Лекции.Орг


Поиск:




Ал, «құқықтық реттеу механизмі» деген ұғым қандай құрамдас элементтерден тұрады?




Мұның негізгі элементтері:

1) құқық нормасы;

2) құқықтық қарым-қатынас;

3) құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру актілері;

Ықты қолдану актілері [31, 439 б.].

Ық нормасының маңыздылығы қажет етілетін жүріс-тұрыс ережесінің үлгісін белгілеу арқылы көрініс табады. Құқық нормасының түріне субъектінің нақты жүріс-тұрысы байланысты болатыны сөзсіз. Мысалы, тыйым салатын құқық нормасы бойынша субъект белгілі бір әрекеттерді жасаудан бас тартуы тиіс, ал міндет жүктейтін норма бойынша субъект белгілі бір әрекеттерді жасауға мәжбүрленеді.

Келесі элемент - құқықтық қарым-қатынастың маңыздылығын нақты субъектілердің нақтыланған субъективтік құқықтар мен міндеттерін белгілеуден, яғни жүріс-тұрыс ережесінің жалпы үлгісін нақты субъектіге қатыстырудан көруге болады.

Үшінші элемент - құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру актілері дегеніміз субъектілердің іс жүзінде жүріп-тұруы. Яғни, субъектілер құқық нормасының талап еткен ережесін өзінің күнделікті өмірінде орындайды. Жалпы алатын болсақ, осы сәтте құқықтық реттеу механизмінің әрекет етуі аяқталады, өйткені құқықтық норма орындалды деп қорытындылауға болады.

Бірақ, құқықтық реттеу механизмінің төртінші элементін айтпасақ бұл механизм толық болмас еді. Бұл механизмінің соңғы элементі - құқықты қолдану актілері болып - құзыретті органдардың құқықтық қарым-қатынастардың пайда болуын, норма талабының іске асырылуын, құқықтар мен міндеттердің жүзеге асырылуын және т.б. қамтамасыз ету бойынша билік ету актілері болып табылады.

Құқықтық реттеу механизмінің процесіне келетін болсақ оның екі негізгі түрі болады: 1) қарапайым; 2) күрделенген.

Қарапайым реттеу процесі дегеніміз бір ғана мемлекеттік актіні (яғни, нормативтік құқықтық актіні) қабылдау арқылы жүзеге асырылатын реттеу. Субъектілердің құқықтары мен міндеттерінің нақтылануы осы субъектілердің өздеріне жүктеледі.

Күрделенген реттеу процесінде екі мемлекеттік билік ету актісі қолданылады, біреуі – нормативтік құқықтық акті болса, екіншісі - құқық нормасын қолдану актісі.

Мұның барлығы құқық теориясында ашылып көрсетілген [31, 439-440 бб.].

Ал енді осы жалпы мағлұматтардың негізінде «адам құқықтарын қорғау механизмі» деген ұғымға көңіл бөліп көрейік. «Механизм» ұғымының жоғарыда көрсетілген түсінігіне сүйенсек, «адам құқықтарын қорғау механизмін» – белгілі бір себептермен бұзылған адам құқықтарын бұрынғы қалпына келтіру бойынша субъектілердің (оның ішінде нақты адамның да) әрекет ету тәсілдері немесе бұзылған адам құқықтарын қалпына келтіру ісіне ықпал ететін құралдардың жүйесі, - деп анықтауға болады.

Бұл анықтаманы қорытындылайтын болсақ – «адам құқықтарын қорғау механизмі» дегеніміз - белгілі бір құқықтық тәсілдердің, құралдардың жүйесі ретінде көрініс табатын, бұзылған адам құқықтарын қалпына келтіру тәртібі, - деген анықтамаға келеміз.

«Адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмі» деген ұғым осы механизмнің топталуына (сыныпталуына) негізделген. Яғни, адам құқықтарын қорғау механизмдерін құрайтын құқықтық тәсілдер мен құралдардың барлығын екі негізгі түрге бөлуге болады, олар: 1) сот механизмі; 2) соттан тыс қорғау механизмі.

Көп жағдайларда көрсетілмейтін болса да, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмінің үшінші түрін де атап кеткен жөн. Ол, халықаралық құқық арқылы қорғау механизмі. Халықаралық қорғау механизмінің көп жағдайларда аталмай қалатынын мынадай фактормен түсіндіруге болады. Әдебиеттерде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдерін екі үлкен топқа бөліп қарастырады, олар: 1) ішкі мемлекеттік қорғау механизмі; 2) халықаралық қорғау механизмі.

Осы тұрғыдан келетін болсақ соттық және соттық емес қорғау механизмдерінің ішкі мемлекеттік қорғау механизмдері тобына жататыны түсінікті болады.

Бірақ жалпылай алғанда, біздің ойымызша, негізгі болып табылатын соттық және соттық емес қорғау механизмдеріне халықаралық қорғау механизмін де қосып қарастырған жөн.

Сот механизмі әрбір демократиялық елде адам құқықтарын қорғау бойынша негізгі механизм болып табылатыны барлығына мәлім. Алайда, тек қана сот органы адамға қатысты барлық құқық бұзушылықтарды қорғай алмайтыны түсінікті.

Осыған байланысты, адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмі ретінде соттан басқа мемлекеттік органдарға жүгіну арқылы (немесе осы органдардың қызметі арқылы), сондай-ақ құқығы бұзылған субъектінің өз әрекеттері арқылы, бұзылған субъективтік құқықтарды қалпына келтіру тәртібін түсінуге болады.

