Лекции.Орг


Поиск:




Ілиястың әдеби толғамдары




Ол қазақ әдебиетiнiң аяқ алысы, бағыт-бағдары жайлы мақалалар жазды. Кейбiрiнде өзiн сынағандарға жауап беріп отырды. (Ғ.Тоғжановпен бірге Абай өлеңдерінің ұйқас ерекшеліктерін талдаған редакциялық мақала «Өлең өнері». («Еңбекші қазақ» газеті 3.06. 1926ж.), «Бетiм анадай емес, мынадай» («Еңбекші қазақ» газеті, 5 сәуiр 1928 ж.), «Жiкке жол жоқ» («Еңбекші қазақ» газеті, (17 ақпан 1930 ж.), «Кім қалай жазған?» («Жаңа әдебиет» журналы, №6-7, 1931ж.), Ғ.Тоғжановпен бірге Абай әндерін сөз еткен мақала. «Еңбекші қазақ» газеті 1931ж. 2 қараша) «Қаталасуға қарсы большевиктiк сынды күшейтемiз» («Социалды Қазақстан» газеті, 12 ақпан 1932 ж.), «Ақын Асқар» («Әдебиет майданы» журналы, №4, 1933ж.), «Абайдың сөз өрнегі» («Әдебиет майданы» журналы, №11-12, 1934ж.), «Өсудің негізі өзара сын» («Қазақ әдебиеті» газеті, 14 ақпан 1935ж.), «Жолдасқа. Қанатым Қалмақан!» («Қазақ әдебиеті» газеті, 12 қыркүйек 1935ж.), «Өзара сын және ұсақ жанр туралы» («Қазақ әдебиеті» газеті, 23 мамыр 1937ж.), «Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?» («Қазақ әдебиеті» газеті, 10 ақпан 1937ж.), және тағы басқа мақалалары - ауыз толтырып айтарлықтай құнды дүниелер.

1933 жылғы Қызылордада шыққан Абайдың тұңғыш шығармалар жинағына алғы сөз жазған Ілияс Жансүгірұлы еді. Мақалада тұңғыш рет Абай шығармаларының текстологиясы көтерілген. Басылымда кеткен қателер корректор-түзетуші кінәсінен деп айыпталған. Осы ретте абайтанушы Ілияс Жансүгірұлы әр сөзге нақты әдебиеттанулық түсініктеме берген. Мысалы:

1. «Мал мен бастың кеселін ұят бұзар» — 26-бет, 6-жол. Бұл ұят бұзар емес, «ұя бұзар». Ынтымақ, бірлікте іріткі салатын шәргездердің сын аты.

2. «Тиянақсыз, билеусіз байқұс құлың» — 28-бет, 12-жол. Құлың емес, «құлқың», құзғындық.

3. «Кірлі болып түскен соң» — 57-бет, 17-жол. Кірлі емес, «кәкірлі»: қылмысты, жазықты. Ұлықтан келетін жазаны «кәкір» дейді.

Абайдың тілі туралы Алаш әдебиетшісі былай дейді: «Бұлай болғанда Семей мен Жетісу да тұтас жатқан арғын, найман қазақтың ішіндегі таза — «сара тілдісі» деуге болады. Абай, міне, сол таза қазақтың баласы. Оның үстіне, қазақтың ескі сөзді қара тілі, әдейі қысқарған жат тілдердің бірлі-жарымдысы болмаса, қазақтың қара халқының қара даңғыл сөзінен ауытқып сөйлеуді білмейді. Абай, мәселен, «Аттың сынындағы» мүшелердің көбін осы күнгі біздің оқығандарымыздың көбі білмейді. Абай өлеңінің, онын үйлесіп ұйқасуы туралы: «Тегінде Абай -өлеңнің, жырдың ұйқасымына өте сақтық қылатын ақын. Өлең жырлардың иықтарында қыл сыймайтын қию бар. Басқалардай пікір үйлесетін жанамалау сөзді әкеле салмайды. Тізбегіне әдемі келетін ұнасымды сөзді, пікірдің ішіндегі ұйқасымды да қарамайды. Абайдың өлеңін дұрыстағанда бұл сарын да ескерілуі керек.

