Лекции.Орг


Поиск:




НАҚАҚ ТҰТҚЫННЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ




 

(Адал совет азаматтарына жала жауып,

жазықсыз жазғырған Ежов, Берия,

Абакумов сияқты халық дұшпандарына қарата)

 

Дейсіңдер халық жауы, халық жауы,

Халықтың Қасым жауы, Салық жауы...

Бұл күнде енді кезек маған келіп,

Халықтың мен болыппын нағыз жауы.

 

Бұл сөзді естуге де арланамын,

Кей кезде намыс қылып, шамданамын.

Жұртыма қылдай қылған жазығым жоқ,

Қалайша тағылғанға таңданамын.

 

Халқыма қарсы мылтық атқаным жоқ,

Отанды опасыз боп сатқаным жоқ.

Немесе туған елге дұшпандықпен

Өтірік пәле-жала жапқаным жоқ.

 

Өзге елдің өсегіне ергенім жоқ,

Не ұлттан, не жұртымнан безгенім жоқ.

Сатылып не атаққа, не ақшаға,

Жат елге жасырын сыр бергенім жоқ.

 

Қазынаға сұғанақ қол салғаным жоқ,

Жымқырып жұрттан пара алғаным жоқ.

Немесе кісі өлтіріп, ұрлық қылып,

Ешкімнің обалына қалғаным жоқ.

 

Біреуге сыртымнан ор қазғаным жоқ,

Біреуге сырттан шағым жазғаным жоқ.

Немесе неке бұзып, шектен шығып,

Тұрмыста адамдықтан азғаным жоқ.

 

Жазығым болмаса да жұртқа қылған,

Басыма бұғалық сап, түстім зындан.

Нақақтан жаламенен жазаландым,

Деген сол: «Бөрі аш болса – қозы құрбан».

 

Мейлі жау жаба берсін маған жала,

Өтірік ойдан тапқан мінін таға.

Бір болар бірақ алда шындық соты,

Айтар бір әділ билік тарих-аға.

 

Салынар таразыға ақ-қарамыз,

Шындықтың түгін қоймай ақтарармыз.

Қазіргі қаралаушы, жазалаушы

Жауыздар, сонда шығар масқараңыз!

 

Ақырғы әділ үкім айтып елім,

Паш етер ақтығымды әлі-ақ менің.

Берілер сазайларың сендердің де,

Көз жастар нақақ аққан кетпес тегін.

 

Сенемін осы күннің келеріне,

Шындықтың жауыздықты жеңеріне.

Сенемін үкімет пен партияның

Қол ұшын қайта маған береріне.

 

 

ПРОКУРОР

(Заде Хаджибековке)

 

Құтылмаған сорлы бас

Көптен бері шатақтан.

Жала жауып бір «жолдас»,

Карцерге түстім нақақтан.

 

Өлтірмек боппын мен оны,

«Бар, – депті-ау тағы,– пышағы!»

Жаласы жаудың бұл жолғы

Жанымды жаншып, қысады.

 

Болған соң бір жазалы,

Сене ме сенің сөзіңе?!

Айырмай ақ-қарасын,

Апарып тықты тезіне.

 

О, әділдік, о, шындық!

Бармысыңдар, қайдасыңдар?

Мыналары не сұмдық?

Қақсаңшы қастық найзасын!

 

Өлтірмек түгіл адамды,

Көргем жоқ тауық бауыздап.

Жапсаңшы жөндеп жалаңды,

Тұрған соң, ақымақ, ауызға ап!

 

Ызадан жүрек тесіліп,

Отыр ем оймен ашынып.

Түрменің темір есігі

Кенеттен кетті ашылып.

 

Кіріп келді үстіме

Помпрокурор – жас жігіт.

Көзіме көзі түсті де:

– Отырсыз, – деді, – не қылып?

 

Тұрмадым созып сөзді мен,

Салқындау айттым жайымды.

Прокурордан күтпеп ем,

Нансаңыз, достар, қайырды...

 

– Жарайды, жақсы, – деді де,

Кетіп қалды қоштасып.

Соңынан бастық келді де,

Оқыды қаулы, папка ашып.

 

– Ихсанов кім? Сізсіз бе?

Затыңызды алыңыз!

Кешірерсіз Сіз бізді,

Азатсыз, – деді, – барыңыз!

