Лекции.Орг


Поиск:




БӨЛІМ. СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ БҰЗЫЛУЫН АНЫҚТАУ 1 страница




 

Сөйлеу тіліндегі ақаулықтарды дұрыс түсініп және тиімді ықпал жасау үшін оны жоюдың ең ұтымды және үнемді жолын таңдау керек. Сөйлеу тілі жүйелерінің қай бөлігінің ақауланғанын анықтай білу және тексеру барысында алынған мағлуматтарды сапалы талдау қажет.

Сөйлеу тілінің бұзылуын анықтау теориялық және тәжірибелік тұрғыдан маңызы зор мәселе болып табылады. Анықтау немесе диагностикалау барысында тек сөйлеу тілінің бұзылу түрі ғана анықталып қоймайды, сонымен қатар түзету-логопедиялық жұмысын мақсатты, нәтижелі ұйымдастырудың жағдайлары анықталады.

Диагностикалық іс-әрекеті - түрлі тексеру тәсілдерін пайдалану үрдісінде сөйлеу жүйесінің әртүрлі компонентерінің бұзылуын анықтау мен қатар, оның сипаты, денгейі, күрделілігі және болашақ мүмкіндігі анықталады.

Тексерудің негізгі мақсаттары мен міндеттері:

-ата-ана мен педагогпен әңгімелесу және құжатармен танысу барысында

баланың тәрбие жағдайы мен дамуын анықтау;

-жетекші әс-әрекетінің денгейін анықтап жас мөлшеріне сәйкестендіру;

-танымдық процестерінің, эмоционалдық тұлғалық ерекшеліктерін анықтау;

-байланыстырып сөйлеуін анықтау;

-тіл жүйесінің компоненттерін меңгеру денгейін анықтау.

Логопедиялық тексеру барысында алынған мағлуматтарды жинақтап, талдап, сөйлеу тілінің бұзылуын анықтауда толығымен келесі қағидаларға сүйену қажет:

-даму қағидасы;

-жүйелік;

-сөйлеу тілінің бұзылыстарын психикалық дамудың басқа жақтармен байланысты көрсету.

 

Логопедиялық тексеру қағидалары

Логопедиялық тексеру қағидасын-педагогтың өзінің диагностикалық және коррекциялық іс-әрекетінде негізгі теориялық ұстамдарды басшылыққа алуы деп түсіну қажет.

Диагностикалық және коррекциялық жұмысты ұштастырудың басты теориялық негізі Л. С. Выготскийдің, А. Н. Леонтьевтің, Д. Б. Элькониннің еңбектерінде қарастырылған компенсаторлық және даму заңдылықтары, баланың дамуының қозғалтқыш күштері туралы ілімдері болып саналады.

Тексерудің бірнеше қағидалары белгілі:

1. Жүйелі тексеру қағидасы сөйлеу тілінің әр түрлі компонентерінің:

дыбыстық, фонематикалық, лексикалық, лексикалық-грамматикалық жағының жүйелі байланысына негізделген.

2. Кешенді ықпал – сөйлеу, интеллектуалдык, танымдық іс-әрекетінің

мағлұматтарымен қатар көру, есту, қимыл сферасы, соматикалық жағдайы, жүйке жүйесінің ерекшеліктерін ескеру болып табылады.

3. Іс-әрекеттік қағида. Аталған қағиданың іске асыру - түзету жұмысының мақсатын, бағытын анықтап, түзету тәсілдерін, жұмыс барысында қолданатын іс-әрекет түрлерін (ойлау, оқу, танымдық) анықтауға мүмкіндік береді.

4. Динамикалық тексеру қағидасы- баланы оқыту процесінде бақылап,

тексеріп оның потенциалдық мүмкіндіктерін анықтауды көздейді.

5. Онтогеникалық қағида. Тексеру және түзету жұмысын

ұйымдастыруда баланың онтогенезде сөйлеу тілінің, психикалық даму заңдылығын ескеру.