Абайдың сөзіне мұқият болып, қиянат жасап алмас үшін, әдебиетші келесі басылымдарға: «Абайды жете білетін Шәкәрім, Мұхтар, Мағжан, Әлихан, Ахмет сияқтыларды бұл жолға үндеу керек. Сөйтіп, осы бастан қам қылып, асықпай бірнеше жылды мойынға алу керек», - дейді. Абайдың есімі қара тақтаға жазғандарға осылай тойтарыс берген Алаш әдебиетшісі Ілияс Жансүгірұлының бұл зерттеулері тәуелсіз әдебиеттанудын төрінен орын алары да айқын. Абайдың алдындағы әдебиетті сол кезде жоққа шығарғандарға әдебиетші Ілияс Жансүгірұлы былай деген: «Абайдың алдындағы қазақ әдебиетінің үлгісі - батырлардың жырлары, билердің, шешендердің сөздері, жыраулардың толғауы, ақындардың айтысы, араб-парсының ескі қисса, ертегілері ел әдебиетінің түрлері еді. Абайдан бұрынғы заман әдебиеті - сол ескі жұртшылықтың заман бетінен торыққандығынан туған әдебиет еді. Абай, негізінде, осы жұртшылықпен қайнасып, осы әдебиетпен аяқтасып жатқан ақын. Бірақ Абайдың басына біткен қайшылық Абайды ескі заманға күйіндіре отырып, жаңаның бағытына жырлаттырады».

Сонымен қатар Абайдың лирик ақын екендігі де айғақталған: «Абай, бұлардың үстіне, толғаушы (лирик) ақын, Абайдың ақындығын көрсететін тәтті өлеңдері осында. Бірақ Абай толғағанда, сол өз басының күйінен, дүниеге көзқарасынан шығарып толғайды. Өлеңді жан сергітетін жалғыз досым деп біледі:

Өзгеге, көңілім, тоярсың,

Өлеңді қайтіп қоярсың?

Оны айтқанда толғанып,

Іштегі дертті жоярсын.

Сайра да, зарла, қызыл тіл.

Қара көңілім оянсын...

Міне, осы секілді «Көлеңке басын ұзартып», «Қарашада өмір түр», «Адамның кейбір кездері», «Көңіл күйі тағы да», «Келдік талай жерге енді», «Қуатты оттай бүрқырап», «Жүрегім менің қырық жамау» деген сияқты өлеңдері - Абайдың ішіндегі шынайы шерін толғайтын өлеңдері. Бұл өлеңдердің көбі-ақ Абайдың өмірінің соңғы жылдарында жазылған өлеңдері».

Абайдың Лермонтовтың өлеңдерін аударғанына байланысты әдебиетші Ілияс Жансүгірұлы былай деген: «Абай осы өлеңдерінің тұсында орыстың сүйікті ақыны Лермонтовтың бірсыпыра шерлі өлеңдерін қазақшаға аударады. Ол өлеңдердің де өзінің нысанасына келгендерін, жүрегіне жылы ұшырағандарын таңдап аударады. Кейбіріне өзінен сөз жалғап отырады («Ой», «Жартас» деген өлеңдер)...».

Абайдың бейнешіл-суретшілігі туралы: «Абай - шебер суретші (художник). Өлеңімен Абай салған суреттер мінсіз, көрікті, тұрманы түгел келеді. Абайдың ондай бір суретшілікпен көрінетін өлеңдері - «Аттың сыны», «Қансонарда», «Аңшылық», «Жаз», «Күз», «Қыс» тектес өлеңдері. Абай бұл өлеңдерінде ақындықты лақылдатып құя салған. Осы өлеңдерінің қай-қайсысын алсаңыз да, өлең жазылған тақырып алдыңыздан жанды тұлғасымен тұтас түрегеледі. Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақты, - оқыған адам Абайды осы жағынан тани береді».

Абай өлеңді өнер деп танығаны да осы ретте анықталған: «Өлеңді өнер деп бағалаған Абай - ол өлеңді кестелеп, қазаққа қызмет етті. Өлеңнің өнер екенін көрсетті. Қазақта да мынадай сөз өнерінің үлгілері болады деп өнер белгісін қалдырды. Абайды жазба әдебиетінің- сырлы әдебиеттің басы дейтініміздің бір жағы осында».

