Лекции.Орг


Поиск:




БӨлім. Тіл кемістігі жӘне оныҢ себептері




Логопедияда сөйлеу тілінің қалыпты дамуы мен бұзылысын ажырату ең маңызды болып табылады. Сөйлеу тілінің нормасы - көпшілік мақұлдаған сөйлеу тіл әрекетінде сөйлеу тілін қолданудың жалпы нұсқалары деп білеміз. Қалыпты сөйлеу тіл әрекетінде сөйлеу тілінің психофизиологиялық механизмідері сақтаулы болады.

Тіл кемістігі деп сөйлеу қабілетінің психофизиологиялық механизмінің бұзылу салдарынан сөйлеушінің сөйлеу тілінің қоршаған ортаға тән мөлшерден ауытқуын айтады. Коммуникативті теория бойынша сөйлеу тілі бұзылысы – ол вербальды қатынастың бұзылуы деп есептеледі.

Сөйлеу тілінің бұзылуы төмендегідей белгілерімен сипатталады:

• өз бетінше жоғалмайды, қайта бекиді;

• логопедиялық ықпал жасауды талап етеді;

• сөйлеушінің жасына сәйкес келмейді,

• баланың одан ары дамуына жағымсыз әсерін тигізеді.

• тіл білмейтіндік, диалектизм тіл кемістігі болып саналмайды.

Мұндай сипаттама сөйлеу тілінің бұзылыстарын баланың жас ерекшеліктерінен, бала мен ересектердің уақытша сөйлеу тілінің бұзылыстарынан, диалектілерден ажыратуға мүмкіндік береді.

Логопедияда тіл бұзылысын білдіретін «сөйлеу тіл кемістігі», «тіл ақаулығы», «сөйлеу патологиясы», «сөйлеу тілінің ауытқуы, «сөйлеу тілінің бұзылысы» және «сөйлеу тіл дамымауы» деген ұғымдар қолданылады.

Сөйлеу тілінің дамымауы - кейбір сөйлеу функцияларының немесе сөйлеу жүйесінің қалыптасуының төмен денгейі.

Сөйлеу тілінің бұзылысы - сөйлеу әрекетінің механизмдерінің жұмысының қалыптан ауытқуы, бұзылуы. Мәселен, сөйлеу тілінің грамматикалық құрылысының жетілмеуінде тілдің морфологиялық жүйесін менгеру, сөйлемнің синтаксистік құрылысы денгейі өте төмен болады. Сөйлеу тілінің грамматикалық құрылысының бұзылуы оның аномальды қалыптасуымен және аграмматизмдермен сипатталады. Жалпы сөйлеу тілі дамымауында сөйлеу тілінің барлық компоненттерінің қалыптасуының бұзылуы байқалады (фонетика-фонематикалық, лексикалық, грамматикалық жағының). Жалпы сөйлеу тілі дамымауының механизмі әр түрлі болуы мүмкін, соған байланысты ауытқудың құрылысы да әртүрлі болуі мүмкін. Ол дизартрияда, алалияда, т.б. тіл кемістіктерде байқалуы мүмкін.

Логопедияда «сөйлеу тілі дамуының бұзылуы» және «сөйлеу тілінің тежелуі» деген ұғымдар қолданылады. Сөйлеу тілінің дамуының бұзылуы кезінде сөйлеу процесінің онтогенезде бұзылуы байқалса, ал сөйлеу тілінің тежелуі дегеніміз сөйлеу тілінің дамуының темпінің тежелуі. Бұл жағдайда баланың сөйлеу тілінің даму денгейі жасына сай келмейді.

«Сөйлеу тілінің жойылуы» деген ұғым бас миының оқшауланған немесе диффузды зақымының салдарынан қалыптасқан сөйлеу дағдыларының және қатынас икемділігінің жойылуын білдіреді.

Сөйлеу тілі ақауларының алуан түрлі себептерін қарастырған кезде ақаулықтың пайда болу процесін талдау, жас ерекшеліктің әр кезеңінде сөйлеу тілі дамуының жалпы заңдылықтарын ескеруге негізделген (И. М. Сеченов, Л. С. Выготский, В. И. Лубовский) эволюциялық-динамикалық негіз қолданылады.

«Этиология» термині (грек тілінде «этио» - себеп, «логос» - ғылым, ілім) – ауырудың пайда болуының себебі немесе патологиялық жағдайын білдіреді. Себептілік мәселесі ежелден адам баласының ықыласын аударған. Этиологияның ғылым ретінде дамуы бірқатар медициналық және жаратылыс пәндердің жалпы ғылыми прогрессіне байланысты.

