Лекции.Орг


Поиск:




КСРО-да ХХ ғасырдың ІІ жартысында еуразияшылдықты насихаттаған ғалымдар. 4 страница




Талайлар менің түпкі ойымды тым қарабайырлатып түсіндіреді. “АЗ и Я” кітабы тап бір “Игорь жасағы жайындағы жырды” қазақ жазған деп дәлелдейтіндей айтады. Бұл – күлкілі нәрсе. Мен ол жырды қос тілді меңгерген адам шығаруы, нақты айтқанда, түркі тілдерін де білетін орыс адамы шығарған болуы мүмкін деймін. Тап-таза тілді табу мүмкін емес. Корей тілінің 75 пайызын қытай сөздері, француз тілінің 25 пайызын араб сөздері құрайды екен. Солардың соған намыстанып жатқанын естіп көрмеппін. Ал өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы ұлыдержавалық өркөкіректік орыс тіліне түркі сөздері араласқан дегеннің өзін кешіре алмады. Өркен жайған мәдениет – өзгелермен ұдайы, жүздеген жылдар бойы араласып-құраласудың жемісі. Сөз алмасу деген тілдің кедейлігінің белгісі емес, бұл оның даму үстіндегі тіл екендігінің белгісі.

Мәдениеттің ең басты құрамдас бөліктері қатарында поэзия мен музыка аталуға тиістігі талассыз. Бұл талассыз болса, онда түркі халықтарының дәл осы поэзия мен музыкада ешкімге дес бермейтіндігі тіпті талассыз. Өмір сүру салтына байланысты айтсақ, мысалы, ең таза музыка ХІХ ғасырға дейін көшпелі өмір салтын сақтап келген халықтарда екендігі даусыз. Ал отырықшылыққа ауысқан түркі халықтарында музыка көбіне сөздің немесе бидің сүйемеліне айналып кеткені белгілі. Көп нәрсе қалай түсіндіруге байланысты. Батыстағы әдебиетте ғұндар талай уақыт бойы жабайылықтың баламасындай болып бейнеленді. Ақиқатында сол замандағы герман тайпалары әлеуметтік, мәдени дамуы жағынан Еуропаға келген ғұндардан көп төмен тұрған. Германдықтар ғұндардан тұтас дүниетаным жүйелерін қабыл алған. А.Плетнева сияқтылардың көшпенділерге мәдениет жат деген сөзінің түкке тұрғысыз екендігін тек Эрмитаждағы скиф алтын өрнектері-ақ даусыз дәлелдей алады. Ал олар классикалық көшпенділер ғой.

Көшпенділер сөздің толық мағынасында мемлекет құрмаған деген ғылыми негізсіз тұжырымдама десе де болады. Әдеби жазба тіл – мемлекеттіліктің басты белгісінің бірі. Орхон мен Енисей бойларында сонау VІІІ ғасырда тасқа қашалған жазулардың тілі ғажап дүние. Әрі икемді, әрі қуатты тіл, ең кернеуі мол сезімдерді, поэтикалық ойдың ең нәзік нақыштарын жеріне жеткізіп айта білетін тіл. Еуропа мен Азиядағы талай отырықшы халықтар ол заманда мұндай байлыққа қол жеткізбеген болатын. Көшпенділер тіпті сол Орхон-Енисей жазбаларынан басқа ештеңе жасамаған болса да, әлем мәдениетінен ойып тұрып өз орнын алар еді.

Ежелгі түрік тілі Орхон-Енисей мәтіндерінде ғана, басқа мәтіндер жоқ, ал бұл мәтіндер оғыз-қарлұқ тілдерінің нормаларына сай деген ұғым бар. Түркологиядағы догмалардың біреуі осы. Кейбіреулер осыдан шығарып, ол заманда қыпшақ тілдері болмаған деуден де тайынбайды. Олар қыпшақ тілдері оғыз тармағынан өрбіген дегенді айтқысы келеді. Сонда қыпшақ тілдерінің жасы біздің заманымыздың орта ғасырларынан бері қарай есептелетін болып шығады. Ал дұрысында, қыпшақ және оғыз тілдерін салыстырып қарасаңыз, ежелгі оғыз тілді жәдігерліктерден ап-айқын кипчакизмдерді көресіз, олар грамматикадан да, лексикадан да танылып тұрады, мұның өзі екі тілдік бұтақтың да орхон-енисей жазбаларынан көп бұрын болғанын әрі бір-бірімен байланыстылығын айқындайды.

