Лекции.Орг


Поиск:




Алалиясы бар балаларды тексеру ерекшеліктері




Тексеру кезінде алалиясы бар балаларды сөйлеу тілінің басқа бұзылыстары бар балалардан ажыратуға көмектесетін факторлар қатары ескеріледі. Анамнезді жинағанда былдырдың жоқтығы немесе шектеулігі назар аудартады. Ата-аналар баланың үндемейтіндігі туралы айтып, түсінетін, бірақ сөйлескісі келмейтінің атайды. Қатынасқа түсу мүмкіндігінің жоқтығын ата-аналар кейбір жағдайларда жалқаулық деп бағалайды.

Сөйлеу тілінің орнына қатынастың эмоциональды жағынан көтеріңкі түрінде олар ым-ишара мен мимиканы қолданады.

Алғашқы сөздері кеш пайда болады, фразалық сөйлеутілі көп жағдайда 5—6 жастан соң қалыптаса бастайды. Ата-аналары баланың сөйлеу тілі кешігіп дамығанымен басқа жағынан жақсы жетілген дейді.

Тексеру әдеттегідей баламен бір рет кездескенмен шектелмейді, әсіресе, егер ол кішкентай болып сөйлеуге ынтасы жоқ болса. Ол басталған логопедиялық жұмыспен бірге жалғаса береді.

Баланың қарым-қатынасқа қалай түсетіні белгіленеді, онда жалпы және сөйлеу тіліне қатысты кері реакцияларының бар-жоғы, олар неде байқалатыны, және қалай жойылатыны айқындалады. Сабақтардың барысы мен материалына баланың көзқарасы қандай екеніне, оның өзгерген жағдайға деген реакциясына назар аударылады. Өз жағдайына, сөздік немесе сөзсіз қатынас жасау мүмкіндігіне баланың сынмен қарауы немесе байқамауы, қатынасқа ұмтылуы және өз сөйлеу тілін түзетуге құштарлығы белгіленеді.

Ойын, ойыншықтар, кітаптарға, оқу дағдылары мен біліктеріне деген қызығушылығы айқындалады; тексеру кезіндегі баланың белсенділігі мен жұмыс істеу қабілеті ескеріледі; ойын және оқу әрекетінің сипаты анықталады (бала ойынды жалғастыра алама, ойын әрекеттеріне еліктей ала ма, тапсырманы орындай ала ма, оқуға мүмкіндігі қандай деңгейде т. б.). Пішін, көлем, заттардың орналасқан жері туралы білім, түсінік қоры анықталады.

Сөз қорын, сөйлеу тілінің грамматикалық құрылымын, фонетика-фонематикалық жағын тексеру үшін логопедиядағы жалпы қолданыстағы тексеру сызбасы және арнайы дайындалған құралдар, сөйлеу жаттығулары, сөзжасам сөзөзгертуге арналған тапсырмалар қолданылады. Балаларды, әртүрлі әрекет жасау барысында ұзақ уақыт динамикалық тексеру қажет.

Түсіну мен есту қабілетінің қалпы анықталады, ол сенсорлы алалиясы бар балаларды нашар еститіндермен естімейтіндерден және сөйлеу тілін қабылдауы бұзылғандардан ажырату маңызды. Гнозис пен праксис ерекшеліктері анықталады. Латералитаның (латерализация – жұп ағзаларының оң-солының үстемділігі) нақтылығына, қолдың ұсақ моторикасының жағдайына және жалпы қозғалыс аясына назар аударылады. Практикалық дағдыларды меңгеру деңгейі айқындалады: өз-өзіне қызмет көрсету, тұрмыстық әрекеттер, заттық-тәжірибелік әрекет.

Арнайы ойын жаттығулары арқылы артикуляциялық моторика— жеке қимылдарды орындау білігі, артикуляциялық қалыптарды сақтай алуы, кезектіліктегі қимылдарды орындауы, ауысуы, баланың артикуляциялық қимылдарға еліктеу мүмкіндігі, және сөздермен сөз тіркестерін қайталау мүмкіндіктері тексеріледі.

Сөйлемейтін балаларды тексеру қиынға түседі, сөйлеу тлінің қорытындысын тек қана оларды динамикалық түрде бақылау барысында ғана шығаруға болады. Дифференциальды диагностика алалияны сөйлеу тілінің уақытша тежеліп дамуынан, дизартриялық бұзылыстардан, есту қабілетінің бұзылыстарынан және ақыл ойы кемістігінен ажыратуға мүмкіндік береді.