Абайдың тілі туралы әдебиетші нақтылай түседі: «Абайдың тілі бай, Абай - қазақ ұғымындағы сөздің сабазы. Тілге Абай құйған қор көп. Абайдың өлеңдеріндегі араб, орыс сөздерінен кірген кейбіреулерін алмағанда - Абайдың жалпы өлеңінің дені сау, тілі таза. Оның өлеңі таудан тасыған бұлақтай сарқырап жатса, өлеңіндегі сездері сол бұлақтың түрлі тасындай жарқырап жатады. Абай - өзінен тіл жасаған ақын емес, елдің тілін толық пайдаланған ақын.

Абайдың ақындық қуаты, тілге шеберлігі - оның сөзінің арасына қыл сыймайтындығы. Абай ақындықтың өнері – сөздің іші, сырты екеуі де жақсы, екеуі де көркем болсын деген.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс, сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы?

Абайдың терең ұғымды қуат иесі екендігі туралы: «Сөзді осылай саптап өлеңге кіріскен Абайдың өлеңінің іші — өз мазмұнында алтын болып шығады. Оның аз сөзіне көп мағына сыйып кеткен, сөз шеберінің іші қалың қазына, өлен қауызының іші толған дән болады. Абай аз сөзбен, аз мұкаммен көп мазмұнды, көп мағынаны беріп тастайды. Абайдың «Болыс болдым» деген кішкентай өлеңі болыстың кейіптерін түгел береді. Сол сықылды аз сөзбен ірі мазмұнды айта қоятындығына тағы да бір мысал;

Желсіз түнде жарық ай, - дейтін өлеңінде ұзақ әңгіменің желісін аз сөзбен қайырып тастайды емес пе? Бұл - Абайдың ақындық қуатының күштілігіне дәлел».

Абай шығармаларының негізгі жанрлық түрі туралы: «Абайдың әдебиет түріндегі кестесі қалай?» - дегенге келсек, оның әдебиет түрі негізінде - өлең. Абай - өлең түрін жасауға қызмет еткен жазушы. Абай бұрынғы қазақ өлең-жырларының өлшеуін, парсы, шағатай, орыс өлеңдерінің үлгісін кіргізіп, оларды кеңітудің үстіне, араб, қазақ әдебиетін жаңалаған адам. Сол түрлерге қазақша тәтті тілмен қызықты мазмұн салып, тыңнан тартқан өз үлгісімен де қазақ өлеңін байытқан ақын.

Ілияс Жансүгірұлы Абайдың қарасөзін - публицистикаға жақын деп атайды: «Әйтсе де, Абайдың қарасөздерін, әлеумет пікірінің ортаға түсетін қарасөзінің де (публицистика) алғашқысы деп ұғынуымыз керек. Өйткені, Абайдан бұрын қазақтың таза тілімен мақала, нақыл, үгіттер жазған адам, сірә, бола қойды ма екен? Тіпті таза қазақ тілімен хат жазуға да болды ма екен?

Абайдың өлеңінің өлшемі, әуені туралы былай деген: «Абай жыры ырғақ, музыка, дыбыс құралысы жағынан төгіліп кетеді. Абайдың бұл өлеңіндегі ақынның бір өзгешелігі - ол өлең ұйқасындағы етістіктердің сайдың тасындай, ірі қимылды, қозғалысты көрсетуге жандылығы. Тегінде әдебиеті өрлеген өзге жұртта (әсіресе Еуропа үлгілерінде) өлең ұйқасын етістіктен тізу ақынның нашарлығына жатады. Ал Абайдың «Жаз» деген өлеңіндегі етістіктен тізген өлеңдері қайта жырын жандандырып шығарған. Бұл - Абайдың тілінің тазалығы, ақындығының күштілігі деп білу керек.

Абайдың шешендік шеберлігі былай айғақталған: «Абайдың қара-сөздерінде де түрлер бар. Оның қарасөзінің бірсыпырасында бұрынғы ескі мақалдың өзегі жатады: «Күншілдің күні қарая, еңбексіздің дәмі арам», «Жаман дос көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың» дегендері сияқты мақал сөздері - Абайдың ақындығының қарасөз түрін жасауға қызмет еткендігі. Тегінде мақалды да Абай сияқты кісілер шығарған емес пе? Абайдың шығарған мақалдары, - әрине, көпке таралып, сіңісіп кеткен мақалдар» (2: 349).

