Мемлекеттік меншіктің құрылымы мен жіктелуі
Меншік түсінігі экономикалық категория ретінде ең алдымен, ұлттық байлықтың жекелеген элементтеріне қатысты белгілі бір құқықтарды сипаттайды.
Меншік дегеніміз – адам немесе адамдар қауымы мен материалдық әлемнің кез-келген субстанциясы арасында уақытша немесе тұрақты түрде қалыптасатын қарым-қатынас. Меншік құқығын жүзеге асыру бұл процестің объектісі мен субъектісін бөліп көрсетуді қажет етеді.
Меншік субъектісі – меншік объектісін иелену құқығы бар меншік қатынасының белсенді жағы.
Меншік объектісі – субъектіге толық немесе белгілі бір дәрежеде тиесілі және меншік қатынасының белсенді емес жағы болып табылатын табиғи заттар, мүлік, ақпараттар, рухани және интеллектуалдық құндылықтар.
Меншік қатынастары – бұл субъект пен объект арасындағы мүліктік қарым-қатынастар.
Иемденудің жүзеге асырылуының өзара байланысты процесі 1-суретте көрсетілген.
Сурет 1 – Иемденудің өзара байланысты процестері
Жылжымалы және жылжымайтын мүліктер бірнеше түрлерге бөлінеді (2-3 суреттер).
Мүлікті басқаруда маңызды орынды кәсіпорындар алады. ҚР Азаматтық Кодексі бойынша кәсіпорындар мүліктік кешен болып табылады (4-сурет).
Сонымен қатар, мүліктік кешенге:
- тарихи, мәдени және архитектуралық ескерткіштер;
- қорғалатын ерекше аймақтар;
- ландшафты кешендер және т.б. жатады.
Сурет 2 – Жылжымайтын мүлік түрлері
Сурет 3 – Жылжымалы мүлік түрлері
Сурет 4 – Кәсіпорынның мүлік кешен түріндегі құрылымы
Сурет 5 – Меншік рыногының субъектілері
Меншік формасы түрлі меншік объектілерінің бір субъектіге тиесілігін анықтайды. Меншіктің ерекше формасы ретінде аралас меншік формасын айтуға болады. Мұндай формалар қазіргі заманғы шаруашылық құрылымдарының өзгерістерін бейнелейді. Олардың қатарында:
- біріккен кәсіпорындар (отандық және шет елдік, сондай-ақ мемлекеттік және муниципалды, меншік иелерінің мүліктік кешендерінің үлестік негізде біріктірілуі);
- кондоминимумдар (жеке-дара иеліктер мен біріккен меншіктің түрлі элементтері болып бөлінетін бірлескен мүлік);
- корпорациялар (түрлі деңгейдегі құқықтық және шаруашылық еркіндігі бар кәсіпорындар мен қоғамдардың бірігуі).
Мемлекеттік, муниципалды, жеке меншік және тағы да басқа меншік түрлерінің өзара ықпалы меншік рыногындағы айналым арқылы жүзеге асырылады (6-сурет).
Сурет 6 – Меншік айналымы сызбасы
Меншік рыногының қызметіне жасалған талдаулар, рынокта меншіктің кез-келген түрге ауысуы салдарынан меншіктің бір қолға шоғырлануы, сонымен қатар, бөлінуі немесе банкроттығы да болу мүмкін екендігін көрсетеді.
Мемлекеттік меншіктің қазіргі жағдайы
Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік Конституциямен (6-бап), Азаматтық Кодекспен (192-бап) меншіктің бір түрі ретінде бекітілген.
Мемлекеттік меншік қатынасы теңдікті жариялай отырып, белгілі бір ерекшеліктерге ие:
- мемлекет егеменді биліктің иесі, ол осыған орай, заңдар қабылдап, әкімшілік актілерін шығарады;
- мемлекет заңды тұлға болып табылмайды, сондықтан да оның атынан өкімет билігі мен басқару органдары әрекет етеді;
- мемлекеттік меншіктің аумағы зор, ол кез-келген мүлікті, оның ішінде айналымнан алынған немесе шектелгендерін де иелене алады;
- мемлекеттік меншік негізінде әлеуметтік міндеттер жүзеге асады, яғни тұрғындарды күнкөріске қажеттілікпен қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік меншік құқығы объективтік мағынада ҚР атынан мемлекетке жататын материалдық игіліктерді бекітетін және қорғайтын құқықтық нормалардың жиынтығы болып табылады және ол мемлекеттік мүлікті иеленуге, пайдалануға және билік етуге байланысты тәртіп жүйесін бекітеді.
Субъективті мағынада мүлікті иелену, пайдалану, билік ету жөнінде мемлекеттің өкілеттілігіне жататын құқықтардан тұрады.
«Мемлекеттік кәсіпорындар туралы» Жарлықтың 1-бабы негізінде мемлекеттік кәсіпорындар мынадай түрге бөлінеді:
- республикалық меншіктегі – республикалық мемлекеттік кәсіпорындар;
- коммуналдық меншіктегі – коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорындарға (субъектілеріне): министрліктер, мемлекеттік комитеттер, ведомстволар, министрліктердің бірқатар департаменттері және басқа өкілетті органдар енеді. Ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесін «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы» Жарлықтың 2-бабына сәйкес жергілікті әкімдер бекітеді.
Мемлекеттік меншік объектілері: жылжымалы және жылжымайтын мүліктер; ақша, шет елдік валюта, бағалы қағаздар, міндеттемелік және басқа да заттық құқықтар және міндеттер.
Республикалық мемлекеттік меншік объектілері 2-ге бөлінеді: республикалық қазына және заң құжаттарына сәйкес мемлекеттік республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктер.
ҚР-ның мемлекеттік қазынасына: республикалық бюджет қаражаты, алтын-валюта және алмас қоры, жер, жер қойнауы, су жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік жатады.
ҚР Ұлттық банкінің алтын-валюта қоры қазақстандық теңгенің ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құрылып, пайдаланылады. Және ол шетелде сақталатын алтын, шетелдік валюта, монеталар, банк қаржысынан және ҚР ҰБ-де сақталатын валюталық құндылықтардан тұрады. Сондай-ақ, халықаралық дәрежеде танылған кез-келген актив қорлары, аударылатын вексельдер, басқа да сыртқа активтер (кірістер), қорлардың сатып алу құнын сақтау да алтын-валюта қорына жатқызылады. Алтын-валюта қоры несие ретінде берілмейді. Қорды толықтыруды Ұлттық Банк жүргізеді.
Коммуналдық меншік жергілікті қазынадан және заң құжаттарына сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады. Жергілікті қазынаны жергілікті бюджет қаражаты және заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік құрайды.Коммуналдық меншіктің ерекшелігі – оның қызметінің жергілікті мәселелерге арналып, белгілі бір мақсатқа жұмылдырылуында.