Лекции.Орг


Поиск:




Инсульттің зардаптары




Инсульт біршама қалдық құбылыстарға әкелуі мүмкін. Оларға:

● қызметі бұзылған аяқ-қол бұлшықеттерінің межеқуаты өзгеруімен көрінетін толық және шаласалдану байқалады. Инсульттің ең жиі кездесетін зардабы болып біржақты гемипарез түрінде қимылдық бұзылыстар есептеледі. Дұрыс сауықтыру шараларын қолданғанда инсульттен кейін 3-6 айдан соң қимыл-қозғалыс қалпына келеді. Сөйлеуге, жұмыс істеуге және тұрмыстық күрделі дағдыларға қабілеттіліктің қалпына келуі біршама кешірек болады.

● инсульттен кейін трофиканың бұзылыстары болады. Осылардың көріністері түрінде бұзылған аяқ-қолда буындардың артропатиясы, иықтың ауыру синдромы, бұлшықеттердің семуі, терінің қажалып ойылуы пайда болады. Артропатияның нәтижесінде буын сіресіп қалуы мүмкін.

● инсульт, бассүйек-мый жарақаты, мыйға хирургиялық операция жасау кездерінде қатты кекештену (афазия) түрінде сөйлеудің бұзылыстары жиі байқалады.

 

Мый қанайналымының өткінші бұзылыстары (МҚӨБ)

 

МҚӨБ әкелетін негізгі себепкер ықпалдарға атеросклероз бен артериалық гипертензия немесе олардың бірі мен бірі қабаттасуы жатады.

Өткінші бұзылыстар мый қанайналымының жіті бұзылыстарының ең жиі кездесетін түрі. Олардың клиникалық көріністері мен даму тетіктері көптеген түрлерде болады. Атеросклероз кезінде клиникалық көріністерінде омыртқалық немесе ұйқы артериялар жүйесіне қатысты өткінші ошақты әйгіленімдер басым болса, артериалық гипертензия кезінде тұтас мый бұзылыстарына тән әйгіленімдер мен дербес жүйке жүйесі қызметтерінің бұзылу белгілері байқалады.

Патогенезі. МҚӨБ негізінен мый тамырларының жеткіліксіздігіне байланысты дамиды. Соңғы жылдары миокард инфарктының жіті және жітілеу кезеңдерінде, жүрек ақауларында тамырлардың атеросклероздық түйіндақтары ыдырауынан пайда болатын майда эмболиялар МҚӨБ даму тетіктерінде маңызды орын алады. Микроэмболдар холестерин кристал-дарынан, атеросклероздық түйіндақ бөлшектерінен және тромбоциттер шоғырланыстарынан тұрады. Бұл майда эмболдар мыйдың ұсақ тамырларына тарағаннан кейін олардың жергілікті қатты жиырылуын туындатады. Кейде МҚӨБ мыйға майда қан құйылулардың нәтижесінде пайда болуы мүмкін.

Ұйқы және омыртқа артерияларының атеросклерозы кездерінде тамыр саңылауын тарылтатын олардың дерттік ирелімдері мен бүгілулері МҚӨБ-нда жиі кездеседі. Осындай құбылыстарға омыртқа артерияларын тітіркендіретін мойын омыртқаларының остеохондрозы кезіндегі остеофиттер де әкеледі. Кейде байқалатын қосымша артық мойын қабырғалары да ұйқы артерияларын қысып қалады немес тітіркендіреді.

МҚӨБ-ның кенеттен пайда болатын негізгі әйгіленімдеріне:

● қолдың немесе аяқтың әлсіздігі немесе ебедейсіздігі;

● қысқа мерзімде сөйлеудің бұзылуы;

● еріннің, тілдің бір жағының, бір қолдың ұйып қалуы;

● жүріс-тұрыстың тұрақсыздығы;

● жоғары артериалық қысыммен, кейде тырыспа-селкілдек ұстама-сымен және сана-сезімнің бұзылыстарымен қабаттасатын қатты бас ауыруы, бас айналу, жүрек айну және құсу – жатады.

МҚӨБ мыйдың қай бөлігінде болуына байланысты клиникалық көріністері де әртүрлі болады. Бұл бұзылыстар ұйқы артериясының қауазында (бассейінінде) орналасуынан бұзылыс орналасқан мый жартысының қарама-қарсы жағындағы дене мүшелерінде: бір жақ бетте, еріндердің айналасында, аяқ-қолда сезімталдықтың ауытқуларымен (гемипарестезиямен), біржақты шала салдануымен (гемипарезбен) көрінеді. Үстем мый жартысының қыртысында қанайналым бұзылуы қысқа мерзімде сөйлеудің бұзылыстарына, кейде эпилепсия ұстамаларына әкеледі.

Омыртқа-бассүйек түбі тамырларының қауазында МҚӨБ нәтижесінде бас айналуы, құсу, қосарланып көріну (диплопия), көз алдында ұшқын жарықтардың көрінуі (фотопсия), қысқа мерзімді жұтынудың бұзылыстары, тіл күрмелуі (дизартрия), аяқ-қолдардың әлсіздігі және жүріп тұрудың бұзылыстары болады. Кейде қысқа мерзімге жады жоғалады, бастың мең-зеңдігі байқалады.