Алаш әдебиетшісі Ілияс Жансүгірұлы Абай туралы пікірін былай қорытындылаған: «Абай - біздің көркем әдебиетімізге үлкен еңбек сіңірген, көп жаңалық кіргізген ақын. Ол бұрынғы қазақ елеңінің арнасына тыңнан табыстар тауып, үлгілер қосты. Терең ойдың толғауы, мұңның, махаббаттың лирикасы, кестелі көркем суреттер, алдыңғы елдің ақындарының үлгілері, мысал, сықақ түрлері бізге Абаймен келіп кірді. Сонымен бірге Абай бұрынғы ескі сөз үлгісін де өлшеп, екшеп, өз дүкенінен жаңалап шығарды. Абайдың өзінен кейін көп ақынға үлгінің ұстасы болғаны содан». Мақала 1934 жылы жарияланғанын ескерсек, қазақ әдебиеттануының кәсібилік деңгейі биік екеніне разы боласың.

А.Барманбекұлының мұрасы алғаш рет қағаз бетіне түсіп, зерттеле бастауы қазақтың белгілі ақыны І.Жансүгіровтің аты шулы «Қарқара» көтерілісінің он жылдығына орай сол елді мекенге баруымен тікелей байланысты. Жетісуда 1916 жылы болған көтеріліс жөнінде деректер жинау үшін ұйымдастырылған комиссия қүрамында 1926 жылы Қарқара өңіріне барған ақын осы сапарда А.Барманбекұлы туралы әңгімелерді жергілікті белсенді М.Байпақұлынан жазып алады да, 1926 жылы «Асан туралы» деген мақала жазады. Бұл мақалада ақынның өмірі мен шығармашылығы толық қарастырылған деуге болады. Ол туралы: «Асанның өзінің кім екенін былай қоя тұрып, сөзін алғанда, Асан төңкерістің алдындағы заманға кезіккен ру-бектік қалыптағы ескі ауылдың тілі болған, өзінің айтуынша, «ақыр заман» ақыны. Мұның жазған өлеңінің басынан аяғына шейін түңілу, тоқырау, сары уайым! Асан сөзінше, баяғы елдің «өзбек заманы», «кең заман», еркін заман». Өзбектен кейін тар заман туып, зар заман басталады. Сондықтан Асан өлеңінің басы да аяғы да сыдырғы бір ізде отыратын уайымшыл жыраудың, күні өткен, үміті біткен ақынның сарыны болып шығады. Бүл екінші Асан қайғы», - дей келіп, шығармаларына тоқталады. І.Жансүгіров А.Барманбекұлын екінші Асан атағанда оның шығармаларындағы зарлаудың басым екендігіне көңіл аударған. Бірақ, екі ақынды шатыстырып алмау үшін екінші Асанға өз руын тіркеп айтуды дұрыс көрген тәрізді. Осы мақсатпен ол Албан Асан сөздерін «Ақыр заман» деген атпен жеке жинақ етіп шығарды.

Жетісудағы айтыс мектебінің «алтын діңгегі - Сүйінбай» (М.Әуезов) болса, одан кейінгі ауыз әдебиетінің мәуелі бәйтерегі -Жамбылдың айналасындағы Құлмамбет «бай-шонжарларды мақтағандықтан», Асан «орыстың отаршылдығын айтып зарлағандықтан», Мейірман «бай түқымы болғандықтан», Қапез, Майлы «халық жауы» атанғандықтан, Көдек, Әжек, Рыскелді, Әселдер «Қытайға өтіп кеткендіктен», Жүсіпбекқожа «діншілдікті, сопылықты уағыздағандықтан, тіпті, кейбірінің өлеңі Жамбылға қарсы айтылғандықтан да атаусыз, іздеусіз, зерттеусіз қалды. Мұның бәрі кешегі кеңестік идеологияның сыңаржақтығының салдары еді.

Асан Барманбекұлының «Жеті қисса» атты қиссалар топтамасы ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ, қырғыз арасында кеңінен тараған. Ақынның осы туындыларын І.Жансүгірұлы 1926 жылы Қарқара көтерілісінің 10 жылдығына барған сапарында жергілікті белсенді М. Байпақұлынан жазып алып, баспасөз бетіне жариялайды. Бірақ оны жеке кітап етіп шығарудың сәті 1934 жылы ғана түскен.

