын өркендету үшін шөлейт пен шөл зоналарында артезиан құдықтары пайдаланылады. Үлкен қалаларды, суға тапшы аудандардағы елді мекендерді сумен қамтамасыз ету көбіне жер асты суы есебінен болады. Қазақстан жер қойнауынан құрамында адам ағзасына қажетті тұздары бар минералды су көздері табылған. Мұнда Алмаарасан, Барлықарасан, Қапаларасан, Жаркентарасан, Сарыағаш сияқты санаторий-курорттар осы арқылы емдеу орталықтарына айналған.
Жалпы Қазақстан аумағының климаттық ерекшеліктеріне байланысты су қорларының маңызы арта түседі. Себебі қуаң климат жағдайында ауыл шаруашылығын, әсіресе суармалы егістерді өркендету үшін су қорлары басты орын алады. Бұған қоса қалалар мен өнеркәсіп орындарының өсуі, республикадағы су қорларының жетіспеушілік жағдайына әкеп соғады. Еліміздің трансшекаралық өзендері Ертіс пен Ілені ұтымды пайдаланумен бірге экологиясының қауіпті жағын да ескерген жөн. Олардың бастауы біздің мемлекеттік шекарадан тыс жатқандықтан трансшекаралық өзендердің проблемасы сан қырлы. Олардың шаруашылық және экологиялық сипатымен қатар саяси, тарихи, экономикалық және табиғатын қорғау мәселелері тұр. Көршілес, туыстас мемлекеттермен ортақ өзендердің (Сырдария, Талас, Шу) тағдырына қатысты да дәл осындай проблемалар туындайды. Трансшекаралық өзендер мен көлдерді (Каспий және Арал) қорғау мен тиімді пайдалану ережелері 1992 жылы БҰҰ Хельсинки конференциясында бекітілген.
Су қорларын пайдаланудың жыл сайын өсуіне байланысты оларды ұтымды пайдалану, ластанудан қорғаудың маңызы зор. Өзендерге гидротехникалық қондырғылар салу кезінде де жергілікті табиғат ерекшеліктерін ескеру қажет.
5. Топырақ-өсімдік қорлары. Республикадағы топырақ, өсімдік қорлары аумағының ауқымды болуына байланысты әркелкі таралған. Бұл қор түрлерінің ерекшелігі – олардың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы үшін шикізат көзінің қызметін атқаруы, осыған байланысты адамның шаруашылық әрекетінің әсеріне көп ұшыраған.
Қазақстан құнарлы топырақ түрлеріне онша бай емес. Бірқатар аймақтарда топырақтың, ылғалдың, қоректік элементтердің жетіспеуінен немесе сортаңдану әсерінен ауыл шаруашылығында пайдаланылмайды. Сондықтан жарамсыз жерлерді өңдеуден өткізу немесе мелиорациялау арқылы шаруашылыққа пайдалану – алдағы міндет.
Өсімдік қорларын бірнеше топтарға бөлуге болады: орман қорлары, дәрілік өсімдіктер, мал азықтық өсімдіктер. Ормандар негізінен таулы аймақтарда шоғырланған. Қазақстандағы орманды алқап 11 млн га-ды немесе 4%-ды құрайды.
Дәрілік өсімдіктердің республикада 250 түрі бар. Олар фармацевтік өндірісі үшін қымбат шикізат болып есептеледі. Республиканың оңтүстік аймақтарында дүние жүзінде теңдесі жоқ аса құнды дермене өседі.
Адамдардың денсаулығына зиян әкелетін, аллергия тудыратын химиялық жасанды дәрі-дәрмектердің орнына табиғи өсімдіктерден жасалатын дәрілерді пайдаланудың мүмкіндігі зор. 1997-2001 жылдарға ұсынылған мемлекеттік бағдарлама бойынша Қазақстан ғалымдары 20-дан астам фитопрепараттар мен әр түрлі фармакологиялық дәрілер шығармақ. Табиғи емдік қасиеттері мол өсімдіктерден біздің елімізде жасалатын дәрі-дәрмектер экологиялық жағынан таза, ал экономикалық тұрғыдан арзан. Соның қатарында қарағандылық ғалымдар жасаған қатерлі ісікке қарсы «арглобин» дәрісін атауға болады. Қазір бұл дәрі емханаларда кеңінен пайдаланылуда. Қалақай мен сораң майларынан жасалған қабынуға қарсы «аллапинин» препаратының, сол сияқты шырғанақ жемісінен алынған майдың емдік қасиеті өте жоғары. Жалбыз, жолжелкен, түйетікен, сарғалдақ, қымыздық, жабайы сарымсақ сияқты өсімдіктердің түрлі емдік қасиеттері бар. Тобылғы мен аршаның кәсіптік маңызы зор. Тобылғыдан халқымыз ежелден-ақ бояу алған және қымыз ашытатын ыдыстарды (саба, күбі) ыстауға пайдаланған. Табиғи дәрілік өсімдіктер қазір адам әрекеті салдарынан сиреп, азаюда. Сондықтан дәрілік өсімдіктердің азайған түрін қалпына келтіре отырып, тиімді пайдаланып, оны қорғауға алу керек.
Шабындықтар мен жайылымдарда өсетін шөптесін өсімдіктер мал азығы ретінде пайдаланылады. Өсімдік қорлары халық шаруашылығының түрлі салалары үшін шикізат базасы болғандықтан табиғи өсімдік жамылғысын қорғаудың, әсіресе құрып бара жатқан өсімдік түрлерін сақтаудың маңызы зор.
6. Жануарлар дүниесінің қорлары. Республика аумағында омыртқалы жануарлардың 835 түрі есепке алынған. Олардың ішінде сүтқоректілердің 178 түрі, құстардың 481, бауырымен жорғалаушылардың 48, балықтардың 150 түрі кездеседі. Омыртқасыз жәндіктердің бүгінгі күнге дейін анықталғаны ғана 80 мыңнан асады. Қазақстан аумағында, әсіресе таулы өлкелерде жабайы жануарлар көп ұшырасады. Мұнда терісі бағалы аңдар таралған. Шөлейттер мен шөлді өңірлерде түлкі, қарсақ, ақбөкен, киік, қарақұйрық кездеседі. Қорықтардың үйымдастырылуына байланысты олардың санын реттеу дұрыс жолға қойылған.
Республиканың өзендері мен табиғи және жасанды көлдері балық қорына бай. Каспий теңізінен бағалы балықтың көптеген түрлері ауланады. Мұнай өндірумен байланысты бұл аймақтың экологиялық жағдайы кейінгі кезде нашарлаған. Каспий теңізінің өзіне тән эндемигі итбалықтың жаппай қырылуы, уылдырық шашатын құнды балықтардың азаюы теңдесі жоқ тағамдық қара, қызыл уылдырық өндіретін шаруашылыққа қауіп келтіріп тұр. Елімізде ежелден мекен еткен жабайы жылқы (тарпаң), құлан, домбай, сусар, бұлғын, лашын, жолбарыс, дала сілеусіні, шақшақай, қоқиқаз, жұпар тышқан және т.б. жануарлар бүгінде жоқ немесе жоқтың қасы.
Осындай сирек кездесетін немесе жойылып кетуге таяу өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында 1962 жылы Халықаралық табиғат және табиғи байлықты қорғау одағы құрылды. 1966-1981 жылдары осы жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында «Қазақстанның Қызыл кітабы» шықты. Мұнда негізінен жойылып кету қаупі бар және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар тіркелген.