Егер заңнама мен шартта өзгеше көзделмесе, шарт тараптардың келісуімен өзгертілуі және бұзылуы мүмкін.
Тараптардың біреуінің талабы бойынша шарт:
- екінші тарап шартты едәуір бұзған кезде;
- басқа да жағдайларда тек сот шешімімен өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін.
Тараптардың біреуі шартты бұзып, ол екінші тарап шарт жасасу кезінде үміт артуға құқылы болғанынан едәуір дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуір дәрежеде бұзылуы деп танылады.
Шартты орындаудан біржақты бас тартылған жағдайда (шартқа негізделген міндеттемені орындау мүмкін болмаған, банкрот деп таныған, мемлкекттік органның актісі күшін жойған жағдайда) шарт өзгертілді немесе бұзылды деп есептеледі.
Шартты бұзу кезінде тараптардың міндеттемелері тоқтатылады. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгіленбесе, тараптардың шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін міндеттеме бойынша өздері атқарған жұмысты өайтарып беруді талап етуге құқығы жоқ. Шартты бұзуға немесе өзгертуге бір тараптың шартты едәуір бұзғаны негіз болса, екінші тарап шарттың өзгертілуінен немесе бұзылуынан келтірілген залаладың орнын толтырылуын талап етуге құқылы. Тараптар шарттың қолданылуын жаңа мерзімге ұзартуға құқылы.
3. Мүлікті меншікке беру жөніндегі шарттар (1 сағат)
1. Мүлікті меншікке беру жөніндегі шарттардың ерекшеліктері.
2. Сатып алу сату шартының ұғымы мен мәні.
3. Сатып алу сату шартын орындау және оны бұзғандығы үшін тараптардың жауаптылығы.
4. Сатып алу сату шартының жекелеген түрлерінің құқықтық реттелуінің ерекшеліктері.
5. Айырбас шарты.
6. Сыйға тарту шартының ерекшеліктері.
7. Рента шартының және оның жекелеген түрлерінің ұғымы мен мазмұны.
Мүлікті меншікке немесе шаруашылық жүргізүге, жедел басқаруға берүден тұындайтын міндеттемелер сатып алу-сату шартынан, оның түрлерінен және айырбастау, сыйға тарту мен рента шарттарынан туындайды. Қазіргі кезде сатып алу-сату шарты, оның: көптеп және бөлшектеп сатып алу сату, жеткізілім, энергиямен жабдықтау, келісім жасасу шарттары сияқты түрлеріне қатысты, тектік ұғым ретінде қаралады. Ал жекелеп сатып алу сату шартының келесі түрлері болады: үлгілер бойынша сату, несиеге сату, автоматтар арқылы сату, жеткізіп беру тәсілімен сату және т. б.
Азаматтық құқықтың ерекше бөлімінің барысында, шарттар мен міндеттемелердің жеке түрлерін сипаттауда бұл міндеттеме түрлерінің –анықтамасын, олардың затын, өзге шарттық міндеттемелерден айырмашылығын білү; және бұл міндеттемелер түрлерінің пайда болуына әкелдіретін барлық шарттарды атап, сипаттап өтү қажет болады. Бұл шарттардың әр түрін сипаттау кезінде жауап келесі үлгіде беріледі: шарттың ұғымы; тараптардың атаулары; әр шарттың субъектілеріне қойылатын талаптар; нақтылы немесе консенсуалды, ақылы немесе ақысыз, екі тарапты да міндеттейтін немесе бір тарапты міндеттейтін, мерзімді әлде мерзімсіз бе және қандай нормативтік құқықтық актілермен реттелетіні аталады. Осыдан кейін тараптардың құқықтары мен міндеттерінің, олардың жауапкерішілігінің сипаттамасы беріледі.
Сатып алу-сату шарты бойынша бір тарап (сатушы) екінші тарап (сатып алушының) меншігіне, шаруашылық жүргізүіне, оралымды басқаруына белгілі бір мүлікті (тауарды) берүге міндеттенеді, ал сатып алушы оны қабылдап алып, оның ақысын (белгілі бір ақшалай соманы) төлеуге міндеттенеді. Шарт тараптары – сатушы мен сатып алушы болады. Олардың орнында әрекет қабілеттілігіне қарай, кез келген жеке немесе заңды тұлға және мемлекет де болуы мүмкін. Шарттың заты ретінде азаматтық өрістіктен (айналымнан) алынбаған кез келген мүлік (тауар) және мүліктік құқық болады (АК 406 б. 4 т.). Айналымы шектеүлі мүлік тек арнайы рұқсат (лицензия) бойынша сатылады. Шарт консенсуалды, екі тарапты міндеттейтін және ақылы болады. Шарттың елеулі жағдайларына тауардың атауы және саны жатады (АК 407 б. 3 т.). Сатып алу-сату шарттарының кейбір түрлері ҚР АК 25–ші тарауымен қоса арнайы заңдармен: ҚР «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңымен т.б. заңдармен реттеледі.
Шарт консенсуалды болғандықтан, тараптардың құқықтары мен міндеттері де олар заң қажет ететін нысанда келісімге келген уақытта пайда болады. Сатушының міндеттеріне: затты оның барлық құжаттарымен, саймандарымен тиісті сапасы мен саныңда, ассортиментінде, қапталған түрінде және үшінші тараптың талап етүінен босатылған түрде беру болып табылады (АК 408 б.). Сатушының тауарды беру міндетін орындау уақытты ерекше атап өту қажет (АК 410 б.). Шарт бар тауарды берү жөнінде де және болашақта жасалғаннан немесе сатып алғаннан кейін болатын тауарды беру жөнінде де жасалуы мүмкін (АК 407 б. 2 т.).
Сатушы шартта көзделген тауарды сатып алушыға беруге мiндеттi. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатушы тауарды берумен бiрге сатып алушыға оның керек-жарақтарын, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiлерде немесе шартта көзделген, соған қатысты құжаттарды (тауардың жиынтықтылығын, қауіпсіздігін, сапасын, пайдалану тәртiбiн және т.б. куәландыратын құжаттарды) беруге мiндеттi.
