Лекции.Орг


Поиск:




Азақстанның әлеуметтік және мәдени дамуындағы қиындықтар




1. 1985 жылғы сәуір айында Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің пленумы болды. Онда Орталық партия Комитетінің Бас хатшысы М. С. Горбачев баяндама жасап, қоғамды демократиялық бағытта қайта құру жөнінде шешім қабылданды. Бірақ бұл шешім тек сөз жүзінде қалды. Іс жүзінде ол кеңес қоғамын ыдыратуды тездетті. Оны Қазақстанның партия, Кеңес органдары қызметінен байқауға болады.

Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты тоқырау жылдарында басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың тандауымен жүретін болды. Оларды іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Қазақстан Компартиясының, Орталық Комитеті құрамында сапалық өзгерістер аз болды. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы XVI съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н. Ә. Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.

2. Қазақстанның жоғарғы органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу кеңінен орын алды. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. А. Қонаевты орнынан алған кезде айырықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д. А. Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г. В. Колбин сайланды.

Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халкының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия Комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің Пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында "Әр халыктың өз ұлттық көсемі болу керек" деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды. Міне, осындай күрделі жағдайда Г. В. Колбин партия Орталық Комитетінің бюро мәжілісін шақыртып, оған С. М. Мұқашев, Н. Ә. Назарбаев, 3. К. Камалиденов, О. С. Мирошхин, М. С. Меңдібаев, А. П. Рыбников, Л. Е. Даулетова, В. Н. Лобов, т. б. қатынасты. Бірақ олар алаңға шыққан жастардың жүрегіне жол таба алмады.

Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г. В. Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік құрылысқа қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен милиция және әскерлер арасында қақтығысулар жүрді. Ереуілге қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Олар жастарды мұздай суға тоғыту үшін алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды өртеп жіберді. Қақтығысудың барысында Е. Сыпатаев және С. Савицкий деген азаматтар қаза тапты. Осыған байланысты үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш колдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери бөлімдер әкелінді.

1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық, Комитеті "Қазак республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы" арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болып көрген емес еді. Мәселені әрі қарай тексеріп, болған фактілерді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия егжей-тегжейлі тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып көрсетілді.

Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы шеруінің түрі ұлттық болғанымен ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Шеру саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемелекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Жүйе оны "Қазақ ұлтшылдығы" деп айыптауға дейін барды.

Осыған байланысты 1987 жылғы 14 наурызда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешіміне сәйкес партия ұйымдарында тазалау басталды. Атап айтқанда, өздерінің жіберген қателіктерін ашық мойындау, номенклатуралық жетекші қызметкерлерге мінездеме беруді жаңарту, бастауыш партия ұйымдарында жеке коммунистердің, ал жетекші қызметкерлердің өз қызмет орындарында, тұратын жерлерде есептері тыңдалды. Есеп беру барысында, тек 1987 жылы облыстық партия комитеттерінде істейтін жауапты қызметкерлердің 28 пайызы, ал қалалық және аудандық, партия комитеттерінің әрбір үшінші қызметкері жұмыстан босатылды. Олардың әрбір оныншысы қызметте жіберілген кемшіліктері үшін деген мінездемемен орнынан алынды. Мұндай тазарту жұмыстары сондай-ақ кеңес, кәсіподақ, комсомол органдарында да кеңінен жүргізілді.

Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.

Жергілікті кадрларды қуғынға салған Г. В. Колбин Орталық партия Комитеті бюро мүшелерінің пікірімен санаспады, олардың талаптарын қабылдамады, мәселелерді көп жағдайда өз еркімен шешті. 1989 жылы наурыз айында Г. В. Колбин Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып Мәскеуге кетті. Оның орнына сол жылғы шілдеде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Н. Ә. Назарбаев сайланды.

Бір ерекше айтып кететін жағдай, қайта құру жағдайында бұқаралық хабарлама органдары елдегі, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ешқандай бүкпесіз ашық жариялап отырды. Әсіресе, республикада орын алған әлеуметтік және ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Соның арқасында еңбекшілердің азаматтық және ұлттық сана-сезімі едәуір өсті. Халық арасында орын алған жұмыссыздық, балалар өлімі, халыктың мәдени-тұрмыстық, үй-жай жөнінде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары ашық жарияланып отырды. Мұның өзі бұқара халықтың саяси-әлеуметтік белсенділігін күшейтуге көмектесті.

Қайта құру барысында қазақ халкы өзінің тарихы, ұлттық қайта даму, ана тілі, мемелекеттік егемендік алу жөнінде талаптарын қоя бастады, бұл мәселелер жаңа қырынан көрініс тапты.

3. XX ғ. 70-80 жылдары Қазақстанда ұлттық табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12 пайыз кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мәселен, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек - 69, Одақта әрбір он мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. 1987 жылы республикада мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53 пайыз ғана болды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының жеткіліксіздігінен Өскемен, Шымкент, Алматы, Теміртау, Лениногорск сияқты өнеркәсіп орталықтарында ауаның ластануы өте жоғары денгейге жетті. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында өңеш, қылтамақ, асқазан, бауыр аурулары едәуір көбейді. Мұнда басқа жерлермен салыстырғанда балалар өлімі екі есе өсті. Осыған орай республикада қоғамдық қозғалыс күшейіп, Арал, Балхаш мәселелері жөнінде қоғамдық Комитет құрылды. "Невада-Семей" ядролық қаруға қарсы күрес күшейіп, Семей полигонының жабылуына қол жетті. Бұл қозғалыстар тек ядролық полигондарды жою үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсарту бағытында, "Халық денсаулығы" деген атпен жүргізілді. Қоғамдық негізде сондай-ақ мәдени-ұлттық орталықтар құру, діни ұйымдар, шығармашылық өнер одақтарын ұйымдастыру жөніндегі қозғалыс кеңінен өрістеді.