Бұл анықтаманы қосымша дәлелдейтін жайттарды ресейлік басылымдардың бірінен табуға болады. Ол жерде «Ресей Федерациясындағы адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік соттық емес механизмі келесі буындардан тұрады: адам құқықтары бойынша РФ Уәкілі, адам құқықтары бойынша РФ субъектілеріндегі Уәкілі, РФ Прокуратурасы, РФ министрліктері мен ведомстволары, РФ Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі Комиссия...», - делінген [32, 556-558 бб.].

Әрине келтірілген тізім үлгілік сипатқа ие, яғни адам құқықтарын соттық емес қорғау механизмінің құрамына бірқатар басқа да органдарды жатқызуға болады. Мысалы, Қазақстанға қатысты мұндай орган ретінде ҚР Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері бойынша Ұлттық комиссияны атауға болады. Бұл орган 1998 жылдың 22 желтоқсан күні құрылған және ол кеңесуші-ақылдасушыға сипатқа ие. Ұлттық комиссия жетістіктерінің бірі ретінде ҚР Ішкі істер министрлігі құрамында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресу бойынша арнайы мамандандырылған бөлімнің құрылуын келтіруге болады. 1999 жылдың мамыр айында құрылған бұл бөлім әйелдердің конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін заңсыз қолсұғушылықтардан қорғаумен айналысады [33, 20 б.].

Демек, бұл бөлімнің жұмысы әйелдер құқықтарын арнайы қорғау механизмін айтарлықтай күшейте алмай отыр. Біздің ойымызша, оның басты себебі - еліміздегі жалпы адам құқықтарын қорғау механизмінің әлсіздігі. Бұл кемшіліктің орнын арнайы органдар құру арқылы толтыру қиын, тіпті мүмкін емес те шығар. Сондықтан, өз еңбегімізде біз мұндай арнайы органдардан көрі (олардың қатарына кейбір қоғамдық ұйымдарды да жатқызуға болады, мысалы, ардагерлер ұйымдарын, тұтынушылар құқықтарын қорғаумен айналысатын ұйымдарды, кәсіподақтарды және т.б.), жалпы адам құқықтарын қорғаумен айналысатын органдарға көбірек көңіл бөлгенді дұрыс көріп отырмыз. Бірақ мұндай арнайы мәселелер бойынша құрылған органдардың бар екендігін де ұмытпауымыз керек (мысалы, жоғарыда көрсетілген Отбасы мен әйелдер істері бойынша ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссия, ҚР ІІМ құрамындағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресу бойынша арнайы мамандандырылған бөлім сияқты немесе жекелеген топтардың құқықтарымен айналысатын қоғамдық ұйымдар сияқты).

Жалпы алғанда мемлекеттік органдардың (оларды әкімшілік органдар деп те атауға болар еді) тиімді және жедел қызметі адам құқықтары мен бостандықтары кепілдіктерінің бірі болып табылады. Бұл органдарға қатысты адам мен азамат келесі талаптарды қою құқығына ие болуы тиіс, - дейді отандық зерттеуші С.С. Шишимбаева. Атап айтқанда, олар:

- барлық мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер және әрбір мемлекеттік қызметкер жұртшылық мүддесінде мөлдірлік (транспаренттілік), сенімділік, болжамдылық, тиімділік, заңдылық және бақыланушылық негізінде қызмет етуі тиіс;

- азаматқа қатысты шешімдер мен әкімшілік актілердің қабылдануына азаматтың өзі неғұрлым кең түрде қатысуы тиіс;

- азаматқа қатысты мемлекеттің барлық іс-әрекеттеріне байланысты ақпаратқа азаматтың қол жеткізілуі тиіс;

- қоғамдық мүдделерді жүзеге асыру үшін қажетті әкімшілік органдардың азаматқа жүк салатын шешімдері мен іс-әрекеттері шектеулері неғұрлым аз болатындай және олар көзделетін мақсаттардың шеңберінен ешқашан шығып кетпейтіндей қабылданып, жүзеге асырылуы тиіс;

- азаматтардың жынысына қарай теңдігі үнемі сақталып отыруы тиіс және жүгенсіздікке (заңсыздыққа) жол берілмеуі керек;

- тәуелсіз соттар азаматтың өтініші бойынша аталған қағидаттардың сақталуын тексере алуы тиіс [34, 129 б.].

Мемлекеттік органдар қызметінің салдарынан жекелеген азаматтарда пайда болатын мәселелер көп елдерде ұқсас болып келеді және кез келген құқықтық жүйе үшін мына сұрақтардың шешілуі маңызды болып табылады, атап айтқанда:

- Азаматқа қатысы бар шешімдер қабылдаған кезде мемлекеттік органдар қандай ережелерді ұстануы тиіс?

- Мемлекеттік органдардың қандай шешімдері басынан бастап-ақ жарамсыз болып табылады, ал қандай шешімдерге шағым-арыз келтіруге болады?

- Мемлекеттік органдардың қандай шешімдері қабылдану кезінде азаматтардың көмегін, ал қандай шешімдер кейінгі жазбаша түрдегі негіздемені талап етеді?

- Қандай жағдайда шешім шығарған әкімшілік орган кейін өз шешімін өзгерте алады немесе тоқтата алады?

- Әкімшілік органдардың шешімдері қандай тәртіп бойынша орындалады? [34, 131 б.].

Келесі ескерілуді талап ететін маңызды жағдай – адам құқықтары мен бостандықтарын соттан тыс қорғау механизмінің кең және тар мағынадағы түсінігі.

Кең мағынадағы түсінік бойынша бұл механизмге кез-келген құзыретті мемлекеттік орган және адам мен азаматтың өз әрекеттері де жатқызылады (мысалы, өзін өзі қорғау).

Ал, тар мағынада адам құқықтарын мен бостандықтарын соттан тыс қорғау механизмі деп – тек әкімшілік (мемлекеттік) органдар арқылы жүзеге асырылатын тәртіпті түсіну керек.