Атамзаманғы түркілер (Тарихқа дейінгі түркілер) — 2011 жылы Алматы қаласы «Олжас Баспа үйі»баспасында басылып шыққан кітап. Кітап авторы/құрастырушысы — О. О. Сүлейменов, аударған М. Қазыбек. Беттер саны — 352.

61. Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің қоғамдық қызметі

1962—71 жж. Казахстанская Правда ұнжариясының әдеби қызметкері, Қазақфильм киностудиясы сценарлық-редакцялық алқасының бас редакторы, Просторжурналыныңбөлім меңгерушісы болып жұмыстар атқарады.

1971—81 жж. Қазақстан жазушылар одағы басқармасының хатшысы, сонымен бірге 1972 ж. Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақстандық көмитеттің төрағасы болды.

1981—83 жылдары Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы.

1983—91 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы болды.

1989 ж. ақпанында халқаралық Невада-Cемей ядролық қаруға қарсы қозғалысының президенті болды.

1991 ж. қазанынан Қазақстан Халық конгрессі партиясының төрағасы, құрметті төрағасы болды.

1994 ж. сәуірде шақырылған ҚР Жоғарғы кеңесі төрағалығына ұсынылады, мәжілісте өз үміткерлігін талаппен алып тастайды.

1994—95 жж. ҚР Жоғарғы кеңесінің Қоршаған орта және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі.

1995 ж. тамызынан бастап ҚР Италия республикасындағы, 1996 ж. сәуірінен Грекия республикасындағы, сондай-ақ Мальта республикасындағы төтенше және өкілетті елші міндетін атқарды.


62. Олжас Сүлейменов еңбектеріндегі еуразияшылдық идеясы
1975 жылы О. Сүлейменов «АЗиЯ» атты еңбегінде «Игорь жасағы туралы жырды» зерттей келе, өзіндік ғылыми тұжырым жасады. Яғни, бұл жырдың түркі және славян мәдениеттерінің өзара ықпалы нәтижесінде туған шығарма екенін дәлелдеді. Кеңес идеологтары О. Сүлейменовтың тұжырымдарын пантюркистік және орыс мәдениетіне қарсы жазылған ұлтшылдықтың көрінісі деп айыптады. Мұны автордың өз сөзімен айтқанда: «Кейбір өркөкірек, ұлттық намысы қозғыш шамшылдарға қатты батқаны: көне орыс ескерткіштеріне басқа ұлт өкілінің талдау жасап, пікір айтуы. Олардың ойынша мұндай зерттеу, мұндай пікірді, әсіресе славян түркі халықтарының көне мәдениеті және олардың өзара қарым-қатынасы туралы әуелгі пікірді басқа ұлттың өкілі емес, тек орыс халқының өкілі ғана болатын». Дәл сол кезде «АЗ и Я» кітабын оқуға тиым салынды. О. Сүлейменов қуғындалып, моральдық қысым жағдайына түсті. Ал шын мәнінде Олжас Сүлейменовтың өз айтуынша: «"Аз и Я” кітабын жазуғаДала мен Русьтің тарихы ежелден қойындасып кеткенін, екі елдің тарихтың ұзынабойында негізінен жақын дасумен, бауырласумен өткенін, халықтардың тіпті тілдеріараласуға дейін жеткенін дәлелдеу үшін кірістім.

63. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еуразиялық жобасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия Одағын (ЕАО) құру туралы өзінің жоспарын 1994 жылы ерте көктемде Ұлыбританияға барған ресми сапары шеңберінде оны халықаралық мәселелерді зерттейтін король институтына лекция оқуға шақырғанда алғаш рет жария еткен. Корольдік халықаралық қатынастар институтында сөйлеген сөзінде ол «Кеңес дәуірінен кейінгі кеңістіктің дамуы екі бағытпен айқындалды: бір жағынан, ұлттық мемлекеттің қалыптасуы жүріп жатыр, екінші жағынан, ТМД елдерінің интеграциялық бағыты байқалды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достығының өзін реформалау қажеттілігі пісіп жетті, мұның өзі аймақта тұрақтану белдеуі мен қауіпсіздік орнатуды қамтамасыз етер еді және саяси эволюцияны болжаудың дәрежесін жоғарылатуға мүмкіндік беретіні кәдік»-деп мәлімдеген еді.
Елбасы өзінің ұсынған еуразиялық идеясы жайлы былай дейді: «Біздің ‘Мүмкіндігіміз Еуразия аймағындағы жолдардың түйіскен торабында орналасқан географиялық жағдайымыздан туындайды. Әлемдік экономикалық және саяси процестердің ауқымдану процесі осы факторды түйінділерінің қатарына қосады. Біздің бабаларымыз түркі халықтарының біртұтас отбасы құрамында осы маңызды стратегиялық факторды өздері үшін тиімді пайдалана білді: атақты Жібек жолы бойымен Еуропа және Азия елдері арасында кең ауқымды сауда арнасы ұйымдастырылған болатын. Бүгін біз осы арнаны аймақтағы басқа елдермен ынтымақтаса отырып және әлемдік қоғамдастықтың қолдауымен қалпына келтіре бастадық. Сөз жоқ, келешекте Еуропа мен Азия арасында сауда, қаржы ағысы жүйесі мен адамдардың көші-қоны ұлғая түседі. Көптеген саяси тұрақтандырушы факторлары туралы айтпағанның өзінде, мен нақ осы себептен, Еуразия идеясын ұсындым және оны дамыта бермекпін, әрі оның стратегиялық болашағына да сенімім кәміл».

 

64. Елбасы еңбектеріндегі еуразияшылдық идея

Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде халықаралық ұйымдардың қатысушы мүшесі ғана емес, осы уақытта әлемге ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, АӨСШК секілді ұйымдардың төрағасы ретінде танылды. Бұл егемен еліміздің дамуындағы жалпыұлттық стратегиялық жобалар болғандықтан, барша қазақстандықтардың үлкен қуанышы, мәртебесі. Дегенмен, осы әртебелік жетістіктеріміздің ішіндегі Елбасымыздың еуразиялық идеясын жүзеге асыру барысында атқарылған қызметіне ерекше тоқталған дұрыс деп санаймыз.Елбасы Н. Ә. Назарбаев Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізген «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» атты дәрісінде: «Еуразиялық идеясы теория ретінде өткен ғасырда туған болатын. Бірақ та Еуразиялық идеясы жаңа өмірді ұйымдастырудың практикасы ретінде осы ғасырда іске асатынына сенімдімін. Еуразияшылдық бүкіл ХХІ ғасырдың басты бір идеясы. Сендер мұны көп кешікпей түсінесіңдер және көресіңдер», – деген болатын.Еуразиялық идеясы – құрлық тарихы ерекшеліктеріне негізделген философиялық-саяси тұжырымдама болып табылады. Сонымен қатар, тарихи-мәдени тұжырымдама ретінде саналатын идея еліміздің интеллектуалды элитасын мазалайтын түсініктердің бірі. Еуразиялық озық идеяның ұстамды және сындарлы нұсқасын Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаев ұсынған болатын. Саяси интеграцияға бағытталған түсінік мемлекет басшысының «Еуразиялық Одақ» ұғымын қалыптастыруға септігін тигізді. Қазіргі өзекті саяси тәжірибеде Елбасы посткеңестік кеңістік мемлекеттерінің ықпалдастығынан көреді. Іс жүзіндегі аталмыш идея үлкен кеңістік үшін нақты тұғырнаманың іргетасы. Елбасы Н. Ә. Назарбаев үшін интеграция құр бос сөздер мен ұрандар емес. Ол нақты қадамдарға ұласатын маңызды шара.

65. Еуразияшылдықтың басты даму бағыттары және Еуразиялық Одақ жүйесі

Еуразиялық идея теориядан шынайы практикалық кезеңге өту үдерісінде. Негізі, идея ұсынғаннан бері, Президенттің белсенді қатысуымен болған идеяның жүзеге аса бастауында бес қадамды ерекшелеуге болады: Бірінші қадам, 1994 жылы Мәскеуде ТМД қатысушыларына Еуразиялық одақ құру туралы бастама көтеруі; екінші қадам, 1995 жылы Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттері Кедендік одақ құру туралы келісімге қол қоюы, кейінірек Қырғызстан мен Тәжікстанның қосылуы; үшінші қадам, 2000 жылы Бішкекте Кедендік одаққа кіретін Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан, Тәжікстанның мемлекетаралық кеңесінде жаңа халықаралық ұйым – Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың құрылуы; төртінші қадам, 2002 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері Орталық азиялық ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісімге қол қоюы; бесінші қадам, 2003 жылы Мәскеуде Қазақстан, Беларусь, Ресей, Украина президенттері бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы келісімге қол қоюы.