Сөйлеу тілі бұзылыстарының этиологиясы да дерттілік себептері туралы жалпы ілімінің тарихи даму жолдарын өтті.

Көне заманның грек философы және дәрігері Гиппократ (б, ғ.д. 460—377 жж.) сөйлеу тіл кемістіктерінің, атап айтқанда, тұтықпаның себебі бас ми жарақаттануында деп айтып кеткен. Басқа грек философы Аристотель (б, ғ.д. 384—322 жж), сөйлеу тілінің пайда болуын шеткі сөйлеу аппаратының анатомиялық құрылысымен байланыстырып, сөйлеу тіл бұзылыстарының себебін соның ақаулығынан деп білген.

Сонымен, көне заман ғылымдарының зерттеулерінде де сөйлеу тілі бұзылыстарының себептерін түсінуде екі бағыт белгіленді. Біріншісі Гиппократтан бастап шыққан – сөйлеу тілі бұзылыстарының пайда болуында бас мидың зақымдалуы басшы болса; ал екіншісі - Аристотельден басталған – перифериялық сөйлеу аппаратының бұзылыстары басшы болады деп мақұлдайды. Кейін де сөйлеу тілі бұзылыстарының себептерін зерттеу кезінде осы екі көзқарас сақталған.

Гиппократтың ойын француз дәрігері Поль Брока тек 1861 жылы ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді. Ол бас миында сөйлеу тілге қатысты арнайы бөлік бар екенін көрсетіп, сөйлеу тілінің жойылуын сонымен байланыстырды. 1874ж. Вернике осыған ұқсас жаңалық ашты: түсіну мен ми қыртысының белгілі бір бөлігінің сақтаулы болуы арасындағы байланыс. Осы кезден бастап сөйлеу тілі бұзылыстары мен ми қыртысының белгілі бөліктерінің морфологиялық өзгерістері өзара байланысты екені дәлелденді.

Сөйлеу тілі бұзылыстары этиологиясы мәселесінің қарқынды дамуы ХХ ғасырдың 20-ші жылдарында басталды. Осы жылдары ғалымдардың сөйлеу тіл бұзылыстарын пайда болу себептеріне қарай топтастыруға алғашқы әрекеттенді. Осылай, С. М. Доброгаев (1922) сөйлеу тілі бұзылыстарының себептері ретінде «жоғары жүйке жүйесінің ауыруларын», сөйлеу аппаратының патологиялық өзгерістерін, бала кезіндегі тәрбиенің жетіспеушілігін, сонымен қатар «ағзаның жалпы невропатиялық күйін» атайды.

М. Е. Хватцев сөйлеу тіл бұзылыстарының барлық себептерін бір бірімен тығыз байланыста болатын ішкі және сыртқы деп бөлді. Сонымен қатар ол органикалық (анатомиялық-физиологиялық, морфологиялық), функционалды (психогенді), әлеуметтік-психологиялық және психоневрологиялық себептерді де ажыратты.

Органикалық себептерге бала миының құрсақтағы даму жағдайы, анасының босанып жатқан кезде зақымдалуы, туылғаннан кейін зақымдалуы және жетік дамымауы, сонымен қатар перифериялық сөйлеу мүшелерінің әр түрлі органикалық бұзылыстары жатады. М. Е. Хватцев органикалық орталық (ми жарақаттары) және органикалық перифериялық (есту мүшелерінің зақымдалуы, таңдай жарықтары және артикуляциялық аппараттың басқа да морфологиялық өзгерістері) себептерін белгіледі.

М. Е. Хватцев функционалды себептерді И. П. Павловтың орталық жүйке жүйесіндегі қоздырғыш және тежелу процестерінің арақатынасының бұзылыстары туралы ілімімен түсіндіреді. Функционалды себептер сөйлеу аппаратының құрылымын өзгертпейді, тек оның қалыпты жұмысын (функциясын) бұзады. Мұндай себептерге әр түрлі стресстік жағдайларды, баланың жүйке жүйесіне әсер ететін ерте жасынан жиі және ұзақ мерзімге созылған ауыруларды, қоршаған ортасында сөйлеу тілі дұрыс болмауды, т.б. себептерді жатқызуға болады.