Сатушының сатып алушыға тауарды беру мiндетiн орындау мерзiмi шартта белгiленедi, ал егер шартта мерзiмдi белгiлеуге мүмкiндiк болмаса, Кодекстiң 277-бабында көзделген ережелерге сәйкес белгiленедi. Егер мерзiм бұзылған кезде сатып алушының шартты орындауға мүдделiлiгi жоғалатындығы шарттан айқын туындайтын болса, сатып алу-сату шарты оны қатаң белгіленген мерзімде орындау талабымен жасалды деп танылады. Сатушының мұндай шартты онда белгiленген мерзiм басталғанға дейiн немесе бiткеннен кейiн сатып алушының келiсуiнсiз орындауға құқығы жоқ. Заң актiлерiнде немесе шартта сатып алу-сату шартын бөлiп орындау жағдайлары (шартты орындаудың аралық мерзiмдерi) белгiленуi мүмкiн.
Егер сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, сатушының сатып алушыға тауар беру мiндетi келесі кезден орындалды деп есептеледі:
1) егер шартта тауарды жеткiзiп беру бойынша сатушының мiндетi көзделсе, сатып алушыға немесе ол атаған адамға тауарды берген;
2) егер тауар сол тауар орналасқан жерде сатып алушыға немесе ол атаған адамға берiлуге тиiс болса, сатып алушының билiгiне тауар берген кезiнде орындалған болып есептеледi.
Тауар шартта көзделген мерзiмде тиiстi жерде беруге дайын тұрған және сатып алушы шарт талаптарына сәйкес тауардың беруге дайын екендiгi туралы хабардар болған кезде тауар сатып алушының билiгiне берiлген болып есептеледi. Егер тауар таңбалау арқылы немесе өзгеше түрде шарт мақсаттары үшiн сәйкестендiрiлмесе тауар берiлуге дайын емес деп танылады.
Тауарды жеткiзiп беру немесе сатып алушыға оның орналасқан жерiнде тауар беру жөнiнде сатып алу сату шартынан сатушының мiндетi туындамаған жағдайларда, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды тасымалдаушыға немесе сатып алушыға жеткiзу үшiн байланыс ұйымына берген кезде сатушының тауарды сатып алушыға беру мiндетi орындалған болып есептеледi.
Сатып алушының міндеттері: тауарды қабылдап алудан және қажет болған жағдайда, ол жөнінде қолхат берүден немесе тауарды қабылдап алу жөнінде акт жасаудан тұрады. Сатып алушының ең негізгі міндеті сатып алу ақысын төлеү болады (АК 439 б.). Кейбір жағдайларда сатып алушыға тауарды сақтандыру және сатушыны шарттың тиісті дәрежеде орындалғаны жөнінде ескертү міндеттері жүктеледі. Бір тараптың құқықтары қарсы тараптын міндеттеріне сәйкес келеді. Мысалы, сатушының тауарды берү міндеті, сатып алушының тауарды тиісті сапа мен санында, барлық саймандарымен және құжаттарымен берүді талап етү құқығына сәйкес келеді және т. б. Сатып алушының тауар ақысын төлеү міндеті сатушының тауардың ақысын толық және тиісті уақытта төлеүді талап етү құқығына сәйкес болады.
Егер сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатушы заң актiлерiне немесе шартқа сәйкес сатып алушыға тауар беру жөнiндегi өз мiндетiн атқарды деп есептелетiн кезден бастап сатып алушыға ауысады.
Жолда келе жатқан кезде сатылған тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi, егер шартта немесе iскерлiк айналым ғұрпында өзгеше көзделмесе, сатып алу-сату шарты жасалған кезден бастап сатып алушыға ауысады. Егер шарт жасасқан кезде сатушы тауардың жоғалтылғанын немесе бүлiнгенiн бiлсе немесе бiлуге тиiс болса және бұл туралы сатып алушыға хабарламаса, тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатып алушының талап етуi бойынша тауар бірінші тасымалдаушыға өткізілген кезден бастап сатып алушыға ауысатындығы туралы шарт талабын сот жарамсыз деп тануы мүмкiн.
Сатушы мен сатып алушының жауапкершілігі, жалпы ереже бойынша, әр тарап өз міндеттерін орындамаған немесе тиісті дәрежеде орындамаған жағдайда туындайды. Олардың жауапкершілігінің негізгі түрі: шығындарды өтеү және айып төлеү. Қазірғі уақытта айып төлеу тек шарттық түрде болады. Сондықтан шарт жасасу кезінде тиісті жауапкершілік шараларын қарастыруды ұмытпау қажет. Заңды айып төлеү - ол тек біреүдің ақшаларын заңсыз пайдаланудан туындайтын ақшалай міндеттемелер бойынша қолданылады (ҚР АК 353 б.).
Шартты орындауға дейiн пайда болған негiздер бойынша үшiншi тұлғалар сатып алушыдан тауарды алып қойған кезде сатушы, егер сатып алушы осы негiздердiң болғаны туралы бiлгенiн немесе білуге тиіс екенін дәлелдей алмаса, сатып алушыға оның шеккен залалын өтеуге мiндеттi.
Егер сатушы өзi беруге тиiстi (408-б. 2-тармағы) тауарға қатысты керек-жарақтарды немесе құжаттарды сатып алушыға бермесе немесе беруден бас тартса, сатып алушы оларды беру үшiн оған қисынды мерзiм тағайындауға құқылы. Сатушы тауарға қатысты керек-жарақтарды немесе құжаттарды аталған мерзiмде бермеген жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушы тауарды қабылдаудан бас тартуға құқылы.
Егер сатушы шарт талаптарын бұза отырып, сатып алушыға тауар санын шартта белгіленгенінен кемірек берсе, сатып алушы, егер шартта өзгеше көзделмесе, не тауардың жетiспейтiн санын берудi талап етуге, не берiлген тауардан және оған ақы төлеуден бас тартуға, ал егер ақысы төленiп қойған болса, оған төленген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
Сатушы сатып алушыға тауарды шартта көрсетiлгенiнен артық мөлшерде берген жағдайда сатып алушы бұл туралы сатушыға Кодекстiң 436-б. 1-тармағында көзделген тәртiппен хабарлауға мiндеттi. Егер сатып алушыдан хабар алынғаннан кейiн қисынды мерзiмде сатушы тиiстi тауарға билiк етпесе, шартта өзгеше көзделмегендiктен, сатып алушы бүкіл тауарды қабылдауға құқылы. Сатып алушы тауарды шартта белгiленгенiнен артық мөлшерде қабылдаған жағдайда тиiстi тауарға ақы, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше баға белгiленбесе, шартқа сәйкес қабылданған тауар үшiн белгiленген баға бойынша төленедi.