Моторлы алалиядағы коррекциялық ықпал ету жүйесі

Алалия — медициналық-психологиялық-педагогикалық мәселе. Баланың сөйлеу тілі мен тұлғасын дамытуға бағытталған коррекциялық әсер етудің қағидалары мен әдістерін белгілеу логопедияның саласы болып табылады. Үнемі және ұзақ уақыт жүргізілген логопедиялық жұмыс бірқатар жағдайларда баланың қатынас жасауына жеткілікті нәтиже береді, алайда, кейде —тек қарапайым сөйлеу түрлері.

Сөйлеу тілін қалыптастыруға кешенді тұрғыдан қарау, сөйлеу тілінің дамуына және танымдық әрекеттерінің жақсаруына әсер ететін барлық функцияларын дамыту деп түсіну қажет.

Мұнда сөйлеу тілі функциясының онтогенезде дамуы және сөйлеу тіл құрылымының заңдылықтары ескеріледі. Жүйелі логопедиялық жұмыс сөйлеу тілінің дамуындағы ақаулықтарды түзетуге және болашақта арнайы бағдарламалар бойынша оқуға дайындауға бағытталады.

Сөйлеу тілінің дамымауын түзету жұмысы баланың оқыту нәтижесінде мектепте оқытылатын білімді меңгеруге дайындығын арттыратындай етіп құрылады. Тек қана жұмыс кешенді түрде (психоневролог, несропатолог, психиатр дәрігердің белсенді түрде дәрі-дәрмекпен және психотерапиялық емдеу нәтижесінде) жүргізілгенде ғана логопедиялық жұмыс тиімді болады.

Түзету жұмысында кешенді түрде әр түрлі әдіс,тәсілдер қолданылады және олар түзете –тәрбиелік әсер етуде жалпы бағытты болуы керек; жұмыстың мақсат міндеттері баланың сөйлеу мүмкіндіктеріне қарай белгіленуі тиіс.

Жұмыс ең алдымен, сөйлеу механизмдерін: мотив, қатынастық көзқарас, сөйлеуді іштей бағдарлау, оның лексикалық мәнін өрбіту, лексика-грамматикалық құралдарын іріктеу және грамматикалық құрылымын қалыптастыруға бағытталады. Сөйлеу тәжірибесін молайту үшін білімдерін саналы түрде қолдану біліктері, сөйлеу операцияларын модельдеу біліктері дамытылады.

Әдістемелік тәсілдердің стандартты түрде болып кетуіне мүмкіндік бермеу керек. Тілдік және дидактикалық материалды іріктеу әртүрлі болуы қажет.

Сөйлеу тілі бұзылысының ерекшелігімен қатар бала тұлғасының ерекшелігі, оның қызғушылығы, компенсаторлық мүмкіндіктері ескеріледі. Тәрбиелеу арқылы бала мінезіндегі невротикалық бұзылыстары жойылып, саналы мақсатқа жететін тұлғаны тәрбиелеуге арналған жұмыс жүргізіледі. Балаға кері әсер беретін қоршаған ортаның әсері жойылып, сөйлеу тілінің ақауына және оны түзетуге арналған жұмысқа деген баланың дұрыс көзқарасы қалыптастырылады. Сөйлеу тілінің сенсорлы және қозғалыс мүмкіндіктерін дамытуға арналған кешенді жұмыс жетілдіріледі.

Қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған жұмыс жүргізіледі: балаға сызу, бояу, байлау, баулау, мозаикадан және геометриялық материалдан әртүрлі ою-өрнектер құрастыруға үйрету қажет. Балалардың қол саусақтарының дамуы артта қалса, олар дың сөйлеу тілі дамуы да артта қалатыны бәрімізге мәлім. Қолдың қимылдары жаттықтырылған сайын сөйлеу тілінің жағдайы жақсарады.

Жұмыстың бастапқы кезеңдерінде сөйлеу тілінің психофизиологиялық негізі қалыптасады, іс-әрекетпен қатынасқа көзқарасы белгіленеді, бала қатынасқа түсуге дайындалып, қажеттілігі дамиды. Балада сөйлеуінің мотивациялық негізін қалыптастыру, сөйлеу тілі және психикалық белсенділігін, еліктеу іс-әрекетін және қайталау әрекетін дамыту маңызды..