Ұзаққа созылған функционалды бұзылыстар органикалық бұзылыстарға айналуы мүмкін екенін ескерген жөн. Тағы да айтып кететін бір жағдай, сөйлеу аппаратының бір бөлігінде кездесетін органикалық бұзылыстар басқа бөліктерінде екіншіреттік функционалды бұзылыстар пайда болуына әсер етеді. Мысалы, сөйлеу аппараты құрылымының органикалық бұзылыстарының салдарынан балада тек дыбыс айтуының ақаулары байқалады. Бірақ, бала өзінің күнделікті қате айтқан дыбыстарын естуі сөйлеу-есту анализаторының екіншіреттік функционалды бұзылысына әкеледі - бала дыбыстың бұзылып айтылуын қалыпты ретінде қабылдайды. Ал, егер бала сөйлеу барысында бір дыбысты екінші дыбыспен алмастырып айтатын болса («шананың» орнына «сана»), сауат ашуға үйрету кезінде үшіншіреттік бұзылыс пайда болуы мүмкін- алмастырып айтылатын дыбыстар жазуында әріптермен алмастырып жазылады. Нәтижесінде бір емес, үш кемістікті түзетуге тура келеді.

М. Е. Хватцев органикалық және функционалды, орталық және шеткі себептердің өзара әрекеттестігіне көңіл аударған. Психоневрологиялық себептерге ақыл-ойы кемістігін, есінің, зейінінің бұзылуын және басқа да психикалық қызметтерінің бұзылуын жатқызған. Ол әлеуметтік-психологиялық себептерге аса назар аударған. Бұл себептерді қоршаған ортаның әр түрлі жағымсыз факторлары деп білген. Сонымен, ол сөйлеу тілі бұзылыстарының себеп-салдарын анықтауда алғашқы рет диалектикалық тұрғы негізінде сөйлеу тілі бұзылыстарының этиологиясын түсінуін дәлелдеді.

Соңғы жылдары биология, эмбриология, теориялық медицина саласындағы, медициналық генетика, иммунология және басқа да пәндердің көптеген жетістіктері сөйлеу тілі бұзылыстарының этиологиясы туралы түсініктерді тереңдетіп, олардың пайда болуында экзогенді (сыртқы) және эндогенді (ішкі) зияндылықтардың маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік берді. Сөйлеу тілі бұзылыстарының себептерін ғана біліп қоймай, сонымен қатар баланың ағзасына әсер ететін жағымсыз факторлардың әсерінен сөйлеу тіл бұзылыстарының механизмін білу қажет. Бұл сөйлеу бұзылыстарын түзетуде тиімді жолдары мен әдістерін анықтауға мүмкіндік туғызады.

Сөйлеу тіл бұзылыстарының себептері – ағзаға сөйлеу тілі бұзылыстарының ерекшеліктерін дәйектейтін сыртқы немесе ішкі зиянды факторлардың әсері болып табылады.

Бала дамуының қай кезеңінде және қандай жағдайларда сөйлеу тілінің бұзылыстары пайда болады?

Әлі туылмаған баланың сөйлеу тілі дамуына және ауытқуына әсер ететін жағымсыз факторлар әсерін тигізуі мүмкін. Оны баланың денсаулығына және сөйлеу тілі дамуына жағымсыз тұқым қуалаушылық және болашақ ата-аналарының дұрыс емес өмір салты әсер ететінімен түсіндіруге болады. Балаға ата-аналарынан психикалық-жүйке ерекшеліктері, сөйлеу аппаратының перифериялық және орталық бөлімдерінің құрылымының ерекшеліктері (мысалы, артикуляциялық мүшелерінің құрылымының ерекшеліктері, т.б.) балаға берілуі мүмкін. Бірақ, сөйлеу тілі бұзылыстары тұқымқуалаушылық арқылы берілетін мәселеге бірдей көзқарас жоқ.

Ұрықтың іштей қалыпты дамымауы, яғни сөйлеу аппаратының перифериялық және орталық бөліктері дұрыс қалаптаспауы, келесі жағымсыз факторлардың салдарынан болуы мүмкін:

• жүктіліктін бірінші-екінші жартылығындағы токсикоздар;

• жүктілік кезіндегі анасының созылмалы ауырулары (тұмау, қызамық, эндокринды бұзылыстары, бүйрек және жүрек ауырулары, т.б.);

• резус-конфликт;

• анасының жүктілік кезіндегі әр түрлі жарақаттары;

• жағымсыз кәсіби жағдайлар (жоғарыда аталған факторлардан басқа болашақ анаға ауыр физикалық жүмыс және түнгі ауысымда істеуге болмайтынын айтқан жөн);

• анасының жүктілік кезінде шылым шегуі және ішімдікке құмар болуы;

• стресстік жағдайлар (ажырасу, жақын адамдарының қаза болуы, т.б.);

• тастанды түсік жасауға әрекеттену, бірақ оның нәтижелі болмауы.