Егер сатушы тауардың кемшiлiктерi туралы айтпаған болса, тиiстi сапасы жоқ тауар берiлген сатып алушы өз қалауы бойынша сатушыдан:
1) сатып алу бағасын сол мөлшерде кемiтудi;
2) қисынды мерзiмде тауардың кемшiлiктерiн тегiн жоюды;
3) тауардың кемшiлiктерiн жоюға жұмсаған өз шығындарын өтеуді;
4) тиiстi сапасы жоқ тауарды шартқа сәйкес келетiн тауармен алмастыруды;
5) шартты орындаудан бас тартуға және тауар үшiн төленген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
Шарттың сатып алушының осы тармақта көзделген құқықтардан бас тартуы туралы талаптары жарамсыз болып табылады. Жиынтыққа кiретiн тауарлардың (432-б.) бір бөлiгiнiң сапасы тиісті деңгейде болмаған жағдайда сатып алушы тауарлардың осы бөлiгiне қатысты, осы баптың 1-тармағында көзделген құқықты жүзеге асыруға құқылы.
Тиiстi сапасы жоқ тауарды сатушы оның дайындаушысы болмайтын жағдайда тауарды алмастыру немесе оның кемшiлiктерiн тегiн жою туралы талаптар сатып алушының таңдауы бойынша сатушыға не дайындаушыға қойылуы мүмкiн.
Егер сатып алушы тауардағы кемшiлiктердiң өзiне берiлгенге дейiн пайда болғанын немесе сол кезге дейiн пайда болған себептерден туындағанын дәлелдесе, тауардың кемшiлiктерi үшiн сатушы жауап бередi.
Сатушы сатылған тауардың кемшiлiктерi үшiн олар жөнiнде өзi бiлмеген кезде де жауап бередi. Сатып алу-сату шарттарының жалпы ережелерін сипаттап болғаннан кейін шарт ұғымынан бастап, шарттың әр түрінің ерекшеліктеріне тоқтап өту қажет. Сату-сатып алу шарттарының саралану негізі - олардың бір бірінен сату тәсіліне және объектісіне қарай ерекшеленүі байланысты болады. Сондықтан, сатып алу-сату шарттарының барлық түрлерінің азаматтық–құқықтық сипаттамаларының ерекшеліктеріне толық тоқтап өту қажет.
Бөлшектеп сату шартында сатушы - тек кәсіпкер болады және бұл шарт бойынша - тек жеке, үйде, отбасында тұтынатын тауарлар сатылатын болады. Жалпы сату-сатып алу шартына қарағанда бөлшектеп сату шарты - жария шарты болып танылады, ол жөнінде ҚР АК–нің 445 б. 2 тармағында айтылған. Тауарларды көруге қою, олардың үлгiлерiн көрсету немесе тауарлар сатылатын жерде сатылатын тауарлар туралы мәлiметтер (сипаттамалар, каталогтар, фотосуреттер және т.б.) беру, сатушы тиістi тауарлардың сатуға арналмағандығын айқын көрсеткен жағдайларды қоспағанда, бағаның және сатып алу-сату шартының басқа да елеулі талаптарының көрсетілгенiне қарамастан, көпшiлiкке арналған оферта болып танылады. Тауардың оның жарнамасында, каталогтарында, сондай-ақ тауар сатылмайтын жерлерде тауардың беймәлім адамдар тобына арналған және тауардың сатып алу-сату шартының елеулi талаптары болмаған басқа да сипаттамаларында көрсетiлген ұсынымы көпшiлiкке арналған оферта деп танылмайды.
Басқа дәлелдемелермен қоса, бұл шарт бойынша шарттың жасалу фактісін дәлелдеү үшін сатып алушы күәлардың жауабына сүйенүіне болады. Бөлшектеп сату шарты бойынша сатушының негізгі міндеттерінің бірі сатып алушыға тауар жөнінде барлық мәліметтерді берү болып танылады (АК 448 б.). Бөлшектеп сату шарты әр түрлі негіздер бойынша келесі түрлерге бөлінеді: сатып алушымен тауарды белгілі бір мерзімде қабылдап алу шартымен жасалатын шарт; үлгілер бойынша сату; тауарды автоматтар арқылы сату; сатып алушыға тауарды жеткізіп берү шартымен сату; несиеге сату және т. б.
Сатушы сапасы жарамсыз тауарды айырбастап беру немесе қайтару кезінде «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» ҚР Заңының баптары мен ҚР АК–ның 454 бабы нормалары қолданылады. Бірақта тәжірибеде «тауар айырбастауға және қайтаруға жатпайды» деген хабарландырулар ілу арқылы, бұл нормаларды сатушылар өрескел бұзуға дейін барады.
Аталған АҚ 454 бабы бойынша сатып алушы әуелі сапасы лайықты тауарды алмастыруға құқылы: Сатып алушы азық-түлікке жатпайтын тауар өзіне берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаған болса, сатып алынған тауарды сату орнында немесе сатушы хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, мөлшері, нысаны, ауқымы, пішіні, түсі, жинақтылығы және т.б. бойынша соған ұқсас тауармен алмастырып алуға құқылы. Сатушыда алмастыруға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға қайтарып беруге және оған төленген ақша сомасын алуға құқылы. Егер тауар пайдаланылмай, оның тұтыну қасиеттері сақталса және оның сол сатушыдан сатып алынғандығына дәлелдер болса, сатып алушының тауарды алмастыру немесе оны қайтару туралы талаптары қанағаттандырылуға тиіс.
Осы бапта аталған негiздемелер бойынша алмастырылуға немесе қайтарылуға жатпайтын тауарлардың тiзбесi заңдарда белгiленген тәртiппен айқындалады.