66. Еуразияшылдық идеясының қазақстандық жобасы қалыптасуының кезеңдері

Еуразия бастамасы – бұл ауқымды аймақтық жоба болғандықтан оның алғышарттарына ХХ ғасырдағы Еуропа, Азия, Америкада әзірленген аймақтық ықпалдасу жобасы кіреді. Қазақстан Президенті: «Бүгінгі әлемде аймақтық одақтардың неше түрі бар, олар сонысымен де мықты болып отыр» деген-ді. Еуразиялық жобаның маңызды халықаралық алғышарты Еуропалық Одақты қалыптастыру үдерісі екендігі де мәлім. Осы үлгі Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы үшін негіз болды.

Н.Ә. Назарбаевтың Еуразиялық бастамасының саяси алғышартына Еуразия кеңістігінде жаңа егеменді мемлекеттердің пайда болуы жатады. 1993 жылы мамырда Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы - қоғамның идеялық бірлігінде» еңбегінде: Қазақстанға әлемнің назары ауып отырғандығындығы тілге тиек етіп, еліміздің географиялық жағдайын, этнодемографиялық және басқа дамуын ескере отырып, көп қырлы бағдар ұстану аса маңыздылығын тұжырымдаған еді. Сонымен бірге елбасы ТМД мемлекеттерімен ынтымақтастық қарым – қатынасқа бірінші кезекте көңіл аударатындығын мәлімдеді.

Н.Ә. Назарбаевтың Еуразиялық бастамасының жаңашылдығын айта отырып, оның интеллектуалдық алғышарттарын да көрсетуіміз қажет. Біріншіден, қазіргі еуразиялықтың интеллектуалдық алғышарттары 1920-шы жылдардан басталып, Ресейден Еуропаға қоныс аударған Н.С. Трубецкой, П.Н. Савицкий, Г.В. Вернадский, Э. Хара-Даван, К.А. Чхеидзе және өзге де ойшылдардың арасында қалыптасты. Олар өздерін «еуразиялықтармыз», ал идеяларын «еуразиялық» деп атаған. Бұл дегеніміз «еуропалық» және «азиялық» элементтерді жинақтайтын жаңа әлем жөніндегі түсінік. Алайда, өзінің ауқымды мәдени-танымдық кеңістігіне қарамастан, еуразиялық идея негізінен ресейлік мәселелер төңірегінде қалыптасты. Еуразиялықтардың идеялары кеңестік болмыстың талаптарына сай болу үшін өзгеруге тиіс еді. Еуразиялық идея еуропоцентризмді, отарлау мен империализмді теріске шығарады.

 

67. Н.Ә. Назарбаевтың "Тарих толқынында" еңбегі

1999 жылы Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегі жарыққа шықты. Бұл еңбекте автор ел тарихын 12 кезеңге бөлген.Еңбектің маңызы – тарих қойнауын зерделей отырып ұлттық қасиетті сақтауға тәрбиелеу қажеттігі баса айтылған, автор «Тарих толқынында» атты еңбегінде ұлттық тарих мәселелерін кеңінен талдап көрсеткен.