Анасының жүктілік кезінде шылым шегуінің балаға тигізетін әсеріне ерекше тоқталып кеткен жөн. Көптеген зерттеулер нәтижесінде ғалымдар шылым шегудің ұрықтың дамуына тигізетін жағымсыз әсерін анықтаған. Эхографияның көрсеткіштері бойынша, анасының шылым шеккен кезінде баланың жүрек қағысы жиілейді, ал баланың өз бетімен қимылы (спонтанды) бірте-бірте тоқталады-бала тұншыға бастайды. Шылым шегетін анадан туған балалар өмірінің алғашқы 3 айында тыныс алу мүшелерінің ауыруына бейім болады. Олардың өкпелерінің көлемі шамадан 5%, ал салмағы 70-140 граммға аз болады. Егер анасы күніне 10 шылым (сигарет) шегетін болса, баланың интелектісінің коэффициенті 9 пунктке төмен болады, өйткені темекі бас миына баратын оттегін және көректі заттарды азайтады. Соның нәтижесінде бас мидың дамуына кері әсерін тигізеді. Темекі түтінінің құрамындағы химиялық элементтер әлі дүниеге келмеген баланың жүйке жүйесінің дамуына кері әсерін тигізеді.

Баланың құрсақ ішіндегі дамуының кезкелген бұзылыстары босанудың алдын ала ауыр болуын болжайды. Туатын кезде бала толық дамымаған болады, сондықтан ол туу процесіне белсенді қатыса алмайды. Осындай жағдайлар әр түрлі көмекші құралдарды қолдануға мәжбүр етеді. Соның салдарынан әр түрлі жағымсыз бұзылыстар болуы мүмкін (баланың бас миінің механикалық зақымдалуына дейін).

Баланың ерте жас кезеңінде сөйлеу тілінің қалыптасуына келесі жағдайлар кері әсерін тигізуі мүмкін:

• бас жарақаттары, ми шайқалуы;

• бас миының асқыну ауырулары (менингит, менингоэнцефалит)

• естуінің төмендеуіне немесе мүлдем естімей қалуына себеп болатын аяғына дейін емделмеген ортаңғы және ішкі құлағының асқыну ауырулары

• сөйлеу тілі қалыптасқанға дейін сөйлеу аппаратының перифериялық бөліктерінің зақымдалуы (әр түрлі жарақаттар, баланың үнемі саусақ емуінің салдарынан болған тіс және жақ сүйектерінің ауытқулары, т.б.);

• баланың сөйлеу тілі дамуына ересектердің жеткілікті көңіл бөлмеуі немесе айналасындағы адамдардың сөйлеу тіл ақаулары.

Сонымен, бала өмірінің алғашқы жылдарының жүйке-психикалық ауырулары әдетте сөйлеу тіл бұзылыстарымен қабаттасады. Осыған байланысты сөйлеу тілінің қалаптасуындағы ақаулармен қатар оның қалыптасқан кезіндегі ақауларды ажыратқан заңды.

Сөйлеу тілі бұзылыстарын сараптау барысында баланың сөйлеу жүйесінің бөліктерінің қарқынды даму кезеңін ескерген маңызды. Бұл кезеңді «қауіпті» кезең деп атайды. Өйткені бұл кезде экзогенді зияндылықтарды сөйлеу әрекетінің жүйке механизмінің жоғары жарақаттанғыштығы және бұзылыстарының қызметі, бұл жағдайда сөйлеу тілінің дамуының «қатерлі» кезеңі сөйлеу тілі бұзылыстарының бейімдеуші шарты болып келеді.

Сөйлеу тілінің бұзылуының пайда болу себептерін анықтау кезінде сөйлеу тілінің ақаулығы мен сақтаулы анализаторларының және коррекциялық жұмыста мүмкін болатын компенсацияның өзара қатынастығын ескерген жөн.

Сөйлеу тілінің дамуындағы әр түрлі ақауларды ерте жастан диагностикалаудың маңызы зор. Егер балада сөйлеу тілі ақаулары мектепке барған кезде немесе бастауыш сыныпта анықталса, олар баланың сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізеді. Ал, егер бұл ақаулар баланың ерте жасында анықталса, оған көрсетілген медициналық және педагогикалық түзету жұмысы арқасында мектепте толық бағалы білім алуына мүмкіндік береді.

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-03-11; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 1167 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Люди избавились бы от половины своих неприятностей, если бы договорились о значении слов. © Рене Декарт
==> читать все изречения...

1032 - | 845 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.011 с.