ҚР АК–ның 455 бабында оған сапасыз тауар сатылған жағдайда, сатып алушының құқығын қорғау шаралары көзделеді. Сапасы лайықсыз тауар сатылған сатып алушы, егер сатушы оның кемшiлiктерiн айтпаған болса, Кодекстiң 428-б. 1-тармағында көзделген әрекеттердi жүзеге асыруға құқылы, бұл орайда сатып алушы сатушының талап етуi бойынша және оның есебiнен алынған сапасы лайықсыз тауарды қайтарып беруге тиiс. Тауар үшiн төленген ақша сомасын сатып алушыға қайтарған кезде сатушының одан тауарды толық немесе iшiнара пайдаланудан, оның тауар түрiн жоғалтудан және т.б. болған тауар құнының төмендеген сомасын ұстап қалуға құқығы жоқ.
Тауар жеткізілімі шарты да жаңа азаматтық заңда сатып алу-сату шарттарының бір түрі ретінде қарастырылады. Ол тек кәсіпкерлік саласында жасалатын болғандықтан оның тараптары тек кәсіпкерлер болады (АК 458 б.). Тауардың заты мен санынан басқа жеткізілім шартының негізгі жағдайларына жеткізіп беру мерзімі жөніндегі жағдайлар да жатады. Бұл шарт бойынша жеткізілім кезеңдері бөлініп бекітіледі, ал мерзімнен бұрын жеткізіп берү сатып алушымен ол жөнінде арнаулы келісім болған жағдайда ғана жасалуы мүмкін. Шарт нысаны тек жазбаша болады. ҚР АК–ның 459 бабында жеткізілім шартын жасау кезінде туындаған келіспеүшіліктерді 30 күндік мерзім ішінде шешү қажеттілігі жөніндегі арнайы ережелер бекітілген. Бұл шартты орындамаған кінәлі тарап екінші тараптың шеккен шығындарын өтеүге міндетті болады. Бұл шартты сипаттау кезінде: тауардың қорабы жөніндегі, жеткізіп берүшіден тауарды қабылдап алу тәртібі жөніндегі шарттың жағдайларына тоқтау кажет болады. Сондықтан, Өнімді (тауарды) саны мен сапасы бойынша қабылдау тәртібі туралы 1994 жылы қабылданған Нұсқаулыққа сүйенуге болады (ол құжаттың заңдылық күші жойылғаныны қарамастан, оның мазмұны үлгі ретінде пайдалануға өте тиімді болып келеді). Қазірғі уақытта жеткізілім шарты орнына кәсіпкерлер жиі «сатып алу-сату шарты», «сатып алу-сату актісі» деген ұғымдарды қолданады. Оның себептерінің бірі - жеткізіп берүшінің тараптар жауапкершілігі жөніндегі жағдайдайларды шартқа еңгізүден жалтаруы.
Тараптардың бірі шартты өрескел бұзуы екінші тараппен шартты орындаудан бас тартуға әкелдірүі мүмкін. Шартты өрескел бұзу ұғымы туралы жалпы ережелер ҚР АК 401 бабының 2 тармағында бекітілген. Ал АК 476 бабына сәйкес, жеткізіп берүшімен шартты өрескел бұзу болып: сатып алушыға тиімді мерзім ішінде жойылмайтын кемшіліктері бар сапасыз тауарды жеткізу және жеткізіп беру мерзімдерін бірнеше рет бұзу жатады. Сатып алушы тарапынан шартты өрескел бұзу болып: төлемдер мерзімін бұзу және тауарды уақытында қабылдап алмау жатады.
ҚР АК-ның 477 бабында жеткізілім шарты бұзылған жағдайда шығындарды өтеү тәртібі бекітілген. Мысалы, сатушының кінәсімен шарт бұзылғаннан кейін, сатып алушы шартта көзделген тауарды өзге тұлғадан шартта көзделген бағадан неғұрлым жоғары бағаға сатып алған болса, ол сатушыдан бұрынғы шартта көзделген бағамен нақты сатып алған бағаның арасындағы айырмашылық мөлшерінде өзінің шеккен шығындарын өтеүді талап етүге құқылы болады. Шарт сатып алушының кінәсімен бұзылған болса және осыған байланысты сатушы өз тауарын бұрынғыдан төмен бағаға сатуға мәжбүр болса онда ол сатып алушыдан өзінің шеккен шығындарын өтеүді талап етүге құқылы болады, және т.б.
Мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілерінің арасында мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметті олардың жүзеге асыруы процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды «Мемлекеттік сатып алу туралы ҚР Заңы реттейді
Мемлекеттік сатып алу процесі:
1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің номенклатурасын жоспарлауды;
2) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлеуді және бекітуді;
3) өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды;
4) мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуын қамтиды.
Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын номенклатурасын тапсырыс беруші жыл сайын әзірлеп, бекітеді және онда мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:
1) Қазақстан Республикасының тиісті стандарты болған кезде осындай стандартқа, сондай-ақ қажет болған жағдайда басқа да елдердің стандарттарына сілтеме жасай отырып, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің атауы;
2) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін тауарлардың саны, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің көлемі, бірлік үшін бағасы, сондай-ақ жоспарланатын ақша сомасы.
Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жоспарланып бекітілген номенклатурасының және тиісті бюджеттің (бизнес-жоспардың, кірістер мен шығыстар сметасының) негізінде тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерінде айқындалған тәртіппен және нысанда мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді. Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын тапсырыс беруші тиісті бюджет (бизнес жоспар, кірістер мен шығыстар сметасы) бекітілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде бекітеді және онда мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген соманы қоса алғанда, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын номенклатурасы;
2) осы Заңның 4-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілі мен мерзімі;
3) тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің жоспарланған мерзімі мен орны.
Тапсырыс беруші тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекіткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны уәкілетті органға жібереді не табыс етеді. Тапсырыс берушілердің келесі құқығы бар:
1) мемлекеттік орган, мемлекеттік мекеме, оралымды басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын тапсырыс берушілердің тиісті бюджетін нақтылау немесе түзету және (немесе) тиісті бюджеттік бағдарламаның паспортына және (немесе) қаржыландыру жоспарына (кірістер мен шығыстар сметасына) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу нәтижесінде;
2) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын тапсырыс берушілердің, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың бюджетіне (бизнес-жоспарына, кірістер мен шығыстар сметасына) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды кейіннен енгізе отырып, жоспарланатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің номенклатурасына өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың негізінде мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге.
Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға аталған шешімнің көшірмесін және өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген мемлекеттік сатып алу жоспарынан үзінді көшірме табыс етуге міндетті. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың нақтыланған жылдық жоспарын ақпараттық жүйелерді не электрондық құжат айналымын пайдалана отырып, уәкілетті органға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерінде айқындалған тәртіппен жібереді.
Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді мемлекеттік сатып алудың бекітілген не нақтыланған жылдық жоспары негізінде қабылдайды. Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді тиісті бюджет бекітілгенге дейін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерінде көзделген жағдайларда ғана қабылдауға құқылы. Мемлекеттік сатып алудың бекітілген жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың нақтыланған жылдық жоспарында) көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жол берілмейді.
Тапсырыс берушінің үздіксіз қызметін қамтамасыз ету мақсатында ол ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында осы шарт бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу көлемінен аспайтын көлемде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша күнделікті немесе апта сайын тұтынылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттың қолданысын келесі жылдың бірінші тоқсанына ұзартуға құқылы.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімін орындау үшін тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны, сондай-ақ тапсырыс берушінің алда болатын мемлекеттік сатып алуда мүддесін білдіретін оның лауазымды адамын айқындайды. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімін орындауға жауапты өз құрылымдық бөлімшесінің атынан мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы бола алады. Тапсырыс беруші өзінің ведомстволық бағынысындағы мемлекеттік мекемені не оның аффилиирленген тұлғасын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы етіп айқындауға құқылы.
Әлеуетті өнім берушіге жалпы және арнайы біліктілік талаптары қойылады. Әлеуетті өнім беруші мынадай жалпы біліктілік талаптарына сай келуі тиіс:
1) құқық қабілеттілігінің (заңды тұлғалар үшін), азаматтық іс-әрекетке қабілеттілігінің (жеке тұлғалар үшін) болуы;
2) төлем қабілеттілігінің болуы, үш айдан асатын мерзімге салық берешегінің болмауы;
3) банкроттық не таратылу рәсімдеріне жатқызылмауы тиіс.
Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері: Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алу мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады:
1) конкурс тәсілімен (ашық не жабық). Ашық не жабық конкурстар екі кезеңді рәсімдер пайдаланыла отырып өткізілуі мүмкін;
2) баға ұсыныстарын сұрату;
3) бір көзден алу;
4) ұйымдастырылған электронды сауда-саттық;
5) ашық тауар биржалары арқылы.
Тапсырыс беруші уәкілетті органмен келіспей-ақ мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін осы Заңға сәйкес таңдайды.
Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың негізгі тәсілі болып табылады. Жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мәліметтері мемлекеттік құпия болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жүзеге асырылған жағдайда ғана жүргізіледі. Жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу рәсімі осы Заңда конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Біртекті болып табылмайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ашық не жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мұндай тауарларды конкурстық құжаттамада лоттарға міндетті түрде бөле отырып, аталған тәсілмен бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге құқылы. Біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ашық не жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті. Біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бірнеше түрлерін ашық не жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрлері және (немесе) беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті. Осы көзделген жағдайларда, конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау, конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру, сондай-ақ конкурс жеңімпазын айқындау конкурстық құжаттамада көзделген әрбір лот бойынша жүзеге асырылады.
Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау қорытындылары бойынша айқындалған біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін және конкурстық комиссия конкурсқа қатысушы деп таныған әлеуетті өнім берушілер қатысады.
Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу:
1) конкурстық комиссия екіден кем әлеуетті өнім берушіні конкурсқа қатысушы деп таныған;
2) Заңның 26-б. 4-тармағында көзделген жағдайларда конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстары қабылданбағаннан кейін конкурсқа қатысушылардың екіден кем конкурстық баға ұсыныстары бағалануға және салыстыруға жатқызылған;
3) конкурс жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған жағдайлардың бірі болғанда өтпей қалды деп танылады.
Жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шарты
Жылжымайтын мүліктерге АК-ң 117, 118 баптарына сәйкес жер учаскелерi, үйлер, ғимараттар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге мүлiк, яғни орнынан олардың мақсатына сай емес шығынсыз ауыстыру мүмкiн болмайтын мүлiк жатады.
Мемлекеттiк тiркеуге жататын әуе және теңiз кемелерi, iшкi суда жүзу кемесi, "өзен-теңiз" жүзу кемесi, ғарыштық объектiлер де қозғалмайтын заттарға теңестiрiледi. Заң құжаттары бойынша қозғалмайтын заттарға өзге мүлiктер де жатқызылуы мүмкiн.
Қозғалмайтын заттарға меншiк құқығы мен басқа да құқықтар, бұл құқықтарға шек қою, олардың пайда болуы, ауысуы және тоқтатылуы мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
Меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы, оралымды басқару құқығы, бiр жылдан астам мерзiмге жер пайдалану құқығы, бiр жылдан астам мерзiмге пайдалану құқығы, жылжымайтын мүлiктi кепiлге беру, жылжымайтын мүлiкке рента, сенiм бiлдiру арқылы басқару құқығы мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап пайда болады. Қозғалмайтын мүлiкпен жасалатын мәмiле мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
Жер учаскелерін сатып алу-сату ҚР Азаматтық кодексінің жалпы ережелерін сақтай отырып, қосымша ҚР Жер кодексімен реттеледі.
Жоғарыда аталған шарттармен қоса кәсіпорынды сату шарты заңдарда жеке орын алады (ҚР АК 493 – 500 б., б.). Бұл сұраққа жауап беруді кәсіпорын ұғымынан бастаған жөн. Кәсіпорын - ол жылжымайтын мүлік болып танылатын және кәсіпкерлік мақсатында қолданылатын мүліктік кешен (АК 119 б.). Кәсіпорынды сату шарты жазбаша нысанда жасалады және оған бухгалтерлік баланс, тәүелсіз аудиторлық қорытынды, сатылатын кәсіпорынның барлық міндеттемелерінің тізімі және инвентаризациялық акт бірге тіркеледі. Сонымен бірге, сатып алушыға кәсіпорынды тапсыру актісі толтырылады және оған тараптардың қолы қойылған уақыттан бастап, кәсіпорын сатып алушының меншігіне көшкен болып танылады. Мәміле міндетті түрде мемлекеттік тіркеүден өткізуді қажет етеді.