Әрине, бұл механизмдердің қай-қайсысы да жоғарыда көрсетілген элементтерден тұрады. Мысалы, осы механизмді құрайтын тәсілдердің (құралдардың) бірі – прокуратураның адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша қызметіне келетін болсақ, бұл органның құзыреті құқық нормаларында бекітілген және прокуратураның жалпы қадағалау қызметінен көрініс табады (бұл бірінші элемент).

Құқығы мен бостандығы бұзылған адам прокуратураға шағымдануына толық мүмкіндігі бар. Прокуратура болса мұндай шағым-арызды қабылдап, оны тіркеп алуы тиіс (бұл екінші элемент, яғни құқықтық қарым-қатынастың пайда болуы).

Одан кейін адам құқығы шынымен де бұзылған болса, прокуратура оны қалпына келтіруі тиіс, мысалы, заңсыз жұмыстан шығарылған адамды қайта жұмысқа алдырады немесе оның пайдасына өтемақы төлетеді (бұл үшінші элемент).

Келесі сатыда прокуратура адам құқығын бұзған субъектіні тауып, оны (прокурорлық актілерді қабылдау арқылы) жауапқа тартуы тиіс (бұл төртінші элемент). Сонымен, адам құқығын қорғау механизмінің бұл түрі аталмыш элементтерден тұрады.

 

 

Адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің элементтері және адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі орны

 

Осы бөлімшеде анықталуын талап ететін үлкен сауал – адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің жалпы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесіндегі орнын белгілеу мәселесі.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың екі негізгі механизмі бар, олар – соттық және соттық емес механизмдер. Бірақ жалпы алатын болсақ адам құқықтарын қорғаудың үшінші механизмі бар екенін де ұмытпауымыз керек, ол – адам құқықтарын халықаралық құқық арқылы қорғау механизмі. Демек, адам құқықтарын қорғаудың үш механизмі бар, олар:

1) адам құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау механизмі (соттық механизм);

2) адам құқықтары мен бостандықтарын соттан тыс қорғау механизмі (соттық емес механизм);

3) адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық құқық арқылы қорғау механизмі (халықаралық механизм).

Осы үш механизм, біздің ойымызша, тұтас бір жүйені құрайды. Мемлекет тарапынан алатын болсақ бұл өте дұрыс тәсіл, өйткені «жаһандану заманы мықты мемлекеттің жаңа белгілерін тұжырымдап отыр: еңбектің әлемдік бөлінуіне енгізілген және өмір сүрудің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін тұрақты экономика, әлеуметтік саланың, ғылым, мәдениет және білімнің дамуы, қоршаған ортаның қорғалуы, ұлттың дене және рухани салауаттылығына көңіл бөліну, азаматтардың құқтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету... Әлсіздерге қолдау көрсету, әркімнің лайықты өмір сүру құқығын материалдық кепілдіктермен қамтамасыз ету – мемлекеттің тек құқықтық ғана емес, моральдық та міндеті» [35, 78 б.].

Соттық механизмінің өзі қылмыстық, азаматтық және әкімшілік сот өндірісі арқылы жүзеге асырылады. Мұны өте терең деңгейде жүргізілген атақты ресейлік ғалымдардың зерттеулерінен байқауға болады [36, 169-277 бб; 311-321 б.], [20, 305-377 бб.].

ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Комиссияның қарауына бір жылдың ішінде түскен жазбаша арзыдар мен ауызша шағымдардың саны 903 және 340, яғни шамамен 3 жазбаша арызға 1 ауызша шағым келеді екен. Бұл жерде ескеретін жағдай – ауызша шағымдардың соттан тыс тәртіп бойынша шешілу процедурасына беріліп отырғаны. Демек, осының өзінен соттық қорғау механизмі мен соттан тыс қорғау механизмінің арақатынасын байқауға болады.

Бұған қосымша айта кететініміз – жазбаша түскен арыздардың өзі ҚР Президенті жанындағы Комиссияға жолданып отыр, яғни бұл Комиссияның адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қолданатын тәсілінің өзі – соттық емес қорғау. Екінші жағынан – жазбаша арыздардың жартысына жуығы, яғни 43,86% сот органдарының қызметіне, соның ішінде адам құқықтары мен бостандықтарын дұрыс қорғамағаны жағынан беріліп отыр.

Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? – Егер соттық емес механизмдер арқылы қорғалмай қалған адамның құқықтары мен бостандықтары бұрыңғы кезде сотқа жүгіну арқылы қорғалуын табуы тиіс болса, ендігі жерде соттық механизм арқылы қорғауға ие бола алмаған құқықтар мен бостандықтар соттан тыс қорғау механизмі арқылы қорғалуын талап етіп отыр және Қазақстандағы осындай механизмінің біреуінің өзіне түскен арыздардың жартысына жуығы соттық механизмнен өткен арыздар екенін көреміз.

Демек, бұрындары бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің ең соңғы сатысы – сот деп білетін болсақ, қазіргі кезде жағдай өзгеруде, яғни соттық механизмнен қанағаттанбаған адамдар соттық емес механизмге кеңінен жүгінуде. Бұл дұрыс та, өйткені соттық емес механизмдердің енгізілу себебінің өзі бұзылған құқықтар мен бостандықтарды әртүрлі құқықтық құралдар арқылы қалпына келтіру болып табылады. Жоғарыдағы жағдай соттық емес механизмдердің осы мақсаты бірте-бірте орындала бастағанын көрсетеді.