Қазақ болмысының ерекшелігі тарихқа арналған. Қазақ даласы, мәдениет келешегі, ұлттық бірегейлік, тоталитарлық тәртіп пен ұлттық ұғымдар, тарихтың терең шеңберлері бұл кітапта кеңінен суреттеліп, жазылған кітап. Тарих біріңғай ақ немесе қара деп бөлікке салатын бұлаңдықты көтермейді. Тарихтың толқынында қазақтың сана сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы ұлттық қасиетін түсінуге мүмкіндік беретін шығарма. Елбасы еңбектерінде қазақтың этногенезі жөнінде қазақ халқының түп төркіні шамамен төрт-бес мың жыл бұрынғы сақ тайпаларынан бастау алып, біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдан біздің заманымыздың V ғасырына дейін өмір сүрген үйсін, ғұн, қаңлы тайпалық бірлестіктері қазақ ұлтының арғы тегін қалыптастырды деген көзқарасын айтады. Біз Елбасының бұл көзқарастарын «Тарих толқынында» атты еңбегіндегі Қазақстан тарихын кезеңдерге бөліп қарастыруынан көреміз. Зиялы қауымды дүр сілкіндірген, тарихшы ғалымдар үшін шын мәнінде белесті оқиғаға айналған кешегі кеңейтілген отырыстың мән-маңызын негізгі баяндамадағы мына сөздер дәл жеткізе алады деп ойлаймыз: «Ұлттық тарихқа қызығушылық немесе немқұрайдылық – халық мәдениетінің айқын және нақты өлшемі. Өзінің өткенін ұмытатын қоғамды болашақ та ұмытады. Бейнелері бейберекет ауысып жатқан мына аса ауқымды әрі ұшқыр әлемдегі ең маңызды құбылнама мен адастырмас бағыт-бағдар – өзіңнің ата-бабаңның кімдер болғанын, мынау тарих толқынында өзіміздің кім екенімізді білу және ұмытпау».Кезінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деп айтқаны халқымыздың абыройын асырғаны есімізде. Иә, ұлттық тарихымыз ұлттық мақтанышты күшейтудің, отаншылдықты арттырудың қуатты тетігі. Ал отаншылдық сезім – ұлы істердің бастауы. Кешегі келелі кеңес ұлттық тарихты зерделеуде соны серпіліс болатындығына сендіріп отыр.Сонымен қорыта айтсақ, Н.Ә. Назарбаевтың “Тарих толқынында” атты кітабының тәуелсіз Қазақстан тарихының жеке адамдық жазба дерек көзі ретіндегі басқа еңбектерінен басты айрмашылығы, автордың тәуелсіздік тарихының тамырын тарихтан іздеушілдігі. Егер, басқа еңбектерде тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің пайда болуының объективті алғышарттары туралы айтылып, нақты мемлекет құру ісі бейнеленсе, “Тарих толқынында” сол мемлекеттің тереңнен бастау алған ірге тасы туралы айтылған.

 

68. Н.Ә. Назарбаевтың "Ғасырлар тоғысында" еңбегі

Бұл кітап өз көзімізбен көргенімізді, өз басымыздан кешкенімізді, жүздес-сұхбаттас болған тұлғалардың мінездемелерін қамтығанымен, мемуар жанрына жатпайды. Егер бізге салса, бұл шығарманың жанрын «болашақ жайлы естелік» деп санаған орынды сияқты. Әрине, бір-біріне көпе-көрінеу кереғар ұғымдардан тұратын бұл сөз тізбегіне біз атымен басқаша мағына беріп отырмыз. Адамдар, әдетте, өткеннің мәніне ертеңнің тұрғысынан үңіліп түсінеді. Біз оқырмандарымыздың мәселенің байыбына басқаша тұрғыдан зер салғанын қалар едік. Өйткені сөз болатын гәптер белгілі бір нақты кезеңде, сол кезеңнің ағымдағы саясатының арнасында, белгілі бір ретпен жүзеге асқандығы даусыз. Бұл кітаптың мақсаты – расында да, болмыстарынан бедерлі жаратылған саяси ықпалдастарымыздың бейнелерін жарқыратып сомдап шығу емес. Біздің көздегеніміз – кешегі кеңестік үрдіс құлағаннан бергі кезеңде кездескен саяси мәселелердің күрделі табиғатына оқырмандарымызды өз көзімен үңілдіріп, өз тұжырымын жасауына көмектесу.

69. Н.Ә. Назарбаевтың "Қазақстандық жол" еңбегі

Елбасының кітабы Қазақстанның қазіргі тарихының аса күрделі де жарқын сәттерін баяндайды. Тоғыз тараудың әрқайсысы, тәуелсіз жас мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы айшықты қадамдарын ашып көрсетеді. Бұл – Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын жасау жөніндегі жұмыс, қазіргі қолданыстағы ел Конституциясын қабылдау үрдісі, мұнай-газ ресурстарын игеруді бастау, ұлттық валютаны енгізу және табысты банк жүйесін құру туралы жазылған еңбек. Жекелеген тарауларда жекешелендіру мен жер реформасын жүргізу үрдісі әңгімеленеді, елорданы Астанаға көшіру және Қазақстан азаматының тұңғыш ғарышқа ұшуы айтылады. Кітап Президенттің ел жастарына арнаған үндеуі түрінде ойластырылған. Автор бұл кітаптың Қазақстан көшбасшыларының жаңа буыны үшін қолдан түсірмейтін құралға айналар деп сенеді.

70. Кеңес Одағының ыдырау қарсанындағы Еуразиялық кеңістіктегі саясы- экономикалық және дипломатиялық хал-ахуал (80-ші жылдардың аяғы-90-шы жылдардың басы).

Қазақстан тарапы еуразиялық одақ жобасын ұсынғанда ТМД елдерінің мүддесіне сай тең құқылы және еркін түрде кооперативтік дамудың үлгісін нақтылап беруге тырысты. Еуразиялық одақ егеменді мемлекеттердің тұрақтылық пен қауіпсіздік, әлеуметтік-экономикалық жаңғыруға бағытталған интеграциясының тәуір бір үлгісі десек болар. Ресейдің А.Дугин, И.Панарин секілді идеологтары еуразиялық идея туралы айтқанда тең құқылы әріптестік негізіндегі интеграцияны емес, баяғы еуразиялық ұлы державаны қалпына келтіруді аңсайды. Тарихта найзаның ұшымен, білектің күшімен осынау ұлан-ғайыр кеңістікте Атилла, Шыңғыс хан империясы, Әмір Темір империясы, Алтын Орда, Ресей империясы, КСРО секілді еуразиялық державалар болғаны белгілі. Шовинистік пиғылға салынған Ресей саясаттанушысы Игорь Панариннің ойынша, еуразияшылдықтың негізі Еуразиялық Русь идеясынан бастау алады. Орыс еуразияшылдары Батыстануға, яғни атлантизмге қарсы тұрса, екінші жағынан еуразияшылдық идеясын бұрынғыша ықпал етудің идеологиялық құралына айналдырғысы келеді. Осы арада басын ашып алу керек, еуразияшылдық идеясының екі кезеңі бар. Біріншісі, 1920-жылдары Н.С.Трубецкой, П.Н.Савицкий, Г.В.Вернадский дамытқан философиялық ой-пікірлер жүйесі болса, екінші кезеңін – 1990 жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық доктринасын теориядан шынайы болмысқа ұластыруға талпынған ерік-жігерімен байланыстыруға болар. Олай болса, ресейлік «ескі еуразияшылдық» пен қазақстандық «жаңа еуразияшылдықтың» ара-жігін ажыратып алған жөн шығар. Біріншіден, еуразияшылдық Ресей үшін тарихи тұжырымдама болып қалды. Ал Қазақстан үшін өмірлік қажеттілік. Екіншіден, ресейлік еуразияшылдық Батысқа қарсы тұрушылықпен ерекшеленді. Ал қазақстандық еуразияшылдық Батыстан алыстауға емес, керісінше, мемлекетаралық деңгейде неғұрлым терең қарым-қатынас орнатуға зор мән беріледі. Қазақстанның 2008 жылы қабылдаған «Еуропаға жол» бағдарламасы осының айғағы. Үшіншіден, Назарбаевтың еуразиялық доктринасы орыстар сияқты тар ауқымдағы идеологиялық сызба емес, кең ауқымдағы халықаралық және өркениетаралық байланыстар әдісі. Жабық емес, ашық жүйе, ашық түрдегі өркениеттік карта болып табылады.
Еуразиялық одақ идеясының тарихи, этномәдени және әлеуметтік-экономикалық алғышарттары бар. Белгілі тарихшы Лев Гумилев атап өткендей: «ішкі Еуразия халқы славян-тұрандық қауымдастығымен көзге түседі, яғни қауымдастық жай этникалық қана емес, суперэтностық мәнге ие» орасан зор кеңістік болып табылады. Онда батыс еуропалық, славяндық, түркілік этномәдени құндылықтарды топтастырған әр алуандылық байқалады. Сарапшылар арасында Еуразиялық одақты баяғы КСРО-ға қайта оралу деп бағалайтындар да жоқ емес. Алайда қайта оралу емес, интеграциялық қайта жаңғыру деп түсінген жөн. Бұл әлемде қалыптасқан дәстүр. Мәселен, Еуропалық одақта – 27 ел, 1999 жылдан бастап құрылған Африкалық одақта – 53 мемлекет бар. Еуразиялық идея теориядан шынайы практикалық кезеңге өтті деу қиын. Посткеңестік елдер арасында «біз еуразиялықпыз!» деген ұстаным санаға дендеп еніп келеді.
Қазақстан басшысы жиі көтеріп жүрген жаңа интеграциялық ұйым құру, жаңа аймақтық валюта қалыптастыру жөніндегі ойлары Еуразиялық одақтың алғышарты болса керек. Бұл үшін Еуропалық үлгіде Еуразиялық одақтың атқарушы комитеті мен жалпы парламент, әр сала бойынша комиссиялар құру керек.