І.Жансүгіров зерттеуінде 1911-1915 жылдар ішінде ақындыққа ерекше ден қойғаны айтылған. Асанның жинаққа кірген өлеңдерінің қалай, қайда жазылғандығы туралы Ілияс дерек келтіре алмайды. Тек өлеңінін ішіндегі Асанның өз айтуына қарап, бір бөлегін доңыз жылы (1911 жыл), бір бөлегін қоян жылы (1915 жыл) жазғандығын анықтайды. Асанның бұл өлеңді жаздым деген екі жылы да көпке белгілі жылдар. Біріншісі - доңыз жылы – құрғақшылық болған, құйрықты жұлдыз көрінген жыл. Бұл жылы Арқада атақты жұт болған. Асанның екінші бөлек өлеңі қоян жылы (1915 жыл) жазылған. Бұл - атақты 1916 жылдың алды. Жұрт күйзеушілігі шегінен шығып, патша отаршылдығының қысымшылдығы әбден асқындағандығы Асан өлеңінен айқын көрінеді.

Ілияс Жансүгіров «Құл» жинағын ел аузынан жинап, Қызылордада 1934 жылыжеке кітап етіп шығарды.

Құл ақын Жетiсу өлкесiнде, бұрынғы Талдықорған облысының Бөрлiтөбе ауданына қарасты Шұбартүбек ауылында 1844 жылы дүниеге келген. Әкeсi Назар Мамырханұлы - ағаш шеберi болған кедей шаруа. Елiне қажеттi ер­тұрман, қазақ үйдің ағаш сайман-жабдықтарын жасаған екен.

«Құлдың мінезі, іс - әрекеті, жүріс-тұрысы өзгеге ұқсамаған. Ол мал жинамаған, дін қуып сопы да болмаған. Сөз қуып, белгілі шешен де атанбаған. Ел ақтаған дуана, жұрт мақтаған болыс та болмаған. Ақынды көргендер оны «сері» дейді екен. Ілияс Құлдың бұл мінезін «ел ішіндегі салдар өмірінің сарқыншағы» десе, ақынның өзін «салдықтың сарқыны» деп бағалаған. Оны Арқадағы салдармен салыстырған. Кемшілігін айтқан. Бірақ, соған қарамастан, Ілияс Құл ақынның ел аузында қалған өлең - жырларын жазып алып отырған. Ақынның мұрағатында Құлдың 40-тан астам мұрасы сақтаулы. Солардың ішінде: Құлдың «Құманға», «Ораз бен Есім төреге», «Жақанбайға», «Тұманбайға», елдегі басқа да адамдарға айтқан арнауы және сайлау туралы, өмір жайлы толғаулары бар.

Сүйінбай Аронұлы - XIX ғасырда Жетісу өлкесінің тарихында өзіндік өшпес із қалдырған белгілі қоғам қайраткері және өз елінің, жерінің қамын ойлаған ірі тұлғаның бірі «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» (М.Әуезов).

I. Жансүгіров 1935 жылы Сүйінбайдың толғаулары мен айтыстарын жинақтап, «Сүйінбай ақын» атты кітап шығарады (Ф.Ғабитовамен бірге). Ілияс құрастырып, шығарған жинақтың негізінде 1940 жылдан бастап Қ. Жұмалиев пен Е. Ысмайылов Сүйінбай шығармашылығын орта мектептің оқу құралдарына енгізді.

1975 жылы «Жазушы» баспасы «Ақиық» атты ақынның жаңа жинағын шығарды. Бұл жинақ 1990 жылы тағы басылды. І.Жансүгіров құрастырып, шығарған Сүйінбай жинағы мен осы жинақтарды салыстырып қарағанда біраз өзгешеліктер байқалды. Бірақ олардың жалпы сарыны бір екеніне көзіміз жетті.