6. Сөйлеу тілінің бұзылуын тексеру және түзету жұмыс барысында

алынған мағлұматтарды сапалы талдау қағидасы динамикалық тексеру қағидасымен тығыз байланысты. Барлық аталған қағидалар өзара тығыз байланысты және бұл қағидалар түзету жұмысында кеңінен қолданылады

Логопедиялық тексеру түрлері

Логопедиялық тексерудің кезеңдері

1 кезең Бағдарлау кезеңі
2 кезең Сөйлеу тілін және іс-әрекетін бағдарлау кезеңі
3 кезең Оқу барысында баланы динамикалық бақылау және сөйлеу қорытындысын анықтау кезеңі

Логопедиялық тексерудің әдістері

 

 

Балалардың сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді анықтаудың тәсілдері

Сөйлеу тіліндегі ақаулықтарды дұрыс түсініп және тиімді ықпал жасау үшін оны жоюдың ең ұтымды және үнемді жолын таңдау керек. Сөйлеу тіліндегі мүкістіктің ішкі сырының ерекшелігін және оның ауқымдылығын анықтай білу қажет. Сөйлеу тіл жүйелерінің қайсы бөлігінің ақауланғанын талдай білу қажет. Сөйлеу тілнің мүкістерінің ерекшелігі мен оның күрделілігіне байланысты әрбір нақтылы жағдайға сәйкес тапсырмаларды пайдаланып тексеру ішінара жекеленген болу керек. Бірақ қандай жағдай болмасын кейбір негізгі талаптарды естен шығармау қажет.

Мүкістіктер сөйлеу тілінің фонематикалық, лексикалық және грамматикалық жақтарын да қамтитыны белгілі. Бұл сөйлеу тілінің фонематикалық барысын, сөздік қорын, грамматикалық құрылысын жан-жақты тексеру деген сөз. Сонымен бірге мектеп оқушыларының оқуы мен жазуын да тексеру қажет.

Сөйлеу тілінің мүкістерін талдауға жүйелі тәсілді қолданудың, сөйлеу тілінің қайсы бөлігінің бұзылғанын анықтап қана қоймай, сонымен бірге оның басқа бөлімдерімен де қандай байланысының бар екенін шамалауға мүмкіншілік беретін ерекшелігімен маңызды. Мысалы, сөйлеу тіліндегі дыбыстардың бұзылуы өз бетімен дербес болып келуі белгілі, бірақ ол көп жағдайларда сөйлеу тілінің фонетикалық жағын, ал кейде, тіпті фонетика-фонематикалық және лексика-грамматикалық жақтары сияқты жалпы дамуын да қамтитын бұзылудың күрделі нышанын білдіретін ақаулықтарға сай келуі мүмкін. Осының барлығы тексеру барысында ашылуы керек.

Бірақ, логопедиялық жұмысында бұл әрдайым ескеріле бермейді, осы уакытқа дейін ақаулыққа қолданылатын әрекеттер оның ең жиі көрінетін сыртқы белгісіне қарап белгіленеді, оның басқа бөлімдерімен байланысы ашылмайды, нәтижесінің қандай болатыны, қандай зардапқа әкеліп соғуы мүмкін екені ескерілмейді. Мысалы, сөйлеу тілі дыбыстарын естіп қабылдауының, ажыратуының жеткіліксіз дамуы жекелеген дыбыстардың айтылуындағы бұзылуына және баланың фонематикалык түсінігінің кешеуілдеп қалуына себепші болуы мумкін. Сондай-ақ ол сөйлеу тіліндегі дыбыстардың талдауының қалыптаспауына, демек оқуы мен жазуын менгеруіне де әсер етуі мүмкін. Жоғарыда көрсетілгендей, сөйлеу тілі бұзылуының әрбір көрінісі бір мезгілде басқа да бұзылулардың шығуына себепші болуы мүмкін. Бұл жағдай сөйлеу тілі мүшелерінің қайсы бөлігінің бұзылғанын анықтағаннан кейін, соған қатысты басқа мүшелері қандай жағдайда екенін байқап көріп, тексерген кезде назарда болу қажет.

Сөйлеу тілі құрамын, дыбыстардың айтылуын, сөздік қорын, грамматикалық құрылысын, жазуы мен оқуын тексерген кезде қолданылатын тәсілдерге және нақтылы әдістерге тоқталамыз. Тәсілдің немесе әдістің қайсысын болмасын әйтеуір біреуін қолданғанымен сөйлеу тілі бұзылуының ерекшелігі туралы бірден қорытынды жасауға болмайды. Тек тексерудің нәтижесін салыстыру және талдау арқылы сөйлеу тілінің ақаулығы туралы анық айтуға болады.

