Ойынның жүру барысы
Сынып 4-6 адамнан топтарға бөлінеді, олардың әрқайсысына: Реалистер, Оптимистер, Пессимистер, Сарапшылар, Сыншылар, Байқаушылар рөлдері беріледі. Әр топта Жүргізуші және Кеңесші тағайындалады. Мұғалім келелі мәселе қоя отырып, оны әр топ өз рөлі тұрғысынан қарауды ұсынады. Дайындыққа бөлінген уақыт (10-15 минут) өткеннен соң, әр топ өздерінің (рөлдеріне сай) біріге құрған пікір, қөзқарастарын ортаға салып, оған дәйектеме келтіріп, өз сызба, сурет, есеп берулерімен дәлелдейді. Негізгі (3) топтар сәйлеп болғаннан соң, «сарапшылар» немесе «сыншылар» тобы шығады. Ол әр топтың жұмысын қорытады, олардың дәйектеме келтіріп, дәлелдеу дәрежесін талдайды немесе осал жерлерін сынайды, әр топқа сұрақтар қояды. «Байқаушылар» тобы барлық топтардың қызметін қорытындылап, ортақ бағалау парағын толтыра отырып, неғұрлым белсенді қатысушыларды атап көрсетеді.
Баяндама» оқыта үйрету ойыны
Мұғалім оқушыларға бір мәтінді оқуды (Гонг), соңынан оның мазмұнын сурет, белгі, сызба түрінде беруді ұсынады. Бұл «шпаргалканы» оқушы оң жағындағы көршісіне береді. (Гонг). Енді әрқайсысы өз көршісінің суреттерін немесе сызбаларын қолдана отырып, осы мәтін бойынша «баяндама» жасайды. (Гонг). «Баяндама» мазмұнын неғұрлым кең ашып, оны қорғап, ең жақсы көрнекі құрал ұсынған оқушы жеңімпаз болады [32].
Ойын таңдау, бірінші кезекте баланың қандай болуы, оған не қажет, қандай тәрбиелік тапсырмаларды шешу керектігіне байланысты. Ойын ұжымдық болса, онда ойынға қатысушылардың интеллектуалдық дамуын, жас ерекшеліктерін, талпынысын, қызығушылығын, қарым-қатынас жасау деңгейін білу қажет. Ойында бала өзара байланысты бірнеше мақсаттарға жетеді. Бірінші мақсат – ойыннан алатын рахат. Бұл мақсатта қуаныш әкелетін кез келген белсенділікке дайын болу.
Екінші деңгейдегі мақсат – қызметтік, ол ойын ережелеріне байланысты (көріністерді ойнату).
Үшінші деңгейдегі мақсат – ойынның шығармашылық мақсатын көрсетеді (шешу, табу, нәтижеге жету, т.б.).
Ойын үлгісіндегі сабақ нақты ережелерді қажет етеді. Олар:
1. Алғашқы дайындық. Сұрақтар топтамасы мен өткізу формасын талқылау. Рөлдер алдын-ала бөлініп қойылуы қажет. Бұл танымдық қызметін бірқалыптандырады.
2. Ойынның міндетті атрибуттары: жабдықтау, қаланың картасы, мүліктерді сәйкестендіріп орналастыру, бұл жаңашыл әсер енгізеді, күтпегендік, сабақтың эмоциональды жағдайын көтереді.
3. Ойын нәтижесін міндетті көрсету.
4. Жетік білімді әділқазылар алқасы.
5. Ойындағы еркіндік беретін сәттер.
Бастысы – оқушыға деген құрмет, жұмысқа деген қабілетін өшірмеу, керісінше оны дамыту, өз күшіне деген сенімін жоғарылату. Конфуций: "Оқушы мен мұғалім бірге өседі", - деп жазған. Ойын түріндегі сабақтар оқушыға да, мұғалімге де өсуге мүмкіндік береді.