Жекешелендірү тәртібімен кәсіпорынды сату жекешелендірү туралы арнайы нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Контрактация шарты – ол сатушының өзімен, яғни өндірүшімен (шаруашылықпен) өндірілген немесе өсірілген ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу-сату болып танылады. Сатып алушы бұл шартта дайындаушы (контрактант) деп аталады. Бұл шарт фьючерс деп аталатын, яғни әлі өндірілмеген, біракта болашақта өндірілетін тауарды сатып алу-сату жөнінде жасалады. Егер сатылатын ауыл шаруашылық өнімі сатушының өзімен өсірілмеген немесе өндірілмеген болса, тараптардың қатынастары келісім шарт жасасу шартының емес, жәй сатып алу-сату шартының ережелерімен реттеледі. Шарт нысаны жазбаша болады. Бұл шарт сатып алушыға (дайындаушыға) өнімді тиеп атқару, өнімді өндірілген жерде қабылдап алу, өнімнің сапасын анықтау бойынша өндірушіге жәрдем берү сияқты қосымша міндет жүктейді (АК 479 б.). Өндірүші тек кінәлі болған жағдайда ғана жауапты болады, яғни оған кәсіпкерлік қауіп-қатер ауыртпалығы жүктелмейді.
Дайындаушының мiндеттерi: Егер келiсiм-шарт жасасу шартында өзгеше көзделмесе, дайындаушы өндiрушiден ауыл шаруашылық өнiмiн оның тұрған жерiнде қабылдауға және тасып әкетудi қамтамасыз етуге мiндеттi. Ауыл шаруашылық өнiмiн қабылдау дайындаушы орналасқан жерде немесе ол көрсеткен өзге орында жүзеге асырылатын жағдайда дайындаушының келiсiм-шарт жасасу шартының талаптарына сәйкес келетiн және дайындаушыға шартта келiсiлген мерзiмде берiлген ауыл шаруашылық өнiмiн қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ. Дайындаушы өнiм сапасын стандарттарға сәйкес дәл анықтауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
Келiсiм-шарт жасасу шартында ауыл шаруашылық өнiмiн ұқсатуды жүзеге асыратын дайындаушының өндiрушiге оның талап етуi бойынша ауыл шаруашылық өнiмiн ұқсатудан қалған қалдықтарды шартта белгiленген баға бойынша ақы төлете отырып қайтару мiндетi көзделуi мүмкiн.
Ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушiнiң мiндеттерi 480-бапта көзделген. Ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi дайындаушыға өсiрген (өндiрген) ауыл шаруашылық өнiмiн мөлшерi, сапасы мен түр-түрi келiсiм-шарт жасасу шартында көзделгендей етiп беруге мiндеттi.
Мiндеттеменi орындамаған немесе мiндеттеменi тиiстi түрде орындамаған ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi өзiнiң кiнәсi болған жағдайда жауапты болады.
Энергиямен жабдықтау шарты
Сатып алу-сатудың ерекше түрлеріне қазіргі уақытта энергиямен жабдықтау шарты жатады (АК 25 тарауының 6 парағы). Оның ерекшелігіне қосылған желілер арқылы ерекше мүлікті - энергияны берү жатады. Бұл шарт бойынша энергиямен жабдықтау кәсіпорны тұтынушыға энергияны арнайы техникалық құралдар арқылы, электр, су, газ және жылу желілері мен құбырлары арқылы береді. Азаматтық кодекспен қоса, энергиямен жабдықтау шарты тараптарының ара қатынасы электр энергиясын пайдалану жөніндегі Ережелермен, коммуналдық қызмет көрсету Ережелерімен және т. б. реттеледі. Шарт тек энергиямен жабдықтау мекемесінің жүйесіне қосылуға болатын, абоненттың арнайы құралдары болған кезде жасалуы мүмкін. Энергиямен жабдықтау ұйымы – ол, қызметтің бұл түрімен шұғылдануға лицензия алған және қажетті құралдары мен саймандары бар, арнайы заңды тұлға болып танылады. Ал абонент - ол заңды тұлға да, жеке тұлға да болуы мүмкін.
«Энергиямен жабдықтау» деп аталатын ҚР АК 25 Тарауының 6 Парағы жекелеп сату рыногындағы тұтынушылар мен энергиямен жабдықтау ұйымы арасындағы қатынастарды реттейді. Одан басқа энергиямен жабдықтаудың көптеп сату рыногы да бар, оның объектісі - арнайы нормативтік құқықтық актілермен реттелетін электр энергиясы болады. Көптеп сату рыногының қатысушыларына энергия өндірүші, энергия берүші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен қоса Техникалық және Рынок операторлары да жатады.
Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергиямен жабдықтаушы ұйым абонентте (тұтынушыға) жалғанған желi арқылы энергия беруге мiндеттенедi, ал абонент алынған энергия үшiн ақы төлеуге, сондай-ақ оны тұтынудың шартта көзделген режимiн сақтауға, өзiнiң қарауындағы энергетика желiлерiн пайдалану қауіпсіздігін және энергияны тұтынуға байланысты пайдаланылатын аспаптар мен жабдықтардың ақаусыздығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi. Энергиямен жабдықтау шарты жария болып табылады (387-б.).
Энергиямен жабдықтау шарты абонентпен онда энергиямен жабдықтаушы ұйымның желілеріне жалғанған қажетті жабдық болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жасалады. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда белгiленген тәртiппен абоненттi жалғанған желiге алғаш рет iс жүзiнде қосылған кезден бастап шарт жасалған болып есептеледi. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, мұндай шарт белгiсiз мерзiмге жасалған болып есептеледi және ҚР АКң 490-б. көзделген негiздер бойынша өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.
Мерзiм аяқталғаннан кейiн энергиямен жабдықтау шартын тоқтату немесе өзгерту туралы тараптардың бiреуiнiң өтiнiшi болмаған жағдайда ол шартта көзделген дәл сондай мерзiмге және нақ сондай талаптар бойынша ұзартылған болып есептеледі. Шартты жаңа мерзiмге ұзартқан кезде тараптардың келiсiмi бойынша оның талаптары өзгертiлуi мүмкiн. Егер шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн тараптардың бiрiнен жаңа шарт жасасу туралы ұсыныс енгiзiлсе, тараптардың қатынастары жаңа шарт жасалғанға дейiн бұрынғы жасалған шартпен реттеледi.