Сөйлеу тілін тексермес бұрын ата-аналармен әңгіме өткізу қажет. Әңгімелесу барысында баланың қандай аурумен ауырғаны, жара-қаттанғандығы және сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуына зиянын тигізетін тәрбие жағдайы анықталады (анамнез жинақтау). Ата-аналардың берген мәлімдемелері баланың сөйлеу тілі бұзы­луының көрінісін түсінуге жәрдемін тигізеді.

Сөйлеу тілі ақаулыктарының шығу себептерін дұрыс анықтау үшін, логопед баланың сөйлеу тілінің қалай дамығандығын көз алдына келтіру керек. Сондықтан, баланың тілі қай жасынан бастап шыққаны, бірінші сөзді қашан айтқаны және сөздің басын құрап сөйлеуді қашан бастағаны, одан ары қарай сөйлеу тілінің қалай дамығандығы, мектепке барардың алдында оның сөздік қорының және грамматикалық құрылысының шамасы қалай қалыптасқандығы туралы мәліметтерді ата-аналардан сұрай отырып жинау қажет.

Ата-аналармен әңгімелесу кезінде баламен күнделікті қатысып, араласып жүрген адамдардың тілдерінің дамуындағы деңгей шамалары туралы, олардың арасында сақаулары және бірнеше ұлтттың тілдерін араластырып сөйлейтіндерінің бар-жоктығын, сонымен бірге, баланың сөйлеу тілінің дұрыс дамып қалыптасуына ортаның қандай ықпал тигізгендігін анықтайды. Ең маңыздысы, бала өзінің сөйлеу тілінің ақаулығын түсіне ме және оған баланың көзқарасы қандай, яғни уайымдайма соны білу керек. Сонымен бірге ата-ананың логопедтен бұрын кеңес алғанын және қандай нәтиже бергенін анықтау керек. Егер бала бұған дейін балалар мекемелерінің қайсы біреуінде тәрбиеленген болса, онда ата-ананың берген мәліметтері педагогикалык мінездемемен толықтырылады.

Сөйлеу тілінің бұзылуы есту қабілетінің нашарлауына көп байланысты. Бұл екі келеңсіздіктің бірімен-бірі тығыз байланысты екеніне ата-аналар көңіл аудармайды, сондықтан да логопедтің алдына өтінішпен барған кезде баланың нашар еститінін көбінесе ескертпейді. Сондықтан сөйлеу тілін тексермес бұрын оның есту қабілетінің дұрыстығына көз жеткізіп алу керек. Егер баланың есту қабілеті жөнінде отоларингологтан анықтама болмаса, онда оны логопед өзі тексереді. Есту қабілетін сыбырлап сөйлегенді ұғынуын талдау арқылы тексереді. Жеке сөзді немесе қысқа сөйлемді бала­ның құлағының түбінен бастап бірде қатты, бірде ақырын, бірде сыбыр дауыспен кезек-кезек біртіндеп алыстатып айта отырып есту қабілетінің шамасын әр түрлі қашықтықтан тексереді.

Есту кабілеті дұрыс бала, логопедтің 6-7 м. жерден сыбырлап айтқан сөзі мен қысқа сөйлемін жақсы естиді және қайталайды. Бала логопедтің сөзін теріс қарап тұрып қайталайды. Баланың есту кабілетін жақыннан бастап, сосын ара қашықтығын біртіндеп алыстата отырып тексереді. Тексеру жүргізетін бөлменің бұндай сынаққа ыңғайы келмесе, онда логопед керекті қашыктыққа сәйкес келетіндей етіп теріс қарап тұрып сөйлеп тексереді.

Құлағының жеңіл мүкістігі бар бала бір қалыпты дауыспен сөйлеген сөзді 6-дан 8 метрге дейінгі, ал сыбырлаған сөзді 3 метрге дейінгі қашықтықтан естиді. Құлағының мүкістігі ауыр баланың есту қашықтығының алшақтығы қысқарады және соған лайық сыбырлаған сөзді анық естуі мен оны қайталауы қиындайды. 1 метрге жетпейтін қашықтықта сыбырлаған сөзді анық түсіне алмаса, онда есту мүкістігінің ауыр екендігін көрсетеді.

Тексеруге кірісерде логопед ең алдымен баланың сөйлеу тілінің толықтығы, анықтылығы, ырғақтығы, жатықтығын толығымен түсініп алуы керек.