Іс-әрекеттің себебін (мотивін) және ойын айтудың бағдарламасын ұйымдастыру сөйлеу тілін дамытуға бағытталған қажетті база құрайды (олар өз бетінше алалиясы бар балада қалыптаспайды). Ол базаның негізі болып табылатыны - ол предикативті жүйесін дамыту және грамматикалық құрылымның элементтерін меңгеру. Сөйлеу тіл бұзылыстарымен қатар сөзсіз бұзылыстар да түзетіледі; талдау мен жинақтау процестерін, зейін, есте сақтау, қабылдау, жалпылау, салыстыруды дамыту жүргізіледі. Олар сөйлеу тілін дамытуға қажетті фундаментін құрайды. Балаға заттарды пішіні, көлемі, түсі бойынша ажыратуға, атауға, жүйелеуге үйретеміз, ол үшін әртұрлі ойындар қолданады. Заттардың басқа заттарға қатысын, кеңістікте орналасуын (үстінде, ортасында) белгілеп атауға үйрету қажет. Көріп қабылдауы мен кеңістікте ажыратудың қалыптаспауын түзету кезінде, уақытпен кеңістік туралы түсініктерін қалыптастырғанда баламен белсенді түрде кеңістікте орнын ауыстыру, сапқа тұру, бағытталған жүру сияқты ойындар қолданылады. Пішіндердің бөлшектерін және тұтастығын ажырату бойынша жұмыс жүргізіледі, элементтері көп күрделі пішіндер талданады, құрылымдарды саналы түрде қабылдауы мен құрастыру біліктері дамытылады. Талдау мен жинақтау операциялары, сөзсіз материалды жалпылау (салыстыру, айырмашылығын табу, заттардың айырмашылығы мен ұқсастығын айқындау, қасиеті бойынша салыстыру — түсі, көлемі, пішіні), себепті-салды арақатынастарды орнату сөйлеу тілі дамуына қажетті жағдайлар жасайды.

Ырғақты, логопедиялық ырғақты қолдану сөйлеу тілін дамытуға тиімді болады. Музыка, сөз, қимылдар түрлі жаттығулармен үйлесіп, қимылды және сөзқимыл әрекетін, есте сақтауын қалыптастырып, бала ырғағының, сөйлеу тілінің тұлға дамуының кемшіліктерінің орнын толтыруды қамтамасыз етеді. Сөйлеу тілін дамытуға балаға қолжетерлік деңгейдегі қатынас тәжірибесі қажет: мағыналық мәтінмен байланысты емес жеке сөздермен, фразалармен операциялар (көрсет, қайтала, ата),, балаға жақын жағдайдағы іс-әрекеттер (баладан ойыншығын сұрау, ойын түрін тандау т.б.), таныс суреттермен әрекеттер, ойындарда диалогтық кейін монологтық сөйлеу тілін қолдану, көрнекілікке сүйеніп және сүйенбей. Лексикалық материалдың көлемі мен күрделілігі біртіндеп қиындай түседі.

Сөйлеу тілін дамыту жұмысы баланың заттық-тәжітибелің әрекетімен байланысты және оған сүйенеді. Бала өз іс-әрекетін (мен отырмын, жүріп келе жатырмын, әкеле жатырмын) және басқалардың әрекеттерін (Асан отыр, тұр, жүріп келе жатыр; доп құлап түсті; шам жанып тұр) саналы түрде түйсінуі жетілдіріледі. Баланың сөйлеу мүмкіндіктерін дамыту барысында орындалған әрекеттер (есеп), алда атқарылатын әрекеттер (жоспарлау) жөнінде байланысты және толық түсіндірулер құруға үйретеді.

Белсенді зейіні мен түсінуін дамытқанда логопед баланы фразаны соңына дейін тындауға, лексика-грамматикалық формалардың түрін, түрлі заттық қатынастар жасырынған сұрақтарды (Немен жейміз? Не жейміз? Неден жейміз? Кім қолын жуды? Кімнің қолы таза болады? Қолды не үшін жуады? Немен жуады?) түсінуге үйретеді. Балаларда лексика-грамматикалық формаларды, интонацияны қолдануда саналы байқампаздық дамытылады, флективті қатынастарды түсінуі, сөздердің байланысы сөздермен грамматикалық құрылымдардың кезектілігі бекітіледі. Түрлі анализаторларды (есту, көру, тактильді) қатыстыру маңызды болып табылады. Бала бақылап, зат немесе әрекет атауын тындап, белгілерді ым-ишарамен көрсетіп, өзі атап үйренуі керек. Нәтижесінде бала санасында қосымша байланыстар пайда болып, материал тұрақты болып бекітіледі.