Сонымен, Комиссия Парламентке мүдделі мемлекеттік органдармен бірігіп құқықтық қарым-қатынастардың барлық субъектілерімен бірдей және дәлме-дәл қолданылуын қамтамасыз ететін заңдарды ресми түсіндіру механизмін даярлап іске қосуды ұсынды. Атап айтқанда ол келесідей Үкіметке берілген ұсыныстар:

- Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық Пактіні, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық Пактіні, сондай-ақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы Пактінің Факультативті хаттамаларын ратификациядан өткізу процесін жеделдету;

- ҚР Президенті жанындағы Комиссияны адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау мақсатында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын міндетті келісілуді талап ететін мемлекеттік органдардың тізіміне енгізу.

Жоғары сотқа берілген ұсыныстар:

- соттардың мамандандырылуын тереңдету (ювеналды, отбасылық, салықтық және т.с.с. соттарды құру арқылы);

- азаматтар құқықтарын қорғаудың құқықтық стандарттары бойынша судьялардың біліктілігін жоғарлату;

- сот процесіне қатысушылардың тең құқықтығы қағидасын сақтау және жәбірленушілер мен куәларды қоса алғанда, сот өндірісіне қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету қажеттелігіне судьялардың көңілін бұру.

Омбудсменге, яғни адам құқықтары жөніндегі уәкілге, осы институтқа беріліп отырған кеңейтілген құқық қорғау мүмкіндіктерін толығымен және неғұрлым белсендірек қолдану кеңесі берілді [37].

Демек, Комиссияның баяндамасы, өзіміз көріп отырғанымыздай, Қазақстан үшін адам құқықтарын сақтау және қорғау саласына қатысты өте маңызды және пайдалы екендігін байқаймыз.

2006 жылғы әлемдегі адам құқықтары жөніндегі жағдай бойынша АҚШ Мемлекеттік Департаментінің баяндамасына сүйенетін болсақ, бір жылдың ішінде Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл 2613 арыз қабылдап, 162 жағдайда ғана бұзылған құқықтарды қайта қалпына келтірген екен [13]. Бұл арыздардың басым көпшілігі соттардың қызметіне қатысты болған, ал соттарға байланысты қазақстандық омбудсменнің ешқандай өкілдігі жоқ.

Бірқатар құқық қорғаумен айналысатын қазақстандық ҮЕҰ-р Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл қызметінің құндылығын мойындаған болса, тағы біреулері омбудсмен билікке тәуелді, сондықтан тексерістерін тиімді жүргізе алмайды деген пікірде. Қалай болса да, келітірілген статистикалық мәліметтерге сүйенсек Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық Уәкілдің қызметі әлі жетілдіруді талап ететіні сөзсіз.

Адам құқықтары мен бостандықтарын соттық емес қорғау механизмі (немесе оны соттан тыс қорғау деп те атауға болады), біздің ойымызша, үш бөліктен тұрады, олар:

1) адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық механизмі;

2) адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың әкімшілік-құқықтық механизмі;

3) құқықтары мен бостандықтарын адамның өз қолымен қорғауы (өзін өзі қорғау механизмі) /3-ші қосымшаны қараңыз/.

Халықаралық деңгейде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмін құрайтын органдарды «адам құқықтарын ынталандырумен және қорғаумен айналысатын ұлттық мекемелер» деп атайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы басылымдарының бірінде бұл мекемелерге мынадай сипаттама берілген. Қазіргі кезде адам құқықтарына байланысты пікірлер мемлекеттік қызметтің барлық салаларына, сондай-ақ қоғамдық және жеке өмірдің көптеген салаларына қатысты. Яғни, адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелер соттық та емес, заң шығарушы да емес, әкімшілік сипатқа ие. Әдетте мұндай мекемелер адам құқықтарына қатысты ұлттық және/немесе халықаралық деңгейде тұрақты кеңесуші өкілеттікке ие болады.

Осы мақсаттар жалпы сипаттағы қызмет шеңберінде жүзеге асырылуы мүмкін – яғни, пікірлер мен ұсыныстарды ұсыну арқылы, немесе жекелеген тұлғалармен не топтармен келтірілген арыздарды қарастыру және шешім қабылдау негізінде іске асырылады. Көбінесе мұндай мекемелер тиісті заң не декрет (яғни, үкімет актісі) негізінде құрылады. Ұлттық мекемелердің көпшілігі атқарушы билік органдары жанында құрылатын болғанымен, олардың іс жүзіндегі тәуелсіздік деңгейі мүшелер құрамы мен қызмет ету әдістерін қоса алғанда бірқатар факторлармен айқындалады. Қазіргі ұлттық мекемелердің көпшілігін екі үлкен категорияға бөлуге болады:

1) адам құқықтары жөніндегі комиссиялар;

2) омбудсмендер.

Кең таралмағанымен маңызды болып табылатын үшінші категорияны халықтың ерекше әлсіз топтарын қорғау үшін құрылған «мамандандырылған ұлттық мекемелер» құрайды (мысалы, ұлттық азшылықтарды, балаларды, босқындарды немесе әйелдерді қорғау үшін құрылған органдар) [7, 5-6 бб.].

Жоғарыда көрсетілген адам құқықтарын қорғау мен ынталандыру бойынша ұлттық мекемелердің үш категориясы да Қазақстанда құрылған және өз қызметін атқарып келеді. Нақты айтатын болсақ, олар:

1) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Комиссия;

2) Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі Уәкілі;

3) халықтың ерекше әлсіз топтарын қорғау үшін құрылған «мамандандырылған ұлттық мекемелер»:

- Қазақстан халықтарының Ассамблеясы (еліміздегі ұлттық азшылықтармен және ұлтаралық қарым-қатынастар мәселелерімен айналысады);

- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және балалар мәселелері бойынша Комиссия.