Энергиямен жабдықтаушы ұйым шартта көзделген мөлшерде және тараптар келiскен энергия беру режимiн сақтай отырып, абонентке жалғанған желі арқылы энергия беруге мiндеттi. Энергиямен жабдықтаушы ұйым берген және абонент қабылдаған энергияның мөлшерi оның нақты тұтынылуы туралы есеп деректерiне сәйкес анықталады. Энергия берудi шартта келiсiлмеген мөлшерде қамтамасыз етуге байланысты энергиямен жабдықтаушы ұйым шеккен шығындарды өтеген жағдайда шартта абоненттiң өзi алатын энергияның шартта белгіленген мөлшерін өзгертуге құқығы көзделуі мүмкін. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда ол энергияны өзiне қажеттi мөлшерде пайдалануға құқылы. Энергиямен жабдықтаушы ұйым берген және абонент алған энергия мөлшері есептеу аспаптарының көрсеткіштерімен, ал олар болмаған кезде - есеп айырысу жолымен анықталады.
Егер энергиямен жабдықтаушы ұйым жалғанған желi арқылы абонентке энергияны шартта көзделгенінен аз мөлшерде берсе, заң актілерінде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнiнен туындамаса, ҚР АКң 419-б. көзделген ережелер қолданылады.
Энергиямен жабдықтаушы ұйым беретiн энергияның сапасы мемлекеттiк стандарттарда және стандарттау жөнiндегi өзге де нормативтік құжаттарда белгіленген немесе шартта көзделген талаптарға сәйкес болуға тиiс. Энергиямен жабдықтаушы ұйым энергияның сапасына қойылатын талаптарды бұзған жағдайда, егер заң актiлерiнде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, АКң 491-б. көзделген ережелер қолданылады.
Абонент өз пайдалануындағы энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың тиiстi техникалық жай-күйiн және қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, энергияны тұтынудың белгiленген режимін сақтауға, сондай-ақ авариялар, өрт, энергия есептеу аспаптарының ақаулы болуы және энергияны пайдалану кезiнде туындайтын өзге де кемшiлiктер туралы энергиямен жабдықтаушы ұйымға дереу хабарлауға мiндеттi. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда энергетикалық желiлердiң, сондай-ақ энергия тұтынуды есептейтiн аспаптардың тиiстi техникалық жай-күйi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндетi, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымға жүктеледi. Энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың техникалық жай-күйiне және оларды пайдалануға қойылатын талаптар заңдармен белгiленедi.
Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлерiн абонент пайдалануындағы энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың техникалық жай-күйін және қауiпсiздiгiн бақылау үшiн аспаптарға жiберуге мiндеттi. Олардың сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртiбi заңдармен белгiленедi.
Егер заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, энергияны есептеу деректеріне сәйкес белгіленетін, абонент іс жүзінде алған энергия мөлшері үшін энергия ақысы төленеді. Энергия үшiн есеп айырысу тәртібі заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.
Абонент жалғанған желi арқылы энергиямен жабдықтаушы ұйымнан өзi алған энергияны басқа тұлғаға (қосалқы абонентке) энергиямен жабдықтайтын ұйымның келiсуiмен ғана бере алады. Абоненттiң қосалқы абонентке энергия беру жөнiндегi шартына, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, осы параграфтағы ережелер қолданылады. Қосалқы абонентке энергия беру кезiнде, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымның алдында абонент жауапты болады.
Абоненттiң энергетикалық қондырғыларының мемлекеттiк энергетикалық қадағалау органы куәландырған қанағаттанғысыз жай-күйi авария қаупiн туғызатын немесе азаматтардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайды қоспағанда, энергияны үзiлiспен беруге, тоқтатуға немесе шектеп беруге тараптардың келiсiмi бойынша жол берiледi. Энергиямен жабдықтаушы ұйым абонентке энергияны үзiлiспен беру, тоқтату немесе шектеп беру туралы алдын ала ескертуге тиiс. Энергиямен жабдықтау ұйымы жүйесiнде аварияның алдын алу немесе оны жою жөнiнде шұғыл шаралар қолдану қажет болған жағдайда абоненттiң келiсуiнсiз және оған ескертпей, бiрақ оған дереу хабарлай отырып энергияны үзіліспен беруге, тоқтатуға немесе шектеп беруге жол беріледі. Заңдарда үздiксiз циклды өндiрiс үшiн энергия берудегi үзіліске оның берiлуiн тоқтатуға немесе шектеуге жол берiлмейдi және заңдармен реттеледi.
Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланушы азамат абонент болған жағдайларда, бұл туралы ол энергиямен жабдықтаушы ұйымға хабарлап, пайдаланған энергия ақысын толық төлеген кезде шарттан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтынуға пайдаланушы азамат абонент болған жағдайларда энергиямен жабдықтаушы ұйым шартты орындауды тоқтатқанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей абонентке ескерткен жағдайда өзi пайдаланған энергияға абоненттiң ақы төлемеуiне байланысты шарттың орындалуын бiр жақты тоқтатуға құқылы.
Энергиямен жабдықтау шарты бойынша мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайларда энергиямен жабдықтаушы ұйым мен абонент осыдан келтiрiлген нақты залалды өтеуге мiндеттi (9-б. 4-тармағы). Егер заңдар негiзiнде жүзеге асырылған энергия тұтыну режимiн реттеу нәтижесiнде абонентке энергия беруде үзiлiс жасалған болса, энергиямен жабдықтаушы ұйым өзi кiнәлi болған жағдайда шарт мiндеттемелерiнiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшін жауапты болады.
Жалғанған желi арқылы жылу энергиясымен жабдықтау жөнiндегi қатынастарға, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, осы параграфтың ережелерi қолданылады. Жалғанған желi арқылы газбен, мұнаймен және мұнай өнiмдерiмен, сумен, басқа да тауарлармен жабдықтау жөнiндегi қатынастарға, егер заңдарда, шартта өзгеше белгiленбесе немесе ол мiндеттемелер мәнiнен туындамаса, осы параграфтың ережелерi қолданылады.
Айырбастау шарты: түсінігі және оның сабақтас келісімдерден айырмашылығы. Шарттың орындалуы.
Айырбастау шарты, сатып алу сату шартына қарағанда, неғұрлым бұрын пайда болған, өйткені сатып алу-сату шартында мүлік орнына ақша беріледі, ал акша адамзат тарихында мүлікті мүлікке айырбастаудан кейін пайда болған. Айырбастау шартының екі тарапы да бір уақытта сатушы да, сатып алушы да болады (АК 501-505 баптары). Ақылы болып танылатын айырбастау шартының мақсаты – тараптардың келісімі бойынша берілетін бір мүліктің орнына басқа мүлікті берү. Айырбастау шартының нысаны шарт объектісіне байланысты ауызша немесе жазбаша болады. Мысалы, пәтерді айырбастау шарты жазбаша нысанда жасалады және жылжымайтын мүлік Орталығында тіркеүден өткізіледі. Заттармен қатар бұл шарттың объектісі ретінде жұмыстар мен қызметтер де болуы мүмкін. Тараптардың құқықтары мен міндеттері сатып алушы мен сатушынікі сияқты болады. Қосымша төлем ретінде бұл шартта ақша да төленүі мүмкін, егер айырбасталатын мүліктің бірінің бағасы екіншіден төмен болса. Бірақта айырбастау шартының сатып алу сату шартынан негізгі айырмашылығы – бір мүліктің орнына басқа мүліктің берілүі. Сондықтан да айырбастау шарты әрқашанда ақылы шарт болады.
Сыйға тарту шарты бойынша бiр тарап (сыйға тартушы) басқа тараптың (сыйды алушының) меншiгiне затты немесе өзiне немесе үшiншi адамға мүлiктiк құқықты (талапты) тегiн бередi немесе беруге мiндеттенедi не оны өзiнiң немесе үшiншi тұлғаның алдындағы мүлiктiк мiндеттен босатады немесе босатуға мiндеттенедi.
Затты немесе құқықты қарсы беру не қарсы мiндеттеме болған кезде шарт сыйға тарту шарты деп танылмайды. Мұндай шартқа Азаматтық Кодекстiң 160-бабының 2-тармағында көзделген ережелер қолданылады.
Әлдекiмге затты немесе мүлiктiк құқықты тегiн беруге уәде ету не әлдекiмдi мүлiктiк мiндеттен (сыйға тартуға уәде беруден) босату сыйға тарту шарты болып танылады және егер уәде тиiстi нысанда (508-баптың 2-тармағы) жасалса және алдағы уақытта нақты тұлғаға затты немесе құқықты тегiн беру не оны мүлiктiк мiндеттен босатуға айқын ниет бiлдiрiлген болса, уәде берушiнi босатпай тастайды.
Нақты сыйға тарту затын зат, құқық түрiнде көрсетпей-ақ, өзiнiң барлық мүлкiн немесе өзiнiң барлық мүлкiнiң бiр бөлiгiн сыйға тартуға уәде беру немесе мiндеттемеден босату жарамсыз болады.
Сыйға тартушы қайтыс болғаннан кейiн сый алушыға сый берудi көздейтiн шарт жарамсыз болады. Мұндай сыйға тарту түрiне ҚР АК мұрагерлiк туралы ережелерi қолданылады.
Сый алушы өзiне сый берiлгенге дейiн кез келген уақытта одан бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда сыйға тарту шарты бұзылған деп есептеледi. Егер сыйға тарту шарты жазбаша түрде жасалса, сыйдан бас тарту да жазбаша түрде жасалуға тиiс. Сыйға тарту шарты тiркелген жағдайда (508-баптың 3-тармағы) сыйды алудан бас тарту да мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
Егер сыйға тарту шарты жазбаша түрде жасалған болса, сый берушi сый алушыдан сыйды алудан бас тартқаны үшiн өзiне келтiрiлген нақты зиянды өтеуiн талап етуге құқылы.
Сый алушыға сыймен қоса сыйға тарту осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ауызша жасалуы мүмкiн. Сыйды беру оны тапсыру, символдық беру (кiлттердi табыс ету және т.б.) не құқық белгiлейтiн құжаттарды тапсыру арқылы жүзеге асырылады.
Қозғалмайтын мүлiктi сыйға тарту шарты:
1) заңды тұлға сый берушi болған және сыйдың құны заң актiлерiнде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiштен асатын;
2) шартта алдағы уақытта сыйға тартуға уәде етiлген жағдайларда жазбаша түрде жасалуға тиiс.
Ауызша жасалған сыйға тарту шарты осы тармақта көзделген жағдайларда жарамсыз болады.
Қозғалмайтын мүлiктi сыйға тарту шарты мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
Құны заң актiлерiнде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын әдеттегi сыйлықтарды қоспағанда:
1) жас балалар мен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған азаматтардың атынан олардың заңды өкiлдерiнiң;
2) емдеу, тәрбиелеу мекемелерiнiң, әлеуметтiк қорғау мекемелерiнiң және сол секiлдi мекемелердiң қызметкерлерiне олардың емдеуiндегi, асырауындағы не тәрбиесiндегi азаматтардың және осы азаматтардың зайыптары мен туыстарының;
3) мемлекеттiк қызметшiлерге олардың лауазымдық жағдайына байланысты немесе олардың қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты сыйға тартуға жол берiлмейдi.
Заты шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығына жататын заңды тұлға, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң келiсiмiмен өзiнiң затын сыйлауға құқылы. Бұл шектеу құны заң актiлерiнде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын әдеттегi сыйлықтарға қолданылмайды.
Бiрлескен ортақ меншiктегi мүлiктi сыйға тартуға бiрлескен меншiктiң барлық қатысушыларының келiсiмi бойынша ҚР АК 220-бабында көзделген ережелердi сақтай отырып жол берiледi.
Сый берушiге тиесiлi талап құқықтарын үшiншi тұлғаға сыйға тарту ҚР АК 339-343, 345, 346-баптарында көзделген ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады.
Үшiншi тұлға алдында сый алушының мiндеттерiн орындау арқылы сыйға тарту ҚР АК 276-бабының 1-тармағында көзделген ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады. Үшiншi тұлға алдында сый берушiнiң сый алушы борышын өзiне аудару арқылы сыйға тартуы Азаматтық Кодекстiң 348-бабында көзделген ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады. }