Әрбір сабақта оқушылардың ой-өрісін, оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіру үшін ойын технологиясының жіктемесі:
Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіруде мынадай жұмыстар жүргізуге болады. «Сөйлем» тақырыбын өту барысында «Сөз қуаласпақ», «Ұйқасын тап», «Жалғасын тап», «Жоғалған сөз», т.б. дидактикалық ойындар; «Сөз таптары», «Сөйлем түрлері» тақырыптарын өту барысында тірек-сызбалар, кестелер, плакаттар мен суреттер; «Сөз құрамы» тақырыптарын қорыту барысында «Білім биржасы», «Брейн ринг» оқыта үйрету ойындары оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, танымдық белсенділігін арттырады.
Ана тілі сабақтарында оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыруда шығармашылық сипаттағы тапсырмалар ерекше мәнге ие болады. Бұл тапсырмалардың ішінде оқушыларға түрлі тақырыпта, мазмұны қысқаша шығарма жаздырту жұмысы маңызды рөл атқарады. Оқушыға біріншіден, шығарманың үлгісін көрсету немесе тірек схемаларды беру ұйғарылды. Себебі, кез-келген оқушы бірден шығарма жазуға қиналатыны сөзсіз. Екіншіден, ересектердің ықпалынан құтқару мақсатында, оқушыларға алдын-ала осы бағытта ізденуіне жағдай жасай отырып, шығарманы сыныпта жаздыртуға көңіл бөлу. Үшіншіден, оқушының еңбегін бағалауға ерекше мән берілу қажет. Оқушылардың ой шапшаңдығын, сөз байлықтарын дамытып, шығармашылыққа баулитын тапсырмалардың екінші түрі – бұл өлең құрастыру. Мұнда өлеңдегі ұйқастарды табу, ұйқас нұсқаларды ойлау, өз бетімен өлең құрастыру (бес жолды өлең) сияқты жұмыс түрлерін қолдануға болады. Шығармашылық сипаттағы тапсырмалардың тағы бір түрі – ертегі, әңгіме құрастыру. Алдымен бұл жұмыс түрі ауызша жүргізіледі, содан кейін оқушылар өз ойын, қиялын қағаз бетіне түсіреді. Әңгіме мазмұны күнделікті қоршаған орта құбылыстарынан басталып, оқушылардың қиялын, арманын суреттейтін тақырыптарды қамтиды. Мұнда оқушыға әңгіменің тақырыбын таңдауға бағыт беріп, оның киялын дамытуға көңіл бөлінеді.
Ал ертегі құрастыруда, ең алдымен, оқушылардың білетін, оқыған ертегілерінің мазмұнын жаңа түрде жаңарта отырып, ертегінің соңын өздерінше аяқтаулары талап етіледі. Кейін оқушылар түрлі мазмұнда ертегілер құрастыруды еркін меңгеріп, өз бетімен шығармашылық бағытта ізденіп, жұмыс істей алатын болады. Сонымен бірге, әрбір сабақта оқушының ойын дамытып, оны шапшаңдыққа, тапқырлыққа баулуда жұмбақтар, ребустар, сөз жұмбақтар, анаграммалар, сконвордттар кұрастыру тапсырмасын орындау ерекше мәнге ие болады. Бұл оқушыдан салыстыру, жоспарлау сияқты тәсілдерді қолдануды талап етеді [33].
Дүниетану сабақтарында оқушылардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыруда хрестоматиялық материалды пайдаланудың мәні өте зор.