Осы органдардың нақты сипаттамасын біз кейінірек береміз, ал қазір адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің жалпы сипаттамасын бермесек олардың ерекшеліктерін түсіну қиын болады. Осы тұрғыдан 1991-ші жылдың қазан айында БҰҰ құрамындағы Адам құқықтары бойынша Орталықтың ұйымдастыруымен адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелер туралы ақпараттарды жаңарту және қарастыру бойынша халықаралық жыйын өтті. Оған ұлттық мекемелердің, мемлекеттердің, БҰҰ-ң, оның мамандандырылған мекемелерінің, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Пікір алмасумен қатар жыйынға қатысушылар адам құқықтары жөніндегі ұлттық органдардың рөлі, құрамы, мәртебесі мен функциялары туралы кешенді ұсыныстарын даярлады. 1992-ші жылдың наурыз айында Адам құқықтары жөніндегі БҰҰ Комиссиясы бекіткеннен кейін бұл ұсыныстар «Адам құқықтарын ынталандыру және қорғаумен айналысатын ұлттық мекемелердің мәртебесі мен қызметіне қатысты қағидалар» ретінде жарық көрді [38, 12-16 бб.]. Осы құжатты талдаудан өткізбесек біздің еңбегіміз толық болмайтыны түсінікті.

Сонымен, бұл құжат төрт бөлімнен тұрады, олар:

A) Өкілеттіктер мен функциялар.

B) Құрамы және тәуелсіздік пен плюрализм кепілдіктері.

C) Қызмет ету бағыттары.

D) Квазисоттық өкілеттіктерге ие комиссиялардың мәртебесіне қатысты қосымша қағидалар.

Бірінші бөлімде ұлттық мекеменің адам құқықтарын қорғау және ынталандыру бойынша өкілеттіктері, оның құрамы мен құзыретін анықтайтын, неғұрлым көп мәселелерді қамтитын және конституцияда немесе заңнамада нақты белгіленген мандаты болуы тиіс делінген.

Ұлттық мекеме келесі функцияларды атқарады:

а) тиісті құзыреті бар мүдделі органдардың сұрауы бойынша немесе материалдарды дербес қарастыру құқығын қолдана отырып үкіметке, парламентке және кез келген құзыретті органға кеңесу тәртібі бойынша адам құқықтарын қорғау және ынталандыруға байланысты пікірін, ұсыныстарын, сауалдары мен баяндамаларын береді. Ұлттық мекеме оларды басып шығару жөнінде шешім қабылдай алады. Пікірі, ұсыныстары, сауалдары мен баяндамалары, сондай-ақ ұлттық мекеменің кез келген өкілеттігі келесі салаларға қатысты болуы мүмкін:

i) заңи және әкімшілік ережелерге, сондай-ақ адам құқықтарын сақтауға және олардың қорғалу тиімділігін жоғарылатуға бағытталған сот өндірісіне қатысты. Осыған байланысты ұлттық мекеме заңнама мен қолданыстағы әкімшілік ережелерді, сондай-ақ заң жобалары мен заң қабылдау жөніндегі ұсыныстарды зерттейді және осы ережелердің адам құқықтарына қатысты негіз қалаушы қағидаларға сәйкес келтіруді қамтамасыз ету мақсатында пайдалы деп табатын ұсыныстар жасайды. Қажетті жағдайда ол жаңа заңнама қабылдауды, қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді және әкімшілік шараларды өзгертуді ұсынады;

ii) қарастыруды қажет деп тапқан адам құқықтары бұзылуының кез келген жағдайына;

iii) жалпы адам құқықтары тұрғысынан елдегі жағдай туралы, сондай-ақ нақты мәселелер бойынша баяндамалар даярлау;

iv) үкіметтің назарын кез келген елдегі адам құқықтарының бұзылу жағдайларына аудару, оған мұндай құқық бұзушылықтарды тоқтатуға бағытталған кез келген шараларға қатысты ұсыныстар беру және, қажет болған жағдайда, үкіметтің көзқарасы мен оның қабылдаған шараларына қатысты өз пікірін білдіру.

b) адам құқықтары жөніндегі мемлекеттің қатысатын халықаралық құжаттарына заңнаманың, ұлттық ережелер мен тәжірибенің сәйкес келтірілуін және олардың тиімді орындалуын ынталандыру және бақылау.

c) Жоғарыда аталған құжаттарды ратификациялауға немесе оларға қосылуға көмектесу және олардың орындалуын қадағалау.

d) Конвенциялар бойынша өз міндеттемелерін орындауға қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының органдары мен комитеттеріне, сондай-ақ аймақтық мекемелерге мемлекеттермен берілуге тиісті баяндамаларды даярлауға көмектесу және, қажет болған жағдайда тәуелсіздік қағидасына сай осы мәселе бойынша өз пікірін білдіру.

e) Біріккен Ұлттар Ұйымымен және БҰҰ жүйесінің кез келген мекемелерімен, аймақтық мекемелермен және адам құқықтарын қорғау және ынтландыруға байланысты салалардағы құзыретті басқа елдердің ұлттық мекемелерімен ынтымақтастықта болу.

f) Адам құқықтары мәселелері бойынша зерттеулер мен оқытуға қатысты бағдарламаларды даярлауға қатысу және олардың мектептерде, университеттер мен кәсіптік ортада жүзеге асырылуына қатысу.

g) Адам құқықтары мен кемсітушіліктің барлық нысандарына қарсы, әсіресе нәсілдік кемсітушілікке қарсы жұртшылық назарын аудару жолымен ақпарат тарату, оның ішінде, ақпарат тарату, ағартушылық қызмет және бұқаралық ақпарат құралдарының барлығын пайдалану арқылы.

Демек, адам құқықтарын қорғау мен ынталандыру бойынша ұлттық мекеме кеңесуші-ақылдасушы орган болуы тиіс десек қате болмайды.