МҚӨБ-ның жиі кездесетін бір түрі болып гипертензиялық мыйлық ушығу (криз) есептеледі. Бұл кезде жалпы мыйлық және дербес жүйкелік: бас ауыруы, жүрек айну, құсу, құлақ шуылдауы, бас айналу, тершеңдік, беттің қызаруы, эмоциялық қозу сияқты әйгіленімдер басым болады. Осындай жағдайларда тез өтетін ошақты бүліністердің белгілері пайда болуы мүмкін. Осы келтірілгендердің барлығы 24 сағаттың ішінде жоғалып кетеді.

МҚӨБ-мен сырқаттанған науқастарда, ауырмағандарға қарағанда, артынан инсульт даму қауіпі 3-4 есе жиілейді.

МҚӨБ-дың нәтижесінде мыйда майда қан құйылулар, жаңадан пайда болған және беріштене бастаған толығынан немесе жартылай тіршілігін жоғалтқан ошақтар, глиомезодермалық тыртықтар және ұсақ жылауықтар сияқты әртүрлі өзгерістер ертелі-кеш пайда болған көптеген ошақтармен көрінетін дертті қ ан тамырлық энцефалопатия -дейді. Олардың біразы микроскоппен зерттегенде ғана анықталады. Жиі олардың дамуы мый-қантамырлық ушығулармен немесе мый қанайналымының өткінші бұзылыстарымен байқалады. Бұндай бұзылыстар артериалық гипертензиялар кездерінде жиі көрінеді. Асқынулар кездерінде майда тамыр қабырғаларының өткізгіштігі қатты көтеріледі, мый ісінеді, қан сұйығы тамыр сыртына шығудан еріген мый затының майда ошақтары, тамыр айналасында ұсақ қан құйылулар пайда болады. Бұл қан құйылған ошақтар беріштенгенде нейроглиялардың серпілістері болып, қан мен тіннің ыдырау өнімдерін фагоциттейтін макрофагтар жұмылдырылады, содан гемосидерин босап шығады. Осылардың нәтижесінде ұсақ глиомезодермалық тыртықтар немесе қан нілдері (пигменттері) бар жылауықтар қалыптасады. Осыған ұқсас көптеген диапедездік қан құйылулар қан тамырлары қабырғаларының өткізгіштігі көтерілуіне әкелетін басқа аурулар (мәселен, қанағыштыққа бейімділіктер, қан аурулары, уремия, кейбір жұқпалар, уыттанулар және витаминдер тапшылығы) кездерінде де байқалады. Қайталанған асқынулар кездерінде тамыр қабырғасы ісінуінен майда артериялардың саңылауы тарылады. Олардың ішкі қабығы жасушаларының артық өсіп кетуінен саңылауы мүлде бітеліп қалуы мүмкін. Осыдан пайда болған гипоксия майда инфарктар дамуына әкеледі. Бұл кездерде әртүрлі даму сатыларындағы ошақтарды байқауға болады. Бір ошақтар нейроциттердің ишемиясы сатысында болса, екіншілері түйіршікті шарлар мен мес астроциттерден тұратын беріштене бастаған кезеңінде, үшіншілері глиомезодермалық тыртықшалар мен жылауықтар қалыптасқан беріштенген сатысында болады. Инфарктан кейін пайда болатын ұсақ жылауықтар (лакуналар) қыртыс асты түйіндерде, мыйдың ақшыл затында, таламуста және варолий көпіршігінде көптеп кездеседі. Осындай қан тамырларының дерттерін лакунарлық күй (status lacunaris) дейді.

Мый тамырларының атеросклерозы мый затының көптеген түрлі (ганглий жасушаларының ошақты жоғалып кетуінен толық және жартылай тіршілігін жоғалтуына дейін) майда ошақты өзгерістеріне әкелуі мүмкін. Олар өзгерген тамыр аумақтарында орналасады және жиі мый тамырларының жеткіліксіздігінен дамиды. Кейде тамыр саңылауы тромбпен немесе микроэмболмен бітеліп қалуы ықтимал. Мый қанайналымының бұзылыстары егде тартқан адамдарда кездеседі. Сондықтан оларда атеросклерозбен қатар, тамыр саңылауын одан сайын тарылтатын, қан тамырлары қабырғаларының жайылған склерозы, ішкі қабығының пролиферациясы байқалады.

 

Емдеу негіздері. Артериалық қысым төмендеуіне бейім науқастарға жалпы денені сергітетін (қытай лимоннигі мен жень-шеньнің тұндырмалары) және жүректі әлдендіретін дәрілер тағайындау қажет. Артериялық гипертензия кезінде оны төмендететін дәрілер (клофелин, дибазол), мыйда қан ағымын жақсартатын спазмолитиктер қолданылады. Катехоламиндердің артық өндіріліп шығарылуына байланысты дамыған артериалық гипертензияның ушығуы кезінде бета-адреноблокаторлар жақсы емдік әсер етеді. Солармен қатар, организмдегі артық сұйықты сыртқа шығару үшін зәрайдатқы (фуросемид) ішкізу немесе бұлшықетке енгізу пайдалы болады. Қанның аққыштық қасиетін жақсарту және мый тамырларын кеңейту мақсаттарында эуфиллин, кавинтон, трентал, циннаризин, винкамин енгізу қажет. Солармен қатар кальций өзекшелерінің тежегіштерін де қолдануға болады.

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-03-28; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 884 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Вы никогда не пересечете океан, если не наберетесь мужества потерять берег из виду. © Христофор Колумб
==> читать все изречения...

783 - | 752 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.007 с.