Мәслихат депутаты ресми жазбаша сауалмен әкімге, тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына және мүшесіне, прокурорға және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдарына мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жүгінуге құқылы.
Депутаттық сауалдың жауабы жазбаша түрде, бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде берілуге тиіс. Депутат сауалға берілген жауап бойынша өз пікірін білдіруге құқылы.
Прокурордың атына берілген сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асырумен байланысты болмауға тиіс.
Ескерту. Заң 21-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.05.11 N 552 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
Бап. Мәслихаттардағы депутаттық бірлестіктер
1. Мәслихат депутаттары саяси партиялар фракциялары және өзге де қоғамдық бірлестіктер, депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы. Тексеру комиссиясының төрағасы және мәслихат хатшысы депутаттық бірлестіктерге кіре алмайды.
2. Фракция - заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің атынан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол мәслихатта тиісті саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің мүдделерін білдіру мақсатында құрылады. Фракция мәслихаттың кемінде бес депутатын біріктіруге тиіс. Депутаттың тек бір ғана депутаттық фракцияда болуға құқығы бар.
3. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкілеттіктерін, сайлау округтеріндегі бірлескен жұмысын жүзеге асыруға арналған бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында мәслихаттың кемінде бес депутаты болуға тиіс.
4. Депутаттық фракциялар мен топтарды тіркеу мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі және тек ақпараттық сипатта болады.
Ескерту. Заң 21-2-баппен толықтырылды - ҚР 2006.11.04 N 186 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Бап. Депутаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеу
Депутат регламентте белгіленген тәртіппен мәслихат сессияларын, тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыру уақытында оған негізгі жұмыс орны бойынша жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен орташа жалақысы, бірақ осы қызметте бір жылға дейінгі жұмыс стажы бар тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс әкімі аппараты басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде және жол жүру уақыты ескеріліп, сессиялар, мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстары өтетін мерзімдегі іссапар шығыстары өтеле отырып, қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады.
Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.05.11 N 552 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Бап. Мәслихат өкілеттігін тоқтату негіздері
1. Мәслихат өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген оның өкілеттік мерзімі аяқталғанда тоқтатылады.
2. Мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын Қазақстан Республикасының Президенті тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда тоқтатылады.
Бап. Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіпке сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдері лауазымдарына тағайындауға, сондай-ақ тағайындалуына мәслихаттардың келісуі талап етілетін әкімдер лауазымдарына кандидатураларға мәслихаттың келісім беру тәртібі
1. Әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты мәслихаттың қарауына енгізеді.
2. Әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсыныста өмірбаян деректері, еңбек қызметі, мемлекеттік наградалары туралы ақпарат және әкім лауазымына кандидат туралы өзге де ақпарат көрсетіледі.
3. Әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясында жүзеге асырылады.
Мәслихаттың әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау жөніндегі кезектен тыс сессиясына әкім лауазымына кандидаттың қатысуы міндетті.
Мәслихаттың әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау жөніндегі сессиясының барысында мәслихат депутаттары әкім лауазымына кандидатқа сұрақтар қоюға, тағайындалатын кандидатура бойынша талқылау жүргізуге құқылы.
Талқылау аяқталғаннан кейін дауысқа салу өткізіледі.
Егер әкім лауазымына кандидат мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысын ала алмаған жағдайда, әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға мәслихат сессиясының шешiмін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әкім лауазымына басқа кандидатураны тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты мәслихаттың қарауына қайтадан жібереді.
4. Әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға әкім лауазымына кандидатураны қатарынан үш реттен артық енгізе алмайды.
Егер мәслихат:
1) облыс, республикалық маңызы бар қала не астана әкiмдерi лауазымдарына кандидатураларды тағайындауға үшінші рет келісім бермеген жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті тиісті мәслихаттың өкілеттігін мерзiмiнен бұрын тоқтатуға құқылы;
2) аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі лауазымдарына кандидатураларды тағайындауға үшінші рет келісім бермеген жағдайда, облыс әкімі Қазақстан Республикасының Президентіне жазбаша хабарлайды және тиісті мәслихаттың өкілеттігін мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы мәселе қояды.
Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті не жоғары тұрған әкім белгіленген тәртіппен жаңадан құрылған мәслихаттың келісуімен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі тағайындалғанға дейін әкімнің міндетін уақытша атқарушыны тағайындайды.
Ескерту. Заң 23-1-баппен толықтырылды - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңдарымен.