Лекции.Орг


Поиск:




Жылқы малы тұқымдарының ерекшеліктері. Ежелгі дәуірлерде – ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені




Ежелгі дәуірлерде – ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде (б.з.б. 4 - 3- мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.б. 2- мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.б. 1- мыңжылдық - б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет - ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Ал сақтар Алтайдан Дунай өзеніне дейінгі кең байтақ аймақта үйір - үйір жылқы өсіріп, ат құлағында ойнауды өнер дәрежесіне көтерген. Сақтардың балалары мен әйелдеріне дейін ат үстінде соғысу тәсілдерін жас кезінен жетік меңгеріп, көрген жұрттың зәресін ұшырған. Олардың қанқұйлы жорықтарынан соң, Еуропада, Кіші Азияда, Жерорта теңізінің бойында, Мысырда атпен бірге жаратылған кентаврлар туралы аңыз тараған. Ежелгі грек мифологиясындағы жауынгер әйелдер – амазонкалар туралы аңыздар да осы сақ әйелдерінің бейнесінен алынған деген пікір бар. Қалай болған да, жылқыға салт мінуді қас өнерге айналдырып, оны әскери әдіс - тәсілдермен шебер ұштастыра білген сақтар өз заманының ең қуатты еліне айналған. Олар өздерінің жаңа жерлерді жаулап алуына, тіршілікке қажетті байлықтарға кенелуіне жағдай жасаған жылқы баласын аса қатты құрметтеп, жан серігі санаған. “Олар аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізеді, – деп жазады ежелгі грек тарихшысы Геродот, – ал жүгендерін, шылбырын алтынмен әшекейлейді” Сақтардың патшалары, қолбасшылары мен батырларының тек өздерінің бас киімдеріне ғана емес, мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі – жыға таққаны туралы деректер бар. Олардың қайтыс болған хандарды, ханзадаларды, батырларды т.б. жерлегенде, оның жан серігі болған атын жанына бірге қою ғұрпы да “иесіне аты о дүние де серік болады” деген сенімнен пайда болған.

Дүние жүзінде 250- ге тарта жылқы тұқымы мен тұқымдық тобы өсіріледі. Олар бір - бірінен шығу тегі, өнімдік бағыты, дене құрылысы мен тірідей салмағы, зат алмасуы бойынша ерекшеленеді. Жылқы тұқымдарын топтастырып, жіктеу (классификақиялау) оларды зерттеуді жеңілдетіп, асылдандыру ісін жүйелі түрде ұйымдастыруға мүмкіншілік тудырады. Зоологиялық, экологиялық және зоотехникалық тұрғыдан жылқы тұқымдарын қаңқасының жетілуі мен хронологиялық өзгеруіне байланысты кластарға бөледі. Экологиялық жіктеу жылқы тұқымдарын шығу тегі мен таралған жеріне негізделген. Бұл жіктеумен үндестік тапқан зоологиялық жіктеу бойынша жылқы тұқымдарын – сүйегі жеңіл де мықты, қырынан қарағанда иіліп тұратын, терісі жұқа шығыс және сүйегі ірі, терісі қалың, жүндес батыс тобына (Франк, Неринг), шығыс жылқысы типтес жазық және таулық, басы қырынан тік, беті қысқа да кең келетін ормандық, бөкен тұмсықты беті ұзын да жіңішке далалық аймақтың тобына (К.Юарт), дөңес маңдайлы оңтүстік және тік маңдайлы солтүстік типтеріне (А.Браунер) жатқызады. Бірақ Бұл жіктеу жүйелеріне қарағанда іс жүзінде жылқы тұқымдарының шаруашылыққа – пайдалы (хозяйственнополезные) белгілеріне негізделген зоотехниялық жіктеуі кең пайдаланылады.

Зоотехниялық жіктеулер ішінде іс жүзінде тиімдісі А.Красниковтық жіктеуі. Ол жергілікті жылқы тұқымдарын – далалық (башқұрт, бурят, қазақ, монгол), таулық (алтай, гуцул, Карабах, кырғыз, локай, менгрел, тува, туша), ормандық (вят, карел, мезен, печора, полесие, эстон, саха– якут жылқылары) деп үш экологиялық типке бөліп, ал зауыттық тұқымдарды мініс (араб, ақалтеке, буденный, иомуд, терек, тракенен, таза канды салт мініс), міністі - жегісті (дон, кабардин, қарабайыр, қостанай, көшім, жақа қырғыз), желісті (орлов, орыс, француз, американ), ауыр жүк тартатын (Владимир, арден, литва, першерон, орыс, совет), жегіс (белорусс, жемайчу, Латвия, торий) тұкымдарына бөлді. Ю.Барминцев шаруашылыққа пайдалану қасиеттері бойынша жылқы тұқымдарын төрт топқа бөлді жұмыс аттары (жегілетін және желісті жылқының шаруашылықта жұмыс істеуге, жүк теңдеуге, тасымалдауға жарамды типі, экстремальды жағдайға арналған әскери аттар), спорт аттары (ат спорты ойындары мен жарыстарға, сондай - ақ ат туризміне арналған аттар), сүт және ет өндіруге арналған жылқы (өнімді жылқылар), продуценттер (жылқы қанынан сіреспе, гангрена, дифтерия, ботулизм, т.с.с. ауруларды емдеуге арналған қан сарысуын дайындайтын биология өнеркәсібіндегі жылқылар). Қазақстанда өсірілетін негізгі жоспарлы жылқы тұқымдарына қазақы жылқының жабы мен адай типі, көшім, қостанай және дон тұқымдары жатады. Тебінді жылқы шаруашылығында жергілікті жылқы тұқымдары өсіріледі.

Мініс жылқы тұқымдары. Түрлі жылқы тұқымдарын шығару ісі қоғам сұранысынан туындап, әлеуметтік-экологиялық жағдай мен сыртқы орта факторларының ықпалымен жүргізілді. Олардың бұрыннан қалыптасқандары халықтық сұрыптау жолымен шығарылған болса, кейінгілері мамандардық нысанды селекциясының нәтижесі болып табылады. Қоғам сұранысы мен әлеуметтік-экологиялық жағдайының өзгеруіне байланысты жылқы тұқымдары үнемі өзгеріске түсіп отырады. Мысалы, соғыс қажеттігі әскери ат шығаруға себеп болса, ат спортының қанат жаюы спорттық жарыс аттарына сұранысты күшейтті.

Ақалтеке жылқысы. Түрікмендердік ғасырлар бойы сұрыптап, әбден баптап шығарған, аса күтімді қажет ететін көне жылқы тұқымы. Өте әсем жылқы тұқымы. Басы ашақ, бота көзді, мойыны ұзын, тік, кейде бұғы мойындысы да кездеседі. Шоқтығы биік, тік, ұзын, арқасы жұмсақтау, жоны ұзын, сауыры сәл түсінкі, аяқтары ұзын, жіліншіктері жіңішке, аяқ жүні тықыр, бақайлары дөңгелек, тұяқтары шымыр келеді. Артқы аяқтары көбінесе қайқылау. Терісі жұқа, жалы жұмсақ. Түсі құла, торы, сары, жирен, қара және қаракер түсті болып келеді. Кемшіліктері де жоқ емес, оған кеудесінің қысыңқылығын, сүйектерінің тым жұқалығын, белінің қайқылығын, дене тұрқының қысқалығын жатқызуға болады. Көбінесе қорада күтіп-бағылып, негізінен жоңышқа, арпамен азықтандырылатындықтан жайылым жағдайына, суыққа төзімсіз. Ақалтеке жылқысы ыстыққа төзімді, алыс жолға шыдамды және спортқа бейім келетіндіктен шөл және шөлейт жерлерде салт мінуге өте қолайлы. Осы қасиеттерінің арқасында Луговой асыл тұқымды жылқы зауытында бапталған Абсент атты қара айғыр Рим олимпиадасында алтын жүлдеге ие болды. Араға 1 жыл салып Абсент Лейпцигте өткен халықаралық көрмеде қатарынан үш жүлдені иеленді. 1970 жылы зауытқа оралып, үйірге қосылып, сапалы ұрпақ таратты. Ақалтекелік 1962 ж. Крокет деген айғыр 2400 м қашықтықты – 2 мин. 42 сек., 1971 ж.т. Пери деген бие 3200 м қашықтықты – 3 мин. 5 сек. шауып өткен.

Таза қанды мініс тұқымы. Бүкіл жершарында өсіріліп, мініс аттарын жақсартуға пайдаланылатын тұқым. Ол ХҮІ– ХҮІІ ғасырларда Англияда араб, парсы және түрікмен жылқыларымен будандастыру арқылы, негізінен атақты Барлей-Терк (1680), Дерлей Арабиан (1700) және Годольфин Барб (1724) деп аталатын үш айғырдан алынған ұрпақ сапасы өте қатаң тексеріліп, іріктеліп, сұрыпталуы арқылы шығарылғаны белгілі. Өте жүйрік, әсіресе жақын қашықтыққа ұшқыр келеді – 1000 м қашықтықты 0,58 сек. шауып өтіп, 2400 м қашықтықтағы рекорды – 2 мин. 27,2 сек., 3200 метрдегісі – 3 мин. 22 сек. Аса жүйріктігімен қатар өте сымбатты, тұлғасы зор, ірі, жылқы. Көбінесе торы, қаракер, жирен түсті. Қостанай тұқымын шығаруға кеңінен қолданылды. Қостанай жылқысы мініс-жегіс жылқы тұқымына жатады. Қостанай облысының "Қостанай", "Майкөл" жылқы зауыттарында жергілікті қазақы жылқыны қалмақ, дон, стрелецк, орловростовчинск және таза қанды салт мініс тұқым айғырларымен будандастыру арқылы қорада және жайылымда бағуды кезектестіре қолдану арқылы шығарылды.

Қостанай жылқысының құлынын енесін еміп жүрген 2–3 айлығынан бастап сұлыға үйретеді де, күзде бөліп, қыста қорада бағады. Жылы күндері далада серуендетіп, күніне 2-4 кг пішен мен сұлы беріледі. Жазда жайылымға шығарып, қосымша жемдеп күтеді. 1,5 жасқа толғанда үйретіліп, ипподромда сыналады да, ең жақсы нәтиже көрсеткендері зауытта тұқымға қалдырылады. Қостанай жылқысы жүрдек, күшті, салт мінуге де жегуге де төзімді. Оны Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарында жергілікті жылқыны жақсартуда пайдалануға болады.

Бұл тұқым жылқысының басы орташа, мойны түзу, ұзындығы орташа, шоқтығы етті және тік, арқасы жалпақ, жұмырлау, жауырыны ұзын, алқымы мен тынысы кең, аяқ сіңірлері шығыңқы, шашасы шағын, топайы орташа, тұяқтары дөңгелек әсем келеді. Өнімдік бағыты бойынша негізгі, далалық және мініс топтарына (типіне) бөлінеді. Негізгі топқа жататындарына таза қанды мініс тұқымы мен жергілікті жылқы қасиеттері тең берілгендіктен тұрқы ұзын, шомбал денелі, денсаулығы мықты, шымыр келеді. Мініс тобы жылқылары тұрқының қиғаш ұзындығы шоқтығына дейінгі биіктігінен кем, денесі жеңіл, салт мінуге ыңғайлы келеді. Бірақ тебінге төзімділігі төмен екені байқалады. Далалық типтегілерінің шоқтығына дейінгі биіктігі негізгі және салт мініс типінен кем келеді, бірақ дене бітімі мейлінше шомбал және етті, биелері сүтті болады.

Желісті жылқы тұқымдарына орлов пен орыс жылқылары жатады. Жаңа жердің ауа райына, ыстық-суыққа тез көндіңгіш, шыдамды келетіндіктен, жергілікті жылқы сапасын жақсартуға өте пайдалы. Бұдан құлындары ірі, өсем, желісті болып туады. Арбаға жегуге де салт мінуге де қолайлы. Орловтың желісті жылқысын XVIII ғасырдық екінші жартысында Воронеждегі Хреновский жылқы зауытында граф А.Орлов пен атбегі В.Шикин сол кездегі ең жақсы жылқы тұқымдарын пайдаланып шығарған. Түрі мен тұлғасы, сымбаты мен жұмысқа жарамдылығы қойған мақсатқа толық сай бастарын қора мен жайылымда кезек бағып, мол жемдеп, арбаға жегіп мейлінше шыңдаған.

Орлов жылқысының ірі денелі, басы үлкен, бірақ түгі тықыр, мойны ұзын, көбінесе аққу мойынды әдемі болады, шоқтығы биік, етті келеді, арқасы тегіс және жалпақ, сауыры құйылған шойындай тұп-тұтас, аяқ сүйектері жуан. Дене кемшіліктеріне буындарының солқылдақтығы, алдыңғы аяқтарының алшақтау келетіндігі жатады. Өте жүрдек, желісті. Пион атты айғыр 1600 метрді 2 минутта желіп өткен. Ауыр жүк тасуғада төзімді, күшті. Парлап жегілген екі Орлов аты 2 т жүкті жай жолмен 9,6 км жерге 1 сағ. 25 мин. 30 сек. жеткізіп, 4 сағаттың ішінде 0,71 гектар жер жыртқан. Бірақ әуелден спортқа бейімделіп өсірілмегендіктен XIX ғасырдың, аяғында Ресейде кең өріс алған желісті жылқылар жарыстарында олар американдық желгіш аттардан қалып қоя бергендіктен, орлов тұқымының биелері олардың айғырларымен шағылыстырып, будандарының жылдамдығын үдету негізінде желісті жылқының жаңа ұшқыр тұқымы – орыс желгіш тұқымы – шығарылды. Оның Жест атты айғыры 1600 метрді 1 мин. 55,6 секундта желіп өткен.

Ауыр жүк тартатын жылқылар тұқымы ХҮІІІ– ХІХ ғасырда өндіріс пен ауыл шаруашылығы сұранысынан шығарыла бастады. Англияда – клейдесдал, шайр, суффольк, Францияда – першерон, Бельгияда – орден және барбонсон, бұрынғы Кеңестер Одағында – совет, орыс, Владимир, литва тұқымдары шығарылды. Олардың айғырларын жергілікті биелермен будандастырғанда құлындары денелі, күшті, ауылшаруашылық жұмыстарына пайдалануға қолайлы болып шығады.

Совет тұқымы жылқысы ірі, мойыны етті, шоқтығы аса биік емес, арқасы кең, қабырғасы жұмыр, аяғы жуан, түсі жирен, бурыл, торы болады. Айғырларының шоқтығының биіктігі – 162 см, тұрқының қиғаш ұзындығы – 169 см, көкірек орамы – 210 см, жіліншік орамы – 25 см ауыл шаруашылығы жұмыстарына төзімді. Сынақта Завод атты биесі 851 кг, өз салмағының 80% жүк тартты.

Орыстың ауыр жүк тартатын жылқысы онша биік емес, маңдайы жазық, мойны жуан, шоқтығы биік емес, арқасы ұзын, белі кейде қайқылау, сауыры кең, аяқтары қысқа, мықты жалқұйрығы болады. Көбіне жирен, бурыл, торы, шабдар, арасында көк, қара түсті келеді. Айғырларының шоқтығының биіктігі – 150 см, тұрқының қиғаш ұзындығы – 158 см, көкірек орамы – 194 см, жіліншік орамы – 22 см, тірідей салмағы – 600 кг. Жүрдек, желісті, жұмысқа төзімді, мықты келеді. 18– 20 жасқа дейін пайдалануга болады. Биелері төлшіл және сүтті келеді.

Етті-сүтті бағыттағы жылқы тұқымдарына елімізде ертеден өсіріліп келе жатқан қазақ жылқысы жатады. Оны ғасырлар бойы күш-көлік және еті мен сүті үшін өсірген. Қазақ жылқысының өсіруге жағымды қасиеттеріне денесінің ерекше шымырлығы, ауа райының қатал жағдайына өте төзімділігі, жемшөпке талғамсыздығы мен жыл бойы жайылымда бағылып, қоңдылығын жақсы сақтайтындығы жатады. Олардың басы үлкен (бірақ онша оғаш емес), сағағы кең, көзі кішілеу, мойны жуандау, тұрқы орташа, шоқтығы онша биік болмайды, көкірегі кең, қабырғалары ұзын және тіктеу келеді. Арқасы берік, шабы тар, аяқтары сіңірлі, жуан, сүйекті болады, сіңірлері мықты, білеуленіп тұрады. Тұяқтары кішілеу, шымыр. Жал-құйрығы қою, жүні қалық. Қара көк, құла түстілері де кездеседі. Биелері тебінде де сүтті келеді. Шұрайлы жайылымда биеден құлындағаннан кейінгі айларда тәулігіне 12– 15 л сүт сауылады. Биелерінің тірідей салмағы – 380 - 390 кг, айғырларынікі – 450– 480 кг, құнан дөнендерінікі – 300– 310 кг.

Қазақстанның қысы қатты, жазы ыстық болатын далалы және шөлейт аудандарында қазақ жылқысының бір типі – жабы жылқысы өсіріледі. Бұл жылқының дене бітімі ірі, шомбал, тұрқы ұзын, қарны жуан, аяқтары келте (қысқа) болады. Өте тез оңалып, тез семіреді, қысқы боран мен қақаған аязға төзімді, күшті келеді. Жабы салт мінуге ыңғайлы, жуас, жүрісті жылқы. Жайылымда тез қоңданып, семіреді де, 53– 57% ет пен май аралас келетіндіктен дәмді сойыс шығымын береді. Биелерінің тәуліктік сүттілігі 18– 20 л.

Атырау аймағындағы шөлейтті ауа райы мен жайылымына мейлінше бейімделген жергілікті жылқыға көршілес түркпеннің теке және иомуд жылқысының әсерінен жабымен салыстырғанда дене құрылысы салт мініске көбірек бейімделген, тұлғасы тәуір қазақы жылқының және бір тарауы – адай жылқысы өсіріледі. Адай жылқысының басы жеңіл, шағындау, кеуде жағы жинақы, арқасы түзу (оқтаудай), шоқтығы шығыққы, сауыр жағы етсіздеу, аяқтары жіңішке, сидақ етсіз, сіңірлі келеді. Тірідей салмағы – 410– 430 кг, сойыс шығымы – 54– 56%. Биелерінен тәулігіне 11– 13 л сүт сауылады. Жүріске төзімді – сағатына 30-32 км, тәулігіне – 300 км жүреді. Аламан бәйгеге жібергенде 30 км– ді – 1 мин. 48 секүндта, ал жорға жарыста – 10 км-ді 19 мин., 12,2 секундта өткен.

Батыс Қазақстанда 1930 жылдардық бас кезінен қазақ жылқысының таңдаулы биелерін таза қанды және аралас қанды салт мініс тұқымы айғырларымен будандастырып жүргізілген селекция жұмысының нәтижесінде жаңа жылқы тұқымы көшім жылқысы шығарылды. Жыл бойы жайылымда бағып - өсірілген будан биелер үйіріне дон тұқымының айғырлары жіберіліп, одан алынған үш тұқымдық будандардан ірі де салмақты, жайылымда ұстауға төзімділерін іріктеп, "өзара" шағылыстыру арқылы осы жағымды қасиеттері тұрақталған жылқы тұқымы қалыптасты. Басы қазақы жылқыныкіне ұқсас, ал мойны олардікіндей онша қысқа емес, орташа, шоқтығы биік біткен. Көкірегі кең, төсі алшақ, омырауы, қабырғалары шеңберлі, арқасы тегіс, жазық, сауыры сом етті, аяқтары сүйекті келеді. Түсі торы, жирен. Жұмысқа көнбіс – тәулігіне 270– 290 км жүріп тастайды. Тірідей салмағы – 530– 550 кг айғырлары үйірге өте қолайлы, жергілікті жылқыны жақсартуға ойдағыдай пайдалануға болады. Биелерінің тірідей салмағы – 480– 500 кг, 2– 2,5 жасар тайларынікі – 400– 420 кг тартады. Жайылымда жақсы семіріп, сойыс шығымы 53– 55% жетеді. Биелерінің тәуліктік сүттілігі – 14– 18 л.

Жылқының сыртқы пішіні, яғни экстеръері, оның анатомиялық және физиологиялық жүйесіне көп ықпалын тигізеді. Сондықтан жылқы экстерьерін жақсы білу қажет, ол үшін олардың қозғалыс мүшелерін, ішкі ағзаларын, жүйке жүйесі мен сезім мүшелерін, ішкі секреция бездері туралы мәліметтерді жете меңгеру керек.

Жылқының жалпы қозғалыс мүшелері екіге бөлінеді сүйек пен буындардан тұратын қаңқасы енжар мүшеге жатса, бұлшық еттері белсенді мүшелерге жатады.

Қаңқа. Қаңқа жылқы денесінің қатты негізін құрайды және ағзада тіреу мен ішкі мүшелерді сыртқы әсерлерден қорғау қызметін атқарады. Жылқы қаңқасы 252 сүйектен тұрады. Олар басқа малдың сүйегінен көрі үлкен, тығыз және мықты келеді. П.Алтуховтық деректеріне қарағанда жылқы сүйегінің қысым мықтылығы гранитен екі есе артық, ал созылу мықтылығы жез бен шойынға тең. Қаңқа сыртын бұлшық еттер қаптап тұрады. Олар қаңқамен дәнекерлесіп, малдың қозғалысын қамтамасыз етеді. Бұлшық еттердіқ көпшілігінің ұшы сіңір болып бітеді. Қаңқа сүйектен, шеміршектен және оларды байланыстырып тұратын сіңірлерден құралады. Қаңқаны арқау және шеті деп бөлу қабылданған. Арқау қаңқаға – бас сүйек, омыртқа жотасы, төс сүйек, дененің белдік, құйымшақ бөліктері, шеткі сүйектерге – кеуде мен жамбас ұштарымен жалғасатын сүйектер жатады.

Бас сүйек пен ми бөліктерге бөлінеді. Бас сүйектің бет жақ бөліктерінің сүйектері тұмсық пен ауыз қуысын және көз ұясын, ал ми сүйегі бөлігі бас сүйектің ми жататын қуысын құрайды. Бас сүйек қарақұс мойын омыртқамен буын арқылы жалғасады. Тұлға қаңқасының негізі омыртқа жотасы, яғни, омыртқа желісі болып табылады. Жылқыда ол 7 – мойын, 18 – арқа (салт мініс жылқы тұқымында – 19), 7 – бел, 5 – сегізкөз (құйымшақ) және 17– 19 – құйрық омыртқаларынан құрылады. Омыртқалардың тесігінен омыртқа жотасының өзегі өтеді де, онда жұлын орналасады. Ал омыртқа қанаттарына бұлшық еттер бекітіліп, омыртқа жотасын қозғалысқа келтіреді.

Дене қаңқасының кеуде бөлігіне қабырғалар мен төс сүйектері кіреді. Қабырғалар мен төс сүйектері арқа омыртқалармен жалғасып, көкірек қуысын құрайды. Көкіректе жүрек пен өкпе сияқты маңызды мүшелер орналасады. Омыртқаның құйымшақ бөлігі омыртқалармен тығыз қосылыса біткен құйымшақ сүйектерінен тұрады.

Кеуде қаңқасы немесе алдыңғы сүйектеріне жауырын, тоқпан жілік, алдыңғы сан сүйектері, тізе, жіліншік пен бақай сүйектері кіреді. Жылқының әрбір сирағында тіреу қызметін атқаратын екі бақайы болады. Тоқпан жілікті жауырынмен жалғастырып тұратын жауырынның буыны иық сүйегінің әр жаққа қозғалып тұруын қамтамасыз етеді. Шынтақ, тізе және бақай тұсамыс, топай және тұяқ буындары өздерін құрап тұратын сүйектердің жылқы денесінің өн бойы бір бағытта иіліп-жазылып тұруына мүмкіндік береді. Жауырын және тоқпан жілік денемен бұлшық еттер арқылы жалғасады.

Бөксе бөлігі жамбастан, ортан жілік, асық жілік сүйектерінен, тірсек, артқы жіліншік пен бақай сүйектерінен тұрады. Жамбас құрамына құйымшақ пен бірінші құйрық омыртқасымен жалғасып, жамбас қуысын құрайтын мықын, шат, шонданай сүйектері кіреді. Жамбас сүйегі ортан жілік сүйегімен жалғасып, ұршық буынын құрайды. Ортан жілік, тобық пен асық жілік тізе буынын біріктіреді. Асық жілік тірсек және артқы жіліншікпен қосылып, тірсек буынын құрайды. Артқы жіліншік пен бақайларының құрылысы алдыңғы жіліншік пен бақайларының құрылысымен бірдей болады. Сирақ буындарының бәрінде буын капсуласы мен әр түрлі байланыстырғыш сіңірлер болады.