Жұмыстың тиімділігі сабақтың көрнекілікпен жабдықталуына байланысты. Үлгілер, қоршаған орта материалдары, суреттер, іс-әрекеттерді сөзбен байланыстыру қолданылады.

Түзету жұмысы кезеңіне тәуелсіз, сөйлеу тілінің барлық жүйесін дамытуға бағытталады: сөз қорын кеңейту, анықтау, фразалық сөйлеуін және байланыстырып сөйлеуін қалыптастыру, дыбыс айтуын түзету, алайда кезеңдердің әрбіреуінде арнайы міндеттермен жұмыс мазмұнының ерекшеліктері болады.

Жұмыстың бірінші кезеңінде негізгі болып табылатыны сөйлеу белсенділігін тәрбиелеу, түсінуге және қайталауға оңай енжар және белсенді сөз қорын қалыптастыру. Диалогты дамыту, шағын әңгіме бойынша, жай кейін жайылма сөйлемдер бойынша жұмыстар жүргізіледі, сөйлеу әрекетінің психофизиологиялық алғы шарттарымен қатынас жағдайындағы алғашқы дағдылары қалыптастырылады.

Екінші кезеңде сөз қорын молайту және фразаның құрылымын күрделендіру арқылы фразалық сөйлеу тілі қалыптастырылады. Сөйлемдерді күрделендіру, оларды грамматикалық өңдеу, диалогтық сөйлеу тілін дамыту және сипаттама әңгіме құрастыруға үйрету, сөз әрекетінің негізгі бірліктері ретіндегі сөйлеулерін жетілдіру жұмыстары жүргізіледі.

Үшінші кезеңде негізгі болатыны ол- ерекше күрделі коммуникативті әрекетті, яғни байланыстырып сөйлеу тілін қалыптастыру, грамматикалық құрылымдарды машықтандыру. Әрбір кезеңде сөйлеу әрекетінің барлық жақтары қалыптастырылады.

Тәжірибелік жаттығулар арқылы балалар сөйлемдегі сөздерді түсінуге дұрыс айтуға үйренеді. Сөйлеу біліктерін (морфологиялық, грамматикалық, фонематикалық жалпылауларымен салыстырулар) қалыптастырғанда механикалық жаттықтыруға жол бермей, байланыстарды, мағынасын саналы түрде түйсіну үшін назарын талдауға бөліп, тіл материалын талдауға, жалпылауға, бақылауға үйрету қажет.

Сөздік жұмысының әртүрлі тәсілдері қолданылады: шынайы (заттарды, әрекеттерді, суреттерді, жағдайларды демонстрациялау), сөздік (сөзді ұқсастығы, айырмашылығы бойынша таныс сөздермен салыстыру) т.б.

Сөз таптарының түр-түрінен құралған сөз қоры жинақталады. Сөздік жұмыстың түрлері: іс-әрекетке сай заттарды іріктеу (не ұшады, секіреді), тұтастың бөлшектерін атау (дөңгелегі, рулі), түбірлес сөздер іріктеу (етік-етікші), затты сипаттамасы бойынша табу, синонимдер, антонимдер іріктеу, кішірейтіп еркелетіп айтылатын сөздерді құрастыру. Тақырыптар (ойыншықтар, отбасы, көкөністер) бойынша сөз қорын меңгерумен қатар сөздердің белгілі граммаикалық формасын (жекеше көпше түрі, септік формалар) қолдану біліктері қалыптастырылады.

Заттармен іс-әрекеттерді орындағанда балалар сөзбен жалғастырады: сүтті құйдым, сүтті құмыраға құйып жатырмын, сүтті үрлеймін т. б.

Сұрақтарға жауап беру және сұрақ қою, сөз, сүйеніш сөздер, ілеспелі суреттер бойынша сөйлем құрастыру, заттар туралы жұмбақтар құрастыру, екі немесе одан көп заттарды салыстырып сипаттау білігі дамытылады.Жауаптары әртүрлі болу үшін баланы мадақтау қажет, сонда оның қажетті сөздің грамматикалық формасын белсенді түрде таңдай алуға мүмкіндігі туып, сөзге, сөз құралдарына деген қызығушылығы артады.