Оқушылар тақырыпқа сәйкес көркем әңгімелерді, өлеңдерді, ғылыми-көпшілік кітаптарынан алынған сипаттамаларды, қызықты деректерді ықылас қойып, зор ынтамен қабылдайды. Соның арқасында олардың пәнге деген қызығушылығы артады, ой-өрісі кеңейіп, қоршаған орта туралы білімдері жаңа деректермен молая түседі. «Адам» бөліміндегі «Өнер, мәдениет – ақыл-ойдың жемісі» тақырыбы бойынша оқушыларға «Әлемнің жеті кереметі» туралы жалпы мәліметтер беру, бұл оқушылардың тақырыпты меңгеруге қызығушылықтарын оятып, оқушылардың танымына ерекше ықпал етеді. Туған өлкенің жер бедері туралы сөз қозғағанда оқушыларға таулар мен табиғаттың әсемдігі жайында білетін өлеңдерін айтқызу немесе өз ойынан өлең шығарту өте пайдалы. Қоғамдық құбылыстар мен табиғат құбылыстары жайында белгілі бір тақырып бойынша қызықты деректер, әңгімелер, өлең-жырлар, мақал-мәтелдер іздестіруге арналған тапсырма беру де оқушылардың пәнге деген қызығушылын арттыруға мүмкіндік берді. «Адам», «Табиғат», «Қоғам» бөлімдерінде «Зоопарк», «Ботаникалык бақ», «Табиғатқа саяхат», «Қала мен қала маңы», «Ертегілер театры» т.б. ойындарды пайдалануға болады.
Сонымен, дүниетану сабақтарында мынадай жұмыс түрлері пайдаланылады:
- танымдық сипаттағы көркем мақалалар;
- қызықты тапсырмалар: жұмбақтар, сөзжұмбақтар, сканвордтар, ребустар, мақал-мәтелдер;
- проблемалық сұрақтар мен тапсырмалар;
- материалдың қоршаған ортамен байланысы, байланыстың бақылаулар мен тәжірибелерге негізделуі;
- дидактикалық ойындар: «Жануарлар бағы», «Ботаникалық бақ», т.б.;
- тәжірибелер, бақылаулар, практикалық жұмыстар;
- көрнекі материалдар [34].
Математиканы оқыту процесінде жұмыстың әртүрін пайдалану бастауыш сынып оқушыларының ой-өрісін, танымдық қызығушылығын арттырумен қатар, олардың математикалық қабілеттерін дамытуға септігін тигізеді. Математика сабақтарындағы ойындардың негізгі міндеті – есептеу дағдыларын қалыптастырып, жетілдіру. Осы мақсатты жүзеге асыруда «Қара белгі», «Сиқырлы карта», «16-дан бастаймыз», «Цифрлар жарылысы», «Бизнесмен», «Көбейту тауы», т.б. ойындарды пайдалану тиімді. Көп таңбалы сандардың құрамын өткенде оқуға, жазуға төселдіру үшін «Сиқырлы карта», «Аздан көпке қарай» ойындарын пайдаланған абзал.
Математика сабақтарында тағы бір тиімді пайдаланылатын ойын - сергіту логикалық ойын-есептер. Бұл логикалық есептерді ұсыну балалардың ойының ұшқырлығына, тез есептеуге төселдіруге өте үлкен әсер етеді. Қазір математика сабақтарында «Қазақтың байырғы қара есептері» деген кітаптан көптеген логикалық құрылымды ойындарды пайдалануға болады. Мысалы, ұзындық өлшем бірліктері тақырыбына байланысты «Ұлу мен қырғауыл», «Қырсық жолаушы» туралы есептер берілсе, оқушы өз тіліміздегі өлшем бірліктерін де меңгереді. Ал салмақ өлшемін өткенде «Жеңіл сақина», уақыт өлшеміне байланысты «Дыбысты сағат» есептерін ұсынуға болады. Есептеуге байланысты «Асық саны», «Шыпта», «Тауық нешеу саналған» т.б. ойын-есептерді бере отырып балаларға «Қиял қыр асырады», «Тұяқты тұяқ жібермейді» сияқты нақыл даналықты меңгеруге болады [35].
Дидактикалық ойындар оқушылардың ақыл-ой белсенділігін қалыптастырудың маңызды құралы бола отырып, олардың бағдарлама материалының негізгі тақырыптары бойынша алған білімдерін тереңдете түсуді, әрі пысықтауды көздейді. Бұл ойындар балалардың сабақ үстіндегі жұмысын түрлендіре түседі, олардың пәнге қызығушылығын оятып, ынта-ықылас қоюына баулиды және оқушылардың зейінін, ойлауын, зерделеуін дамытады. Өмip тәжірибесін бip жүйеге келтіруге үйрету, жүйке жүйесін демалдырады. Міне, сондықтан да ойын оқу-әрекетінде жетекші рөл атқарады.