Жылқының өсу процесінде қаңқа тек көлем жағынан ғана өзгеріп қоймайды, онда көптеген сапалық өзгерістер де орын алады. Қаңқа сүйектері дамудың – дәнекер ұлпасы, шеміршек және сүйек делінетін – үш сатысынан өтеді. Құлынның құрсақта жатқан кезеңінде алдымен жұмсақ дәнекер ұлпасы қаңқасының негізі қаланады, содан кейін ол шеміршектенеді де, одан әрі біртіндеп сүйекке айналады. Тек бас сүйектің кейбір жерлері ғана шеміршектік сатысына соқпай, бірден сүйекке айналады. Ал төс және қабырға сүйектері толық сүйектенбей көп жағдайда шеміршек күйінде қала береді. Жылқы сүйектерінің химиялық құрамы өсуіне қарай өзгеріп отырады. Кәрі жылқының сүйегінде жас тай, құлынға қарағанда су мен органикалық заттары азайып, ал минералдың заттары көбейеді. Оған жылқы азығының да әсері болады. Салт мініс жылқы тұқымдарының сирақ сүйектері ұзын және жіңішке, ал ауыр жүк тартатын жылқының сирағының сүйектері қысқа да жуан келеді. Бұл олардың ауыр жұмысқа қабілеттілігін көрсетеді.

Бұлшық ет. Бұлшық ет қаңқамен қосылып жылқының қозғалыс- қимылын қамтамасыз етеді. Жылқыда басқа жануарлардыкіне қарағанда өте жақсы жетілген 250 бұлшық ет болады. Жылқының қозғалысына қатысатын бұлшық ет әдетте қаңқамен жалғасып тұрады. Сондықтан оларды қаңқа бұлшық еттері деп атау қабылданған.

Бұлшық еттердің қозғалыстық қызметі әрбір бұлшық еттің жиырылу қабілетіне байланысты. Бұлшық ет көлемі жылқының жасы мен дамығандығы, яғни күш қабілетімен, ал оның формасы жылқының атқаратын жұмыс түрімен байланысты. Салт мініс жылқысының бұлшық еттері тығыз, ұзын және жіңішке, ал ауыр жүк тартатын жылқылардікі – жұмсақ, бос, қысқа және жуан келеді. Профессор Мальсбургтің дерегі бойынша таза қанды жылқының бұлшық ет талшығының көлденең жуандығы – 35,8 микрон, ал ауыр жүк тартатын жылқынікі – 46,3 микрон.

Бұлшық еттердің орналасу тәртібіне қарай олар жылқы денесі бөліктерінің иілуін не жазылуын қамтамасыз етеді. Мысалы, омыртқа жотасының үстіңгі жағына бекіген бұлшық еттер оны жазады да, ал астыңғы жағына бекігендері иеді. Бір бұлшық еттер көкірек сарайының көлемін үлкейтсе, екіншілері кішірейтеді, сөйтіп барып дем алу және дем шығару, яғни тыныс алуды қамтамасыз етеді.

 
 

Көкірек қуысын құрсақ қуысынан бөліп тұратын бұлшық еттерді диафрагма деп атайды. Көк ет (диафрагма) көкірек қуысының көлемін үлкейтеді немесе кішірейтеді. Құрсақ астарының бұлшық еттері құрсақ қуысының ішкі жағын ұстап тұрады. Аяқ - қол бұлшық еттері жылқының жүріс-тұрысын қамтамасыз етеді. Алдыңғы және артқы аяқтарының бұлшық еттері екі топқа бөлінеді. Бұлшық еттердің бір тобы аяқтардың иілуін, ал екіншілері – жазылуын қамтамасыз етеді. Бұлшық еттер жүйке жүйесінің импульстік әсерімен жиырылады. Әрбір бұлшық еттің құрамына бұлшық ет ұлпасынан басқа дәнекер және жүйке ұлпалары, қан тамырлары кіреді. Бұлшық еттердің сырт жағы шандыр деп аталатын дәнекер ұлпасы қабығымен қапталады. Сүйектер сияқты бұлшық еттер де біркелкі өспейді.

Жылқы сырт пішінін бағалағанда, оның әрбір мүшелерін жеке - жеке сипаттап кетуге тура келеді (1– сурет).