Грамматикалық дағдыларын қалыптастырғанда түрлі жаттығулар қолданылады: сөз тіркестерін қайталау, имитациялық, дайындық және трансформациялық жаттығулар. Жаттығулар қатынастық сипатқа ие болып қатынас процесіне жуық келеді.Грамматикалық құрылымдарды белсендіру үшін біртіндеп сөйлемдердің әртүрлі модульдері үйретіледі: Атау септік пен етістік (Шара отыр); Атау септік етістік және толықтауыш (Бала кітап оқып отыр); Атау септік, етістік және бір бірімен байланысты екі септік (Сапар қызға кітап берді — Барыс септік, Табыс септік).

Балаға ешбір грамматика туралы ақпарат берілмейді, баланы сөзжасаммен сөзөзгертудің жиі кездесетін моделдерімен практикалық түрде таныстыру, сөйлем құрау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Кез келген грамматикалық категория бойынша жұмыстың жалпы тәртібі мынандай: ең алдымен бала логопед құрастырған сияқты белгілі бір модельді бақылап, құрастырады, кейіннен, жеке грамматикалық форманы жайылма сөйлемдерінде қолданып еліктеу сөйлеу әрекетіне қосылады. Өзіндік сөйлеу тіліндегі аграмматизм импрессивті аграмматизмді жою барысында теңестіріледі.

Сөйлеу тәжірибесімен қамтамасыз ету алдында морфологиялық элементтермен синтаксистік құрылымдарды саналы түрде ажырату, және жалпылау жұмысы жүргізілуі тиіс. Баланың назары сөздің мәні мен дыбысталуының өзгеруіне аударылады: қолды сипа — қолмен сипа, қарындашты салқарындашпен сал т.б.

Сөйлем бойынша жұмыста басты ой бөлініп, логикалық екпін қойылып, оның орнының өзгеруі қолданылады, тапсырмалар сұрақтарға жауапты сөйлемдердің таралуымен құрастырылуын көздейді. Синонимизация тәсілі қолданылып, балаға басқаша айту, бір ойды басқалай, тіл құралдарының басқа түрлерімен жеткізу ұсынылады.Мұндай тапсырмалар баланың тілді «сезінуін» дамытып, лексикалық қорын белсендіруді қамтамасыз етеді, грамматика-синтаксистік модельдерді бекітеді.

Байланыстырып сөйлеуін дамыту жұмысы әрекет себебінің қалыптасуынан және ойын айтудың бағдарламасын ұйымдастырудан басталады. Ойын айтудың жоспары ретінде сюжетті суреттер сериясы, символика, жеке эпизодтар немесе жеке заттар бейнеленген суреттер қолданылады. Балалар суреттерді қажетті кезектілікте орналастырып, сұрақтарға жеке эпизодтаор бойынша жауап беріп, тірек сөздер бойынша әңгіме құрастырады, ең алдымен логопед көмегімен, кейін өз бетінше. Монологтық байланыстырып сөйлеуін қалыптастырғанда балалардың жеке сөйлемдерді құрау және тұтас мәтінді құрастыру біліктері бекітіледі.

Алалиясы бар балаларды сауат ашуға ерте жастан, үйретеді, себебі ол оның сөйлеу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Оқылған немесе жазылған материал есінде тез сақталып тез бекітіледі және сөйлеу әрекетінің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Сауат ашу балаға сөздермен фразалардың құрылымын меңгеруге көмектеседі, оқу мен жазу арқылы ол өзінің сөйлеу тілін қадағалап түзете алады. Мұндай балалармен сауат ашу кезеңі ұзаққа созылып арнайы тәсілдерді қолдануды талап етеді. Жазбаша сөйлеу тілін меңгергенде екінші реттегі дисграфиямен дислексия анықталады.

Мектеп жасындағы алалиясы бар балаларға оқытуды ерекше ұйымдастыру қажет. Ол сөйлеу тіліның ауыр бұзылыстары бар балаларға арналған мектеп жағдайында іске асырылады. Ана тілін оқыту арнайы бағдарлама бойынша жүргізіледі. Арнайы мектепте балалар оқытумен тәрбиелеумен қамтамасыз етіледі, алайда сөйлеу тілі дамуының терең зақымдануы олардың ауызекі сөз арқылы қатынас жасауын шектеп ғылымдар негіздерін меңгеруде айтарлықтай кедергі жасайды.