Ұлттық мекеменің құрамы мен қызмет етуінің тәуелсіздігіне байланысты мынадай қорытындылар жасауға болады:

1) ұлттық мекеменің құрамында қоғамдағы адам құқықтарына қатысты барлық негізгі әлеуметтік күштердің өкілдері болуы тиіс және оның құрылу процедурасы да осындай мақсатқа жетуді көздеуі міндетті (мұны ұлттық мекеме қызметінің плюрализмін кепілдендіретін норма деп тануға әбден болады және бұл норма осы мекеменің демократиялық сипатын байқатады);

2) ұлттық мекеменің тиісті материалдық-техникалық базасы (инфрақұрылымы) болуы тиіс және мұндай инфрақұрылым оның мемлекеттен тәуелсіз болуын кепілдендіруі тиіс;

3) ұлттық мекеме қызметкерлері тиісті түрдегі ресми актінің негізінде тағайындалуы тиіс және мұндай актіде олардың қызмет ету мерзімі нақты көрсетілуі міндетті.

Келтірілген үш норма ұлттық мекеме қызметінің тәуелсіз болуын көздейді.

Ұлттық мекеме қызметінің негізгі бағыттарына келетін болсақ олардың тізімі мынадай болмақ:

1) зерттеу қызметі (яғни өз құзыретіне қатысты кез келген мәселені кез келген уақытта зерттеу);

2) анықтау қызметі (жағдайды анықтау үшін кез келген тұлғадан жауап алу, кез келген құжаттар мен материалдарды сұрату);

3) жұртшылық көмегіне жүгіну (яғни, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін);

4) үйлестіру қызметі (өз қызметін адам құқықтары саласындағы басқа органдар қызметімен үйлестіріп отыру);

5) адам құқықтары саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен байланыстарды дамытып отыру;

6) қызметтік іс-әрекеттер (жүйелі түрде өз отырыстарын өткізіп тұру, қажетті жағдайларда жұмыс топтары мен жергілікті бөлімшелер құру).

Демек, ұлттық мекеме қызметінің негізгі бағыттары адам құқықтарының бұзылу жағдайлары жөнінде уақтылы хабардар бола отырып, олар жөнінде толық мағлұматтарға қол жеткізіп, құқық бұзушылықтарды тоқтату мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға хабарлап, ал егер қажетті шаралар қабылданбай жатса жұртшылық көмегіне сүйену арқылы жағдайды түзеу болып табылады деген қорытынды жасауға болады.

Қарастырып отырған құжаттың төртінші бөлімінде ұлттық мекемеге адам құқықтарының бұзылу жағдайларын қарастыру өкілеттігі берілген кезде оның қызметі қандай қағидаларға сүйенуі тиіс екендігі анықталады. Бұл бөлімнің аталуының өзінде үлкен мән жатқанын байқаймыз (оның аталымы «Квазисоттық өкілеттіктерге ие комиссиялардың мәртебесіне қатысты қосымша қағидалар»). Яғни, ұлттық мекемеге аталмыш жағдайларда беріле алатын өкілеттіктерді квазисоттық деудің өзі, олардың сот өкілеттіктеріне ұқсас деген сөз. Сонымен, ұлттық мекемеге жекелеген жағдайларды қарастыруға қатысты шағым-арыздарды қарау құқығы берілуі мүмкін және осы тұста ол кез келген субъектілермен берілген материалдарды қолдана алады. Егер ұлттық мекемеге жоғарыда көрсетілген «квазисоттық» өкілеттілік берілсе ұлттық мекеме:

1) тараптарды бітімге келтіруге талпынуы тиіс;

2) шағым-арыздың авторына оның құқықтары туралы хабарлап, шамасына қарай қорғауға көмектесуі тиіс;

3) шағым­-арыздарды қарастыра отырып, оларды басқа құзыретті органдарға жолдауы тиіс;

4) құзыретті органдарға тиісті ұсыныстар жасайды.

Сонымен, квазисоттық өкілеттікке ие болған ұлттық мекеменің негізгі мақсаты шиеленіскен жағдайда кімнің дұрыс – кімнің бұрыс екенін анықтау емес, тараптарды бітімге алып келу немесе жағдайды құзыретті мемлекеттік органның қарауына жолдау болып табылады.

Ал енді жоғарыдағылардың негізінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және ынталандыру бойынша ұлттық мекеменің анықтамасын келтіруге болады.

Адам құқықтарын қорғау мен ынталандыру бойынша ұлттық мекеме дегеніміз - қызметі мемлекетке тәуелді емес, негізгі бағыттары адам құқықтарының бұзылу жағдайлары жөнінде уақтылы хабардар бола отырып, олар жөнінде толық мағлұматтарға қол жеткізіп, құқық бұзушылықтарды тоқтату мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға хабарлап, ал қажетті шаралар қабылданбай жатса жұртшылық көмегіне сүйену арқылы жағдайды түзеуді көздейтін кеңесуші-ақылдасушы орган. Квазисоттық өкілеттіктерге ие болған ұлттық мекеменің негізгі мақсаты тараптарды бітімге алып келу немесе жағдайды құзыретті мемлекеттік органның қарауына жолдау болып табылады.

Адам құқықтарын қорғау бойынша соттық емес механизмінің құрамдас бөлігі болып табылатын (халықаралық деңгейде ұлттық мекеме деп аталатын) тиісті мемлекеттік органдардың анықтамасы айқындалғаннан кейін адам құқықтары мен бостандықтарын құқықтық қорғау механизмін құрайтын элементтерге өтуіміз керек. Сонымен, мұндай механизм, біздің ойымызша, келесі элементтерден құралуы тиіс, олар:

1) құқықтық қорғау объектісі;

2) құқықтық қорғаудың субъектілері;

3) құқықтық қорғаудың негіздері;

4) құқықтық қорғаудың нысандары (формалары).