Ілияс жинақтың алғы сөзінде: «Сыпатайдың асында Сүйінбай мен Майлықожа айтысты дей келіп, ұлы ақын Сүйінбайға баға береді. «Сүйінбай – өлеңді кәсіп еткен, ұлы дүбірде жарысқа түскен, өлеңді ойдан желше соқтыра беретін жезтаңдай ақын. Сүйінбай шұбыртып жырласа, төгіп жібереді, сипалап кетеді», – деп ғылыми талдау жасаған. Халқымыздың салт-дәстүрінен мол мәліметтер бере келе, Сыпатай батырға берілген сол кездегі ұлан-асыр асты да жан-жақты сөз ете келіп: «Ұлы жүздегі Ботпай Сыпатай батырға ас берілгені бұдан 70-80 жыл шамасы бұрын. Ел кәрілерінің айтуынша бұл батырдың асы үш жүзге сауын айтқан ұлы дүбір астың бірі болған. Астың бас бәйгесіне жүз атан, жүз құндыз, жүз жамбы – күміс тігілген. Үш мың ат айдалып, бас бәйгені Шапырашты руынан Сұраншы батырдың Ақ тұяғы алған екен», – деп жазады.

Сүйінбайтанудың басында Ілиястың тұрғаны шындық. Ілияс Жансүгіров ел аузында жүрген Сүйінбайдың өлең-жыр, айтыстарын хатқа түсіріп, әдеби мұраларымыздың молаюына мол үлес қосты.

Қабылиса Асанұлы (Қабан жырау) М.Мағауин айтқандай, өз тайпасының рухани тірегі, ақылгөй ақсақалы, ескіден қалған мол мұра - қаһармандық жырларды туғызушы, ия болмаса жаңғыртушы ғана емес, ол ақпа-төкпе, суырыпсалма, импровизатор, үлкен ақындық тұлға. Оған оның бізге жеткен Тұмарша мен Таутан секілді ақын қыздармен айтыстары айғақтық ете алады.

Қабан жыраудың атқа мініп, қолына ақ домбыра ұстап, ел аралап, жер шалғанда бірде-бір ақыннан жеңілмегендігін, сөз бастап, айтысар алдында қолын жоғары сермеп, құлағын бұрайтынын Ілияс жазып кеткен. Қабан жыраудың бірнеше айрықша қасиеті болған. Ол таңды таңға қосып, ұзақ эпостарды жырлап тауыса алмайды екен. Сол өзі айтқан жырларының әрқайсысын әртүрлі мақаммен толғайтын көрінеді. Тағы бір қызық жай - өлең толғап отырғанда өзін де, өзгені де ұйытып, жырға беріліп кететіні сондай, төрден есікке, есіктен төрге дейін әлденеше рет жылжып барып қайтады екен. Мұндайда ақынның бойына ғайыптан бір құдірет қонғандай болатын көрінеді, өйткені даусынан да, домбырасының қағысынан да айрықша күш-жігер есіп, өзі ұшатын қыранға ұқсап кетеді екен-мыс.

Ілияс Жансүгіров «Жалайыр Қабан ақынның ұрылармен қақтығысуы» аңызын ел аузынан жазып алып, хатқа түсірген. Арабшадан қазіргі кириллицаға түсіргендіктен мәтінді толық беруді жөн көріп отырмыз. «Ақынның жас бозбала кезі болса керек, бір тойда қыз-келіншектермен айтысып тоғыз алып, олжалы қайтып елсізде жалғыз келе жатыпты. Алдынан түстері сұр, жүрістері суық екі кісі кездесе кетіпті. Олардың киімдері жұпыны, аттары да нашар екен. Керісінше, жалғыздың аты күйлі, киімі де сәнді көрінгендіктен екі ұры жаман ойға кетіп, оны айналдыра бастаса керек. Қабан ақын да әлгілердің ұры-қары екенін сезіп, қашқақтап жүре жауап беріп, сақтанған көрінеді. Әлгілер сөзге айналдырғысы келіп:

- Кел, кезектесіп өлең құрап айтып, жол қысқартайық, - депті.

Қабан ақын:

- Мен өлең құрастыра білмеуші едім, - деп ат-тонын ала қашады.

- Біз де ақын емеспіз. Қазақ атамыз бар ғой. Біріксек, бірер шумаққа

әліміз келер, - деп тықақтайды, іле ұрылардың бірі:

Қарғаны қайырсаң да бүркіт болмас,

Екіншісі жалғастыра:

Жалғыз саулық сауғанмен іркіт болмас.

десе, Қабан ақын:

Бұзық екен ойларың екеуіңнің,

Қастарында ат басын іркіп болмас», -

деп, жырау жүйрігімен шаба жөнеліп, екі ұрының мәстектеріне жеткізбей кетіпті».