Шошқа шаруашылығы. Шошқаның торайлау уақыты —112-116 күн; шошқаның күйіті келу уақытының ұзақтығы —2-3күн; күйіті қайталануы (орта есеппен) — 20 күн; дене температурасы — 39,2°; тамыр соғуы (минутына) — 70-80 мәрте. Шошқа шаруашылығының негізгі өнімі — еті мен бекон (қақталған шошқа еті). Бұл өнімдерді шығару үшін шошқаның үш түрін өсіреді: а) етті; ә) бекоңды; б) майлы. Шошқа жеңіл және ауыр салмақты болып екіге бөлінеді. Жеңіл топқа салмағы 55-60 килограмм шошқа жатады. Олар еттілігімен және базарда жақсы бағаланатын мүшелерімен ерекшеленеді. Ауыр салмақты шошқаларды 65-85 килограмға жеткізіп сояды. Майын сылып алғаннан кейін, ұшасын ірі бөлшектеп, шауып сатады. Сапалы бекон алу үшін, шошқаны жасы 24-28 аптаға, ал салмағы 90-95 килограмға жеткенде сояды. Беконның сапасы ондағы майдың қалындығына тікелей байланысты. Бекоңдық шошқаның тұлғасы ұзын, сан еттері тығыз жөне басы мен мойыны жеңіл, кеудесі кең болады. Шошқаның майлы түрі 115-120 килограмм салмақ тартқанда сойылады. Оның ұшасынан шұжық т. б. тағам, сан етінен бекон жасайды. Бекоңды тасымалдағанда, мұздатпайды.

Түйе шаруашылығы. Түйенің боталау уақыты —404 (370-444) күн, түйенің күйіті келу уақытының ұзақтығы — 8 күн, күйітінің қайталауы —13-18 күн, дене температурасы — 36-38° Түйенің күйіті келуі тек маусымдық жағдайда бейімделген. Қаңтар-мамыр айларыңда күйлейді Жай уақытта өте момын, зәбірсіз бура күйіті келгенде, ашулы, төбелескіш, өте қауіпті. Қос өркешті бура күйіті келгенде, ауызынан көбік шашып, тісін қайрайды. Басын артына қайырып, артқы аяқтарьш алшақ ұстап, құйрығымен ұмасьн ұрып, сұйық дөретін шашады. Желкесіндегі тері безінен желім сияқты сұйық бөлінеді. Жаз жақындаған сайьш қозуы басылады. Інгеннің күйіті келгеңде, мазасы кетіп, тынышсызданады. Кейде шөккен түйелерге артылады. Бура жақындаса, шөге қалады. Түйе күйітінің белгілі маусымда келуінен және қаю уақытының ұзақ болуынан баяу көбейеді. Әдетте, түйе екі жылда бір боталайды. Түйе алғаш рет үш жасында қайиды. Қонды түйе тез қайып кетеді. Бура жазда жене күзде жайылымда болады. Желтоқсанның басында байлап, қолда ұстайды. Келеге түсетін уақытында оған жегенінше пішен және 3-4 килограмм жем береді. Тұз әрқашан астауда тұрады.Түйе шаруашылығыңда түйелерді келелеп және қолдан қайытады. Келелеп қайытқаңда, бір бураға 18-20, ал қолдан қайытқаңда — 25-30 және одан да көп түйеден келеді. Түйенің боталауы.Боталауға екі ай қалғанда, жеке бағымға алады. Кейбір түйе келеден қашьш барып, оңаша жерде боталайды. Бұл жас төлдің шығынға ұшарауына әкеліп соғуы мүмкін. Жайылымға шығарар алдында, таңертең келені қарап, боталауға жақын қалғандарын бөліп, алып қалады. Астына таза сабан төселген арнайы орынға кіргізеді. Керек болған жағдайда боталауына көмектеседі. Жаңа туған ботаның аузы-мұрнын орамалмен сүргіп тазартады. 1,5-2 сағаттан кейін емізеді. Бұл уақытта бота тілерсегі дірілдеп, нашар тұрады, сондықтан енесін емуіне көмектесу керек.

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-03-18; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 865 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Своим успехом я обязана тому, что никогда не оправдывалась и не принимала оправданий от других. © Флоренс Найтингейл
==> читать все изречения...

866 - | 779 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.011 с.