71. 1991-2000 жылдар аралығындағы Еуразиялық кеңістіктегі ықпалдасу үрдісі.

1. Еуразиялық жоба - 1990-шы жылдардың бірінші жартысындағы мемлекет басшысының тұжырымдамалық ілімі, егеменді Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік стратегиясының маңызды бөлігі. Президент «халықаралық бірлестіктер тәжірибесін ұзақ зерттеп, ТМД елдеріндегі жағдайды жете талдап» «ықпалдасу үдерісін жылдамдату керек» деген қорытынды жасады.Алғаш рет Еуразиялық бастама елбасының 1994 жылы 22 наурызда Ұлыбританияға ресми түрде барған сапары кезінде тезистік түрде айтылды. Президент Н.Ә. Назарбаев «Chatһam House» аталатын Королеваның халықаралық қатынастар институтында сөз сөйлеп бұрынғы кеңестік кеңістіктің дамуында екі баста бой көрсетіп отырғанын көрсетті: бір жағынан – ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру, екінші жағынан – ықпалдасудың қажеттілігі. Мемлекет мүддесін, аймақтың тұрақтылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мақсат болды. Лондонда бірінші рет мемлекетаралық бірлестік – «Еуро-Азиаттық одақтың» аты ұсынылды.

Н.Ә. Назарбаевтың Еуразиялық бастамасы ТМД аймағы үшін –жаңашыл жоба болып табылады. Еуразиялық бастама сол жылдардағы қиындықтардың алдын алуға бағытталып, стратегиялық негізге ие болды. Елбасының «Мемлекеттердің Еуразия одағын құру жөніндегі» жобасы 1994 жылы 3 маусымда ТМД-ға қатысушы мемлекет басшыларына жіберіліп, оның нәтижесі 6 маусымда қазақстандық, ал 8 маусымда ресейлік баспасөзде жарияланды. Жобаның тұжырымдамалық кіріспесі маңызды мәнге ие, онда (наурыз айындағы сөйлеген сөзінде де) көрсетілгеніндей, ТМД елдерінің дамуы екі үдеріспен анықталады: бір жағынан, «ұлттық мемлекеттіліктің одан әрі қалыптасуымен», сондай-ақ, екінші жағынан – «ықпалдасумен». ТМД елдерінің басты мәселесі – қабылданған шешімдердің орындалмауында деп Н.Ә. Назарбаев атап көрсетті. Осыдан келіп, «барлық қатысушы мемлекеттер тарапынан бірлесіп қабылданған міндеттемелердің сақталуына кепілдік беретін, ықпалдастықтың жаңа деңгейіне көшу» қажеттілігі туралы қорытынды жасалады.

Қазақстан Президенті «жаңа ықпалдастық бірлестікке» төмендегідей анықтама береді: «ЕАО – әрбір қатысушы елдердің ұлттық-мемлекеттік мүддесін іске асыруға бағытталған және тұтас бірігу әлеуетіне ие, тең құқылы тәуелсіз мемлекеттердің одағы. ЕАО егемен мемлекеттердің ықпалдасу нысаны болып табылады». Бұл тұжырым егемендік туралы принципті мәселеде ешбір күдікке орын қалдырмайды. Н.Ә. Назарбаевтың жобасы мемлекеттердің егеменділігін сақтай отырып ықпалдасу тұрғысындағы бастама. «Еуразиялық одақ» жобасының негізіне алынған саяси қағидалар да осымен байланысты: теңдік, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, егемендігін сыйлау, территориялық біртұтастық пен мемлекеттік шекаралардың бұзылмауы. Осы өзекті қағидалардың әр қайсысы қатысушы мемлекеттердің өз егемендігін сақтауына бағытталған.





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-03-18; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 2323 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Велико ли, мало ли дело, его надо делать. © Неизвестно
==> читать все изречения...

998 - | 761 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.009 с.