Сөйлеу тілі жеңіл түрде дамымаған балалар жалпы білім беру мектептерінде оқып, логопедиялық пунктте сабақ алғанға мүмкіндіктері бар болғанымен қиналады. Логопедиялық сабақтарда балалардың сөйлеу тілі дамуындағы жеткіліксіздіктері толықтырылады, сөйлеу тілінің жалпылама функциясымен қарым-қатынас функциясын жетілдіру бағытында жұмыс жүргізіледі. Кейбір оқушыларда оқу қиындықтарының және оқудағы сәтсіздік жағдайлары салдарынан оқуға деген кері көзқарасы пайда болады, сондықтан логопедиялық сабақтарда олардың таным белсенділігі мен оқу әрекетін дамытуға ынталандырылады.

Балаларды мектепте оқуға дайындау үшін арнайы мектепке дейінгі және медициналық мекемелер (логопедиялық топтар немесе сөйлеу тілі бұзылыстары бар балаларға арналған балабақшалар, стационарлар, санаторийлер) ұйымдастыру қажет. Әрбір мекемеде балалардың сөйлеу тілін қалыптастыруға бағытталған медициналық-педагогикалық қызметкерлердің бірлескен жұмысы жүргізіліп біркелкі сөйлеу тәртібі қамтамасыз етеледі. Тәрбиешілер логопедиялық жұмысқа дайындықты жүргізеді немесе оны бекітеді (түсініктерді қалыптастыру, сөз қорын молайту, сөз орамдарын дамытып анықтау, байланыстырып сөйлеуін дамыту т.б.). Логопедиялық сабақтарда балалар сөзжасам сөзөзгерту модельдерін, сөйлем құрау мен байланыстырылған мәтінді практикалық түрде меңгереді. Олардың фонематикалық қабылдаумен дыбыстық талдауы қалыптастырылады.

Мұндай баланың сөйлеу тілін дамытудың тиімді көзі - олардың қалыпты, жақсы сөйлейтін адамдармен қатынасқа түсуі болып табылады. Қатынас сөйлеу тілі дамуы деңгейімен таным белсенділігін белгілейтін сөйлеу тілі дамуының бір ғана факторы болып есептелмесе де, аса тиімді

мүмкіндіктері мен тұлға ерекшеліктерін ескеріп жұмыс жеке де жүргізіледі. Жұмыстың дифференциалды тәсілдері түзету әсерін өте нәтижелі етеді.

Балалар сөйлеу дағдыларын оқыту мен тәрбиелеудің жағдайлары бірдей болған күнде де біркелкі түрде меңгермейді. Авторлар алалияны түзетудің әртүрлі мерзімін атайды: біреулері бірнеше ай жеткілікті десе (Либманн, 1924), басқалары жұмыс жылдар бойы жүргізілуі тиіс және де болжам айту қиын дейді (М. В. Богданов-Березовский, 1909). В. К. Орфинская мен Л. В. Мелехованың пікірі бойынша, жұмыстың басталу мерзімі және ұзақтығы туралы мәселе, сөйлеу тілінің дамымауының сипатына және деңгейіне, баланың жеке ерекшеліктеріне қарай және басқа факторларды ескеріп, әрбір жағдайда жеке шешілуі қажет.

Жұмысты бастауға ең жағымды жас, ол 3-4 жас, балада білім алуға деген құштарлығы пайда болады, жұмысқа қажетті белсенділік, саналылық, қызығушылық, сын көзбен қараушылық кезі басталады.

Алалияда жағымды динамика келесі факторлады ескергенде айқындалады: сөйлеу тілінің дамымауын ерте анықтау, екінші реттегі ауытқулардың уақытылы алдын алу, қалыпты онтогенезді ескеру, лексика-грамматикалық жағының жетілмеуін ескеріп сөйлеу тілінің барлық компоненттеріне жүйелі түрде әсер ету, балаларға дифференциалды түрде қарау, сөйлеу тілін қалыптастырумен қатар сенсорлы-интеллектуальды және аффективті- ерік аясына әсер ету, сөйлеу процестерін, ойлауын және таным белсенділігін бірге қалыптастыру және т.б.





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-03-11; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 1204 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Велико ли, мало ли дело, его надо делать. © Неизвестно
==> читать все изречения...

998 - | 762 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.011 с.