Халықтың қалын бұқарасы арасында әлеуметтік жағдайын қорғауды талап ететін топтар көбейді. Олар -жалақысы төмен жұмысшылар мен қызметкерлер, зейнет-керлер, студенттер еді. 1991 жылғы желтоқсанда оларды материалдық жағынан қолдау мақсатында жарық көрген "Қазақстан республикасы халқын әлеуметтік қолдау жөніндегі қосымша шаралар туралы" Президенттің Жарлығына байланысты республика үкіметі бірнеше шешім қабылдады. Зейнетақы, жәрдем ақша, стипендия, т.б. әлеуметтік төлемдердің ең аз мөлшері көбейтілді. Қазақстанда 1991 жылы зейнетақының ең төменгі мөлшері және балаларға мемлекет тарапынан қосымша төлем төлеу екі есе өсті, көтерілген бағаның орнын толтыру үшін қосымша 3 миллиард сом ақша бөлінді. Әрине, бұл қаржы күн санап қымбаттап бара жатқан халықтың тұрмыс қажеттілігін қанағаттандыра алмады.

Қоғамды қайта құру, қоғамдық-саяси ахуалды жандандыру барысында бұрыңғы КСРО-ның көптеген аймақтарында ұлттар мен әр түрлі халықтар арасындағы қайшылықтар күшейе түсті, ұлттық тіл мен мәдениетті дамыту мәселелері кеңінен қойыла бастады. Өйткені көптеген ұлттар мен халықтардың өздеріне тән мәдени мұралары мен әдет-ғұрыптары әкімшіл-әміршіл жүйе жағдайыііда жойылып кетті. Мемлекеттік іс жүргізу тек орыс тілінде жүрді. Ұлттық тіл еленбеді. Ұлт тілінде сабақ жүргізу нашарлап, орыс тілі айырықша дәріптеле бастады. Соның салдарынан қаладағы қазақтардың 40 пайызы өздерінің ана тілін білмейтін мәңгүртке айналды. Мұндай жөнсіздіктерді

түзету мақсатында республикадағы 7999 балалар бақшасының жанынан 814 қазақ топтары құрылды. Республикадағы жұмыс істейтін 8654 мектептің 2500-інде оқу қазақ тілінде жүргізілді.

Қазіргі кезеңгі өмір талаптарына сай кейбір пәндерді терең талдап оқытатын мектептердің, гимназия, лицейлердің саны көбейе бастады. Олардың жалпы саны 1400-ге жетті. Жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарында жарты миллионға жуық студент білім алды. Бұл жылдары Түркістан мемлекеттік университеті, Шынкент дене шынықтыру, Көкшетау ауыл шаруашылық, Шымкент фармацевт институттары ашылды.

1989 жылы қыркүйекте Қазақ ССР-інде тіл туралы заң қабылданып, республикада қазақ тілін және басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000-жылға дейінгі кезеңге арналған Бағдарламасы бекітілді. Оның негізгі мақсаты ұлттық тілдерді қорғап дамыту. Заң бойынша мемлекеттік тіл болып қазақ тілі, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі болып белгіленді. Бірақ бұл заңның орыңдалуында көптеген кемшілік орын алды. Өйткені іс жүргізуде, еңбек ұжымдарында әзірге қазақ тілінен гөрі орыс тілі басым еді. Бұл мәселеде жергілікті Кеңестерге елеулі міндеттер жүктелді. Алайда, оны іске асыруда едәуір қиыншылықтар мен қайшылықтар кездесті. Бірқатар жерлерде іс жүргізу, ұлтаралық қатынас қазақ тілінде жүргізілу қажет делінсе, Орал, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Казақстан сияқты облыстарда онан бас тартуға дейін барды.

Қоғамды жаңартып, қайтадан құруда ұлттық, демократиялық қозғалыстар күшейіп, олар бұқаралық демократиялық қозғалысқа айналды. Бұрыңғыдай өз ұлтына қалай болса солай қарайтын адамдардың қатары азайып, олар өз ұлтының экономикалық және рухани мәдениетінің дамуына жанашырлық көрсете бастады. Мәселен, 1989 жылы Алматы қаласындағы үш өнеркәсіп орындарында жүргізілген социологиялық зерттеудің нәтижесінде 18 бен 25 жас арасындағы қазақ жастарының 71 пайызы өздерінің ұлтын мақтан тұтатындығын айтқан.

Қазақстанда тұратын адамдардың басым көпшілігі өз елінің, болашақ дамуын ұлттық тәуелсіздікпен тікелей байланысты деп қарайды. Осы орайда бір айтатын жәйт республикадан басқа жаққа кетушілердің саны көбейді. Мәселен, 1986 жылы 75,7 мың адам, 1987 жылы 71,4 мың, 1988 жылы 70 мың адам басқа жаққа қоныс аударған. Олардың саны, әсіресе, ауылдық жерлерде өсті. Ол жерлерден, соның ішінде тың және тыңайған жерлерді игерген облыстардан орыс, украин, неміс, беларусь тағы басқа да ұлт өкілдерінің кетуі күшейді. Мұның өзі республикадағы барлық саяси күштердіц ынтымақтасып, жалпы ұлттық мүддені барынша қорғау үшін күресуін талап етеді. Әсіресе, қазіргі мейілінше күрделі ауыр кезеңде, оның маңызы өте зор, өйткені таяу арада саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайдың түзеліп кетуіне ол кезде жұрттың сенімі азайды.

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-04-04; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 1371 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

80% успеха - это появиться в нужном месте в нужное время. © Вуди Аллен
==> читать все изречения...

783 - | 733 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.009 с.