«Тезек төре мен Бүйемай ақын», «Тезек төре мен Бақтыбай ақын», «Құлмамбет пен Түбек ақын» айтыстарын жазып алып, айтыс жанрының өзгешелігін сезініп, кімнің кіммен айтысқаны, көлемінің қанша екендігі жөнінде деректер ұсынып отырған. Бұл ізденістер І.Жансүгіровтің зейінділігі мен зерделілігін, сауаттылығын, таланты мен еңбекқорлығын білдіреді. Әдебиет тарихы үшін мұндай сауатты, тыңғылықты жазылған деректердің мән-маңызы айрықша.

Бақтыбай Жолбарысұлының мұраларын алғашқы жинаушылардың бірі – І.Жансүгіров. Қапал ауданына қарасты «Аққой» совхозының «Алмалы» деген жерінің тұрғыны Тампақов Ысқақ Ілиястың ел әдебиетін жинаудағы еңбегін былайша есіне алады: «Ілекеңнің көп айтып отыратын адамдары: Бақтыбай және Тайкөт деген айтыс ақындары еді. «Тірі жүргенде төбемізге көтеріп, төрімізге отырғызатындарымыз солар еді ғой, шіркін!» деп қоятын. Қалай уақыт тауып, қашан үлгергендерін кім білсін, комиссия құрамындағы жұмысын атқара жүріп, Бақтыбайдың Тезек төре Қыпшақбай Бәйімбет, Мәйке қыз және Тәйкөтпен айтыстарын жазып алыпты. Бір күні маған «мынау атаңның айтыстары, жазып, жаттап ал». Әңгімеден аңғаратынымыз, І.Жансүгіров Бақтыбай Жолбарысұлының мұраларын жинауда көп еңбек сіңірген.

Бақтыбай – айтыс ақыны. Ол әйгілі Сүйінбай, Жамбыл, Әсет, Жүсіпбек қожа секілді ақындармен өлең арқылы танысып, Тезек төре, Арыстан, Арсалаң, Мәйке, Бәйбек, Қыпшақбай, Кемпірбай, Тайкөт, Ырысалды, Таутан қыз және т.б. көптеген өнер саңлақтарымен сайысқа түскен. Ең бастысы Бақтыбай өзі айтысқан ақындардың бірде бірінен жеңілмеген.

«Бақтыбай мен Мәйке қыз» айтысы екі ақынның алғаш кездесулеріндегі дидарласуынан басталады. Мәйке қыз әдейі Бақтыбайды іздеп келеді. Мәйке Бақтыбайдың атағы шыққан ақын екендігіне тәнті болып, көріспекке келгенін, бірақ Бақтыбай бойға да жарымаған, кедейлік күйін кешкен адам екенін біледі. Айтыста сол тұрмыс кемшілігін бетіне басады. Ал Бақтыбай бойы аласа болса да, ойы биік ақын екенін, жасы қырыққа келсе де, қыздан көңілі бар екенін айтады. Ақырында, Мәйке Күшік деген елдің айттырулы қалындығы екенін, егер шын алғың келсе, 13 айдан қалма деген сөз байлайды. Жәлменде би үй басынан 50 тиыннан жинап, Бақтыбайға мал құрап, Мәйкенің қалың малын төлеп, қызды Бақтыбайға алып береді. Мәйке Бақтыбайдың елден асқан ақындығын, адал ниетті адамшылығын танып, ардақтап, әрі кедей, әрі жасы үлкен Бақтыбайға өз еркімен қатын үстіне барады.

ҚР Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасының 258 қорында бірнеше қолжазбалармен қатар 1941 жылы Фатима Ғабитова тапсырған «Бақтыбай мен Мәйке қыздың» айтысы жатыр.

Тағы бір ерекше айтар жағдай: І.Жансүгіров осындай ел аузында жүрген айтыстарды жинақтап, «Ақындар айтысы» (Алматы, ҚМКӘБ, 1935ж.) деген жинақ шығарады.

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-07-29; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 892 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Слабые люди всю жизнь стараются быть не хуже других. Сильным во что бы то ни стало нужно стать лучше всех. © Борис Акунин
==> читать все изречения...

584 - | 549 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.011 с.