 

«Азаттық» деген лебізді

Естігенде жаутаңдап,

Аяққа іліп кебісті,

Жөнеле бердім томпаңдап.

 

Прокурорды орынға

Санаушы ем ылғи даттайтын.

Бар екен сөйтсем оның да

Адамды кезі ақтайтын!

 

 

ЗІМІЗДІҢ ТУЫСТАН

 

Қылмыс теріп Қиқымов,

Қыр соңымнан қалмады,

Аңдып жүріп Сиқымов,

Ақырында қармады.

 

Жоқтан бар қып Жамауов,

Бір пәлені байлады.

Үкім етіп Танауов,

Жиырма беске айдады.

 

Айтсам егер шындықты,

Ей, ағайын, туысқан,

Көрдім қорлық, сұмдықты

Өзіміздің туыстан!

 

 

МЕКТЕП

 

Еркін жүріп, ен жайлап,

Ел қадірін білмеппіз.

Көбелей көшіп, кең жайлап,

Жер қадірін білмеппіз.

 

Көргендіктен күн сайын,

Күн қадірін білмеппіз.

Болғандықтан әрдайым,

Түн қадірін білмеппіз.

 

Қампиып қарын тойған соң,

Ас қадірін білмеппіз.

Телегей-теңіз болған соң,

Дос қадірін білмеппіз.

 

Толықсып жанда жатқан соң,

Жар қадірін білмеппіз.

Бейнетсіз оңай тапқан соң,

Мал қадірін білмеппіз.

 

Енді олардың қадірін

Қалдым аздап біліп те.

Көру бейнет ауырын –

Мектеп екен жігітке!

ДОСТАРҒА СӨЗ

 

Ей достарым, достарым,

Қайдасыңдар, қайдасың?

Аман ба асыл бастарың,

Қазірде қандай жайдасың?

 

Қастарыңда жүргенде,

Қадіріңді білмеппін.

Аз күн ойнап-күлгенге,

«Мәңгілік бірге жүр» деппін.

 

Шолақ ойдан шорт мінез

Шығып кету – жеңіл-ді.

Болып кейде бойкүйез,

Қалдырыстық көңілді.

 

Болып кейде бақталас,

Жүрдік іштей өшіге.

Бірде – тату, бірде – араз,

Сөйлеспедік шешіле.

 

Күншілдікпен көре алмай,

Жүрдік кейде кектесіп.

Түзу сәлем бере алмай,

Дидарласып, беттесіп.

 

Болды тіпті күніміз

Шекелескен, шекіскен,

Оттай шарпып тіліміз,

Түбімізге жетіскен.

 

Ұят та болса, бұл – шын сыр,

Жасырайын несіңе?!

Екен бәрі бос былшыл,

Алсам енді есіме.

 

Кездессе егер ал бүгін,

Бәрі ыстық шетінен.

Құшақтар ем барлығын,

Өбер ем бәрін бетінен.

 

 

ЖАРЫМА ХАТ

 

Жапанда жалғыз жабығып,

Қалды алыста жан жарым.

Жан жарымды сағынып,

Қапаста қажып, зарладым.

 

Менің тартқан азабым

Жанына оның өтер ме?!

Жалыннан ыссы ғазалым

Жарыма жақын жетер ме?!

 

Қайғылы халін жарының

Қалқашым, сірә, біле ме?!

Тұншығып шыққан зарының

Үніне құлақ түре ме?!

 

Суытып әлде жүрегін,

Үзді ме менен үмітті?!

Басқаға арнап тілегін,

Тапты ма басқа жігітті?!

 

Айтпайды ешкім хабарын,

Жазбайды оны өзі де.

Құлақ тоссам сазарып,

Көрінгеннің сөзіне.

 

Жүгірген аң, ұшқан құс,

Аққан өзен, ескен жел,

Жарыма сәлем алып ұш,

Жарыма менен хабар бер!

 

Жүрегі – маған керегі,

Сүюі – менің арманым,

Күтсе – жары келеді,

Күтсін де тек жан жарын!

 

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-24; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 372 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Не будет большим злом, если студент впадет в заблуждение; если же ошибаются великие умы, мир дорого оплачивает их ошибки. © Никола Тесла
==> читать все изречения...

1026 - | 847 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.007 с.