Мектеп жасына дейінгі немесе мектеп жастағы балалардың сөйлеу тілінің жалпы жағдайынан түсінік алу үшін қарапайым жеңіл әңгімесу өткізіледі. Атың кім? Әкеңнің аты кім? Анаңның аты кім? Қайда тұрасың? Әпкең, қарындасың, сіңлің, інің, ағаң бар ма? Олар туралы айтып бер. Мектепте кіммен достасып жүрсің? Бұл жерге немен келдің? Тағы қандай көлікті білесің? Сен хайуанаттар паркінде болдың ба? Қандай аңдарды көрдің? Солардың ішінде саған көбірек ұнағаны қандай аң болды? және т.б.

Әңгімені тек қана сұрак-жауаппен шектеп жүргізуге болмайды. Балаға бейнелі сурет бойынша қысқа әңгімені ауызекі айтып беруді ұсынады. Берілетін тапсырманың түрі мынандай болуы ке­рек. «Мына бейнедегі суреттелген көріністерді айтып бер». Бала окиға желісін еркін әңгімелей алатындай етіп сюжетті суреттер баланың жас ерекшелігіне сай арнайы іріктеліп алынады.

Тексеру құралдарына сонымен бірге нақты бір оқиғаның желісіне құрылған жалғаскан бірнеше сюжетті сурет болуы керек. Әрбір сюжетті сурет оқиға желісінің үзіндісін көрсетеді. Ілеспелі сюжетті суреттер баланың алдына рет-ретімен жайып салынады немесе қалай болса солай ретсіз тасталынады. Бала оларды оқиға желісіне лайықтап реттейді де тізіп жаяды, сосын оларға қарап отырып өз сөзімен қиыстырып, бүтін бір әңгіме құрастырып айтып шығады. Жалғасқан бейнелі суреттерді окиға желісінен реттеп тізіп жаюына қарап, олардан салихалы әңгіме құрап, жатык тілмен айтып беруіне карап, баланың ақыл-ойының деңгейін шамалауға болады.

Сюжетті сурет бойынша әңгімелеумен бірге, ертегі немесе бала өзі күнделікті естіп жүрген қарапайымдылығымен ерекшеленетін жеңіл әңгімені айтқызу тәсілін қолдану қажет.

Сұраққа жауап беру, бейнелі сурет бойынша әңгімелеу, ойға токыған әңгімесін еркін сөйлеп беру кездерінде логопед баланың сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуында ақаулықтың бар-жоқтығын және сөйлеу тілінің жалпы анықтылығын, оның шапшандығын, жатыктығын, естіген әңгімесін өз сөзімен қайталап айтып бере алатындығын, әңгімелеу кезінде сөйлемнің қандай түрлерін пайдаланатындығын, сөйлем құрастыруда, сөз тандауда оларды орнымен қалай дұрыс пайдаланатындығын, сөйлемнің грамматикалық құрылысьнда сараланбаушылықтың (аграмматизм) бар жоғын, сонымен қатар баланың ой-өрісінің дамуы туралы да, мағлұмат алынып, болжау жасалады.

Баламен алдын-ала әңгімелесу кезінде оның дыбыстарды айтуын қаншалықты меңгергенін және қандай ақаулықтардын бар екенін алдын ала білуге мүмкіндік береді. Бірақ сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуындағы ақаулар ерекшеліктерін дәл анықтау үшін оларды арнайы және егжей-тегжейлі тексеру қажет.

Дыбыстардың айтылуын зерттемес бұрын баланың сөйлеу тілі мүшелерінің жағдайын тексеріп алу керек. Сөйлеу тілі мүшелерінің құрылысындағы немесе козғалту қызметіндегі болмашы ақаулықтардың өзі сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуын тежеуі мүмкін. Кейде бұл бұзылулар басқа жағдайларда онша білінбейді, олар негізінде сөйлеу мүшелерінің құрылысын және қимылдарын мұқият тексергенде анықталады.

Анамнез жинау

Анамнез жинау барысында сөйлеу тілінің, моторикасының ерекшеліктері туралы деректер логопедке баланың жағдайын дұрыс бағалауға, сосын логопедиялық түзету жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Анамнезді мүмкіндік болса анасымен әңгімелесу барысында жинақтау тиімді, болмаса жақындарынан жиналады.