Осы элементтердің біріншісіне, яғни адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың объектісіне, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жатқызған жөн. Біздің ойымызша, ең алдымен, әрине, адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары (яғни, конституциялық және халықаралық құқықтар мен бостандықтар) қорғалуы тиіс, бірақ жалпы алатын болсақ құқықтық құралдар арқылы кез келген құқықтар мен бостандықтар қорғалады, оның ішінде салалық заңнамада белгіленген құқықтарды да ерекше атап өткеніміз жөн. Адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бірінші орынға қойып отырғанымыздың себебі – олардың жоғарғы құндылығы, тұлғадан ажырамастығы және мемлекет тарапынан кепілдендірілгені.

Адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық механизмін құрайтын екінші элемент – қорғау субъектілері. Бұл дегеніміз құқықтық қорғауды қандай субъектілер жүзеге асырады деген сұраққа жауап берумен бірдей.

Жалпы алғанда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың субъектілері ретінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды, сондай-ақ жеке тұлғалардың өзін де таныған дұрыс деп ойлаймыз. Ал осы ойымызды нақтылайтын болсақ адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын субъектілердің тізімі төмендегідей болмақ:

1) мемлекеттік органдар (мысалы, ҚР Конституциясының 13-ші бабының 2-ші тармағында «әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар» деген норма сот органдарын адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға міндеттейді, ал тағы да бірқатар конституциялық нормалар басқа да мемлекеттік органдарға осындай қорғау міндеттерін жүктейді);

2) қоғамдық ұйымдар (мысалы, ҚР Конституциясының 23-ші бабында «Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар» делінген, сол сияқты Конституцияның 32-ші бабын да қоғамдық ұйымдарға қатысты келтіруге болады, өйткені бұл нормада «Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы», - деп бекітілген);

3) жеке тұлғаның өзі (мысалы, ҚР Конституциясының 13-ші бабының 1-ші тармағында «әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы»).

Сонымен қатар, ҚР Конституциясының 18-ші бабының 3-ші тармағында «мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті», - делінген. Осы нормада аталған субъектілердің барлығы тізіліп көрсетілген әрекеттер арқылы және басқа да жағдайларда адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғауға міндеттеліп отырғанын байқауға болады.

Демек, жоғарыда айтылғандарды қорытындылайтын болсақ құқықтық қорғау механизмін жүзеге асыру үшін құқықтық негіздің, яғни құқықтық нормалардың, болуы аз, өйткені бұл нормаларды қолдану үшін тиісті фактілік негіз болуы керек, яғни белгілі бір құқық бұзушылық не құқықтар мен бостандықтарды шектеу актісі орын алуы тиіс. Осы жағдайда ғана тиесілі құқықтық нормалар қолданылып, бұзылған (не шектелген) адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша нақты құқықтық қарым‑қатынас пайда болады.

Мемлекеттік құқық та лауазымды адам мен азаматтың қарым-қатынастарын өзгеше көзқараспен қарастырады. Құқық ғылымының бұл саласы мемлекеттік органдар қызметінің конституцияға сәйкестігін, демек, мемлекеттік басқарушы қызмет барысындағы конституцияның сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған кепілдіктерді зерттейді» [39, 17 б.]. Демек, мемлекеттік қорғау конституциялық та, қылмыстық та, азаматтық та және т.б. сипатқа ие болуы мүмкін. Мұны есте ұстаған жөн.

Мысал ретінде, азаматтардың кез келген мемлекеттік органға қажетті ақпарат алу үшін жүгіну құқығын келтіруге болады және бұл жағдайда азамат мұндай ақпарат алуының себептері мен мақсатын көрсетпесе де болады (жалғыз ерекшелік шектеулі ақпаратқа қатысты, мысалы, мемлекеттік құпияға жататын және т.с.с.). А.Е. Жатқанбаеваның көрсетуінше, ақпарат алу барысында азамат келесі құқықтарға ие болады:

1) сұраныс жіберудің нысанын (соның ішінде, жазбаша, ауызша, электрондық-сандық қол қою арқылы расталған электрондық нысанда) таңдау құқығы;

2) азаматтың сұраныс жіберуінің себептері мен мотивтерін түсіндірмеу құқығы;

3) азаматтың жіберілген сұранысына жазбаша түрде жауап алу құқығы;

4) мемлекеттік органдардың (лауазымды адамдардың) ақпарат беруден бас тартуына, толық емес ақпараттың берілуіне немесе жалған ақпараттың берілуіне азаматтың соттық тәртіппен арыздану құқығы [4, 61 б.].

Адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың көрсетілген төрт негізгі нысаны ішінен өзін өзі қорғау нысаны ерекшеленіп тұратыны сөзсіз. Белгілі қазақстандық ғалым Р.Т. Нұртаев айтпақшы, қазіргі құқықтануда (юриспруденцияда) бір жағынан, құқықтың адамға деген қатынасына, екінші жағынан, адамның құқыққа деген көзқарасына байланысты мәселелерді теориялық зерттеу ерекше өзектеніп отыр [40, 34 б.].