Дидактикалық ойындарды оқыту мазмұнына сәйкес түрлері:
1. Ойын-саяхаттар. Олар ертегілерге ұқсас. Олар фактілер немесе оқиғаларды бейнелейді, бipaқ олар ерекше түрде ашып көрсетіледі; қарапайым жұмбақ арқылы; қиындық - оңай жолмен; қажеттілер - қызық жолмен беріледі;
2. Ойын-тапсырмалар. Бұл ойындардың нeгiзiн заттар мен әрекет, сөздік тапсырмалар құрайды. Ойын міндеттері мен әрекеттері бip нәрсені болжауға негізделеді.
3. Ойын-болжамдар. Бұл ойындар "Не болар еді...?", "Мен не icтep едім, егер..." деген сұрақтарға негізделеді. Ойынның дидактикалық мазмұны балалардың алдына проблемалық міндет пен ситуацияны қоюда ерекшеленеді. Мұндай ойындар білімді нақты жағдайда ұштастыра байланыс тапсырмаларын белгілеуді талап етеді.
4. Ойын-жұмбақтар. Жұмбақтың нeгiзгi ерекшелігі – логикалық астарының болуында. Олар баланың ой-әрекетін белсендіреді. Жұмбақтар салыстыру, теңеу және сипаттау арқылы ұғымның қасиеттерін ажыратуға тәрбиелейді, оқушы қиялының дамуына әсер етеді.
5. Ойын-әңгімелер. Ол мұғалімнің балалармен, балалардың мұғаліммен және балалардың балалармен қарым-қатынасына негізделеді. Бұл қарым-қатынас ойын мазмұнында ерекше сипатқа ие болады. Ойынның құндылығы – олар эмоциональдық түрде белсендіруге, бip сөздікке, өзара әрекет жасауға, бірлесіп ойлануға мүмкіндік туғызады.
Ойын арқылы оқушылар меңгереді:
1. Оқушылар нақты қызмет тәжірибесін меңгереді.
2. Оқушылар тек бақылаушы ғана емес, өздері қатыса отырып қиын мәселелерді өз бетінше шеше білуге үйретеді.
3. Оқу процесінде алған білімді нақты істе қолдана білуге мүмкіндік береді.
4. Уақытты үнемдеуге үйретеді.
5. Оқушылар үшін психологиялық жағымды көңіл күй орнайды.
6. Ойын барысында шешім қабылдау оқушылардан аса жауапкершілікті талап етеді.
7. Ойын нәтижесі, өз жетістіктері, әсерлері, алған білімі, дағдысы жөнінде оқушылар ата-аналарымен, өзге балалармен, мұғалімдермен көбірек әңгімелеседі, кітапханада өз бетімен іздене білуге, қажетті материалдарды іріктей білуге үйренеді [36].
Әр сабақта ойындарды таңдап алып, қолдана отырып нәтижесін әр оқушыдан бақылап зерттей отырып, мынадай нәтижеге жеткенін білуге болады.
Сабақты бірыңғай әдістермен жүргізе беру оқушыларды жалықтырары сөзсіз. Егер арасында ойын араласып келіп отырса, оқушылар сабақ мазмұнына баса назар аударып, тез қабылдап, ұғып алады. Ойын – оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай жылдан-жылға дамып, өзгеріп отыруы тиіс. Ойын оқушының білімін берік меңгеру құралы болса, сонымен бірге балалардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, білім сапасын көтеру құралы да болып табылады. Ойын элементтерін тиімді қолдану 1-4 сыныптарда өте тиімді деп ойлаймын, себебі тез жазу, оқу, мазмұндау дағдылары қалыптаспаған оқушыларды бірыңғай жаттығу жұмысы жалықтырады, ал ойын технологиясы керісінше пәнді сүюге, қызығуға ықпал жасайды. Бастауыш сынып балаларын ойната отырып, білім негіздерін қалыптастыру әрбір мұғалімнің міндеті болып саналады.