Ата-анасымен әңгімелесу барысында анықталатын:

1 .Жүкті болу мен босануы:

-жүктілігі қалай өтті (токсикоздың байқалуы бірінші немесе екінші

кезеңінде ме, ананың жүкті кезінде ауырған туралы мағлұмат, зақымдалуы, операция, т.б.);

-босануы (уақытында, ерте, кеш, өзбетімен немесе дәрінің (стимуляция) көмегімен;

-бала туғаннан кейінгі кезең (бірден айқайлады ма, асфиксия болса қандай түрі: ақ-көк; зақымдалу болды ма; айқайдың сипаты-қатты, әлсіз, т.б.);

-омырауды бірден алды ма, әлде ______ сағаттан кейін;

-тамақтануы (омыраумен, жасанды).

2. Бір жасқа дейінгі кезең:

-отбасының жағдайы;

-ұйқысы, тәбеті;

-немен ауырды (инфекциялық, соматикалық);

-моторлы дағдылары (басын қашан ұстады, отырды, жүрді).

3. Сөйлеу анемнезі:

-уілдеу, былдырлау уақыты;

-уілдеуі мен былдырлаудың ерекшеліктері (белсенділігі, дыбыстардың сипаты, әртүрлігі, дауыс реакциясының сипаты);

-алғашқы сөздің пайда болған уақыты;

-алғашқы сөйлемнің, байланыстырып сөйлеу уақыты;

-фразалық сөйлемге көшкен кезеңдегі байқалған қиындықтар;

-сөйлеу тілінің бұзылыстары.

4 .Баланың тәрбие жағдайы:

-әлеуметтік ортасы (қайда тәрбиеленді- үйде, балалар үйінде, әжесінде, т.б.);

-сөйлеу ортасы (сөйлеу тілі бұзылысы бар адамдармен қатынасы, билингвизм, қай тілде сөйлеуі басым);

-сөйлеу қатынасының ерекшелігі: сөйлеу қатынасы жеткіліксіз, сөйлеуде ынталандыруды керек ете ме, балалар әдебиетін оқу, ол жас ерекшелігіне сай келе ме, қай жастан өлең, тақпақ жаттай бастады, еске сақтауы қалай, қандай мөлшерде;

-отбасындағы психологиялық жағдай (тым қатаң немесе қорғаштау, қатынас бірқалыпты, сөйлеу режимі (шамадан тыс телевизор көру, кітап оқу, т.б.);

-отбасы мүшелерінің баланың ақаулығына көзқарасы.

Мектеп жасына дейінгі балаларға қажет қосымша деректер:

-баланың тәртібінде жылауықтылық, ашуланшақтық, эмоциялық тұрақсыздық байқала ма?

-қорқақтық, шошымал, үрейлену белгілері;

-ойнау іс-әрекетінің деңгейі;

-ойнағанда өзінің іс-әрекетін айтып ойнай ма, әлде үндемей ойнай ма;

-өзі жалғыз ойнағанды, әлде ұжымда ойнағанды ұнатама.

Мектеп жасындағы балаларға қажет қосымша деректер:

-оқу үлгерімі;

-ата-анамен қатынасы;

-логопедиялық көмек алды ма, алса оның нәтижесі.

Артикуляциялық аппаратты тексеру

Тексеру артикуляциялық мүшелердің анатомиялық құрылымын анықтаудан басталады:

-ерін-жалпақ, қалың, жарықшақ;

-қатты таңдай-өте жоғары әрі тар, өте төмен әрі жалпақ, жырықтары;

-тістер-түрлері мен көлемі (кіші, ұсақ), саны (артық, жетіспеуі);

-тіл-үлкен, жіңішке, тіл асты сіңірі қысқа, қалыпты;

-кішкентай тіл-қысқа, айырылған. Кішкентай тілдің айырылғандығы баланың таңдайының жырықтығының нышаны болуы мүмкін;

-тістену, қабысу (астыңғы және үстіңгі жақ сүйектерінің орналасуы).

Қалыпты жағдайда бүйірлі тістер бірдей денгейде түйісіп тұрғанда үстіңгі тістер біршама алға қарай шығып турады. Тістенудің (прикус) әр түрлі ауытқулары кездеседі. Прогения -астыңғы жақтар үстіңгі жақтарға қарағанда шығыңқы келеді; прогнати я – үстіңгі жақ өте шығып тұрады; бүйірлік қабысу – бүйірлік азу тістердің арасында саңылау қалады; алдыңғы ашық қабысу –алдыңғы күрек тістердің арасында саңылау қалады.