Өзін өзі қорғау мәселесін біз төменірек кеңінен қарастырып өтеміз, ал бұл жерде оның өзіне тән нысандары бар екендігін атап өткеніміз дұрыс. Мысалы, адам мен азаматтың өзін өзі қорғауына келесі нақты нысандарды жатқызуға болады:

1) тиісті мемлекеттік органдарға арыздар беру арқылы шағымдану (бұл нысан Конституцияның 13-ші бабының 1-ші тармағынан туындайды);

2) жиналыстар, митингілер пен демонстрациялар, шерулер мен тосқауылдар қою, яғни ұжымдық түрде көпшілікпен бірге жария наразылық білдіру арқылы (бұл Конституцияның 32-ші бабында тікелей бекітілген);

3) қоғамдық ұйымдар арқылы, оның ішінде саяси партиялар, кәсіподақтар және басқа да қоғамдық бірлестіктер арқылы (бұл Конституцияның 5-ші бабынан туындайды);

4) өзін өзі іс жүзінде, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғау (бұл Конституцияның 13-ші бабының 1-ші тармағынан туындайды және бұл жөнінде арнайы нормаларды ҚР Азаматтық кодексі мен ҚР Қылмыстық кодексінен /ҚР ҚК-ң 32-ші бабында бекітілген қажетті қорғаныс институты/ [41] табуға болады).

Адам мен азамат құқықтарының мемлекеттік органдар тарапынан қорғалу мәселелері көптеген ғылыми еңбектерде қарастыралады. Ал адам мен азамат құқықтарының қоғамдық ұйымдар арқылы, оның ішінде саяси партиялар, кәсіподақтар және басқа да қоғамдық бірлестіктер арқылы қорғалуы ғылыми еңбектерде кездесе бермейді. Бұл бағыттағы кейбір салалық механизмдер адам құқықтарын жалпы қорғау механизмдер қатарында кейде тіптен аталмайды да. Мысалы, еңбек құқығы саласында халықаралық тәжірибеден келген жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы әлеуметтік-экономикалық қайшылықтарды шешу тәсілдерінің бірі әлеуметтік серіктестік қағидасына негізделген еңбек қатынастарын нормативтік-шарттық түрде реттеу болып табылады. Бұл қағиданың мәні тараптардың мүдделерін өзара ескеру арқылы әлеуметтік қақтығыстардың алдын алуда, ал қақтығыс пайда болған жағдайда – келісімге келуді мақсат ететін және тараптармен келісілген немесе заңнамада орнатылған процедураларды (механизмдерді) қолдануда [42, 101 б.].

А.М. Нурмагамбетовтың пікірі бойынша әлеуметтік серіктестіктің барлық тараптары үшін басты қағида – ол теңдік, яғни келісімдерді жасау және жүзеге асыру кезіндегі, сондай-ақ кез келген бастамаларды немесе ұсыныстарды талқылау әлде қабылдау кезіндегі дербестік және тең құқықтылық қағидасының негізінде тараптардың міндетті қатысуы [43, 92 б.].

Осы мәселеге қатысты кәсіподақтардың тағдыры да алаңдатпай қоймайды. Ресейлік ғалымдардың айтуынша, және бұл Қазақстанға да тән құбылыс, қазіргі кезде кәсіподақтар мүшелерінің саны күрт төмендеу тенденциясы байқалуда, бұл болса ұжымдық шарт институты мен еңбек саласындағы ұжымдық-шарттық реттеу әдісі беделінің төмендеуіне алып келуде [44, 34 б.]. Кейбір ғалымдар болса, кәсіподақтар қазіргі кезде өздерінің әлеуметтік ролін атқарып, ендігі жерде адамзат тарихының сахнасынан кетуде деп есептейді [45, 21 б.]. Мұндай пікірлермен келісу, әрине, қиын.

Жалпы алғанда индивидтің өз құқықтары мен бостандықтарын басқа субъектілердің көмегінсіз өз қолымен қорғауы ерекше сипатқа ие.

Бұл жөнінде кезінде атақты құқықтанушы-ғалым Р.Иеринг былай деп айтып кеткен: «тұлғаға кесірін тигізетін, яғни жасалу тәсілі бойынша құқықты аяққа таптау, жеке басын қорлау нысанындағы құқық бұзушылық болып табылатын озбыр заңсыздыққа қарсылық көрсету – міндет. Бұл – құқық иеленушінің өзіне қатысты міндеті, өйткені ол өнегелікті сақтаудың талабы; бұл қоғамға қатысты міндет, өйткені ол құқық болмысының қажетті шарты» [46, 16 б.]. Ұлы ғалымның бұл сөздерімен келіспеу қиын.

Қорытындылай келе Қазақстан Республикасыныдағы адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің элементтері анықталып, осы механизмінің адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі орны айқындалды десек болады. Жалпы алғанда соттық және соттық емес қорғау механизмдері адам құқықтарын қорғау институтын құрайды және осы институттың екі құрамдас бөлігі болып табылады деп ойлаймыз.

Сонымен қатар, адам құқықтары мен бостандықтарын құқықтық қорғау механизмін құрайтын элементтер сипатталды.

Жоғарыда көрсеткеніміздей адам құқықтары мен бостандықтарын соттық емес қорғау механизмі (соттан тыс қорғау механизмі), біздің ойымызша, үш бөліктен тұрады, олар:

1) адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық механизмі;

2) адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың әкімшілік-құқықтық механизмі;

3) құқықтары мен бостандықтарын адамның өз қолымен қорғауы (өзін өзі қорғау механизмі).

Ал осы соттық емес қорғауды құрайтын үш негізгі механизмінің сипаттамасы келесі тарауларда беріледі.

Сонымен қатар, аталған үш механизмінің арақатынасын нақты анықтау үшін адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың ішкі мемлекеттік механизмдері мен халықаралық механизмінің арасындағы байланысты зерттеу керек. Бұл мәселе де келесі бөлімнің мазмұнын құрайды.

 


Азақстан Республикасындағы адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмі құрамындағы құқықтық қорғау нысандары

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-24; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 1772 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Наглость – это ругаться с преподавателем по поводу четверки, хотя перед экзаменом уверен, что не знаешь даже на два. © Неизвестно
==> читать все изречения...

1097 - | 861 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.009 с.