Сөйлеу мүшелерінің құрылысындағы анатомиялық ақаулықтар тіл дыбыстарын айтуға әсерін тигізеді. Мысалы, үлкен икемсіз тілдің салдарынан ызың, ысқырық, Р дыбыстары бұзылып айтылуы мүмкін. Өте жоғары, тар таңдай да ысқырық, сонорлы дыбыстардың бұзылуына себеп болады. Астыңғы және үстіңгі жақтардың дұрыс қабысып тістенбеулері немесе тістердің орналасуындағы ақаулықтар кейбір тіл дыбыстарының тіс аралық, бүйірлік айтылуына себеп болуы мүмкін. Содан соң артикуляциялық аппараттың қимылдау функциясын тексереді. Ол үшін әр түрлі жаттығулар пайдаланады. Жаттығулар сөздік нұсқау немесе көрсету арқылы орындалады.

Еріннің қимыл-қозғалыс функциясын тексеруге келесі жаттығулар қолданады:

-ерінді түйістіру;

-ерінді О дыбысын айтқандай дөңгелету, біраз ұстап тұру;

-тілді түтікшеге ұқсас ұстап тұру (У дыбысын айтқандай);

-жымию – ерінді күлгендей ұстау.

Төменгі жақтың қимыл-қозғалыс функциясын тексеруге арналған жаттығулар:

-төменгі ерінді оңға қозғау;

-төменгі ерінді солға қозғау;

-төменгі ерінді алға шығару.

Тілдің қимыл-қозғалыс функциясын тексеруге арналған жаттығулар:

-жалпақ тілді астыңғы ерінге салып ұстап тұру (1-5 дейін санап);

-жалпақ тілді үстіңгі ерінге тигізіп ұстап тұру (1-5 дейін санап);

-жалпақ тіл;

-жіңішке тіл;

-жоғарғы ерінді жалау;

-жоғарғы, төмен ерінді жалау;

-тілдің ұшын жоғарғы тістерге, таңдайға тигізіп ұстау;

-жалпақ - жіңішке тіл жасау (бірнеше рет қайталанады);

Жұмсақ таңдайды тексеру үшін «А» дыбысын екпінді айтқызып, жұмсақ таңдайдың көтеріліп, төмен түсуі анықталады.

Артикуляциялық жаттығуларды орындау барысында логопед қимыл-қозғалыстардың төмендегідей сапасына көңіл бөледі:

-нақтылығы;

-көлемі;

-бір қимылдан екінші қимылға өтуі;

-бір қалыпты ұстап тұруы.

Тіл қимыл-қозғалысының бұзылуы, әсіресе сал ауырумен ауырған немесе әлсізденген, алалиядан зардап шеккен балалар арасында жиі кездеседі. Ондай балаларды тексеру барысында қосымша жаттығулар пайдаланады. Артикуляциялық аппраттың динамикалық қимылын ұйымдастыруын тексеру үшін алдымен көрсетіп, содан соң нұсқау арқылы қимыл кешендерін қайталатады:

-тістену, тілді шығару, сосын ауызды кең ашу;

-тілді бір жаққа бұру, жоғары көтеру, алға шығару;

-ауызды кең ашу, тілдің ұшын төменгі тістерге тигізу, сосын жоғары тістерге тигізу, жоғарғы ерінге қою.

Тексеру барысында жеке сынақтармен қоса функционалдық сынақтар қолданады (Е. М. Мастюкова, 1989).

1 сынақ.

Ауызды ашып, тілді алға шығарып, тілді қимылдатпай ұстап тұрған қалпында оңнан солға қимылдаған затты (қарандаш, саусақ) басты бұрмай көзбен қадағалау. Тілді ұстап тұруы бағаланады, синкинезияның байқалуы анықталады.

2 сынақ.

Тілді жоғары, төмен қимылдату, бұл кезде тексерушінің қолы баланың мойнында ұсталады. Мойынның бұлшық еттерінің қатаюы бар ма жоқ па, синкинезияның байқалуы анықталады.

Артикуляциялық қимылдың бір қимылдан екінші қимылға өту мүмкіндігін анықтау үшін дыбыс немесе буын қатарынан айтқызуға болады.





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-03-11; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 918 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

80% успеха - это появиться в нужном месте в нужное время. © Вуди Аллен
==> читать все изречения...

1309 - | 1197 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.011 с.